Тамыры терең, тарихы бай тіл


Қазақ тілі түркі тілінің қыпшақ-ноғай (Н. А. Баскаковтың топтастыруы бойынша) тобынан тарайды. Түркі тілдеріне қырғыз, қарақалпақ, өзбек, ұйғыр, татар, құмық, башқұрт т.б. тілдері жатады. Түркі тілдерінде ортақ әдеби, мәдени, мұра – қазіргі қазақ халқының да рухани құндылықтары.

Қазіргі қазақ тіліне негіз болған түркілік жазба ескерткіштері аз емес. Түркі жазу нұсқаларын көне, орта және араб жазуымен жазылған ескерткіштер деп бөлінеді. Орхон-Енисей, Ж.Баласағұн «Құтты білік», «Кодекс куманикус», М.Қашқари «Түркі сөздерінің жинағы» – түркі мәдениетінің ескерткіштері. Көне жазба мұралар (ХІV – ХV ғасырларға дейінгі)

1

Көне түркі кезеңі

ІV - ІХ ғ.ғ.

Орхон-Енисей, Талас ескерткіштері, «Қорқыт ата кітабы», «Оғызнама» т.б.

2

Ислам дәуірі

Х-ХІІ ғ.ғ.

Әл-Фараби («Музыканың ұлы кітабы», «Аргонон», «Логика» т.б.), М.Қашқари («Түркі сөздерінің жинағы»,  Ж.Баласағұни («Құтты білік»)

А.Иассауи («Даналық кітабы»),

А.Иүгінеки («Ақиқат сыйы») т.б.

3

Алтын Орда - Қыпшақ дәуірі

ХІІІ - ХІV ғ.ғ

«Кодекс куманикус»,

Рабғузи («Рабғузи қиссалары»)

Құтып («Хұсрау- Шырын»)

Хорезми («Махаббатнама») т.б.

Түркі тілдері жалғамалы тілдер қатарына жатады. Түркі тілдерінің түп-тамырының бір арнаға тоғысатындығы сөздердің мағынасынан, дыбыстық жүйесінен, морфологиялық құрылымынан, синтаксистік құрылысынан да көрінеді.

Тілдік ұқсастықтармен бірге қазақ тілінің, сондай-ақ, басқа да түркі тілдерінің әрбірінің өздеріне ғана тән ерекшеліктері де бар. Төмендегі кестеге қарап, қазақ тілінің басқа түркі тілдерімен ұқсастығын және олардан айырмашылығын анықтауға болады.

қазақ

ауыз

сөйле

қыс

тіс

алтай

 өөс

сөстә

қыш

тиш

әзірбайжан

ағыз

сөйлә

гыш

диш

башқұрт

ауыз

хөйлә

қыш

теш

қырғыз

өөз

сүйлөө

қыш

тиш

өзбек

оғиз

суйла

қиш

тиш

ұйғыр

егиз

сөзли

қыш

тиш

татар

авыз

сөйлә

қыш

теш

түрікмен

ағыз

сөзлә

гыш

диш

түрік

ағыз

сөйле

кыш

дис

тува

аас

сөгле

қыш

диш

Тарихты білу, оның бастау алар кезеңдеріне үңілу, бүгінгі күнге қажетін табуға ұмтылу – барлық халықтарға тән дәстүр. Әрі халықтың бақ-беделін, абыройын көтерумен бірге, мысалы, жоғарыдағы кестеге қарап қазіргі қазақ тіліндегі «ас», «сөз» сияқты сөздердің фонетикалық, лексикалық өзгеріс қалпын да тануымызға мүмкіндік туады.

Халық өз тарихын ертеден есте қалдырып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп отырған. Соның үздік үлгілерінің бірі – әр ата, әр ру, әр жүз шежіресі мен аңыз-әңгімелері.

Қазақ тілінің де тарихы тереңнен тамыр тартады. Есте жоқ ескі замандар ізін халық тілінен табамыз. Ендеше қазақ ұлты да өзінің бай қазынасы сақталған халық тілінің сыр-сазын танып, оны арғы, бергі, бүгінгі мұрамен, әдебиет, дәстүр, мәдениет, өнермен, сабақтастыра алғанда ғана әлемнің рухани құндылықтары қатарында өз қолтаңбамыз қалады

5 – жаттығу. Мәтінді мәнерлеп оқыңыздар. Аудармасын түпнұсқамен салыстырыңыздар.

1. Едгүті есід - 1. Мұқият тыңда,

Қатығды тыңла. - Терең ұқ.

2. Ырақ ерсер йаблақ - 2. Жырақ тұрғанға – жаман сыйлық,

ағы бірүр.

Иағұқ ерсер едгү - Жақын тұрғанға –

ағы бірүр - жақсы сыйлық.

3. Ашық тосық өмезсен - 3. Аштықта тоқтықты білдірмейсің,

Бір тодсар ачсық - Бір тойсаң аштықты білмейсің.

өмезсен.

4. Ару обуту иіг. - 4. Өлімнен ұят күшті.

5. Иуйқа ерікліг топла - ғалу үчүз. - 5. Жұқаны таптау – оңай,

Иінчге ерікліг үзгелі үчүз. - Жіңішкені үзу-оңай ( «Күлтегін», «Тоныкөк» ескерткіштерінен)

6. Емгексізін тұрғұ иоқ мұнда тамұ - 6. Бейнет шекпей тұру жоқ мұнда бекер,

7. Едзгүлүкүг көрмедзіп ажұн шықар. - 7. Ізгілігін көрместен дүние өтер!

8. Құш иафұзы сағзыған, - 8. Құс жаманы – сауысқан,

Иығаш иафзы ұ азған, - Ағаш жаманы – азған,

Иер иафузы қазған, - Жер жаманы – қазған.,

Бұдұн иафұзы барсған - Ел жаманы – барсған. (М. Қашқари «Түркі сөздігі»)

6 -жаттығу. Қазіргі қазақ тіліне аударып жазыңыздар. Қандай дыбыстардың өзгерісін байқадыңыздар.

1. Іт үрэдір. Қой маңрайдыр. Сыр мүңрейдір. Иылқы кишінейдір. Таох чақарадыр. Бөрі улуйдыр.

2. Алай айтылар: Шүкүр, барчадан бейік теңрігэ.

3. Сенде, мендэ йоқ, сенгір тавда йоқ, утлу тасда йоқ, қыпчақда йоқ (ол құс сүт дір).

4. Үзун ағач басында улу бітік бітідім [кесэн].

5. Бес баслы елчі келиүр [Ол етікдэ бес бармақ].

6. Иазда (қырда) йавлы тоқмақ йатыр [ол кірпі дір].

7. Ічер, иер, ініна кірер [Ол бычақ дыр]. («Кодекс куманикус»).

7 - жаттығу. Ж.Баласағұнидың «Құтты білік» шығармасындағы тіл жайында айтылған даналық ойларды қазіргі тілдегі мағыналас мақал-мәтелдермен салыстырыңыздар. Қазіргі тілден ұқсас мақал-мәтелдер табыңыздар.

Үлгі: 159. Тіл кісінің абыройын арттырады, бақыт әпереді.

Тіл кісінің беделін түсіреді, басын жарады.

(«Құтты білік»)

Тіл тас жарады,

Тас жармаса, бас жарады. (Мақал)

162. Мені тіл аса көп азапқа салды.

Басым кесілмес үшін тілімді кесейін.

163. Сөзіңді күзет, басың кетпесін.

Тіліңді күзет, тісің сынбасын.

167. Тауып сөйлеген сөз білгенге саналады.

Білімсіздің сөзі өзінің басын жейді.

169. Көп сөйлеме. Аз сөйле бірер [ғана]

Мың сөздің түйінін бір сөзбен шеш.

173. Тіліңді күзетсең, басым күзетілді [де].

Сөзіңді қысқа етсең жасым ұзарды [де] (Аударған Б. Сағындықов).

8 - жаттығу. Қарамен жазылған сөздердің мағынасын анықтап, құрамына талдау жасаңыздар.

1. Жасыл байтақ жері бар.

Айдынды шалқар көлі бар.

2. Аламанға дем берген.

3. Ханның ұлы қарауыл,

Бектің ұлы бегауыл,

Хан жігіті жасауыл («Қобыланды батыр» жырынан).

4. Керегем менің кертулі,

Кертіліп отқа жағулы.

Туырлығым менің тілулі,

Тіліп тоқым қылулы («Қарабек батыр»)

5. Мен ақ сұңқар құстың сойы едім,

Шамырқансам, тағы кетермін.

Кетпей де нешін етермін? (Махамбет)

6. Көлдерде қулар шулайды –

Көкшіліден ол айуан

Соққы жегенге ұқсайды (Шалкиіз).

7. Ішім – толған у мен өрт, сыртым дүрдей,

Мен келмеске кетермін түк өндірмей (Абай).

9 - жаттығу. Сөйлемдерді үлгі бойынша толықтырып, көркемдеп жазыңыздар.

1. Балалар ән шырқады. 2. Қоңырау соғылды. 3. Айбек өзен жағасында тұр. 4. Бақшада гүлдер көп. 5. Ақ лақ сүйкімді екен.

10 - жаттығу. Мәтінді оқып, негізгі түйінін айтыңыздар. Ғалым ойын өздеріңіз қалай жалғастырар едіңіздер.

...Қазақта жазу, сызу болмаған соң, жалғыз-ақ табиғаттың законына ерген, сондықтан тіл азбаған. Өзгелер табиғатты зорлап, емлеге таңып, тілін аздырған. Мәселен, «малдар» деп айтып көріңіз, «маллар» деп айтып көріңіз. «Малдар» дегенде тілде кідіріс жоқ, тек жеңіл өте шығады. «Маллар» дегенде тертеге оралған шыбыртқыдай тілімізді қақитып алуымыз қиын. Бұл орынсыз жерде тұрған «л – дың» айтуға кемшілігі, естуге кемшілігі тағы бар. «Малдар» дегенде тіліміз таңдайға тірелмей, тиіп кәне өтеді, «маллар» дегенде тіліміз таңдайға тіреліп, аузымыздың қуысын бітеп тастайды. Қамаудағы дыбыс пен ашықтағы дыбыс екеуі бірдей болмайды. Ашықтағы дыбыс ашық, көркем шығады. Қамаудағы дыбыс ажарсыз шығады (А. Байтұрсынов. «Тіл тағлымы»).

терте – арба, шананың көлік жегетін жетек ағашы.

шыбыртқы – арба, шана көлігіне, мал айдауға арналған, кейде өріп, кейде өрмей жасаған ұзын қамшы.

11 - жаттығу. Сөздерден сөз тіркесін жасаңыздар.

Үлгі: шегір көз, оқалы камзол.

1. Шегір, оқа, лауазым, лебіз, манат, ойпаң, өктем, перне, рухани, сонар, сәйгүлік, сүліктей, сүрме, сырғауыл, танымал, доғал, ғибрат, дода, күңгірт, етжеңді, бап, бөктергі.

12 - жаттығу. Көшіріп жазыңыздар.

Ұлжан Алшынбайдікіне көп қазына әкелді. Келген жылқы, түйеден басқа жыртыстың бұл – матасының өзі екі үлкен атанға артылып келіп еді. Оның ішінде келінге жасау тігілетін батсайы, мақпал, манат, дүрия, шағи – құда- құдағилар сыбағасы. Шапан, кемзал, көйлек, шаршы. Және толып жатқан ырымдар бойынша төленетін сый-сыяпат.

Қалыңмал басы - Алшынбайдың өзіне арналған кесек күміс бесік жамбы. Бұл ілу деп аталып еді.

Екі жаққа да мәлім ілу киітке орай.

Осыдан он жыл бұрын Алшынбай аулына Құнанбай кеп құда түсіп, Ділдәні Абайға айттырған уақытта, бас құда Құнанбайға киіт деп Алшынбай аулы күміс тартқан. Ол күмістің аты-тайтұяқ, мына бесік жамбыдан кіші еді. Тегінде есептесіп келсе, әдет бойынша, ілу мен киіт құн жағынан қаралас болатын. Бірақ Құнанбай оны есептемей, Алшынбайға өз бергенінің дәл өзін жібермепті.

Абайдың бұл келісі: ұрын келу деп, жыртыс сала келу деп, кейде есік көре келу, қол ұстау деп те аталады. Ең алғашқы келіс осы. Өзге келістердей емес, күйеу бұл жолы алғашқы күндерде талай нәрсеге көндіге білу керек. Сол өзгешеліктің үлкені – қалыңдықты оңай көрсетпеу.

Екі жақтан табысқан ата-ана әуелі осы келудің үлкен тойын жасау керек. Той оңай емес. Көп қиын қаммен, асықпай істеледі. Сол тойдың артынан барып қана қол ұстау кеші болады.

Сүйтіп, Абай алғашқы күн қана емес, тағы екі күн өткенше де өз қалыңдығы қандай екенін, кім екенін көре алған жоқ, білген жоқ.

Бұлар келген күннің ертеңінде Ербол ғана барып, Ділдәға амандасып, жүз көрісіп қайтты. қалыңдықтың түсін, отырысын Ербол айтқысы кеп еді. Ол өзі Ділдәнің ажарына қатты ырза боп, сүйсініп келген. Бірақ Абай айтқызбады. Сөзді басқа жаққа бұрып кетті (М. Әуезов).

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Ұлттық дәстүр лексикасына қатысты сөздерді тауып, мағынасын анықтап, мәнін ашыңыздар.

2. Ұлттық киімдер атауларын теріп жазып, қатарын толықтырыңыздар.

3. Бұл, матаның тағы қандай түрлерін білесіздер.

шаршы–

жыртыс –

жамбы –

бесік жамбы

ілу–

тайқұяқ –

киіт – құда-құдағиларға киім-кешек түрінде берілетін сыйлық.

13 - жаттығу. Өлеңді мәнерлеп оқыңыздар. Бұқар жырау ғалам-табиғат-қоғам қатынастарын адам тұрмыс, тірлігімен қалай сабақтастырады? Жырау ойын жеткізуде қандай тілдік тәсілдерді қолданады? Жауаптарыңызды жыр жолдарындағы лексикалық, грамматикалық, фонетикалық тілдік тәсілдермен дәлелдеңіздер.

Айналасын жер тұтқан

Айналасын жер тұтқан

Айды батпас демеңіз.

Айнала ішсе азайып,

Көл суалмас демеңіз.

Құрсағы құшақ байлардан

Дәулет таймас демеңіз.

Жарлыны жарлы демеңіз,

Жарлы байға тең келіп,

Жайлауға жарыса көшпес демеңіз.

Жалғызды жалғыз демеңіз,

Жалғыз көпке теңеліп.

Бір жаһанда соғысып,

Кегін алмас демеңіз.

Құландар ойнар қу тақыр

Қурай бітпес демеңіз.

Қурай бітпес құба жон

Құлан жортпас демеңіз.

Құрсағы жуан боз бие

Құлын салмас демеңіз.

Қулық туған құлаша

Құрсақтанбас демеңіз.

Қу таяқты кедейге

Дәулет бітпес демеңіз.