2.3 Қазақ этнопедагогикадағы әдеп негіздері


Адамдар арасындағы қарым-қатынаста ізгілік нормалары болып табылатын әдеп пен тәрбие адамзат дамуының алғашқы кезінен бастап-ақ пайда болды. Әдеп («ethos» деген грек сөзінен шыққан, дәстүр, адамгершілік деген мағына береді) — бұл мораль, адамгершілік туралы ілім. Ең алғаш «әдеп» терминін Аристотель (б.э.д. 384-322) практикалық философияны белгілеуде, адамдардың дұрыс, адамгершілікті қылықтар жасауда не істеу керек деген сұраққа жауап беру үшін қолданған.

Жеке ұлттық және жалпы адамзаттық арналардан бас құрайтын әдеп үрдістерінің тарихы өте әріде жатыр. Алғашқы қауымдық құрылыстан бастап оның мүшелерінің мінез-құлық, мүдде, тілек және т.б. бір-бірімен санасуға тура келгені анық. Бұл қажеттілік әрі қарай адамдардың отбасылық, қоғамдық, діни және салт-саналық парыз-міндеттерін орындауымен ұштасқан. Қоғамдық сана мен қарым-қатынастың, мінез-құлықтың аса маңызды формасы ретінде әдеп жайында ежелгі Мысыр мен Грецияда, Үндістан мен Қытайда, Тұран елі мен Иранда, орта ғасырлық Еуропада талай әдеби, дидактикалық жәдігерліктер дүниеге келген. Мысалы, антик дәуіріне жататын скандинавиялық «Эддес» кітабында дастарқан басында сақталатын әдептерге ерекше мән берілсе, 1204 жылы испандық Петрус Альфонс жазған мінез-құлық жөніндегі алғашқы нұсқау құрал «Клерикалис тәртібі» деп аталады. Ал Шығыста  әдеп,  мінез-құлық, «адамгершілік туралы трактаттар» тіптен көп және олардың тарихы да әріден басталады. Батыс пен Шығыстың ортақ мұрасына айналып, үнді жерінде дүниеге келген әдеп кодексі деп аталатын  «Ману бақтарын» (б.з.бұрынғы ІІ ғ.)  немесе Ватсьяянаның «Махаббат ғылымын» (үй-жай ұстау, тазалық, бойын күту, инабаттылық  нышандары баяндалған), біздің заманымызға дейін Ү-ҮІІІ ғасырда өмір сүрген дәрігерлер Чарка мен Сурсируттың мигерлер әдебі жайындағы еңбектерін атауға болады.

Жақсы мінез адамның жарты бағы деген ұстаным – ежелгі түркі жұртынан қалған рухани мұра. ХІ ғасырда өмір сүрген парсы жазушысы Кабустың (Кей Кавус Унсур Әл-Маали) біздің халықтарымыздың төл мұрасындай болып кеткен, соңғы жылдары қазақ, өзбек, қарақалпақ тілдерінде басылып шыққан нағыз шығыстың өнеге кітабы «Қабуснаманы» ерекше атап көрсеткен жөн. Аты аңызға айналған данышпан Ұлықпан Хакімнің бір әңгімесінде, патша өзінің уәзірінен «Қашан, қайда барса да адамдар жақсы қабыл алатын кісі кім?» - деп сұрағанда, ол: «Әдепті  адам” – деп жауап берген екен дейді . Олай болса, адамның бойына сіңіп, оның мінез-құлқына айналған  тамыры тереңнен келе жатқан әдептіліктен асқан абзал қасиет жоқ  екен.

Әдеп ұғымы Әл-Фарабише ілтипатпен әр нәрсеге мән беруді іс-әрекетке айналдыру. Бүгінгі күннің тілімен айтсақ, ілтипат әдептің алгоритмдік желідегі бірінші үдерісі. Әл-Фарабидің үш бұрышы әдептің бірінші заңдылығының негізі бола алады: 1. Мінез-құлқы таза; 2. Ниеті түзу; 3. Көңілі кіршіксіз дәрежеде болуы (Сурет 1).

Сурет 1. Бірінші заңдылық Әл-Фарабидің үш бұрышы

 

Аталған Әл-Фарабидің әдеп жайлы бірінші заңындағы үшінші бұрышындағы «ниеті түзу» ұғымы тұлғаның ішкі, интериоризациялық кіршіксіз мөлдір екеніне көз жеткізеді.

Абай Құнанбайұлының еңбектерінен де әдептің негізін құрайтын алгоритмдік құрылымды байқауға болады (Сурет 2).

Әдеп – болмыс пен қондырма мәнінің басымдық берер нысаны. Әдеп нормалары әуел бастан, біріншіден қоғамның пайда болуы мен өмір сүруінің шарты болса, екіншіден адамдардың бірлікте өмір сүруге, яғни ізгілікке қабілеттіліктерінің көрсеткіші болып келеді. Әдетте қай-қайсымыз болсын әдепті жанға қарап, риза болғанда «көргенді жердің қызы екен», «әдепті бала», «тәртіпті жан екен» деп тамсанып жатамыз.

Әдеп – қоғамдағы адамдар мінез-құлқына қойылатын этикалық талаптардың жиынтық атауы. Әдептің қоғамдағы басты қызметі тұлғалық қатынастарды адамгершілік талаптарына сәйкес ретке келтірумен байланысты.

Бұл сипатта әдеп мәдениеттің іргелі бір құрамдас бөлігіне жатады. Мәдениеттің қалыптасу барысында ізгі мінез-құлық белгілері әдептілік талаптарына айналып отырған. Әдептілік өлшемдері арнаулы қаулы арқылы жарияланбайды және олар данышпан адамдардың ойлап тапқан құндылықтары емес. Әдептілік ережелері өркениет пен мәдениеттен сұрыпталып алынған.

Сурет 3. Екінші заңдылық Абай Құнанбайұлының көпбұрышы

 

Ал әдеп, жазу-сызусыз, арнайы заң шығармай-ақ қалыптастыруға тиісті жағдай. Мысалы, кафеге қалай бас сұғып, қалай шығу керектігін, шанышқыны қай қолға ұстап, пышақты қай қолмен қолдану қажеттігін заңмен бекіту керек пе? Жоқ. Мұның барлығы жазылмаған заңдылық. Ол кез-келген адамның түйсігі сана-сезімі арқылы ортаға бейімделуі, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуі арқасында қалыптасатын тәрбиесі. Олай болса әдептің жазылмаған өз тәртібі  оның қажеттілігін  дәлелдей  түседі.

Қазақ халық педагогикасындағы әдеп идеялары. Бүгінгі күнде әр ұлт өзіндік тарихымен, тілі мен мәдениетімен, ұлттық қасиет сапаларымен әдебімен жаһандану үдерісінде ерекшелене алады. Халықтық педагогика кеңістігінде ХIV ғасырдағы Керей-Жәнібек хандығынан бұрынғы алты алаш (ғұн, сәнби, жужан, оғыз, қыпшақ, сақ) заманынан бергі даналардың парасатты идеяларының әдепке қатысты дүниетанымдарын әдіснамалық негізі бола алады.

Қазақ топырағында әдептануды арнаулы ілім ретінде қарастырған ғұлама-философ, әмбебап ғалым - Әбу Насыр Әл-Фараби. Ол этиканы жақсылық пен жамандықты айыруға мүмкіндік беретін ғылым ретінде қарастырды. Оның түсінігінше, адам жаратылыстағы ең қасиетті жан. Сондықтан оған үлкен құрметпен қарау керек. Әл-Фараби «Қайырымды қаланың бірінші басшысы, қайырымды халықтың басшысы және жер жүзін мекендейтін елдің басшысы өз бойында туа біткен 12 қасиетті ұштастырған адам ғана әдепті бола алады деген.  Олар: 1) Бұл адамның мүшелері мүлде мінсіз болуға тиіс, бұл мүшелерінің күші өздері атқаруға тиісті қызметті аяқтап шығу үшін мейлінше жақсы бейімделген болуы керек, сонда егер адам әлдебір мүшесінің жәрдемімен әлденедей бір іс істемек болса, ол мұны оп-оңай атқаратын болады; жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінетін, айтылған сөзді сөйлеушінің ойындағысындай және істің жай-жағдайына сәйкес ұғып алатын болуы керек; 2) өзі түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардан ешнәрсені ұмытпайтын болуы керек; 3) әйтеуір бір заттың кішкене ғана белгісін байқаған азаматта сол белгінің ишаратын іліп әкетерліктей алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі болу шарт; өткір сөз иесі және ойына түйгеннің бәрін айдан-анық айтып бере алатын тілмар болу шарт; өнер-білімге құштар болу, оқып-үйренуден шаршап-шалдықпай, осыған жұмсалатын еңбектен қиналып азаптанбай, бұған оңай жететін болу керек; 4) тағамға, ішімдік ішуге, сыр-сұхбат құруға келгенде қанағатшыл болу керек, жаратылысынан сауыққұмарлықтан аулақ болып, бұдан алатын ләззатқа жирене қарауы шарт; 5) шындық пен шыншыл адамдарды сүйіп, өтірік-жалған мен суайттарды жек көру керек; 6) жаны асқақ және ар намысын ардақтайтын болуы шарт; жаны жаратылысынан пасық істердің бәрінен жоғары болып жаратылысынан игі істерге ынтазар болуы тиіс; 7) жаман атауға, жалған дүниенің басқа да белгілеріне жирене қарау керек; 8) жаратылысынан әділеттілік пен әділеттілерді сүйіп әділетсіздік пен озбырлықты және осылардың иелерін жек көру керек; 9) жақындарына да, жат адамдарға да әділ болып жұртты әділеттілікке баулып, әділетсіздіктен зардап шеккендердің залалын өтеп, жұрттың бәріне де өз білгенінше жақсылық пен ізгілік көрсетіп отыруы қажет; 10) әділ болу керек, бірақ қыңыр болмау керек; 11) әдептілік; 12) өзі қажет деп тапқан істі жүзеге асырғанда шешімпаздық көрсетіп, бұл ретте қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек…» - дейді .

Әл-Фарабидің әдепке негіз болатын жоғарыдағы айтылған 12 адамгершілік қасиет сапалары бүгінгі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Интеллектуалды ұлт – 2020» бағдарламасындағы Интеллектуалды ұлт құрау үдерісінде студенттердің ойлау өнерінің басымдықта келуін қадағалау деген тұжырыммен үндесіп жатыр. Өйткені студенттер – біздің болашақ ұлт құраушы тұлғалар. Парасатты ойлау өнері аталған проектінің аспектілеріндегі: 1) терең білімді игеруге; 2) кәсіби алғырлыққа; 3) жоғары біліктілікке; 4) ұлттық мүддеге қызмет етуге; 5) ел алдындағы парыз ұғымына сүйенуге; 6) обал мен сауапты ескеруге; 7) рухани құндылықтарды кәсіби құзыретіне сәйкес сұрыптауға; 8) жасампаздыққа; 9) заманның озық технологияларын пайдалануға; 10) индустриялдық өркендеудің ақпараттық өрлеуіне; 11) жаңа философиялық пайымдамаға; 12) ділі және рухы биік кемелді болуға мүмкіндік жасайды. Жолдан таймай бүкіләлемдік елдердің қатарынан орын тебуге аталған тұғырлы 12 сапалық көрсеткіштердің индикаторы функционалды сауаттылықтың қайнар көзі.

Бүгінгі модернизм кеңістігіндегі әдептілікке бағдар берерлік функционалдық сауаттылық әр саланың біліми-ғылыми мазмұнынан туындайтын тұжырымдардың істегі көрінісі болып табылады.  Функционалдық сауаттылық – белгілі бір мамандыққа қатысты прагматикалық икемділік пен қабілеттілікті басқаларға таныта алатын тұлғалық болмыстың қызметі. Бұның өзі – әдептіліктің негізі. 

Осы ой-пікірдің дамуына үлес қосқан Х-ХІІ ғ.ғ. Қарахан мемлекетінің тұсында өмір сүрген халқын басқаратын, бектің сипатын сомдаған кемеңгер, данышпан Жүсіп Баласағұн. Оның «Құтты білік» несібелі, құтты, бақытты, дәулетті болуына ақыл берерлік шығарма. Бәйіт жанрымен өрілген бұл шығарманың кейіпкерлері  - Нұрлы, Құтты, Бақытта болудың жолдары 4 құбыланың өзара байланысының мәні олардың осал мінез-құлықтарын бір-біріне айқындап берумен нақтыланған. Шығарманың түйіні – 4 құбыла. Бір-бірімен жеке тұлғаның бойында тұтастық сапада келеді. Жүсіп Баласағұнның құт әкелер негізгі идеясы – адамның тұлғалық болмысындағы әділет. Бұл бірінші ілім ол ішкі заңдылық және сыртқы заңдылық болып бөлінеді. Ішкі әр отбасының өздерінің шығарған әдебі. Осы әдеп мемлекеттің шығарған сыртқы заңдылығымен түйісуін ұсынады. Екіншісі дәулет. Оны да ішкі сыртқы деп ажыратады. Ішкі дәулет әр тұлғаның ішкі интеллектуалды әлеуетінің жиынтығы. Ал сыртқы дәулет, ішкі дәулеттің көрсеткіші ретінде заттық байлық. Үшіншісі – парасат ішкі білімнен жинаған ғылыми парасат. Ішкі ғылыми пайым мемлекеттік ғылымына сәйкес келуін дәлелдеген. Төртіншісі – қанағат (ішкі, сыртқы). Ішкі қанағат отбасы ішілік мүмкінділік қанағат. Сыртқы қанағат қоғамның саяси, экономикалық, мәдени, әлеуметтік сұранысқа үндесіп келуін дәйектеген. Бұл бүгінгі қазақ елінің мәңгілік ұлт құрау үдерісіне қосар үлесі аталған Баласағұн іліміне негізделген ұлттық идея.

Қазақ халқының әдебіне қатысты идеяның сөздік қорын құру бағытында ерекше орын алатын орта ғасырлық ғұламалардың бірі Махмут Қашқари. Ол өз сөздігінде әділдікке, адамгершілікке, ар-намысты жоғары ұстауға, мейірімділікке, әдептілікке шақырады. Мәселен,

«Атасынан ақыл алса, тентек ұл да жөнделер,

Ұлысында ұлы болсаң, біліміңді елге бер.

Асығыс еткен іс шала,

Асығыс жаққан от шала...

Ғаріп келсе – күт оны, ас-суыңа қандыр да,

Қума үйіңнен бірақ та сапарынан қалдырма.

... Рахымшыл болсаң, менмен болма...»  дегені адамдардың өзара қарым-қатынасындағы әдепті істерге меңзейтіндігін аңғарамыз. Осы ретте ХІІ ғасырда қазақ топырағында әдеп тәрбиесінің терең тамырлануына, құнды еңбектерімен үлес қосқан Ахмед Жүйнеки. Оның дастанында адамның жеке тұлға болып қалыптасуын этикалық проблемалармен байланыстырып, бұл дүниеде ең үлкен құндылық адамның өмірі деп дәлелдеген. Сонымен қатар адамдардың мінез құлқын жақсарту арқылы ғана өмірді өзгертуге болатынын және адамның адамгершілігі оның әдебінде деп есептеген.

Халықтық педагогикадағы әдеп идеяларының негізін қалаушыларының бірі Қожа Ахмет Яссауи. Өзі өмір сүрген дәуірдегі әділетсіздікті, адамдардың өмірдің әртүрлі сәттерінде тек өз қамын жеке басын ойлауын «Ғажап, сұмдық заман болды, достар» деп имандылық жолындағы адам тазалығын, тән тазалығын сол кездің өзінде-ақ терең түсініп, бүгінгі ұрпаққа ғибрат еткен. Өзінің хикметтерінде Қ.А.Яссауи:

«Ел-жұрттан мейір, шапағат кетті, достар,

Үлкен-кіші адамдардан әдеп кетті.

Қыз-келіншек, нәзік жаннан ұят кетті» - деп әйелдер мен қыздардың табиғатына тән инабаттылық, ибалылық, ұяттылық, адами қасиет-сапаларының төмендеуін әшкерелей отырып, болашақ жастарды әдептілікке шақырған.

Отбасынан бақ пен құтты қашырар да, оны шақырар да адамның әдептілігі екендігін шығыс елінің, қазақ елінің ғұламалары өз еңбектерінде нұсқалы тұрғыда жіктеп өткені анық. Осы орайда, Мәшһүр-Жүсіптің еңбегі парасатқа қозғаушы күш берерлік даналық ұстаным сапасында қабылданады.Мәселен, «Нәпсіңді атқа мінгізбе» тақырыбындағы еңбегінде көрмейтінді көрме, естімейтінді естіме, миына рухани құндылық жинамайтын пенделерді селт еткізер мына бір жолдарда философиялық идея басымдықта:

// Қалмады ойлай-ойлай басымда ми,

Оянып, көзіңді ашып, есіңді жи//

//Ағыздым мен бір бұлақ көзін тауып,

Мес қылып құлағыңды толғанша құй//

//Ғылым біл, жұмыс істе, - оған серік,

Жарлыға мал, бұл ғылым – байға көрік!//

//Біреуді дүние әдепке үйретпесе,

Оны үйретіп түзетуге әуре болма!

Бұл жолдардан әдепті болу мақсатын алға қойған адамның зерде жиюының алгоритмі ұсынылған. Әрбір жеке тұлға өзінің интеллектуалды әлеуетін білім көздерінен жинай алмаса, бүкіл ұлт интеллектуалды мәртебеге қол жеткізе алмайтыны өз-өзінен түсінікті. Бүгінде сөзге құлақ аспайтын, белгі-атрибуттарды ажырата алмайтын, өзінің көркем, келісті ой-түйіндерін сөйлем сапасында құрастыруға шамасы келмейтіндер жайлы парасатты даналық іске бағдар берер бұл еңбектің рөлі зор.

Шәкәрім Құдайберді шығармашылығындағы әдеп жайлы тұжырымдар өлең өрнегімен түсіндіріледі. «Талап пен ақыл», «Адам немене?», «Жолсыз жаза, яки кез болған қаза» шығармаларына талдау жасап, пәлсапалық сипаттары былай болып келеді:

  1. Талап шапса ақылға мініп алып,

Жақсы-жаман бәріне бірдей салып.

Анық ақыл адымын аштырмайды,

Еш нәрсе одан құтылмас жетпей қалып.

Бұл құбылыстан адамның игілікті мақсатқа жетуі үшін құр талап жетімсіз екенін байқаймыз. Мұнда ішкі сезім сипатынан гөрі танымға бейімдеу, салихалы әдепке бағыттау басымдық. Ақын өз өлеңдерін адам тұлғасын әдептің оңтайлы, ізгілікті, өршілдік қасиетке, бағытты мәреге бұру мақсатына арнаған.

 Әдеп әр  адамның өмір сүру тәсілі мен өмір жолына байланысты қалыптасады. «Жақсы адам болып қалыптасу үшін, жаратылысынан гөрі, жаттығудың ролі зор», -деген ежелгі грек философы Демокрит. Адамның өз басы осы үдеріске қатыспай тұрып, өзін-өзі тәрбиелеуге икемсіз болады, демек, онсыз әдептілік қалыптаспайды. Қай қоғамда әдеп жоғары қойылса, сол қоғамның абыройы жоғары, тұрмысы да бай-қуатты болады. Бір адамның қандай да бір әдепсіздік ісі міндетті түрде айналасына күйедей жұғып, қоғамға зор зиянын келтіреді. Халықтың: «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді», – дейтіні сондықтан болса керек.

Әдеп белгілі бір қоғамның рухани қажеттігі негізінде пайда болып, өзіндік белгілері, сипаттары арқылы сол қоғамды құрайтын адамдарды біріктірудің қуатты құралы қызметін атқарады. Демек, әдеп - қоғамдағы келісімді іс-қимылды ажарландыратын тетік, адамдар арасын адамгершілік негізде байланыстыратын қоғамдық құрал. Сондықтан да адамның әдептілігі оның адамдар арасындағы жүріс-тұрысынан, басқалармен қарым-қатынасынан көрінеді. Халық: «Жақсы-жақсы дерсің, ісің түссе білерсің», – деп бекерге айтпаған ғой. «Әдепті бала өсірсең, ауылдың абыройы», «Сыпайылық жоқ жерде, сыйласуда жоқ», «Ұлық болсаң – кішік бол» деп, ой тоқтататын сөз маржандары халқымыз ұстанған әдеп тәрбиесінің жүйелі бағдарын меңзейді.

Адам қоғамда қылығымен танылады, сондықтан оның мінез-құлқынан қандай адам екені білініп тұрады. Жеке тұлға қоғамда өз орнын таба білуі үшін әдептілік қағидаларын қалыптастыра алуы қажет. Әлбетте, әдептілік-инабаттылық үдерістерін бойға жақсылап сіңірген адам нағыз адам болмақ. Әдептілік атадан балаға қан арқылы берілетін нәсілдік жайт емес, яғни адам атасына тартқаны үшін өздігінен әдепті кісі болып шыға келмейді. Әдептілік адамның өзімен бірге өсіп-өнеді және өркендейді.

Адамның жеке басының тұлғалық болмысы – оның кісілігі. Ал, кісілік дегеніміз – адамның абыройы, беделі, дәрежесі. Бұның бәрінің ұйытқысы – әдептілік. Ендеше, адам өзінің өмір сүру салтын, ғұмыр кешу кодын осы әдептілікке негіздеуі керек. Әдептілік адамның жеке құлқын жолға қояды, оны қоғамға пайдалы адам етіп шығарады. Бұл тұрғыдан алғанда адамдардың қоғамдық өмірі осыған байланысты болып келеді. Яғни, қоғам жеке адамдардың жақсы болуын қалайды. Ал, адамды жақсы ететін – әдеп.

Адамгершілік сезім де осы әдептен басталады. Адамның жеке басындағы адамдық қасиеттерін, оның адамгершілік сезімдерін әдеп дамытады. Жалпы алғанда, әдеп адамды мейірімді, рақымды етіп, сол арқылы қоғамды да рақымдылыққа бағыттайды. Лұқпан Хакімнен «Әдептілікті кімнен үйрендің?» деп сұраған кезде, ол: «Әдепсіздерден. Әдепсіздің тұрпайы көрінген әрекетінен бойымды аулақ салдым» – деген екен. Адам осылай өзін-өзі тәрбиелей алуға тиіс. Өйткені, не нәрсе болмасын тәрбие арқылы ғана іске асады. Қоғамдағы тәрбие тәртіптілікке мүдделі. Сондықтан да тәртіптің негізі – әдеп, өйткені әдебі жоқ қоғамда тәртіптің орнауы екі талай. Ал, тәртібі жоқ қоғамның ыдырамауы да мүмкін емес. Сол себепті де «Адам әдепті болуға тиіс» деген сөз тәртіпті болуы керек дегенді де ұқтырады. Бұл істе батыл болып, жеке басында әдептілік қағидаларын орнықтыра алса, қоғам үшін нағыз керекті адам болып шыға келеді. Ал өзімшілдікке салынып, әдептілік қағидаларына мойынсұнбаған адам жеке басына опық жегізеді.

Адам қоғамы пайда болғаннан бастап оның мүшелері мінез-құлық, мүдде, тілек т.б. жағынан бір-бірімен санасуға тура келді. Ғабит Мүсірепов жазып кеткендей: «Мал баласын бауырында өсіреді, ағаш жапырағын ығына қарай төгеді, адам баласы болса, қоғамның шылауында өседі»  емес пе?! Адамдар арасындағы осынау күрделі өзара қарым-қатынастарды адамгершілік-имандылық тұрғысынан реттеудің шартты қағидалары болып әдеп-инабат нормалары қалыптасты.

Халық өзіндік болмыс-бітімін ұлттық әдептілік негіздері арқылы сақтайды. Қазақ халқының төлтумалығы, ерекше бітімі, әмбебаптығы оның әдептілік қағидаларына негізделеді.

Қазақ әдебі іс-әрекетке айналдырған мінез-құлықтың көрінісі және жеке тұлғаның болмысындағы басшылыққа алатын ережесі, өзіндік қағидасы.

Қазақ халқының әдептілік қағидалары адам баласы үшін  ұлы да құнды әдеп нормалары болып саналады. Мәселен: 

  1. Адамның жүрегі мен ойларының (ниетінің) тазалығы. Адамның қандай да болмасын жасаған іс-әрекеті ылғи нәтижелі аяқтала бермесі анық. Ол ісін жақсы ойлап, жаман тәмамдауы да мүмкін. Не болмаса байқамай қателік жіберіп алып, ісін жаманшылықпен бітіруі де ғажап емес. Олай болса, ең әуелі адамның таза ниеті маңызды. Ниеті түзу адам қиындыққа еш мойымайды. Ниеті дұрыс болғандықтан, бұдан кейінгі істерін де түзу көңілмен жалғастырады. Ниеті түзу ұстау әдебі – Ж. Баласағұн еңбегінің негізгі қағидасы.
  2. Қарым-қатынаста шыншыл тура өз ойын айта білу. Қазақ әдебінде адамдармен қарым-қатынаста іс-әрекетінде шыншыл, өз ойын тура айта білуді, өзінің жаман қасиеттерін жеңе білудің көзі деп тәрбиелеген. Бұл орайда, Бауыржан Момышұлы: «Ерлік – әдептің ең шыңы, ол – өзіңнің жаман мінез-құлқыңды жеңе білу»  - деген анықтамасы – өзіңнің қорқыныш сезіміңді жеңсең, жауға қарсы шыға аласың дегені.
  3. Байсалды, ұстамды, төзімді, сабырлы бола білу.

Сабырлылық әдебі әрқашанда шыдамдылықты, байсалдылықты, төзімділікті ақылмен, әдеппен сақтай білу үлгісін алға тартады. «Сабыр түбі – сары алтын, жеткізеді мұратқа» дейді халық. Сабырлылықтың салтанаты жеке тұлғаның басына қиындық туған кезде ерекше байқалады. Сабыр салтанаты ақыл мен төзімге байланысты. Күйгелектік күйдіреді, сабырлылық сақтайды. «Асығыс түбі – өкініш, ойланып алмақ, сабыр сол», - деп, Абай Құнанбайұлы әрбір әрекетте сабыр сақтап, ойланып алу төзімділіктің белгісі екендігін өнеге етіп айтады. Сабыр сақтаған адам ойлау жүйесінің қиындығын түйіндеп, ақылдың парасаттылық пайымын тауып, адамгершіліктің үлгілі-өнегесін көрсетеді.

«Сабыр сақтап, төзуге болар, бірақ уақыт өтіп кетеді», - деген екен ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов. Әсіресе, мақсатты істе тездік әрекет қажет болған жағдайда «шықпай отыру» бейқамдық болады. Әрбір тұлға бейқамдық пен сабырлылықты ажырата білу керек. Әділетсіздікке құрылған сабырлылық адамды опындырады.

  1. Түрлі этникалық қауымдастықтағы және әр түрлі әлеуметтік дәрежедегі адамдар арасында жағымды қарым-қатынас орнату. Әрбір ұлт өзінің рухани-психологиялық тұрпатын сақтап қалғанда, ұлттық-мәдени игіліктерін дамыта алғанда ғана өзге елдермен терезесі тең әріптестер ретінде ынтымақтастықта бола алады. Халқымыз бұл орайда өзге дамыған елдердің білім мен технологиясына қақпасын теріс жаппай, олардан өркениеттілік әдебін ала отыра, өзіндік болмыс-бітімін сақтап отырған.

Қоғамның әрбір мүшесі әлеуметтік өмірде қолданылып жүрген мінез-құлық нормаларын сақтауға тиіс. Ал, ол нормалар: қоғаммен және отандастарыңмен санас, оларды құрметте, өзіңмен басқалардың қалай қарым-қатынас жасағанын қаласаң, өзіңді де нақ солай ұста деген ұстанымға негізделеді.

  1. Ізетті, қайырымды бола білуі. Жеке тұлғаның адам баласымен тек сыйласымдық әдеппен (мәдениеттілікпен) қатынас жасай білудің өнегелі үлгісін ізеттілік дейміз. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет», – дейді қазақ халқы.

Ізеттілік қайырымды, нұрлы, мейірімді, мархабатты қарым-қатынастан туындайды. Ізеттілікті үйретпейді, ізеттілікті дарытады. Ата-ана, айналадағы ақылгөй адамдар ізеттілік көрсетіп, ұлттық тұлғаның әдебінен кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге дарытқан. Сондықтан «Жақсымен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа» - деген  мақал бар.

Қайырымдылық – адам баласына, табиғатқа жақсылық, жанашырлық жасаудың белгісі. Ол отбасынан басталады.Кемтарларға, кембалаларға қайырымдылық жасау үшін қайырымды тұлға оларға тікелей көмек көрсетеді, тұрмыстық хал-ахуалына қаржылай қамқорлық жасайды. Әрине, мұның бәрі өз әл-ауқатының мүмкіндіктеріне байланысты болады.

Жетім-жесірлерге, тұрмыстан қысылғандарға қайырымдылық жасау әрбір ұлттық тұлғаның адамгершілік парызы болып қалыптасқан. «Жетім көрсең, жебей жүр» дейді халық. Жеке тұлғадан бастап, ұлттық, мемлекеттік дәрежеге дейін салт-сана болып қалыптасқан халықтық дәстүр жалпы, адам баласының қағидасына айналды. Бұл қағида орындалмаса, әлеуметтік заңдылықтар бұзылады. Бұл салтты бұзу орындамау жеке ұлттық тұлғаның жетесіздігін, тексіздігін, сараңдығын, санасыздығын көрсетеді.

Халық қажетіне демеуші болу да қайырымдылықтың, халықтың дәстүрі. Бұл дәстүрді орындау тұрмысты, ауқатты тұлғаның қолынан келеді. «Елім десең, ерінбе сен», - деп, халық елге қызмет ету қамқорлықтың қадірін арттыратын құбылыс екенін ашық айтады. «Елге қайырымдылық ерге сын», - дейді халық.Табиғатқа қайырымдылық жасау барлық адамзаттың ардақты борышы. «Судың да сұрауы бар», «Аққан тердің, күткен жердің жемісі» сол табиғатқа жасаған қамқорлық пен қайырымдылық арқасы. Қайырым жасау – әдептіліктің негізі. Қазақ халқы қайырымды халық. Қайырымды халықтың ұрпағы ата салтын арыңдай сақтап, абыройлы болуға міндетті. Қайырымдылық – ұлттық парыз. Табиғат – Анаға қайырымды болу ол халық алдындағы парызыңнан да басымдықта деп түсінген абзал.

  1. Басқалардың қуанышы мен күйінішін түсіне алу және оған ортақтаса білу. Жеке адамның әдептілігі тек қана оның жеке басына байланысты емес. Басқалардың қуанышы мен күйінішін түсіне алу және оған ортақтасу да адамның жеке басында табылуға тиіс. Біреудің жоғын беру, қазасына қаймығу, қайғысында бірге болу, қасіретін бөлісу оңай шаруа болмаса керек. Әрине, мұның бәрі шынайы жүректен істелуі тиіс. Бұл адамның жеке басының әдептілігін айқын көрсетеді.
  2. Рухани құндылық арқылы тәрбиелеу. Ғасырлар бойына өркен жайып халықпен бірге жасасып келе жатқан әдеп «Кісі» деген ардақты атқа кір келтіргісі келмейтін әр кісіге ауадай қажет рухани құндылық болып табылады. Бұл инабат жолын меңгерудің қаншалықты маңызды екенін ұқтырғандай.

Халқымыз әспеттеген ар-намыс, ұят, ынсап, жанашырлық, адалдық, ақ пейілділік, бір сөзділік және жауапкершілік сынды ұғымдар адам жанын түгелдей көмкеріп, оның руханиятында берік орын алғанда ғана экономика да, мәдениет те, білім беру де үделі жерден шықпақ. Соның ішінде әлеуметтік хал-ахуал жоғары деңгейге бейімделмек.

Әдептілік – адам өмірінің рухани ұйытқысы. Мұның өзі әдеп-инабаттылықтың қаншалықты  қажеттігін, оның адам болмысымен біте қайнасып жататынын және оның ғұмырлық маңызын бағамдауын білдіреді. Оның мәнісі әдептілік сананы өркендету, оның жоғарғы көрінісі – әдеп-инабаттылық өлшемдерінен бас тартқызбайтын ар-ожданға ие болу дегенді ұқтырады. Бұл орайда, Ш. Құдайбердіұлының ар, ұят, сенім деген үш анығы – субстанция.

Әдептілік адам бойында турашылдық мінезді, ізеттілік талаптарының бұзылуына қарсы күресетін күш-қайратты орнықтырумен қатар оның рухани болмысында ұялу сезімін, адамдарға  қайырымдылық, мейірбандылық, шапағат көрсету, қанағатшылдық, өзін басқаның орнына қоя білу мәрттігін, адамдарды жақсы көріп қана қоймай, оларға қызмет көрсету тілегін, қайырлы іс істеу, жамандыққа қарсы ұмтылу қасиетін, құлшынысын, кішіпейілділік, кешірімділік, пәктік сезімін, өзінің ғана емес, басқалардың да тілектерін құрметтеу ізеттілігін, ұқыптылық, тазалық тәртібін шыңдайды. Халықпен бірге жасасып келе жатқан әдеп адамның рухани өсуінің игілігі болып табылады.

  1. Өз бойындағы жаман қасиеттерін жеңе білу. Адам өсек айту, біреуді сыртынан жамандау, балағаттау, жек көру, көре алмау, қызғану немесе біреуге жала жабу, кек сақтау, жалған сөйлеу, өтірік айту не болмаса екіжүзділік таныту, менменсу, өзімшіл болу және сол сияқты кесір қылықтар арқылы өзін әдепсіздікке бейімдеп алады. Жазықсыз  адамның сыртынан жалалы сөз айту, біреудің иненің жасуындай да артықшылығын көре алмау, елдің бәрін өзінің бақталасы деп білу - бұлар ең жаман пасық әдеттер.

Кісі өзінің өсекке таңылып, жамандалуын қаламайды, өзін біреудің қызғанғанын, көре алмағанын ұнатпайды. Сондықтан бұл айтылған барлық жаман қылықтарды ешбір адам өз бойына дарытпағаны дұрыс. Өйткені, «Өзің үшін тілемегеніңді өзгеге де тілеме» қағидасы бойынша әрбір адам өз басына да, басқаға да еш қиянат жасамауы керек. Мұнымен бірге бақас, күншіл, көреалмайтын адаммен күресу өзіңнің бағыңды қашыру.

Қоғамда бір адамға жүктелген міндет басқа адамның міндетімен тікелей байланысты. Бұл тізбекті зәрулік - қоғамдық құрылыс. Оның әрбір адамның әдептілігіне тікелей қатынасы бар. Олай болса, қоғамға зиян тигізбеу үшін әрбір адам басқа адамға нұқсан келтірмеуі қажет. Яғни бір адамның әдептілікті бұзуы қалғандарға міндетті түрде әсер етеді. Егер ол жалпы халықтық сипат алса, онда қоғам тығырыққа тіреледі, берекесі қашады, сондықтан адам әдептілік нормаларын орындай отырып және оның талаптары негізінде өмір сүре отырып қана коғамның сенімін ақтай алады. Олай болса, тірі пендеге жамандық жасамау, кісі көңілін себепсіз калдырмау, адамға жазықсыз жапа шектірмеу қоғам үшін аса қажетті әдептілік іс болып табылады. Аталарымыз: «Жақсылық қолыңнан келмесе, жамандық жасаудан сақтан. Өйткені жамандық қашан да қайта айналып иесін табады», – деп бекерге айтпаған.

Біреу дана адамнан сұраған екен: «Аспаннан кең не? Мұздан суық не? Оттан ыстық не? Темірден қатты не? Жетімнен қор не?» Сонда данышпан адам былай деп жауап қайырыпты: «Аспаннан кең - адал іс, жерден ауыр – кінәсізді балағаттау, мұздан суық – айналаға кек сақтау, оттан қызу – досқа қаскөйлік, темірден қатты – жаманның көңілі, жетімнен қор – өсекші». Ізгілік пен жауыздық, қатыгездік пен мейірімділік, адалдық пен арамдық, кішіпейілділік пен өр көкіректік, шындық пен өтірік, турашылдық пен көре алмаушылық, ақ ниеттілік пен қызғаншақтық, қанағат пен ашкөздік – адамзаттың тал бойынан табылып келе жатқан қасиеттері. Олардың арасындағы күрес те толассыз. Соның өзінде аталған қасиеттердің жағымсыз түрлері неше алуан әдістер арқылы көбінесе үстем болып, ізгілік, адалдық, мейірімділік, әділдік сияқты жалпы жұрт мойындап, қабылдаған анық адами сипаттар қорғансыз, әлсіз, аяусыз ашық майданда жеңіліс тауып жатады.Байқалғандай, жоғарыда аталған адам бойындағы кездесетін жаман қасиеттерді тек адамның адамгершілік жақсы қасиет сапалары ғана Құтқа, Баққа, Дәулетке, Ырысқа жеткізе алады.

  1. Сыпайылық, жомарттылық, мәрттілік. Қазақ халқында әдептілік, сыпайылық тәрбиедегі басты қағидаларының бірі. Адамның қандай жағдайда да әдептілік сақтауы ұнамды қасиет. Халқымыздағы әдептіліктің, кішіпейілділіктің бір көрінісі үлкенді сыйлау, құрметтеу, «сіз» деп сөйлеу, атын атамай, есімінің соңына «еке» деген сыпайылықты білдіретін жұрнақ сөз қосып айту. Мәселен, Қазбек – Қазеке, Дәулет – Дәуке, Бауыржан – Бауке деген сиқты. Мұндай жұрнақ басқа тілдерде де кездеспейді. Мұны ХХ ғасырдың бас кезінде белгілі орыс ғалымдарының бірі Л.Баллюзекте байқап былай деп жазған: «Қазақтардың сыпайылығы, кішіпейілділігі жас үлкен кісілердің есіміне еке (әке) сөзін қосып айтуы.»

Үлкен кісіге «Сіз» деп сөйлеу де әдептіліктің белгісі еді. Дәстүрімізде әйелдер де күйеулерінің атын атамай «отағасы», «әкесі» деп сыпайы сөйлеген. Сондай-ақ ата-енесінің, қайын інілері мен сіңілерінің есімдерін атамаған. Үлкен кісілердің алдарынан кесіп өтпеген. Үмбетей жырау Тілеуұлы (1697-1786) бір сөзінде сыпайылықтың сынын суреттейді:

«Ит жүгіртіп, құс салсаң,

Киген тоның түлкі етер.

Сыпайы сырын білдірмес,

Ақырын ғана бүлк етер.»

Сонымен қатар халқымызда шәкірттер де ұстаздарының алдын кесіп өтпей, көрген жерде құрмет көрсеткен. Сондай-ақ үй иесі жоқ кезде, отауда ер адам болмағанда басқа ер адамның үйге түсуіне рұқсат етілмеген. Қазақ даласының мызғымас заңы осындай болатын.

Осы айтылған қағидалардың барлығы қазақ қоғамындағы шынайы сыпайылықтың, әдептіліктің айғағы. «Еңкейгенге еңкей, басың жерге жеткенше, шалқайғанға шалқай, төбең көкке жеткенше» деп сәлеміне қарай әдебін жасаған дала халқы кішіпейілдікті кісіліктің төресі деп санаған.

Халқымыздың қоғамдық моралында адамдар арасындағы шынайы адамшылық қатынастар: тең құқықтық пен жолдастық, өзара сыйластық және жақын адамдарға қамқорлық жасау, қол ұшын беру қатынастары көзделеді. Мінез-құлық ережелерінің негізіне нақ осы талаптар алынған.

  1. Кешіре білу. Өзіңе жамандық жасаған адамды кешіре білу оңай емес. Дегенмен, қазақ ұғымында адамдарды кез келген уақытта кешірімді болуға шақыру, имандылық әдебінің басты көріністері. Сондықтан өзі өмір сүріп отырған қоғамдық жүйеге сыйымды болғысы келген адам, алдымен, осы қағидаға мойынсұнуы керек.

Қазақ халқының мінез-құлқының өзіндік ерекшелігі оны қоршаған ортаға кең далалық кеңістікке, географиялық жағдайға, баққан малға, оның шаруашылығына байланысты қалыптасты. Ғасырлап ең далада мал бағып, қысы-жазы тек мал соңында асықпай-көшіп қону арқылы қалыптасқан қазақтың мінез-құлқының өзіндік ерекшелігі бар. Олар:

Біріншіден, қазақ ерекше бір жағдай болмаса етек-жеңін жимай, кеңге салып, асықпай, байсалды өмір сүрген. «Асыққан шайтанның ісі» деп қараған. Бұл мінез қазақ әйелдеріне тән болған.

Екіншіден, қазақ әңгімелескенде асықпай, әр нәрсенің мән-жайына жетіп, түсінісуді қажет еткен. Сөйлескенде ол қашан да әңгіменің түйінін іздеген. Мәселе, көп немесе аз сөйлеуде емес сол көп сөздің тобықтай түйінінде. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болу керек» деп түсінген, әйтпесе сөз мылжынға айналады. Олай болса, мақсат көп не аз сөйлеуде емес мәнді сөйлеуде.

Үшіншіден, қазақ көп жағдайға қойылған сұраққа тез жауап қайтармаған. Түсінбеген, естімеген адамдай үнсіз қала берген. Сырын білмейтін адам оның бұл мінезін естімеді, тындамады деп ойлаған. Шынында олай емес. Әрбір айтылған сөзді талдап, пайымдап жауап қайтаратын болған.

Төртіншіден, қазақ ойын-сауықшыл болған.

Бесіншіден, қазақ жаяу жүрмеген, атқа мінуді ұнатқан. Қазақ жылқы малын аса жоғары бағалап, қадірлеген. Мінсең көлік, ішсең сүті қымыз, мейірмін қанады, жесең тамақ, кисең киім. Қазақ қашаннан жылқы малының тұқымын жақсартып отырған. Жүйрік ат, жақсы қатын, құмайы тазы, қыран бүркіт қашанда ер жігіттің арманы болған.

Алтыншыдан, қазақ халқының әйелдері басқа отырықшы Орта Азия халықтарына қарағанда қоғамдық жиындарға, ойын-сауық айтыстарға қатысқан. Қазақ әйелдеріне шеттен тыс қызғаншақтық көрсетпеген.

Жетіншіден, қазақ кешірімді де кең пейілді болған, ол ешқашан тарығып, таусылып сөйлемеген. Әр нәрсенің ақырын күткен.

Сегізіншіден, қазақ халқы ешбір халықты жатырқамаған. Мәселен, кім болмасын, үйіне келіп түссе, ол қонақ болған.  Қазақ бауырмал халық. Ол ешбір халықты алаламаған.

Тоғызыншыдан, қазақ арасында жетім-жесірлер болмаған. Олар жаппай бір қатер болмаса, ешқашан тентіреп, ел аралап, қайыр сұрамаған. Өйткені, қазақтар өз жетім-жесірлерін өздері қамқорлығына алған, қаңғыртпаған.

Оныншыдан, қазақ халқы табиғатынан қарапайым. Киген киімі қашан да мол, етек-жеңі кең болып келеді. Бұл оның көшпелі тұрмысына, атқа мініп, түсуіне, жерге малдас құрып отыруына ыңғайлы. Мінезі де ен даласындай кең, жазық, ашық, жайдары. Қазақ ешқашан қысылып-қымтырылмаған. Сөзге мән берген. Сөзіне қарай кісіге қызмет көрсеткен. Уәжге тұрған.

Он біріншіден, қазақ кекшіл емес. Іштарлық та басқа халықтарға қарағанда қазақта бәсеңдеу. Көп ішінде біреу мінеп, мінезінің кемістіктерін, шыққан тегін кемсітіп бетіне басып, өлеңге қосса, шамасы келсе ол табанды жауап қайтарған. Уәжі күшті болса, жеңген болып есептелген. Жеңіліп қалса, кек сақтамаған.

Он екіншіден, қазақтың түсі суық емес, жайдары, беті ашық, бас киімін көзіне түсіріп кимеген. Қазақтың кең пейілділігі, табиғи ақылдылығы, жайдарлылығы оның бетінен байқалып тұрған.

Қазақ сыпайы халық. Өрескел мінез көрсетпеген, оқыс қимыл жасамаған. Жүріп-тұруда да, сөйлеуде де, тамақ ішіп, қонақ күтуде де, оның көлігін жайғастырып қарауда да, үлкен мәдениеттілік, әдептілік көрсете білген. Егер олай болмай, істегені ойдан шықпаса, ондай адамды көргенсіз деп сөккен. Көргенсіз деген сөз, тұрпайылықты, тәрбиесіздікті көрсетеді.

Дегенмен, тәрбиенің басқа да сан-алуан түрлері болған. Мәселен, әжесі немерелерін әр түрлі тойларға, жиындарға ертіп барып, әңгіме тыңдатқан, өнеге, үлгі көрсін деген.

Қазақ халқында басқа халықтарға қарағанда өзінің ұлтына тән қалыптасқан әдептің түрлері өте көп болған. 

Сәлемдесу әдебі. Сәлемдесу әдебі ғасырлар бойы қалыптасқан. Үлкен адам мен жасы  кіші адамның сәлемдесуі, аттылы мен жаяудың сәлемі, ер мен әйелдің сәлемі т.б. сәлем беру имандылық, инабаттылық, көргендік, мәдениеттіліктің белгісі. Қазақ халында егер үлкен кісі кездессе, оны таныса да танымаса да кіші адам оған сәлем беруге міндетті, ол әдептіліктің бір белгісі ретінде қалыптасқан дәстүр. Алыс жолдан келген жолаушы немесе сол елдің адамы ауыл ақсақалдарына, белгілі адамдарға әдейі іздеп келіп сәлем берген. Мұхтар Әуезов өзінің «Абай жолы» романында Абайдың досының ауылға келген сәтін суреттеген тұсында оның бірінші кезекте үй ішінде отырған ру ақсақалдары мен оның жақындарына, одан кейін барып қалғандарымен есендескенін бейнелеп көрсетеді. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді» деп жөн білетін үлкендердің өзі барып сәлемдесетін де жол бар. Сәлемдесудің әдеп ретіндегі ең басты шарты — жылы шырай. Дұрыс амандаса білудің өзі  дұрыс сөйлеуге, сөз әдебін қалыптастыруға көп көмегін тигізеді. Ата-ене, қайнағаларына кездескенде, көріп қалғанда келіні оларға иіліп сәлем қылады. Жас әйел киіз үйге кірген кезде босағада тұрып, үлкендер отырған жаққа қарай сол тізесін сәл иіп, басын төмен иіп сәлем ететін болған. Бұлайша сәлемдесу түрі зор құрмет пен ізетті білдіреді. Бұл әдептіліктің, сыйлаудың белгісі ретінде қабылданады.

Қазақ әдебі бойынша киіз үй маңынан салт атпен өтіп бара жатқан адам сол үйдің иесімен аттан түсіп амандасуы шарт болатын. Ал үй иесі өз кезегінде жолаушының қай рудан, қай елден екендігін, қайда жол тартқанын сұрасып, дәм ауыз тигізуді қажет деп тапқан. Ауылға соқпай сырт айналып кету сыйламаушылық, көргенсіздік болып саналған. Сонымен қатар, осындай көргенсіз жанды адамдардан қашып жүрген баукеспе ұрыға, тіпті қылмыскерге санаған. Осы себепті де он тоғызыншы ғасырда өмір сүрген қазақтың  белгілі ақыны Жаяу Мұса өзінің «Жаяу Мұса» атын иеленген. Ақынға бұл атауды өз үйі маңынан атынан түспей сырт айналып өткеніне ашуланған болыс билеушісі берген болатын. Ашуға булыққан болыс ақынның мініп жүрген аты мен нағыз есімін айыру арқылы жазалаған.

Бүгінгі күні де салт атты кетіп бара жатқан ер адам жолында кездескен қарт адаммен атынан түсіп амандасады. Жеңіл көлік мінген ер адам да өз кезегінде дәл осылай көліктен түсіп, қарт адаммен амандасады, не қажет екендігін сұрап, керек жағдайда қол ұшын беріп, көмек көрсетіп жатады.

Бейтаныс жандармен амандасу кезеңінде де дәстүрлі ұстанымдар сақталынады. Егер, бейтаныс адам қазақ киіз үйі маңына келген сәтте, үй сыртында отырған адамдар бетін бері бұрып, келген жаннан сәлем күтіп назарларын сол адамға аударады. Үй жанында тұрған адамдар отырған жағдайда орындарынан тұрып қолдарын ұсынады. Орнынан тұрудың өзі амандасудың маңызды бір бөлігі болып табылады. Қазақ ауылдарында бір-бірімен таныс емес  бейтаныс адамдардың да амандық алысуы жақсы қасиеттердің бірі болып саналады. Әдетте қарт адамдармен кездескен сәттерінде әйел адамдар: «Есен-амансыз ба?, Қуаттысыз ба?»,- деп амандасады. Қарт кісілер: «Рахмет, айналайын, жақсы жүріп жатырмын», - деп жауап қайтарған. Құрдас-қатарлас ер кісілердің сәлемдесуі бір-бірін көріп қалғанда қол беріп, ал көптен көріспеген достар құшақтасып,  төс қағыстырып сәлемдеседі. Жас қыздар мен әйелдер: «Сәлеметсіз бе»,- деп амандасады.

Қонақ күту әдебі. Қазақ қонақ ырысымен келеді деп түсінгендіктен, келген қонағын төрге отырғызған, барын алдына жайып салып, қонағын құдайындай сыйлаған. Қонақ келсе, жаңалық естиді, әңгіме тыңдайды. Егер қонақ өнерлі болса, домбыра тартып, ән айтатын болса, немесе ол жыршы, әңгімеші болса, қонақ түскен үйге ауыл болып жиналып, ән-жыр тыңдап, жаңалық есітіп, мәре-сәре боп, біраз серігіп қалатын болған. Қазақтардың қонақтан «Қонақ кәдеден» басқа еш нәрсе сұрамайтыны да содан. «Қонақ кәде» дегені әңгіме, не бір өнеге көрсету. Ертелі-кеш мал жайлауға шығарда, не жайлаудан қайтарда, ауыл ақсақалдары үйдің қасында төбе болса, соның басына шығып , жан-жаққа көз жіберіп, барлап, әңгімелесетін болған. Кейде көз ұшында бір жолаушы кетіп бара жатса жастау бір жігітті атқа қондырып, ана кісіні қуып жетіп сұрашы, кім екен, қайда барады, не хабар біледі екен деп отырған. «Есік алдында төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең» деген мақалда осы жағдай ескерілген болса керек.

Қонақжайлық, қонақ күту дәстүрі – қазақта ерте замандардан қатты жолға қойылған және борышқа айналған. Бұл салттың кейбір белгілері Махмұт Қашқаридің «Түрік тілдері сөздігінде» орын алған. Мәселен, «Қонақ келсе – құт келер». «Көркем әдемі тонды өзің ки, дәмді асыңды басқаға бер. Қонақты құрметте, даңқың көпке жайылады» деген.

Жүсіп Баласағұн да өзінің «Құдадғу білік" дастанында қонақ күту салтына да айрықша көңіл бөлген.

«Шақырмақ болсаң егер кісілерді,

Бәрін де әзірлеп қой ішуге енді».

«Көрпе сал, дастархан жай, таза ыдыс тұт,

Тамағың бойларына сіңірсін құт».

«Тамағың таза, әрі тәтті болсың,

Дәміне зауқы ауып, көңілі толсын».

«Тамақтан соң шырынды жеміс ұсын,

Өрік-мейіз ұшырсын көңіл құсын».

Қонаққа әдетте қой сояды. Табаққа мүше-мүше етін салады, рет-ретімен таратады. Үлкен кісіге – бас, жанбас таратылса, күйеуге – тоқпан жілік, төс қояды, балаларға – құлақ, сирақ, бүйрек, келіншектерге – таңдай, тіл беріледі.

Әрине қонақтың бәрі бірдей емес. Қазақ елінде қонақтың мынадай түрлері болған: а) Құдайы қонақ. Танымайтын, көрмеген жолаушы кез-келген бір үйге түсіп қонақ болады. Оны үй иесі қабылдайды, барын береді, қондырады. ә) Арнайы қонақ. Шақырылып, келтірілетін қонақ. Әрине ондай қонаққа барлық сый-сияпат жасалынады. б) Құрметті қонақ. Үлкен, сыйлы адам жолшыбай бара жатып бір үйге тоқтаса, сол үйдің ол құрметті қонағы аталады. в) Қыдырма қонақ. Бұл жолаушы емес. Қыдырма қонақ ауыл арасынан шыққан адам. Оның пәлендей мақсаты жоқ, тек ауылдан ауылға, үйден үйге қыдырып, бір үйге қонып, бір үйден түстеніп жүретін болған.

Ислам дініне дейін қонаққа жақсы қарау керек деген ой теңгіриан дінінен туындайды. Сол қонақтардың ішінде «Қыдыр» болуы мүмкін деп ойлаған. «Қырықтың бірі Қыдыр» деген мақал содан қалған. Қыдыр Тәңірдің уәкілі, шарапат тигізетін, құдіретті күш, бірақ адам бейнесінде көрінеді деп түсінген. Кейде оны « Қайыбірең қырық шілтен» деп те атаған. Қазақта көп тілектердің бірі «Жорытқанда жолың болсың, Жолдасың Қыдыр болсың!» деп ең жақын адамын түрлі сапарға аттандырған. Қазақтың сол ерте заманнан келе жатқан әдетте айналған ғұрпы, ол «қонақ өз несібесімен келеді» деген түсінігі әдептің бір белгісіне айналған.

Мейірімділік әдебі. Адам баласының айналасына, табиғатқа мейір-шапағат көрсетуі оның адамдық ақпейілділігі мен кісілік құндылығы болып табылады. Мейірімді адам табиғаттағы, адам тіршілігіндегі құндылықтарды, көркемдік көріністерді айқын сезініп, сүйсініп, сүйіп, соған жақсылық жасап, қамқорлық көрсетеді, әзірлейді, толықтырады, дамытады. Ата-ананың балаға деген мейір-шапағаты олардың қуаныш қуатын, бақыт, байламын, өмірге деген құштарлық құлшынысын көрсетеді. «Алтыным», «айым», «жаным», «күнім», «ботам», «қоңыр қозым», «жарығым», «жан жүрегім» т.б. мейірбандық сөздер арқылы ата-ана ұлттық әдептің биігінен сезім қозғап, баланың адами, сүйіспеншілік, махаббаттық сезімін ширата отырып өркендетеді. Ата-ана мейірімі шексіз. Ана бала үшін жанын аямайды, өмірін қияды. «Бала – бауыр еті» деп сүйеді.

Жақсы адамдардың жанашырлық іс-әрекеттері олардың мейірмандық салтанатынан көрінеді. Жақсылық пен мейірмандық – құттылықтың құнды белгісі. Қазақ халқы ұрпағын мейір, сезімге тәрбиелейді, құттылыққа құлшындырады.

Ата-ананың немереге деген мейірімділігі ерекше болады. Табиғи тағылым, адами айшықты сезім, үйірілген үйлесім, жан-жүректі баураған сүйіспеншілік, марқайтқан махаббат ата-ана мен немере арасындағы бір-біріне деген мейір-шапағатын «көкке жеткізіп» көрсетеді. Ұлттық әдеп салты осы құдіретті сезімді аялап, оның қадірін арттырады. Мейірімділік – қазақ халқының әдептілік кредосы. Мейірімді, меймандос халықтың осы ерекшелігін бүкіл адамзат біледі. «Өнер, саз, шеберлік алдық біз, Өнерпаз шешен, мәрт халықпыз».

Имандылық әдебі. Имандылық – ұлттық тұлға бойындағы құдіретті өмір заңдылықтарын жан жүрекпен қадірлеп, сол тәлімінің қағидаларын бұлжытпай орындаудың іс-әрекеттік көркем көрінісі.

Тек жақсылық ойлау, адам баласына, айналасына, табиғатқа тек жақсылық жасау, жақсылыққа сену – имандылықтың иланарлық белгілері болып табылады.

Ашуланбау, өсек айтпау, артық сөз сөйлемеу, тек пайдалы іс-әрекет жасап, пайдалы сөз сөйлеу, иманды адамның өз ерекшеліктері ретінде айналасына айдан анық көрініп тұрады.

Жан және тән тазалығын сақтай білу иманды адамның қадірлі қасиеті. Ой, сөз, іс-әрекет, киім-кешек, жатын орын, бөлме, жұмыс орнының тазалығы... бәрі иманды адамның имандылық салтанатын көрсетеді.

Тіршілікте тынымсыз пайдалы еңбек ету – тіршілік иесінің имандылық қасиетін көрсетеді. Еңбектегі ұқыптылық, жауапкершілік, ынтымақтылық, ықыластылық, тазалық, ұжымшылдық, бірлік... бәрі имандылықтың саналық сапасын көрсетеді.

Иманды болу ұлттық мәдениеттің айқын көрінісі. Қазақ халқы ұрпағын имандылыққа тәрбиелеп, заңдылықтарды, заңдарды, міндеттерді, парызды мүлтіксіз орындауға баулиды. Имандылық – адамгершіліктің көркем көрінісі.

Иман араб тілінде «сенім» деген мағынаны білдіреді. Өмір заңдылықтарына, оның тылсымдық құдіретіне сеніп, сенім қағидаларын өмірде көрсете білу – имандылықтың іс-жүзіндегі бейнелі-бейімді қасиеттері. Иманды болу тәлім-тәрбиенің айқын көрінісі. Қазақ халқының ұлттық кредосы.

Салауаттылық әдебі. Жеке тұлғаның (қазақтың) сабырлы, салтанатты мінез-құлқының, жан тазалығының, арлылық болмысының үлгілі, өнегелі көрінісі – салауаттылық деп аталады. Салауатты болу нәпсілік құлшынысты құрту сапасында іске асады.

Салауатты тұлға артық сөз айтпайды. Тіл тазалығы, сөз айқындығы, сөздің шешендік мәні салауаттылықтың нұры. Бұл орайда, әрбір тұлға өзінің кәсібіне қарай лексикалық қоры мен лексикалық құрамын саралап қолданады.

Салауатты тұлға арақ ішуден, құмар ойнаудан аулақ болады. «Барлық күнәнің кілті – ішкілікте». Салауатты адам арақтан басқа да есті аударатын ішкіліктен безінеді. Салауатты адамның санасы тұнық болады, ісі анық, өз-өзіне ие болып, тәнін жанына бағындырады.

Салауатты адам құмар ойнамайды, ол «құмарлықпен» күреседі. «Құмар құн тартқызады», «Бұзыққа ерме, қызыққа берілме» деп, халық ұрпағын салауаттылыққа бағдарлап келеді.

Қазақ халқы темекі тартудан, нашақорлықтан ұрпағын аулақтатып, «Темекі – тегіңе жат», «Арақ атаңа жат», «Өзіңді қыстама, өкпеңді ыстама», «Ішіңе тартқан түтін – өмірлік жұтың», «Тартсаң түтін, қашады құтың», «Темекі тісіңді алады, тентек су күшіңді алады», – деп халық темекі тарту салауатсыздық екенін дәлелдейді. Тән тазалығы – жан тазалығының нәтижесі.

Ұлтжандылық әдебі. Қазақ халқының ұлттық ерекшеліктері, ұлттық салт-дәстүрлері мен мәдениеті жеке тұлғаның жанын жадыратып, жүзін нұрландырады. Сондықтан, өз ұлтын (қазақ ұлтын) сүймейтін пенде болмайды. «Халқын сүймегеннің қары сынсын», «У ішсең, руыңмен», «Отаның үшін отқа түс, күймейсің», «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі», «Қарға тамырлы қазақ» деген мақалдар ұлтжандылық әдебін бейнелейді. «Қазақпыз – әлемге танықпыз. Азатпыз, ерлік пен алыппыз» деп мақтанады ақын. Ұлтжанды қазақ, ең әуелі ұлттық тілді жоғары бағалайды, ұлттық әдебиетті, мәдениетті сүйеді. «Ана тілім – байлығым. Сана, білім, айбыным» деп, ол ұлттық тілді қастерлеп, шешендікке бейім болады. Ұлтжандылық – ұлтшылдық, яғни, тек өз ұлтын сүйіп, басқа ұлттарды жек көретін тұлға емес, нағыз адами асыл қасиеттерді игерген тұлғаның беделді белгісі.

Ұлтжанды тұлғаның қозғаушы күші ұлттық намыс. Ұлттық намыс – ержүрек, қайырымды, мейірімді, өнерпаз, шешен, қазақ халқының ғасырлар бойғы қайсарлық күрестері мен қажырлы еңбектері арқылы қалыптасқан ұлттық қасиеті. Ержүрек, жеңімпаз, әмбебап халықтың ғаламға танытқан биік туы – ұлттық намыс, әрбір тұлғаның жүрегіне арнап, қанына сіңген құдіретті қуат.

Ұлтжандылық – перзенттік парызды өтеудің ұлттық белгісі: әрбір ұлттың перзенті өз ұлтын сүймесе, оған қызмет етпесе, ол ұлтжанды емес, яғни ол отансыз, опасыз жан. Басқа ұлттық ортада өсіп, өз елін, ұлттық тілін білмейтін тұлға ұлттың өкілі емес. Ол өз халқына қызмет ете алмайды, қазақпен қаны бір болғанмен, жаны бөлек тұлға ұлты үшін қызмет ете алмайды.

Өнерпаздық әдебі. Қазақ халқы – өнерпаз халық. Қол өнері, әншілік өнер, ақындық өнер, жыршылық өнер, саяттық өнер, шешендік өнер, спорттық өнер, бишілік өнер, күйшілік өнер т.б. өнер түрлеріне әрбір адам бейімді болады, сол өнердің өзіне ыңғайлысын таңдап, игереді, дамытады.

Қол өнерін әрбір қыз бала игереді. Зергерлік өнердің бұрынғы және қазіргі түрлері дарын иелерінің даңқын шығарып жүр. Кілем тоқу, ши тоқу, киіз басу (түс киіз, текемет т.б.), шілтер тоқу, ою мәнері, киім тігу, кесте тігу шеберліктерін сұранысына қарай, қазақ қыздарының кез келгені қызыға үйренеді. Қазақ халқы – әнші халық. «Мен қазақ даласы ән салып тұрғандай сезінемін», - депті академик Бартольд. «Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын кесері бар», - деп Абай Құнанбайұлы әншілік өнердің құндылығы әнге және әнді айта білуге байланысты екенін басып айтады. Әншілік өнер – иелі, киелі өнер. Күйшілік, бишілік өнер әрбір адамның бойында бар. Өнерді «өрге бастырып» дамыта білу – ұлттық міндет. Өнерпаз болу – әдептің беделді белгісі.

Отбасылық әдеп – барлық әдептердің доминанты.

Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті әдептің алтын мектебі. Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайтындай. Өйткені ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алар емес. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұр.

Отбасы мүшелерінің жас шамасы әр түрлі болса да, олардың арасында бір-бірімен рухани жақындығы, мақсат ынтымақтастығы бар.
Атақты қазақ ақыны Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде:

Отбасы – шағын мемлекет,

Мен – президент, сен – премьер, дегені бар.

Шынында, отбасы – ол да бір шағын мемлекет. Әр мемлекеттің өзіне тән өндірісі мен өнім бөлісі, сыртқы және ішкі саясаты, кіріс-шығыс бюджеті, қастерлеп ұстанатын рәміздері, т.б. болатыны сияқты, әр отбасы болмыс-тіршілігінің де соған ұқсас жақтары бар, оның жаратылысы да басшылық пен қосшылықты қажет етеді. Сондықтан отбасының құрылымына зор маңыз беріліп, мәнін қорғаған, отбасының ар-намысын сақтауға, сырын шашпауға, мүшелерін бір-біріне қатысты адалдыққа тәрбиелеген. Отбасылық әдепте сол шаңыраққа сәйкес өзіндік заңдылықтар мен қағидалар қалыптасады. Ол әдеп басқа отбасында болмауы мүмкін. Сондықтан «бесік құда», «қарсы құда» деген ұғымдар араласып жүрген адамдардың балалары бір әдепке бейім жасауы дегенді түсіндіреді. «Отан отбасынан басталады» деген сөздің мәнісі де осында.

Ата-ана өз отбасын нығайта отырып, сонымен бірге оның балағатқа толған мүшелерін үй болуға, өз шаңырағын көтеруге әзірлеуі басты әрі өте жауапты міндет болып саналады. Жас отаудың түтіні түзу шығып, махаббат пен тату-тәттілік, береке-бірлік орын тепкен жылы ұяға айналуы, босағасы берік, болашағы нұрлы болуы көбіне-көп жас жұбайлардың үлкен үйде алған тәрбиесі, көрген өнегесіне байланысты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда, соны ілерсің», «Анасына қарап, қызын ал», - деп, халық бәрін бастан кешіп, сынақтан өткізгендіктен айтқан.

Хан ордасында, салтанатты сарайларда талай күн аунап-қунап жатып, өзінің шұрқ тесік құрым киіз лашығына қайтып оралғанда Жиренше шешен: «Айхай, менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім», - деп, жаны жай тапқан екен. Бұл аңызда үлкен шындық, терең мән бар. Әркімге, оның ішінде балаға өз үйінен ыстық, өз үйінен кең де керемет мекен жер жүзінде жоқ. Кавказ халықтарында «Нағыз жайлы орын: қылышқа – қынабы, отқа – ошағы, ер жігітке - өз үйі» – деген тамаша нақыл бар.

Адалдық пен мейірімділік, жауапкершілік пен кешірімділік те отбасында шын ықылас-пейілменен баланың көкірегінде орын тебеді.
Қазақ отбасында әуелі әке, содан кейін шеше, бұлар – жанұя мектебінің ұстаздары болады. Әке мен шешенің баласына қоятын ең бірінші басты талап-тілектері – баланың «әдепті бала» болып өсуі.
Сондықтан қазақ отбасында әрдайым: «Әдепті бол, тәрбиесіздік етпе, көргенсіз болма» деген сияқты сөздерді балаларының құлағына құйып өсірген.

Қазақ отбасында өз баласын мейірімділікке, имандылыққа баулып өсірген. Үнемі отбасында осылай тәрбие көрген бала ақырында, өздігінен тіл алғыш, адал, тиянақты, ұқыпты болып шыға келеді.
Тәрбие басы әдептілік деп білген ата-ана әуелі баласына өздерін сыйлап-құрметтеуді, өзгелерге, әсіресе үлкендерге, сыпайылық танытуды, ешкімді мұқатпауды үйреткен. Сонымен қатар, балаларының ер-азамат болып, халқына еңбек етулерін басты міндет етіп қойған.

Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір-шапағат көзі — әйел. Әйелдің бұл рөлі отағасының жамағатына, бала-шағаның анаға деген сүйіспеншілігімен, қамқорлығымен, ана жанын қас-қабағынан, жанарынан танығыштықпен нығая, биіктей береді. Әрине, әйел де өзінің аналық борышын ұмытпағанда, әсіресе, ерімен қабағы жарасып, тату – сүйіспеншілікте тұрғанда мәртебесі арта түспек.

Әйелдің еріне қарым-қатынасы балалардың әкеге көзқарасының сипатын анықтайтыны берік есте болуға тиіс. Мұның өзі, бір жағынан, үй ішіндегі әдептің бастау көзі екені анық. Демек, балалар үшін әке беделі аналарының сөзі, іс-қимылы, қас-қабағы арқылы қалыптасады. Мысалы, ерлі-зайыптылар балалар көзінше бір-біріне қатты, балағат сөздер айтыспақ түгіл, дауыс көтеріп, керісуге тиіс емес. Олай еткенде, өз беделдерін жоғалтудың, бала – шағаның жүрегін шошытып, зәресін ұшырудың үстіне, олардың жанына кейін өздері үй болғанда, алдарынан шығатын жаман әдеттің ұрығын егеді.

Бұл жағынан аналардың балаларға: «әкеңмен ақылдас», «әкең біледі», «әкеңнің айтқанын істе» т.б. сияқты дәстүрімізде бар сөздерді айтып отыруы қандай ғанибет! Атақты «Абай» эпопеясында халқымыздың осыған орайлас қадірлі дәстүрін танытатын мынадай бір тағылымды эпизод бар. «… Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әке үйіне күн кешкіре жеткен, 13 жасар шәкірт бала – Абай аттан түскен бетте, амандасу үшін, шешеге қарай жүреді. Сонда ақылды да байсалды ана Ұлжан: «Әй балам, анда әкеңдер тұр, әкеңе барып, сәлем бер!» – дейді. Бір сәтке балалық сезім жеңіп, қателік жіберіп алғанын түсінген жас Абай кілт бұрылып, ортасында әкесі Құнанбай бар шеткерірек тұрған оқшау топқа қарай адымдай жөнеледі». Мұхтар Әуезов мұны халықтың жүрекке жылы осындай тамаша дәстүрінен хабардар ету үшін ғана емес, оның тәрбиелік зор маңызын жоғары бағалағандықтан да келтіріп отырғаны анық.

Ата-ананың бір-бірінің қадір-қасиетін осылайша ардақтап, беделін өсіруі, араларында өкпе-наз, кикілжің туа қалғанда, оны балалардан оңашада, екеу ара шешіп отыруы – шынайы инабаттылық, әдептілік.

Сайып келгенде, қоғамда әдеп-инабат өлшемдерінің терең тамырланып, кең жайылуында отбасының маңызы орасан зор. Әрбір ұяның қос тіреуі – ерлі-зайыптылар өздеріне қатысты әдеп-адамгершілік талаптарын, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса, бүкіл қоғамда, елде бейбіт те берекелі тұрмысқа негіз қаланбақ, демек, ұрпақтарына құтты қоныс, жайлы болашақ қамтамасыз етілмек!

Қоштасу әдебі. Қоштасу кезеңіндегі әдет-ғұрыптың өзі жол жүріп бара жатқан адаммен қайта қауышу мүмкіндігін қалай отырып, ақ жол, сапарының сәтті болуына деген тілектестікті білдіреді. Сол себепті де қоштасу әдебінде бата сөздері басты орын алады.

«Алла қуат берсін», «Алла имандылық берсін сынды дәстүрлі сөз тіркестері де осыған байланысты кездеседі. Қазіргі кезеңде мұндай сөздерді өз жақындарын (ұлдарын, немерелерін) сапарға шығарып салып тұрған қарт адамдардың аузынан естіледі. «Алла жолыңды оңғарсын», «Аман барып, сау қайт», «Ол жақта сіздер, бұл жақта біздер аман болайық» тәрізді сөздер  жол жүріп бара жатқан жолаушыға немесе алыс жақындарына арнап айтылады.

Қоштасу әдебінің өзі адамдардың қысқа немесе ұзақ мерзімге жолға шығуымен байланысты ерекшеленеді. Күнделікті әдетті қоштасу кезінде көпке мәлім «Сау болыңыз», «Көріскенше» секілді дәстүрлі ресми тіл қатысулар мен «Жақсы ( Көріскенше)» деген бейресми  сөздер айтылады. Ұзақ мерзімге жол жүріп бара жатқан жолаушыға «Жолың болсын», «Аман-есен орал» деген сөздермен ер адамдар қол алысып, әйелдер бір-бірінің бетінен сүйіп қоштасады.

Осындай ұзақ сапарға  жол жүріп бара жатқан адаммен қоштасу мерекеге ұласады. Бұл мереке «Шығарып салу» деп те аталады. Шығарып салуға келген туыстары мен достары, көршілері жиналып, жол жүріп бара жатқан жолаушыны орталарына алап, отбасы, ата-баба, ауыл-аймақ, қала атына кір келтірмей, өз мақсатына абыроймен жетуге тілектестіктерін білдіріп, тілектерін айтады.

Қорыта келгенде, қазақ әдебінің түрлері басқа халықтардың әдебімен түйісетін жерлері болғанымен, таза қазақ халқының ұлттық кодына қатысты өзіне ғана тән құбылыстары бар. Әсіресе, инабаттылық, ізгілік, ізеттілік, кішіпейілділік, намысқойлық, сабырлылық және т.б. Қоғам түзу болуы үшін «Мәңгілік ел», «Қазақ елі» болашақтың төрінен тұтас халық өз орнын алу дегенді аңғартады. Бұл орайда, егер әдептің тағылымын заңдылық пен қағидаға жүгіндірілсе, оның мәні мен мазмұны ашылса, идеялары құрылса, түрлері мен ерешеліктері жіктелсе, бұл көкейкесті мәселенің түйіні шешіледі.

 

 

СОӨЖ жұмыстардың үлгі тақырыптары:

  1. Әдеп ұғымының мәні және оның қоғамдағы рөлі.

2.Әдептілік мәдени қарым-қатынас таратудың формасы. 

  1. Әдептің моралімен, қоғамдық адамгершілікпен байланысы.
  2. Әдеп қоғамдық мәдениеттің бөлшегі.
  3. Күнделікті қарым-қатынастағы әдеп.
  4. Әдептің даму тарихы
  5. Қазақтың ұлттық әдебі
  6. Әдеп пен дәстүр сабақтастығы

 

СӨЖ тапсырмалар:

  1. «Этика», «мораль», «үрдіс», «дәстүр», «адамгершілік», «мінез-құлық» ұғымдарының өзара байланысы.
  2. Этикалық ой-толғамдарды қалыптастыру тарихындағы ғұламалар идеялары.
  3. Ұлттық мінез-құлықтың қалыптасуындағы әдеп түрлері.
  4. Этика ғылымының басқа ғылым салаларымен байланысы.
  5. Қазақ әдебін қалыптастырудың қағидалары.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Румановская Е.Ю. Кабус-наме. Избранное – Сп-б: Диля, 2002.
  2. Әл-Фараби.Философиялық трактаттар. – Алматы: Ғылым, 1973.
  3. Назарбаев Н.Ә. Интеллектуалды ұлт-2020. akorda.kz.
  4. Баласағұн Ж. Құтты білік. – Алматы: 1986.
  5. Дербісалиев Ә. Қазақ даласының жұлдыздары. – Алматы: Рауан, 1995.
  6. Қожа Ахмет Иасауи. Хикметтер. – Алматы:Атамұра, 1995.
  7. Мәшһүр Жүсіп. Ит дүние. – Алматы: Халықаралық Абай клубы, 2008.
  8. Құдайбердиев Ш. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1990.
  9. Мүсірепов Ғ. Таңдамалы шығармалар. – Алматы, 2012.
  10. Бауыржан Момышұлы. Қанмен жазылған кітап.- Алматы: Полиграфкомбинат, 2010.
  11. Қалиев С.К. XV-XIX ғасырлар ақын-жырауларының поэзиясындағы педагогикалық ой-пікірлер. – Алматы: Рауан, 1990.
  12. Жүсіп Баласағұн. Рухнама. – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2003.

Негізгі әдебиеттер

  1. Пірәлиев С.Ж. Ұлттық тәрбие. Таңдамалы лекциялар курсы. Алматы. Абай атындағы ҚазҰПУ. Алматы 2011 ж.
  2. Пірәлиев С.Ж. Ұлттық тәрбие. Оқу құралы. Алматы. Абай атындағы ҚазҰПУ. Алматы 2014 ж.
  3. Әдеп негіздері. Абай атындағы ҚазҰПУ-дің ұлттық тәрбие кафедрасының ұжымы дайындаған оқу құралы. Алматы - 2012 ж.
  4. Нысанбаев Ә., Ғабитов Т. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Алматы. 2010.
  5. Молдабеков Ж.Ж., Махамбетова А.Ә. Кәсіби этика. Астана. 2008.

 

Қосымша  әдебиеттер

  1. Әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар. Алматы. Ғылым, 1973.
  2. Әл-Фараби. Философиялық трактаттар. Алматы. Ғылым, 1973.
  3. Баласағұн Ж. Құтты білік. Алматы, 1986 ж.
  4. Қазақ халқының тәлім-тәрбие тарихынан Бас ред. Қалиев С. Алматы.
  5. Дербісалиев Ә. Қазақ даласының жұлдыздары. Алматы, Рауан 1995.
  6. Қожа Ахмет Иасауи. Хикметтер Алматы, Атамұра 1995.
  7. Абай шығармалары. Алматы, 1994 ж.
  8. Абайдың дүниетанымы мен философиясы. Алматы. Ғылым 1995.
  9. Кішібеков Д. Қазақ менталитеті: кеше, бүгін, ертең Алматы. Ғылым.

    1999 ж.

  1. Кенжеахметұлы С. Жеті қазына. Алматы 1997 ж.