Пікірталас түрлері


Шешендік өнердегі қажетті тұс – сөз айтысына қатыса білу, пікірін таластырып, өз ойын қорғай алу. Шешен жұрт алдына белгілі бір тақырыпты алып, сол бойынша өз ойын, өз ұстанымын береді. Осы ұстанымның тірегі мықты, дәлелі нақты, ойы жүйелі болуымен бірге, оны қорғай білудің де маңызы зор болмақ.

Бүгінгі қоғам сөз еркіндігіне мүмкіндік береді. Бірақ бұл не айтқысы келсе, соны айта беру деген емес. Ұтымды ойдың, адамгершілік норма қалыптары мен қоғам талаптары шеңберіндегі көзқарасты танытуға, соны дәлелдей алуға деген мүмкіндік. Сондықтан да шешеннен талап етілер шарттардың қатарына аудиториямен жұмыс істеу, сұрақтарға әдеп тұрғысынан жауап бере білу, пікірталасты дұрыс өрбіте білу, полемиканы шебер меңгеру көпшілікпен мәдениетті әңгіме жүргізіп, тіл табыса алу негізгі болады. Шешендік сөздің ерекшелігінің өзі де көпшілікпен әңгіме жүргізу, диалог құра білу. Күнделікті қарым-қатынаста біз пікірталас мәдениетіне көп мән қоя бермейміз. Ал, көпшілік алдына белгілі бір мақсатты ұстанып шыққанда бұны орындаудың қажеттілігі анықталады.

Пікірталас мәдениетіндегі ең басты аудиторияға ой тастау, ал көпшілік ойы әрқашан бір арнаға құя бермейді. «Ойды ой қорғайды», жаңа пікір тудырады немесе жаңа пікірдің ашылуына жағдай жасайды, не қарсы көзқарас пайда болады. Бұның өзі – шешеннің аудиториямен дұрыс жұмыс істей алуының жемісі. Егер шешен пікіріне орай сұрақ болмаса, онда әңгіменің мақсатына жетпеуі деп те бағалау керек.

Сұрақтың мазмұнына қарай оны екіге бөлуге болады:

1) түсіндірме сұрақтар;

2) қосымша сұрақтар.

Сұраққа берілген жауапқа әрқашан да барлығы бірден келісіп, немесе шешен сөзіне мойынсұну бола бермеуі де мүмкін. Бірақ бұл тұста пікірталас пайда болады. Жалпы пікірталасты сөз айтысының бір түрі десек, шешендік сөз жарысы ретінде ерте дүниеден бастап белгілі. Сөз айтысының теориясын жасаушы Аристотель оны үшке бөледі:

– диалектика – ақиқатты анықтау мақсатындағы айтыс;

– эристика – қалайда өз пікірінің дұрыстығын дәлелдеу;

– софистика – жалған пайымдармен жеңіске жету.

Көне Грецияда Сократ пен Платонның софистер мен эристермен арадағы қызу сөз айтысы – тарихтағы сөз жарысының үлгілері.

Сөз айтысын ең көп қолданылатын түрі – пікірталас.

Пікірталас – түрлі көзқарас, ой-пікірлері қатар қою, салыстыру, салғастыру арқылы өзінің көзқарас, ой-пікірлерін дәлелдеу.

Пікірталасты мынадай түрлерге бөлуге болады.

1. Пікіралмасу

2. Ойталқы

3. Пікірсайыс

4. Ойбөліс

5. Айтыс

Пікірталастың нәтиже беруі сөз айтысының логикалық-құрылымына, тойтарыс беру тәсілдеріне, репликаны қабылдай білуге, осал тұсты таба алуға байланысты болады.

26-жаттығу.

Абай оның сәлемін алмаса да, үнсіз ғана қабылдап, өзінің оң жағынан төменірек орын нұсқады. Сабыр етіп отыра тұруын аңғартты. Сөйтті де жаңағы халфеге бұрылған алғашқы бет ажарын сол күйінде сақтай отырып, сөйлей жөнелді.

– Сіз, дін адамдарды, осы қаланың хазірет, ишан, ғұламалары осындай жайға өздеріңіз араласуда шарт, қажет деп біліпсіздер. Айтайық оларынңыз жөн болсын. Бірақ осындайда інсапты, ұлтжанды, ар-иманды несіне ауызға алып көмей толтыра, көптіре сөйлейсіздер? Неге риямен, екіжүзділікпен сәттің арасында жүз құбылып, жалған жолда жүресіздер? – деді.

Абай сұрауларының салмағы бата бастаған Юнус халфе жүгінен қалпында, жорғақтай түсті.

– Қалай, қалайша? – деп қалып еді. Абай оң қолын жай салмақпен, бұйрық ете қозғай берді.

– Сабыр сабыр... солайша – деді де, жылдам ғана бастырмалытып, қадала сөйлеп кетті.

– Риялық, екіжүзділік дейтінім: сіздер кеше мен бүгін, барлық мешіттердің ұстаздары, имам-қазіреті болып, ең алдымен патшалық кеңсесінің, орыс чиновниктердің, бөтен дін адамдарының, яғни қауымның ұлықтарына бардыңыздар! Бар ажар, назарларыңды, салып неше алуан айла, дәлелмен жалынып та, жалбыранып көрдіңіздер. Жағынып, мақтап сөйлеп, өтініштер айтып шықтыңыздар. Мешіттеріңіздің мөрлерін былшита басып, нелер шебер жазылған хұсният, ғаризаларыңызды өбектеп апарып, жағына кіргіңіздер! Енді сол махкамалардан қарға адым жерге шықпай, менің үстіме келіп, үйіме кіре бере жаңа ғана өздеріңіз мадақтай мақтап шыққан патшалық әкімдерін хақаттырып, ияттай келесіздер. Бұның аты не? Барып тұрған екіжүзділік, жалғаншылық масқаралық емес пе? Жеке адам жалғыз басымен, өз бетімен осындайды істесе, біз соны көре тұра жерге түкірер едік! Жиренгеннен өртенгендей болар едік. Осы қаладағы ноғай, қазақ халқының атынан сан мыңдаған қауым атынан, сол қауымның ұстазы, тәрбиешісі, рухани басшысы аталған көп жандар, яғни ишан, имам халфе қазірет молла, мәзін, шәкірттер атынан сөйлететін сіздердің мінездеріңізді не деп ауызға аламыз? Қайтіп жиренбей, ренжімей атаймыз? Жалғаншылар, екіжүзділер, қор мінезді, адамгершілік қайыршылары демей, сорлары демей қайтіп шыдаймыз? Мен сіздер шығып келген сол мешіт, сол дін атынан намыс етер едім әуелі! Қорлаңдар едім осындай мінездерің үшін! – деп екі халфенің енді аузын ашырмады. Осы сөздердің бәрінің тұсында әрі даугер, әрі айыпкер сыншы қалпына ауысып алған Абай екі халфені, соншалық шындап, елемей де отыр. Сондықтан бұның қыры көп, кесек мінезіне қазір үнемі бір мысқыл, жерлегіш ажуа да ұдайы араласа отырды.

Әбіш көлденеңнен қарайды. Оның естіген сөздері мен ұғынған жайлары Абайды қатты бір намыспен ширықтырып отырған сияқты. Бірақ сонымен қатар Әбіш әкесінің жүзіне қараса оның ақ-қарасы де ап-айқын, шошақтау біткен көздеріне салқын күлкі, ащы бір мысқыл аралас отырғанын байқайды.

Абай ендігі сөзінің соңын иман деген жайға, Юнус халфе бұны өзінше тұсамақ болған жайға соқтырды. «Шархы Ғабдоллаға» дейін жетіп, құлдық «үлкен кітапқа орай біліміміз бар» деп жүрген моллаларды енді Абай сол кітаптардың тілімен сөйлеп, таңдандыра бастады.

– Екі түрлі иман бар еді – яқини иман, тақлиди иман. Жұртқа сол иман атымен өсиет, хұкім айтпақ боласыздар. Осы отырған екеуіңізді мен не дейін?! Яқини иманы бар деуге сіздерде ғылым жоқ. Тақлиди иманы деуге әуелі өздеріңізге беріктік жоқ, яғни, я алданғанда, я азғанға, я бір пайдаңызға қарай дархал осы сағаттың өзінде «ақты – қара» деуге, «қараны – ақ», «өтірікті – шын» деуге әзірсіздер. Сол терістердің бәріне ант етуге әзір отырған сіздерді не дейміз? Жоқ, бүгін мынадай дау мен пәле шығып тұрған шықта, «қылыш үстінде серт тұрмайды» десеңіздер, сіздерден не күтейік? Патша әкіміне кіргенде тағзым ете жалынасыз, жалған айтасыз. Үйге қайтып киізші Сейсекедей байға барғанда, бет сипап фатиқа қыла отырып, жаңағы өзіңіз кірген ұлықты қиянаттайсыз. Маған келе бере жаңа ғана өзіңіз екі жерде екі түрлі жүз көрсетіп, өздеріңіз сатып қорлап келген иманды маған қарсы құрал етесіз. Қылыш етіп сауырасыз. Яғни менің қолымменқазақтыңбишара қызын дарға астырсақ, қанға былғытпақ боласыз. Солай ма? Осылайша, иманы мен арын саудалап жүрген сіздердей жаңдардың сіздерді жіберіп жұмсап отыраған иман ұстаздарыңыз «жалғаншы сіздерді жіберіп жұмсап отырған иман ұстаздарыңыз «жалғаншы, қиянатшы жүзі құрысын!» демеске не шарам қалды? Барыңыз, жөнеле беріңіз! Менен осыдан өзге естір сөз, алар сыйларыңыз болмас! – деп соңғы сөздерін бұйрық ретінде айтты (М. Әуезов).

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Абай дін өкілдеріне бастырмалата, шалқыта сөйлегенде нені сөзіне дәм тұтты?

2. Абай имам қазіреттердің патша кеңсесінде сөйлеген сөзі мен мұсылман қауым ішінде айтқан сөздерін, істерін неліктен ұнатпай, жирене айтады?

3. Абай айтар «яқини имам, тақлиди иман» туралы өздеріңіз ой толғаңыздар, сол қасиет бүгін кімдерде бар деп топшылайсыздар?

Сабақ соңында «Қазақ және дін» тақырыбында шешендік толғау жасаңыздар?