2.2 Қазақ этнопедагогикасына негіз болған алаш қайраткерлерінің еңбектеріндегі құнды тұжырымдар


Алаш партиясының көрнекті қайраткерлері: Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов,  М. Дулатов,  М. Тынышбаев,  М. Шоқай,   Х. Досмұхамедов,  Ж. Аймауытов,  М. Жұмабаев, С. Торайғыров, М. Әуезов сынды зиялылар белсене халқының мүддесіне сай қызмет етті.

А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев секілді заманының қайраткерлері – Қазан төңкерісінен кейінгі этнопедагогиканың ғылыми-педагогикалық негізін қалаған тұлғалар.

М. Жұмабаев сол кездегі педагогика ғылымын оқу-білім беруден гөрі ұлттық тәрбиені басымдықта алып көрсеткені байқалады. Тәрбиеге мұқтаждықтан педагогика пәні туындады дегенді айта отырып,  М. Жұмабаев – педагогиканың бала өміріндегі болашағын өз заманына лайықтап шығару деген тұжырым жасаған. 1) «Балаңды өзімдей бол деп үйретпе, өзімдей болма деп үйрет» бірінші жол деп есептеген. 2) Әр тәрбиешінің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі деп екінші жолды көрсеткен.

Қазақ мектептерін құру үдерісіне қажетті  халықтық педагогика екеніне айрықша мән берген М. Жұмабаев ойлау іс-әрекетінен кейін екінші орында тіл нысанын алған. М. Жұмабаевтың педагогикасындағы алгоритмге назар аударса, бірінші – ойлау, екінші тіл екендігін байыптауға болады. М. Жұмабаев жанның жайын жоққа шығару жолы – тіл деп қарастырған. Тілсіз, жүректен жарып шығар сезімдерді жеткізу мүмкін емес деп қараған. «Тілі кем адам қор болады деп ой түйген. Тіл әрбір адамға осындай қымбат болса, ұлт үшін де қымбат, тілсіз ұлт, тілінен айрылған ұлт, дүниеде ұлт болып жүре алмайды, ондай ұлт құрымақ», – деген ойларына бағаммен қараса, кеңестік дәуірдің басында қазақ халқының тіліне қауіптің төніп тұрғанын М. Жұмабаев сезгендей болжам жасағаны байқалады.

Бүгінгі қазақ мектебінде оқитын жас ұрпақтарға өнеге-өсиет ретіндегі М. Жұмабаевтың мына бір тұжырымын ұдайы толассыз ұстаным ретінде қабылдау қажеттігін ескерген абзал, ол: «қазақ тілінде, қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы кең. Тілі де бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ». Бұл тұжырымнан түйетін ұлттық ерекшеліктің бірден-бір белгісі – тіл. Олай болса, қазақтың ерекшелік белгісін білдіретіні де қазақ тілінде оқылатын мектептер деуге негіз бар.

М. Жұмабаевтың сол ХХ ғасырдың 20-жылдары жазған еңбектерінің ғылыми негізі бүгінгі қазақ мектептеріне де өте тиімді. Білім мен тәрбиені біртұтастық қағидамен қарастырған М. Жұмабаев «Бала тәрбиелеу жолдары» айдарымен жазған еңбегінде сәбиден бастап, ер жеткен ұстаздар мен бой түзген қыздардың ұлттық негізде тәрбиеленуіне маңыз беріп, адами-кемелді қасиеттерді, ізгілікті құнды бала бойына қалыптастыру, дарыту керектігін көрсетеді. Мұнымен бірге бала тәрбиесі тек мектеп, қоғамдық орындарда ғана емес, ең бастысы оның отбасынан алған тәрбиеге қатысты екенін қадап айтқан. М. Жұмабаев баланы қоршаған ортасы да үлгі-өнеге көрсетерлік деңгейде болып, тәртіпті, тәрбиелі, өтімді, іскер болуына қолайлы жағдай туғызып, бала көзінше бөтен, бейсауат сөз айтпау, сұлулыққа бағдар берерлік сезімдерді өркендетуге бейімдеу керектігін ескертеді. Баланың болашақ өміріндегі қиыншылықтарға төзімді болуы үшін, толеранттылыққа бағыт жасаудың бір тізгіні оның күнделікті іс-әрекетін жоспарлауына бағынатынына мән берген. Баланың түзу, салауатты өмірге бейім болуы ойлау қабілетінің оңтайлы дамуымен тікелей байланысты деп санаған. Еңбек, ақыл-ой, эстетикалық, этикалық және тағы басқа тәрбие түрлерін орынды қолдана білген баланың оқуға да құмарлығы артады, білімге құштарлығы күн сайын арта түседі деген құнды пікір түйіндеген. Міне, М. Жұмабаевтың бұл педагогикалық ой-пікірі бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық мектептеріне бүгінгі күні де ғылыми негіз деуге болады. М. Жұмабаев қазақ мектептерінің құрылуына немқұрайлы қарамағанының бір дәлелі – «Оқу құралы һәм мектебіміз» деген еңбегі. Бүкіл елдің, халықтың болашағы оның мектебіне тәуелді деп тұжырым жасаған М. Жұмабаев мектеп қазақтың психологиясына үйлесетін негізге құрылуы қажет деп қорытынды жасаған. М. Жұмабаев болашақ қазақ мектебінің жобасын құру барысындағы ұсынған педагогикалық ұстанымы:

- қазақ мектебі алдымен таза қазақ тілінде жұмыс істеуі тиіс;

- оқушыларға жан-жақты білім негіздерін меңгерте отырып, оның ғылыми-техникалық ең соңғы жаңалықтарын пайдалануға қазақ тілін, мәдениетін, ұлттық тәрбие мәселелерін кейінге қалдырмауын ойластырған жөн.

Осы үш түрлі ұстанымның әр кездегі оқу үдерісіне қатысты тарихи жағдайдан туатын міндеттерін де жіктеп берген:

- бастауыш мектептің міндетін айқындау;

- оқу еңбегінің міндетін пәндер сыңайында анықтау;

- төрт жылдық бастауыш мектептегі ана тілі және сабақтан тыс түрлерінің міндеттерін ашу;

- мұғалімдердің тиімді әдіс-тәсілдерін саралау.

Қазақ халқының аталған зиялылары, қайраткерлері елінің ұлттық негізін сақтап қалуына белсенді қызмет атқарды. Ұлтымыздың кейінгі ұрпақ үшін қымбат тұлғалы азаматтарына ортақ, бәрінің басын біріктірген қасиет – өздерінің болмысымен, бар табиғатымен әділдік үшін күрес. Қазақстанда ХІХ ғасырдың аяғында ағарту ісі бүгінгі біз ойлаған жүйеде болмағаны белгілі (1) Бастауыш мектеп (араб тілінде); 2) приход мектебі (орыс тілінде); 3) толықтырылған гимназия; 4) орыс-қазақ аралас мектептері; 5) ауылдық және сауаттылық негізіне үйрететін мектептер). ХІХ ғасырдағы «қазақ» мектептерінің жүйесі ресейлік мектептерге негізделген.

Халықтық педагогикаға өзіндік үлес қосқан М. Дулатов өзінің шығармалары арқылы қазақ халқының парасат-санасын оятуға қам жасады. «Оян қазақ» айдарымен жазған шығармасымен, мақалаларымен оқу-білімнің адам өмірінде алатын орнын айқындап берді. Соның ішінде, А. Байтұрсыновпен бірлесіп шығарған «Қазақ» газеті М. Дулатов үшін де, қазақ халқының болашағы үшін де өмір сүрудің ілімі болды. М. Дулатов Ж. Аймауытовтай бала жанын түсінген психолог және әдіскер зерттеуші. М. Дулатов: «Жас балаларды оқыған нәрсесі жайында ойлануға, оның мағынасын ұғынуына, қасиеттерін сезіндіруге қалай үйретпек керек? Баланы оқыған нәрсесін бір-біріне ұйқастырып ойлануына, оқып шыққаннан кейін де жадында ретті толық мағынасымен қалдыруға әдеттендіру керек», – деп бала мен мұғалімнің іс-әрекеттестік түрлі әдіс-тәсілдерін зерделегені бүгінгі талап мүддесіне де жат емес. М. Дулатов екі бірдей езгінің салдарынан қараңғылыққа төмен түстік, сол себепті саяси күреске жұмылайық деген ұран ұсынады. Мемлекеттік Думаға қазақ халқының атынан петиция жазып, бостандық беруді, егемен ел болуға мүмкіндік жасауды талап етеді. 1917 жылы осындай қозғалыстың нәтижесі ретінде «Алаш» партиясы құрылады. Орынборда тұңғыш «Қазақтың саяси партиясы – «Алашты» құру туралы» съезд шақырылып, оның бағдарламасы «Қазақ» газетінде жарияланды.

А. Байтұрсынов 1928 жылы «Оқу құралы» (балалар сауатын ашатын әліппе), 1928 жылы «Жаңа әліпби» және ересектерге арналған «Сауат ашқыш» кітаптары мен қазақ тілін пән ретінде оқытатын тұңғыш оқулықтар – «Тіл құралдың» үш бөлімі, әдістемелік жабдықтары және оқу-ағартуға, графика мен терминологияға жалпы тіл мәселелеріне арналған ғылыми еңбектер жазған ағартушы-зерттеуші.

1921-1926 жылдары Орынбордағы Қазақтың халық ағарту институты деп аталатын оқу орнында, 1926-1928 жылдары Ташкенттегі қазақ педагогика институтында қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, дәріс оқыды.

Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармаларында эпикалық туындылар басым. Шәкәрім Құдайбердіұлының еңбектерінде бала тәрбиесіне, ойлау қабілетіне қатысты халықтық педагогиканың көкейкесті мәселесіне арналған бұл тұлғалық келбет портретін берген. Ол мына еңбектерінде көрініс тапқан: «Талап пен ақыл», «Адам немене?», «Жолсыз жаза, яки кез болған қаза».

«Талап пен ақыл» өлеңіндегі пәлсапалық түйін:

  1. Талап шапса ақылға мініп алып, // Жақсы жаман бәріне бірдей салып. // Анық ақыл алдымен ашырмайды, // Еш нәрсе одан құтылмас жетпей қалып.

Бұл құбылыстан халықтық тәрбие негізінде Адамның игілікті мақсатқа жетуі үшін құр талап жетімсіз екені. Мұнда ішкі сезім сипатынан гөрі танымға бейімдеу, салихалы істерге бағыттау - приоритет.

Ақын өз өлеңдерін Адам тұлғасын оңтайлы, ізгілікті, өршілдік қасиетке бағытты мәреге бұру мақсатына арнаған. Ішкі сезім сипатынан, аксиологиялық тұрғыдағы пайым айқын байқалады.

  1. Талап деген ындын мен ентелемек // Ойға алып қызыққанын қылсам демек // Ол ісі орайлы ма, орайсыз ба // Ойланып оны Ақылға салса керек.

Бұл - талаптың ақылсыз тұл екендігін тағы бір қайта еске түсіру.

Ақынның Талаптың дербестігі жоқтығын аңғартатын үдеме сипаты мына бір жолдардан аңғарылады:

Тапқыш Ой ғой ақылдың мағынасы, // Тоны жүрек болады, мида басы. // Орынсызға ұмтылтпай тоқтатуға // Талаптың алты түрлі бар ноқтасы.

Халықтық педагогикада адамның онтологиясына, тұлғалық болмысына айрықша мән беріліп, оның адамилықтан кемелдікке жету жолдары басты міндет атқарып келген. Сол себепті, талаптың 6 ноқтасы кемелдікке апарар құндылық.

Ынсап, ұят, ар, рақым, сабыр, сақтық. Талапқа алты түрлі ноқта тақтық. Алтаудың ішінде ынсап әділ, өзгесінің тізгінін соған ұстаттық. Бірінші жолда 6 түрлі ноқта сипаты алгоритм тәртібімен берілген. Екінші жолда алдыңғы ой қайталанады. Үшінші жолда ынсаптың жетекшілік рөлі, оның қасиетінің әділ болуы. Төртінші жолда барлық бесеуінің тізгінін соған ұстатуы. Міне, осындай көріністерді оқырман миына ой жүгіртпей, құр сыдыртып жатқа білгеннен еш пайда жоқ. Өлеңнің құнды тұсы - осы.

Ақынның өзі қалған алты сипаттың қасиетін суыртпақтап, өлең өрнегімен суреттеп береді.

- Ынсап деген аспайды, ол кем қалмайды. Орнын таппай ол, сірә, қозғалмайды (символ). Ұлттық тәрбиеде ынсаптың өлшемі – осы.

- Рақым жақсы көреді аяғанды

Адамға қаттылықты ойға алмайды.

Автор алғашқы тізбелеген (ынсап, ұят, ар, рақым, сабыр, сақтық) алгоритмін олардың қасиеттерін айшықтау тұстарында бұзып береді. Мәселен, «Ынсаптан» кейін бірден «рақымға» сипат береді де, одан кейін «арға» кезек береді:

Ар демек - адамшылық, намыс деген, Арың кетпес жағыңа қарыс деген. Теріс ұғып жүрмесін мұны біреу. Сөз емес күншіл болып алыс деген. Бұл жолға талдау жасаудың қажеті жоқ. Тек «қарыс» деген сөз арыңның аяқ асты болмауы үшін қуат жұмса деген семантикада екенін танытады. Әр сөзге математикалық пайым, логикалы өлшем өресі қажет.

Алдыңғы ар мен намыс хақында ақын ойын өрбіте түседі, бірақ ол пайым алғы ойдың үдемелі тұрғыдағы қайталанымы:

Намыс сол - өзің қорлан кемдігіңе, құрбыңмен ұмтылып бақ теңдігіне (кайшылық).

Алмай өз алдыңғының аяғынан, соқтықпай өзің ізден еңбегімен.

Бұл құбылыс та оқырманға түсінікті. Мұнда жұмбақ сөз, сөз тіркестері жоқ. Алдыңғы ынсап, рақым, ар дұрыс құрылса, ар да дұрыс дегендң аңғартады.

Еңдігі кезек «Ұятқа» келді:

Орынсызды істеуге өлгенше ұял,

«Ұят күшті өлімнен», - дегендей-ақ.

Бұл құбылыста да жұмбақтау, тұспалдау, ауыстыру, алмастыру жоқ. Автор «сабырдың» қасиетін былай ашады:

Сабыр деген - әр іске шыдамдылық, // Қатты керек адамға бұл бір қылық. //Қолы жетпей талай адам ызданады, //Осыдан көп шығады адамшылық.

Шәкәрім Құдайберді «сақтықтың» қасиетін былай өрнектейді:

Сақтық деген - әрқашан байқап жүрмек, //Пайда ма, залал ма, - ескерілмек. //Көргенін, естігенін есепке алса, //Сонда оңай әрбір істі ойлап білмек.

Бұл құбылыста да күрделі өрнек жоқ. Бәрі де тура мағынасында сипатталған. Бұның бәрі дерлік халықтық педагогикаға негіз.

Баланың тәрбиесіне қатысты ойлау іс-әрекетін құндылық деп есептеген:

Ойменен, талаппенен болды сегіз // Айтылмай ойда қалды неменеміз. // Өзге - жақсы мінездің бәрі-дағы // Шығады осылардан түгел деңіз.

Аталған соңы да санатты қасиеттері жоқтар кімдер? Ақын тұлғаның пішінін, келбетін былай сипаттайды:

Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан, // Анық төмен болмай ма хайуаннан. // Ынсап, рақым, ар, ұят табылмаса, // Өлген артық дүниені былғағаннан.

Шәкәрім мектебі - «Ар» мен «Ұят», оның қосыңдысы «Сенім» екені белгілі, осы ойын бұл өлеңде де аңғартады. Сенім жоқ жерде қарусыз өмір сүруге болмайтыны жайлы қорытынды түйеді:

Халықтық педагогикасының бір көзі – тәрбие беру барысында тұспалдап сөйлеу. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген халқымыздың даналық тұжырымы бар. Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығы адам сезіміне бағытталмай, деңгейіне сәйкесіп, «Адамтану» іліміндегі Адамның танымын ізгілікке бұру бағытында жазылған.

Жүсіпбек Аймауытовтың «Психология», «Жан жүйесі мен өнер таңдау» деген кітаптары 1926 жылы Тәшкентте жарық көрген. Жазушының, көрнекті ғалымның бұл кітапқа арнаған беташарында мынандай құнды пікір айтылған: «Өмірге, тіршілікке пайдасыз білімнің білім сәні жоқ. Қандай білім болса да, күндегі тіршіліктің азды-көпті түзелуіне қолғабыс етуі керек қой. Үйрену мен оқу, білім алу сияқты әрекеттер адам баласының танымына бағынышты. Алдымен адамдар бір бірімен қарым-қатынас жасау арқылы білім арнасына түседі. Себебі бірден адам дүниеге білімді болып тумайды. Осы тұста отбасының балаларының дұрыс ортада өсуіне ықпалдастығы керек. Болашақ зиялы қауымды тәрбиелеу үшін ата-ана өзінің сәбиін кімдермен ойнатуы керек? Немесе жеткіншек боз жігіт, жігіт, қыз бала, бойжеткен, бикештерді кімдердің ортасына қосып жібереді? Мәселенің басы - осында. Жүсіпбек Аймауытовтың «Психологиясында» айтылған. Бұл кітапта адамның кейпі екі топқа жіктеледі: 1) соқыр сезімдегі, 2) саңылау сезіміндегі. Оның ажырату өлшемін автор былай көрсетеді: Соқыр сезім - ырықсыз қозғалыс ... Соқыр сезімді көңілі, кейпі деп ұққан жөн. Бұл - туа болған сипат... Осы мәселенің құлдырауына байланысты Ж. Аймауытов соқыр сезімдерге тоқталған. Халықтық педагогикада соқыр сезімдерге тыйым салынған. Оны тану үшін Ж. Аймауытов соқыр сезімдерді жіктеп береді:

- тегіне тарту (атавизм). Секіру, сақылдау, түкірінеді, тебінеді, қырылдайды, ақырады, т.б. табыну (фетишизм);

- қорқыныш, қорқыныш күшейсе, үрейге айналады, тәрбиенің бір құралы қорқыту (дұрыс емес);

- соқыр сезімнің бір түрі - махаббат ... шәкірттеріне өзін сүйгізген оқытушы балаларына жеккөрінішті оқытушының түсіне кірмейтін нәтижеге жетуі;

- таңсыққойлық, мұның мағынасы нәрсені жақсы білуге ынталану;

- еліктеу, еліктеу икеміміздің күші қандай болса, әрқайсымыздың кісілігіміз де сондай. «Мен» өзі, өзгені өнеге қылып, еліктеу сезімінен туып, жетіледі;

- бәсеке еліктеудің жалғасы. Өзгелер не істесе, олардан кем қалмаймын. Жат көрінбеймін деп өзіміз де соны істегіміз келіп, түртіп тұратын бір икемдік бар, осыны бәсеке дейді, адам қоғамының қытықты жері - бәсеке;

- күңдестік, іштарлық, өзін үнемі басқамен салыстыру нәтижесіңде пайда болатын сезім;

- күйректік, өзін опыну, кем ұстау;

- соқыр нанымға түсу;

- таласу, бұл күндестіктің озбырлыққа ойысуы, бұлардың ерлікке, қайырымдылыққа, дегдарлыққа шабатын жақсы жақтары тек сәбилік дәуірде болады.

- паңдық, тентектік. Тентектік бір қиындықты жеңу жағынан жақсы сезімге жатады, тентектік батыл, қунақ мінез адамда болады;

- меншікті сезім. «Менікі», меншікті. Адамның табиғаты өзгермей тұрып, дара меншіктеуінде, жоғалтамыз деу ұшқарлық.

Жүсіпбек Аймауытовты психология ілімінен қазақ халқының этнопсихологиялық ерекшелігін шығарып, оның тек «Әдістерді» саралап алуға қандай пайдасы бар? - деген сұраққа жауап іздеу тұрғысыңда қарастырылады.

Соқыр сезімнің пайдасы да, зияны да бар екенін бала саналы түрде пайымдап, оның арнасын өлшемдікке өзі реттеп отыруы көзделеді. Егер оның шамасын дәл пішіндеп отырса, мұның әдістері ұтымды қолданылуына толық пайдасы бар екеніне кез-келген баланың көзі жетеді. Ойымызды Автордың өз сөзімен тұжырымдаса: «Оқытудың қай жолында болса да, ісгің жемісті оқытушының сүйегіне біткен зеректілігіне, тапқырлығына, жітілігіне, әдісіне байлануы ... Бәсеке баланы жаңа әдістер кіргелі, бәсекені тәрбие құралы қылу жұмысқа оятуға мақтаулы әдіс емес дегенді әркімдер айтты. Бұл пікірді 150 жыл бұрын Руссо да сөйдеген. Екі шәкірттің арасында да күндестік шықса, ол құмарлыққа айналады. Құмарлық міңді мінез... Руссо тағы былай дейді: «Маймылды еш уақытта басқа балалармен өзін салыстыртпа. Оның ой тоқтатқаны байқала басталса, оны тіпті басқалармен жүгіртіп те жарыстырма. Қызғаншылықпен, болмаса, мақтан үшін үйренгеннен де түк үйретпеген жүз есе артық. Өйткенше, мен оның жылдағы істеген істегендерін жазып отырар едім. (122-б.) Сөйтіп өткен жылдағы істегеңдерімен биылғысын салыстырып отырар едім. Мен оған «Сен енді былтырғыдан пәлен дүйім артылдың ... Бұрынғыдан қалай болдың екен? Енді байқайық дер едім... Соңда оған өзімен-өзім артылам деген тілек пайда болар еді. Бұл халықтық педагогикаға негіз болатын ойлар.

Біреудің істеген ерлігін естігенде намысымызды қоздырып сол іске -игеретін сезім - тентектік (123-б.) баланың қытығына тиіп, тентектік қоздыру дұрыс (124-б.).

Адамның танымына ықпалын тигізер сезімнің бір түрін Жүсіпбек Аймауытов саңылау сезімдерден алған. Мұны автор зерделі қылық нысанасы тұрғысыңда да қарастырған. Оған Жүсіпбек Аймауытов мынандай анықтама береді: «Қылық дегеніміз күрделі қызметтерді бөлшектеп, ең әдемі құрандысын тапсақ, соны сезім саңылау деп айтады ... Адамға бір нәрсе сүрең бермесе, саңлау болмас еді». Бұл тұжырым да халықтық педагогика негізінен шыққан.

Саңлау сезімдерінің алғашқы бөліктеріне түсініктеме береді. Қуат -адам бойындағы әсердің ізі. Есіңдегіні жанғыртсаң, берне, мұрат (идея) пайда болады. Жаңғыртушы қуатты жад дейміз. Мұның бәрі мидың қызметіне бағынышты. Мидың қасиеті әркімде әр түрлі. Кейбіреудің миындағы көру кіндігі көбірек қозады, көбірек қызмет істейді; кейбіреулерде есту кіндігі көбірек қозады; құйма құлақ дейміз; үшіншіде сөйлеу кіңдігі көбірек қызмет етеді. Төртіншіде, қол кіндігі көбірек қызмет етеді (130-б.).

Амалға (упражнение) әсерді орнықтыру деп, тәжірибеге қайталама деп анықтама берген. Саңлау сезімдердің алгоритмі халықтық педагогика негізінде ұсынылған:

  • саңлау сезімнің бір түрі - әдет, әдет – адамның екінші табиғаты;
  • берне іліктестігі (ассоциациясы). «Икем» дейтініміз көбінесе іліктестікте болады.

Белгілі берне дәйім өзіндей не өзіне тете белгілі берне туғызады. Ол соңғы белгілі талап, белгілі мақұлдау, терістеу, көну, я көнбеу сезімін туғызады;

  • ынта, мүдде (интерес). Тума ынта мен жасанды ынтаның қатынасын көрсететін жабайы заң бар. Екі берне қосылса, біріне-бірі сезімді ынта жұқтырады. Ынта – керектілік пен қажеттіліктен туатын қасиет. Жаңаны ескімен қабыстыратын оңтайыңыз сондай оңай болсын. Ынта бір орыннан екінші орынға ауып, аяқтап келгенде, ойдың бір аймағын шармап әкетсін;
  • ілтипат (назар). Ең күшті ілтипаттың жүрісін бейнелеп айтсақ, екі жақты, ішті-тысты ықпалға ұшыраған ми шілтері деп ұқсастыруға соңғы екінші жақтың жад пен қиялдан келетін ағындармен күшейеді.

Табанды ілтипатқа қабілеті барлык - игіліктің алды деп ұғу керек. Ондай ілтипаты бар адам жігерін аз жұмсап, жұмысты тез істейді.

- Жад (память). Жад – іліктестің ең жабайы, қолма-қол салдарының бірі. Жад – өткенді сақтайтын қуат. Жад – бір жағынан, неше түрлі еске алуларды жинап қойған қойма, екінші жақтан, белгілі нәрсені еске түсіретін қуат (қабілет). Жад ақылға бағынышты... Керекті болмыстарды (факті) реттеп, жіктеп шығады. Сонан соң, ол мағлұматтар ботқа болмайды. Қисынсыз, мысал ретінде еске сақтаған болмыстардың қосындысын жұлма жад, ал тәжірибенің қисындық ережелерінен құралатын тұжырымды пәлсапа жад деп, Ж. Аймауытов екі топқа бөлген. Бұл ойды айқындау үшін автордың өз сөзін келтіріп өтейік; «Бір кісіде әрі күшті жад, әрі пәлсепеге икемдік болса, ол адамның шығарғыштық күші жоғары дәрежеге жеткен көп қасиетті меңгерген деп санау керек. Вальтер Скот, Лейбниц, Гете сынды адам заттың сырттаны, сондай кейіпкерге (тип) кіреді. Анығында нағыз зор жаратқыштық күш жасалуы үшін ондай жад болу қажет»

Жад қабілеттері бір-біріне үндестікпен келіп, өзара маталуы заңды құбылыс. Маталуы нәрселердің (білім нысаналарының ұсақ бөліктері) жүйесі қанша болса, жадымыз да сонша деп айтуға болады. Бір жаңа нәрсе өз жүйесіндегі басқа нәрселермен іліктесіп барып, жадқа сақталады. Мұның бәрі дерлік қадағалаумен, үйретумен, пысықтаумен жүзеге аспақ.

Жүсіпбек Аймауытовтың бұл ілімінің бүгінгі XXI ғасырдың ақпараттық жүйесіне де ықпалы зор. Тура компьютерге білім көлемін сақтауға әзірлеп бергендей сипатта қабылданады. Адамның білім жию қоймасын «ой орнығатынын сонау XX ғасырдың басында көрегендікпен айтып кеткен. Осындай педагогикалық психологияның этнопсихологиялық аспектісін жан-жақты ашып берген, оның әрбір салаларының заңдылықтарын прагматикалық, пәлсапалық жұпта алып қарастырған. Мұнымен бірге ой сандығының әрекетін толық талдап, оқырмандарының жұлма жад пен пәлсапалық жадты қосақтап ұстауына, оны саналы дамыта алу іскерлігіне конструктивті ой түйеді. Жұлма жадтың ойлау әрекеті:

- бір нәрсені ақылға тоқып алудың ең жақсы жолы ақылды жүйе, басқаша айтқанда «білім» жүйесіне тізбелеуі;

  • жиған «білім» жүйесін өз тобының ішінде тиісті орынға орналастыруы;
  • оның себебін ойға қаттап салып түсіндіруін табуы;
  • одан керекті салдарын қорытып шығаруы;
  • ол қорытынды-тұжырым табиғаттың қандай заңына келетінін білуі;
  • білім қоймасы - еңбек жолының ең тиімдісі деген түсінікке келуі;
  • толып жатқан ұсақ-түйек ойларды білім жүйесінің қууы - жабайы ұғымның орнына меңзес іліктестіктің пайда болуы:
  • заңды білу арқылы жадты толып жатқан жеке мысалдардан құтқаруы; заң арқылы керекті нәрсені дәйім еске түсіруі;

Ақыл-ой әрекеті:

  • барлық нәрселер ақылға тірелді;
  • түсіндіріліп, себеп-салдар есебінде бірімен-бірі байланысуы, жүйе жаттау шарттарының ең жақсы болуы;

- оның сілемімен көп нәтиже қаражатпен қолға түседі;

-кімде-кімнің жұлма жады кем болса, ол кемшілікті пәлсапалы ойлауды күшейту арқылы толықтыруы;

  • бір нәрсені үнемі бір түрмен жаттаудан сақтануы;
  • сөз ойдың табылмайтын құралы екенін елеуі;
  • егделенген сайын адамның көру арқылы білім жиюы кеміп, сөз арқылы көп ұғынуы;
  • миындағы ығы-жығы бернелерді реттеуі;
  • нобайлап айтудан арылып, дәл қып айта алуы (заңы алаңы);
  • өрнекті, пәлсапалы ойды аудырмай айтуы;
  • мақсатқа жетудің жолы талдау, тексеру, ойлай білу екенін ұғуы;
  • оны қайталауы, қорытуы, жинақтауы, пысықтауы, толықтыруы (Ж.Аймауытов сол кездің өзінде жаңа сабақ пен өткен материалды қайталаудың жүйесін шығарып берген);
  • оны үнемі жаңа мағлұматтармен толықтырып отыруы;
  • Адам – текті, күрделі зат; оның бірлі-жарымды қабілетін өзіне сипаттарын бөліп алып, өлшеу арқылы нағыз рұқ (рух) қабілеттерін шамалауға ұмтылып, қабілеттілік рухын дамытуға бағыттауы;

-тәжірибе ретінде сынағанда, мағынасыз буындар, сөздер, әйтпесе шын өмірде жолықпайтын нәрселерді бермеуі;

  • жадымыз бір мүддеге, мақсатқа қызмет қылып, бір өзімізге керегі болуы;
  • алған білім өмірде басқа бернелермен жанастырылып, жадының дамып отыруы;

- ынталану мен әдістенуді білім аумағына өмірмен жанастыруы;

- рух қабілеттілігін өлшеудің мүмкін еместігінің басты себептері көңіл, адамгершілік жігері, табандылығының сипатын шығара алуы;

  • бір қабілетті сынаумен білуге мүмкін еместігі, ұзақ амалдарының түпкі нәтижесіне қарап шамалануы, жадтың ұшқырлығы ақыл зеректігіне қатысының жоқтығы;
  • бақылампаз оқытушының сыны, шәкірттің жадын, іліктестік куатын, ілтипатын тәжірибе арқылы ғана өлшегеннен анағұрлым бағалы болуы;
  • баланың қылығын байқап жүргенде, қосаметкей мағлұмат үшін істегені пайдалы, көретін көзі бар, сара ақылы бар, адамның табиғатын ұғарлық оқытушының сыны жәй тәжірибеден артық екенін түсінуі;
  • кімде-кімнің ақыл жүзіндегі жабайы қабілетінің, не жұлма жадының бірі шалағай болса, ол үшін қынжылу жөнінің жоқтығы;
  • көз бернесінің қабілеті болмай-ақ, кісінің суретші бола алуы, жады жаман бола тұра, атақты ғалым бола алуы;
  • қай уақытта болмасын нәрсеге елігуі, ынтық болу (қозғаушы күш) адамды алысқа сүйреуі;
  • бір мақсатқа бағыттасаңыз, сөз жоқ, оған жетуі;

- бай болуға ынтықсаңыз, бай болуы; оқымысты адам болам десеңіз, оқымысты болуы; тек сол нәрсеге ғана ынтығу керек, одан басқаға көңіл бөліп алаңдамауы.

Ж. Аймауытов оқыту үдерісінде халықтық педагогиканың негізгі қағидаларына сүйене отырып, балалық жас ерекшеліктеріне баса көңіл аударған.

Ж. Аймауытовтың психологиясы қазақ мектептерінде балаларды оқыту үдерісінде жалпы психология негізінде емес, этнопсихология тұғырында оқыту керектігін ескергені белгілі. Ж. Аймауытов көп тілді меңгерген полиглот болғандықтан Джеймстің психологиясын ағылшын тілінде оқып, оны этнопсихология жазу үдерісінде метаметодика қарымында жазғаны байқалды. Ешбір басқа тілдерде жазылған психологияда «соқыр сезім», «саңылау сезім», «ой сандығы», «пәлсапалық жад», «жұлма жад», «берне», «бағам», «іліктес», «көз кіндігі», «құлақ кіндігі», «елігу», «меншіктеу», «ынтық», «қуат», «ақыл жүзі», «жабайы қабілет», «қынжылу», «тектілік», «рұқ», «нобай», «реттеу», «сілем», «дәйім есте сақтау», «егделенген», «пәлсапа», «өрнекті ой», «жүйе», «шарт», «мағынасыз буындар», «әдістену», «өлшем», «шамалау», «ұшқырлық», «зеректік», «зерделі қылық», «ілтипат», «сара ақыл»және т.б. ұғымдарды этнолингвистикалық сала тұрғысында этнопедагогика субстанциясын құрғаны басқа қазақша зерттеулерде кездесе бермейді. Мұнымен бірге этнопсихологияда жоқ ұғымдарды енгізген: «апперсепсе», «индукция», «дедукция», «ассоциация», «силлогизм», «аналогын табу», «анализ», «синтез» және т.б.

 

Студенттердің білімдерін бақылауға арналған сұрақтар:

  1. Қазақ этнопедагогикасына негіз болар алаш қайраткерлерінің еңбегінің тұжырымдарына эссе жазыңыз.
  2. М. Жұмабаевтың еңбегіндегі халықтық педагогиканың құндылықтарын жіктеңіз.
  3. М. Дулатовтың, А. Байтұрсыновтың еңбектеріндегі ұлттық құндылықтар түзілімінен матрица құрыңыз.
  4. Ш. Құдайбердиев еңбектеріндегі интеллектуалды әлеуеттің халықтық педагогика негізінде келуін дәлелдеңіз.

 

СӨЖ, ӨЖ сұрақтары:

  1. Алаш қайраткерлерінің ұлттық идеяларының этнопедагогикаға қатысты екенін дәлелдеңіз.
  2. Алаш қайраткерлерінің этнопедагогика зерттеушілерінің еңбектердегі әдіснамалық негіз құраудағы рөлін анықтаңыз.
  3. Бүгінгі этнопедагогика мен этнопсихологияның даму траекториясын құрыңыз.

 

 Әдебиеттер:

  1. Аймауытов Ж. « Рухнама» Павлодар: ЭКО, 2003.-223б.
  2. Торайғыров С. « Рухнама» Павлодар: ЭКО, 2003.-226б.
  3. Дулатов М. « Рухнама» Павлодар: ЭКО, 2003.-201 б.
  4. Храпченков Г.М., Храпченков В.Г. история школы и педагогической мысли КАзахстана. – Алматы: Кайнар, 1998. – 168.
  5. Шалгимбекова А.Б. Проблемы истории школы и педагогической науки в трудах казахстанских педагогов (конец XIX– первая половина ХХ века). – Костанай, 1997. – 28 с.