Би – дау жанжалға билік айтушы. Би халықтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жақсыбілетін, сөз жарысында шешендігімен, тапқырлығымен, даулы істе әділдігімен танылса ғана елге жаққан, халық қадірлеген жан. Билер – дау-жанжал мен ел ісінің қайсысында болсын төрелік айтып, жұрт жайын шешкен адамдар. Қазақ қоғамында билер көп жағдайда ханна да жоғары тұратын кездері бар. Ханға дегенін орындатқан би-шешендердің тегеурені – халық атынан сөйлеп, адалдық пен ел болашағы, жұрт жақсылығы үшін бас тіккенінде.
1. Қазақтың тұңғыш биі деп Майқы биді атайды. Аңыз-әңгімелерде Майқы – әділ бітім айтып, шешім шығарған парасатты, ақылды би. «Түгел сөздің түбі – бір, түп атасы – Майқы би» деген халық даналығы осыдан шыққан. Ханды ақ киізге көтеріп хан сайлағанда Майқы би батасын берген деп ел аңыз етеді. Сол кезеңнің дәлеліндей халық есіндегі төмендегідей бір сөз қалыпты.
Тұлпардан тұлпар туады,
Сұңқардан сұңқар туады.
Асылдан асыл туады,
Масылдан мал бақпас туады,
Тілазардан қылжақпас туады.
Таздан жарғақпас туады,
Сараңнан бермес туады.
Соқырдан көрмес туады,
Мылжыңнан езбе туады,
Қыдырмадан кезбе туады.
2. Жанқұтты шешен. Жанқұтты он жеті жасында әкесінің айтуымен Сарым елінің беделді биі Шабанбайға бата алуға келеді. Би Жанқұттың жайын сұрап білгеннен кейін:
– Шырағым, дүниеде не адал, әлемде не мықты? – деп сұрайды. Сонда Жанқұтты:
Адал болсаң судай бол,
Су арамды кетіреді.
Мықты болсаң жердей бол,
Жер жаһанды көтереді, –
деген екен. Жауабына риза болған Шабанбай бала Жанқұттыны бірнеше күн қонақ етіп, кетерінде:
Алдыңа жағам десең – азанды бол,
Ағайынға жағам десең – қазанды бол,
Халқына жағам десең – әділ бол,
Судай таза бол,
Жердей берік бол,
Өмірің ұзақ болсын,
Аймағың суат болсын, –
деп батасын беріп аттандырған екен («Ел аузынан»).
Бірде Жанқұтты шешен Құнанбайдың үйінде отырғанда Абай келіп сәлем береді.
Ол кезде Абайдың үйленген шағы екен. Абайдың тапқырлығын, өлең шығаратындығын естіп жүрген шешен баланы қасына отырғызып:
– Шырағым, дүние неге сүйенеді? – деп сұрайды
Абай:
– Дүние үмітке сүйенеді.
– Көздің көрмесі бола ма?
– Көз қабағын көрмейді.
– Шам жарығының түспесі бола ма?
– Шам жарығы табағына түспейді.
– Болат пышақ өз сабын өзі кеспейді.
– Тамағына тартпайтын маққұлат бола ма?
– Өз тамағына тартпайтын мақұлат болмайды, – дейді Абай. Жауабына риза болған шешен оған өлең түрінде жазып беруін сұрайды.
Сонда Абай:
Сіз сұңқар самғай ұшқан қиядағы,
Талпынған мен балапан ұядағы,
Өрнекті өлең сөзбен жауап берсем,
Дүниенің жалғыз үміт тиянағы.
Көз көруі жетпейді қабағына,
Шам жарығы түспейді табағына.
Өз сабын болат пышақ өзі кеспес,
Маққұлат тартпай қоймас тамағына, – депті.
Ет желініп, қымыз ішілгеннен кейін Абай:
– Ата, сізден сұрақ сұрауға бола ма? – дейді.
– Е, шырағым, сұрай ғой, – депті Жанқұтты.
– Ата, арзан не, қымбат не, дауасыз не? – депті Абай.
Жанқұтты:
– Шырағым, арзан – өтірік, қымбат – шындық,, дауассыз – кәрілік емес пе,
жанарыңның оты бар екен – ақындығын шығар, маңдайдың жазық екен – ойлылығың шығар, халқының қалаулы азаматы бол, – деп батасын беріпті («Ел аузынан»).
17-жаттығу.
Отыз жетінші сөз
Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес.
Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады.
Хикмет сөздер өзімшіл наданға айтқанда, көңіл уанғаны да болады, өшкені де болады.
Кісіге біліміне қарай болыстық қыл; татымсызға қылған болыстық өзі адамды бұзады.
Әкесінің баласы – адамның дұшпаны.
Адамның баласы – бауырың.
Ер артық сұраса да азға разы болады.
Ез аз сұрар, артылтып берсең де разы болмас.
Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, алланың сүйген құлының бірі боласың.
Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал.
Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі – виноват.
Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім.
Дүниеде жалғыз қалған адам – адамның өлгені. Қапашылықтың бәрі соның басында. Дүниеде бар жаман да – көпте, бірақ қызық та, ермек те – көпте. Бастапқыға кім шыдайды? Соңғыға кім азбайды?
Сұрақтар мен тапсырмалар.
1. Мәтінді мәнерлеп оқыңыздар.
2.Қарасөздегі ойларды жинақтап, ортақ тақырыпқа, тақырыпты тақырыпшаларға бөліңіздер.
3. Қарасөзде адамның қандай мінездері мен қасиеттері айтылған? Адам мінезі мен қоғам, әлеумет туралы Абайдың афоризмдерінің ортақ ой-түйінін анықтаңыздар.
4. Қарасөздегі ой-түйіндерді берудегі көркемдік тәсілдерді көрсетіңіздер.
5. Қарасөзге бүгінгі күн тұрғысынан баға беріңіздер? Не айтар едіңіздер. Өз ойларыңызды көркемдеп жазып, мәнерлеп оқыңыздар.
18-жаттығу
Жақсыдан жаман тумайтыны
Әз Жәнібек бір күні Жиреншеден сұрапты:
– Шешен, хас жақсыдан жаман туа ма? – депті.
Шешен:
– Тумайды! – депті.
Сонда хан ойлапты: «Өзінің баласы жаманға қосылып кетеді, – деп, - соны қорғап отыр-ау!» деп.
Мұнан кейін біраз жылдан соң Жиренше өліпті. Мұнан кейін біраз жыл өткен соң, басқа елді шауып келуге жорыққа шығыпты. Сонда Жиреншенің баласы шешесіне келіп:
– Осы жорыққа мен де барсам, қайтеді? – деп сұрапты. Шешесі баласына:
– Әкеңнің айтып жүрген сөзінен ұққаның бар ма? – депті.
Сонда баласы айтыпты:
– «Жорыққа барсаң, аттың сырмінезін мін, сырмінезі жоқ болса, жасынан мін!» – деуші еді. – депті.
Сырмінез аттың бәрін мініп қойған. Бір жас атты ұстап мініп, бұл да барыпты. Барған ел соғысып, ханның атына оқ тиіп, қолда қамауда қалуға қарағанда, басқа батырлдардың бәрі қашып кетіп, Жиреншенің жаман баласы ханға келіп, атын беріп, өзі қолда қалыпты.
Сонан елге келгеннен соң батырларын жинап алып, Әз Жәнібек хан айтқан екен:
– Таудан аққан тас бұлақ
Құймай қоймас теңізге.
Жақсыдан жаман туғанмен,
Тартпай қоймас негізге! – депті.
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Әңгіме кім туралы? Аты аталған адамдар туралы не білесіздер?
2. Жәнібек хан Жиреншені қалай сынады?
3. Жиренше шешен не деп жауап берді?
4. Жиреншенің жауабының дұрыстығы қалай дәлелденді?
5. Әңгімеде өзінің басқалардан артықтығын көрсеткен кім деп ойлайсыздар.
А) Жиреншені сынаған хан. Себебі хан сол арқылы басқаларға Жиреншенің ақылының қандай екендігін танытқысы келді.
В) Жиренше. Өзінің ақылының тереңдігін көрсетті.
С) Жиреншенің баласы. Жиреншедей елге үлгі болған адамның ұлының да ақылды, ер екендігін дәлелдеді.
6. Жақсы адам, жаман адам дегенді қалай түсінесіздер. Әңгімеде жақсы деп кімді, жаман деп кімді айтады? Қазақ халқы «жақсы адам», «жаман адам» дегенде мінез-қасиеттерді ескереді?
7. Әңгіме соңындағы ханның нақылын таратып айтыздар.
8. «Ата-ана ақылын азамат болар жас ұғар» деген тақырыпта әңгіме жазыңыздар