3.2 Этнопедагогика ғылымындағы білім мен тәрбиенің әдістері мен құралдары


Этнопедагогика нысанында тәрбиелеудің әдістері жалпы дидактикалық қалай оқыту үдерісінде тәрбиелеу деген мәселеге жауап беру тұрғысында  әдістерді саралауға бағыт береді. Этнопедагогикадан білім берудегі мақсатты жүзеге асыру әдістердің өнімді түрлерін сұрыптаусыз мүмкін емес.

Әдістер – оқу үдерісінің  жүрегі, қойылған мақсат және оның нәтижеге жетуін қамтамасыз етер байланыстырушы құрал. Әдістердің рөлі «мақсат – білім мазмұны – өнімді әдістер – сабақ түрлері – оқу құралдары» секілді түзілімнің жүйесін анықтаушы.

Оқыту әдістері, грек тілінде, (metodos – бір нәрсеге жол салу) – бұл ұстаз бен оқушының оқу мақсатын табыстылыққа бағыттайтын жол дегенді аңғартады. Әдістер (дидактикалық әдістер) көпшілік жағдайда жол, мақсатқа жету, білім алу міндеттерін шешу дегенді түсіндіреді. Педагогикалық әдебиеттерде әдістер ұғымы тек педагог және оқушы іс-әрекеті тұрғысында, ал екінші кезекте оқыту әдістері туралы қабылданып келеді. Егер педагог пен оқушы бірлігіндегі жұмыс болғанда ғана оқыту әдістері пайда болмақ. Оқыту әдістері – көпқырлы, күрделі, көпсалалы білімді талап ететін нысан. Біздер оның кеңістігін кристалл арқылы модельге салсақ, ол гауһардай көпқырлы нұрын, жарығын, сәулесін шашар еді.

Әдістердің құрылым-жүйесінің бір құрамы амал болып табылады. Амал – бұл әдістердің бөлігі, оның бір ғана іс-әрекеті, жеке қадамды жүзеге асырушы. Оқыту әдістерінде мақсаттың, білім мазмұнының, қағидаларының, сабақ түрлерінің білім заңдылықтарының нұсқалы көрінісі байқалады. Этнопедагогика білімін меңгертуде қолданылатын әдістер білімалушылардың мүмкіндігін ескеруге  бағдарлайды.

Әдіс – логикалық пайымдаудың алгоритмдік жүйесі, табысқа жетелейтін мақсаттың жүзеге асуын қамтамасыз ететін іс-әрекет. Бұл орайда, ұстаздың ыстық жүрегі ме, суық ақылы ма, әлде есепке түсер импровизациясы ма? – қайсысы басым болып келеді – деген ой мазалайды. Мұның дұрыстығы – тек теорияны толыққанды тұрғыда тәжірибеге негіздеу. Ол:

- ұстаздың білім беру мазмұнының нәтижеге жеткізер мақсаты;

- қойылған, алға ұсынылған міндеттерді шешудегі ынтымақтастық тәсілдері;

- нұсқалы оқулық материалынан алынған білім мазмұнының оқыту мазмұнына сәйкестілігі;

- оқу-тәрбие үдерісінің логикалық жүйесі (заңдылықтар, заңдар, қағидалар);

- ақпарат көздері;

- оқу-тәрбие үдерісіндегі қатысушылардың белсенділігі;

- оқыту үдерісіндегі қолданылатын құралдар.

Оны мына суреттен байқауға болады.

Сурет – 2 Этнопедагогиканың теориясын іс-әрекетте қолданудың жүйесі

 

Көрсетіліп отырған суреттен этнопедагогика әдістері жайлы толықтай бірнұсқалы жауап беру өте қиын. Себебі әдістер өздігінен, білім мазмұнынсыз, мемлекеттік стандартсыз, оқулықсыз, бағдарламасыз, күнтізбесіз, сабақ жоспарының технологиялық картасыз және оқыту мазмұнынсыз жүзеге аспайды, көпқырлы құбылыстың барлық ауқымын бір дефиниция арқылы қамту мүмкін емес. Дефиниция - ұғымның немесе заттың нақты белгілерін және басқадай ерекшеліктерінің мазмұнын логикалық  тұрғыда нақты анықтау.

Оқыту әдістері дегенде нені нысанаға аламыз? Берілген анықтамадан дұрысын таңдаңыз, қалғанының дұрыс еместігін дәлелдеңіз.

- Оқыту әдісі – білімнің алға қойған мақсатын ұстаздың ойлау қызметі арқылы оқушының түсінуі.

- Оқыту әдісінің өзі білім мазмұнынан (этнопедагогика оқулығы) шығатын заңдылықтар, бұл – оқу үдерісін ұйымдастыруды анықтайтын нысан.

- Оқыту әдісі логикалық категорияға жатады, ол – танымнық қызметті ұйымдастыратын жол.

- Оқыту әдісі – бұл оқытушы мен білімалушылардың оқыту мақсатының нәтижеге бағдарлануын тәртіптейтін нысан.

- Оқыту әдісі –  ұстаз бен оқушы ынтымақтастығының тәсілі.

Көпқырлы білім секілді оқыту әдістері де әртүрлі. Әдістердің әрқайсысын

жүйелеп топтастыруға болады. Жалпы белгілеріне байланысты әдістерді

жіктей аламыз. Әдістер жіктемесі теорияның тәжірибеге сәйкес келуі

тұрғысында қабылданады.

Әдістердің оқыту үдерісінде қолданылатын жіктемесі білім мазмұнының сарыны мен оның мәнділігін айқындауға қызмет етер түрлерін саралау тұрғысында түзіледі. Оқыту үдерісі оқысынан жылжымалы, диалектикалық үрдіс. Оның мәнділігін, ерекшелігін жіктемемен негіздеу сыңайында қарастырылса, онда дәстүрдегі үш білім көздері сараланады: 1) тәжірибе; 2) көрнекілік; 3) сөз. Ілгерілеу заңдылығынан кейін кітап, оқулық ұғымы қосылды. Алдыңғы білімнің 3 көзі ежелгі философтар мен педагогикалық жүйеден туындаған. Ал қазіргі кезең: 1) қағазсыз видео және 2) компьютер жүйесі. Дәстүрдегі жіктемесі:

 

Тәжірибе

Көрнекілік

Әңгіме

Кітаппен жұмыс

Видео әдіс

1) Зерттеу

2) Жаттығу

3)Оқу-өндірістік еңбек

1) Иллюстрация

2) Демонстрация

3) Байқау

1) түсіндіру

2) Әңгімелесу

3) Баяндау

4) Талқылау

5) Нұсқау

6) Дәріс

7) Пікірталас

8) Диспут

 

1) Оқу

2) Зерделеу

3) Реферат жазу

4) Көзбен жүгіртуі

5) Үзінді келтіру

6) Мазмұндау

7) Жоспар құру

8) Конспект жазу

1) Көру

2) Оқу

3)Есту Электрондық ұстаз бақылауымен жаттығу орындау

4) Бақылау

5) Интерактивтік тақта

 

 

Әдістердің жіктемесін зерттеген ғалымдар М. А. Данилов және Б. П. Есипов. Жалпы белгілеріне қарай әдістердің жіктемесі сабақтың құрылымдық кезеңдері:

  • білім меңгеру;
  • қабілет пен икемділікті қалыптастыру;
  • меңгерген білімді іс-әрекетте қолдану;
  • шығармашылық қызмет;
  • бекіту;
  • біліктілікті, қабілет пен икемділікті тексеру.

И. Я. Лернер, М. Н. Скаткиндер әдістердің танымдық қызмет типі – бұл өздігінен жұмыс жүргізе алу деңгейі. Ұстаздың ұсынған схемасымен оқушының жеке өздігінен жұмыс орындай алуы. Бұл сипат оқушының ойлау белсенділігімен де байланысты деген. Аталып өткен ойлау белсенділігін студенттерге де пайдалануға болады. Оның әдістер жіктемесі:

  • түсіндірмелі-иллюстративті (ақпаратты-рецепті);
  • репродуктивті;
  • проблемалы мазмұндық;
  • эвристикалық;
  • зерттеушілік.

Егер студенттің танымдық қызметі оқытушының нұсқаулығымен ұйымдасса, онда студент өздігінен жеке жұмысын орындай алмайды. Осының салдарынан студенттің ойлау белсенділігі төменгі деңгейде қалады.

Алдыңғы жіктемелер бұрынғы дәстүрдегі оқыту жүйесіндегі қолданылған әдістер. Бүгінгі ЖОО оқыту мәселесіне қатысты этнопедагогикадан білім игерудің әдістері белгілі бір технологияға құрамдық бөліктер ретінде қызмет атқарады. Сондықтан мектептерден келген 1-ші курс студенттерінің біліктілігін деңгейлерге топтастыру үдерісінде өнімді және өнімсіз әдістердің түрлерін ажырату іскерлігін ширату басымдық мәнде. Бұл орайда, эвристикалық, шығармашыл, креативтік деңгейліктерді өрістету мақсатында мыналарды нысанаға алған дұрыс:

  1. Ақпараттық-рецептік әдіс төмендегідей белгілерімен ерекшеленеді:

- білім көлемі межеленіп даяр қалпында беріледі;

- оқытушы-профессор әртүрлі тәсілдермен студенттердің перцептивті, апперсепселі қабылдауына қатысты білім көлемін әзірлейді;

- студент қабылдау (рецепция) және білімін ұғыну, түсіну секілді іс-әрекеттерін жадына сақтауға қам жасайды.

Рецепцияны ақпарат көздерін пайдалану (сөз, сөйлем, көрнекілік және т.б.), алған білімін жүйе-жүйемен логикалық мазмұндаумен жалқылайды, жалпылайды. Оқытушы-профессор студенттің өздік жұмысының қабылдау деңгейін ұйымдастырушы қызметімен басқарады.

Кез-келген студенттің жоғары деңгейі репродуктивті әдіссіз жүзеге аспайды. Бұл әдістің өзіне тән белгілері:

  1. • Студентке білім даяр түрінде беріледі;
  • оқытушы-профессор білім жайлы дәріс оқиды;
  • студенттер аудиторияда берілген білімнің желісімен өздік жұмыс арқылы толықтырады.

Білім тексеру критерийі осы желідегі студенттердің қайталап беруімен бағаланады.

  • Көбінесе қайта-қайта қайталау арқылы меңгеріледі.

Проблеманы мазмұндау әдістің іздендіру іс-әрекетіне бағдарлап, студенттердің шығармашыл деңгейлігін қалыптастыруға бағдар жасайтыны ескеріледі. Студент этнопедагогика жайлы зерттеу еңбектерін ұсақ ізденістер арқылы өздігінен зерделеп, ондағы көкейкесті мәселелердің шешілуін (ғалымдар пайымында) бағамдайды. Әрбір зерттеушінің ізденісіне мән беру іс-әрекетімен қаруланған студент өздігінен зерттеушілік жасауға да бейімделеді. Проблеманы мазмұндау әдістің мәні де осы.

Эвристикалық-ізденісті әдістің мәні келесі белгілер арқылы сипатталады:

  1. • білім даяр түрінде берілмейді, ол өздігінен оқытушы-профессор ұсынған тапсырмалар мен әдебиет тізімдері арқылы білім алулары көзделеді;
  • оқытушы-профессор әрбір студент деңгейіне сәйкес орындалуға тиіс тапсырмалар жіктемесін ұсынады;
  • алған білімдерімен студенттер пікірталасқа түседі, семинарда, конференцияда белсенділік танытады (мақала, баяндама, бақылау жұмысы, курстық жұмыс және т.б.).

Зерттеу әдісінің мәні:

  1. • Студент және оқытушы-профессор көкейкесті мәселені бірге одақтаса отырып талқылайды;
  • Студент өздігінен этнопедагогиканың мәселелік мәнін айқындап, оған жауап табу мақсатында зерттеу жұмысын жүргізеді;
  • Жетістікке жетуде оның әдіс-тәсілдерін, құралдарын, технологиялық картасын өзі әзірлейді;
  • Оқытушы-профессордың қызметі тапсырманы алдын-ала әзірлеуге мойынұсындырады;
  • Оқу қарқыны шапшаң және қызығу уәжі жоғары, меңгерген білімі ғылыми негізде терең, берік, шынайы.

Зерттеу әдісі стандарт ауқымында студенттің шығармашыл деңгейін өрістетеді. Бұдан әрі зерттеушілік іс-әрекетті стандарт ауқымынан асырып орындаса, онда студент креативтік деңгейге көтеріледі. Бұдан акмеологиялық білім дәрежесіне жету дегенді аңғаруға болады.

Дидактикалық мақсат бойынша оқытудың әдістер тобы екіге бөлінеді:

1) Алғашқы оқу материалын меңгеруге қызмет ететін әдістер;

2) Алған, меңгерген білімдерін өркендету мақсатында қолданылатын әдістер.

Бірінші топқа жататындар: ақпараттық-даму әдісі (ауызша мазмұндау, әңгіме, кітаппен жұмыс); эвристикалық (ізденіс) бұған эвристикалық әңгіме, пікірталас, зертханалық жұмыс. Зерттеушілік әдіс.

Екінші топқа жататындар: (үлгі бойынша жұмыс, жаттығу, тезис, нұсқалы жаттығулар, эссе жазу, проект құру, тұжырымдама ұсыну және т.б.).

Әдістерді бинарлы және көпбинарлы деп жіктеу – бұрыннан келе жатқан тиімді іс-әрекет. Бұны М. И. Махмудов: «Ұстаздардың әдістері», «Оқыту әдістері» деп жіктеген. Жоғары оқу орнында оқытушы-профессорлардың технология жүйесіне қолданатын әдістері және студенттердің оқу үдерісінде қолданылатын әдістері деп қарастырған дұрыс.

 

Оқыту әдістері

Оқу әдістері

1) Ақпараттық мәлімет

2) Түсіндірмелі

3) Нұсқаулық тәжірибесі

4) Қозғаушы күштің сыртқы және ішкі ықпалы

5) Қозғалысқа түсу (ойлау әрекеті)

1) Орындаушылық

2) Репродуктивті

3) Өнімді-тәжірибелі

4) Кей тұстағы ізденіс

5) Ізденіс

 

Полинарлық әдісте бірнеше әдістердің жіктемесі келеді. Білім көздері, танымдық деңгейінің белсенділігі; оқу үдерісіндегі танымның логикалық жолы – амалдарын В. Ф. Паламарчук, В. И. Паламарчуктар ұсынады.

Мұнымен бірге көптеген әдістердің полибинарлы түзілімі ұсынылған, соның ішінде,  неміс ғалымы Лотар Клинбергтің әдістерді оның түрлерімен синергетикалық сипатта зерттеген.

 

Логикалық әдістер

Ынтымақтастық, синергетикалық түрі

Диалогтық әдістер

1) Дәріс

Жеке жұмыс

Әңгіме түрінде

2) Әңгіме

Топпен

 

3) Демонстрация

Фронтальды, ұжымдық

 

 

Кейінгі кеңес үкіметінің соңғы жылдарында академик Ю. К. Бабанский оқыту әдістерін 3 үлкен топқа бөледі:

1) Ұйымдастыру әдісі және оқу-танымдық қызметті жүзеге асыру;

2) Қажетсіну уәж әдісі және оқу-танымдық қызметтің қажетсіну уәжі;

3) Бақылау әдісі және оқу-танымдық қызметтің тиімділігіне өздік бақылау жүргізу.

Ұйымдастыру әдістері және оқу-танымдық қызметті іске асыру

 

Сөз әдісі

Көрнекілік

Тәжірибе

Жалқылау

Жалпылау

Репродуктивті және проблемалы-ізденісті

Өздігінен жұмыс, оқытушы-профессорлардың басқаруымен жұмыс

Білім көздерінен

Логика

Ойлау, парасаттау

Басқару

 

Қажетсіну уәж әдісі және оқу-танымдық қызметтің қажетсіну уәжі

Қажетсіну уәж әдісі және оқуға деген қызығушылығы

Қызықтыру әдістері және оқудағы парыз бен қарыз, жауаптылық

 

Бақылау әдістері және оқу-танымдық қызметтің тиімділігін өздігінен бақылау

 

Ауызша бақылау әдістері және өздігінен бақылау

Жазбаша бақылау әдістері, өздігінен бақылау

Зертханалық және тәжірибелік бақылау және өздігінен бақылау

 

Аталып өткен әдістердің бәрі дерлік кемшіліксіз емес. Тәжірибеде әртүрлі студенттердің, білімалушылардың рецептивтік, перцептивтік, апперсепселі ойлау мүмкіндігі әртүрлі болғандықтан, аталған схемаларды диагностикасыз, тұлғалардың интериоризациясынсыз қолдана алмайды.

Кейінгі жылдары ғасырлар бойы қызмет етіп келген «сөз әдісіне», «вербальді әдіс» деп айдар тағып, сынға түсірушілік байқалады.

Оның басты себебі баяндау, әңгімелеу, түсіндіру және т.б. әдістер бүгінгі ХХІ ғасырдағы білімалушылардың рецепциясын қанағаттандыра бермейді деген қарсы пікір басымдықта. Сондықтан кейінгі жылдары әдістердің өнімді түрі талдау, жинақтау, жалқылау, жалпылау, аналогын табу, феноменін анықтау, түзілімін құру, тұжырымдарын жіктеу, өз ойының ерекшелігін көрсету секілді іс-әрекеттер тиімді деп есептелуде. Салдарынан білімалушылардың ойлау өнерін жоғарыға көтеру тек білімденудің технологияларымен іске аспақ. «Технология» ұғымы «ойлау өнері» дегенді білдіреді. Ойлау өнерінің жүйесі алдымен білімалушының тұлғалық болмысын онтология (оның танымдық тағылымын (гносеология), адам, тұлға ретіндегі құндылығын (аксиология-адам-капитал) зерделеу, диагностикалау іс-әрекетінде біліми-ғылыми нысаналарды ұсыну көзделеді. Бұл орайда, этнопедагогика ілімін меңгеруде бірталай технологиялардың түрлері бар.

Психологтар талдау, жинақтау, жалқылау, жалпылау секілді іс-әрекеттерді дидактикаға жатқызбайды. Десек те, дидактиканы психологиясыз бөліп қарастыруға болмайды.