Кіріспе


Жаһандық үрдістер ұлттар мәдениеті мен руханиятына үлкен өзгерістер әкеліп жатыр. Ғаламдық тұтасу, әлемдік жаңа қатынастар ұлттардың өз руханиятының ең басты өзегі – тіліне қайта қарауды қажет етеді. Кез келген ұлттың тілі қоғамдық сұраныс пен қажеттілікті өтеген шақта ғана толыққанды қатынас құралы бола алады.

Қазақ тілі – әлемдегі тілдер арасынан көркемдігі мен бейнелілігі, тазалығы мен сөздік құрамының молдығы жөнінен өзгеше орын алған тілдердің бірі. Бүгінгі әлем материалдық байлық үшін де, рухани байлық үшін де ең бастысы – оның бар екендігіне мақтан етуден гөрі, дұрыс жарату, ұлт үшін пайдаға асыра алу мүмкіндігімен өлшенетіндігінде.

Тарихын тым тереңнен бастау алатын тіліміздің сонау есте жоқ ескі замандардан-ақ саясат, шаруашылық, тұрмыс, рухани құндылықтар тілі болғанын дәлелдер деректер де жеткілікті.

Тіл – халық тарихының, әдет-дәстүрінің, әдебиетінің, мәдениетінің, таным-түсінігінің көрсеткіші десек, ұлттық сипатты анықтар салт пен әдетті, халықтық тағлым-танымды, рухани қазынасын сақтаушы да – ана тілі. Қазақ тілінің бай ауызекі сөйлеу үлгілері көркем де бай болса, жазба нұсқалары әр кезеңіндегі ұлттық тілдің әдеби негізін танытар белгілер.

Біздің мақсатымыз – ата-баба аманат еткен тілді қадірлей білу, көркемдігі мен байлығын сақтап, келесі ұрпаққа жеткізу ғана болып қоймай, оның қоғам қажетіне қызмет етуін дағдыға айналдыру. Осы тұста қазақ тілінің қоғамдық қызметі дегенде оның нарық тіліне айналуын, ғылым мен өркениет тілі болуын қамтамасыз ету. Бұның басты шарты – тілдің сөздік қорын барынша пайдаланып, сөйлеу мен жазу тілінде ұлттық қалыпты сақтау мен дамыту.

Қазақ тіл білімінің теориялық негіздерімен толық танысумен бірге тәжірибеде қолдануға төселу, қарым-қатынас тілі ретіндегі ерекшеліктерін үйренудің өзіндік сипаттары бар. Сөйлеу тілі мен жазба тілдегі қолданыстардың бірқатар ерекшеліктері көңіл қойып, баса назар салатын тұстарды айқындайды. Сондықтан да біз оқулықта тіл мәдениеті мен шешендік өнердің басты ерекшеліктерін анықтай отырып, тәжірибеде дұрыс қолдану үшін қажет дағдылар мен қажеттіліктерді қалыптастырудың әдіс-тәсілдеріне жаттығу жасауды мақсат еттік. Осы тұста қазақ тілінің қоғамдық-әлеуметтік қызметтері мен оған қажетті тілдік сөз орамдарын, сөздер мен сөз тіркестерін сөйлеуде орнымен қолдану үшін сөз қолданудың дәстүрі мен сөз әдебінің негізгі деген шарттарын көрсеттік. Шешендік өнер, соның ішінде қазақ шешендік өнерінің құрамдас бөліктері мен көркемдегіш құралдары, қазіргі шешендік өнердегі пікірталас мәдениеті мен оның түрлері, жаттығу, басты бөліктері мен ой мен сөз, сөйлем қатынастарын ашудағы сипаттарына талдау жасау міндеттері белгіленді.

Сөз мәдениетінің негізін тағы да ұлттық әдеп пен тәрбиеден табамыз. Әдептіліктің өзін әдемілікке балаған ел дәстүрі өз тілінде таза да көркем сөйлеуді қажет етеді. Тілді үйрену - өз ұлтыңды тану. Ұлттық тілді білу – ұлт ділін, қасиетін, мінезін, ой, жан дүниесін, сырын білу, халықтық мәдениет пен дәстүрді жаңғырту.

Тілді оқулықтан ғана үйрену өте мардымсыз болады. Бай қазынаны игеру қазақ тіліндегі көркем әдебиеттерді оқу, ғылыми еңбектермен танысу, жазба жұмыстарын жүргізу күнделікті оқу, үйрену арқылы ғана орындалады.