Мермитидоз ауруының қоздырғышы – Mermithidae. Олар жұмыр құрттар, нематодтар, олар жәндіктердің әртүрлі түрлерінде, соның ішінде араларда да паразиттік тіршілік етеді. Гельминттің ұзындығы 12 см, көбінесе ол ақ түсті болады. Мермитидтер ылғалды топырақта тіршілік етеді. Құрттардың жыныстық мүшелері жетілген формалары топыраққа көптеген жұмыртқа салады. Жәндіктердің паразиттері болып табылатын дернәсілдер жәндіктердің денесіне енген жұмыртқалардан шығады. Жарғаққанаттылар, қоңыздар, шыбындар, көбелектер, тік қанаттылар ағзасында мермитидтер табылған. Басқа жәндіктер сияқты аралардың зақымдануы олардың мермитид жұмыртқаларымен ластанған сумен немесе азықпен қоректенуі кезінде ас қорыту жолдары арқылы жүреді. Бал арасының ортаңғы ішегіне азықпен бірге түскен жұмыртқадан дернәсіл шығады, ол ішектің қабырғасы арқылы құрсақ қуысына өтеді. Мұнда ол дамиды, ал жетілуге бірақ уақыт қалғанда ол иесінің денесін тастап, топырақта дамуын аяқтайды. Бәлкім, осы уақытқа дейін зақымданған ара өледі.
Эпизоотологиялық деректер. Көбінесе аралар таяз тоғандардан, шұңқырлардан, батпақтардан суды жинай отырып, мермитидтерді жұқтырады. Осыған байланысты көбінесе балшырындар, тозаңдар мен су жинайтын ұшатын аралар жұқтырады. Аналық аралар мен аталық араларды жұқтыру оларға жұмысшы аралар әкелген ластанған суды беру арқылы мүмкін болады [15, 20].
Аурудың барысы мен белгілері. Ауру бір кездейсоқ пайда болған жағдайлар түрінде кездеседі. Популяцияның осы аурумен қатты әлсіреуі байқалмайды. Аралар ауруды көбінесе шілде-тамыз айларында, яғни мермитидтер топырақ пен су қоймаларында көп мөлшерде жиналған кезде жұқтырады. Аурудың дамуына келесі факторлар ықпал етеді. Олар: мермитидтердің дамуына қолайлы жағдай тудыратын жер асты суларының жақындығы, топырақтың жоғары ылғалдылығы, сондай-ақ бал жинаудағы үзіліс – балшырындардың орнына аралар омартаға су әкеле бастаған кезең.
Диагноз. Мермитид аралардың құрсағы мен жатырдың ішін ашу кезінде анықталады. Мермитид түрлері паразиттің ересек түрлерімен анықталады.
Алдын алу шаралары. Мермитидоздың алдын алу үшін омарталар құрғақ жерлерде, тау бөктерінде, батпақты жерлерден алыс орналасқан. Араларға омартаның ішіне ағынды қайнаған суымен астаулар қойылады.
Аурумен күресу әдістері. Ара омарталары алдын алу мақсатында құрғақ жерде, батпақты жерлерден алыс орналасады және таза ағынды сумен қамтамасыз етіледі. Күресудің нақты шаралары әзірленбеген.
10-сурет –Мермитидтің инвазионды дернәсілдері
Мермитидтер табиғи ортада кең таралған, көбелектер, шыбындар, қоңыздардың денесінде кездеседі. Аралар балшырындар мен тозаңдарды жинау, суды пайдалану кезінде жұқтырады. Паразит араның ортаңғы ішегінде дамиды, онда дернәсіл жұмыртқадан шығады, ол ішек қабырғасын тесіп, құрсақ қуысына енеді. Мұнда дернәсіл жыныстық жетілуге дейін дамиды және иесінің жабыны арқылы сыртқы ортаға шығады, содан кейін аралар өледі.
Көбінесе жәндіктерде паразиттік тіршілік етеді: мермитидтер (15 отряды), рабдитидтер (10 отряды) және диплогастеридтер (5 отряды). Әсіресе энтомонематодтар тіршілік циклі топырақ пен ағаш сүрегімен байланысты қоңыздар отрядының өкілдерінде (қабық жегіш қоңыздары, тақта мұртшалылар, бізтұмсықтар, қаяз тұқымдастары) тіршілік етеді (11-сурет).
11-сурет –Тақта мұртшалылар мен басқа жәндіктердің паразиттері
Мермитидтер ұзын жіп тәрізді дененің болуымен сипатталады (3–4 см). Олардың дамуында үш фаза бөлінеді:
- паразиттікке дейінгі – жұмыртқаны сыртқы ортаға салу, екінші сатыдағы дернәсілдердің жұмыртқадан шығуы, олардың иесі-жәндіктерге белсенді енуі;
- паразиттік – иесі-жәндіктердің қуысында қоректену, дернәсілдердің өсуі және олардың төртінші сатыдағы дернәсілге айналуы;
- постпаразиттік – төртінші сатыдағы дернәсілдер иесін белсенді түрде тастайды, содан кейін олар түлеп, жыныстық жетілген дараққа айналады.
Жас жыныстық жетілген дарақтар топырақта жұптасып, шағылысады, содан кейін жұмыртқа салынады [20].
Бақылау сұрақтары
Қосқанатты қансорғыштардың өкілдерімен су мермитидтерінің арасындағы өзара байланысты көрсетіңіз.