Шешендік өнер. Шешендік өнер тарихы


Бүгінгі қоғам бізден әр адамның өз пікірін, өз ой-көзқарасын орнымен, өз мақсат мүддесі тұрғысынан жетік жеткізіп, қойылған сұрақтарға жауап бере білуді қажет етеді. Пікірлесе алу, ой тастау, пікірталастыра білу адамның білімін, білігін, сөз байлығын танытумен бірге қоғамдағы орнын да анықтайды.

Сөз шеберлігі – әдеби тілде сөйлеу, сондай-ақ түрлі тілдік амал-тәсілдерді мағыналық, формалық, стильдік сипаттарына сай ұтымды талғап таңдай білу. Сөйлеудегі қажетті тұстарды қалап, таңдау үшін біз шешендік өнер қыр-сырын білуіміз керек.

Шешендік өнер – өзінің зерттеу нысанасы, белгіленген теориясы, сандаған жылдардан бергі тарихы бар пәндердің бірі. Қолданбалы пәндердің қатарына жататын шешендік өнер кешендік білім жүйесін құрайды. Бұл білім сөйлеу этикасын жетілдіру, тілді әлеуметтік қызметіне қарай жұмсай білу, өз пікірін жеткізу, сендірумен бірге сөз арқылы оқыту, тәрбиелеу мақсаттарын қояды. Шешендік өнер тек құрғақ білімді жатқа білу емес, оның ерекшелігі де сол кез келген ортаның ыңғайына қарай сөйлеушінің өзін ұстай алуы, дұрыс ойын жеткізе алуы десек, аталған шарттар практиканы көп қажет етеді.

Шешендік өнер тарихы сонау ерте замандардан басталады. Адамзат баласы игерген алғашқы, әрі желісі үзілмей келе жатқан өнерлердің бірі. Оның тарихын білу халық тарихын білумен бірге, сөйлеу мәдениетін, әдебін үйрену, сөздерді дұрыс таңдай алу ерекшеліктеріне жаттығу. Шешендік өнер қоғамның саяси-экономикалық , әлеуметтік негіздері қажеттіліктерінен туған.

Шешендік өнерді «риторика» терминімен де ауыстырып жатамыз.

Риториканың (грек тілінде rhetorike) алғашқы және негізгі мағынасы – шешендік өнер. Көне Грецияда шешендік өнерді, риториканы, үйрететін мұғалімді ритор деп атаған.

Шешендік өнерді қай халық та болсын меңгерген. Десек те, Эллада шешендік өнердің отаны деп есептеледі. Ежелгі Грецияда шешендік өнер б.э.д. V дамып, алғаш рет теориясы қалыптасқан. Қоғамдағы ақпарат, саяси, әлеуметтік істер ауызша таралған кезеңде шешен тілде сөйлей білу, елді ұйыта алу, сөз арқылы халықты топтаудың маңызы ерекше болды. Бүгінгі күнге жеткен мәліметтер Ежелгі Грециядағы шешендік өнерге үйрететін мектептер ғылым-білім үйрену, қоғамдық-саяси, әлеуметтік істер үшін қажет болғанын дәлелдейді. Сөз қадіріне жеткен халық қай шешеннің сөзі өткір, ойға қонымды, көңілге жетер болса, соны жақтайтын. Сондықтан да риторлар, шешендікке үйретер ұстаздар, сөзді қалай жеткізу амал-тәсілдерін меңгерген, логика заңдарын білетін, айтысу, тыңдаушыға әсер ету әдістеріне жетік шешендер болды.

Ежелгі Грецияда сөз өнерінің құдірет-қасиеті жоғары бағаланды. Көпшілік алдында, сотта, жиын, кездесулерде топ алдында сөйлей алуына қарай жеке тұлғалар қоғамдық-саяси, әлеуметтік орындарын белгіледі. Осыған орай, кез келген ортада, қандай жағдайда болсын өз пікірінің дұрыстығын дәлелдеп шығуға үйрететіндерді софистер деп атады. Софистер шындықты ашуды мақсат еткен жоқ, жалған болса да өз ойын дәлелдеп шығуды ұстанды.

Софистер қағидаларына қарсы Сократ (б.з.д. 470 – 399 ж. ж.) абсолюттік шындықты адам танымынан жоғары қойды. Бұл тұжырым шәкірті Платоннан (б.з.д. 427 – 347 ж. ж.) жалғасын тапты. Платонның «Федр» атты диалогінде шешеннің міндеті нақты шындықты ашу деп біледі. Платон сөздің адам жан-дүниесіне әсер етуі қажет екенін айтады. Сондай-ақ , қандай орында, қалай сөйлеу керек деген мәселені ашады. Аристотельдің (б.з.д. 384 – 322 ж. ж.) «Риторика» деген еңбегінде шешендік сөздің негізі, түрлері, сөйлеуші мен тыңдаушының сөзге қатысы, сөздің қисынды болу шарттары т.б. шешендік өнерді анықтайтын білім кешені айтылады.

Б.з.д. ІІ және ІІІ ғасырларда Рим мемлекетіндегі қоғамдық-саяси жағдай шешендік өнердің дамуына негіз болды. Халық-жиналыстарында, сенат мәжілістерінде, сотта табысқа жетудің жолы шешендік сөз болды. Көркем, мәнерлеп, ұтымды, көпшілікті сендіре сөйлеу жеңістің негізі екені танылды.

Цицерон (б.з.д. 106-43 ж. ж.) мемлекет пен саясат қайраткері ғана емес, әдебиетші, философ әрі шешен болған. Цицеронның пікірінше, көркем, шешен сөйлеу – мемлекет ісі үшін ең бастысы. Цицерон шешенге қажет негізгі міндеттерді белгілеп берді. Оның 800-ден астам трактаттары мен хаттары және 58 саяси бағыттағы шығармалары сақталған. Осындай шешендердің біріМ.Ф.Квинтилиан (б.з.д. 30-966 ж. ж.) болды. Оның шешендік өнерге үйрететін 12 кітабын риториканың энциклопедиясы деуге болады.

Ежелгі дүние мәдениетінде шешендік өнер теориясының элементтері анықталды. Шешендік өнердің басты сипаты, сөзді, сөйлеуді түрлі амал-тәсілдермен көркемдеп, ұтымды жеткізу мәні шешенің таланты мен терең білім, ақылына қатысты екені танылды. Шешендік өнер сендіру құралы, күрес құралы, мақсатқа жету құралы болатынына көз жеткізді. Шешендік өнердің әлем тарихындағы жаңғыруы Қайта өрлеу дәуіріне қатысты. Бұл кезеңде шешендік өнер саяси күрес құралы, билік үшін күрес құралы қызметінде неғұрлым ықпалды болды.

К. Каль (Франция), Д. Балл, У. Тайлер (Англия), Я. Гус, Я. Жижка (Чехия) т.б. көтеріліс көсемдерін тарихшылар шешен болған дейді.

Кампанелла, Т. Мор, Петрарка, Данта, Рабль, Шекспир, Сервантес, шығармалары шешендік өнер теориясын да дамытты. Аталған кезеңдегі шешендік өнер жаңа дәуірдің бөлінбес қажетті элементі ретінде қызмет етті. Мәдениеттің, әдептің, білім, біліктің көрсеткіші болды.

ХVІІ ғасырдағы бірінші жартысынан бастап Америка Құрама Штаттарында риторика алғаш рет жоғары оқу орындарында Гарвард университетінде, кейіннен басқа да оқу орындарында оқу пәні тізіміне кіргізілген.

Шешендік өнер тарихында түрлі ағымдар, бағыттар болды. Шешендік өнер:

– саяси-әлеуметтік;

– ел басқару;

– сот ісі;

– көпшілікті басқару, белгілі бір идеяға ұйыту, бағыттау құралдары болуымен бірге, сөздің қоғамдық мәнін анықтау, қадір-қасиетіне сендіру, тілдің қоғамдағы ең негізгі, басты күш екеніне көз жеткізу мақсаттары үшін жұмсалады.

Шешендік сөз деген ұғымды кейбір тұстарда «сөйлеушінің тыңдаушыны сендіру өнері» деп те атайды. Қалай болғанда да сөйлеудің мақсаты, мазмұны, шарты-таным мен білім құралы болу, сондай-ақ, адамгершілік қасиеттерге үндеу, қоғамдағы келеңсіздіктерді сынау т.б. адамның рухани дамуының негізгі көзі екені сөзсіз.

Қазіргі қоғамда қолданылатын шешендік сөздің өзін бірнеше түрге бөлеміз.

Шешендік сөз түрлері.

Саяси-әлеуметтік: қоғамдағы, басқару, билік,жүйесіндегі сөздер, съезд, конференция, митинг т.б. жиындардағы сөздер.

Академиялық: лекция, ғылыми баяндама, ғылыми шолу т.б.

Сот ісіндегі: прокурор, қорғаушы, айыптаушы т.б.

Әлеуметтік-тұрмыстық: мерейтой, салтанатты дастархандағы сөздер т.б.

Діни қызметтегі: уағыз, иман т.б.

Әскери қызметтегі: жалынды, жігерлі үндеу сөздер т.б.

Саудадағы: жарнама.

Диалогтік: ойкөкпар, ойталқы, іскерлік қатынастағы әңгіме, мәжіліс, баспасөз-конференциясы, «Дөңгелек үстел» т.б.

1-жаттығу. Кестені толтырыңыздар. Бос орынға не жазар едіңіздер?

2-жаттығу

Екі-үш күннен бері бұл өңірде бұлыңғыр болған. Және қыстың соңғы салқын тынысы сияқттанып бір суық жел білінуші еді.

Е, сәуір жаңа туды ғой. Сәуірдің басы осылай бұлтты суық болатын әдеті ғой! – деп, Қарабас қыстыгүні қар болатынын айтқандай, мерзім айтты.

– Неге? Сәуір қыстың айы емес! Жаздың айы емес пе? Жылда бүйтет деймісің?

– Жылда сүйтеді. Сәуірді, осы жұлдызша не дейді?

– Апрель дейді.

– Ендеше сол апрелің осы. «Сәуір болмай, тәуір болмас» деп, бұрынғылар текке айтпаған. Сәуірдің басындағы суық бітпей, жаз шықпайды дегені, - деп Қарабас Абайға ай-айдың мәнін айта бастады.

Бұл жөнде Қарабас атшабарда Абай сезбей жүрген көп білім бар екен. Сәуір – бұл айдың арапша аты. Қазақша – мамыр. Одан соң маусым... Абай қазақша ай атының бәрін сұрап, қайта-қайта қайырып жаттап алды.

Бірақ сәуір турасындағы жаңағы сөзді алғаш есіткен осы еді. Жазға салымның ең жайсыз кезін әнеугүні әжесі «отамалы» деп атап еді.

– Осы «отамалы» немене? Не деген сөз өзі? – деп Абай соны сұрады.

– Отамалы көкек айының он бірінде кіріп, он жетісінде шығады. Желсіз борансыз өтпейді. Қыстың ең соңғы зәрі сонда. Отамалы деп атанғаны бір байдың Отамалы деген қойшысы болған екен. Сол бақыр күн қайырады екен-ау! Көкектің суығы басталған уақытта, әлгі қойды жайылысқа шығармайық, боран болады. Қойдың қыстан титықтап шыққан кезі, малыңнан айырыласың десе, байы діні қатты кәпір екен. Сен тоғышарлық қып алдап отырсың деп, Отамалыны сабап-сабап қойды жайылысқа шығартады.Сол күні, құдай көрсетпесін, бір қатты боран басталып, тақ үш күн, үш түн соғып, бар қой шығып кетіп қырылыпты да, қойдан қалмаймын деп, Отамалы бақыр да үсіп өліпті. Көкектің суығы – «отамалы» атанғаны содан дейді. Әжең бақыр соны біледі ғой, – деді Қарабас.

Осыдан соң: «Айдың тоғамы» деген не? «Өлі араның» не мәні бар? «Қыр күйек» неден қойылған? Абай осыларды да сұрастырып, көп қызық әңгімелер есітті (М. Әуезов).

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Әңгіме орнына қарай мәтіннің қандай тілдік ерекшеліктері бар?

2. Ай, жұлдыз санау туралы қандай ұлттық таным берілген?

3. Ұлттық мезгіл мерзімді білдіру жайында өздерің не білесіздер?

4. «Айдың тоғамы», «Өлі ара», «Қыркүйек» деп не аталған?

5. Қарамен жазылған сөз, сөйлемдерінің сөйлеу тілі ерекшелігіне талдау жасаңыздар?

3-жаттығу.

Дүниеге келген адам бойында адам болудың нышаны ғана нышанындағы тіршілік иесін әлеуметтік-тарихи тұлға (личность) ретінде қалыптастыратын - әр халықтың тарихи-табиғи болмыс-бітімі, дәстүрдің құдіреті, мәдениеттің сабақтастығы. Адам ешуақытта өзінен өзі адам болмайды, адам болуды шыр етіп дүниеге келген күнінен бастап үйренеді. Ал адамды адам ететін – жұмыр жерді мекен еткен сан толқын ұрпақтардың ақыл-ойы мен тірнектеп жинаған тәжірибесі. Ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа, әкеден балаға ауысатын тарихи-әлеуметтік, қоғамдық практикалық дәстүр сабақтастығы болмаса, адамзаттық прогресс те болмақ емес. Өмір-салттың тіршілік-болмыстың ғажайып сабақтастығы үзілген жерде адам баласы бәрін де тырбанып қайтадан бастауға мәжбүр болар еді. Әрбір адамның бойында адамзат баласы жүріп келе жатқан жолдағы баға жетпес-тарихи тәжірибенің үлгісі бар. Сол тарихи-мәдени тәжірибені танып-білу арқылы адам баласы өзінің парасат-болмысын шыңдайды. Үп еткен желге тамырын үзіп, тақтаған жерге тұқымын төгетін адам баласы қаңбақ емес. Саналы адамның (хомо сапиэнс) ең бір мәнді белгісі: рухани отырықшылығымен, яғни қоғамдық-әлеуметтік таным-тәжірибесінің тарихи сабақтастығымен дараланады. Қазақ халқының өмір-салты көшпелі болғанымен, рухани болмысы көшпелі болмаған. Кез келген көшпелі өзі туған жердің өзен-көлін, тау-тасын, орман-тоғайын ешбір отырықшы замандастарынан кем сүймеген. Сондықтан да кіндік қаны тамған жері үшін тайсалмастан жүрек қанын да төге білген. Сондықтан да сол даланы әнмен әлдилеп, күймен тербеген. Сол далаға ең аяулы атаулар берген. Сол далаға тек қана сұлулық деп аталатын ұлы түйсікпен үндесетін белгілер қалдырған. Қысқасы, байтақ дала көшпелілердің рухани отырықшы әлемі болған. Осынау ұлы дәстүрдің қадыр-қасиетін танып-түсіну және сол ұлы дәстүрдің заңдылықтары бойынша ғұмыр кешу тірілер үшін қажет (А. Сейдімбек).

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Ұлт болмысы, танымы туралы не айтылған?

2. Ұлт тұрмысы мен оның рухани дүние байланысы қандай?

3. Отырықшы жұртпен көшпелі халық болмыс-бітімінде қандай ерекшеліктер бар?

4. Автор көшпелілердің жеріне сүйіспеншілігін қалай баяндайды?

5. Қарамен жазылған сөздердің қайталанып берілуінің мәні неде?

4- жаттығу. Кестені толтырыңыздар

Дәуір, ғасыр

Шешен

Еңбектері

1

Көне дәуір

 

«Риторика», «Метафизика»

2

 

Цицерон

«Міндеттер туралы», «Мемлекет туралы» т.б.

3

Көне дәуір

 

«Софист», «Парменид», «Федр»

4

ХІХ ғасыр

 

« Синтетикалық философия жүйесі»

5

 

Спиноза

«Этика»

6

Көне дәуір

Конфуций

 

7

Көне дәуір

 

«Шешендік тәлім»