1.1 XIX ғасырдың бірінші жартысындағы тарихи жағдай


Қазақ әдебиеті тарихында әр кезеңнің өз ерекшеліктері бар. Бұл ерекшеліктерді жасайтын тарихи сипаттар болады. XIX ғасыр әдебиеті қазақ қоғамындағы әлеуметтік ойдың көркем көрінісі бола білді. Ел тарихындағы маңызды оқиғалардың көбі осы ғасырда өтті:

1) XIX ғасырдың бірінші жартысынан бастап Ресей патшасы қазақ даласын басқаруды толығымен өз қолына алды.

2) Ресей патшасы арнайы бекіністер салдырды. Әскери шекаралық басқармалар пайда болды. Билікті негізінен осы бекіністер мен шекаралық басқармалар жүргіезді.

3) Қазақ билігі бірте-бірте өз қолынан кете бастады.

4) Биліктен айырылған жұрт атамекенінен айырылды. Ел ішіндегі билеушілер мен патша билігі тарапынан екіжақты қысымға түсті.

5) Салық түрлері көбейді.

6) Қазақ даласы округтерге (дуандарға) бөлінді. Округтердің (дуандардың) билігі сұлтандарда болды. Аға сұлтандарды отарлау саясатына көнетін, патша заңын орындайтындардан қойды. Отарлау саясаты халықты жерінен, бар байлығынан айырды. Рухани ұлттық құндылықтарынан да алыстата түсу мақсатын қойды.

Патша өкіметінің әскери-саяси әрекеттері мен тауар-ақша қатынастары енгізілді. Бұл әлеуметтік қайшылықтарды шиеленістірді. Малдың жайылуына қолайлы, шөбі шүйгін жерлерден айырылды. Қазақтар жаңа жайылым іздеді. Осындай негізгі тарихи жағдайлар XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінің басты тақырыбына айналды. Халықтың әлеуметтік, құқықтық теңсіздігі ел ішіндегі көтерілістерді тудырды. Исатай Тайманұлы бастаған Ішкі Бөкей ордасындағы 1836–1838 жылдардағы көтеріліс пен 1837–1847 жылдарғы Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс дәстүрлі билігінен, өз еркінен, жерінен айырылған халықтың ашу-ызасы ғана емес, еркіндікке ұмтылған, тәуелсіздікті арман еткен жұрттың тілегі де болатын.

Ел бостандығы үшін күрескер ерлер туралы сол кезде бірнеше шығармалар туды. Солардың бірі – «Исатай-Махамбет» жыры. Көтерілістің алғашқы басталған кезі суреттеледі. Авторы – Ы. Шөрекұлы. Кенесары жайындағы «Кенесары – Наурызбай» жырын Нысанбай жырау шығарған. Кенесарының қырғызға аттанған кезі жырланады. Аталған кезең суреттері тарихи материалдарда ғана емес, көркем әдебиетте қалды. Халықтың орындалмаған арманы, келешек тілегі болып жазылды.

XIX ғасыр әдебиетін «зар заман» деп атау да қалыптасқан. Зар заман (скробные времена) – қоғамның бұрынғы қалыптасқан ұлттық қалпының өзгергенін жырлады. Халық басына түскен ауыртпалықты дүниенің соңы деп ұғынды. Жаңа саяси билікті ел басына төнген қауіп деп түсінді. XIX ғасырдың бірінші жартысындағы Махамбет, Сүйінбай, Дулат, Шернияз Қобылан Бөрібайұлы, Жанкісі ақын, Абыл Өтембетұлы, Жанақ Сағындықұлы көркем жырларымен Ресей патшасының отарына айналып, езілген халықтың жоқшысы бола білді. Халық көңіліндегі зар, нала, ыза, ашу, кек пен ертеңгі күнге сенім, арман, мұрат осы кезең ақындарының жырлары болып төгілді.

XIX ғасырдағы әдебиет жыраулықтан ақындыққа бет бұрады. Жыраулық әдебиеттегі ақыл, үгіт айту, философиялық толғаулар қоғам жайын бар бейнесімен ашуға дәрменсіз болды. Заманның нақты суретін беру, қоғамның бар келбетін ашу міндеті жаңа бағытқа жол ашты.

Бұл өз кезегінде «қарсылықты әдебиетке» әкелді. Бүгінгі қазақ тәуелсіздігінің алғашқы ұстындары сол кезде қалыптасты. Есе сұрар ерлерді тудырды.Ұлттың еркіндікке деген аңсауы, арманы бел алды.

Бақылау сұрақтары

1. XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ даласының мәдениеті туралы не білесіңдер?

2. XIX ғасырдың бірінші жартысында қазақ даласында қандай өзгеріс болды?

3. XIX ғасырдың бірінші жартысындағы Ресейдегі тарихи жағдайлармен салыстырыңдар

4. XVIII ғасырдағы қазақ әдебиетінің ерекшеліктерін еске түсіріңдер. Жыраулар деген кімдер еді? Олардың өлеңдері не туралы болды?

5. Қазақ халқының шаруашылығы туралы не айта аласыңдар.

6. Халықтың шаруашылығы мен мәдениеті, әдебиеті арасында қандай байланыс бар?

7. Бұқар жыраудың «Айналасын жер тұтқан...» өлеңін мәнерлеп оқыңдар.

8. Өлеңнен не түсіндіңдер:

A) өмірдің (дүниенің) өтпелі екендігі туралы;

B) байлық пен кедейлік туралы;

C) ай мен күн туралы;

D) жалғыздық туралы.

9) Шығармадағы толғауға тән белгілерін төмендегі мағлұматтарды пайдалана отырып табыңдар

Айналасын жер тұтқан

Айды батпас демеңіз.

Айнала ішсе азайып,

Көл суалмас демеңіз.

Құрсағы құшақ байлардан

Дәулет таймас демеңіз.

Жарлыны жарлы демеңіз,

Жарлы байға тең келіп,

Жайлауға жарыса көшпес демеңіз.

Жалғызды жалғыз демеңіз,

Жалғыз көпке теңеліп.

Бір жаһанда соғысып,

Кегін алмас демеңіз.

Құландар ойнар қу тақыр

Қурай бітпес демеңіз.

Қурай бітпес құба жон

Құлан жортпас демеңіз.

Құрсағы жуан боз бие

Құлын салмас демеңіз.

Қулық туған құлаша

Құрсақтанбас демеңіз.

Қу таяқты кедейге

Дәулет бітпес демеңіз.

XV–XVIII ғасырдағы қазақ әдебиетіне жыраулық үлгілер тән. Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар жыраулар дәстүрін кейінгі әдебиетте ғана емес, бүгінгі қазақ ақындары да да кең қолданады.

Жырау – қоғамдағы негізгі мәселелерді толғау-жырларына тақырып ететін, ойшыл, ақылшы. Жырауға тән белгілер:

1) Қоғамдық, философиялық тақырыптарды толғайтын ақын.

2) Майданда жауынгерлерге рух береді.

3) Хан мен билеушіге қоғамдық, саяси істерде ақыл беруші.

4) Жыраулар ақын ғана емес, батыр да болады.

5) Жыраулардың өлеңдері толғау деп аталады. Толғау – 7–8 буынды, түйдекті ұйқас. Жыраудың басты ерекшелігі – ақын ғана емес, оның қоғам қайраткері, жұрт ақылшысы, ел бастаушысы екендігінде.

XIX ғасырдағы Махамбет, Дулат, Мұрат өлеңдері жыраулар жырларын еске түсіреді. Бұл ел мен жер тақырыбын жырлаған өлеңдерінде мол.

Бақылау сұрақтары

1. XIX ғасыр әдебиетін жасаушы ақын мен жыраудың ерекшеліктерін атаңдар.

2. Қазақ әдебиетіндегі Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар жыраулардың өлең-толғауларын еске түсіріңдер.

Тест

1. XIX ғасыр әдебиетіндегі негізі тақырып қандай болды?

А) батырлық ;

В) заман мен адам өзгерісі;

С) оқу-білім;

D) дін.

2. «Зар заман» деген ұғымды қалай түсінесің?

А) халықтың бақытты өмір сүрген кезі;

В) билеушілер әділ болған кез;

С) елдің әлеуметтік дамыған шағы;

D) халықтың қиыншылықты көп көрген кезі.