Кіріспе


Әдебиет – қоғамның көркемсөзге түскен үлгісі. Қазақ әдебиетінің ауыз әдебиетінен басталатын тарихынан бастап, қазіргі күнге дейінгі көркем шығармалары – өз қоғамының суреттері. Қазақ халқының таным, түсінігінің тарихын оқытатын да – көркем әдебиет. Ел өткеніндегі оқиғаларды әдебиет арқылы білеміз. XIX ғасыр әдебиеті алдыңғы XV–XVIII ғасырлар әдебиетінің жалғасы ғана емес, көркем ойды тереңірек таразылап, шығарма авторлары туралы нақтылана түскен мәліметтері көп, оқиғалары ұмытыла қоймаған кезең болуымен де өзгешеленді. Сондықтан да қазақ әдебиетінің бір кезеңінде – XIX ғасырдағы әдебиетте ұлттың жаны мен өзгерістері барынша ашылады.

XIX ғасырдағы қазақ халқының рухани әлемімен таныстыра отырып, шығармалар мен олардың авторлары туралы, көркем туынды туралы әдеби талдау жасалады. Қазақ әдебиеті тарихындағы ұлттың өзіне-өзі сын көзбен қарап, өткенін екшеп, болашағын заманымен сабақтастыра алып болжауға ықпал еткен көркемдік ойлардың ел дамуында өзгеше маңызы болғаны анық. Халық тарихының күрделі кезеңін суреттей отырып, XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінде тұңғыш рет ұлт бүгіні мен болашағына жаңаша баға берілді. Ел болашағы үшін қажет тұстар – әдебиетте көтерілді. Әр автор қоғам жайында өз түсінігінің, өз стилінің өзгешелігімен айқындалды. Бұл өзгешелік тұтастай – жаңа танымға бастау болды. Әр автор қоғамдық ойды, көркемдік ойды құрылым мен мазмұн жағынан байытты.

XIX ғасырдағы қазақ әдебиетін 3 топқа бөліп қарастыруды қажет етеді:

1) Қарсылықты әдебиет өкілдері.

2) Танымдық ойшыл әдебиет өкілдері.

3) Әдебиеттегі ұлт мәдениет өкілдері.

XIX ғасыр қазақ тарихындағы өзгеше оқиғаларға толы болғаны белгілі. Бұл оқиғалар ұлт тағдырына, танымына әсер етті. Сол кезең оқиғаларының жайы, ой, сезімдерінің сыры – XIX ғасыр әдебиетінде бейнеленеді. XIX ғасыр ақындары көркем суретпен, бояумен береді. Әдебиетте ел мен жер тағдыры жырға қосылды. Ұлт бүгіні ғана емес, ертеңінің жай-күйіне алаңдаушылық басым болды.

XIX ғасыр әдебиеті алдыңғы ғасыр дәстүрі – жыраулық үлгілерден бастау алады. Батырлық пен ерлікті елдікпен сабақтастырады. Қазтуған, Доспамбет, Бұқар т. б. жыраулар жырлары, толғаулары Махамбетпен жалғасты. Ақын ел мен жер жайын жырға қосты. Махамбет әдебиетте жаңа батыр бейнесін жасады. Батырлық үлгісі ретінде әдебиетте Исатайдың бейнесін – батыр ағасының бейнесін сомдады. Бұл ауыз әдебиетінде жасалған, жыраулық әдебиетте сомдалған батырлар жалғасы еді. Өзгешелігі – өз заманының бар қасиеттерін жинақтаған батыр бейнесі болғандығында. Әдебиеттегі ақын-жыраулардың келесі өкілдері – Дулат пен Мұрат. Қазақ тұрмысы мен дәстүрінің ғасырлар қалыптастырған қалпына өзгеріс әкелген капиталистік қатынастарды өлеңге қосты. Жер тағдырын жыр етті. Шортанбай ақын жаңа өзгерістерді жұртқа зиянды деп қабылдады. Өлеңдерінде заманды суреттеп қана қоймады. Келешекке болжам айтты. XIX ғасырдағы ел билеу тәртібіндегі жаңалықтар қоғамдық қатынастарды өзгертті. Дәстүрлі, ел үйренген тәртіптерден бөлек жаңа қатынастар шықты. Халық танымынан алыс әдет-ғұрыптар шыға бастады. Әдебиеттегі басты тақырыптардың бірі осы болды. Ақындар ел көңіліне жақпаған, ұлт түсінігінен алыс тұстарды жырға қосты. Халықтан гөрі өздерін ойлаған ел билеушілерді Сүйінбай, Дулат жырларында сынады. Елдегі саяси-әлеуметтік, қоғамдық өзгерістерді ұғып, жетік түсіндірілмесе де, әдебиетте халыққа керек жайлар тақырып болды.

Отарлау саясаты күшейе түсті. Ресей отарлау саясатын жүргізген патша чиновниктері мен ел ішіндегі қазақ билеушілері халықты екі жақтан қанады. Қоғам шындығы әдебиетте көркем бояуымен ғана емес, ой тереңдігімен де ерекшеленді.

Ресей отарлау саясатымен бірге қазақ даласына жаңа мәдениет пен өнер, білім, ғылым да келді. Орыс халқының, батыстың алдыңғы қатарлы білімі мен ғылымын, мәдениетін, кәсібін т. б. ұлтқа қажет үлгілерін үйренуге шақырған ағартушы-демократтар – А. Құнанбайұлы, Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсариндер болды. Олар жаңа ой, бағыт бастаушылары болды. XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ ұлтының тарихы мен танымы үшін қажет тұстарды әдебиетте қалдырды.

Абай шығармалары мен тұңғыш ғалым Шоқан Уәлиханов еңбектері, алғашқы ұстаз Ыбырай Алтынсарин туындылары – ағартушылық кезең басы. Ағартушылық – ой, жаңалық шағы. Абай ізін баса шыққан, немере інісі Шәкәрім шығармалары – ақыл мен ой, талап пен талант, еңбек пен қайрат, сабыр мен салмақ т.б. туралы әлем ойшылдары идеяларымен сабақтасып жатады. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы туындылары жанрлық жағынан да мол мұра екені даусыз. Ақын, фольклор үлгілерін жинаушы, этнограф Мәшһүр-Жүсіп дін, адамгершілік тақырыптарында мол мұра қалдырды.

XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінің келесі саласы – ақын-сазгерлер шығармашылығы. Ақын-сазгердлер шығармашылығы қазақ халқының сан қырлы өнерін аша түседі. А. Қорамсаұлы, Б. Қожағұлұлы, Ы. Сандыбайұлы, Ә. Найманбайұлы, Б. Баймырзаұлы ақын, сазгер, орындаушы т. б. бірнеше өнерді игерген. Оқулықта осы ақын - сазгерлер шығармалары туралы айтылады. XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ өнері мен мәдениеті бар сипатымен ашылады.

Әдебиет өнері – қазақ халқы үшін дүние таным, өмір, табиғат, қоғам жайындағы түсініктерінің көрінісі. XIX ғасыр әдебиеті ұлттық ояну мен жаңа таным басы болып саналады. Бұған дейін шығармаларын оқыған Абай, Ыбырай, ғалым ретінде таныған Шоқан, әндері туралы естіген Біржан сал, Ақан сері туралы кеңірек мағлұмат аласыңдар. XIX ғасырдың қоғамдық өмірінің көркем суретінің бояу, нақышымен бейнелегеніне шығармалар арқылы көз жеткізесіңдер.

Оқулықта аталған ғасыр әдебиеті толық қамтылмағаны белгілі. Бағдарлама көлемінде бүгінгі күн қажетіне жарайды деген шығармаларды таңдап алдық. Осы кезеңді кең көлемде тануға, игеруге талпынған жасқа талдау мен көркемдік кеңістікті тануға бағыт деп ұсындық.

Әдебиетті игерудің басты шарттарының бірі – көркемдік әлемді түсіну, сезіну, есте қалдыру. Біз осы шартты ескере отырып, кейбір өлеңдерді жаттауды ұсындық. Бұл көркем шығармаларды есте сақтауға, кең мағлұмат алуға, жете ұғынуға мүмкіндік береді.

Әдебиет мәліметтер мен ақпараттар емес, әдебиет – көркемөнер туындылары. Әдебиетті ұғыну, игеру үшін көркем туындының өзін оқу қажет. Біз ұсынылған шығармаларды ғана емес, осы кезең ақындарының сезімге толы, сыры мен ойы келіскен барлық жыр, өлеңдерін қызыға оқиды деген ниеттеміз.