Өткен дәуірдің рухани мұрасынан ауыз толтырып айтатын, мақтанатынымыз – музыка. Көшпелілік дәуірдің тұрақты сахна тудырмайтын жағдайында театр өнеріміз дамымай қалды. Исламның тірі жанды салдырмайтынының салдарынан сурет өнеріміз тұншықтырылды. Музыка болса, өмірдің өзімен бірге қайнап, араласып кеткесін оны тойтаруға ешкімнің шамасы келмеді. Жапан далада мал соңында жүрген малшы қурайдан кесіп сыбызғы жасап, күй тартып шерін тарқатты. Сиырға мініп, үстіне ақ киім киіп, ел аралап жүрген дуана қарағайдан қобыз жасап, талдан ысқыш, шыршадан канифол алып, бұл аспаптың сызылған үнін пайдаланды. Екі шекті домбырада адам тілімен сөйлесіп, ымыраға келе алмайтын болған соң, қазақ күйшілері ханның көрін «тілсіз әңгімемен» басты. Еріксіз малға сатып, ел асып бара жатқан қыз, ұзатылар алдында ай М. Горький бойы ағайын-туғанмен қоштасып, сыңсыды. Күйеуі өлген келіншек басына кара жамылып, үш жыл бойы өндеткен жоқтау айтып, зар қақты. Ауыл жастары кешқұрым алтыбақан тепкенде, оның ырғағына әнмен қосылды. Той болса екі бөлінген топ ән мен жар-жар айтты. Тіпті, құран оқыған молда да өлеңмен жазылған сөздерін отырған айналасына ұнау үшін өндетіп айтты.
Бұлардың бәрі де іштей музыка шығарып тұрмын деп емес, музыка үнін өмір кәдесіне жаратып, әрқайсысы өзінің істеп тұрған ісіне бұрынғысынан да артық шырай, мән беремін деп ойлады. «О баста ән, сөйлеген сөз сияқты, өнердің емес, адам табиғатының шығарғаны болды, адам қуанған сезімін де, қайғысын да, басқаға айтқысы келмесе не айтуға болмайтын жағдайы болса, ән арқылы сыртына шығарады,» «сондықтан, сезімнің бұлағы болған табиғи ән, табиғаттың шығарғаны болған себепті көркемдік жағын ойлайтын өнердің шығарғаны емес, – онда ең жоғарғы көркемдік бар, ол әдемілігін өзі сезбейтін сұлудай назарыңды аударып кетеді», - дейді Чернышевский өзінің «Өнердің шындыққа эстетикалық катынасы» деген диссертациялық еңбегінде. Сондай-ақ осы кезде неше сақта биленетін би де о баста өнердің шығарғаны емес, өмірдің кәдесі, алғашқы адамдардың сөздігі жетпей, аңға не басқа бір руға шабуылға барып қайтқанын айтып берудегі толықтырушы қозғалыс: ым, аяқ, қол, дене қозғалыстары болды. Бері келе ән де, би де алғашқы шығу негізі өзгеріп, өнердің шығармасы болып кетті.
Құрманғазының «тіл байлығы» мол. Ол «Серпер», «Машина», «Кішкентай» күйлерінде екі ішекті үнемі бірге пайдаланбай, оларды бөледі. Профессионал суреткерге тән нәрсе – материалды «үнемдейді». Күйдің басында, не орта жерлерінде айтайын дегенін, суреттейін дегенін жалғыз ішек бойын қуып жүріп айтады. Домбырашылар ол кезде астыңғы ішекті сол қол саусақтарының ішкі жақ бетімен басып, тұншықтырып тастайды да, тек үстіңгі ішектің дыбысын естіртеді. Жалғыз ішектің дыбысының өзі дауыл алдындағы ішін тартып тынып қалған ауылдай, алда бір сойқанның тұрғанынан хабар береді. Секірердегі кейін шегінудей сурет келеді. Басқа домбырашыларда бұл жағдай кездесе бермейді.
Құрманғазы күйлерінің тіл өткірліктері, біздің заманның тыңдаушыларының жүрегінен орын ала кететіні – күйшінің өмір сүрген ғасырын сезуінен. «Көбік шашқан» күйінде бір жағынан теңіз толқынының дүрсілі сырт сурет қана емес, біртіндеп жақындап келе жатқан алыстағы революцияның сарыны болып та естіледі. Олай дейтініміз, өткен ғасырдың ортасында Москваның университетінен, әскер қатарынан қашқан студенттер, әскери адамдар Ордаға келіп революциялық әдебиет таратып жүргенін, оларды қалай да болса тауып алу керектігін жазған жандарм бөлімдерінің қағаздарың біз архивтерде кездестірдік. Осының бәрі де оқымаса да, естігені көп Құрманғазыны қобалжытпады деп айту қиын.
Құрманғазының күйлері композитордың өмір суретін түгелдей беріп тұрғандықтан кейбіреулер оларды «өмірбаяндық» күйлер дейді. Біздіңше, Құрманғазы күйлері бір адамның өмір образын баяндаудың тар қауызына сыймайды. Сондықтан оларды «күнделік», «жол дептерлері» сияқты егіп қарау да жөн емес.
Жырыңнан бұрынғы сырың да сол болған соң «жарықтық сол сырдың өзі неден басталған еді?» дегенді әр орайда зердеңе орнықтырып, тірі сурет, қимыл-қарекет қалпында сақтайды екенсің. Сол құдды әлгі әзірде болған оқиғадай ойлаған сайын жаныңа жақындай түседі екен. Бұл күндерде біреулер дастан, біреулер өлеңмен жазылған роман десіп жүрген менің «Құрманғазы» атты еңбегімде:
Елемей зекіргенін бір шалдың да,
Естімей десе біреу: қамшы алдың ба?
Таянып екі жағын осы бала
Күйшінің жатқан еді қарсы алдында, -
делінетін өлең шумағынан оқырман Ұзақ есімді ұстазының қарсы алдында күйші өнерінің құдіретіне есі кете елтіп жатқан қаршадай Құрманғазыны көреді ғой. Шынында ол ақынның ойлау жүйесінен өнген сурет емес, менің алты жасар кезімде өз басымнан кешірген нақты бір оқиғаға негізделген. Туып-өскен жер табаны біздің ауылға Құрманғазының Азғырынан да, кейінгі қонысы Сахмадан да әлде қайда жақын Қабылан дейтін күйші жаз айларының бірінде біздің үйдің қонағы болды. Кешкілікте малды жайғап болған соң жиналған қанаттас ауыл адамдары есік-төрі үлкен кісілерден ауыспаған алты қанат үйдің іргесін айнала түргізіп сыртқа да тығыз орналасқан. Ел ағасының еркесі – мен ғана аспалы шамның астында, Құрекең шәкірті кәрі Кабыланның карсы алдында жаңағы бала Құрманша жатып алсам керек. Ол сәттегі менің ұғымымда домбыра ұстағанның бәрі дерлік атын ауызға алмай күй шертпейтін Құрманғазы - осы кісі. Қабылан Құрекеңнің қай күйі қандай жағдайда туғанын ауызекі айтып отырып тартатын кісі екен. Түннің бір уағына созылған қақтығыс-соқтығысы мол тарих пен кеудеңе тура сөйлеп сұғынатын сиқырлы саздарға мен де көзімді бір ашып, бір жұмып ұйып қалыппын. Соны жеңгем Балқия алқа-қотан алдында ұйықтап кеткелі жатыр деп ұққан. Үлкендердің алдын орап ол жерге бара қою жас келінге қияметтен қиын. Әйелдің өтініші бойынша ауыл жігіттерінің біреуі есік жақтағылардың ара - арасымен бұқпантайлап келіп мені сирағымнан тартып ала қоймақ болғанда қолыма іліккен кілем пұшпағын өзіммен бірге түре тартып әрі оқыс айғайлап, елдің тыныштығын бұзыппын. Осы орайда Қабылан былай депті:
– Белгілі күйші Ерғали Ещанов осы баладай сәби шағында үйіне түстеніп күй тартқан Құрманғазыға жаңағыдай есі кете елтіп, ақырында өзіңмен бірге мені ала кет деп жалынса керек. Күйші үйрек басты шанасына мінерде қасқыр ішігінің шалғайына тығылған баланың сағын сындырмай ел аралағанда апта бойы ала жүріпті, «періштеге көрсеткен құлшылық қызметімнен ата-анасы құлағдар болсын, алаңдамасын, баласын апарып саламын» деп хабаршы жіберіпті. Мына бала да атасының шарапатына елтіген шығар. Қорықпаңдар, бұны ұрлап әкеткендей менің қасқыр ішігім де, шанам да, шарапатым да жоқ.
«Боз шолақ атты боқ дүниені» ысырып тастап, тағылық, тасырлық дегендермен табиғаттың өз тілінде салғыласа білген саз дүниесінің алыбына адам атаулының ойшыл үлкені де, ойсыз сәбиі де бәрібір болғаны ғой сонда... Зады, өз құдыреті кеулеп кіре алмастай саңлаусыз сана жоғына кез жеткерген ұлылық уытты қасиеттерін уыстап шашқанда біз соны сезбейтін де секілдіміз.
Құрманғазыны отыз төртінші жылдан бастап біздерге таныс. Қай тұлғаның болса да сондай жағдайларын өмірі мен қызметін сөз ететін кездерде оның өзіндік ерекшелігін ескеріп, олардың алатын орнын анықтау көзделеді.
Ахмет Жұбанов Құрманғазы жайлы төмендегі түзілімдерді құрастырған бірегей зерттеуші:
– Шынында да топырақтың асты емес-ау, ара-арасы түгелдей тұнып тұрған дерек дерсіз. Мен табысыма насаттанып, тер шыққан сайын өз жұмысымды қыздырып, уысыма іліккенді ақсақалға бердім. Ол маған әр бұйымды ажыратып айтты да, алған жеріме қайта жасыртып отырды.
- Бұл – құраннан сүре.
- Міне, мынау Керенскийдің ақшасы.
- О, мынау Мекалайдың сөлкебайы ғой.
- Тоқта, тоқта! Мына қағазыңыз не болды екен?... Сірә осыныңыз «Бақырғанның» бір жері-ау деймін. Айтпақшы, бұнда хиссалардан талай сөз тасталған. Тасталған емес-ау баяғы кек шатырлы пөтердей мазардың барында осында олардың тұратын орны да болған. Мынау желмен ұйытқып, соқпаның ішінен шыға алмай әбден түбітше түтілген мамықтар – сол хиссалардың қағазы. Осының көбі – көзінің тірісінде татаршадан өзі оқыған нәрселер. Өзіне ақ паспорт беріп қуғын-сүргіннен құтқарған правитель Мақаш Бекмұхамбетовпен Бапаспен де (Дәулеткерейді айтады. – Е. Х.) байланыс ұстап, солардан да оқитын ол-пұл алып тұрса керек;
- Бір дорба ұсақ тасты не өзінің абақтыда, не шешесі Алқа мен әйелі Әуестің үйде отырып бал ашқандағы сәуегейлік құралы деп жорамалдадық. 1959жылы біз басын басқаша карайтқанда бұларды экскаватор түгелдей жапырып тастаса керек. Атырау мұражайына алынған кұлпытас пен өзінің өсиеті бойынша киізге орап көмілген (асына сойылған) күрең биенің басынан басқаны көре алмадық.
Құлпытасты ашқан Астрахэнь татары өлген жылын «1889» деп жазудың орнына «1879» деп жазып (бірі жоғары, бірі төмен қэрэп тұратын «7» мен «8»-дің ашасын алмастырып) қойғанын Құбаш төбе басына өкелгенде бір-ақ білді деп, оны да Ыбыр растап берді. Тас бойынша 73 жасында опат болған адам 1816 жылы туған болады. Менің ауыл мектебінде бірге окыған досым Өтешқали Есмағамбетовтың шешесі Әуеске немере сіңлі болып келеді. Сол кісі бір сөзінде «жалды жездем жылым барыс дейтін секілді еді» дегені үшін осы «1818» жылды мен де қуаттадым.
Қамалған, қашып шыкқан Астрахань, Орынбор абақтылары, жер аударылып, айдалып барып қайтқан Үркіт (Иркутск), бірде «Боз қаңғыр» атанып ақсүр атпен, бірде Асанқайғыша мая мініп аралаған казағының жер-суы – қайдан да тағдыр татқызған дәмі – осы адамның өмірбаянын құрайтынын Ахмет Жұбанов зерттеген;
- Түптеп келгенде осыларды «өмірбаянның» өзі деп білмек әділ емес. Бұлар – қазақ өмірінде ешкімді қайталамаған, ешкім қайталай алмаған, қайталауы мүмкін де емес ұлы дүниелердің жаратушысы адамға берілетін аз өмірде толық болмысымен көрініп үлгеруі үшін алла тағаланың үсті-үстіне асықтыра тынышсыз тықпалаған қозғалыстары ғана. Олар өлмейтін өмірбаянды азықтандырып қана отырды. Бірауық желе-жортып өтелікші: онсыз да жаралының жанын күйзелткен «Ақсақ киік», ызаға тиген «Ақбай», ақкөкірек те адуын «Адай», «Айжан кыз», бір мезет бұлт астынан жарқ етеы қалған күн көзіндей «Айда, бұлбұл, Ақжан-ай», кенет тұлданып, ұлы мұратын кекке жаныған «Кішкентай», әр биігінен «Аттан!» салған 'Төремұрат», басқа тіршіліктің бірі жанып, бірі сөніп жатса да мейірімі, төліне тілеуі түгесілмейтін шеше - «Қайран шешем, сен аман бол!»... Қайсы бірін айтасың, осынау қонысынан куылған көшпендінің «Жігерін» ояту үшін теңіз де күрсіне долданып «Көбік шашқан». Құдай- ау, бұ дүние не боп кетті? Бұ қазақтың қашанғы қат-қабат соры аздай, орыстың зеңбірегінен миымыз зеңгіп еді, ерді қынадай қырып, жерді жаулап алып еді. Шығыстың зынданын да өз заңымен сыйыстыра алмаған жұрттың енді даладай дарқан үнін, сазын да абақты дейтін аждаһа жұтар болды ма?! Мәуелі бағынан басқа жерде сайраған бұлбұлды кім көріпті? Жо-жоқ, жатқа жағынғандар темір торға тыққызған өнер сұлтанына тек қана «Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан» жөн. «Бұқтым, бұқтым, жыраға бұқтым, сайға бұқтым» сөйтіп құтылдым деп қашқын жан сырын ақтарып отырған адамы сатқвн боп шыққанда одан да безген. Туған топыраққа «Бекер келдім» күйі сонда туған. Ұлан-байтақ Сарыарқаға сапар содан басталған. Қайран «Сарыарқа»!... Бұл күй қазақ жұртының бірінші нөмірлі елұраны емес пе?! Осы қазақ тұтас бір ту түбінен табылғанда нар жайылған жерден жау қайырған еді ғой! Қан тамырға осыны қыздырып сіңірген бір саз бар десек, сол «Сарыарқадай-ақ» болар;
- Орыс өмірімен арақатынастан туған «Балбырауын», «Перовский марш», «Лаушке», «Машина» мен «Не кричи, не шумилердің» ызаға булыққан сарындары түгіл көңілді дегендері де Құрманғазы қаһарын төкпеген бір сәтті де білгізбейді. «Серпер» мен «Бал қаймақтың» өзі де ел дәмі ерінге тиген мезетте, немесе отбасы бүтінделген бір сәтте талайғы аңсағанын ғана еске түсірген ерке дүниелер. Бірақ іштері – шамадан тыс ірі;
- Ұлы күйші-композитор шығармашылығы осылайша жүріп отырып, ең соңғы «Итог» деп аталатын күйіне жеткенше қанша дүниелер туып, қаншасы жер астына кеткендермен бірге жоғалғанын бір құдайдың өзі біледі. Өзін жекеге жатқызып, аз ғана малын тартып алғанымыз үшін Алматыға шақырғанда да келмеген Ерғали Ещановтың бір өзі ұстазының алпысқа жуық күйін бермей кеткенін немересі Ғ.Кайрошевтен естігенбіз. Ол тәкаппарлық та шәкірттеріне Құрманғазының өзінен ауысқан. Қараға да, төреге де өз қадірін осылайша өткізген Құрманғазы да пенде емес пе, «Исатай менен Махамбет өкіне ме екен өлдім деп?!» дей отыра өзінің де опық жеместей асқақ сезімін бір орайда аңғартып алады: «Өзіммен ұлы дуға бір түсетін ұл туар мендей сірә қатын қайдан?!» дейтін де сөзі бар ғой оның;
- Құрекеңнің елмен бірге қилы-қилы өмір кешкен шығармалары біздің тұсымызда бағы жанып, қазақ жері тұрғай, бұрынғы Кеңес одағына, одан дүйім дүние тараптарына танылғаны өмбеге аян. Көптің көзі көргеніне еділ, оларды өзімізден де жоғары бағалаған жұрттар бары айтылып, жазылып та жүр. Жалпы бұл салада казақ музыка зерттеушілерінің еңбегін қалай марапаттасаң да соған татиды. Сауаттылыққа, ақиқат ісіне адалдыққа аңсап жеткен зиялы жандар ең алдымен халық казынасына айрықша құрметпен қарады. Солардың ішінде Құрманғазы мен оның тағдырластарына бола академик Ахмет Жұбанов төккен терді айыра-бөле айтпасақ, оны құдай да кешірмес. Ол кісі Орынбор, Орал, Атырау, Нарын, Астрахань, бергі Мұғаджар, Арал, Сыр бойларынан да Құрманғазы күйлерін тартушылардың талайын тапты. Ол басқалармен қатар ұлы күйші-композитор еңбектерін де теориялық жағынан жүйелеп, халыққа түсінікті тілмен кітап күйінде де оқытты, өзі тұңғыш құрастырған ұлт аспаптары оркестрінің қуатты да әсем үнімен құлаққа құйды. Содан кейін-ақ Құрманғазыға Күй Атасы деген құрметті атақты халықтың өзі берді. Құрманғазының есімімен аталған әлгі оркестр жарты ғасыр бойы есейіп, есейген сайын өрісін ұзартты – батыс, шығыс елдерін түгел дерлік аяқтай аралады. Соның үлгісімен бас құраған басқа ұжымдар да талай құрлық жұрттарын қазақ өнеріне тәнті қылды. Соның бәрінде күй атасының баға жетпес классикалық туындыларына ақ, қара, сары нәсілдерінің қайсы бірі де айрықша назар аудармай қала алмады. Тіпті баяғы орыс журналисі Н. Савичевтей «музыкадан сауаты болса бірінші жұлдыз осы болар еді» деп шарт та қоймай, «мынау адамыңыз жиырма бірінші ғасырдың музыкасын жасаған ғой» деушілер де табылды. Осы орайда мынадай бір қызықтарды айта кетудің жөні келіп тұр: «Оркестр «Сарыарқаны» бастап жібергенде орындарынан дүрліге көтерілген қытай солдаттары сол күйді аяқтарынан тік тұрып тыңдады» деп Ахмет Жұбанов айтып келген еді. «Вашингтонда, Біріккен Ұлттар Ұйымының залында «Төремұратты» тартқанымда бір американдық қасыма жүгіріп келіп, маған артыңнан іздеп барамын деді» дегенді Қаршыға Ахмедияровтан да естідім. Бұлар өз алдына, мына сырт адамның сөзіне қараныз: «Ертеректе мен өз «Құрманғазымды» орыс тілінде Мәскеудегі көркем әдебиет баспасынан екінші мәрте шығартқалы барғанымда сол баспаның директоры Валерий Осипов маған өзінің бір әрекетін былайша жеткізді:
- Америкаға сапарым алдында астана дүкендерін аралап, керек жерінде сыйға тартуға татитын, ол жақта кездесе бермейтін бұйым іздедім. Бір дүкенде Құрманғазы күйлерінің күй табағы кездесе қалды. Үйінде болғанымда соны менің қолымнан алған бір музыка қайраткері (атын айтып еді, ұмыттым – Е. Х.) дереу ойнатып жіберді де, Құрманғазының мекенжайын сұрады, хат жазып қонағым болуын өтінейін деп едім деді.
- Міне сізге дүйім дүние жұрттарының Құрекеңді құптау дәрежесін білгіңіз келсе. Бұрынырақта А. Жұбанов Құрманғазы күйлерінің елу шақгы нотасын кітап етіп шығарған еді. Қаршыға Ахмедияров қазір соған жаңадан жиналған 21 күйді қосып баспаға табыс етті. Бұған карағанда «ел іші-кенішінің» ата мұрасынан елі де берері бар деп үміттенуге болады. Ұлы мұраны әлі талай баһадүрлер алдына молайтып, байытып апару болашақтың ісі. Құрманғазының композиторлық өнерімен танысқандар оның ғаламат виртуоз күйшілігіне де табынумен келеді.
- Қарапайым күнделікті өмірде де біреумен сені кім, қалай таныстырады, соған қарай да жұрт қабағы жұмылып, ашылады деген емес пе, бұл арада бір тоға беліп алып, арнайы алғыс айтатын топ – дирижерлер шоғыры. Ахаңның ізін ала Шамғон Қажығалиев, Нұрғиса Тілендиев, Алдаберген Мырзабеков есімдері тұлға сипатында тұруға тиісті. Әлгі аталған Каршыға да біраз уақыт қажырлы қайрат танытты. Атаның атындағы академиялық оркестрді Айтқали Жәйімовтың бүгінгі басқаруындағы өзіндік өрнегі ел құлағын тағы да елең еткізді.
- Құрманғазы күйлері Қазақстан композиторларының операларында, симфониялық шығармаларында, хор капелласының орындауында, «Амангелді» киносынан бастап сан салалы фильмдерде талантты пайдаланылғанда бұрынғыдан бетер құлпырып, күй атасы арманының ақиқатқа айналғанын көрсетті. Е. Брусиловский, М. Төлебаев, Қ. Қожамияров, Ғ. Жұбанова, Б. Байқадамов, М. Қойшыбаев, Е. Рахмадиев, Б. Жұманиязов, С. Мұхамеджанов, К. Күмісбеков секілді классиктеріміз бен соған жетеғабыл таланттарымыздың қайсы бірі де Құрманғазыдай саз дүниесінің сардарына қарыздас емес, бәрі де әулеттік парызын өтей білді.
- Бұл күндерде Құрманғазы шығармаларын жинастырып зерттеушілер баяғы А. Затаевичпен, тіпті Б. Ерзаковичтермен де шектелмейді. Ахаң үлгісімен бұл бағытта Қ. Тастанов марқүм қанша кез майын тауысты. Профессор Қ. Мұхитов та бұл жұмыспен жылдар бойы шұғылданып келеді. Соңғы әзірде Тұмат Мерғалиев өзінің ізденгіш тапқыштығымен кезге түсіп жүр. Осы жігітке жалғыз-ақ айтарым: күйдің Құрманғазы қолынан шыққандығы қуатынан, ауқымды тарихынан сезіліп тұрмаса кез келген домбыранының «білгіштігіне» иланба. «Көбік шашқан» деп бір нұсқаны тартқан адамның осы жігітке берген түсінігін оқығанда жағамды ұстағаным естен кетпейді... Әрине, музыка мамандарының теориялық жағынан бара алмай жүрген иірімдері, алып тұлғаның ашылмай жатқан құпия құбылыстары бәлкім бар да шығар. Ол жағын өздері бізден де жақсы біледі. Қалай болғанда да олар атқарған жұмыс ұшан-теңіз. Айт та айт, Құрманғазының өзін қоршаған саяси-әлеуметтік ортаға көзқарасын бағалауға келгенде қайыстай қасаң қалыптасқан бір жақты, керек десеңіз, тіпті теріс пәтуаға амалсыз бас шұлғымағандар кем де-кем десек, оның жөні бір басқа. Оған да ораламыз.
- Ана құрсағында нәр бөліскен, табиғат таластырмай, ана сүтін де екеуіне екі емшектен бұйыртқан егіз перзенттей тіршілік деп саз бен сөз бірлігін айта алсақ керек. Казақта тіпті «кіндігің бір ме?!» дейтін сез де барау. Саз бен сез бірінсіз бірі қозғала алмай қалған жағдайда менің ойыма осы бір тіркес жиі оралады. Ол өзінше ғой...
- Егіз туған адам да есейе келе екі түрлі тағдырға иелік етеді. Ақындық өнер мен композитор туындыларының ондай түрлері бары да белгілі. «Тоқпағы мықты болса киіз қазық жерге кіреді» демекші, Құрманғазы күйлерінің құдіретті тартылыс күші замандардан бері қалыптасқан сол заңдылықты да бұзды: Көкірегін жарып шыққан жырлары көбінше күңіренген күйге ұқсас Тәжібаев Әбділда ақын «Көбік шашқан» күйіне сөз жазды. Сөз болғанда кандай!... Оны қазақ хор капелласының орындауында тыңдасаңыз кезге жас үйірмей отыра алмайсыз. Күйдің жырға айналған тұстары менің «Құрманғазымда» да ұшырасып отырады. Құрманғазыға өлең-жырларын арнаған ақындар арасынан Жұбан Молдағалиев пен Жұмекен Нәжімеденовтің терең ойлы тебіреністерін бөліп айтуға болады. Амантай Сатаев екеуміз күй атасын бейнелейтін бір сценарийді киношы назарына ұсынып көріп едік, одан берекелі, бітік өнім алдық деп айта алмаймын. Марат Ысқақов екеуміз театр сахналарына шығарған пьесаны да әдеби-режиссуралық жақтарынан қайта қарау керек секілді. Ғ. Жұбановамен келісім бойынша либреттосын мен жазған операның өзіне де өмір талабы тұрғысынан қайта бір оралсақ деген ойдамыз.
- Құрманғазының мерейтойын бұған дейін де атап өткен кездеріміз елдің есінде. Оның рухы риза болғандай, істерімізді ешкім де жоққа шығара алмайды. Жоғарыдағыдай тындырған жұмыстарымызды қорытып, қала, қыстақ, ауылдарда жиындар өткіздік, талай шаруашылықтар мен көшелер, консерватория мен ұлт аспаптар оркестрі де оның есімімен аталды. Тоталитаризм заманында істеген істеріміздің бері бірдей көз қуанта алмаған да шығар. Қазақтың еңкей бір кемпір-шалдарын опера театрына толтыра жинап, соларға Құрманғазының өмірі мен шығармашылығы туралы министріміз орысша баяндама жасаған күнді де көрдік. «Домбыраның заманы өтті, оны мұражайға тапсыру керек» деген бір пысықай бастық тұсында да «Көбік шашқан» мен «Кісен ашқандар» күңірене күрсініп, «Жігер» мен «Теріс қақпайлар» тепсіне күш көрсетіп жатқандай сезіндік.
- Соншалық талайғы қоқыс таптаурын боп нығыздалып калған жердегі иіс-қоңыс капелімде қайда кетсін-ау... Күй атасының мынау 175 жылдығы әңгімені ақиқат арнасына бұрынғыдан әлдеқайда әділ әрі батыл бағыттамаса, басқаны білмеймін, біздің буын өмірден өкініп аттанатындай қылықтар да бар. Әлдеқашан дүниеден озған адамның тірісіндегі қамқарекетін көпе-көрінеу өз мүддесіне қарай бұрмалап, өз қажетіне жарата алса ғана жақсы деп, оған жарата алмағанның күллісіне күл шашқан саясаттың Құрманғазыға қылған қиянаты да аз емес. Белгілі бір тарихи тұлға туралы барша мағлұматтардың екшелген ең бір сығынды сөлі энциклопедияға енгізіледі ғой. Содан үзінді оқытар алдында басын ашып айтарым: бұл мақаланы сол кезде кім жазса да тек қана осы калпында өткізе алар еді. Сондықтан Ж.Рсалдин қысылатын дәнеңе де жоқ Бұнда былай делінген: «Қ-ның бүкіл өмірі мен творчествосы әлеуметтік әділетсіздік пен қанаушылыққа, озбырлыққа қарсы күрес жолында етті». Егер сол әділетсіз, қанаушы, озбыр бұдан соңғы сөйлемде өз атымен аталып отырса, оған кім қарсы?.. Бұл арада мақала кімдерді жазғырып тұрғанын ішіңіз сезіп те отырған шығар. Олар, әрине, баяғы сол «Би-болыстар мен байлар». Бұның енді бұқпантайға салатын түгі де жоқ «Би-болыстар мен байлардың» ар жағында тұрғандар – солардың өздері емес, отар иелерінің итаршылары. Қазақты қонысынан қуған орыс басқыншыларының өздері түгіл солардың қол шоқпарын ел басқарған (Исатай, Махамбет секілділер де көп болды ғой) адал елдерден, ел сыйлап, береке-бедел тұтқан дәулетті адамдардан бөліп алып айтуға да аузымыз бармай тұр ғой. Өз өтірігімізге шынымен сенсек правительдің өзі қаматқан адамын өзі ақтағаны қалай деп те дауласар едік. Жоқ, ол дерекке біз үндемей отырып, ішімізден соған имандай иландық. Бұл – бір делік. Екіншіден, әкімі бар, басқасы бар - елдің игі-жақсыларына түгелдей қарсы бұзақы кімге қажет?! Құрманғазыны соншалық азғын рөлде «мадақтауға» қия алдық па?.. Құдайдан күштімісің, амал құрығанда соған да қидық, Қиянат емей немене бұл!
Еділ үшін егістік,
Жайық үшін жандастық,
Қиғаш үшін қырылдық,
Тептер үшін тебістік,
Тендікті колдан бермедік! –деген адамды арманға балап, солар да «өкіне ме екен өлдім деп» деген, өттең сол кезде «Кішкентай» боп қанды айқасқа қатыса алмай қалдым-ау деп, соған симфонияға бергісіз шығармасын арнаған Құрманғазыға ойлап тапқан орнымыздың сиқы әлгі. Елім деген ер екендігіне генерал-губернатордың өзін сендірген, орыстың шынжырлы төбеттеріне (урядникке) «Не кричи, не шуми!» деп, құдіретті күй қуатымен зекіген қайсар қаһарманның шын болмысын ашып айтсақ, Шортанбай, Мұраттарша сорлап қаларын да ойладық, әрине. Қалай болғанда да оның өмірлік позициясын А. Затаевичке «конокрад» деп жамандағанымыздай көпе-көрінеу ұсақтаттық. «Ұлы» деп отырып та «ұры» дедік. Өз басым Дөңбай қажы мен Байғазының егес, ерегесіндей ауыл арасындағы ұсақ жанжалға Құрманғазыны араластырған жоқпын. Старшина Ақбаевты Перовскийдің алдында құрдай жорғалатқанда старшина болғаны үшін емес, Құрманғазыны орыстың жазалаушы отрядына өз қолымен ұстап беріп, абақтыға айдатқаны үшін сөйттім. Оны да мен аспаннан емес, өмірде дәл солай болған оқиғадан және «Ақбай» күйінің өз ішіндегі зығырданы қайнаған, ауық-ауық шарасынан асып-төгілген ашу-ызадан алдым.
- Қысқасы, Құрманғазы Сағырбаев адам, азамат ретінде кім болған деген сұраққа ендігі зерттеушілердің жауабында осы бір ойсыраған олқылықтың орнын толтыру шарт. Шарасыздан берілген жартыкеш, жалған бағадан бас тартатын күн туды. Саз сардары Сағырбаев отаршыл саясаттың озбырлығына еш төзбеген, тұтастай соған қарсы, өр, өжет тұлға. Ол Әз Тәуке мен Абылайды, Сырым, Кенесары, Исатайды білсе де тап тартысы дегеннің не екенін білген жоқ. Ол - бар болғаны музыкадағы Махамбет.
- Мынау бөлек-бөлек БАБА баптасып, АТА беделін салғастырып жатқан «ерке» де, ерсі тұста «Құрманғазы шынында да дара тұрған жарық жұлдыз» десек біреулер соған да бәлкім бұрынғыдан бетер тарынар. Тарынсын... Құрманғазының саздарынсыз бір концерт, эфир экрандарда бір күн өтпесе де, әр шаңырақта тойларда соның күйлерін шалқытып, халықтың аса аяулы адамдары дүние сала қалғанда соның күйлерін еңіретіп отырып та тарынып келдік қой. Сол тарынудың салдарынан күні бүгінге дейін бейшараның еш жерде ескерткіші де жоқ. Бұрынырақта соның ескерткішіне бәйге де жарияланған. Қатысушыларға арналған орындарына қарай жүлдесі де төленген. Сонда бірінші жүлдеге ие болған өз жұмысына байтақ қазақ жерінен орын таба алмаған күйінде Кенбаев Молдахмет марқұм да зарлай-зарлай дүниеден өтті. Бәлкім, Кеңестің 1988 жылы шыққан энциклопедиялық сөздігінде аты аталған шығар десем, онда да кезіндегі облыс хатшыларының аты бар да, үш мәрте Еңбек Ері Қонаевтың жоғы секілді, бүгінгі сазгерлердің талайы бар да Сағырбаев жоқ.
- Ғылым пайдасына деп қабірден қазып алған Құрекең сүйегін елден сыртқары жерге итеріп тастай бермей, жұртшылықтың, шеттен келген қонақтардың да оның басына барып тәуіп етуіне ыңғайлы Атырау қаласының бір жеріне жерлейік деген өтініш орталық партия комитетіне де жазылды. Оған академиктер Ғ. Мүсірепов, Ә. Марғұлан, А. Нүсіпбеков, жазушы Д. Снеган, мүсінші Х. Наурызбаев, ішінде біз де бармыз – барлығы оншақты адам қол қойғанбыз. Идеолог хатшымыз, жаңағыша, «қазақ байлары сиғызбаған соң орыс жеріне өзі барып жатқан» дегенді ойлап шығарып, біздің өтінішімізді бюрога да салғызбай қойған. Өтірікке не шара, шынында ол кезде Астрахань губерниясына қараған ол аймақ та казақ жері болатын.
Ескерткіш демекші Құрекеңнің портретін Х. Наурызбаев та, М. Кенбаев та, Ә. Смайылов та жасады. Н. Шаяхметов бас сүйек бойынша деп өзінше мүсіндеген болды. С. Романның бір жұмысын казақ энциклопедиясының бетінен көрдім. Қай еңбек те өзінше ойлы, өзінше нәрлі-ақ шығар. Бірақ осынша көп Құрманғазының бір адамды танытқаңдай ортақ бет әлпеті байқалмауы мәдениетіміздің жетілгендігін аңғарта қояр ма екен?...
- Абай айтқандай, алдыңғы аға толқынның ізін кейінгі іні толқын басып, бәрі де бұрынғыдай көрінуін көрінер-ау. Сөйтсе де әр толқынның алдыңғыдан алған ақ, адал аманаты кейінгіге саф күйінде сақтап бере білуі мезгіл мінезіне де байланысты көрінеді ғой. Әйтпесе өз өрнегімен өзіне дейінгіні байытып қалдырудың орнына көне жүзіктің көзін сындырғандай, дүниеден артын жұтатып аттануға кімнің ары барсын. Әл-қадерінше, аштық пен қырғын соғыстан өмірге әрең қайтқан біздің жарадар буын да намысты қолдан бермеудің амалдарын аз істеген жоқ. Олжасыз да емеспіз. Сонда да дегеніміз бола берді ме?... Кешегі күндері әдеп, ибадат, әруақтан имену дегендерден тұл көргенсізге сенбесе де «сен білесің» демеске шарасыз болған буынның енді не істемекті ойға алса да соны тындырғанша алас ұрып асығуы занды. Жасыратын несі бар, осы жүрген біздер бізден кейінгілер қарғамаса да, қабақ шытар межеден алыстап жарыған жоқпыз.
Белгілі бір тұлғаның тойын тойлап, соның төңірегінде пікір қозғасқанда тағдыры соған ұқсас тағы басқаларға мерейтойын күтпей- ақ қызмет көрсетпекті ойластырған жөн. Өйтпесек қолдан жасалған тарихтарды қалпына кайтарып үлгере алмаймыз. Уақыт озған сайын алдымыз сиреп, артымыз қоюланып жатқан өзімізді де ұмытпалық «Өгізге туған күннің» салқыны «бұзауға» да оңай тимеген. Азын-аулақ қалған өмірімізде адам бойындағы кісіліктің, ар-ұяттың үстемдік таныта бастағанын қасымыздағы ортақ мүдделі үлкен-кішіден дем-тыныс денемізбен де сезіне жүрсек дейміз. Бас пайдамыздан бұрын арақатынастағы жан семіртер жақсы дәстүрдің орныға бастағанына көз жеткеріп, көңіл тоғайтып өтсек деп біз соны көксейміз ғой. Солайша шын бармын, бауырмын деген баршамызды Құрманғазының аруағы қолдасын!
- Шайтани аралында жерленді деп жүрген Құрманғазы зиратын мен 1952 жылғы сапарымда қалмақша Күрлік, қазақша Албасты төбе деп аталатын биік жотаның басындағы көне қорымнан тауып қайттым. Оған мені Құрекеңнің кезінің тірісінде керіп қалған Ыбыр аға Досәлиев бастап апарып, құлпытасын көрсеткен. Құлпытасқа байланысты әңгімені сәл кідірте тұрып мына жағдайды айталық.
Осы төңіректе 1929 жылы сопалып қамалғандар лагері тұрған кезде Құрекеңнің бұрынғы зираты – басында айы бар, тұтастай ағаштан тұрғызылған көк шатырлы биік мазары қиратылып, отқа жағылған. Біз көріп тұрған аласа соқпа бейіт – Құрекең немересі Құбаш марқұмның ашаршылық жылы әліне қарай істеген әрекеті екен. Соны көріп бір түрлі құлазып тұрғанымда Ыбыкең:
- Сен өйтіп күйзелгеніңді қоя тұр, – деді де, әуелі биік жотаның тура түбінен жанап өтетін үлкен жолды нұсқады.
- Әне, анау түйе арбадан түсіп жатқан екі қатын, бір еркекті көрдің бе?
- Көріп тұрмын.
- Көріп тұрсаң, солар осы тұстан озып, жолдың сонау бір иініне іліккенше жаяу жүріп етеді. «Жалды атасының» (елі оны солай атаған) тұсынан өткенше көлікті жолаушының бәрі сөйтеді.
Әңгімені одан әрі айтқызбай-ақ түсінуіме биіктігі бір саржындай ағаш діңгек, оған байланған (құраны оқылып, түйіншектеріндегі ақшалары алынған) түрлі-түсті шүберектер.
- Жә, енді, – деп Ыбыкең сөзін жалғастырды. – Сен бұл кісіні Кеңес екімегінің арқасында әулиеге айналды деп тұрған шығарсың, соқпаның ішіне секіріп түсе сал да, мына менің таяғыммен сыпаның төңірегіндегі кез келген топырақты түртіп ашып керші. Тапқан олжаларыңды бір-бірлеп маған көрсете бер.
Қорыта келгенде, Құрманғазы күйлерінің халықтық педагогика негізіндегі құндылығы сонау ХІХ ғасырдағы қазақ өміріндегі тарихты көз алдымызға елестетуге мүмкіндік туады. Күй жанрындағы тыңдармандарға өмірсүйгіштік пен патриоттық сезім дарытар қарымы оның нұсқалы, оңтайлы бағытына қарай ажыратылады.
Біздер Ахмет Жұбановтың зерттеу еңбегіндегі Құрманғазы жайлы деректердің алар маңызы жіктеліп, оның жалпы келер ұрпақ үшін тәрбиелілік мүмкіндігіне маңыз беруге метариал жинастырдық.
Біздердің жұмысымызға дейін Ахмет Жұбановтың зерттеу еңбегіндегі алгоритмге салынған тұжырымдарын кездестірмедік десек артық айтқандық емес.
2.1 Күй арқылы этномәдени тәрбие беруді іске асыру мүмкіндігі
Күйлер жанры өзінің дәстүрлік ерекшелігіне, сабақтастық қағидасына, орындалу мәнеріне, күрылыс тәсілдеріне, кағыс түріне қарай екі үлкен мектепке бөлінеді. Оның біріншісіне музыкалық әуендік жағынан симфониялык сипатты бейнелейтін Батыс Қазақстан дәстүрінде орындалатын күйлер жатады. Ол күйлер өзінің өлшемі мен ырғағы жағынан ұстамды болып, саусақтардың бірыңғай сілтеуімен орындалады, сондай-ақ көбіне жігерлі, жоғары пафосты, екпінді, үдемелі, дауылды болып, тыңдаушының көңіл күйін көтереді.
XIX ғасырда өмір сүрген Құрманғазы, Сейтек күйлері және олардың дәстүрін жалғастырушы Дина күйлері мазмұны жағынан әлем суретінің жанын бейнелейді. Ел аузындағы аңыздарға сүйене айтқанда Құрманғазының «Кішкентай» атты күйі негізінен Исатай бастаған халық көтерілісін бейнелеген. Күй – өз құрылысы жағынан шағын үш бөлімнен тұрады. Оның алғашқы бөлімінде домбыраның үстіңгі ішегінен басталып төмен жүретін сыңар ішектегі сарындық қозғалыс тындаушысына ауыр әсер етіп, мұңға батырады. Бірден ауыр басталған мұңлы саз біртіндеп екінші ішекті қосып алып, ашық әуенмен ел ішіндегі күйзеліс өмірді баяндауға көшеді. Міне, осы бір ауыр сезім бара-бара кек толқынына ұласқандай жігерге шақырып, күйдің екінші бөліміне ауысып, өжет толқынына ұласады. Исатай қозғалысына қосылған халықтың үлкен күшін, ханға деген наразылықтың үнін суреттейді. Күйдің үшінші кезеңі екпінді бәсеңдетіп, кайтадан бастапқы ауыртпалықты суреттегендей болады. Мелодиялық қозғалыс сазы өшкен үміт, көшкен ел, құлазыған жұртты бейнелейді. Күйдегі симфониялық түр дегеніміз осындай басталу, шарықтау, қорытынды элементтері айқын күйлерден тұрады.
Көріп отырғанымыздай, бұл күй тарих іздеріндегі коллизиядан хабар беріп тұр. Егер бір концертте бұндай элегиямен келетін барлық күйлер болса, онда тыңдармандар төмендей қалады.
Кейде күй талмаураған, талыксыған.
Кейде өжет, кейде долы албыртсынған.
Кейде паң, кейде дархан. кейде сергек.
Шаршы өрге кейде шапшып шауып тынған,
– деп, ардагер ақынымыз Ілияс Жансүгіров жырлағандай, өз бойынан бар қасиеті төгіліп тұрған суреткер Құрманғазының асқақ күйлері жаңа дәуір сахнасының төрінен құрметті орын алады.
Оның күйлерін тыңдап отырып, қазақтың дархан даласын, тауы мен өзен суларын, өткен ғасырдағы өмір тартысын, Исатай мен Махамбеттің тұлпарының тұяқ дүрсілін, хандық пен әділетсіздікке қарсы халықтың наразылық үнін, кек намыстың жігерлі толқындарын жан жүрекпен сезінеміз. Оның «Кішкентай», «Ақбай», «Кісен ашқан», «Көбік шашқан», «Адай» сияқты күйлері өзінің ішкі мазмұны жағынан өзі өмір сүрген ортаның тыныс тіршілігімен астасып жатса, «Түрмеден қашқан», «Ақсақ киік», «Алатау», «Төремұрат» күйлері мазмұны мен оқиға желісін шебер суреттеп береді. Бұл салада өнер тану ғылымының докторы, академик Ахмет Жұбанов өзінің көп жылдық өмірін Құрманғазы шығармашылығын зерттеуге жұмсап, баянды еңбек етіп, өнер тану ғылымына үлкен үлес қосты.
Зерттеушінің табанды еңбегі мен баянды еңбегінің нәтижесінде Құрманғазы мұралары толық жинақталып, өскелең өмірге үлес болып қосылды. Казақтың мемлекеттік халық аспаптар оркестрі, Алматының мемлекеттік консерваториясы күйші Құрманғазының атымен аталды. Құрманғазы күйлерін орындау жеке мектеп болып қалыптасты.
Он тоғызыншы ғасырдың отызыншы жылдарының аяқ кезінде Бөкей хандығында патша үкіметіне қарсылық білдіріп өздерін саналы тұрғыда құрбандыққа шалған шаруалар көтерілісі болды. Ресей империясы қазақ жерін, соның ішінде, Батыс Қазақстанның территориясын 1731 жылы Әбілхайыр хан тұсында өз иелігіне айналдырған. Соның нәтижесінде, шабындық, жазғы және қысқы жәйілім жерлердің жақсыларын шаруалардан тартып алады. Балық аулауға тиым салады. Тіпті мал суаратын суатқа шейін өздерінше «тәртіп» орнатты. Осының бәрі еңбекші шаруалардың наразылығын күшейтіп, ақыры кең жайылған көтеріліске келіп соқты. Көтерілісті бастаған Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов еді.
Исатай – Махамбет көтерілісі қазақ тарихында үлкен роль атқарады. Патша үкіметінің екпініне төтеп бере алмай, жеңіліске ұшырағанымен халық санасында мәңгі сақталды. Көтерілістің қару күшімен басылуы, Исатайдың патша әскерлерінің қолынан қаза табуы, көтеріліске қатысқан рулардың ұзақ уақыт қудалануы Құрманғазының қанаушы тапқа деген ыза-кегін оятып, ымырасыз күреске шығуға іштей бекіндірді. Қолындағы қаруы домбырасымен халық арманы, игілігі жолында көзі жұмылғанша қызмет етуге серт берді. Көптен жан - дүниесіне маза бермей жүрген ой толғаныстары, асыл арманы домбыра шанағынан күй болып құйыла бастады.
Бүгінгі таңда біздер бұл күйді тек тарих ізі ретінде қабылдап, оны қайталау қазақтың ұтысы еместігіне маңыз береміз.
30 шы жылдардың аяғында Құрманғазының алғашқы творчестволық дәуіріне жататын күйінің бірі «Кішкентай» дегенге келеді. Ол күйді Құрманғазы «кішкентай інісінің үлкен ағасы Исатайға арнауы» депті. Күйдің «Кішкентай» атанып кеткен себебі осы болса керек. Өйткені «Кішкентайдың» сырттай көлемі де мазмұны да, техникалық дәрежесі де терең, күрделі күй. Тіпті бұл күйдің жоғары деңгейлі шығарма екендігін тани отырып Құрманғазының кейініректегі творчестволық белестерінің біріне жатқызуға болар еді.
Құрманғазы өзінің күй шығарудағы қадамын осылай бастады. Творчестволық қанатын осы айтылғандай қоғамдық үлкен мәні бар оқиғаны суреттеу бағытына қарай қақты.
Құрманғазы күйлерінің хронологиялық тәртібін (шығару мезгілдері тәртібі есебінде) дәлме-дәл көрсетіп отыру мүмкін емес. Ол үшін композитордың қағазға түскен толық өмірбаяны біздің қолымызда жоқ. Бірақ шәкірттерінің жолын қуған домбырашылардың, күйшіні көзімен көріп әңгімелескен қарттардың айтулары бойынша осы бір алғашқы кезеңге жататын күйдің бірі «Балбырауын» болса керек, орындап берген адамның айтуынша «Балбырауын» жастардың ойын-сауығына арналған шығарма. Күйдің музыкалық кейіпіне қарағанда онда бидің негізі де бар сияқты. «Балбырауын» жігерлі өмір жырын жырлайтын, көктем желіндей көңілді оптимистік шығарма деп баға беруге болады.
Құрманғазының осы дәуір күйлерінің бірі «Ұзақ Ақжелен». Олай дейтініміз, Дина бір әңгімесінде: «Ұзақ асқан орындаушы болды, бірақ өз жанынан күй шығарған емес, мына Ақжелең Құрекеңнің Ұзақ ұстазына арналған өз күйі» – деген болатын. Күйдің ауызда жүрген белгілі программасы жоқ. Музыкасының ауанына қарағанда бұл күй бір шабыт келген кездің «көңіл үні» болуы керек. Өзін бір жолата күй жолына бұруға себепші болған Ұзаққа, шәкіртінің «Рахмет» күйі деуге болар еді.
Күйшінің осы шамаға соғатын шығармасының бірі «Бас Ақжелең». Хиуада болған қазақ, өзбек, түрікмендердің үлкен бір мәжілісінде көптеген күйші, дутаршылардың жарыс тартыстары болады. Сонда «Бас Ақжеленді» Құрманғазы күйі деп Лекер деген домбырашы тартады да, одан Өскенбай домбырашы алады, кейін Маңғыстауғы жаяды. Бұл күйдің де белгілі программасы айтылмайды, қандай жағдайда шыққаны жөнінде ешбір дерек жоқ. Адай төңірегіндегі домбыра тартыстың түрінен бе, бұл «Ақжелеңнің» орындалу түрі басқалардан өзгеше, бірақ Ақжелендерге тән көңілді, жүрдектік, жинақылық мұнда да бар.
Құрманғазы бұл кездерде Бөкей хандығының шеңберінде қала алмайтынына көзі жетіп, Жайықтың шығыс жақ бетіне өтуге бел байлайды. Күндердің бір күндерінде Үстіртке келіп оның көтерілер жердегі құз-қиясын көріп тамаша етеді. «Қаратүйе – Манатаның» жоғары қарасаң басың айналатын жартас құздарын басып өтіп, Үстірттің текше - тегіс үстіне шығады. Асулардың дыбысы мен жаңғырықтары деп, «Маната» күйін шығарады. «Қаратүйе – Манатаны» жылдар бойы садақаға шалған мал етінің исі мен жерошақтың түтіні ғана шалса, Құрманғазы толғанысынан шыққан күйдің сиқырлы үндері еңді оның құздарын шалып өтіп, шың қуалап кетеді. Бірінші рет өзінің туып өскен жерінен кетіп, «жасанды шекара» болса да Жайықтан өтіп, Үстірт сияқты «жер шоқтығына» көтеріліп отырғаның жәй жиһанкездік деп ұқпай, осы бір асумен өмірдің жаңа бір белесіне қадам басқандай толғаныста болған күйші рухани биікке өрмелеп бара жатқандай ой теңізіне жүзген тәрізді.
Құрманғазының бұл кезеңінің сырт түрлері де, ішкі мазмұндық жақтары да еркіндік желінің соғуын күткендей ұғым береді. Осы бір белестің күйлері бірінен бірі өткен пәрменді, көтеріңкі, шалқыған болып келеді. Сол пәрмен күйлерінің бірі, көпке аты мәлім «Адай». Бұл күйдің шығуы жөнінде ел аузында мынандай аңыз бар.
Құрманғазы жолаушылап келе жатып бір адайдың үйіне түседі. Үй ішінде шал, кемпір болады. Үй иелері шаруаларымен далаға шығып кеткенде Құрманғазы керегенің басында ілулі тұрған үкілі домбыраны көріп, қолына алып, бір - екі қағып, әдейі теріс бұрып қояды. Біраздан кейін даладан кемпір, шал және 18–19 жасар шамасындағы бір қыз кіреді. Ол Құрманғазыны көзіне де ілмей, керегенің басындағы ілулі тұрған домбырасын алып, күй тартпақшы болады. Бірақ домбырасын бір-екі қағып, бұрауының өзгергенің сезіп әке-шешесіне қарап:
- Мынаған кім тиген? – деп сұрайды. Олар сасып, «осы болар-ау дәуде болса» деп ойлап, қонаққа қарайды. Қыз одан әрі ешнәрсе айтпай, домбырасын бұрап алып күй тартып кетеді. Құрманғазы қыз тоқтаған кезде оған қарап:
- Шырағым, күйдің шоғын тартпай, боғын тарттың ғой! Домбыраны бері берші, – дейді.
Бұрын, соңды ешкімнен мұндай қатты сөз есітпеген қыз, не дерін де білмей, Құрманғазыға домбырасын ұсына береді. Әке-шешесі де сасып қалады. Бір - біріне қарап күбірлеседі. Әлден уақытта шал-кемпір тұрып:
- Шырағым, осы сен Қызылқұрт Құрманғазы емессің бе, домбыра тартысың біздің бұл араның күйшілеріне соқпайды екен, – дейді. Құрманғазы әдетінше:
- Болсақ болармыз! – деп жауап қайтарады.
- Енді үй-іші болып қолқалап күй тарттырады. Бірнеше күн жатқызып, сый құрметпен қайтарады. Сонда қыздың тартқаны «Серпер» күйі екен, деген әңгіме бар. Бірақ Құрманғазының тікелей шәкірттері, жолын қуған домбырашылар «Адай» күй» Құрманғазының өз шығармасы дейді. Күйдің құрылысына, өрбу-дамуына қарағанда ол әңгімелер шындыққа жанасады. Ал, күйдің атына қарап мәселені оп-оңай шеше салуға болмайды. Ірі суреткерлердің қай-қайсысында болса да, болатын бір жағдай - олар белгілі бір жағдай, белгілі бір идеяны айту үшін тарихтық не аңыздық елдің не бір басынан өткен оқиғаны ала салады. Сол жағдай осы күйдің атыңда да бар сияқты. «Адай» Құрманғазының ірі шығармаларының бірі. Онда заманының алдын ораған көреген көз, өткір тіл бар. Әдебиет дүниесінен үлгі алар болсақ «Адай» күйінде Махамбеттің жалынды поэзиясының кейіпі бар деп айта аламыз.
Құраманғазының «Адай» шыққан кезеңіндегі күйінің бірі «Серпер» қаншама иілтсе де, қаншама еңсесін басса да сынбайтын, мойымайтын, қайта серпіп бұрынғы қалпына келе беретін болаттай берік, халықтың қайыспас күшіне, қайтпас ерлігіне арналған шығарма. Образдық жағын алсақ, мұнда: «Қайтпаған қалың жаудан Құрманғазы, тағдырдың бөгелмейді дырауына» деген сияқты, өзін халықтың бір мүшесі, күш иесі деп қарағандай ұғым бар. Бір әңгімеде Құрманғазы жоғарыда айтылған адайдан қайтқан сапарында өзі жүйрік, жүрісі де әсем аттың үстінде көңілді келе жатып күреске беттеген өз ойые суреттей шығарыпты. Атының серпіп тастап отыратын жүрісін образға алып, жігітте күш те осындай болу керек, жорытқанда белі берік тұлпардай қайыспайтын болу керек деп шығарған екен дейді.
Құрманғазы 1850 жылдар шамасында Адай сапарынан қайтады. Жайықты кесіп етіп, Бөкейге келіп өзінің ауылын тауып алады. Жанқала жақтағы Ақбаев Әубәкір деген старшынға келіп, өтелмеген әкесінің ақысын сұрайды. Әубәкір шабармандарына айтып Құрманғазыны ұрып-соғып, байлап тастамақ болады. Құрманғазы:
«Әубеке, құдай куә жазығым жоқ,
Мен ұрлап жалғыз тайың алғаным жоқ.
Баласы Байбақтының сен Әубәкір,
Жалықсам ен далада арманым жоқ.» -
деп әлді қолымен жағасына жармасқан жігіттерді итеріп жіберіп атына мініп жүріп кетеді. Бірақ жан-жақты Әубәкір Құрманғазыны ұстап, Оралға айдатады. Құрманғазы Орал түрмесінде жатып шешесіне арнап «Қайран шешем» атты күйін шығарады. Күй қапастағы халді суреттегендей жәй басталады. Әлден кейін жарқ етіп тұрған айдай жарқын кейіпке көшеді. Күй әсерленіп, қызынып, шапқан аттың алыстағы сарыны естілгендей болады. Аяғында баяғы ауыр дыбыстар еріксіздік үндері қайталанып келіп, ең соңында тағы да үміт сәулесі елестегендей әсер етеді. Құрманғазы бұл арада алдынан үміт күткендей болады. Анасына өзінің түрмедегі ауыр халін айтқанда, анасы Құрманғазыны шапалақтап бір тартты деген аңыз халыққа белгілі. Міне, осының белгісі ретінде «Қайран шешем» күйі өмірге келді. Ал күйдің аяқ жағының оптимизм болуы анасының берген жігері деп түсінеміз.
Осы сапарда Құрманғазының «Түрмеден қашқан» күйі шығады. Біреулер бір чиновник түрменің қасынан өтіп бара жатып, Құрманғазының осы күйді тартып отырғанын естіп: «Мына бір тұтқынның домбыра тартысы маған ұнамайды, қашу күйі сияқты, сақ болыңдаршы» депті. Ал шынында да «Түрмеден қашқан» күйінде басынан аяғына шейін ат шабыс, қашу, айқай сүрең дыбыстары бар. Еш жерінде тыным – тыныштық дыбысы жоқ деуге болады. Әншілердің тілімен айтқанда бұл күй аяғына шейін «дем алмастан» бірақ тартылып шығады.
Құрманғазымен бірге түрмеде «ақ патшаға тлі тигені үшін» статьясымен жатқан Лавочкин деген орыстың шешесінің жәрдемімен Құрманғазы Лавочкин екеуі қашып кетеді. Осы сапарда өзінің орыс досына арнап күйші «Лаушкен» деген күй шығарады. «Лаушкен» адамның ризашылық сезімін білдіру, адамшылық, достық жыры сияқты шығарма. Құрманғазының ірі шоқтықты шығармаларының қатарына жатпағанмен, өзінің жылылығы арқасында халық сүйіп кеткен күй.
Жоғарыда айтылған Ақбайдың Әубәкірінің әлі де болса Құрманғазының соңына түсуі қойылмайды. Сондықтан күйші тағы да алыс сапарға жол шегуге бел байлап, ардақты анасымен қоштасып, өзінің анаға деген ыстық сезімін домбыраның шегіне түсіреде. Бұл кейін «Аман бол шешем, аман бол!» деген атпен ел арасына жайылады. Басқа күйлерден айырмасы бұнда Құрманғазы домбыраны шын мәнісінде «сөйлетеді». Күйдің кіріспесінен бастап-ақ «Аман бол шешем, аман бол!» деген сөз тақылдап, ап-анық айтылып тұрады. Әсіресе шебер орындаушылар тартқанда күй адам тілімен сөйлеп тұрғандай көрінеді. Бұл жағынан реалист күйші орыс композиторлары Мусоргский мен Даргомыжскийдің музыканы адам дауысына, үніне жақындатуды мақсат етіп қойғанымен ұштасады.
Бұл күйден біздер жалпы қазақ халқының ер азаматтары, қыз балалары Анасын ерекше пір тұтқанын байқаймыз.
Тілі өткір композитор Ақбайдың Әубәкірін сыбағасыз тастамайды. Оның озбыр, зорлықшыл түрін күйде қалдыру үшін музыкалық «ескерткіш» соғады. Ол күйі халық арасында «Ақбай» деген атпен тарайды. Күйші бұл арада сырттай суретке бармай, Әубәкірдің қара халықты зар қақсатқан істерімен туған ауыр халды суреттеуден бастайды. «Ақбайдың» басын естіген адам бірден күйдің мазмұнынан хабардар болады. Бірақ қажырлы Құрманғазы уәйім теңізіне бата бермей, алда ашық күн барына сеніп, енді бір кез адамды алысуға шақырғандай үн береді. Сол арпалыс, адам бақыты үшін болған күрес көп уақытқа шейін үдей береді. Күйдің аяғында баяғы ауыр хал қайта келіп, сақтыққа, салмақтыққа шақырған ұранмен «Ақбай» күйі аяқталады.
Аталып өткен күйдің тыңдармандарға оптимизм, хауас сезім арқылы Отанына, Еліне, Жеріне, отбасына деген өршіл сүйіспеншілігін оятады деуге болады.
1850 жылдардың ортасында Құрманғазы Жем өзенінен кесіп өтіп Төремұрат, Нарынбай, Өтен деген батырларға қарай мандай түзейді. Олар Құрманғазының түп нағашылары екен. Сондықтан қазақ әдеті бойынша Құрманғазы оларға нағашы деп келеді. Шешесі мен жұбайын (Құрманғазы Есенғұл-Беріш Игіліктің қызы Әуеске үйленген болатын) өзінің жамағайыны Жәлел деген кісіге тапсырып кетеді. Бірде нағашылары Шөкен деген қызды азғырып, Құрманғазыға бір тойда бір-екі ауыз өлең айттырады. Өлеңінде Шөкен күйшіні бозқанғыр деп кемітеді. Ер жігіт өз елінде жүру керек, неге басқа елде қаңғыр жүрсің жейді. Құрманғазы қызға тиісті жауабын береді. Бірақ қыздың сөзі есінен шықпай қояды. Кейін осы сапардан қайтып келгенде «жолшыбай шығарғаным еді. Деп «Бозқаңғыр» атты күйі тартады. Сонымен қатар Құрманғазы осы сапарда «Төремұрат», «Ақсақ киік» күйлерің шығарады. Айтушылар «Ақсақ киік» күйі Төремұратпен бірге киік аулап жүргенде шыққан деседі. Ал Құрманғазының «Төремұрат» деген күйі Төремұраттың ауылына жау тиіп, сол түнде үлкен ерлік көрсеткен батырдың іс-қимылына риза болып шығарған күйі деседі. Кей жерлерде ол күйді «Қыз Данайдың қырғыны» деп те тартады. Бірақ күйдің өзі сол біз білетін «Төремұрат» күйі. Құрманғазы осы сапарынан қайтып келе жатып, шөлдеп, тілі аузына сыймай, бір жалғыз отырған қараша үйге келеді. Үй ішінде бір бой жеткен қыз бар екен. Ол тез шәй қайнатып, үй айналасында жүрген жалғыз сауулы інгеннің сүтін құйып: «барым әзір, жоқ жай» деп Құрманғазыға сый көрсетеді. Күйші әбден шөлін басып, көңілденіп, қызға қарап әрі бері отырады да, қолына домбырасын алып күй шертеді. Қыз ықыласпен тыңдайды. Күй біткесін қыз тұрып: «Рахмет, күйіңіз аса ұнады. Сіз кім боласыз?» деп сұрайды. Сонда Құрманғазы аты-жөнін айтып: «Шырағым, сенің бүгінгі шәйің жәй шәй емес, құйған сүтің де жәй сүт емес маған бұл берген асың балқаймақ сияқты тәтті болды. Сондықтан мына күйді саған арнап тартып едім. Күйдің аты: «Балқаймақ» депті дейді. Сөйтіп Құрманғазының бұл сапарынан «Балқаймақ» күй туады. Бұл аттас күй басқа авторлардың қолдарынан да шыққан, бірақ олардың әрқайсысы өзінше тартылады.
Құрманғазы бір жолында Еділ саласындағы көп тарам судың біріне тіреліп, пароммен өтуге тура келеді. Онда атарбасымен тұрған бір шаруаның қатарына әйелімен урядник келіп қалады. Бір кезде ат қозғалып кетіп, арбаның тертесі урядниктің әйелін қағып кетеді. Урядник ашуланып, шаруаны сабағысы келіп қоқырақтайды. Айқай-шу шығарып, паромды басына көтереді. Сол кезде Құрманғазы оған қарап, өзінің айбатты үнімен арыстандай ақырып селт еткізеді де, орнына отырып домбыра тартады. Урядниктің айқайы басылып, екі көзі күйшіде болып, тыңдайды. Күй біткен кезде паромдағы жұрт: «Құреке, бұл не деген күйіңіз?» деп сұрағанда, ол «бұл анау ұрыншақ урядникке «Не кричи, не шуми!» деп тартқан күйім» дейді. Сонымен бұл күй «Не кричи, не шуми!» атанып кетеді.
Құрманғазы Орынбор түрмесінде жатқанда бір күні генерал-губернатор Перовский шақырып алады. Ол Құрманғазыға домбыра тарттырады. Бірнеше күй тартып келіп Құрманғазы аяғында бір күйді өзгеше тартады. Музыкадан төбесі тесік генерал: «Мына соңғы тартқаның күй емес қой, ол не еді?» деп сұрайды. Сонда Құрманғазы «Ол марш еді» деп жауап береді. Перовскийдің алдында тартылған себепті бұл марш «Перовский марш» атанып кетеді. «Перовский марш» шын мағынасында марш екпіні мен өлшеуінде шыққан. Форма жағынан да маршқа дәлме дәл келеді.
Бұдан біздер Құрманғазының орыс халқымен жұғымды қарым-қатынас жасап, олардың тілін таба білгенін байқаймыз.
Аңыз бойынша Перовский осыдан кейін Құрманғазыны түрмеден босатуға жарлық беріпті мыс. Басқа жорамал бойынша Құрманғазы түрмеден қашып кетеді. Осы сапарда ол тағы бірнеше күй шығарады.
Құрманғазының бұл кезеңдегі шығарған күйлерінің ішіндегі ірілері: «Кісен ашқан», «Қызыл қайын», «Машина».
«Кісен ашқан» басынан аяғына шейін орнықты, жәй екпінді күй. Әуенінің өткірлігі сай сүйегінді сырқыратады. Әрине, онда кісенді кесіп жатқан алмас араның құлағынды жаратын дыбысы жоқ. Күйде аяғын кісен қыйған жан ауруы бар. Тіпті бір Құрманғазының емес, жалпы еңбекшінің аяқтары кісендеулідей ауыр жағдай суреті бар. Бұл психологиялық күй десек қателеспейміз. Бірақ ескере кететін нәрсе күйде мол трагедиямен қатар үлкен жіген мен халықтын үні бар.
«Қызыл қайың» аттас күй халық арасында көп кездеседі. Құрманғазының «Қызыл қайыңы» әрине, басқа ол аттас күйлерге ұқсамайды. Мұнда ана қойнындай жылы, халқының әр ұлын аялатқан жаратылыстың ұлы қойнының, ұлы панасының суреті бар. Шебер суреткер қайың образында туған жерінің өз ұлына деген жылылығын, аналығын көрсеткен.
Өмір қыспағымен Құрменғазы көптеген қалаларды көрді. Осы замандағыдай айта қалғандай болмағанымен, жеңіл-желпі болса да өндіріс орындарын, қаланың шуын көрді. Шамалы да болса техника көрді. Ауыл жағдайымен салыстырғанда Құрманғазы үшін ол үлкен жаңалық болды. Сезімді суреткер бір күні домбырасын алып осы бір жағдайларды да екі щектің бойына түсіргісі келді, күй шығарды. Күйдің атын «Машина» деп қойды. «Машина» күйін бірінші тындаған адамдар бірлен ол күйдің осындай жағдайға арналыр шыққанын сезіп, күйшінің шеберлігіне риза болды. Шынында «Машина» десе машина.
Көп күн жүріп Құрманғазы ауылына келгенде, оның алдынан тағы суық хабар кездеседі. Құрманғазы қашып кеткеннен кейін Орынбордан қазақ-орыстар шығып күйшінің жұбайы Әуесті емшектегі баласы Қазимен қоса алып кетеді. Құрманғазы бір байдың жылқысынан екі ат ұстап алып, әскерді қуып береді. Үш күн өткеннен кейін жылқышылардың сілтеуі бойынша бекініп жатқан әскердің үстінен шығады. Мылтықтарын бір-біріне сүйеп қойып, өздері қаннен қаперсіз ұйықтап жатыр екен. Айдың астын ала, екі атты бір сайға қосақтап тастап, шапан жамылып, баласын бауырына басып егіліп отырған Әуеске белгі береді. Солдаттардың сүйеулі тұрған бір мылтығын олжалап, сүйген жыры Әуес пен кішкентай Қазиын атқа міңгестіріп қараңғыға сіңіп ғайып болады. Тұтқын әйелдің орнын сипап қалған солдаттар Орынборға келіп, Әуес қашып кетті, ен далада қасқыр жеп қойған болу керек, барар жері жоқ еді деп рапорт береді. Құрманғазы еліне келіп, баяғы еңбекиеп бұғып барып Әуес пен Қазиды алып қашқанын айтып отырып «Бұқтым-бұқтым» деген күй шығарады. Бұл күй қалжың, мазақ сияқты көңілді шығарма. Домбырашылар да оны бір түрлі қағыспен тартады. Шектің үстінен баса қағып, саусақтың ұшын домбыраның бетіне тигізіп қояды. Домбырашылар оны «домбыра бұқтым-бұқтым деп сөйлеп тұр» дейді.
1860 жылдардың басында Қызыл-құрт, Ноғай руларын билейтін правитель болып Дәулеткерей белгіленеді. Екі күйші кездесіп, бірінен-бірі күйлер атып, жиі-жиі домбыра тартыстырып отырады. Бір күні Дәулеткерей Құрманғазыға өзінің «Бұлбұл» күйін орындап береді. Құрманғазы күйге үлкен баға береді. Сол жерде домбырасын алып өзі бір күй тартады. Дәулеткерей «Мынау не деген күйің?» деп сұрағанда, Құрманғазы: Бұл менің «Бұлбұлым» ғой дейді. Дәулеткерей сонда: «Жо, сенің бұл күйің «Бұлбұл» емес, «Бұлбұлдың құрғыры ғой» дейді. Содан кейін Құрманғазының бұл күйі «Бұлбұлдың құрғыры» атанып кетеді. Бұл күйде Дәлеткерейдің «Бұлбұлының» ырғағы жоқ емес. Бірақ күйдің құрылысы Құрманғазыға тән ерекшеліктерге толы. Әрине, мұнда да әнші құстың сайрауына еліктеген үндер бар.
Құрманғазы Бапаспен (Дәлеткерейдің халық қойған аты. Дина үнемі Бапас дейтін. А. Ж.) бірге Айжан қыздың ауылында да болады. Қыздың әсем тартысына риза болған Құрманғазы Айжанға арнап күй шығарады. Ол күйдің атын да Бапас қояды. Ол бұл күй «Айда, бұлбұл Айжан ай» болсын дейді. Сөйтіп, Құрманғазы мен Дәулеткерейдің күй сапарларында тағы бірнеше творчестволық табыстар кездеседі. Бірі Жәңгірдің жақын туысы, бірі Исатайдың ала туының астына кірген рудан шыққан адам – Дәулеткерей мен Құрманғазы күй айналасында, музыканың сиқырлы тілі арқасында достасады.
Құрманғазының «Назым» атты күйінің шығуы жөнінде де бірнеше түрлі аңыз бар. Оңын бәрін бұл арада келтіріп жатпаймыз. Назым қыздың аты. Сол қызды абайсызда нар інген теуіп, талып қалған қызды өлдіге жорып, ағайын-туғандар жылап-сықтап көмейін деп жатқанда Құрманғазы тап болып, қыздың тірі екенін айтып у-шуды басады. Кейін есін жиған қыз өзін құтқарған Құрманғазыны өмір бойы өз әкесіндей құрметтеп кеткен көрінеді. Бұл Назым қызға арналған күй.
60-шы жылдардың аяқ кезінде Құрманғазы елде біраз жүріп қалады. Оған мүмкіншілік – жоғарыда айтылған Бапастың беделі болады. Ел аузында кейбір аңыздар бойынша баяғы Әубәкір әлі Құрманғазының соңынан қалмай, тағы ұстап «елге зиянды адам» деп үкін шығартып Үркітке жер аудартады. Сібірге бара жатқан жолда Құрманғазы «Бозшолақ», «Арба соққан» деген күйлер шығарады. Үркітке аз уақыт болып, Алексей атты орыс надзирательдің жәрдемімен Құрманғазы одан қашып кетеді. Қайту сапарында Сарыарқаны, Алатайды басып өтеді. Осы келе жатқанда атақты «Сарыарқа», «Алатау» күйлері шығады. Бірақ «Сарыарқа» біздің тар түсініміздегі Орталық Қазақстан емес, Құрманғазының түсінігінде бүкіл қазақ жері деген мәнде.
Құрманғазы еліне келеді. Онда тағы алдынан қайғылы хабар кездеседі. Жалғыз баласы Қази ауырып жатады. Құрманғазыға ол қатты батады. Қиындығы сол, Қазиға ішем деген тамағын тауып беретін Құрманғазыда хал болмай, соған қатты налиды.
«Күреңнің тақымынан тарттым таңба,
Бай менен бас имедім, биге, ханға.
Арықтап сары аурудан тұрғаныңда
Ас тауып бере алмадым Қазиданға»,-
деген өлеңі іштің шеріндей ауыр ойдың нәтижесі.
Бұл кездерде Құрманғазының соңына түсіп жүргендердің көпшілігі өліп, бірқатары басқа жаққа кетіп, күйшіні іздеп соңына бағу нашарлайды. Бұл жетпісінші жылдардың аяқ кезі болатын. Бір күні бір старшын Құрманғазыға қағаз береді. Ол Астрахань генерал-губернаторы кеңесінің шығару қағазы болады. Құрманғазы біраз ойланып, бармауға қорықты деп айтар деп жолға жиналады. Жүрерінде: «Жамағат, жасым болса келді, енді пәлеге кездессем құтыла алам ба, кім біледі, шалыңның қоштасуын тартып кетейін, мына пәбескі тағы келді ғой!» деп бір күй тартады. Ол күйі «Пәбескі» атанып кетеді.
Құрманғазы Астраханьда Бекмұхаммедов Мақаш правительді тауып алып, оған өзінің жайын баяндайды.
«Торға түскен боз торғай,
Шырылдайды күнінде.
Талайы тоқтап бұл күнде,
Шыға алмай жүр үйінде.
Жақсылық сенен күтпеймін,
Отырсам да төріңде.
Тақыс біткен қисықпен,
Көңілім, жұмсап еріме.
Алпыстан асып жас кетті,
Төрінмен жуық көрім де» –
деп басталатын өлеңімен правительді бірқатар шенеп алып, соңында өзінің жазықсыз екенін, қолына ешкім тимейтін қағаз беруін өтінеді. Мақаш правитель генерал губернаторға өз қолынан кепілдік беріп, Құрманғазының қолына «Ақпаспорт» ұсынады. Сөйтіп Құрманғазы Астрахань жақтағы Сахма деген жерге орналасып, қалған өмірін сол арада өткізбек болады.
1888 жылдары Құрманғазы Бекетай құмына барып, Динаны көреді. Бұл ардақты шәкіртін соңғы көруі болатын. Бекетайда бірнеше күн болып Соқыр Есжан, Байжұма, Түркеш күйлерінің варианттарын Динадан алып қайтады.
Сол сапардан келген соң өзі «Байжұма», «Терісқақпай» күйлерін шығарып, шәкірттеріне үйретеді.
Біреулердің айтуы бойынша Құрманғазының «Саранжап» күйі де осы сапарда шыққан дейді. Ол жөнінде де неше түрлі аңыз бар. Бірақ «Саранжап» күйінде қалмақ музыкасының ырғағы бар екені даусыз. Бидің элементі де бұл күйде анық көрініп тұр. Сондықтан бұл күй Саранжап батырға арнау деген аңыз жөнге келеді. Оның үстіне Саранжап деген ат қалмақта, маңғұлда жиі кездеседі. Түрмеде отырып шығарды ма, жоқ басқа жағдайда ма, әйтеуір «Саранжап» күйі қалмақ атымен байланысты.
Жайық өзенінің сол жақ бетінде өскен ақын Қашаған осы бір кезде Орда жаққа барып, Қиғаш, Бозаң бойларын аралап, Сахмаға барып күйшімен кездеседі. Біреулердің айтуы бойынша бұлар одан бұрын да кездескен. Екеуі біраз уақыт бірге жүргеді. Қашаған Атырауды жағалай шығып, көп халықты қырып кеткен апатты образға алып, еңбекші халықтын ауыр халын суреттеген «Көбік шашқан» атты поэмасын айтып береді. Бұл жағдай күйшіні қозғап, екеуінің достығынан тағы бір күй туады. Қашаған шығарған поэманың желісі бойынша Құрманғазы күйдің атын да «Көбік шашқан» қояды.
Құрманғазы өмірінің соңғы кездерінде өмірінің соңғы кездерінде «Демалыс», «Итог» атты күйлер шығарады. Бастан орыс сөздерін алуға бас тартпайтын, күйлерінің атын «Каспий», «Не кричи, не шуми» деп беретін күйші, өзінің творчестволық қорытынды күйлерінің бірі «Итог» деп атайды. «Итогта» бұрынғыдай арпалыстың ноталары жоқ, тыныштыққа көшкен адамның жанкейіпі бар. Бірақ өмірін халықтын бақытына арнаған күреспен өткізген көп жасының босқа кетпегеніне өзіне-өзі дем беру, ризалық, халық алдында ар-ұяты таза адамның ақ пейілі бар десе болады.
Құрманғазы 1889 жылдар шамасында сол тұрған жері Сахмада қайтыс болды. Оның зираты Албасты төбе деген жерде. Ол төбе Шайтани батағасының қасында. Біреулер Құрманғазы Шайтанида өлді дейді. Бірақ оның айта қалғандай айырмасы жоқ. Шайтани мен Сахманың арасы дауыс естім жер.
Құрманғазының баласы Құбаш (інісі Байғазыдан жас басынан Құрманғазы асырап алып, өзінің баласы болып кеткен) біздің ғасырдың басында Астраханнан бір тас шабатын татарды алып келіп Құрманғазының басына құлпытас қойдырған. 1959 жылы Құрманғазы төбенің (осы күнде Албасты төбе осылай аталады) басындағы күйшінің зираты қайта ондалып, оған биіктігі сегіз метрлік темір бетоннан құйылған үлкен ескерткіш қойылды. Сол төбенің етегіндегі бұрын «Қызыл қазақ» атанып келген колхозға Құрманғазының есімі берілді. Құрманғазының күйлері біздің заманға оның шәкірттері, жолын қуған домбырашылар арқылы жетті. Күйшінің Дина, Мәмен, Көкбала, Сүгірәлі, Меңетай, Ерғали тағы сол сияқты көптеген шәкірттері болды. Ол шәкірттерінің шәкірттері болып, бірден бірге алып келіп біздің заманға Құрманғазының асыл күйлері жетті.
Қорыта келгенде, күй жанрындағы қазақ жұртына ғана тән тәрбие беру мүмкіндігі байқалды. Құрманғазы өмір сүрген орта өте күрделі тарихи оқиғаларға толы болғанымен, халықтық педагогика құндылығы деп есептелетін «Жақсыдан шарапат» ұстанымымен өмірсүйгіштік оптимизм, жігер орнықтыруға бағдар жасалғаны байқалды.
2.2 Құрманғазы күйлерінің халықтық педагогикаға қосқан үлесі және оның зерттелу барысы
Күй жанры қазақ музыка мәдениетінің ішінде маңызды орын алады. Ол ежелден адам өмірімен біте қайнасып келе жатқан рухани азық, халық тарихындағы сан қилы өмір белестерін жіпке тізіп көрсететін көне шежіре. Күйде халықтың басынан кешірген тауқыметі, әділетсіздікке қарсы күресі, азат өмірді аңсаған асыл арманы мен қуаныш, реніш сезімдері терең толғаныспен өрнек бояуын тапты. Күй ғасырлар бойы қағазға түспей, ауызша түрде сақталып отырды. Бір орындаушыдан екінші орындаушыға, бір қолдан екінші қолға ауысып, екшеліп, сұрыпталып, ең құндылары ғана ұмытылмай біздің дәуірге жетті. «Ақылдының сөзіндей ойлы күйді тыңдағанда көңілдің әсері бар» деп ұлы Абай жырлағандай, күй өмірдің түрлі қырын бейнелеп, адам жансезімінің нәзік қылын шертеді. Ақынның осындай терең ойларын заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырласы күй» деп орынды айтып өткен.
Осындай үздік үлгідегі күйлерді дүниеге алып келген күй атасы, озық домбырашы Құрманғазы Сағырбайұлы еді. Құрманғазы күйлерінің идеялық-эмоциялық диапазоны өте кең, тақырыбы бай. Шаттық-шадымаңды «Балбырауын», философиялық тыныстағы «Кішкентай», серпінді «Серпер», арынды «Адай», салтанатты «Сарыарқа» терізді «кейде өжет, кейде долы албыртсынған» Құрманғазы күйлері тыңдаушы жүрегіне әрқашан жол табатын, жан тебірентетін нағыз классикалық үлгідегі дүниелер. Композитор шығармаларындағы халық тағдырына байланысты терең ойлы толғаныстар, суреткердің жанына бататын қоғам керіністері, өмірбаяндық толғаулары романтикалық сарында бейнеленеді. Белгілі «Көбік шашқан», «Ақбай», «Кісен ашқан», «Ақсақкиік», «Түрмеден қашқан», «Адай» және басқалар карқындылығымен қоса өсерлі түрде дамитындықтан, кейде карапайым формаларға сыймай, кенерінен төгіліп жатады. Күйлердегі кейбір сабырлы да сазды, кең тыныстағы өрбулер, бірде арнасынан асып, тасқындап көтерілуі, немесе бәсеңсіп, сабасына түсе қалуы, көрнекті музыка теоретигі Б.Асафьевтің байқағанындай, күйлерде «симфониялық дамудың сарқылмас мүмкіндіктерінің бар екенін» делелдейді. Құрманғазы туындыларынын форма жағынан күрделілігі және үлкен көлемдегі кейіпте өрістеуінің (көптеген күйлерінің диапазоны екі октаваға жетеді) өзі шығарма мазмұнының терендігімен байланысты болса керек. Күйші шығармаларының маңыздылығы тек тақырыптық мазмұнында емес, дарынды композитордың алмастай өткір тіл құралдарында, лирикалық-эпикалық жоспардағы өжет те айбатты сарындағы күйлерін шығара білген даналығында.
Құрманғазы күйлерінің ерекшеліктері - өзі тұстас және өзінен кейінгі домбырашылардан дарабоз болатын себептері мол. Солардың бірі – домбыра мүмкіндіктерін мейлінше толық пайдалана білу, музыканың үздіксіз толқындала даму қозғалысы және борандатқан екпінді ырғақтардың шығарма бойынан ешбір толастамауы. Сондай-ақ күйлердің ладтық-өлшемдік негіздерінің құбылмалылығы, басқаша айтқанда бір күйде бірнеше ладтық реңктердің көрініс табуы – халық композиторының алған нысанасын, мақсат-тілегін дәлме-дәл суреттеудегі маңызы зор. Батыс Қазақстан күйлерінде ырғақтық қасиеттер дербес мән-маңызға ие болып, ерекше қарқындылығымен, айға қаларлықтай сергітерлік куат, жігерімен көрінеді десек бұл Құрманғазы творчествосынан да анық байқалады. Мұнда күй тақырыптарына байланысты және бейнелеу – эмоционалдық әсерлігімен қоса, әр қилы екпінділік және агогикалық құралдарды шебер қолдана білген. Осылардың бәрі Құрманғазыны демократиялық сипатқа ие болған музыкалық дәстүрді бастаушылардың бірі ретінде көрсетеді. Ол қазақтың аспапты музыкасының бай мүмкіндіктерінің барын дәлелдей отырып, шығармаларында тек шыңдықты суреттеуге, халықтың бостандыққа, еркіндікке ұмтылған ой арманын бейнелеуге күш салды.
Құрманғазының туған жері, өскен ортасында күйшілік өнері ежелден-ақ өріс алып, дамығанын білеміз. Бұл өңірде өмір сүрген үздік музыканттар Ұзақ соқыр Есжан, Боғда, Шеркеш, Байжұма, Баламайсан және басқа да домбырашылардың игі әсерін бойына сіңірген дарын иесі Құрманғазы болды. Осылардың қатарында жүріп күй өнерін меңгерді, білгенімен тоқталып қалмай, күйшілік салт-сананы әрі қарай өрістете жүріп жалғастырды. Асқан домбырашылық-орындаушылық қабілетімен бірге өзі де музыка шығарумен шұғылданды, өзіне лайықты шәкірттер қалдырды. Осындай атақты ұстаздан күй үйренген Дина Нүрпейісова, Ерғали Есжанов, Меңдіғали Сүлейменов, Мәмен Ерғалиұлы, Көкбала, Сүгірәлі, Меңетай, Меңқара тәрізді ізбасарлар ұлы композитордың озық үлгідегі туындыларын кейінгі ұрпаққа жеткізді. Бірақ олардың бірен-сараны болмаса көпшілігі біздің заманға дейін өмір сүре алмады. Сондықтан да Құрманғазының тікелей шәкірттері Дина, Ерғали, Мендіғали және Мәменнің аузынан шыққан естеліктері мен саусақтарынан төгілген күйлерін есту үлкен олжа. Аттары аталған өнерпаздар ұстазының музыка мұрасын бізге жеткізумен қабат ұлы күйшінің бейнесін жасап, домбыра тартудағы мәнерін, ерекшеліктерін, мінез-құлықтарын, ақындық талантын, өткір тілін, мінезін және басқа да жеке дара адамдық қасиеттерін айтып берді. Қазіргі көріп жүрген Құрманғазы портретін жасауда да жоғарыдағы шәкірттерінің әңгіме естеліктері негіз болды. Сондай-ақ халық күйшісінің туған, қайтыс болған жылдарын анықтауда да бұлардың құнды деректері шешуші маңызға ие.
Ахмет Жұбанов Дина Нүрпейісовадан Құрманғазы туралы соны деректермен қатар, «Қайран шешем», «Бұлбұл», «Төремұрат», «Ақжелең», «Айжан қыз», «Қызыл қайың» күйлерін, сондай-ақ Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей мен Түркеш күйлерін жазып алады. Кұрманғазыны көзімен көрген шәкіртінің тапшы екендігін ескерсек, Динаның аузынан шыққан ұлы күйші туралы бір ауыз сөздің біз үшін өте құнды екені даусыз. Және де Дина Кұрманғазыны көріп қана қоймай, жанына еріп, кала мен даланы аралады, көптеген күйшілердің өнерінен тәлім-тәрбие алды, күй теңізінің тұнығынан сүзіп ішті. Ұстазының өсиетін катаң сақтай отырып, Дина өзі де күй шығарумен айналысты, біраз тың тақырыптарға музыка шығарды. Құрманғазы күйлері бір қарағанда композитордың жеке басына арналған өмірбаяндық толғаныстар болып керінгенмен, түптеп келгенде қоғамдық-әлеуметтік тұрмыс көрінісін суреттеп, адам рухын үстем бейнелейді. Қазақта күйлер де көп, күйшілер де баршылық, бірақ Құрманғазы туындылары қамтыған мәселелер тереңдігімен, тақырыптық жан-жақтылығымен, құрылымдық түр-сипаты жағынан күйшінін өзіне ғана тән күйшілік ерекшеліктерімен анықталады.
Қазақ музыка өнерінің өсіп, өрбу барысында Құрманғазы шығармаларының алатын орны өзгеше. Алайда, ұлы суреткердің орындаушылық шеберлігі туралы, өмірі мен шығармашылық қызметі жайындағы мәліметтер бізге толық түрде жетті дей алмаймыз. Оның домбырашылық, композиторлық бейнесін біз тек ауызша айтылған хабар-деректердің негізінде көз алдымызға елестете аламыз. Дегенмен екі ғасырға жуық уақыт өткеннен кейін кәрі-кұлақ қариялардың ауызынан аңызға айналған әңгімелер көп жағдайда үлкен өзгерістерге ұшырап, өнделіп, кейде бұрмаланып, немесе мүлдем ұмытылып қалатыны белгілі. Сондықтан Құрманғазының домбыра тартқанын көзімен көріп, құлағымен естігеннен артық не бар. Осы жөнінде ұлы күйшінің бейнесін қағазға салып, күйлерін тыңдаған орыс журналисі Н. Ф.Савичевтің «Оралдың әскери Ведомостілері» газетінде (1868, 27 қыркүйек) жарияланған мақаласының мәні зор.
Көркем әдебиетге Абай бейнесін сомдаған М. О. Әуезов болса, сол тәрізді ұлы домбырашы, күйші Құрманғазының музыкалық тұлғасын жасаған қазақ өнерінің көш бастаушысы, академик Ахмет Қуанұлы Жұбанов болды. Күй атасының өмірі мен композиторлық, күйшілік қызметін өмір бойы зерттеген суреткердін халық алдындағы атқарған еңбегі өлшеусіз. Құрманғазыны айтқанда аузымызға Ахмет Жұбановтың есімі оралатындығы да сондықтан. Халқымыздың аяулы азаматы, белгілі ғалым, дарынды композитор Ахмет Қуанұлының жан-жақты шығармашылығы ұлттық музыка мәдениетіміздің мәңгі көнермейтін тарихи беті. Бар саналы өмірін ол қазақ музыкасының өсуі мен қалыптасуына арнап өшпейтін із қалдырып кетті. Ғасырлар бойы атадан балаға таралып келген ұлттық салт-дәстүрді, әдет-ғұрып, тіл мен мәдениетін жете білген А. Жұбанов музыка жанрының барлық саласында жемісті еңбегімен үлесін қосып, қайтпас қажырлық танытты. Жан-жақты дарын иесінің табандылыкпен шәкірттер дайындаудағы ұстаздығы, республикада тұңғыш тұсауын кескен халық аспаптар оркестрін ұйымдастырушы, дирижерлығы, халық ән, күйлерін жинаушы-фольклоршы ғалымдығы, камералық, симфониялық опералық туындылардың авторы ретіңде үлкен композиторлығы тағы бар. Сондықтан да оның есімі туған халқының арасында әр кезде де зор ілтипат, аса құрметпен атала бермек.
1933 жылы музыкалық-драма техникумы жанынан ашылған ғылым-зерттеу кабинетінде жүргізілген жұмыстар А. Жұбановтың ойлаған мақсаттарын жүзеге асыруда шешуші мәні болды. Кабинет қызметкерлері казақтың халық музыкасын жинауда қызу іске кіріседі. Мұнда көрнекті күйші-домбырашылар Махамбет Бөкейханов, Лұқпан Мұхитов, Қамбар Медетовтар еңбек ете жүре Құрманғазының күйлері туралы, өмірі жөніндегі білген мәліметтерін Ахмет Қуанұлына жеткізеді. Бір жылдан кейін ұлттық оркестр құрылғанда оның құрамындағы Науша Бөкейханов, Қали Жантілеуов, Оқап Қабиғожин, Ғабдұлман Матов тәрізді асқан домбырашылардан А. Жұбанов Құрманғазы, Дәулеткерей және басқа өнер иелері жайында аса құнды материалдар жинап, күйлерін қағазға түсіреді. Осылардың бәрі зерттеушіні қатты қызықтырады, сөйтіп Ахмет Қуанұлы өмір бойы ұлы күйшінің шығармашылығын зерттеумен шұғылданады. Құрманғазының музыкалық ерекшеліктерін талдау үстінде А. Жұбанов басқа да күйшілердің өмірі мен шығармаларына да көңіл қойып жазады. Сөйтіп, қазақтың аспапты музыкасы, олардың авторлары жайындағы еңбектері жарыққа келді. Осы күннен бастап Ахмет Қуанұлы өзінің алғашқы мақалаларын жариялайды. Атап айтқанда «Қазақтың халық музыка аспаптары», «Ұлт оркестрі», «Қазақ музыкасында даму кезеңдері», «Қазақ музыкасыңда күй жанрының пайда болуы» және басқалар.
Зерттеушінің осы тақырыпта жарияланған тырнақалды «Қазақтың халық композиторы Құрманғазы» (1936) атты очеркі болатын. Мұнда айтулы күйшінің шығармаларының мазмұны мен әлеуметтік астарлары, көркемдік касиеттері асқан білгірлікпен суреттеліп, домбырашылық мәдениетті дамытудағы көрнекті орны мен ролі анықталады. Осы очеркін А. Жұбанов 1960 жылы «Құрманғазы» деген атпен қайтадан толықтырып жеке кітап етіп шығарды. Монографияда ұлы композитор күйлеріндегі түрлі формалардың, кульминациялардың, шығарма құрылымының, халық полифониясы элементтерінің ерекшеліктері жайында бай аналитикалық материалдар мол ұшырасады.
Осы кітаптағы қамтылған материалдар ұлы күйшінің өмірбаяның барынша толықтырумен катар ел аузындағы мол деректер бір жүйеге түсіріліп берілген. Елуінші жылдардан бастап архивтерден табылған жазбаша мәліметтер де күйші басынан өткен көптеген тауқыметтердің бетін ашады. Құрманғазының түрмеге түскен жылдары анықталып, шығармаларының пайда болған кезеңдері де жорамалмен болса да көрсетілген десек, осы жөнінде автор: «халық композиторларының кайсысыныкі болса да өз қолдарымен жазып қалдырған хронологиялық күй тәртібі болмаған соң жалғыз дерек-ауызша айтылғандарға келіп тоқыраймыз. Сондықтан біздің «творчестволық дәуірлеу дегеніміздің өзі де жорамал», – деп ескертеді. Монографиядағы оқырмандар үшін қызықты мәселе – Құрманғазы күйлеріне арналған ғылыми түсініктер. Күй жөніндегі анықтамада композитор күйлерінің кай жылы, қандай орындаушыдан нотаға түсірілгендігі, бұрынғы жазбалармен кейінгі жазылған үлгілерінің арасындағы айырмашылықтар салыстырыла қаралады. Әрбір күйшінің орындаушылық қолтаңбасына байланысты Құрманғазы туындыларының неше алуан реңкке ие болып, құбылып отырғандығы. Мәселен, О. Қабиғожиннан жазылған «Қызыл қайың» мен Л. Мұхитов орындаған «Қызыл қайыңның» арасындағы кейбір өзгешеліктері талданады. Алдыңғысы төрт ширектік өлшемде орындалса, екіншісі үш ширекте келегіндігі, екеуі де лирикалық сипатта болуы, «Қызыл кайыңның» кейін биге арналғандығы, биге катысатын персонаждарға байланысты аталмыш күйдің кейін «Балдыз» деп аталғанын білеміз.
«Балбырауын» күйін О. Қабиғожин орындап берді. Күйдің от жалындай қызуы, дүрілдеген екпіні, делебенді қоздыратын жігерлі музыкасы би мамандарының назарын бірден аударады. «Балбырауын» аталған би қойылды. Күйдің соңғы сағаға барып қайтатын бөлімінде үш ширектік өлшем болатын. Осы жолдардың авторы сол арасын екі ширектікке түсіріп, өлшем жағын біркелкі етті, – дейді автор («Құрманғазы», 350 б.). Сондай-ақ монографияда шығарма табиғатына қарай кейбір күйлер домбырада жақсы шығып, тындаушылар жүрегіне жол тапса, ал енді бір күйлерінің тек оркестрдің орындауында әсерлі болатындығын да ғалым атап өтеді. А. Жұбановтың «Көбік шашқан» күйіне де өзгерістер енгізіп, шағын кіріспе қосқанын да осы кітаптан оқып білеміз. 1995 жылы Құрманғазының «Сарыарқа» атты күйлер жинағы А. Жұбановтың «Ұлы күйші», Ғ. Жұбанованың «Ұлы күйші және оның ізбасарлары» деген кіріспесімен жарық көрді. Күйлерді құрастырған және редакциясын карап, түсініктерін жазған белгілі домбырашы-күйші Қаршыға Ахмедияров. Мұнда халық композиторының бүгінге дейін белгілі болған күйлері, олардың жаңадан табылған кейбір нұскалары орын алған. Жинаққа Құманғазы туындыларын үздік орындайтын атақты домбырашылар М. Сүлейменов, О. Қабиғожин, Л. Мұхитов, М. Өскенбаев, М. Бөкейханов, Дина Нүрпейісова, Қ. Жантілеуов, Ғ. Хайрошев және басқа орындаушылардың күйлері енген. Бір айта кететін жағдай бұл еңбек А. Жұбановтың «Құрманғазы» (1961) деп аталатын жинағының негізінде жасалған. Бұрынғысында күй саны езіу бір болса, соңғы жинақта жетпіс бірге жеткен. Құрастырушы белгілі күйлердің жаңа нұсқадарын, соңғы уакытта табылған «Амандасар», «Күнжан қыз», «Ілме», «Арба соқкан», «Жима» тағы басқа күйлерді қосқан.
Күйлерді ырғақтық-өлшемдік жағынан редакциялап, қағыстарын қоюда Қаршығаның сіңірген еңбегін атап өткен жөн. Құрастырушының өзі жазғандай, Құрманғазыға орынсыз телініп жүрген біраз күйлердің жинаққа енгізілмегені дұрыс болған. Алғы сөздегі Ғ. Жұбанованың: «Соңғы кезде басқаны былай қойғанда, Құрманғазы күйлерін де «өзінше» орындайтын мықтылар көбейіп кетті» дегеніндей, күй атасына сапасы төмен қолтаңбасы келмейтін шығармаларды таңдауда Қ.Ахмедияров қырағылық көрсетіп, көптеген нұскаларды кітапқа қоспаған. Бұрын халық күйі деп жүрген «Айжан қыздың» жинақтан орын алғанын құптаймыз. Динаның айтуы бойынша бұл күйді Динаның әкесі Кенже Құрманғазының өзінен үйреніп, кейін кызына үйретіпті.
Құрманғазы күйлерінің кұдіреттілігі сол - оларда жеке бастың ой-мақсаттарымен бірге адамның қоғамдық іс-әрекет тіршіліктері де қатар бейнеленіп, композитордың қайғы-қасіретке толы өмірінің, зарлы жүрегінің себептерінің беті ашылады. Сондай-ақ Құрманғазы шығармаларына тән азаматтық әуен, өмірдегі сан-алуан құбылысты суреттей алатын сыршылдығы, күйлерінің көркемдік дәрежесінің терендігі - олардың барлығы Құрманғазының күй атасы деген құрметті атаққа сай екендігін дәлелдейді.
Құрманғазы туралы мәліметті көп жинастырған академик Ахмет Жұбанов өз кітабында ұлы күйші 3–4 рет ұсталып, абақтыға қамалған, бірінде Сібірге де жер аударылған деп жазады. Бірақ қанша жасында, не себепті абақтыға жабылғаны айтылмайды. Бұл - бір қиын мәселе және әлі де ізденіп, анықтауды қажет ететін жай. Өйткені, Құрманғазы творчествосы көбіне осы ұсталып, абақтыда жатуына, одан қашуына, қуғындалуына байланысты өрбиді. Архив деректерінен бізге күйшінің 1857 жыл және 1864 жылдары абақтыда жатып шыққаны белгілі, бірақ олар туралы материалдар толық емес. Тергеу орындары жүргізген іс қағаздары табылмай, тек қосалқы материалдар ғана бар. Бұл мәлімет бойынша, Құрманғазы 1857 жылы абақтыдан қашып шығып, жасырынып жүріп, 1864 жылға дейін қолға түспеген. Ал 1867 жылдан кейін елде бірталай еркін жүрген. Сонда біз Құрманғазы Сібірде, Орынборда қай жылдары болды дей аламыз? Маңқыстау, Үстірт, Сыр бойында қашан болды? Бұндайда Үстірт, Шың, Жем, Сағыз бойында күйшіге пана болған Төремұрат, Нарынбай туралы, олардың өмір сүрген жылдары, мекені жөнінде материалдар қажет. Архивтен бұлар туралы материал табу өте қиын. Себебі олардың фамилиясы не руы белгілі емес. Ендігі үміт - шежіре білетіндерден Төремұраттың фамилиясын, ағайындарын, солардан оның мекенін, тіпті бейітін сұрастырып табуға болар еді. Бірақ бұны құнттап іздестіріп жүрген ешкім жоқ. Әлі де болса анығын білетін кісілер табылар деген үмітпен жазып отырмыз.
Құрманғазының күйлері өз басындағы, ел өміріндегі түрлі оқиғалар мен құбылыстарға байланысты шығарылған. Бірақ бұдан олар «өмірбаяндық» күйлер деген сөз шықпайды. «Біздіңше, – дейді академик А. Жұбанов, – Құрманғазы күйлері бір адамның өмір образын баяндаудың тар қауызына сыймайды». Шынында да, бұл орынды тұжырым.
Ұлы күйшінің шығармаларының ұзын санын әзір ешкім анықтаған жоқ және бұл әлі де көп зерттеуді керек етеді. Өйткені, Құрманғазы күйлері еліміздің өр түкпірінде жүрген 60 жыл аумағында шығарылған. Алғашқы күйі 1836-1837 жылдары Исатай–Махамбет көтерілісіне арналған болса, соңы күйі «Итог», «Не кричи, не шуми» Астрахань қасында Еділ сағасында 1886-1889 жылдар шамасында шығарылған. Арасы – 50 жыл. Бірақ, Құрманғазы күй шығаруды ертерек бастады ма деген пікір бар. Ал ел аузындағы әңгімеде Құрманғазы күйді бұдан да бұрын шығарған болып есептеледі. Мысалы, жоғарыда аталған Ә. Жантөрин жазбаларында алғашқы күйі «Өсиет» 1823 жылдары шамасында шығарылған делінеді. Бұл күйлердің шыққан жері, географиялық шеңбері әр түрлі. А.Жұбанов 40 шақты күйді өзінің «Құрманғазы» атты кітабында атап, 50 күйдің нотасын береді. Солардың 20 шақтысына ғана тарихи түсініктеме берген. Бір тобы – Бәкейлікте («Ақбай», «Кішкентай», «Алқа», «Бұқтым- бұқтым», «Назым қыз», «Жігер», «Серпер», «Лауышке», «Аман бол, шешем, аман бол», т.б.); екіншісі - Үстірт, Ақтөбе, Маңқыстау даласында («Қызданайдың қырғыны», «Төремұрат», «Адай», «Бозқаңғыр», «Ақсақ киік», «Бас ақжелең», «Амандасар», т.б.); үшіншісі – Сібірде, одан қашып келе жатқанда («Алатау», «Сарыарқа», т.б.); төртінші тобы – Орал, Орынбор абақтыларында жатуына байланысты («Ертең кетем», «Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан», «Қайран шешем», т.б.); бесінші тобы – Еділ өзені бойында («Итог», «Машина», «Не кричи, не шуми», «Саранжап», «Демалыс») шығарылған деп айтуға негіз бар. Бұлардың ішінде соңғы топтағылар күйшінің өмірінің соңғы кезеңінде, яғни 1885–1889 жылдары шығарылғаны анық. Ал басқаларының қай жылы, кайда пайда болғаны белгісіз. Бұл мәліметтерді Құрманғазы күйлерін жинап, жариялаушылар да анықтамаған:
Құрманғазы күйлерін А. Затаевич 1931 жылы шыққан өзінің жинағына алғаш рет ендірген еді. Онда «Ақсақ киік», «Серпер», «Адай», «Кісен ашқан» және авторы аталмаған «Бозшолақ атты боқ дүние», «Қыз ақжелең», т.б. күйлері бар, бірақ түсініктемелері тым қысқа, тіпті кей жерінде қате пікір де жазылған. Оған таңғалуға болмайды. Ахмет Жұбанов құрастырған Құрманғазы шығармалары жинағына жоғарыда аталған А. Затаевич кітабынан 3-4 күй енбеген. Белгілі музыка зерттеушісі Тымат Мерғалиев құрастырған «Домбыра сазы» атты жинақта Құрманғазының 10 күйі бар. Республиканың мерзімді баспасөз беттерінде 10 шақты күйі туралы жарияланған, бірақ нотасы жазылмаған. «Өсиет», «Құлагер», «Нар иген» секілді 12 күйі бар. Бірақ олар әлі зерттеп анықтауды қажет етеді. А. Жұбанов «Құрманғазы» кітабында тағы да «Каспий», «Бекер келдім», «Арба соққан» күйлерін әңгімелейді. Сонымен, Құрманғазы өз өмірінің саналы 50–60 жылында 60-тан астам күй шығарған. Бұл аса көп және тым қымбат мұраның әлеуметтік мәнін, тарихи маңызын, эстетикалық талғамын анықтай түсу музыка зерттеушілері мен тарихшылардың, жанашыр қауымның ардақты міндеті. Қай күйдің қашан шыққанын анықтау аса қиын жұмыс болғанмен, ол ер күйді түсіну, оның мәнін, дәнін айыруға өте кажет.
Құрманғазы жинағында күйлер шығарылу ретімен қойылмаған. Академик А. Жұбанов құрастырған жинағы «Қызыл қайың» күйінен басталады. Оның себебі айтылмайды. Бұл жинақта күйші шығармаларының қашан, қайда шығарылғаны көп әңгіме болмайды. Тек «Кішкентай» күйі ғана Исатай – Махамбет көтерілісі кезінде шығарылған алғашқы күйіне жатады. Біз жоғарыда Құрманғазы күйлерін 5 кезенде, бес жерде шығарылғанын топшыладық. Бұның толық рас болып шығуы үшін әлі де зерттеу жұмысын жүргізуіміз керек. Ол үшін тағы да архив деректерін, әдеби мәліметтерді жинастырумен катар қолда барын да ойластыру жөн. Мысалы, алғашқы шығарылған күйлерінің катарына «Ақбай» да жатуы мүмкін. Оған бірінші негіз - бұл күй нотасының басы «Асықпай, ызамен» деп жазылған. Олай болса, «Ақбайда» күйшінің ыза-кегі, езілгендердің есесі бар. Ақбай – Байбақты руының бір биі, ол Құрманғазы мекенінен, яғни Пакей маңынан төтелей 30–35 км жерде тұрады. Кедей Құрманғазы байдың жалшылығында болуы ықтимал. Ақбай XIX ғасырдың 1 жартысында жасаған. Өйткені, оның баласы белгілі Әубәкір (Әбубәкір) Ақбаев патша қызметіне, яғни өз аулына би болып 1859 жылы белгіленді. Айтылмыш күй осы кезге дейін шығарылуы тиіс қой. Бұдан әрі Ақбайдың баласы Әубәкірмен арада тартыс басталады.
Біз жоғарыда атаған Құбиев Қабдолда қарияның қолындағы Әбдірахман Жантөрин қолжазбасы бойынша Құрманғазы 1834 жылдары ұсталып, Сібірге айдалады. Бұның аныққанығы әлі белгісіз. Дегенмен, Құрманғазының Сібірде болуы туралы ел арасында аңыз-әңгіме көп. Осы жерде айта кетейік, ел аузындағы тарихи әңгімелерге мән бермеске де болмайды. Құрманғазы туралы мақала жазып, кітап шығарған музыка зерттеушісі П. Аравин архив дерегін өзі қарамаса да, Құрманғазы Астрахань жағында абақтыда болған емес деп қайта-қайта жазған болатын. Біз Астрахань облыстық мемлекеттік архивінен Құрманғазының абақтыда жатқаны туралы материал көрдік. Сөйтіп, Құрманғазы Астрахань жағында абақтыға қамалды деген әңгіме расталып отыр. Осы секілді ұлы күйшінің Сібірде болуы да шындық болып шығар. Бірақ қай жылдары екені әзірге белгісіз.
Сібірге барып, қайтқан сапарында Құрманғазы бірнеше күй шығарған. Сібірге кетер алдында, ол қашып жүрген жерінде Самар көлдері өңірінде ұсталып, Өзен әскер линиясының орталығы болған Ескі қалаға (орысша – Ф. Глинянский, Глинин. – И. К.) алып келінген. Артынан азық-түлігі бар анасы Алқа асығыс жетеді. Осы жерде алдағы ауыр жағдайы ойына түсіп әрі шешесін көріп, Құрманғазының көңілі босайды. Сонда анасы баласына ақырып: «Мен ұл таптым ба деп жүрсем, жаман, жасық неме екен ғой туғаным. Кімнің алдында көзіңнің жасын шығарып тұрсың?» – деп жағына шапалақпен тартып жібереді. Құрманғазы жалма-жан анасынан рухани қуат алып, есін жияды, бойына қайрат, жігер толады. Осы арада «Аман бол, шешем, аман бол» деген күйі шығарылған деген сөз бар. Анасының сөзі Сібірге айдалған кезінде де Құрманғазыға талай медеу болады. Күйші Үркітке (Иркутскіге) жер аударылады. Жоғарыда аталған Әбдірахман Жантерин жазбасында күйшіні бір қалың орман ішіне, елсіз, жыртқыш аңдары көп жерге апарып тастайды. Патшаның қатыгез қызметкерлерінің жер ауған адам әлсіз жерде өзі азаппен өлсін дегені болар. Құрманғазы әуелгі күні ағаш бұтағына қонып шығады. Ертеңіне көп кезіп жүріп, бір құлаған ағаштың қуысын баспана жасап, үстін шеп, жапырақ, бұталармен жауып, ішіне шөп төсеп, сонда жатып жүреді. Сосын талдан сарыжа, ағаштан оқ жасап, ағаш ішіне жасырынып жатып, келген аңды жақыннан атып алып қорек етеді, терісін төсеніш, жамылғы жасайды.
Ал «Қайран шешем» күйі А. Жұбанов жазуында қапастағы жағдайды суреттегендей, алып ананың образын бергендей болады, аяғында мұң ауырлай түседі. Бұл күй осында қапаста, аса бір қиын жағдайда куат берер анасы есіне түсіп шығарылса керек. Сібірде ұлы күйшінің қасында Лавочкин емес, басқа бір орыс азаматының бірге болғаны әңгіме етіледі. Міне, осы бір шақта «Қайран шешем» күйі дүниеге келеді. Күй қапастағы жайды елестететіндей, жай, салмақты басталады да одан әрі музыкаға «Қайран шешем» деп сөйлеп тұрғандай беріледі. Ә. Жантөрин жазбасында, Құрманғазы қыстай аңның қылын, жүндерін жинап, арқан есіп, әзірленіп, көктемде еліне қарай қашады. Жолда Байқал көлінен өте алмай қиналып әрі жол таба алмай, орманнан сырық, өрім ағаштарды жинастырып манағы арқанмен байлап, сал жасайды. Ескекпен есіп, екі апта бойы Байқалды көлденең жүзе отырып, батыс жағасына шығады. Қыстайғы кептіріп жинаған азығын қорек етіп, жолшыбай ешбір елге соқпай қазақ жеріне келеді. Осы жолыңда бірталай қазақ жерін аралап, «Сарыарқа», «Алатау», «Бас ақжелең», т.б. күйлерін шығарады. Құрманғазы «Сарыарқа» күйінде өз кезеңіне, өз дәуірінің рухына сай дыбыс тапқанын, ол әуені құйғыта шапқан аттың, жеңіс жырының өжет, тегеурінді жауынгерлік екпінімен басталып, тындаушысын бірден баурап әкететінін айта келіп, А. Жұбанов «Сарыарқа» Құрманғазы творчествосының шарықтау шыңының бірі деп әділ баға береді.
Ахмет Жұбанов жазғандай, Құрманғазы күйлері хронологиялық тәртібімен қағазға түспеген соң қай күйдің қашан, қайда шыққанын кесіп айту қиын. Шәкірттері мен күйшіні көрген адамдардың баяндауынша, Құрманғазының жас жігіт кезінде шыққан күйлерінің бірі - «Балбырауын», екіншісі – «Ақжелең».
Құрманғазының өлең шығару қабілеті де болған. Оның Шыман төреге, Тәтімән деген досына, баласы Қазиға арнап, т.б. оқиғаларға байланысты өлеңдері бар.
Шыман төре (дұрысы – Шыңғали Орманов) «Құрманғазы» деген кітапта Шыман «Шолтыров» деп қате аталған (Шолтыр ұрпағында ондай есімді адам болған емес). Нұралы ханның ұрпағы Кіші жүздің батыс белігіне 1825–1830 жылдары билеуші сұлтан болған, кейін патша әкімшілігіне жақпай қалып, орнынан босаған. Жәңгір хан оны өз қарамағына көшіртіп алып, Нарынның Бекетай құмы жағынан қоныс берген. «Шыман қорығы» деген жер атауы әлі бар. Шыман төре Исатай-Махамбет көтерілісін патша әскерлерінің күшіне сүйеніп басып-жаншуда қатыгездігімен атағы шыққан залым адам. Ханға бағынбаған адамдарды атып, асып, ауылдарын түгел өртеп, бесіктегі сәбиді найзаның ұшына шаншып алғаны, екі қабат әйелдің ішін жарған сұмдық әрекеттері ел ішінде әлі күнге дейін әңгімеленеді. Шыман – шаруалар табының зұлым жауы. Құрманғазының кедейлігін басынып, қараша үйін кемсітіп, «күйінен басқа байлығы жоқ, құрым киіз үйде өткен өмірін еске салып», «Құрымбай» деп мысқылдап ат қояды. Құрманғазы Шыманнан кек алу ниетімен бірінде теренің отыз жылқысын айдап кетеді де, жанашырларына үлестіріп береді, сосын бір шағын жиында:
«...Сұрасаң менін атым «Құрымбайды»,
Жайықтың суы маған жұрындайды.
Шыманның отыз атын бір айдадым,
Құрекең жай адамға ұрынбайды», -
деп өлеңдетеді.
Шыман XIX ғасырдың 1 жартысында өмір сүрген. Шыман –Құрманғазы күйлерін жоққа шығарушы адам. Ондай адаммен алысу Құрманғазының езілген еңбекші тап мүддесін өзінше қорғап, олар үшін әлінше қызмет істегенін көрсетеді. Қази сары аурумен ұзақ ауырып, жүдеп қалады. Кедейліктің қысымына түскен Құрманғазы баласына дұрыс қуатты тамақ тауып бере алмай налып, төмендегі өлеңін шығарады:
«Сұрасаң менің атым Құрманғазы,
Құтқармас қашса қоян құмнан тазы.
Үйіне досың келіп құр аттанар,
Қайтейін, кедейшілік, малдың азы.
Күреңнін тобығынан тарттым таңба,
Бай менен бас имедім биге, ханға.
Арықтап «сары» аурудан тұрғанында,
Ас тауып бере алмадым Қазижанға.
Айтайын айт дегенде өлеңімді,
Білемін ертелі-кеш өлерімді.
О да бір маған берген бақыт шығар,
Кетейін жайып жұртқа өнерімді.
Қүрекең ұшқан құсқа мылтық атқан,
Жігітке жараспайды үйде жаткан.
Кешегі буырқанған кезеңімде,
Хандарды қабар едім зар жылатқан».
Бұл өлеңңің әні бар және оны зерттеушілер зор мәнді өлең екенін, құндылығын жазады. Бұл өлең жоғарыда айтылған, ұлы күйшінің үстем таппен қолынан келгенінше арпалысып өткенін дәлелдейді. Сонымен, Құрманғазының өлең шығару өнері бар екен. Демек, оны да күрес құралына айналдыра білген.
«Сарыарқа» күйінің аңызын сөз етпес бұрын Құрманғазы ғұмыр кешкен кезеңнің саяси - әлеуметтік ахуалын көктей шолып өткен жөн. Өйткені, бұл күй Құрманғазы өмірінің айғағы ғана емес, Құрманғазы ғұмыр кешкен кезеңнің де жаңғырығы іспеттес. «Сарыарқа» арқылы ұлы күйші қазақ халқының ең бір ширыкққан тағдырын, шамырқанған болмысын көрсетеді. XIX ғасырдың екінші жартысына қарай қазақ халқын шамырқанта ширықтырған нендей хикмет еді?!
Ғасырлар бойы Евразия көшпелілеріне қарсы саясат ұстанған Қытай мен Россия ХVІІІ ғасырда асықтарын алшысынан түсірді. Алдымен екі көшпелі ел – қазақтар мен қалмақтарды бір-біріне айдап салуға қол жеткізді. Атты әскерлер әлі де қаһарлы күш болып табылатын қазақтар мен қалмақтар бірін-бірі оңдырмай қансыратты. Сол сәтті күткен қытайлар Жоңғар мемлекетін жер бетінен жойып жіберді. Тау-тасқа тентіреп қашқан қалмақ балаларының қанымен жартастарға «қан төгу арқылы ғана тыныштық орнатуға болады» деген иероглифтер жазып қалдырды.
Россия да қарап қалған жоқ. Қазақ елінің қоң етін ойын алғандай – Әбілқайыр хан билеген Кіші жүз қазақтарын бодан етті. Бұл – үш мың жыл бойы айдарынан жел ескен салт атты көшпелілер өркениетінің тұңғыш рет тізгіннен айырылуы еді. Табиғаттың өзіндей табиғи дамуды өмір салты еткен көшпелілер аттан түсті.
Алғашында Россия патшалығы қазақтардың астынан ит, үстінен құс жүгірту саясатын ұстанды. Ақ патшаның өзіне таққа отырарда зеңбіректен он екі дүркін оқ атылса, Әбілқайырдың бодан болуы құрметіне жиырма төрт дүркін оқ атылды. Сөйткен Әбілқайыр өлген соң, баласы Нұралы әкесінің далада калған сүйегін жабу үшін мола салуға ақ патшадан соқыр тиын сұрап ала алмады.
«Жата-жата жамбасқа, жата келе қойынға» дегендей, XIX ғасырдың басына қарай Россия қазақ еліне қатысты протектараттық саясатын місе тұтпай, хандық билікті жойып, тізгінді біржола қолына алды. Тізгінді қолға алған соң-ақ, Бұқар жыраудың: «Бауыздамай ішер қаныңды, Өлтірмей алар жаныңды, Қағазға жазар малыңды, Есепке салар барынды» деп болжағаны айнымай келді. Қанаудың көз көріп, құлақ естімеген түрін бастан кешу казақ даласының өмір салтына айналды.
Кез-келген зорлық-зомбылықпен әділетсіздікке карсылықтың болатын әдеті. Кіші жүз казақтарының арасында бірінен-бірі үдеп соққан екі ірі көтеріліс болды. Бірі, Байбақты руынан шыққан Датов Сырым бастаған халық көтерілісі (1783–1797), екіншісі, Беріш руынан шыққан Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов бастаған халық көтерілісі (1836–1837). Бұл екі көтеріліс патшанын зорлықшыл әкімдерін де, олардың жергілікті сойыл соғарларын да оңдырмай шошытты. Қазақ даласы енді үрей мекеніне айналды. Осы кезден бастап патша әкімшілігі билеп-төстеудің ең тиімді жолы ретінде репрессиялық тәсілді тандайды. Елдің еңсе көтерер азаматтарын қайтсе де есебін тауып қылмысқа тартып, тұрақты түрде жойып отыруды тыныштықтың кепілі деп біледі. Міне, Құрманғазы беттескен нәубет, оның өмірбаянына айналған қасірет осы еді. Құрманғазының ең бірінші рет «қылмысқа» тартылып, түрмеге қамалуы 1857 жыл. Орда түрмесіне қамалған Құрманғазы сол жылдың қараша айында Нұрбай Тұмашев деген кісімен бірігіп қашып шығады. Ұлы күйшінің өміріне қатысты әрі даулы, әрі ақтаңдақ мәселе - осы жолғы түрмеден кашудың нәтижесіне катысты. Академик Жұбанов Ахметтің айтуыңда Құрманғазы Орда түрмесінен қашып шыққан соң көп кешікпей қайта ұсталған (Жұбанов).
Ол кездің қатал тәртібі бойынша қамаудан қашқандарды өзгеге көз қылып, одан сайын қатты жазалап, Олонецк, Архангельск, Иркутск (Үркіт) сияқты қалаларға жер аударатын болған. Бұл өңірлерге Бөкей ордасынан 1855 жылдан бастап айдалған қазақтардың іс қағаздарын архивтен көруге болады. (ҚазССР-інің Орталық... 78 қор, 3-тізім, 16- 17 жөне 18-істер; 4-қор, І-тізім, 5607, 5688 және 5689-істер). Яғни, осынау қатал жаза Құрманғазыға да бұйырған деп болжауға негіз мол. Мұндай болжамның растығын «Сарыарқа» күйінің тууына байланысты күні бүгінге дейін Арқада айтылатын шежіре сөз орнықтыра түседі.
Арқаның көкірек көзі ояу, шежіре сөзге жүйрік, көне көз қарттарының әңгімесінде бұл оқиға әйгілі күйші Тәттімбет өмірімен жанаса айтылады. Құрманғазы есімінің Арқада ұмыт болмай, күні бүгінге дейін есте сақталуының себебі де оқиғаның Тәттімбетке қатысты екендігінен болса керек.
Қазанғапұлы Тәттімбеттің 1860 жылы дүние салғаны белгілі (ҚР ОМА, 374-қор, 439-бет). Сол жылы Кіші жүздің Қызылқұртынан шыққан Құрманғазы деген күйші бірнеше жыл Үркіт түрмесінің азабын тартып, ақыры қапысын тауып қашып шықса керек деп басталады шежіре сөз.
Сол жылдың қары қалың болып, жазы шаруаға мейлінше жайлы болған екен. Жер астынан шықпаған тамыр қалмай Сарыарқаның апайтөс сайын даласы көк майсаға орана құлпырып, көздің жауын алады. Табиғатпен кіндігі бір көшпелі ел де жазылып жайлауға қонып, мәре-сәре күй кешкен кез болса керек. Үркіттен көктем шыға қашып шыққан Құрманғазы Арқа даласына жаз бел ала ілігеді. Әрине, қиындықты да көріп бағады. Жолай Енесайдың (Енисей) мың сала бастауларын қиып өтіп, Барнауылға (Барнауыл) жеткенде, қар суын куалай көшіп, жайлауға шыққан қазақ ауылдарына ұшырасады. Бірақ, ел шетіне іліктім деп босаңсымайды. Өкше ізге түскен қуғыншы болса қарасын үзе түсу үшін, жағдайын түсінген ағайынның бірінен ат мініп, ілгері жылжи береді.
Құлынды даласына жеткенде қазақ ауылдары жиілей түседі. Ағайынның қонақжай көңілі Құрманғазының неше жылғы көрген қорлығын, шеккен азабын сейілткендей болады. Әсіресе, Ертіс бойының сауыққой, өнерпаз жұрты Құрманғазының күйін тыңдаған соң, айрықша құрмет көрсетіп, қолдан-қолға қолқалап шақырар қонағы етеді. Алғаш рет Тәттімбеттің есімін Құрманғазы осы Ертіс бойында естиді. Жай ғана есімін естіп қоймайды, ел-жұртқа аға болған кісілік – қамқорлығын біледі. Оған қоса сұлу сазды күйлерін тыңдағанда Құрманғазы дүние дидарына басқаша карағандай өсерге бөленеді. Бұрын аңғармаған, аңғарса да мән беруге мұршасы болмаған сырлы-сезім өмірдің сөніндей, тірліктің мәніндей жанын баурайды. Жанын баураған сайын Тәттімбеттің аулына арнайы ат басын бұрып, бір көруге бел буады.
Ертіс бойынан шыққан Құрманғазы жолай Баянауыл өңіріне жетеді. Бұл өңірде Тәттімбеттің даңқы тіптен зорайып, құдірет өнерінің қуаты жүрек шарпып, шалқи ескендей болады. Сарыарқаның сайын даласы, дала төсін өмір сахнасы еткен ел-жұрты Тәттімбеттің күйлері болып дыбысқа айналғандай. Құрманғазының да жанын билеп, көптен бері салқын сабырға көндіккен жүрегін шымырлата тербейді.
Сол жерде Құрманғазы ойға қалады: «Қой, менің сопиып құр барғаным жараспас. Аз күнгі шеккен бейнет не тәйірі, басым аман, бауырым бүтін, елім аман, жұртым тыныш екен. Өнер шіркіннің қонғаны рас болса, сол ел жұртыма бір белгі калдырайын. Ол белгіні елдің азаматы деп Тәттімбетке тарту етейін!» деп толғанады. Бұл толғанысы «Сарыарқа» атты күйін дүниеге келтіреді.
Сол жазда Тәттімбеттің ауылы Түндік өзенінің бойындағы Желқара, Босаға деген жерлерді жайлап отырады. Бұл кез Тәттімбеттің қыстан бері созылып ауырып, үйден шыға алмай отырып қалған кезі екен. Құрманғазы келгенде төсек үстінде отырып сәлемін алады.
Құрманғазыдай қонақтың арнайы іздеп келіп, сәлем беруі, көңіл жарасқан әңгіме-сұхбат құруы Тәттімбетті сергіткендей болады. Алыстан келген ардақты қонағына арнап үй тіктіріп, жолың деп тай сояды, сыбағаң деп қой сояды. Төңіректің игі жақсыларын шақырып мәслихат құрады. Құрманғазының аскақ та арынды күйлерін құныға тыңдайды.
Әсіресе, арнайы алып келген тартуым еді деп тартқан «Сарыарқа» күйіне Тәттімбет айрықша тебіреніп, риза сезімге бөленеді. Нұрбике, Шаншар болыстарының өнерпаз жастары Құрманғазының дауылпаз күйлерін қағып алып, Балқан таудың сандық тастарын жанғырта тартады.
Арада бірнеше күн өткенде Құрманғазы қайтпақшы болады. Асыл азаматты қимағанмен бола ма, Тәттімбет қонағының жол қамын жасап, ат-әбзелін сайлатып, апталық жерге шығарып салатын жігіттерін сұрыптап, дайындықты қадағалайды. Содан қоштасар сәт те жетеді. Сонда Тәттімбет отырып айтты дейді: «Е, Құрманғазы, таң атпайын десе де күн қоя ма, жамырап табысып, жыласып айырылу пенде шіркіннің маңдайына жазылған. Өкініші көп өмірдің жұбанышындай жан екенсің, жортқанда жолың болсын! Сендей жанға елетін мал, тозатын дүние жолдас емес. Көкейімнің түбіне байланған бір сарын бар еді, сол шығайын деді білем. Менен де бір белгі болсын, қабыл ал!...»
Тәттімбет осылай деп, іргеде сүйеулі тұрған домбырасын алады да, еті қаша бастаған саусақтарымен қос ішекті желпи қағып, бір тың сарынды бастайды. Көптен көкейімнің түбіне байланған сарын еді деп тартқан бұл күйі ел ішіне «Көкейкесті» деген атпен тарайды.
Екі ұлы күйшінің екі ұлы күйі бір-біріне осылай арналса керек. Бұл – дүние-тіршіліктің қайғысын да, қуанышын да домбыра шанағына сыйғыза алатын қос тарланның шер тарқатар күйлері...
Тәттімбет ауылының жігіттері Құрманғазыны Арқаның үш өзенінен өткізіп салғанша атқосшы болып ілесіп отырды. Бұлар Балқаш көліне қарай жарыса ағып жатқан Тоқырауын, Жөмші, Мойынты өзендері болса керек. Одан әрі Бетбақтың шелі басталады да, әлді атпен үш-төрт қонып еткен жолаушы Шу өзеніне тұяқ іліктіреді. Шудың Шығыс жақ басынан асқақтап Алатау көрінсе, аяғы Сырмен ұштасып жатыр. Сырдың бойын көбелеп жүрген жолаушы Кіші жүздің жеріне жетеді. Үркіттен қашып шыққан Құрманғазының таңдаған жолы осы болатын.
Бұл жағдайды Құрманғазының өмірі мен өнерін қаузай зерттеген, Құрманғазының кезін көрген төл шәкірттерімен сөйлескен академик Жұбанов Ахмет те растайды. «Осы сапар Құрманғазы Ертісті кесіп етіп, Сарыарқаның шетін басып, одан солға қарай иіліп, Шудың бойын қуалап, ақбас Алатауды көріп, Сырды төмен ағып, Жем-Сағыздың бойымен Жайықтан келіп өтеді. Күндіз-түн демей суыт жүріп отырып, Жиделіге келеді» – дейді А. Жұбанов.
Құрманғазының Үркітке жер ауып, Сарыарқаны көктей өтіп қайтқаны, ден қойған жанға, өз сөзінен де айқын аңғарылады.
«Сайқалдап кезіп жүріп Сырға бардым,
Құба жол адам жүрмес қырға бардым», –
дейді Құрманғазы өз өлеңінде. Сыр төңірегіндегі адам жүрмес қыр деп отырғаны Бетпақдала екені аян. Ал, Бетпақтың шөлін Құрманғазы тек қана солтүстіктен қашып келе жатып басып өтуі анық.
Жалғыз бұл емес, Құрманғазы келесі бір өлеңінде:
«Менен нені сұрайсың,
Елден шыққан талқыдан,
Елсізге шығып еңіредім,
Алыстап кетіп халқымнан
Дұшпаннан қорлық көрсем де,
Іздейтін болмай артымнан», -
дейді. Міне, оңайлықпен мұңын шаға қоймайтын өр тұлға Құрманғазы бұл сөзінде халқынан, елінен шет жерде азап шегіп қайтқанын тасқа басқандай етіп айтып отыр.
Осы орайда, белгілі зерттеушісі П. В. Аравиннің архивтен дерек таба алмағанын айғақ етіп, Құрманғазының Сібір айналып қайтқанына күмәндануы, жұмсартып айтқанда, қағазға табынушылық сияқты әсер береді. (Аравин. Новые материалы... 1961, № 4). Біз, әрине, көшпелілердің талғам-тәрбиесімен қалыптасқандықтан қағазға емес, адамға сенеміз.
Құрманғазының «Сарыарқа» күйін біреулер сыртқы бітім-шалымына қарап адуын мінезді, арынды қуатты білдіретін күй дейді. Рас, мінезді, куатты күй. Тек, ішкі мінездің, рухани қуаттың күйі екенін әсте естен шығармауымыз керек. Берісі казақ халқының, әрісі көшпелілер болмысьшың ішкі әлеміндегі шарасынан асып төгілер рухани қуатты «Сарыарқа» күйінен асырып көрсеткен құдіреттің әзірше жоқ екені күмәнсіз ақиқат.
Қорыта келгенде, Құрманғазы күйлерінде өзінің басынан кешірген тауқыметті тұстар көп кездескенімен, оны негізге алмағаны байқалды. Керісінше, елге, жерге деген патриоттық сезімнің басымдықта екенін күй әуенінен аңғару қиын емес.
2.3 Құрманғазы күйлерінің жасөспірімдерге тигізер эстетикалық ықпалы
Құрманғазының артында көптеген шәкіртгері калды. Олардың ішінде біздің тұсымызда өмір сүріп, күйшінің көтеген шығармаларын біздің дәуірімізге жеткізіп бергендердің ішінде Дина Нұрпейісова, Ерғали Ещанов, Меңдіғали Сүлейменов және Мәмен (әкесінің аты белгісіз) бар. Ерғали 1864 жылы туған. Өмірінің көбін Астрахань айналасында балық кәсібінде өткізген. Домбыраны жастайынан ұстаған. Қаламен байланысты болғасын орыс тілін біліп, берегірек келгесін балық өндірісінде подрядшы болып қызмет істеген. Ерғалидың бұл кызметі жөнінде архив деректерінде кездеседі. Ерғали тек домбырашы ғана емес, өзі көптеген күй шығарған композитор адам. Оның күйлері де формалық жағынан шыныққан, колемі ірі, мелодиялық тілі өткір келеді. Өмір салдарымен Ерғали 1905 жылы Маңғыстауға барады. Солай қарай кетерде өзінің туып өскен жерімен қоштасып тартқан «Қоштасу» деген күйі бар. Өте нәзік, лирикалық үнді, көркем ырғақты, өндеткен мелодиялық күй. Маңғыстауда біраз уақыт болып, одан еліне келгесін «Маңғыстау» деп шығарған да күйі де бар. Бұл да айта қалғандай әдемі күйдің бірі. Ерғалидың «Бозашы» деген күйі мазмұндық тереңдік, техникалық байлық жағынан аса жоғары дәрежеде тұрған күй деуге болады. Жоғарыда баяндалғандай, Ерғалидың Құрманғазымен басқа бірге жүргендерін былай қойғанда, ұлы күйшіні Астрахань түрмесінен қашып шыққанда ұзақ уакыт еш нәрседен тайсалмай тасалаған. Біздің екінішіміз сол кісімен ауызба-ауыз сөйлесіп, көптеген деректерін қағаз бетіне түсіріп кала алмадық. Ерғали 1949 жылы Астраханьнан 75 километр жердегі Лебяжий селосында кайтыс болды.
Дина Нүрпейісова 1861 жылы Батыс Қазақстан облысының Жаңақша ауданы, «Бекетайқұм» деген жерде туды. Тоғыз жасынан бастап домбыра тартады. Құрманғазының қасына көп жылдар еріп жүреді. Жасы 19-ға келгенде Бесқасқа Беріш Нүрпейістің Нұралы деген баласына күйеуге береді. Нұралы көп ұзамай қайтыс болады. Одан кейін Дина балаларын тәрбиелеп, домбырасын күйттеп жүре береді. Дина Бапастың баласы Салауаткерейді, домбырашы Мақарды, Сейтекті, тағы басқаларды көреді. 1937 жылы Дина Алматыға келеді. Қазақстан үкіметі Динаның еңбегін ескеріп, оған республиканың халық артисткасы деген атақ береді. Дина бірнеше орден, медальдармен наградталады. Дина 1955 жылдың қаңтар айында қайтыс болды. Оның «Он алтыншы жыл», «Әсем қоңыр», «Партия туралы күй», «Ана бұйрығы» тағы басқа өзі шығарған күйдерімен қатар бізге жеткізіп берген Ққрманғазының «Қайран шешем», «Төремұрат», «Жігер», «Адай», «Серпер» тағы да басқа күйлері бар. Құрманғазының шәкірті боғанымен Динаның орыңдаушылықта, творчествода өзіне ғана тән дәстүрі болатын. Дина Құрманғазы шәкірттерінің ішіндегі ең күштісінің бірі, ұстазын өле-өлгенше қадірлеу, мадақтаумен кетті.
Мәмен 1868 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, «Қарасамар» деген жерде туды. Жастайынан кісінің малын бағып, кейін өмірінің көбінде егіс басында қорықшылық кәсіп етті. Домбырамен бала жасынан айналысып, атағы ерте жайылды. Мәмен де тек Құрманғазы күйлерін тартумен місе тұтпай, өз жанынан көптеген күйлер шығарды. Оның «Он алтыншы жыл», «Ақ Шолпан», «Қайғылы қара», «Кербез Ақжелең» тағы басқа небір әсем күйлері бізге келіп жетті. Мәмен 1931 жылы сол облыстың Фурманов ауданының «Бекалмақ» деген жерінде қайтыс болды.
Меңдіғали Сүлейменов 1867 жылы туып, 1942 жылы қайтыс болды. Туып, өскен жері Батыс Қазақстан облысы, Жаңақша ауданы. Мендіғали Құрманғазының қасында көп болған. 1938 жылы Алматыға келіп, мұнда біраз уақыт болып, еліне қайтып кетті. Ол домбыраны солақай тартатын. Құрманғазының басқа домбырашыларда жоқ күйлерінен біразын беріп кеткен сол Меңдіғали болатын.
Құрмангазының тікелей шәкіртінен жоғарыда айтылғандардан басқа Көкбала, Сүгіралы, Меңетай, Алабастың Қалиы, Тоғайбай, Меңкара, Шора домбырашыларды айтуға болады. Олардың кейбіреулерінің Құрманғазы күйін таратушы өз шәкірттері болды. Мысалы, Сүгіралының шәкірттерінен: Ұйқас, Дәуіталы, Әжіғали, Қамза, Төреш, Нұралы, ал, Көкбаланың шәкірттерінен: Айтқұл, Жәнібек, Құрмаш, Қопаш, Мәмен шәкірттерінен: Өтеш, Әру, Жәкіш, Мақат домбырашыларды айтуға болады. Бұлардың бәрі де Құрманғазы күйін, оның орындаушылық дәстүрін халық арасына жаюшы болған адамдар.
Бізге күйшінің көптеген қымбатты шығармаларын алып келгендердің ішінде көзге көбірек түсегіні – Охаб Қабиғожин болатын. Оның руы Қызылқұрт, туған жері - Жаңақала ауданының № 21 ауылы. Туған жылы – 1901 жыл. № 21 ауыл Қамыс-Самар мен Нарынның ортасында болатын. Әкесі Қабиғожа жігіт кезіңде Құрманғазыны, оның баласы Қазиды көрген.
Қабиғожа кедей болып, құмаршық терумен күнелткен. 1916 жылы қазақтан қара жұмысқа кісі алғанда, Қабиғожа патшаның бұл зорлығына арнап ән шығарған. Охаб 17 жасынан бастап жұмыс істеп, өз еңбегімен күнелткен. Ол тамақ пісіруші де, пеш жағушы да, балықшы да болған. Домбыраны кішкентайынан тартқан, әкесі Қабиғожа, әсіресе үлкен әкесі Асау: «Осы неме Құрманғазы атасының жолын куар ма екен!» деп қояды екен. Охаб скрипкада ойнап, онда қазақ, татар әндерін де орындайды. 1924жылы Охаб Мәменді, Динаны көреді, домбырашы Төлеген Аршановты көреді. 1927 жылы Охаб балық кәсібін іздеп, Астрахань жаққа кетеді. Одан қайтып елге келіп, 1929 жылға шейін шөп шабу кәсібінде болады. Колхоз ұйымдасқан кезде Охаб бірден ауыл шаруашылық артеліне мүше болып кіреді. 1929 жылы Охаб Алматыға келіп, драма театрында артист болып қызмет істеп, бірақ көп ұзамай еліне қайтып кетеді. 1931 жылы Казталовка ауданына келіп, әуелі шөпті қалыптаушы, кейін шөп жинаудың өкілі болып істейді. 1933 жылы Охаб орталық Қаратопырақты облысқа (Центральная Черноземная область) кетіп қалған үй ішін іздеп барып, таба алмай қайтады. 1933 жылдың ортасынан 1934 жылдың ортасына шейін Орал қаласындағы театр-студияда қызмет істейді. 1934 жылдың жазында Алматыға бірінші бүкіл қазақстандық слетке келіп, мұнда халық аспаптары оркестрінде қызметте қалады. Құрманғазының баға жетпес көптеген күйлерін алып келіп берумен қатар, Охаб көп жастарды баулып, домбырашылыққа үйретеді. Өзі нота сауатын ашып, оркестрдің алдыңғы қатарлы адамы болады. Ұлы Отан соғысы кезінде Охаб өзінің денсаулығының нашарлағанына қарамай, ауылды жерлердегі еңбек ерлері алдында өнерін көрсету үшін жаз демей, қыс демей гастрольде жүреді. Ауруы асқынып 1942 жылдың жазында Охаб қайтыс болды. Охабтың репертуарының бәрі дерлік Құрманғазы күйі болатын. Оның орындаушылық шеберлігі тыңдаушыны ұйытатын. Кейбір күйлерді Охаб орындағанда Дина оның алдында бас иетін. Охабтың тартысында поэзия толы болатын. Оның домбыраны ұстауы, отырысы, қағысы, басқан қол- дарының аппликатурасы (саусақ тәртібін орындаудағы безендіру кезендері) ақыл жетпейтін дәрежеге көтерілетін кездері болатын. Сонымен қатар, Охаб әңгімені «майын тамызып» айтатын. Құрманғазы туралы көптеген деректер берген осы Охаб болатын. Охаб күй де шығаратын. Оның «Адасқан» деген күйі ірі шығарма деуге болады.
Күйшінің аса бағалы күйлерін берген, оның жолын қуған домбырашының бірі Қали Жантілеуов. Қали 1902 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданының № 10 ауылыңда, Қамыссамарда туған. Кедей шаруаның баласы. Қали 5 жасынан бастап музыкаға әуестенеді. Жез легенді тауып алып, соны дыңғырлатып, үй ішінің мазасын алады. Қалақ ағашқа қыл тағын, соны тартып әурелейді. Қалидың үлкен шешесі: «Осы баламнан бір нәрсе шығады» – деп оған ащы ішектен домбыра ішегін иіріп береді. Қали енді ірімшік араластыратын қалақты ұрлап далаға алып барып, содан домбыра сияқты бір нәрсе жасайды. Ішек тағып кәдімгідей дыбысын шығарып тартады. Оны көргесін, әкесі домбыра жасап береді, 9 жасынан бастап домбыраны меңгеруге айналады. Жоғарыда аты аталған Алабастың Қалиы бірнеше күйлер үйретеді. Басында әкесі Калиды қазақ молдасына береді де, кейін тұрмыс салдарынан оны оқытуға шамасы келмейді. Молдаға алып баратын жұмалық тағы басқа ақыларды таба алмайды. Он жасынан бастап Қали малшылық кәсіп істейді. Осы кезде Нұртаза деген домбырашы нағашысы Қалиға «Көңіл ашар», «Кеңес», «Түрікпен» күйлерін үйретеді. Жігіт жасына келе Мәмен, Тоғайбай, Жұматай домбырашылардан «Терісқақпай», «Ақбай», «Баламайсан» тағы басқа күйлер үйренеді. Қали домбырамен қатар, той-топырда ән де салады. 1925 жылдан бастап Қали мал бағу жұмысынан босап, ауылда совет мүшесі болып жұмыс істейді. Сал жүргеннің өзінде де күндіз калхоз жұмысын істеп, кешке домбыра қолынан түспейтін. Кейбір ауылдың кертартпалары: «Сенің осы домбыраң жұмысқа кесел келтіреді» деп тыйып тастағысы да келді. Бірақ ондайдың заманы болмағасын мен өнерімді өрбіте бердім дейді Қали. 1934 жылы жоғарыда айтылған слетке келіп, Қали оркестрде қалып қояды. Өзінің сауатының кемдігіне қарамай Қали бірінші күннен бастап нота сабағына қатты зер салып, соның нәтижесінде үзбестен Құрманғазы атындағы оркестрге тенор-домбыралардың концертмейстері (басшысы мәнісінде айтылады. А. Ж.) болып келеді. Қали сол 1934 жылдан бастап жастарды айналасына жиып, тәрбиелеумен келеді. Алматының консерваториясы ашылғанда оның халық аспаптары факультетіңде бірінші сабақ берушілердің бірі Қали болды. Одан домбыра үйреніп бітірген көп жастар бүгінгі республиканың белгілі музыка қайраткерлері болып жүр. Қалидың домбыра тартысы Охабтан мүлдем басқа. Бұ да асқан домбыр шебері. Құрманғазының тек көптеген күйлерін алып келіп беруде ғана емес, Охаб пен Қали күйшінің орындаушылық әдісін шын мәнісінде біздің жастарға берді. Қали борандатқан тез екпінді күйдің орындаушысы. «Адай», «Терісқақпай» сияқты күйлерді әлі күнге Қалидың өзіндей ешкім тарта ал- майды десек, өтірікші болмаймыз. Ол сонымен қатар, «Баламайсан», «Науайы» сияқты кантиленалы (өндеткен) күйлерді де сызылтып-ақ орындайды. Оң қолдың шынтағын көтеріп жіберіп, домбыраның дауысын дүр өткізетін Құрманғазының ойнау техникасын да Охаб пен Қали алып келді. Қали республиканың халық артисі.
Лұқпан Мұхамеджанұлы Мұхитов 1894 жылы осы кездегі Батыс Қазақстан облысы, Жымпиты ауданы «Қазақстан» колхозы тұрған жерде туды. Мұхамеджан домбыра да, скрипка да тартатын. Тоғыз жасқа келгенде сол арадағы Ыбыраш Төлеуов деген байдың малын бақты. Лұқпан да жасынан әнге, домбыраға әуес болып, атасы Мұхиттың:
«Мұхитта мал дегенде жалғыз сиыр,
Болады баспағымен төртеу биыл.
Мұхитгың шаруамен жұмысы жоқ,
Елдегі ойын менен жиынға үйір», –
дегені сияқты, бұ да сол малшы болып жүріп-ақ ойын-тойда ән салып (Лұқпан 1933 жылы Алматыға келгесін де екі жылдай ән салып, концертке, радиоға шығып тұратын А. Ж.), домбыра тартып, ал он беске келгенде сол айналаға белгілі «Шоңның әнші, домбырашы баласы атанды.
Құрманғазының сирек орындалатын көптеген күйлерін Сейтектен, Ерғалидан үйреніп бізге жеткізген және күйші жөнінде 1937–38 жылдарда Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының жанында болған қазақ музыкасын зерттейтін кабинет арқылы командировкада болып жақсы деректер жинап алып келген Смағұл Көшекбаев болатын. Смағұл Гурьев облысы, Теңіз ауданында 1904 жылы Ботақан ауыл советі жерінде туған. Көшекбай оқымаған, бірақ кісіге есесін жібермейтін пысық адам болады. Надандық шекесіне тигесін, Көшекбай Смағұлды жасынан молдаға беріп оқытады. Қазаннан келген Ғинаятұлла деген татар молда хат танытады. Смағұл одан кейін «Мақаш ордасы» деген жерде ашылған бір кластық казақ-орыс мектебін бітіреді. Совет тұсында оқытушылық жұмыста болады. Смағұл домбыраны жеті жасынан бастап тартады, өлең айтады. Домбыраны Сейтектен, Ерғалидан үйренеді. 1937 жылы Смағұл Алматыға келіп Құрманғазы атындағы оркестрге кіреді. Бір жағынан жоғарыда баяндалған кабинетте қызмет істейді. Смағұл бұрын да көп шығармалар жазған. Алматыға келгесін, нота сауатын ашып, әндер шығарып, кейін бір актлы «Сейтек» атты пьесаның либреттосын да, музыкасын да (әндерін) өзі жазады. 1942 жылы Смағұл өскер қатарына алынып, майданда да көптеген пьесалар, әңгімелер, әндер жазады. Смағұл 1945 жылы жазға салым майданда қайтыс болды. Смағұлдың домбыра тарту манерасы алдыңғы айтылған домбырашылардан басқа еді. Ол домбыраны тігірек ұстап, кесіп кағып, елпілдете тартатын. Әсіресе, Сейтек күйлерін орындағанда қызғын, жүрдек характер беретін. Құрманғазы күйлерін және ол жөніндегі әңгімелерді жеткізіп беруде Смағұлдың еңбегі аса зор.
Құрманғазының бірқатар біз бұрын есітпеген күйлерін соңғы жылдарда орындап беріп, нотаға түсірткен домбырашының бірі Ғылман Хайрошев. Хайрош жоғарыда баяндалған Ерғалидің үлкен баласы. Ғылман 1914 жылы Гурьев облысы, Бақсай ауданы, Забурн деген жерде туды. Атасы Ерғалидан келе жатқан дәстүр бойынша, Ғылман домбыраны ерте қолға ұстады. Бірақ ал домбыраны кәсіп етемін деп ойлаған жоқ 1939 жылы педагогтік училище бітіріп, содан бері үзбестен мұғалім болып келеді. Ғылман домбыраны негізінде Жаңбырбай домбырашыдан үйренді. 1932–48 жылдар арасында Ерғалиді көріп жүрді. Ғылман осы кезде де домбыраны сирек ұстайды. Сондықтан оның орыңдауында техникалық жақтары біраз ақсап жатады. Бірақ күйлердің бәрін де толық біледі. Әрі-бері тартқан кезінде қолы жүре бастайды. Ғылман тартатын Құрманғазы күйлері оған Ерғалидың қолынан өтіп келген. Ғылман осы күнде де сол Забурнда сабақ беру жүмысында.
Құрманғазының «Бас-Ақжелең» деген күйін, әсіресе, аса қымбатты «Қазижан» деген әнін берген республиканың атақты домбырашысының бірі – Мұрат Өскембаев. Мұрат қазіргі Маңғышлақ облысы «Қарақия» деген жерде 1904 жылы туған. Әкесі Өскембай Маңғыстауға аты жайылған үлкен домбырашы, ақын. Соның әсерімен Мұрат жас басынан-ақ домбыраға құмар және қабілетті болады. Бірнеше жыл әкесінің қасына еріп домбыра тартыстың қызу мәжілістерін көреді. Мұрат жиырма жасқа келгенде Өскембай өледі. Енді Мұраттың аты жайылады. Мұрат Өскембайдың, Тазбаланың, Сәулебайдың, Абылдың және басқа дарынды күйшілердің репертуарын меңгереді. Сонымен қатар, Мұрат совет жылдарының кейбір кезендерінде Түрікменстанда тұрып, түрікпен күйлерін аса шебер орындаушы болып, түрікпеннің дутаршыларымен тең правода тартысады. Мұрат домбырамен қатар, ән де салады. Кішкене ғана музыкалы дауысы бар, бірақ әннің нақышын, ырғағын жақсы келтіреді. Мұраттың репертуарында үш жүзге жақын ірілі-уақты күй бар. Мұрат тек шебер орындаушы ғана емес, оның өзі шығарған ондаған күйі бар. Олардың көпшілігі біздің заманның тақырыптарына арналған. Мұрат жоғарыда айтылған филармонияда қызмет істейді.
Құрманғазының «Бұқтым-бұқтым» күйін бізге орындап берген домбырашы Зәмзәм Ещанова 1914 жылы осы күнгі Батыс Қазақстанның Бақсай ауданында туған. Әкесі Хасен айта қалғандай домбырашы болған. Хасен Тазбаламен кездесіп, одан күйлер үйренген. Зәмзәмнан жеті жас үлкен апасы Барша да үлкен домбырашы болған. Зәмзәм домбыраны негізінде сол апасынан үйренеді. Бірақ Барша жастай қайтыс болады. Зәмзәм осы кезде Бақсай ауданының орталығы Яманка селосында тұрады. Ол домбырадан басқа мандолинада да ойнайды. 1958 жылы Гурьевте болып, Москвада онкүндікке дайындалумен байланысты мұнайшылар оркестрінде ойнайды. Сонда жүріп оркестр басшысы С. Хұсаиновтан нота оқып, бірқатар музыкалық сауатын ашады. Зәмзәм Яманкадағы орта мектепте балалар бақшасында музыка сабақтарын береді, өнерпаздық үйірмелер басқарады. Зәмзәмнің домбыра репертуарында қазақтың халық композиторларының отыздан аса күйі бар. Сонымен қатар, Зәмзәм өзі күй де шығарады. Оның «Каспий толқыны», «Ақ жайық» және «Шаттық» деген күйлерін біз орындатып тыңдағанымызда, Зәмзәмнің біздің заман үшін, әуенін түсініп шығарғаны, оларды нотаға түсіріп орындатса, советтік қазақ аспапты музыкасын толықтыра түсінетіні көрініп-ақ тұр. Зәмзәм жақсы домбырашы. Оның тартысынна сыртын сұлулаймын деген талап жоқ. Күйлерді орнықты, ырғақ, екпін жақтарын нақ ұстап тартады. «Бұқтым-бұқтым» күйінде Зәмзәм әшмүкелік паузалардан кейін келетін әшмүкелік ноталарды алғанда қағатын сұқ қолдың басымен ішектерді домбыраның бетіне тигізе басып, «тұттықтырады». Сонда құлаққа «бұқтым-бұқтым» деген сөз естілгендей болады. Бұл күйдің қағысында үлкен мән бар: оң қолдың саусағының бәрімен емес, бармақ, сұқ қолымен ғана қағылады. «Бұқтым-бұқтым» күйін орындап берумен Зәмзәм атасының өмірі мен творчествосына жақсы үлес қосты.
Құрмангазының «Қуаныш» атты күйін консерватория жанындағы фольклор кабинетіне алып келіп берген Оразғали Сүйімбеков те айта қалғандай домбырашы. Ол 1889 жылы Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданында туған. Оразгалидің репертуарында ондаған әсем күйлер бар. Ол Абыл, Тазбала, Қауен домбырашылардың дәстүрінде тартады. Кейбір күйлері Лұқпан Мұхитовтың репертуарымен кабысады.
Оразғали өмір бойы домбыраны күйттеп, сол өреде күйші, әнші болып аты шыққан адам. Оның өзі шығарған совет дәуірінің әрбір белесіне арналған қызықты күйлері бар. Оразғали өмір бойы домбыраны күйттеп, сол өреде күйші, әнші болып аты шыққан адам. Оның өзі шығарған совет дәуірінің әрбір белесіне арналған қызықты күйлері бар. Оразғали әлі де домбыраны жақсы тартады, әлі де күй шығарады. Ол Құрманғазыдан басқа Өтемісов Махамбеттің «Қайран Нарын», «Жұмыр қылыш» деген күйлерін бізге орындап, пленкаға жаздырды. Оразғали әлі күнгі өмірі де, творчествосы да зерттелмеген музыка қайраткері.
Құрманғазы күйлерінің бірқатарын А. Затаевичке орындап бергендер Махамбет және Науша Бөкейхановтар. Олар А. Затаевичке берген алпыс шамалы күйлерінің ішінде Құрманғазының бес-алты күйін жаздырған. Бұлар Дәулеткерей дәстүрінің орындаушылары болғанымен Құрманғазының күйлерінің кейбіреулерін бірінші жаюшы болған адамдар. Махамбет Бөкейханов Алматыға 1933 жылдың көктемінде келіп, музыка техникумының жанындағы бірінші ашылған музыка кабинетінде қызмет істеді. М. Романенко деген аспап шеберінің қолынан шыққан тәжірибе ұстаханасының бірінші домбырасын байқаған да Махамбет еді. Сол техникумның жанынан құралған бірінші халық аспаптары оркестрінде концертмейстер болған да Махамбет болатын. Ол домбыраның шынығу белестерінде өзінің өмірлік және музыкалық көп практикасының аркасында осы жолдардың авторына аса бағалы кеңестер беріп отыратын. Махамбет Құрманғазы атындағы оркестрге көп күй берді, көптеген жастарды тәрбиеледі. Махамбет жөнінде А. Затаевич өте жақсы айтып кетті. Махамбет 1890 жылы бұрынғы Бөкей хандығына қарасты Шоңай көлінде туды. Жасынан домбыра тартып, бүкіл Бөкей өресінде аты шыққан домбырашы болды. Ол ұзақ жылдар Құрманғазы оркестрінде қызмет істеп, 1938 жылы қайтыс болды.
Науша Бөкейханов 1875 жылы туды. Туған жері сол Шоңай көлі. Ол Бапастың жиені. Домбыраны ерте ұстаған. Алматыға 1935 жылы келді. Наушаның репертуарында 93 күй болатын. Сол күйлерді ол бірін-біріне шатыстырмай тартатын. Оның тағы бір ерекшілігі күйді тартып отырып, жаңылмай: «Мақар мархұм осы арасын былай шығатын еді», «Тұрып былай шығатын еді» деп айтып отыратын (басқа адамдар домбыра тартып отырып сөйлей алмайды. А. Ж.). Құрманғазының күйлерінің небір бағалыларын беруімен қатар, Науша да оркестр жастарына көп көмек берді. Әсіресе, Ұлы Отан соғысы кезінде Науша көп қызмет істеді. Ол әңгімені көп айтпайтын, домбырасын ғана білетін адам еді. Науша 1944 жылы қайтыс болды.
Құрманғазы күйлерін көп таратқан, күйшінің Сыр бойына баруынан қалған творчестволық із сияқты «Сыр Адайы» деген күйді бізге алып келген домбырашы Мәлік Жаппасбаев туралы айтпауға болмайды. Ол 1914 жылы Сыр бойында Қызылордаға жақын жерде туған. Жасында аздап оқып, кейін тұрмыс салдарымен оны соза алмайды. Домбыраны сол оқушы күнінен бастап ұстайды. Мәлік 1934 жылдың күзінде Алматыға келіп оркестрге кірді. Бірінші күннен бастап ол өзінің аса өткір түрде музыканы есітетінін, темірдей қатты ырғақ ұстайтынын, бір түсірген дыбысты еш уақытта ұмытпайтынын көрсетті. Осы қасиеттерінің арқасында Мәлік бірден оркестрдің концертмейстері болып тағайындалды. Оркестр мүшелерінің қандай «аузымен құс тістеген» домбырашылары болса да бәрі жаңылатын. Бірақ Мәліктің күйден не нотадан жаңылғанын біз көрмедік деп айта аламыз. Ол Құрманғазы күйлерін концерттерде әсем орындайтын. Мәліктің тағы бір ерекшелігі – ол күйлерді тіпті жылдам үйренетін. Қандай жаңа күй түсіргенде де ол көзді ашып-жұмғанша қағып алатын. Құрманғазының «Сарыарқа», «Түрмеден қашқан» сияқты алақұйынды екпінде жүретін күйлерінде Мәлік қаққан қазықтай болып еш уақытта не қажетінен артық тездетіп, не кейін қалу дегенді білмейтін. Жоғарыда аты аталған Ғабдұлман екеуі оркестрдің «қазығы» болатын.
Құрманғазының орындаушылық дәстүрін қатты ұстап, оның күйлерін үнемі үгіттеп келе жатқандардан Құрманғазы атындағы оркестрдің бірінші тенор-домбыра тобының концертмейстері Үрістембек Омаровты айтуға болады. Үрістембек 1934 жылы он төрт жасында оркестрге келіп кірді. Ол бірінші күннен бастап күйді меңгеретінін көрсетті. Аз уақыт ішінде Құрманғазы күйлерінің жақсы орындаушысы болып кетті. Кейін Ленинград қаласындағы музыка техникумында оқып жүрген жерінен ол әскер қатарына алынып, Отан соғысына қатысты. Үрістембек домбыраны Охабтан үйренді. Риза болғаны сондай Охаб Үрістембекке өзінің әдейі тапсырма бойынша жасатқан домбырасын берген болатын. Үрістембек Алматының консерваториясын бітіріп, осы кезде оркестрге аға домбырашы болып кетті. Құрманғазы күйлерін бабына келтіре орындайтындардың ішіндегі күштісі. Үрістембектің орындауында Құрманғазының асыл күйлерін бүкіл совет халқы тыңдады. Ол Москвадан бастап ірі қалалардың бәрінде гастрольде болып, көп жерге жайды.
Алтыншы дүние жүзілік жастар фестивалінің лауреаты, талантты домбырашы Әзидолла Есқалиев осы кезде Құрманғазы күйлерін орындауда жоғарыда аты аталған Үрістембектен кейін-ақ аты аталады. Әзидолла Алматының консерваториясын бітіріп шықпай тұрып-ақ, осы лауреаттық атты алды. Бітіргеннен кейін филармонияда жеке домбырашы болып қызмет атқарды. Әзидолланың орындау әдісі Үрістембектен басқа. Үрістембек күйді «шегелеп», шапшаң, жай келетін буындарының бәрінде тастай етіп түйіп, екпінін ауыстырмайды. Орташа ұзындықтағы саусақтарымен бір нотаны жаза баспай, бәрін де өз орнында етіп орындайды. Аты алып қашқан кісідей домбырасының «тізгініне» ие бола алмайтын кейбір домбырашылардай күйді баста алған екпінінен қуып кетіп, аяғында кей жерлерінде сүрініп қалатын әдет Үрістембекте болмайды. Кімнің стилі болса да, Үрістембек соның өзіне тән әдістермен ғана тартады. Ал Әзидолла күйлерді, оның ішінде Құрманғазының тез жүретін күйлерін өзінің байырғы екпінінен тезірек алады. Әзидолланың қағысы да Үрістембектен басқа, қомақтырақ. Сондықтан кей кездерде оң қол мен сол қолдың координациясы (бірге тап баса жүруі) Үрістембек жағында дәлме-дәлірек болады. Бірақ Әзидолланың орындауында Охабқа жақын поэзия молырақ келеді. Әзидолла әлі де өсетін, болашағы алдағы орындаушы.
Құрманғазы күйлерін жеке де, оркестрге өзі түсіріп те көпшілік арасына жайып жүрген және күйшінің өмірбаяны жөнінде халыққа ауызба-ауыз көп түсініктер беріп, лекциялар, әңгімелер өткізіп жүрген белсенді жастардың бірі – Сейілхан Хұсаинов.
Алматы консерваториясын бітіргеннен кейін Сейілхан Гурьевке барып, онда 70 адамнан құралған үлкен оркестр ұйымдастырып, бір жағынан музыка техникумының басшылық қызметін, педагогтік жұмысын атқарып, халық аспабы мәдениетінің өсуінде айта калғандай көзге түсіп келеді. Сейілхан тек педагог орындаушы, ұйымдастырушы ғана емес, ол жақсы дирижер, композитор. Оның басқаруында осы айтылған оркестр бірнеше рет бәйге алды. Алматыда өткен республиканың 40 жылдығына арналған халық өнерпаздарының сынағында Сейілхан басқарған оркестр тағы бірінші орын алды. Сейілханның «Мереке» деген күйі, Гүлдене бер, Гурьевім» деген әні осы кезде көпшілікке тарап кетті. Сейілхан Құрманғазының бізге жетіп болмаған күйлерін Гурьев, Батыс Қазақстан облыстарынан әлі де жинау үстінде. Сонымен қатар, күйші жөнінде ел аузында сақталып келген көптеген ауызша деректердің қызықтыларын жиған. Хұсаинов басқарған оркестрде Құрманғазы күйлері үлкен орын алады.
Құрманғазы күйлерін осы кезде жастар арасында жақсы тартатындардан Ғибатұлла Мәсәлимов, Еммат Марданов, Сафиолла Сәрсенғалиевті айтуға болады. Олардың ішінде Ғибатұлла жас жағынан жоғары, ағарту орындарында көптен қызмет істеп келеді. Домбыра тартысында Охабқа жақын жерлер көп. Жоғарыда аталған Әзидолла домбыраны бастағанда осы Ғибатұлладан үйренсе керек. Ғибатұллада Құрманғазының бірнеше күйі бар. Ол піскен, формаланған домбырашы деуге болады. Алматыда болған өнерпаздар жарыстарында бірнеше рет бәйгіге ие болды. Домбырашылар жөнінде деректер, әңгімелер жинап жүретін Ғибатұлла көзі ашық, талапты адам деуге болады.
Құрманғазының өз әулетіне келсек, баласы Қази жасында домбыра ұстап жүреді де кейін оны машық етпейді. Жай кәсіппен күнелтеді. Қазидың баласы Бекқали да домбыра тартпайды. Балық кәсібінде болады.
Ал Құрманғазының інісі Байғазының баласы Құбаш пысықтау, еті тірілеу болады. Құбаш домбыра тартады. Құбашты жасынан Құрманғазы бала қылып алады. Сондықтан Құбаш Құрманғазының фамилиясында болады. Құрманғазының басына берегірек келгенсін тас қойдырған да Құбаш. Ол Астраханьнан бір татар шеберін алып келіп, тасқа жазу шаптырған. Ескі жеті мен сегізді (олардың айырмасы біреуінің ашасы жоғары, біреуінікі төмен қарап тұрады. А. Ж.) шатыстырып «1889» деудің орнына «1879» болып кеткені сол деуші де Құбаш.
Құбаштың баласы Төлеген бет әлпеті өте жылы, нағыз «келбеті келген» дейтіннің өзі. Сол арадағы қарттар Құрманғазыға Төлегеннің кейбір бетпішіндік жақтары келеді дейді. Күйшіге ескерткіш қойылғанда, Төлеген мінбеге шығып аз, дәмді етіп сөйледі. Ол атасының басына сондай күмбез қойдырып жатқан Коммунист Партиясының қамқорлығына рақметін айтты. Өзі Төлеген Құбашевич Құрманғазиев болып жазылады екен.
Құрманғазы күйлері біздің советтік Қазақстан композиторларының творчествосынан кең орын алды. Республиканың композиторлары күйшінің шығармаларын үлкенді- кішілі формалы опустарында пайдаланды. Сонымен қатар, Құрманғазы күйлері филармонияның балет номерлерінде 1935 жылдардан бастап енді.
Ең бірінші болып «Балбырауын» күйіне сегіз қыздың биін қойды. Бидің аты күймен байланысты «Балбырауын» атанды. Одан кейін «Қызыл қайың» күйіне сегіз қыз, бір жігіттің биі қойылып, оның аты «Балдыз» атанып та келді. 1934 жылы бірінші рет М. Әуезовтың «Айман-Шолпан» комедиясы қойылғанда, соның ішіндегі «Қоян-бүркіт» деген би Құрманғазының «Ақсақ киік» күйінің музыкасына қойылды. Кейін «Ақсақ киік» пластинкаға жазылғанда «Қоян-бүркіт» деген атпен кетіп жүргені осыдан. 1937 жылы Жамбыл атындағы филармонияда бір актілі театрланған концерт қойылғанда «Ақсақ киік» хор музыкасы болып пайдаланылды.
1938 жылы Құрманғазының «Адай», «Түрмеден қашқан» күйлері «Амангелді» кинофильмінде пайдаланылды. Онда Аманкелдінің түрмеден шығып қашып бара жатқан кезеңінде музыкада жүріп отырады. «Адай» күйінің интонациясында дауысқа арналған бір номер де жазылды. Сол жылы, күйшінің туғанына 120 жыл толуына арналған филармонияда болған концертте филармонияның хоры «Көбік шашқан» күйін орындады. Оның сөзін ақын Әбділда Тәжібаев жазған да, күйді С. Ларионов деген композитор сегіз дауысты етіп полифониялық формада түсірген болатын. Сол кеште «Кайран шешем» күйі де хорға түсіріліп (сөзі Ә. Төжібаевтікі). «Қайран шешем, сағындым-ау талайдан» деп басталады. Жоғарыда айтылған «Азат қыз» постановкасында жай жүретін биге «Кісен ашқан» күйі «пайдаланылды. Осыдан кейін «Кісен ашқанды» Н. Тілендиев мемлекеттік ән-би ансамбліне жазып берген бір картинасында пайдаланған.
1936 жылы композитор Е. Брусиловский «Балбырауынды» «Ер тарғын» операсының соңғы актысындағы алпыс адам билейтін финал биіне еңгізді. Екі жыл өткесін Ленинградтан келген композитор А. Зильбер «Қайта туған Қазақстан» атты симфониясында «скерцо» бөлімі етіп енгізді.
1941 жылы Е. Брусиловский өзінің «Сарыарқа» атты симфония-сюитасында тағы «скерцо» етіп енгізді. Ол күйдің ортасына «Жайдарман» әнін енгізіп, аяғында «Балбырауынның» секвенциялап төмендейтін буынын керісінше жоғары қарай жүргізіп барып аяқтайды.
1940 жылы осы жолдардың авторы «Құрманғазының ескерткіші» атты халық оркестріне жазылған маршында «Перовский маршты» пайдаланды. Сондай-ақ Құрманғазының «Қызыл қайыңының» Лұқпан Мұхитов берген екінші түрі фортепианоға түсті. 1954 жылы композитор Ғазиза Жұбанова өзінің бір бөлімді квартетінде Құрманғазының «Терісқақпай» күйінің бірқатар интонациялық кезендерін пайдаланды.
1947 жылы осы жолдардың авторы композитор Латиф Хамиди бірге жазған «Төлеген Тохтаров» атты операда Құрманғазының «Сарыарқа» күйінің кейбір бөлімдерін (совет әскерлерінің шабуыл кезеңін суреттеген жерлерде) пайдаланды. Композитор Мәкәлім Қойшыбаев консерваторияны бітіргенде диплом программасы есебінде жазылған «Симфониясының» ішінде Құрманғазының «Кішкентай» күйін пайдаланды.
Осы жолдардың авторы Құрманғазының «Саранжап» күйін Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпан» пьесасының драмаға жазған вариантында атпен билейтін би музыкасына енгізді. «Саранжап» күйі бұдан бұрын фортепианоға түскен болатын. Құрманғазы күйлерінің Қазақстан композиторларының творчествосында пайдаланулары жөнінде бұл айтылғандар толық қамти алмайды. Өйткені осы жолдар жазылып жатқанда күйшінің әсем шығармаларын творчествосына арқау етіп отырған композиторлардың болуы айдан анық нәрсе. Қолындағы қаруы – домбырасымен халқының бақыты үшін өмір бойы күрескен, музыкасында халық өмірінің ең көкейтесті мәселелерін тақырып етіп алып көтерген реалист суреткер Құрманғазының шәкірттері осы кезде Қазақстанның қай бұрышынан болса да табылады.
Оның музыкалық жолын, орындаушылық дәстүрін куған әулеттері – музыкалық немере - шөберелері ел ішіндет көп. Оның аты осы кезде біздің Отан шегінен шығып, әлем жүзіне тарауда. Көптеген оқу орындарының, музыка коллективтерінің, аудандардың, көшелердің аттары осы кезде күйшінің қадірлі атымен аталады.
Қорыта келгенде, Құрманғазы күйлерінің жасөспірімдерге тигізер эстетикалық ықпалы зор екенін күйшінің шәкірттерінен байқау оңай.