Пікірталас – шешеннің сыналар орны. Ең бастысы – шешеннің аудиторияны қызықтыруы. Ол үшін шешен аудитория ерекшелігін жақсы білуі, әрі соның сипатына қарай әрекет етуі қажет.
Аудиторияның түрлері.
Жасына қарай |
Дайындық деңгейіне қарай |
Кәсіби белгісіне қарай |
Көлеміне қарай |
Гендерлік белгісіне қарай |
Ұлттық белгісіне қарай |
Балалар |
Жақсы дайындалған |
Нақты ғылым өкілдері |
Үлкен |
Ерлер |
Түрлі ұлттар |
Орта жастағы |
Орта дайындық деңгейінде |
Гуманитарлық |
Орташа |
Әйелдер |
Бір ғана ұлт өкілдері |
Үлкендер |
Дайындығы төмен |
Оқушылар, жұмысшылар |
Шағын |
|
|
Шешен үшін әр аудиторияға түрлі дайындық қажет. Пікірталастың түр-түріне қарай шешен мен аудитория қатынасы құралы да әр түрлі. Шешеннің міндеті – сол ортаға қарай сөйлеу тілін, тақырып ауқымын, сөйлеу әдебін, қозғалыс, көзқарас, ым-ишара, киім кию ерекшеліктерін дұрыс таңдау.
Пікірталас мәдениетін игеру шешеннің өз-өзімен көп жұмыс істеуін қажет етеді. Шешеннің терең білімді, әдепті де мәдениетті болуы шарт. Басқалардан білім, мәдениет, тың ойымен ерекшелене алатын шешен ғана көпшілікті өзіне қарата алады. Пікірталасқа қатысушылардың, жалпы бүгінгі қоғамдағы жұртшылықтың кез келген ақпараттан хабардар, білімнің әр саласынан мағлұматтары бар екенін де ұмытпаған жөн. Тыңдаушылардың білетін материалдарын қайталап бергеннен оларды бір ортаға ұйыту қиын. Жұртшылыққа таныс материалда салыстыру, салғастыру, қатар қою, талдау әдістерімен қайта жаңғырта білу – шешен шеберлігі.
Пікірталастың қай түріне де дайындық тақырып таңдаудан, тақырыпты талдаудан басталады.
Тақырып таңдау немесе тақырып талдау
1. Қазіргі күн үшін өзектілігі қандай?
2. Әлеуметтік мәні бар ма?
3. Саяси-қоғамдық тәжірибемен байланысы қандай?
4. Қатысушыларды қызықтыра ма?
5. Осы тақырып бойынша шешеннің өзі не біледі?
6. Қай ғылым, қоғам саласына қатысты?
7. Негізгі мәліметтерді қандай тірек сөздерінен алуға болады?
8. Қандай зерттеулер жүргізуге болады?
9. Кімдерден кеңес алған дұрыс?
Қандай сұрақтарға (мәселелерге) жауап іздеу керек?
1. Қандай мәселелер аудиторияны қызықтырады?
2. Белсенді пікір алысу үшін нендей мәселелерді көтеру керек?
3. Шешеннің сөзді неден бастағаны дұрыс:
а) аудиторияға таныс мәліметтерден;
ә) жаңа, тың ғылыми мәліметтерден;
б) риторикалық сұрақтан;
в) өз ойын бірден айтып, дәлелдеуге көшу;
г) аудиториямен әңгімелесуден т.б.
4. Ұстанымын қалай дәлелдеген дұрыс?
5. Аудиториямен қалай байланыс жасаған жөн?
6. Негізгі бөлімде қандай мәселелерге назар аудару керек?
7. Қорытындыны қалай жасаған дұрыс болады:
а) басты ойларды тағы да бір қайталау;
ә) аудиториямен бірлесе түйіндеу;
б) аудиторияның өзіне қорытынды жасату.
Шешенге қажет білім негіздері туралы алдыңғы тақырыптарда айтып өттік. Ал біліктілік күнделікті дайындықпен ғана жүзеге асады. Дайындық әр тақырыпты алдын-ала електен өткізу, тыңғылықты әзірлену, қайталау, пысықтау кезеңдерінен тұрады
38-жаттығу.
«... Бүгінгі шыққан ауылыңызды «Ерекең» ауылы дейді. Содан ары қарай өзеннің бойы – жалпағынан ел. Бір атаның баласы жүз елу-екі жүз үйлер бар. Қыс қыстаулары басқа болғанмен жаз көбіне бірігіп отырады. Мынау алдымызда көрінген – «Қамысақты» дейтін көліміз. Осының маңайы – жыбырлаған шұқырынды томар. Августан бастап осының басы елмен толады. Әр томарға төрт-бес үйден қонып, бөлек-бөлек отырғандары. Ой, дариға-ай, талай қызықтар өтті ғой.
Бала күнімізде анау көрінген төбенің басында талай асық ойнап едік... ол да бір дәурен.. иә... бұл елдің күзге қарай қонатын жері, жазғытұрғы барып августқа дейін отыратын жайлауымыз, бұл көл де Шұғаның белгісі атанды, бұрын «Тарғыл өгіз сойған» деуші едік. Үлкен көл, маңайы толған шорқынды су... ол уақытта жердің берекесі қандай. Өзіміздің ел қаншама.. оның үстіне ту Сырдан келіп жаппастар да қонады... кейінгі кезде ғана жаппас келуін қойды ғой. Біздің Беркімбай дейтін жақын ағаларымыз болады. Бұрын бай еді, болыстыққа таласамын деумен-ақ малын құртып алды. Осы күні кедей. Сол Беркімбайдың әкесінің нағашысы – жаппас Есімбек дейтін болды. Өзі бай еді, жаппастың алды деуге боларлық. Беркімбайға арқа сүйеп, Есімбек сол «Өгіз сойғанның» ең шұрайлы жеріне қонушы еді. Өзі де жомарт, қонақпаз еді. Елге жағымды болып тұрды. Мал мен басы бірдей, тілегін берген бір адам: ортан қолдай төрт ұлы болды – шетінен қасқыр. Сол төрт ұлдың ортасында бұлаңдап өскен Шұға дейтін қызы болды. Шұға десе Шұға, Шұға өй, шіркіннің өзі де келбетті еді-ақ... ақ құба, талдырмаш, көзі қап-қара, осы, үріп ауызға салғандай еді. Ажары қандай болса ақылы да сондай. Жеңілдік дегеннің не екенін білген бала емес. Сөйлеген сөзі, жүрген жүрісі қандай, бір түрлі паң еді-ау, шіркін... Бұл күнде ондай қыз қайда... Осы күнгілердің бір тапқаны қызды оқыту керек дейді. Сол Шұғалар хатты зорға танушы еді. Сонда да осы күнгінің оқыған он қызына бергісіз еді. Айнала айтқанда құдай сана берсін десейші... (Б.Майлин)
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Мәтіннен әңгімелеуге тән ерекшеліктерді көрсетіңіздер?
2. «Дариға», «дәурен», «шіркін», «иә» деген сөздердің әңгімелеу стиліндегі мәні қандай?
3. Әңгімелеушінің қыз баланың көркі, мінезі, талғамы туралы ойына келісесіздер ме?
4. «Қыз көркі – сыпайы мінезі» тақырыпта пікіралмасуға тезис әзірлеңіздер.
39-жаттығу. «Қоғам және қажет маман» тақырыбына ойталқы өткізудің жоспарын жасаңдар.
1. Дайындықты неден бастаған жөн?
2. Қандай ғылыми, ғылыми-көпшілік әдебиеттерді оқу керек?
3. Бұқаралық-ақпарат құралдарынан қандай материалдар алуға болады?
4. Кімдерден кеңес сұраған дұрыс?
5. Сауалнама жүргізу қажет пе?
6. Қандай тезистер дайындар едіңіздер?
7. Жоспар, дәлелдеме үшін қандай материалдарды пысықтау қажет?
8. Қарсылас қандай сұрақтар беруі мүмкін? Бірнеше нұсқасын әзірлеңіздер. Оған өз жауаптарыңызды дайындаңыздар.
9. Қорытынды түйін қандай болу керек?
10. Өз дайындықтарыңа баға беріңіздер.