Шешендік өнердегі ең күрделі кесте – шешендік толғау.
Толғау – шешеннің ішкі толғанысы. Толғаныс өмір жайы, дүние, дүние сыры, адамдар қатынасы, анық мәні т.б. түйінін шешуі күрделі мәселелерге арналады.
Қазақ дүниемтанымдағы дүние, оның мәні, сыры не деген сұрақтарға жауап басқа халықтар мәдениетіндегіндей жазбаша хатқа түспеген. Дүние сырын шешу өлеңмен, жырмен айтылады. Бұның өзі қазақ би, шешендерінің даналығын, ақындығын, терең ой иелері екендіктерін көрсетеді. Би, шешендер – тек жұрт алдына шығып, уағыз айтушы немесе әдемі, ойын жүйелі сөйлеуге үйретуші ғана емес, таным сырларын шешуші, тағлым мәнін жеткізуші де.
Шешеннің орны, бидің қызметі – қазақ елінде тек сөйлеуші емес, билеуші, шешім айтушы сондай-ақ, жұртқа таным сырларын, саясат ісін, қоғамдық-әлеуметтік өзгерістер мәнінің түйінін ашатын жан ретінде қадірлі. Шешендік толғаулар осындай зор қызметтер атқаруымен маңызды. Толғау – қазақ қарақалпақ, ноғай халықтарында бар. Толғаудың жоғарыда атанған қызмет, мән-маңызына қарай қырғыздар «санат-насыят ырлар», құмықтар «ойлы қырлар» дейді.
Толғауда:
– қоғамдық қызметтер;
– саяси;
– философиялық-танымдық;
– тәрбиелік, тағылымдық;
– азаматтық мәселелер көтеріледі.
Толғаудың басқа түркі халықтарында кездесуін оның қалыптасу кезеңі іргесі алшақтамай, бөліне қоймаған ХІІ-ХІV ғасырлармен байланыстырамыз. Толғау – ақынның, шешеннің ішкі жан толғанысы. Толғаулардың көбіне-көп көтеретіні – ел, жер, ұлт тағдыры. Толғауға:
– насихат, өсиет;
– қоғамдық-әлеуметтік жайға алаңдаушылық;
– саясатқа күмән;
– философиялық талдау тән.
Қазақ мәдениеті мен әдебиетінде Доспамбет, Қазтуған, Шалкиіз, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар т.б. есімдермен қатысты кейінге нақыл, мақал-мәтел болып қалыптасқан тіркестер мен үлгі сөздер көп. Толғаудың нақыл, мақал-мәтел, шешендік сөздерден айырмашылығы – белгілі бір мақалмен, аспаптың сүйемелдеуімен айтылатындығында.
Терме – қазақ тіліндегі ғибраттық мәні бар мораль идеялары айтылатын, нақыл сөзге құрылып, үлгі-өнеге беретін ұйқасты сөздер. Мазмұны мен пішіні толғауға жақын. Толғау қоғамдық-әлеуметтік, танымдық т.б. мәселелерге арналса, термеде көпшілікке ғибрат-тағлым, тәрбие, мораль айтылады. Тыңдаушының қабылдауын ескеріп:
– сөздің мағыналы, әсерлігіне;
– ырғағынның ширақтығына;
– екпінінің тегеурінділігіне назар аударылады.
Терме – ғибраттық мәні бар лирикалық өлең түрі. Нақыл сөз үлгісіндегі өнегелі сөздер жеті-сегіз буынды болып келеді. Мазмұны, пішіні жағынан толғауға жақын. Толғауда әлеуметтік-қоғамдық жайлар көбірек айтылса, термеде күнделікті тұрмыс, тіршілік өлеңге қосылады. Терме қалың көпшілікке түсінікті, тілі, айтар ойы күнделікті тіршілікте кездесетін жайлар болғандықтан әсерлі де. Оның жігермен, аспаптың сүйемелдеуімен айтылуы да кең тарауына мүмкіндік берері сөзсіз. Толғау мен терменің шешендік өнермен қабысуы да – көркем, бейнелі тілмен өмір, тіршілік, қоғам, адамдар қатынасы жайында ой тастауында. Толғау, терме – ұлтты жан-жақты тәрбиелейтін рухани мәні, танымдық сипаты жалпы жұртқа орналып айтылатын жырлар. Толғау – шешен, билер қолданатын қалыптасқан үлгілер.
24-жаттығу. Түсініп оқыңыздар, мазмұнын айтыңыздар.
Дарынды сөз
Дарынды сөз деп ақын тілді шығармаларды айтатынымыз алдыңғы баптарда айтылған сөздерден мәлім болғандықтан, мұнда қайта баяндаудың қажеті жоқ.
Қара сөз көбінесе ғалымдардың, шешендердің сөзі болатындығы қара сөз түрлерінен анық көрінеді. Ақындар ғалымдар сияқты болған уақиғаны, яки нәрсені болған күйінде, тұрған қалпында бұлжытпастан айтып, дұрыс мағлұмат беріп, ақиқаттауға тырыспайды, тұрған нәрсе тұрған күйінде болған уақиға болған күйінде ақынға өте үйреншікті, жай қалыпты, жабайы көрінеді. Оның бәрін ақындар өз көңіліне түйіп, өз ойынша сезіп, өз ұйғаруынша суреттеп көрсетеді. Сол өзі ұйғарған түріндегі ғаламды сөзбен көрсетуге бар өнерін, шеберлігін жұмсайды, сөйтіп шығарған сөзі көркем сөзді шығарма болады. Оны шығаруға жұмсайтын өнердің аты ақындық болады.
Ақындықтан шыққан сөзді, яғни көркем шығармаларды, үлгілі жұрттар айтылуында қарап, үшке бөледі: 1) әуезеленіп айтылуына қарай, 2) толғанып айтылуына қарай, 3) ғамалдап айтылуына қарай. Бұлайша бөлу қазақтың жазба әдебиетінің түрлеріне келсе де, ауыз әдебиетің түрлеріне келмейді. Сондықтан қазақ ауыз әдебиеттің шығармалары айтылу түріне қарай бөлінбей, тұтыну орнына қарай бөлінеді. Осылай бөлінбесе, ауыз әдебиеттің сөздерінің көбі жоғарғы айтылған үш салаға үйлеспей, далада қалып қояды. Ауыз шығармаларды сөз қылғанда, көркем сөзді шығармалар жоқ. Неге болмайтындығын азырақ айтып, түсіндіріп өту қажет болады.
Әдебиет сөзін тәртіппен топқа бөлу керек. Жұрттан шыққан ауыз сөзді де айтылу түріне қарай негіздік үш топқа бөлген: 1) әуезе, 2) толғау, 3) айтыс
Не үшін олай бөлген мәнісі әр табы бас-басына баяндалғаннан көрінбекші.
Толғау
Толғанғанда айтатын нәрсесін толғаушы тысқарғы ғаламнан алмай, ішкергі ғаламнан алады. Толғаушы ақын әуелі көңіліңнің күйін, мұңын, мүддесін, зарын, күйіншіп, сүйіншін айтып, шер тарқату үшін толғайды, екінші, ішкергі ғалымында болған халдарды, нәрселерді, тысқа шығарып басқаларға білдіріп, басқаларды сол көңілінің күйіне түсіріп, халін мақсатпен толғайды. Толғау, қысқасын айтқанда, іш қазандай қайнаған уақытта шығатын жүректің лебі, көңіл құсының сайрпауы, жанның тартатын күйі. Ақындық жалғыз өз көңілінің күйін толғай білуде емес, басқалардың да халін танып, күйіне салып толғай алуында (А.Байтұрсынов).
25-жаттығу.
Шын мәнінде Тәуке ханның «Жеті жарғысы» қазақ халқының этникалық болмысымен санасу арқылы, шаруашылық-мәдени сүлесін ескеру арқылы және елдің географиялық орналасу ерекшелігіне орай жасаған мемлекеттің саяи-праволық заңы болатын. «Жеті жарғы» арқылы далалық демократия, дәлірек айтсақ, көшпелілер демократиясы өзінің ұзына тарихында шырқау биікке көтерілді. Бұған дейінгі үш мың жылдық тарихта хан мен қағанды тәңірге балап келген халық өзі тап болатын бақты да, сорды да сол хан мен қағанның қылық-қасиетінен көріп келсе, Тәукеннің «Жеті жарғысынан» кейін біртұтас қазақ халқы өз тағдырының тізгіні өз қолында екенін сезінді. Халық өз ішіндегі тәртіп пен сыртқы қорғанысқа ең алдымен өзі жауапты екеніне мойын ұсынды. Тәуке хан мұндай демократиялық үрдіске «билер кеңесін» құру арқылы қол жеткізді. Рас, бұл жерде заң шығару, шешім қабылдау ісіне хан мүлде араласпайды деген ұғым тумайды. Тәуке хан енгізген демократиялық биліктің икемділігі сонда, ел тағдырына қатысты істе тек қана ақыл мен қайратқа алдымен жол беріліп отырды. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Бұқар жырау, Махамбет ақын, Сүйінбай ақын сияқты ұлы тұлғалардың тіреп тұрған әскері болмаса да, шалқып жатқан дәулеті болмаса да, қарсы келген ханға қасқайып тұрып сын айтып, кемшілігін бетіне шыжғырып басқандай ететіні, сонысымен мәртебе мерейінің аспандай түсетіні, ең алдымен халқының сөзін сөйлеп, халқына арқа сүйенгендіктен, даланың бұл сияқты демократиялық үрдісі ел ішінен шын мәнінде дана бидің, тапқыр шешеннің, көрген қолбасшылардың сұрыпталып шығып отыруына себепші боды. Әрине мұндай үрдістен көшпелілер қоғамы Тәуке ханға дейінгі өзінің ұзына тарихында мүлде құралақан болып еді деп, ауызды қу шөппен сүртудің қисыны жоқ. Тәуке ханның тарихи еңбегі, өзіне дейінгі сан ғасырдың өмір тәжірибесін, көшпелілердің демократиялық үрдісінен жинақтап қорыта келіп, елдің бірлік пәтуасына қызмет ететін тетікті таба білуінде. Сондықтан да, халқы оның есімін «Әз-Тәуке» деп қастерлеп атады (А.Сейдімбек).
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. «Жеті Жарғыға» берілген ғалым пікірін санамалап жазып шығыңыздар.
2. Билер қызметі туралы не айтылған? Мәртебесі мен халық алдындағы беделі туралы қандай пікірлер келтірілген?
3. Мәтіндегі тірек сөздерді жазыңыздар.
4. Мәтінді әңгімелеңіздер. Автор ойына өз көзқарас-пікіріңізді қосып, түйіндеңіздер.