Шешендік өнер барлық халықтарда бар. Соның ішінде ғылым ретінде, жеке сала ретінде қалыптасуға негіз болған Ежелгі Греция, Ежелгі Рим, Ежелгі Үнді, Көне Қытай жазбалары мол сақталған. Қазақ әдебиеті, мәдениеті көшпелі тұрмысқа байланысты ауызша жеткеніне қарай шешендік өнер де ауызша таралып дамыған. Қазақ шешендерінің сөздері де ауызекі айтылып, ауызша таралған, қағазда емес, халық есінде сақталған. Сондықтан кейінгі ұрпаққа түрлі нұсқада жеткендері де бар. Ұмыт қалған, әр дәуір, жылдардағы түрлі саяси әлеуметтік өзгерістерге қарай жоғалып, түрлі себептермен жоғалған сөз үлгілері де аз емес.
Қазақ даласына саяхат жасаған ғалымдар, саяхатшылар қазақ тілі, мәдениетінің тереңдігі мен сан-салалығына таңдай қағып, таңданып, таным шексіздігін мойындаған жазбалар да аз емес. Қазақ халқында шешендік өнердің дамуы елдің саяси өмірімен байланысты. Ел басқарған ханның емес, халық сөз ұстаған бидің жыраудың айтқанына құлақ қойған. Дала демократиясының осындай би, шешенді тыңдайтын әдеті халық пен билікті жалғастырушысы, би-шешенді мойындаған, құрмет тұтқан.
Ел ішіндегі дау, жанжал, ұрыс, қақтығысының барлығы би, шешендердің бір ауыз сөзімен шешіліп, жол тауып отырған.
Қазақ халқындағы шешендік сөздерді:
– ел ішіндегі дау-дамай, жанжал т.б. реттейтін;
– билік, төрелік айтатын, заң шығаратын;
– ұлттық сана-сезім, рухани байлық негіздерін қалыптастыратын сөздер деп топтауға болады.
Рулық қоғамның, шаруашылық, тұрмыстың дәстүрлі қалыптары әр ру, тайпаның өз мүддесі, өз мақсатын қорғауына жол берді. Осы тұста әр рудың би-шешендерінің білігі мен дарыны, таланты мен талғамы жарысқа түсті. Сондай-ақ ол дәстүрдегі өлең-жыр, ойын-сауықпен өтетін мереке, жиын тойлардағы айтыс, сөз қақтығысы ретінде де халықтың зейін қоя тыңдап, ауыздан-ауызға тарайтын жырлары болды. Бірақ халықта ру, тайпа билеген шешен, билер айтысқа түспеген. Бұл оның ел бітімін шешер мәртебесіне сай келе бермейтін жол болып есептелетін. Осыдан-ақ би-шешен беделі арқылы сөз қадірі де арта түсті. Тек дау, бітім сөздерді шешуге қатысқан. Бұның өзі оның бақ-беделін көтеріп, ел мен билік арасына сыйластықты, құрметті қалыптастырды. «Би айтатын сөзді құл да айтады, бірақ аузында дауасы жоқ» дейтін халық билікті де тыңдайтын адамнан тыңдайды. Жаны таза, ойы сергек, көңілі адал болуын қалайды. Әрі билік айтар, шешендік сөз қалдырар адамның ата-тек шыққан ортасына қарайды. Сол себепті де қазақ халқының шешендік өнерінің ерекшелігі де сонда – билік айту да атадан балаға мұра болып қалып отырады. Ата сөзін ұстар ұрпақ болмаса, өзіне жақын рулас, аталас елден зерделі жасқа, зейінді ұрпаққа табыстап, аманаттап кетеді. Осындай дәстүрлер елдің сөзді биік қойып, қадірлеуін арттырады. Би-шешен сөзі екі айтылмайтын. Шешім берілсе, тек орындалатын, нақтылығымен, қайталанбас, көптің талқысына түспес қаталдығымен де ықпалды болды. Осы арқылы би-шешен беделі көтерілді. Би-шешен бақ-беделімен бірге айтар сөзінің жерде қалмайтындай заңдылығына негіз болды.
Ел аңыздары мен кейінгі жұртқа жеткен үлгілі сөздерінен қазақтың шешендік сөздері Әз Жәнібек жан тұсынан бастап айтылады. Тәуке ханның тұсында қазақтың алғашқы «Жеті жарғы» әдет-ғұрып, қарым-қатынас заңы жазылған. Ауыл арасы мен ру арасындағы жанжал, дау-дамайды жұрт жиналатын ас-той, кейіннен жәрмеңкелер би-шешендер сынасатын (күнде кеңес құратын) «Күлтөбелер» сөз өнеріне шыңдайтын мектеп те болды. Би-шешендерге көрсететін халық құрметі талапты жастарды сөз өнерін үйренуге ынта қойғызды.
Қазақ халқы үшін аузы дуалы би-шешендердің орны ерекше. Оның басты себебі қоғамдық құрылымға қатысты. Жұрт ішіндегі істің барлығы ата жолы, ұлт әдеті бойынша атқарылатын рулық қоғамдағы тұрмыстық, шаруашылық тізгіні ел ағасының, ауыл ақсақалының қолында болды. Көптің ісі көсемнің бір ауыз сөзінен шешілген жерде сөздің де сөзі керек екені белгілі. Би-шешеннің де ата-баба, әке, қарындас, туған-туысының қала берді ауылдас, руласының да ел жолын, халық дәстүрін қадірлей алуы сарапқа салынады. Осыдан-ақ тәлім, тәрбиенің түп-төркінін тереңнен тартқан қазақтың рухани адамгершілік қасиеттерді жоғары қойған қоғамдық санасын да танимыз. Шешен деген сөздің өзі қазақ үшін жеке дара, екінің біріне қона бермейтін қасиет болып саналған.
Тілге шешен, сөзге ұста:
– ойы кемел, ақылы мол;
– өнегелі де парасатты;
– әділ шешіп, адал таразылайтын;
– ел дәстүрін, жұрт әдетін құрмет ететін дана адамдар ғана билік айтып, дау шешкен. Сондықтан да «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген мақал қалған.
Қазақ тарихында ел бірлігін, жұрт тыныштығын сақтаған билер аз емес. Солардың ішінде Төле би Әлібекұлын (1663 – 1756), Қазыбек би Келдібекұлын (1667– 1764), Әйтеке би Бәйбекұлы (1644 – 1700) білмейтін қазақ кемде-кем.
Үш бидің ел алдындағы еңбегі - ру арасында, жұрт ішіндегі дау-дамайды шешуден гөрі, қазақ халқының басын біріктіру, жұрт іргесін нығайту, әдет-ғұрып заңдарын жасау сияқты ірі істерімен белгілі.
Қазіргі тілімізде «би», «шешен» сөздерінің мағынасын бір түсінікпен алу қалыптасқан.
Би - дау-жанжалға билік айтушы.
Шешен - сөзге шебер, тілге жүйрік адам.
Қазақ тіліндегі ортақ мағынаға көшуі ел ішіндегі дау-жанжалды шешетін би болу үшін сөзді қиыннан қиыстырып тауып сөйлейтін, ойын шебер жеткізетін қасиет қажет. Сөз өнерін өнер атаулының ең бастысы санаған қазақ билік айтушының сөзге шебер, ойы қисынды, топты ұйыта алар шешен болуын талап еткен.
Шешендік сөз билеу, басқару құралы болғандықтан, қазақ шешендік сөзі – көркем де кестелі. Билік, төрелік тәрбие, өмір жайындағы түсінік, тіршілік мәні, бір сөзбен айтқанда идеологиялық-тәрбиелік іс-әрекеттердің, оқу-ағартудың, заң мен ғылымның, ел басқару істерінің құралы болды.
Қазақ шешендік сөздері
Мазмұнына қарай |
Құрылысына қарай |
|||
Шешендік арнау |
Шешендік толғау |
Шешендік дау |
Термелі сөздер |
Пернелі сөз |
Адамдар арасындағы түрлі қоғамдық тұрмыстық қарым-қатынасқа арналатын сөздер. |
Халықтың философиялық көзқарасын ашатын сөздер. |
Қоғамдық, саяси, әлеуметтік, рухани мәселелерді қолданылатын сөздер. |
Ұйқаспен айтылатын сөздер. |
Көркем қара сөзбен айтылатын сөздер. |
Қазақ шешендік сөздерінің ерекшеліктері:
– қазақ шешендік сөздері ауызша айтылып, ауызша таралған;
– шешендік сөздің көркем де бейнелі, мағынасы терең;
– шешен жайында немесе өткен жайында неғұрлым нақты түсінік беріледі;
– түсінік бөлігін жеткізушілер кейіпкерлерді мақсат, мүдделеріне қарай өзгертіп, сондықтан бір сөздің бірнеше шешенге қатысты болады;
– шешендік өнер халықтың сипаты.
14-жаттығу.
Кенжалы шешен
Кенжалының бір жақын қарындасын Сасан би өз інісіне әперіпті. Қарындасы жүректі екен. Барған жерінде жер үшін болған қақтығысқа қатысады. Осында екінші жақтың бір адамы жас келіншектің бұрымын кесіп әкетіпті.
– Бұрымыңды қай жерде кесті, үйде ме, далада ма, әлде соғыста ма? – деп сұрайды Сасан би келіннен.
– Соғыста кесті.
– Онда билігін өз ағаң – Кенжалы айтсын, соған бар, -– депті, бір жағы Кенжалыны сынамақ болған Сасан би.
Бұрымын кескен жігітті ертіп келіп, төрелігін сұраған қарындасына Кенжалы да:
– Бұрымыңды қай жерде кесті, үйде ме, далада ма, соғыста ма? – деп сұрайды.
– Соғыста кесті.
– Онда оның жеңіл. Егер үйде кессе, жарты құныңды, далада жай уақытта кессе лақты ешкі айып төлетер едім. Соғыста бұрымың түгіл басыңды да кеседі. Сондықтан бұрымыңның құны – айна, тарақ сабын: Айнаға қара, сабынмен жу, тарақпен тара. Сонда шашың тез жетіледі, – депті Кенжалы қарындасына. Сонда әділдігін естіген Сасан би Кенжалыға қатты риза болыпты.
***
Бір ауру үйіне бақсы алдырып емделмекші болады. Бақсы ауруды қарап жатқанда атын қасқыр жеп кетіпті. Бақсы ауру адамға атымның құнын төле деп отырып алыпты. Үй иесі бақсыны ертіп Кенжалыға келеді. Сонда Кенжалы тұрып бақсыға:
– Атыңның басы – он екі қой. Төрт қойын өзің төле – ақы алғалы бардың. Төрт қойды қасқыр төлейді, төрт қойды науқас адам төлейді, - деген екен. Сөзден тосылған бақсы төрт қойды айдап үйіне жаяу қайтыпты.
***
Жылқыларын барымтаға алдырған бір әлсіз ауыл еліндегі бір пысығын Кенжалыға жіберіпті. Ол есіктен кіре бере:
– Ассалаумағалейкум, алдияр, естіген құлақ – екеу, – депті де тұрып қалыпты.
Кенжалы оған:
– Уағалейкум, батырым, көрген көз – үшеу, қайта бер, – депті. Сонымен келген шаруасын бітірген кісі еліне қайта бет алыпты. Жолда қасына ерген серіктері, не болғанын ұқпай қалған болса керек, бұл кері қайттық деп түсіндіріпті («Ел аузынан»).
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Үш әңгімені салыстырып, Кенжалы шешен берген биліктерге сипаттама беріңіздер.
2. Кенжалы шешенге мінездеме жасаңыздар.
3. «Естіген құлақ – екеу. Көрген көз – үшеу» бұл жұмбақты қалай шешесіздер?
15-жаттығу.
Ел аузындағы екі сөз
Жетек деген көрегенге жолыққан шұбартаулық ақылгөй Байқотан:
– Қияннан асқан бар ма, арқардың ізін басқан бар ма, Ұлытауға шыққан бар ма,
ұлардың үнін ұққан бар ма? Соны іздеп келемін,-– депті.
Сонда Жетек:
– Е, сенің іздегенің менің іздегенімнен де қиын екен. Мен адам – адам болса екен, ардан безбесе екен, намыстан қашпаса екен, ерлікке бастаса екен, елдің шырқын бұзбаса екен, сөз тыңдаусыз болмаса екен деп, соны іздеп барам. Бұрынғылар айтқан екен, дүниеде орны толмас үш жетім бар: «Ел басшысыз болса, жер жаңбырсыз болса, сөз тыңдаусыз болса жетімсіз» деп. Менің бара жатқаным да сол, – депті.
***
Қаз дауысты Қазыбек: «Байқотанға сәлем айт, жерінде тобылғы көп деп еді, соның ішінен қамшыма сап боларлық тобылғы беріп жіберсін», - деп кісі салыпты, Байқотан бір тұтам тобылғының сыртқы сұрғылт түгін қырып, жақсылап майлап, шоққа қыздырып, қып-қызыл етіп, қағазға орап, шәйі орамалға түйіп, келген кісінің қолына берсе, анау алар-алмасын білмей көп тұрыпты. Сонда Байқотан оған: «Жетелі құл арытпас, жетексіз құл жарытпас» деген. Қазының менен сұрағаны – осы. Жоғалтпай алып барып, табыс ет», – депті.
Түйіншекті Қазының қолына табыс еткенде, ол түйіншекті шешіп, ішінде жатқан бір тұтам қып-қызыл тобылғыны көріп: «Ішегін ішіне тартып тұрғанын қарашы, «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» деген, шіркін тұлпар болып туған, жұмбағының түйінін өзіне айтқызалық, қашық демесін Байқотан», – деп Қазыбек кісі жіберіпті.
Нөкер жасап, салтанатпен келген Байқотан: «Азғынды қуып тозғанға жолықпа, туыс іздеп достан кетпе, тауға шығып айғайлама, ойда тұрып бақырма, жүнің қызыл, түгің аз, қызығарлық дұшпан көп, бас аяғың бір тұтам, басқара біл тұтамдап. Айбар шекпе алыстан, күшің қайтар қарысқан, түртіп қалып оятпа, үңгірде жатқан арыстан, қал үзіп, сіңір шығарар, байқамай қалып алыссаң! Мұз төсеніп, қар жастан, қалыспаған алыстан, ойға мініп, сабырды ту ет», – дегенім еді депті («Ел аузынан»).
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Алғашқы әңгімедегі Байқотан жұмбағын шешіңіздер.
2. Екінші әңгімеде Байқотан шешуінен адам бойында қандай мінез болғанын қалайды?
3. «Мұз төсеніп қар жастан, қалыспаған алыста, ойға мініп, сабырды ту ет» дегені не?
16-жаттығу. Берілген тақырыптарға әңгіме құрастырыңыздар.
1. «Шешеннің сөзі – мерген, шебердің – көзі мерген» (мақал)
2. «Шебердің қолы ортақ , шешеннің сөзі ортақ» (мақал)