3.3 Фольклор мен ұлттық ойынның бірлігіндегі этнопедагогика


Халықтық тәрбие түрлері халықтың әлеуметтік өмірінің бүкіл өзге салаларымен, сенім – нанымдарымен дәстүрлерімен, салттары және әдет – ғұрыптарымен,шаруашылық кәсібі түрлерімен, қоғамдық тәртіп қалыптарымен ажырамыс бірлікте алға шығады.  Бұл қалыптар орнықты әлеуметтік қатынастар жиынтығымен бірге, қоғам мүшелерінің әдеттері мен тәртіптерін белгілейді, белгілі өмірі тәжірибесі сондай – ақ ішкі мақсат пен дағдыланған әрекеттер тудырып, жеткіншек тұлғасының дамуы мен қалыптасуын жобалайды және бағыттайды.

Өркениетті, мәдениетті  елдердегідей мектеп, халық ағарту жүйесі, институт, университет, баспасөз маңдайына бұйырмаған ата – бабаларымыз жас ұрпаққа ұсынар тағылымын  бір буыннан екінші буынға толқындай ауыстырып мирас еткен аса бай ауыз әдебиетіне шоғырландырған. Түз далада не жүйрік – тіл жүйрік! Тілдің әсерлі, ықпалды құдіретіне сенген.

Халық поэзиясын  көпшіліктің өзі тудырғандықтан, ол елдің тұрмыс – тіршілігімен тығыз байланыста болған. Әр ел өз басынан өткерген оқиғаларды құмарта жырлайды. Сол жырларға қарап, елдің әдет – ғұрпын,  ой – санасы мен түрлі сезімдерін дәл танып білуге болады. Сонымен қатар фольклор шығармаларынан халық тағдыры, оның өмірден көрген қайғы – қасіреті мен мұң- зары, келешектен күткен арман- тілектері айқын көрініс тапқан. Әрбір айтушы – импровизатор  өз тыңдаушысына ұстаздық жасап, олардың түйсік сезімін келелі ой – ниеттерге бастап отырған.

Қазақ фольклорында бала бағу, бала асырау, қыз ұзату, жаназалау бақсылық нанымға, діни әдет – ғұрыпқа байланысты туған салт өлеңдерді тұрмыс – салт жырлары деп атаймыз. Мұны мазмұны мен тақырыбына қарай бірнеше түрге бөлуге болады.

а) Төрт түлік мал туралы

ә) Діни әдет – ғұрып тудырған жырлар

б) Үйлену жырлары

в) Ұлыс жырлары

г) Бөбек жырлары

д) Жаназалау жырлары

ж) Шешендік сөздер, мақал – мәтел, жұмбақтар.

- Баланы айналасындағы қоршаған әлеммен  таныстырудың  тағы бір құралы  ол – жұмбақ.    Жұмбақ деген ол баланың күнделікті  өмірде көріп жүрген жанды  - жансыз  заттарына  ұқсас нәрселерді  сипаттай отырып,  сол нәрсенің негізгі қасиетін бүгіп айтпай, баланың зейінін ұштау, әрбір нәрсенің  негізгі белгілері қандай, оны немен салыстыруға болады деген ой  елегін көз алдына елестете отырып, қоршаған дүниені бақылап, бағалауға баулитын тәрбиелік қасиеті ерекше.

Мысалы: арбаны жұмбақ қылғанда, оны адамға  ұқсатып былай сипаттайды:

Ізі бар, қадамы жоқ аяғының

Тимейді үші жерге таяғының

Қолдарын хайуанға арта  тастап,                 

Салады әуезіне баяғының

Қазақ халқының жұмбақтарының күрделі бір тобы – төрт түлік малға, хайуанаттарға  арналған – ол жұмбақтарды жастарға айтқанда әрбір малдың өзіндік  мінез – құлқы, қасиеті, түр сипаты, өзіндік жасайтын  қызметі суреттеледі. Жұмбақ баланың дүние тану әлемін, ой өрісін, білімін тереңдететін, әрбір заттың өзіндік атқаратын қызметін, ерекшелігін неден істелгенін, не жұмысқа арналғанын, жан – жансыз нәрсенің,  адамның ойына келе бермейтін қасиетін баланың жас кезінен бастап тәрбиелеу керек екенін халық педагогикасы білген, сол жолда халқым баласын ұқыптылыққа әр нәрсенің өзіндік ерекшелігін ескеруге, бақылауға, байқауға көңіл бөлгендігін ғылыми педагогика жоққа шығармайды.  

- Ертегі. Ертегілер жанрлары әр қилы. Олар қиял – ғажайып, тұрмыс- салт, хайуанаттар және сыншыл ертегілер. Ертегінің қай түрі болса да бала жанына жақын, баланың қиялын, ойын өрге сүйрейтін, еңбек сүйгіш, қолынан келмейтін өнері жоқ, өнегелі, «жеті қырлы, бір сырлы» - болуға тәрбиелейді.

- Шешендік сөздер қазақ фольклорында жасалып, сөйлеу тілінде көбірек қолданылатын мақал – мәтел, жұмбақ, жаңылтпаш түрінде айтылатын даналыққа толы нақыл үлгілері.      Мақал – мәтелдер   халық творчествосының төл жемісі, халықтың моральдық кодексі, тәрбие теориясы.  Мақал – мәтелдерді көне түркі тілінде «аталар сөзі» деп те атайды, яғни бұл «атадан балаға мирас болып» келе жатқан қазына деген сөз.

Әр халықтың мақал - мәтелі сол халықтың өзі жасаған логикалық формуласы, ережесі. Ол  көп ойлануды, ұзақ баяндауды керек ететін қиын нәрсені жеп – жеңіл, оп оңай, бір- ақ сөзбен түсіндіреді, ұғындырады.  Туған елдің қадір – қасиеті туралы балаға ұзақ  әңгімелемей – ақ: «Ел іші алтын бесік», «Кісі елінде сұлтан болғанша,  өз еліңде ұлтан бол» деген сияқты екі – үш сөзбен Отан қадірін түсіндіруге болады. 

- Қазақ халқы басқа халықтар сияқты бала тәрбиесіне өте ерте заманнан-ақ өзінің жиып-терген бай, асыл қазынасы, мол тәжірибесімен ерекше көңіл аударған. Қазақ атамыз келешек ұрпақтың қамын алыстан болжап, алдымен кіммен қан араластырады, кіммен құда болады, сол ниетпен текті жердің қызына құда түсіп, келген келіннің некесін қиып-ақ батасын беруден бастаған. Одан соң өмірге нәресте келеді,оған лайықтап ат қойып,бесікке салып,тұсау кесер рәсімдерін жасап,өсе келе оған қазақ халқының ұлттық шежіресін,өзінің шыққан тегін,халықтың даналық сөздерінің мағынасын түсіндірген. Имандылықтың алғашқы әліппелерін де үйретіп, үлкенді сыйлап, кішіге қамқорлық жасап, ағайын-туыс, көрші-қолаң, ауылдаспен ауызбірлікте өмір сүруге үйреткен. Ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміздің де бала тәрбиесіндегі орны ерекше. Ақылды енелер жаңа түскен келіндерінің,жаңа туған нәрестелерінің жылы алақаны, шуақты күндері бола білген. Мұндай ұяда тәлім-тәрбие алған бала да өнегелі, сулы жерге желкілдеп біткен құрақтай болып өскен. Сондықтан да халықтың осы жерде: «Әже-қайнар бұлақ, бала- жағасындағы құрақ», «Әке көрген-оқ жонар,  шеше көрген-тон пішер» деген нақыл сөздері дөп келіп тұрғандай.

«Баланы жастан» дейді халық. Зерделі халқымыз балаға жастайынан жақсы өсиет, кеңестер арқылы өнегелі тәрбие беріп, қимыл-әрекетіне байқау жүргізіп, оның ішінде әсіресе,ойынға да үлкен мән берген. Ойынды-бар өнердің бастауы деп біліп, әр ойынның уақыт өткізу үшін емес, белгілі бір мақсатпен ойлануға, айналаға зер салуға, шапшаң, епті болуға, күшті-мықты болуға, әсемдік пен сыпайылыққа тәрбиелейтінін аңғарған.

- Ата‑ана.  Халқымыздың дүниетанымынан өрбіген тәңірге табынудың бір жағы табиғатты аялау болса, екінші жағы ата‑бабаны қастерлеп, аруағына сыйыну. Осы үрдіс халықтың тұрмыс тіршілігінен өмір тәжірибесінен шыққан ежелгі дәстүр. Ата‑ананы сыйлап пір тұту‑исі түркі халықтарының оның ішінде өзіміздің қазақ халқының қанына дарыған, айнымас қасиетінің бірі. өмір беріп, өнеге көрсеткен әке, ақ сүтін беріп, тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында сақтап құрсақ тәрбиесінен бастап, әлпештеп аялап өсірген ана алдындағы қарыз сезімі‑әр адамның адамгершілік деңгейінің өлшемі болып табылды.

- Тіпті ата –баба аруағын сыйлау, оған сыйыну соның бәрі  Ата –ананың алғысы жәй қарапайым тілмен айтқанда бала үшін Алланың жарлығымен тең деуге болады. 

- Ұл мен қызды болашақ өмірге баулу.  Ұлағатты ақыл кеңестер мен қатар   қызына жар таңдауда болашақ өмірлерінде адаспау үшін, ертегілерге арқау болған таза махаббатты баяндаған. Ертегілерді тілге тиек ете отыра әңгіме айту әрбір отбасының міндетті екенін ата –анасы естен шығармаған. Ондай ертегілерде жар таңдауда көркем қыздардың образдарын жігіт таңдау, жар таңдау үстінде айқындалады. Ол қыздар жігіттің жігітін таңдайды, бірнеше шарттар қояды. Ол шарттардың белгісі мынадай болып келеді: бір түнде алтын сарай салу, оған бәйтерек орнату, бәйтерек түбінен бұлақ ағызу, немесе ат бәйгесінен озып келу, қиын жұмбақтарды шешу, жұрттан өнерін асыру. Міне осындай күресте кім жеңсе, соған тұрмысқа шықпақ. Халық ерлікті, ептілікті, еңбек сүйгіштікті осындай әдіс-тәсілдер арқылы жеткізген.

Қазақ халқы қызын да ұлын да тәрбиеден тыс қалдырмаған. Ана құрсағында басталған тәрбие мектебі дүниеге келген күннен жалғасын тауып, есейіп еңкейген шақта да өзінің рөлін жоймағандығын ғылыми педагогиканы зерттеушілер әрбір халықтың өзіндік ерекшелігін ескеру қажеттігін айтып   өткен.

- Халық  педагогикасы  білім  беру  мазмұнын  анықтауға негізінен  өмірден келді. Ал  кітап  халық  көзқарасында  адамның  досы, кеңесшісі,  білім  көзі: «күш білімде,  білім – кітапта ».     Қазақ халқының өзіндік ұлттық сыр-сипатын және рухани жан азығын, қоршаған ортаны түйсіну сезімін өзге елдерден ерекшелендіріп тұратын бір қыры – ежелден келе жатқан, тіршілік көзінің негізінде қалыптасқан дүниетанымдық көзқарасы. Дүниетаным – адамның дүниеге деген рухани қатынастарының негізі болатын және солардың бәрін жалпылама түрде қамтитын, адам мен әлемнің сан алуан арақатынасын білдіретін ұғым. Адамның дүниемен байланысы, оны тануы белгілі бір ұлттық белгілері, түсніктері болады.

Қазақ халық педагогикасында еңбек тәрбиесінің мақсаты жеткіншектерді еңбекке, қоғамдағы өмірге, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу болып саналады.

Халық тұрмысындағы және отбасындағы еңбек тәрбиесі, ересектердің тәжірибелері мен дәстүрлері заман талабына сай тәрбиенің жаңа қағидалары  мен әдістерін қалыптастыра отырып, өмір өзгерістеріндегі даму барысына негізделеді.

Ойын балалар үшін  тек жұбаныш пен уақыт оздыру, ойын-сауық пен қуаныш қана емес. Көптеген балалар ойындарының дене күштерін дамыту, көркемдікке және адамгершілікке баулуда маңызды мәні бар. «Соқыр теке», “Көк сиыр”, “Бөрік жасырмақ” т. б. ойындарының мазмұны ерекше. Тойда, айттарда ауыл жастарының ат жарыстары “Қыз қyу”, “Көкпар”, “Аударыспақ” т.б. ойындары  бүгінгі күнге дейін белгілі. Бұл ойындардың дене тәрбиесін дамытуда алатын орны айрықша.

 Қазақ халқының  бала тәрбиесіндегі  жас өспірімдерді үш топқа бөлуі:

1-7 жас аралығы – нәресте           Ежелгі қазақ ойындары

7-10 жас аралығы – бозбала        Қозғалмалы ойындар

15-30 жас аралығы – жігіт           Спорт ойындары

 Қазақ халқының өмірінде ойынсыз тірлік бітпеген, тіпті көшіп-қонуда да жастар аяғын ойынға айналдырып отырған. Халық  өсірген балапанының бойынан мінез – құлқында, ақыл – парасатынан, жүріс – тұрысынан ең арғысы тілінен бір мүкіс болмас үшін ойын түрін  ойлап тапқан,  ондай ойынның бірін  жаңылтпаш дейді.

  Қазақтың  салты бойынша ойын – сауыққа жиналған  жастар ән салып, өлең  айтуға тиіс. Егер  айта  алмаса  онда жаңылтпаш айту керек. Ойын басқарушы  алдымен өзі мәніне  келтіріп айтады, сонан  соң  оны  ол қайталайтын  болған.

XXI ғасырдың бірінші жартсында қазақ даласын Сібірге жер аударылған поляк А. Янушкевич өзінің жазып жүрген күнделіктерінде қазақтың ойын-сауығының халықтық тұрмыс-тіршілігімен, әдет-ғұрпымен, қоршаған ортамен астасып жатқанын таң-тамаша еткен.   Қазақтың ұлттық ойындарының  мазмұны төмендегі түзілімдердегідей:

         -    жаңылтпаш ойыны. Бұл ойынды әуелде тілінің мүкісі бар, әр әріпті, дыбысты дұрыс айта алмайтын балалар үшін пайдаланған халық педагогикасының бір саласы. Кішкене кезінде ‘р’-дың орнына ‘и’-ді ауыстырып айтуға байланысты халық үні, әуені әдемі өлеңделіп:

  • Дегенде, ей, Тайқарбай, әй, Тайқарбай,

   Қойыңды мол жусанға жай, Тайқарбай,

   Тайқарбай, Майқарбайлар толып жатыр,

   Әй, Тайқарбай, дегенің қай Тайқарбай?

деп балаларға әр дыбысты өз орындарында айтуға дағдыландыру арқылы тіл мүкісін түзетуге көмектескен ойын түрі.

      Бала тәрбиесінде халықтық педагогиканы қолдану – жан-жақты дамытушы фактор болғандықтан, әлеуметтендіру процесі де жүзеге асады.

       Жаңылтпаш, ауызша поэзия және тағы басқа халық ауыз әдебиетінің түрлері баланы моральдық құндылықтарға баулып қана қоймай, кішкене кезінде тіл мүкісін болдырмауға қолданылатын құрал.

       Халықтық педагогика ғасырлар бойы қалыптасып, шыңдалған сенімді де құнды құрал болып қала бермек.

          -  Толық адам тәрбиелеудің халықтық бағдарламасы көпқырлы және кең.  Оны жүзеге асыру құралдары да сан алуан. Жастардың тұлғалық бейнесін қалыптастыруға бүкіл халық өмірі ықпал етті: бәрі тәрбиелейді, барлығы тәрбиеледі, бәрін тәрбиеледі.

  Толық адамды тәрбиелеуді халық мейлінше нақты және анық түсінді: сөзі гаүһар адамның синтездік бейнесі ғана емес, сондай ақ, нақты толығу еңбекте, ақыл – ой адамгершілік – құлық, әсемдікке бағдарлауды  қамтамасыз ету. Тұлғаның нақты сипаттары тек тілек – сөздер төңірегінде болған жоқ, олар тәрбие тәжірибесімен тығыз байланысты алға шықты, яғни сөз бен істің бірлігі  - халық педагогикасының қуатты тұстарының бірі.  

Халықтық көзқарасты  жүзеге асыру жұмысын мақсатқа сай қамтамасыз ету мен тәрбие дәстүрлерін бекіту, оларды нақтылау, толықтыру және өркендетуге көмегін тигізген жеке сынақ әдісі ел арасында кеңінен мәлім болды. Сезім мен санаға ықпал ету шараларының көптеген түрлері бар. Дәстүрлі бата – тілектер әсерлі ықпал етуді көздеді.  Балалар достарына, есейе келе өзіне, үлкен ағаларына, ата- аналарына, ауылдастарына ант берді. Балалар ортасындағы серттер сөзге, борышқа, достыққа берік болу міндеті сипатында болды. Халықтық пікір анттарға байыпты қарым – қатынасты ұдайы қолдап отырды. 

          Балалар мен жастар ортасының аса тиімді құралдарының бірі – ойындар. Халық педагогикасы олардың бала өсуі, дамуы мен қалыптасуы факторын көреді. Оның «Бала өсірген ата- ана бала болып ойнайды, бала оқытқан ұстаздар бала болып ойлайды» деді осыдан.

   Ойындар тек жұбаныш пен уақыт оздыру, сауық – сайран мен балалар үшін қуаныш қана емес. Көптеген балалар ойындарының дене күштерін дамыту, көркемдікке және адамгершілікке баулуда маңызды мәні бар.

  Қазақ халқының көптеген спорт ойындарының ішінде ең ерекше жоғары бағаланатыны атқа байланысты ойындар. Солардың ішінде, «ер қанаты - ат» дегендей, ат жарысы, көкпар тарту ойындары қазақ өмірінде басты орын алып келді. Өйткені бұл ойын түрлері адам мен жануарлардың біртұтас тұтасқан, шеберлік қимыл, қозғалыстарының ерекшеліктерін көрсетеді. Сондықтан да сонау бағзы заманнан келе жатқан, қазірде кең тараған бұл ойын халықтың дәстүрлік ерекшеліктерін көрсететін тарихи дерек деуге болады. Өйткені бұл ойынның бойында көне көк бөріге бас июшілік бар. Көшпелі дала тайпаларының арасында бөрі атаулы ерекше орын алғаны белгілі. Қазақ жігіттің сырттаны, иттің сырттаны және қасқырдың сырттаны дейді. «Сырттан» ұғымы тек осы үшеуіне ғана қатысты. Сөздің алғашқы түбірі «сырт» басқа бір сыртқы тылсым дүниемен, күшпен байланысты. «Сырт» ұғымы адам күшін басқаратын тылсым дегенді білдіреді. Тура мағынада ол «иесі», «киесі» бар ұғымын тудырды. Көне түркі тайпалары шығу тегін көк бөрімен байланыстырып, тек генеологиялық аңыздарда ғана қалдырған жоқ, оның жарқын іздері көкпар ойынынан көрініс тапқан.

Көкпар тарту бәйге үшін сайыс. Бұл ойын Шығыс пен Орта Азияның басқа халықтарына да ертеден белгілі. Ойынның екі түрі кездеседі. Бірінші жағдайда тартысқа тек екі салт атты ғана қатысады. Көбіне әр ауылдың, ал спорттық көкпарда екі команда тартысқа түседі. Төрешінің белгісі бойынша әрбір ат үстіндегі ойыншы көкпарға берілген серкешті түсіруге күшін салады. Сөйтіп, арнаулы бәйгені атайды. Тақым тартыс немесе көкпар барған үйден сый алуды мақсат етеді. Ал қалған ойыншылар көкпарды алып, оза шауып кеткен үздіктерді қуа жөнеліп, тартысты жалғастыруға міндетті. Көкпар кезінде жерге түскен лаққа жаппай таласты – дода, ал ең мықты деген жігіттердің жекпе-жегін – тақым тартыс деп атайды. Тақым тартыс кезінде екі жігіт ат басын құйысқандарына қарата, айқаса тұрып лақты тақымдарына басады да екеуі екі бағытта жүре тартысады.

Асық. Ат ойындары, мереке сән салтанаттарында, той, ойын-сауық шашулары, дойбы, тоғызқұмалақ секілді қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі. Асық ойыны үйде, далада, алаңдарда ойналады.

Асық түрлері сақа, кеней болып табылады. Сақаға қошқар, ісек қой асықтарының ірі оңқайы алынады. «Кеней» деген ұғым  қой, ешкі, киік, қозылы, лақ асықтарының жалпы аты.

Хан екіден алты студентке дейін ойнай алатын асық ойыны. Әр студент келісім бойынша, бірнеше кенейін ортаға қосады. Көбіне, қырық, хан мен қырық бір асық алады. Бір асықты ішінен хан етіп сайлайды. Ол асық қосқан кенейлер санына қосылмайды.

Бектас. Бұл ойынға екі не үш студент қатыса алады. Ойынмен бес асықпен ойналады. Кей өңірлерде бармақ басымдай жұмыр бес таспен ойнайды. Кезек алған студент бес асықты шашып тастап, ішінен біреуін алады да, бір асықты қағып алуы керек. Қағып алған асығын бөлек қояды да, әлгіндегі тәсілмен жердегі екінші асықты іледі. Қалған асықтарды да осылайша іліп алып жинап қояды.

Екінші айналымда екіден жиып үлгеру керек, үшіншіден үшеуден, қалған бір асықты жеке төртіншіде төртеуін бірдей алу шарт. Бесіншіде бес асықты алақанға ұстап, жоғары серпіп жіберіп қақшып алу керек. Одан кейінгі айналымдар күрделене береді. Жаңылмай, мүдірмей межеге жеткен студент жеңімпаз атанып, басқа студенттер қалып қойған айналымына қарай жазалайды. Жазаның түрлері: Бір тасты қақпақылдап отырып, жеңілген студенттердің қолының сыртынан жаза алады. Қашан қақпақылдаған тасы түскенше жазалай береді де, тасы түскенше келесі жазаға ауысады. Жазаның түрлері: сипау, шымшып алу, тоқпақ, тырнап алу, күлді үрлеу т.б. бірден онға дейін алақанға шерту, сұқ қол ең қатты шертетін саусақ болғандықтан, шертуге қарсыластың жас шамасына қарай «ортан саусақ», «аты жоқ қол», «шынашақ» пайдалануы мүмкін.

Тәйке. Бұл ойынға екі не бес, алты студентке дейін қатыса алады. Ойын үшін тақыр, тегіс жер таңдап алынады. Алаңға түзу сызық сызылып, ойыншылар келісім бойынша бір-бір немесе екі-екі кенейден шығарып, сол сызықтың бойына, араларына бір-екі елідей жер қалдырып, тәйкесінен тізіп қояды. Сақаларын соғыстырып, кезек ретін алғандар үш адымдай жерден сақасын шиырып, тастайды. Тәйке түссе, келесі студенттердің сақасын шиыруын күтпей, кенейді көздеп атуға құқығы бар. Кеңейе түскенде, тәйке түссе, барлық тігулі асықты айтпай-ақ жиып алады. Алшы тұрса – түпте кезекте тұрған студент оны айтып, ойыннан шығартады да, ойын әрмен қарай жалғасады. Тастаған студенттердің сақасы алшы тұрса, қалған студенттер оның сақасын атады, тигізсе – алшы тұрған сақа ойыннан шығады. Ал атқан студенттердің сақасы тиіп, тәйке түссе, ол да кенейді атады. Тигізсе – үлесін алып, қайтара сақасын тастайды. Алшы да, тәйке де тұрмаса, ойыншылар меже сызықтан кезек бойынша кенейлерді көздеп атады, тисе шарт бойынша, асық ұтады. Сызықтан аттап кеткен студент атып тигізген кенейін ала алмайды, айып есебінде және бір кеней қосуына болады. Атқан студент мүлт кеткенше кенейлерді көздеп ата береді. Бұл ойынның күші сақаның тәйке түсуімен ұтымды. Сол үшін ойынға тұрғыш қорғасын сақа қосады.

Шық етер. Бұл ойынның тәйкеден айырмасы, белгіленген сызықтан тізілген кенейлерді шартты белгіленген бір-бірден атып шығады. Тигізіп құлатқан студент кенейін алады. Тигізе алмағандар соңын күтеді. Барлық студент атып болғаннан кейін алқақотан жиылып, бірінші кезектегі студент тізілген асықтардың біреуіне тигізсе, кенейлерді ұстап алады, ішіне сақасын қосып, жерге шашып тастайды. Оны «жабайлату» дейді. Сақасы қалай жатса, соған жұптас түскен асықтар соның еншісіне тиеді. Студенттер осылайша кезекпен жабайлатып отырады. Ойыншылар әу баста келіссе ғана атуға немесе жабайлатуға болады. Болмаса бірақ сақа пайдаланылады.

Шыр. Бұл ойынға да екіден төрт-беске дейін студент қатыса алады. Дөңгелек сызық сызып ішіне әр студент бірден, не екіден біріктіріп, топтастырып, асықтарын тігіп қояды. Оны шыр дейді. Ойыншылар сақаларын соғыстырып, кезектерін алады. Бірінші студент сақасын ешкім көздей алмайтындай тасалау, ойпаттау жерге алысырақ тастайды. Екінші студенттердің да, басқасының де солай тастауына болады. Оны жаптым дейді. Бірақ тастаған сақа атуға ыңғайлы жатса, кезектегі түптегі қарсылас көздеп атуға құқығы бар. Тигізсе «өлді» дейді. Өлген сақаның иесі келесі кезекке дейін ойыннан шығады. Алдыңғы студенттердің одан да әрі маңында жатқан сақаларды атып өлтіруге еркі бар. Болмаса, бір сақаны өлтіргеннен кейін, сол жерден шырды атып бұзады. Сақасының жұбына қарай құлаған асықтарды жиып алып, енді біртіндеп кенейлерді атады. Жұп түссе – ұтысын алып, ойынды жалғастыра береді. Бөлек түссе, сол жатқан жерінде жатады. Егер сақасы кенейлермен жұп түспей-ақ, алшы түссе, алыстау басқа жаққа жатуға болады. Бұл заңдылық сақаны сақа көздегенде де сақталады. Тимей кетіп, бүгінен не шегінен түссе, сол жерде жатады. Қарсылас ойыншы кезегін алғанда, оны оп-оңай өлтіре салады. Бұл ойында сақаны атып өлтіріп не шыр бұзып, жұп асықтарды көбірек ұтып, көбірек ұпай жинаған ойыншылар жеңімпаз деп танылады.

Шыр түбінде ең соңғы студенттердің сақасы ғана жата алады. Оның пайдасы қарсыластар сақаларын атып, ұзап кетеді де, шырға тигізе алмай қалады. Кезегі келгенде қалауынша шырды бұзып жұп асықтарды жиып алады. Ыңғайлы кенейді жауып жатқан сақаға қарай атып жақындап, кенеймен жұп түссе, оның сақасын өлтіруге болады. Шырды бұзып, бар кенейді ұтқан студент жеңімпаз атанып, ойынды басындағыдай қайта жалғастырады. Кенейі біткендер ойыннан ұтылып шығып қалады. Келесі ойында көп ұпай алған студент бірінші болады.

Бестабан. Кей аймақта үштабан, үшқарыс деп атайды. Бұл кезінде үлкен боз студенттердің өзі ауыл-ауыл боп топаймен ойнаған ұлттық ойын. Қазір асықпен ойнауға болады. Асықтарын араларына сүйем не қарыс жер қалдырып, бір сызықтың бойына тізіп қою керек. Екі жағынан бестабан жер өлшеп, кеней тұрған орыннан қосар сызық сызылады. Екі жаққа бөлінген студенттер бес метр жерден тұрған асықтарды кезекпен атқылайды. Шарты – тигізіп құлату ғана емес, бес табан жердегі сызықтан кенейді шығара білу. Сол үшін қорғасынды ауыр сақалар қолданылады. Оларды судың бетіне тас жалатқандай лақтырады. Бұл ойын үшін дәлдік, мергендік керек. Ұтқандар санын жиып, мәреге жетеді.

Иірсоқ. «Үйірмекіл» деп те атайды. Бұл ойынға екі студент қатысады. Алдымен сақаларын үйіріп кезек алады. Кімнің үйірген сақасы алшы тұрса, сол студент бірінші кезекті алады да, төрт кенейді жерге соға шашып жібереді, асықтардың жатысына қарай қарсыласына жұп түскен асықтарды екі алшымды, үш тәйкемді, екі бүк, екі шігімді, үш бүк, үш шік т.б. біртекті сол сияқты түрін тап, - деп қолқа салады. Қарсыласы ол да кенейлерді уыстап жерге соға шашып жібереді. Асықтар түрімен жұптасып түсіп, ойын бастаушының айтқанын тапса, ұтысқа жетеді, таба алмаса ұтылған болып саналады. Белгілі санға жеткенде, ұтылған студент басында келіскен шарт бойынша айып төлейді. Ұтылған студент белгілі қашықтықта жүгіріп келуге, ән салуға, тауық боп шақыруға, тіпті болмаса бір рет киноға апаруға т.б. шартты орындауға міндетті.

Асық ойынының бұдан да басқа толып жатқан түрлері бар. Қазіргі уақытта ұмыт бола бастаған бұл ойындарды қайтадан жалғастыруға болады. Студенттерді 1) ептілікке, 2) зеректікке, 3) мергендікке, 4)төзімділікке, 5) ыждаһаттылыққа, 6) пысықтыққа тәрбиелеуге үлесі зор.

Қазақша күрес. Қазақ халқының өте ерте қалыптасқан ойындарының бірі. Қазақша күрес - көшпелі халықтың тіршілігімен бірге жасасып келе жатқан спорт түрлерінің бірі. Қазақша күрестің басқа халықтардың ұлттық күресімен салыстырғанда өзіндік бір ерекшелігі бар. Кеңес дәуіріне дейін қазақша күрес негізінен әдет-ғұрыпқа байланысты және еңбек процестерін дәріптейтін жиын-тойларда өткізілді. Кезінде қазақша күрес «күш атасын танымайды» деген ұранмен, еш салмақ дәрежесінсіз үлкен-кішіге қарамай, тіпті баласымен әкесі де күресетін болған. Онымен қоса белгілі бір жүйеленген белдесу ережесі де болмаған. Күреске түсетіндер үлкен кішісіне қарамай, күштісі жеңіске жетеді. Жиын тойларында күрес өз алдына, тіпті ерегеске түскен екі еркек кездескен жерде ат үстінен түсе қалып белдесе кетеді. Осылайша күш аталары өздерін қарсыласымен халқының алдында паш ете білген.

Қазан доп. Ойынға қатысушылар жазық алаңға жиылып келіп үлкен дөңгелек шеңбер сызады да, дәл ортасынан тереңдігі 10 сантиметрдей шұңқыр қазады. Бұл қазан шұңқыр. Шеңбер сызық пен шұңқырдың аралығы жарты метрдей болуға тиіс. Ойынды бес алты ойыншы ойнай береді. Әр ойыншы өзіне ұзындығы бір жарым метрге жуық, ұшы қайқылау таяқ әзірлейді. Үлкендігі орташа доп пайдаланылады. Ойынды жүргізушілер қазан шұңқырдың сыртындағы шеңбердің бойымен аралығы 2-2,5 метрдей қашықтықта өздеріне кішкене ұя қазады да, таяқтарының ұшын соған тіреп тұрады.  Жеребе бойынша бір ойыншы доп ойнаушы болады. Ол допты қазан шұңқырға түсіруге айла іздеді. Басқалар қазанды қорғайды және өзінің ұясын доп айдаушыға алдырмауға жанталасады.

Егер айдаушы допты қазанға түсіретін болса, басқа ойыншылар орындарын жылдам ауыстыру керек. Осы қарсыласы біреуінің ұясын иеленіп алуы тиіс. Ұясыз қалған ойыншы доп айдаушы болады. Ойынға қатысушылардың саны көп болса,  бірнеше доп аудаушы белгіленеді.

Бұл ойынның екінші түрі «Қыз доп» деп аталады. Бұл көбінесе қысы ұзақ, қары қалың түсетін шығыс пен солтүстік облыстарда қыста ойналады. Ойынға жиналғандар қатты қардың үстіне келіп, ортадан үлкенірек шұңқыр қазады да оны «қазан» деп атайды, оның айналасынан дөңгеленте ойыншының санына қарап арасын 1,5-2 метрдей етіп кішкене шұңқырлар қазады, оны «отау» деп атайды. Әр ойыншының қолында басы имек таяқ болады. Ойыншыға кішкене доп пайдаланылады, ертеде оны ұшқақ ағашынан ойып жасаған. Сол кішкене допты «қыз доп» дейді. Доп қуушыны тағайындау үшін жаңағы кішкене допты ойынға қатысушылар таяғымен қақпақылайды, сонда кім аз қақпақылдаса, сол доп қуушы болады да, қалғандары ортадағы қазанды және өз отауларын қорғаушы болады. Ойын басталғанда әркім өз таяғын  өз отауларына қойып тұрады. Доп қуушы «қыз допты» қазанға түсіруге асығады, ал қорғаушылар «қазанды» да қорғай отырып, өз отауында қорғауға тиіс, өйтпегенде доп қуушы допты қорғаушылар «қазанға» түсірмеуге әрекеттеніп жатқанда олардың бірінің «отауын» басып алуға бар күшін салады. Егер ол осыны орындай алса, отауынан айрылған ойыншы доп қуушы болады. Егер доп қазанға түссе, ойын қайта басталады. Ойыншылардың санына қарамастан ойында бірақ доп қуушы тағайындалады.

Ойын жастарды бір ортақ мақсатқа жұмыла білуге, ұжымдыққа баулып, таза ауада дем алып, денсаулықтарын жақсартуға, қимыл-әрекетке жаттықтырады.

«Қызмай доп». Бұл ойын ашық алаңда тақыр жерде ойналады. Ойынға шағын доп керек. Ілгеріде мұны сиырдың жүніне су бүркіп, домалақтап, алақанға салып уқалап отырып жасайды. Қазіргі кезде резеңке пайдалануға болады. Екіншіден, ойынға ұзындығы бір метр басы қайқы таяқ керек.

Ойынға қатынасушылар жиналып келіп ортадан «Қазан» деп аталатын шұңқыр қазады. Оның диаметрі – 10 см, тереңдігі – 25 см болуы керек. Оны айнала «ошақ» деп аталатын шұңқырлар қазылады. «Ошақтардың» жиілігі ойнаушылардың бір-біріне бөгет болмауына негізделеді. Көбінесе мұның саны бесеу болып келеді. Ал ойыншы алтау болады. Оның біреуіне «Ошақ» жетпейді. Ол доп айдаушы немесе доп қуушы міндетін атқарады. Ол жеребе тарту арқылы шешіледі. Ойын басталғанда ойыншылар таяқтарының ұш жағын ошаққа салып тұрады. Олардың міндеті - өздерінің отауларын қорғай отырып, қазанды да қорғап, оған доп түсірмеу. Ошақтардың ара қашықтарының өлшемдері бірдей болғандары дұрыс. Ал қазан мен ошақтардың ара  қашықтығы шеңбердің бір радиусына тең болады. Дөңгелек шеңбердің диаметрі 5 метр.

Шеңбер сызығының бойымен бес ошақ орналасады. Мұнда бес ойыншы тұрады.  Жеребеден ұтылған алтыншы доп қуалаушы міндетін атқарады. Доп қуушы қолындағы таяғымен допты ұрып, не сырғыта түртіп, ортаға қарай айдап қазанға түсіруі шарт. Ошақта тұрған ойыншылар өзіне жылжып келе жатқан допты сыртта бос қалады. Доп қуушы осы уақытта ептілік көрсетіп, қолындағы таяғымен ошақты басып алса, оның міндетін ошағынан айырылып қалған ойыншы атқаруы тиіс.

Доп қазанға түскен кезде ойын қайта басталып, ошақтағы ойыншылар таяқтарын өздерінің оң жағындағы ошақтарға ауыстырулары керек. Сол жағында ауыстырған немесе ошақтан бос қалған ойыншы доп қуады. Ошақтарға ауысуы кезінде доп қуушы да бір ошақты иемденіп қалуға әрекет жасайды. Доп қуушы ойыншыға ошақтардың оң жағы да, сол жағы да бірдей. Ойын осылай жалғаса береді.

Жаңылма. Бір топ студент көгалды алаңға, не мектеп ауласына жиналып келіп, қол ұстасып дөңгелене тұрады да, ортасынан санамақ айтып студенттердің бірін ортаға шығарады. Шыққан студент өлең, тақпақ, әңгіме айтып тұрып кез-келген жерінде жата қалады, не болмаса құлағын ұстайды, басын сипайды, тағы сол сияқты іс-әрекеттерді жасайды. Оның өлең, тақпақ, әңгіме айтып тұрып істеген қимылдарын қайталай алмай қалған студент айыпты болып, өлең айтады, билейді, әңгіме айтып күлдіреді. Ойын студенттердің творчестволық ынтымаққа, аңғарымпаздыққа үйретеді.

Байқап қал! Бұл ойынға студенттер екі топқа бөлініп қатынасады. Екі топ өздеріне басшылар тағайындап алады. Олар стол үстіне 15-20 ұсақ нәрселерді, қалам, түрлі ойыншық, кішкене сурет т.б. қойып, бетін шүберекпен жабады, екі жағының да топ басқарушылары өзгелерге көрсетпей стол үстіндегі нәрселердің тізімін жазып алады. Студенттерге бір минут қаратқаннан кейін оларды шығарып жіберіп, өздері көрген нәрселердің тізімін жазып келулерін тапсырады. Қай топтың студенттері стол үстінен көрген нәрселердің түрін көп жазып келсе, сол топ ұтқан болып саналады. Ойын көру, ойда сақтау қабілетін жетілдіре түседі.

Аударыспақ. Ойын көгалдарда  немесе жерде ойналады. Бұл жігіттердің қатысуымен өтетін ат үстіндегі өте қызықты ойын. Екі салт атты жігіт ортаға шығады. Ойын жүргізушінің белгіленген уақытында әлгі екі салт атты адам бірін-бірі аттың үстінен аударып түсіруі керек. Айталық, белгіленген уақытта бірін-бірі жеңісе алмаса, онда ортаға келесі екі атты шығарады. Ал жеңіске жеткен ойыншы болса, ол көмбеде қалады да келесі ойыншымен аударысады. Осылайша көп жеңіске жеткен жігіт жүлде алады.

Бәйге. Бұл ат жарысына жігіттермен қатар қыздар да қатыса алады. Ойын көпшілігінде кедергілі, яғни жазық емес ойлы-қырлы жерде өткізіледі. Ойыншылардың санына шек қойылмайды. Ойыншылар көмбедегі сызықтың бойына қатар тұрып ойын жүргізушінің белгісі бойынша барлығы бір-бір мезгілде көмбеден шығады. Ойынның шарты бойынша бестен он шақырымға дейінгі белгіленген аралықты жүріп өтулері керек. Көмбеге бұрын келгені жеңімпаз атанады. Ол адамға сыйлық беріледі. Аламан бәйгеге қатысушылар жазық жерде оннан жиырма шақырымға дейінгі аралықты өтулері керек. Мұнда бас жүлдені озып шыққаны алады.

Жорға жарыс. Ойын – жорғалы аттылардың жарысы. Ойынға негізінен қыздар қатысады. Көпшілік жағдайда жазық жерде ойналатын ойындардың бірі. Ойнаушылардың санына шек қойылмайды. Ойнаушылар көмбедегі сызықтың бойына қатарға тұрады. Ойын жүргізуші жігіттің берген белгісі бойынша барлығы бірдей көмбеден шығады. Ертеде мұндай ойындарды өткізгенде нақтылы ара қашықтық анықталмаған, тек белгілер бойынша, айталық екі ауылдың арасы болмаса осы жерден пәлен жерге дейін ғана деп қана көз мөлшермен шамаланады. Егер ат жорғалап келе жатып желіп, не шауып кетіп барып көмбеге озып келсе онда ол адамның жеңгені есептелінбейді. Көмбеге бірінші болып, жорға жүрісімен жеткендер ғана жеңімпаз атанады. Аталған ойындарды сабаққа ендіру арқылы эксперимент жүргізіледі.

Қалыптастыру тәжірибелік-педагогикалық жұмыс нәтижелерін саралауға қойылатын талаптар:

- өткізілетін сабақтар студенттердің  өмірге  ішкі белсенділік ұстанымын қалыптастыру талабында болса, олардың ішкі интеллектуалды әлеуетінің  байланыстары біртұтастық жүйе құрады;

- студентерге  үдерісінен оларға ұлттық ойындардың белсенділікті арттыруға және оны қалыптастыруға қозғаушы күш боларлық түрлерін саралау қарастырылады;

- студенттердің  ұлттық ойын арқылы олардың  ішкі интеллектуалды әлеуметіне  белсенділік ұстанымын өркендетуге түрткі болған мекеме ішіндегі (мектеп, жоғары оқу орны) жаттығуға пайдаланылған үдерістік іс-әрекеттер негізінде өздігінен, сабақтан тыс уақыттарда тән қуатын салауаттылыққа бағдарлау икем-дағдысын өркендетуге алу шеберлігін ширатуға мойын ұсындыру.

Жүргізілген қалыптастыру тәжірибелік-эксперимент барысындағы студенттермен өткізген шаралары мен сабақтарымыздың нәтижесі, бағдарламаның мән-мазмұны, олардың бүгінгі күнгі студенттердің   ішкі интеллектуалды әлеуетіне  белсенділік ұстанымын ұлттық ойындар арқылы өркендетуге бағыт береді.

 

Студенттердің   білімдерін   бақылауға   арналған   сұрақтар:  

1.Отбасында халықтық педагогика тұрғысында  ойынның алатын  орның түсіндіріңіз.

2.Халықтық  педагогикада ұл мен қызды болашақ өмірге баулу жолдарын анықтаңыз.

3.Халықтық педагогикадағы қыз және ер балалар  ойнайтын  ойынның ерекшеліктері неде?

4.Отбасы тәрбиесі халықтық педагогиканың негізі ретіндегі мақсатын түсіндіріңіз.

5.Отбасы тәрбиесінде  ұлттық дәстүрлерді қолдану жолдарын көрсетіңіз.

Әдебиеттер:

1.Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тәлім-тәрбиесі. Алматы, «Сана», 1995

  1. Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақтың халық педагогикасының тарихынан. Алматы, «Кітап», 1992

3.Қалиев С. Халық педагогикасының тағылымдары. //Бастауыш мектеп-1991-№5 – 26 б.

  1. Қалиев С., Базилов Ж. Қазақ халқының салт-дәстүрлері. Алматы, РБК, 1993

6.З.Әбілова, Қ.Қалиева  «Этнопедагогика оқулығы» Алматы 1999жыл