Қазіргі заманда жаһандық өзгерістер әлеуметтік, рухани, экономикалық, салада ғана емес, сонымен қатар білім беру саласында да орын алып отыр. Білім берудегі өзгерістердің қалай жүретіні және оның қалай жүзеге асатыны адам баласының қандай басымдықтарды таңдауына байланысты болып табылады.
Ғылым саласындағы болып жатқан өзгерістер, ашылып жатқан жаңалықтар адамның санасын жетілдіріп, дүниеге көзқарасын өзгертуде. Болашақ ұрпақтың, жасөспірімнің санасының өзгеруі, білімі мен тәрбиесі оқытушыға байланысты. Мұғалімнің, оқытушының балаға беретін білімі тек болмыс заңдары негізінде ғана емес, ойлаудың шығармашылық мектебі ретінде құрылуы тиіс. Бұл қазіргі білім беру жүйесінде тәрбиенің теориясы мен практикасын іске асыруды ғана емес, педагогикалық шеберлікті қажет етеді. Педагогтің педагогикалық шеберлігі тұлғаның жеке басының мәдениетінің құрамдас бөлшегі болса, ал келесі жағдайда, кәсіптік даму мен жетілдірудің алғышарты болып саналады.
Оқытушы білім беріп ғана қоймай, өзіндік дүниетанымымен, өмірдің мәні мен мақсаты болып табылатын жайттарды түсіндіріп, білім алушының ерекшеліктерін бағалап, адамның мүмкіндіктерін, жеке қасиеттері мен сапасын, адамдар арасындағы қарым-қатынастарды түсінуіне көмектеседі. Әрбір педагог білім мен тәрбиенің заңдылықтарын, әдіс-тәсілдерді, әдістемелердің мазмұнын, педагогикалық құралдарды, жалпы оқыту мен тәрбиелеудің жүйелі кешенін меңгерген жағдайда ғана шебер педагог бола алады.
Елімізде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер білім беру жүйесіндегі проблемаларды шешудің жолдарын қарастыруда. Сондықтан педагогикалық мамандықты меңгерген әр мұғалімнің, оқытушының кәсіби білігі, педагогикалық мәдениеті, ақыл-парасаты жоғары болуы тиіс. Педагогикалық шеберлік оқытушының педагогикалық мәдениетінің маңызды жағы болып табылады.
Шеберлік – күрделі де, қажырлы іс, сондықтан оның табиғатын, мәнін, мазмұнын белгілеген жөн. Бұл үнемі жетілдіріп отыруды қажет ететін оқыту мен тәрбиелеу процесі. Шеберліктің қандай болмасын бір салада жоғары өнер екені баршаға мәлім. Педагог оқыту мен тәрбиелеу процесінде өз бойындағы ең жақсы қасиеттерін балаға сіңіріп, тұлғаның жетілуіне қажетті білім-білік дағдыларды қалыптастырып, дүниетанымы мен қабілеттерін дамытып, жан-жақты жетілуіне, дамуына оның болашақ өміріне бағыт береді.
Бұл пән студенттердің педагог қызметінің кәсіби мазмұнын түсінуге мүмкіндік беріп, «педагогикалық мәдениет», «педагогикалық шеберлік», «педагогикалық технология», «педагогикалық құзыреттілік» т.б. ұғымдардың мазмұнын айқындап, психология – педагогикалық білімнің бірлігі, тұлғалық бағытталған педагогикалық принциптер және тұлғаның өзіндік даму идеясын қамтиды. Сонымен қатар, оқытушының шеберлігін көтеру жолдары мен оған қажетті құрал-жабдықтарды жетілдіру, тәрбие, оқыту және дамытудың біртұтас жүйесін жасау, шығармашылық ізденісте болу – педагогикалық шеберлікті жетілдірудің негіздері болып саналады.
Әр оқушының бойындағы дара қасиеттерін анықтау, олардың дамуына қолайлы жағдай жасау, білім мен тәрбиені ұштастырып, заман талабына сай жан-жақты дамыған тұлға тәрбиелеу педагогтердің еншісінде екені анық. Сондықтан педагог мамандығын таңдаған тұлға педагогикалық шеберлікпен қатар жауапкершілікті де бірге ала жүреді. Ол өзінің пәнін немесе әдістемелік сауаттылықты ғана емес, әр баланың жеке ерекшелігін, мінез-құлқын біліп, білімді әр балаға толық жеткізуі тиіс.
Бұл оқу құралдың мазмұнында педагогикалық мамандықтың қыр-сыры, мұғалім еңбегінің шығармашылық табиғаты, педагогикалық шеберліктің ерекшеліктері, мұғалімнің кәсіби функциясы, мұғалімнің педагогикалық әдептілігі, сабақтағы шеберлігі, сабақтың түрлері, дәстүрлі емес тәсілдерді оқыту процесінде қолданудың маңыздылығы т.б. қамтылған. Сондай-ақ, педагогикалық технология, оның маңызы, ерекшеліктері, мектепке дейінгі ұйымның тәрбиешісінің қызметі, ұйымдастырушылық қабілеті мен тәрбиенің міндеттерін қамтиды.