Тіл мәдениеті және ұлттық мұрат


Тіл – қоғамдық құбылыс. Қоғамның өзгеруімен бірге адамдар танымына да өзгерістер кіреді. Тіл мәдениеті ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, қоғаммен бірге тілдің, сол тілді тұтынушылардың қарым-қатынас мәдениетін реттейді. Тіл мәдениеті тіл заңдылықтарын сақтау, ұстарту міндетін жүзеге асырудың амал-тәсілдерін көрсетеді. Тіл мәдениетіне тән нормалар таза, әдеби тілмен сөйлеуге дағдылану, тілдік қарым-қатынастағы әдеп пен нақтылықты, әсерлілікті, түсініктілікті талап етеді. Тіл мәдениеті нысанына мәтінді мәнерлеп оқу, өз ойын қисындылықпен байланыстыра алу, жазуда орфографиялық норма дағдыларын қалыптастыру талаптарын игерумен де анықталады.

Тіл мәдениеті зерттеу нысаны ретінде ғалымдар Р. Сыздық, Т. Қордабаев М. Балақаев, Н. Уәли еңбектерінде кеңінен зерттелді. Бұның бастауында қазақ халқының сөз өнеріне өзгеше жауапкерлікпен қарайтын талабы да бар. Абайдың «Өлең – сөздің патшасы» өлеңіндегі «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» немесе: «Іші – алтын, сырты күміс сөз жақсысын, Қазақтың келістірер қай баласы?» – дейтін жолдарынан бастап кейінгі сөз зергерлерінің тілді өнер ретінде сақтаудың басты шарты оның алғашқы ұлттық қалпын сақтау, халықтық өзегін үзбеу тілі білімі мен әдебиеттегі негізгі ұстанымдары екені белгілі.

Тілдік қарым-қатынастағы ізеттілік, сауаттылық, фонетикалық, орфографиялық, орфоэпиялық, морфологиялық, синтаксистік, стильдік заңдылықтарды дұрыс қолдану – тілдің мәдениетін сақтау ғана емес, ұлттық танымды қадірлеу. Осы тұрғыда ғалым Н.Уәли өзінің «Сөз мәдениеті» атты еңбегінде : «сөйлеудегі, жазудағы сыпайылық, ізеттілік қана емес, сонымен қатар айқын ойлылық, сөзді дәл айыру шеберлігі, сөйлеу өнеріне шыныққандық», – деген пікір білдіреді.

Ғалым Р. Сыздық сөздің лексикалық, синтаксистік, морфологиялық, орфоэпиялық, орфографиялық заңдылықтарын сақтаумен бірге лингвостилистикалық нормаларын ұстану, орнықтыру, жетілдіру қажеттігін айтады. Тіл мәдениеті ғылымын ауызша сөйлеу мәдениеті, сөз қолдану мәдениеті деп шартты бөлу қалыптасқан. Бүгінгі қоғам жазу тілі мен ауызша сөйлеу тіліндегі ара-жікті жақындата түскендігін еске алсақ, тіл мәдениеті дегеніміз – тұтас сөйлеу, жазу, оқумен бірге қоғамдағы сөз өнерінің мәдениеті ғана емес, әр адамның білім мәдениеті мен әдеп мәдениетін біріктіріп, тілдің қоғамдық қатынас қызметін бар айшығымен көрсете алуы.

Тіл байлығын, әдетте, біз сөз байлығымен өлшеп үйренгенбіз. Сөз байлығы әркімнің сөздік қорымен байланысты болғанымен, басты байлық – ой байлығы. Ой байлығы ғана сөздерді қиюластырып, әсем де әсерлі жеткізіп қана қоймай, ойға бастайды, тыңдаушысын бей-жай қалдыра алмайды. Сөзді түрлендіре қолдану, әр сөзге қажет тіркесер, сабақтасар, ой ашар сыңарын дәл тауып қиюластыру сөздің парқын білу мен ойға жетелеу – тіл мәдениетіне қажет талаптар. Сөздерді бір-бірімен жалғастырып қана қоймай сол арқылы стильдік бояуын мен бір-біріне әсер етер керектісін дөп басып табу ойлау қабілетімен, оның шығармашылық сипатымен ұштасады.

Ой байлығы адамға табиғат берген сый екені де рас. Бірақ ежелгі шешендер өмір жолына назар салсақ, олардың тарих пен өнердің, бар ғылымның кешегісі мен бүгінгісін жетік білгендігін, тілдің ішкі, сыртқы мүмкіншілігін жақсы меңгергендіктерін байқаймыз.

Сөз қолдану мәдениетіндегі қалыптасқан терминдердің бірі – тіл тазалығы. Тіл үнемі даму үстіндегі үрдіс. Сондықтан да сыртқы бөтен тілден сөз алмай, таза бір тілдің негізінде ғана өмір сүретін әдеби тіл болмайды. Тіл ұлттың жаны дегенді еске алсақ, жұртты құрметтеу – оның тіліне қояр талаптарды орындау. Жаһандық үрдістер қазақ тіліне деген өзгеше көзқарастарды қажет етеді. Себебі әлемдегі кең таралған ағылшын, қытай, араб, француз, испан, орыс тілдерімен қатар тұрып, дүние-ғаламның бар сырын бір тілде – өз тілінде жеткізу міндеті кез келген тіл үшін де бүгінгі ғаламдасу әкеліп отырған күрделі сындардың бірі. Оймен біріккен сөз ғана қоғамда ұтымды қолданыс ретінде сақталады.

Биік елдік мұрат, терең білім, ой мен сөз бірлігі – тілді сақтайтын басты белгілердің бірі болып қала береді. Ұлтты сақтап, жұрттық тілекті егемендікке жеткізген тілдегі мәдениеттілік болатын. Ой мен сөз бірлігі. Мағына мен құрылым тұтастығы. Мәдениеттілік басы да осы – сабақтастықта, бірлікте. Солардың жарасымдылығында. Бұның дәлелі – қазақтың көркем әдебиеті, ой мен суреті қиюласқан шешендік сөздері. Шешендік сөздер – ой мен көркемдігі жарасқан, құрылымы ақылға қонымды, уақыт өткен сайын тереңдігі ашыла беретін асыл қазына. Шешендік сөздер – ұлт тілі мәдениетінің бар шарттарын орындауымен де елге жақын, заман өткен сайын қажет бола берер сөздер.

1-жаттығу. Өлеңді мәнерлеп оқыңыздар.

Қазақ тілі

Күш кеміді, айбынды ту құлады;

Кеше батыр – бүгін қорқақ бұғады.

Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде

Қан суынған, жүрек солғын соғады.

Қыран құстың қос қанаты қырқылды,

Күндей күшті күркіреген ел тынды.

Асқар Алтай – алтын ана есте жоқ,

Батыр, хандар – асқан жандар ұмытылды.

Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың

Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың...

Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың?

Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен – тілім,

Таза, терең, өткір, күшті кең тілім,

Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа

Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім! (М. Жұмабаев)

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Өлең қай жылдары жазылған? Осы кездегі халық тарихы жайында не білесіздер?

2. Ақын өмірі мен шығармашылығын өлең идеясымен сабақтастыра әңгімелеңіздер.

3. «Күш кеміді, айбынды ту құлады» осындағы символдық кейіпкер халық па, тіл ме?

4. Өлеңдегі көркемдегіш құралдарды табыңыздар. Жеке сөз және сөз тіркесі қалпында жұмсалуында қандай айырмашылықтар бар?

5. Өлеңнен тілдің қандай белгі, қасиеттері көрсетілген?

6. Өлеңді жаттап алыңыздар.

2-жаттығу. Мәтінді мәнерлеп оқып, тапсырмаларын орындаңыздар.

Өскеменнің ар жағында, Бұқтырманың оң жағында әлемге аян Алтай бар. Сол Алтайдың күнгейінен құбыла жаққа құлай аққан, құлай ағып Ертіс түскен, күз күзеткен Күршім бар.

Алтай, Күршім – не заманнан қалың Найман мекені. Сол Алтай мен сол Күршімнің қысы - қыспақ, жазы - самал. Күн жылт етсе, төрт түлік мал қарағайлы қарт Алтайдың, Алтай сынды анасының көкірегін аймаласып, тыраңдасып, мәйек басып, мамырласып жатқаны. Қарт Алтайдың қақ басында, алақанның аясында, бал татыған айна сулы, түрі де аспан, сыры да аспан, шарап сулы Марқакөлі. Марқакөлді алқалаған – ақ ауылды Алтай елі. Алтай елі – Алтай жары тау еркесі киік болып, өзге елдерден биік болып, Марқакөлдің самалында сайран етіп жатқаны.

Әлгі Алтайдың аруларын айтуға тіл жетпейді. Жүзі айтарлық айнадай боп, көзі құралайындай боп, күлкісі атқан таңындай боп, бойы құба талындай боп, былқ-сылқ етіп бұраңдасып, күбірлесіп, көлеңдесіп, езу тартса – есің кетіп, сұңқыл қақса – шым-шым етіп, бойың босап, ойың босап, қиялың қия кезеді. (Ж.Аймауытов)

құбыла – шығыс жақ

мәйек –

тыраңдасып –

Сұрақтар мен тапсырмалар

1.Үзіндіні мәнерлеп оқыңыздар. Табиғатты суреттеуде қолданылған сөздердің мағынасына, өзара ұйқасына, құрылысына, айтулы сазына назар аударыңыздар.

2. Жазушының Марқакөлдің сипатын, орналасқан жерін суреттеуінде қандай ерекшеліктері бар:

а) Өскемен, Бұқтырма, Алтай, Күршім жер атауларын не үшін пайдаланған?

ә) Жоғарыдағы ел, жер, өзен, көл, таудың суретін, табиғатын бейнелейтін сөздер мен сөз тіркестерінің қызметін анықтаңыздар.

3. «Ар жағында», «оң жағында», «қақ басында», «алақанның аясында» тіркестерінің синонимдерін жазыңыздар.

4. «Күз күзеткен», «қысы қыспақ», «түрі де аспан, сыры да аспан», «жазы самал» тіркестерінің мағынасын ашып айтыңыздар.

5. Сөйлем ішіндегі бір сөздің екі рет қайталанып берілуінің мағыналық, эмоциялық әсері қандай?

3-жаттығу. Төмендегісөздердің мағыналарын анықтап, кестеге толтырып, әрқайсысымен сөйлем құраңыздар.

Ақберен, ақбөкен, алаша, әбес, айтымпаз, айығу, алагеуім, әупілдек, өрескел, әлеумет, сергу, томаға, бесін, сөзуар, кілем, керік, ләйлек, сұңқар, әсемпаз, қылаң, сөйлеу, жүгіру.

Зат атауы

Жан-жануар, құс аты

Сын, бейне, түс, қасиет

Қимыл - қозғалыс

Уақыт

 

 

 

 

 

4-жаттығу.

... Кәрі аңшы Ақшегірдің томағасын тартып, үндемей тасқа шүйіліп отыр еді. Бір мезгілде алыстағы қағушының айғайы естілді. Ақшегір елең етіп, барлық үлкен денесі екі ғана отты шегір көз болғандай болып, қызыл тасқа шаншылып, қадалып қалды. Артынан аз уақытта аңшының қолынан атып жөнелді. Сол кезде қызыл тастың аңшыларға қараған қарсы беттегі бір жарықтан түлкі етекке қарай шұбатыла берді. Ақшегір аңшылардан бұрын қабат тастың арасынан қылп еткен жонын көрген екен. Денесі ыстық оттай қайнаған шыдамсыз қыран жай отындай жарқ етіп, аспанға шықты. Етекке түсе алмай асығып,  қарбаласып қалған түлкі ежелгі кекті жауын кең жерге шығып тоса алмай, қызыл тастың қия бетіне құйрығын шаншып, керіп тұрып қалды. Майданға шығып, қызықтырып тұрған жерін көрген қыран айналып, аспандап көтеріле берді. Аспандаған сайын жынын шақырған қара бақсының қабағындай төңкеріліп, қайта-қайта түйіліп, көтеріліп, күші мен ызасын жиып жүрді. Аяғында жерге қарсы қасқарып, төсін төсеп, бір екпіндеп көтеріліп алып, бетін бұра сала түлкіге қарай шаншыла жөнелді (М.Әуезов. «Бүркіт аңшылығының суреттері»).

«.... Сол уақытта тағы да Баймағамбеттің «кеу» деген жіңішке, қысқа белгісі тас арасында жаңғыра шықты. Қарашолақ ытқи жөнелді. Бұл жолы ызалы ынтамен, қос қанатын ширақ сермеді. Шапшаң оралып, аз аяда ширақ айналып, қос қанатын қыса сермеп, екі-үш дөңгеленіп, биіктеп алды. Енді Тұрғанбайдың алдындағы құздың бауырына қарай қос қанатты аспанда бір қайшыландырып жіберіп, топшысын үшкірлеп лезде құдия жөнелді. Тұрғанбай үн қатқан жоқ еді» (М.Әуезов. «Абай жолы»).

3. ... Салаң етіп жолықса қайтқан ізі,

Сағадан сыпсың қағып із шалғанда.

Бүркітші – тау басында, қағушы-ойда,

Іздің бетін түзетіп аңдағанда.

Томағасын тартқанда бір қырымнан,

Қыран құс көзі көріп самғағанда.

Төмен ұшсам түлкі өрлеп құтылар деп,

Қанды көз қайқаң қағып шықса аспанға,

Көре тұра қалады қашқан түлкі

Құтылмасын білген соң құр қашқанға.

Аузын ашып қоқақтап, тісін қайрап,

О да талас қылады шыбын жанға.

Қызық көрер, көңілді болса аңшылар,

Шабар жерін қарамас жығылғанға.

Қырық пышақпен қыржыңдап тұрған түлкі,

О да осал жау емес қыран паңға.

Сегіз найза қолында, көз аудармай,

Батыр да аял қылмайды ертең таңға.

Қанат, құйрық суылдап, ысқырады,

Көктен қыран сорғалап құйылғанда (Абай. «Қансонарда бүркітші шығады аңға»).

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Өлеңді мәнерлеп оқыңыздар.

2. Төмендегі сөздерді жазып, мағынасын еске сақтаңыздар.

топшы – адам қолының, құс қанатының кеудеге жалғасқан жері.

үшкірлеу – сүйірленіп, алдыға қарай созыла түсуі.

қырым – алыс жер, қия шет.

саға - өзен немесе өзен сілемінің қабысып түйіскен жері. Бұл жерде сай-саланың түйіскен жері

3. Үш мәтіннің ортақтығы мен айырмашылықтарын анықтаңыздар.

4. Келесі сөздердің мағынасын «Түсіндірме сөздіктен» қарап жазып алыңыздар

томаға -

бет –

құдия -

қарсы бет –

қағушы -

қия бет –

жон

5. Кестені толтырыңыздар

Таулы жердің сипатын білдіретін сөздер

Түлкінің қимылын білдіретін сөздер

Бүркіттің қимылын білдіретін сөздер

 

 

 

6. «Аң аулау», «құс салу», «құс баптау», «ит жүгірту» тіркестерінің мағынасына талдау жасаңыздар.

7. «Қыран бүркіт не алмайды салса баптап» (Абай) тақырыбына әңгіме құрастырыңыздар.