Халық шаруашылығының маңызды саласы – мал шаруашылығы. Ол халық шаруашылығының басқа салаларының дамуына елеулі әсер етеді. Қоғамның материалдық қажеттілігін қамтамасыз ету мал шаруашылығының даму деңгейіне байланысты. Ал мал шаруашылығын өркендетуде азық қорын дамытудың және азықтандыруды ғылыми тұрғыдан ұйымдастырудың маңызы өте зор.
Бүгінгі шаруа қожалары, фермерлер, мал мамандары азықтандыруда қол – данылатын негізгі азықтар түрін, химиялық құрамын, қоректілігін және, т.б. көптеген қасиеттерін нақтылы білулері қажет. Сонымен бірге, малдан мол және сапалы өнім алу мақсатымен, әр түрлі малдарды толық құнды азықтандыра білу – бүгінгі заманда өзекті мәселе.
Азық құрамы және оның түрлері. Мал шаруашылығын тиімді жүргізудің басты шарты – мал азығы қорын дұрыс ұйымдастыру және әрбір малдың барынша өнімді болуына, азықты неғұрлым аз жұмсап, жоғары сапалы өнім алуға мүмкіндік беретін азықтан- дыру болып табылады.
Ғылыми тұрғыдан балансталып берілген азық малдың ағзасында органика- лық заттар (протеин, май, крахмал, жасұнық, қант), минералдық заттар (каль ций,фосфор, калий, натрий, күкірт, магний, темір, мырыш, мыс, марганец, йод, кобальт және т.б.), биологиялық белсенді заттардың (гормондар, фер -менттер, дәрумендер) тиімді пайдаланылуына мүмкіндік жасайды. Азық құрамын анықтайтын зоотехникалық сызба төменде көрсетілген.
Су. Мал азығының қоспалары (90–95 %) су және құрғақ заттан тұрады. Су азық құрамы 60–65º С-та кептіру нәтижесінде анықталатын бастапқы ылғал мөлшері мен гигроскопиялық ылғалдылықтан тұрады. Бастапқы ылғалдылық азықтағы бос, әр түрлі қоректік заттардың ертіндісі түрінде, гигроскопиялық ылғалдылық түрлі органикалық қосылыстармен аралас күйінде кездеседі. Су мал ағзасына ішкен суы, азықтар құрамындағы су, жасуша аралық су арқылы барады. Мал денесінің ішкі температурасының тұрақтылығын реттеу, ағзада -ғы барлық химиялық-физикалық құбылыстар, ас қорыту сөлінің, сілекейдің бөлінуі – судың қатысуымен жүреді.
Құрғақ зат. Құрғақ зат органикалық және органикалық емес (минералды) бөліктерден тұрады. Минералды заттар немесе күл жемшөпті жаққаннан кейінгі қалдық. Азықтардың құрғақ затының органикалық бөлігі азотты (протеин) және азотсыз заттар мен витаминдерден тұрады. Протеиннің құрамына ақуыздар мен амидтер кіреді.
Амидтер. Зоотехникалық тұрғыдан қарағанда, амидтер құрамына бос амин қышқылдарынан тұратын азотты органикалық және минералдық қосылыстар, амин қышқылдарының амиді, аммоний тұздары, нитраттар мен нитриттер кіреді.
Шикі протеин амидінің көп бөлігі өсімдіктерде ақуыздың аммиактан толық түзілмеген өнімі түрінде, ал келесі бөлімі ақуыздардың ферменттер мен бактериялар әсерінен ыдырауы нәтижесінде пайда болады. Жас көк өсімдіктер протеиніндегі амидтің мөлшері протеиннің 30 %-ға дейін болады, себебі онда фотосинтез процесі тез жүреді. Тамыр түйнек жемісті азықтарда, картопта шикі протеиннің жартысына дейіні амидтен тұрады, бұл азықты сақтау барысында амидтер мөлшері көбейеді, ферменттер мен микроағзалардың әсерінен көк өсімдіктерді сүрлегенде және күйіс қайыратын малдардың ас қорыту жолдарында азықтың қорытылуы нәтижесінде ақуыздар 40 %-дан 60 % - ға дейін амидтерге ыдырайды.
Азоттық қосындылардың ақуызсыз түрлерінің қоректік құндылығы ауылшаруашылық малдарының барлығы үшін бірдей емес. Үй малының барлық түрлері тек бос және амидті амин қышқылдарын ғана пайдалана алады, ал шошқалар мен құстар және жай қарынды малдар түрлері аммиак тұзын, нитраттар мен нитриттерді азоттық азық ретінде пайдалана алмайды, себебі олар шамадан тыс көп мөлшерде қанға өтсе, малдардың улануына әкеліп соғады.
Кейбір азықтар амидінің құрамында улы заттар, глюкозидтер кездеседі, мұндай азықтарды алдын ала өңдейді немесе малды азықтандыруға пайдаланбайды.
Протеин. Мал ағзасының дене тіндер негізін ақуыздар құрайтындықтан, азықтағы ақуызды заттардың маңызы зор. Азықтағы протеин жас мал денесінің өсуіне, тозған тіндерінің қайта жетілуіне қажет. Барлық ферменттер, гормондар, иммунды денелер ақуыздан тұрады.
Азықтық азоты бар заттардың бүкіл кешенін (оларға ақуыздарды да қосып есептегенде) протеин деп атайды. Азық протеинінің мал бойына сіңетін бөлігі қорытылатын протеин деп аталады. Азықтағы протеиннің биологиялық қоректлігі оның құрамындағы амин қышқылдарына байланысты. Ағзада кейбір амин қышқылдары жаңа амин қышқылын түзуге қатысады, бұл процесс бір амин қышқылдарының, амин топтарының екінші амин қышқылдарына қосылуынан пайда болады.
Малдар әдетте мұндай амин қышқылдарының жеткіліксіздігіне зәру болмайды, дегенмен кейбір амин қышқылдары ағзада аз түзіледі, я болмаса мүлдем түзілмейді. Олардың қатарына лизин, метионин, триптофан, лейцин, изолейцин, треонин, гистидин, валин, аргининин, фенилаланин жатады. Бұл амин қышқылдар тобы алмаспайтын амин қышқылдары деп аталады.
Майлар. Олар өсімдік және жануар тектес азықтар құрамына кіреді және мал үшін маңызы зор энергия көзі болып табылады. Майлар – глицирин мен май қышқылдарының қосындысы. Басқа көмірсутегі қосылыстарына қарағанда 2,25–2,30 есе көп энергия шығаратындықтан азықтардың энергиясын арттыратын маңызды материал болып табылады. Мал денелерінде май ең алдымен көмірсутегіден (крахмал, қант) сондай-ақ азықтағы май протеин есебінен пайда болады. Өздерінің физикалық және химиялық қасиеттері жағынан майлар біркелкі болмайды, ол май құрамын кіретін май қышқылдарының әр түрлі ара қатынасына байланысты. Май қышқылдары қаныққан және қанықпаған болып екіге бөлінеді. Қаныққан май қышқылдарының еру нүктесі өте жоғары, ал қанықпаған май қышқылдарының еру нүктесі төмен болып келеді. Көптеген өсімдік майларының сұйық болып келуі, құрамында қанықпаған май қышқылдарының көптеп кездесуіне байланысты болады.
Малды азықтандырғанда рацион құрамында линол, арахидон және линолен сияқты қанықпаған қышқылдардың тиісті мөлшерде болуын қадағалау керек. бұл май қышқылдары мал ағзасында түзілмейді, сондықтан алмаспайтын май қышқылдар деп есептеледі.
Май мал денесінің жылу көзі ғана болып табылмайды, сонымен бірге май арқылы ағзаға майда еритін витаминдер (А, Д, Е, К) пайда болуына септігін тигізеді. Құрамында қанықпаған май қышқылдары өте аз азықпен қоректенген малдың ұрықтануы қиын жағдайда өтеді, көбінесе қысыр қалады, төлді әдеттегіден ұзақ көтереді.
Витаминдер. Витаминдер дегеніміз – биологиялық жоғары пәрменді заттар. Витаминдер энергия көзі емес және пластикалық материалдар қатарына да жатпайды, дегенмен ағзаның қалыпты тіршілігі үшін маңызы зор, химиялық құрамы әр түрлі зат тобы. Қан айналу жолына түскен витаминдер ағзада жүретін барлық биохимиялық процестерге қатысады, олар қоректік зат алмасу процесіне қатысып, ағзаның жақсы өсіп-жетілуіне әсер етеді. Ағзада витаминдер өте аз болғанда, мал авитаминоз ауруына шалдығады, ал витаминдер жетіспеген жағдайда пайда болатын қоректік заттардың алмасу процесінің бұзылуын гиповитаминоз деп атайды. Витаминдердің ағзада жетіспеуі салдарынан жас малдың өсуі тежеледі, азықты өніммен өтеуі нашарлайды және бұл өзгерістердің көпшілігі қалпына келмейді.
Көптеген витаминдердің химиялық құрамы қазіргі таңда белгілі. Медицина және микробиологиялық өнеркәсіптер малды азықтандыруға қажет витамин топтарын шығарады.
Витаминдер ерігіштік қасиетіне қарай майда және суда еритін витаминдер болып екі үлкен топқа бөлінеді. Майда еритін витаминдер тобына А, Д, Е, К, ал суда еритін витаминдер қатарына В комплексіндегі витаминдер және С витамині жатады.
А витамині (ретинол). А витамині майларда және май еріткіштер –бензин, эфир, ацетонда жақсы ериді. Ол ультракүлгін сәулелерінен тез бұзылады және ауа оттегінде тотығады. Жоғары температурада бұзылу процесі жылдам жүреді. Оттегі жоқ ортада олар 100 0С температурада сақталады. Бүгінгі күнге дейін А витаминінің жеткіліксіздігінен пайда болатын 50-ден астам функционалдық ауытқулар белгілі: олардың бастысы мал тәбетінің төмендеуімен, жас төлдердің өсуінің тоқталуымен, жыныс бездері жұмысының бұзылуымен сипатталады. Осыған байланысты А витаминін өсу витамині деп атайды.
А витаминінің жеткіліксіздігін дәлірек сипаттайтын басты белгі – кешкілік, ала көлеңкеде көру мүмкіндігінің күрт төмендеуі, оны «ақшам соқыр» деп атайды. А авитаминоздың одан әрі дамуы көздің мүйіз қабықшасының жұмсаруына әкеліп соғады. А витаминінің болмауы, не жетіспеуі тыныс жолдарының, ішек жолы қабықшаларының құрғақтанып, мүйізденуіне әкеліп соқтырады.
А гиповитаминозды анықтайтын қосымша белгілер қатарына малдардың қысыр қалуы, іш тастауы, әлсіз, не соқыр төл тууы, жыныс ұрықтары сапасының төмендеуі қанның, сүттің, уыздың құрамында А витамині мөлшерінің төмендеуі жатады.
Мал шаруашылығнда қолданатын азықтардың көпшілігінің құрамында А витамині кездеспейді, ал өсімдік тектес азықтарда А витамині каротин түрінде кездеседі. Каротин аш ішек қабырғаларында А витаминіне айналады да, лимфа түйіршіктері арқылы қанға өтеді. А витаминінің қайнар көзі – нәлім (треска) балығының бауырынан алынатын балық майы мен жұмыртқаның сары уызы.
Ағзаға каротин шамадан тыс көп түскенде А витамині бауырда жиналады, оның қоры ағзаға азықпен каротин аз түскенде қолданылады.
Ауаның әсерінен каротин тез бұзылады. Сондықтан ашық ауадағы және күн сәулесінің әсеріне көп уақыт бойы ұшыраған азықта каротин аз болады. Сол себептен каротинге бай азықтарды булауға ұзақ уақыт қайнатуға болмайды. Каротин жас көк өсімдіктерде, әсіресе жоңышқа жапырағында, қызыл сәбізде, сары тарыда көп болады.
Д витамині (кальциферол). Д витамині табиғатта көп жағдайда оның провитамині эргостирин түрінде кездеседі. Эргостирин күн сәулесінің (ультракүлгін) әсерінен Д витаминіне ауысады. Мұндай қасиеттер эргокальциферолда, холекальциферолда бар.
Д2 (эргокальциферол) мен Д3 (холекальцийферол) химиялық құрамы жағынан әр түрлі, дегенмен олардың ағзадағы физикалық-химиялық әсері өте ұқсас. Д2 және Д3 витаминдері түссіз кристалл, майларда, эфирде, спиртте, басқа да органикалық еріткіштерде жақсы ериді. Олар минералдық қышқылдар әсерінен бұзылуы мүмкін. Д витамині ағзада минералдық заттар алмасуында ерекше орын алады. Азық құрамындағы кальций, фосфордың, Д витаминінің жетіспеуі мал төлінде мешел ауруының пайда болуына әкеліп соқтырады. Ересек малда Д витамині мен минералдық заттардың жетпегендігінен тірсек және тізе буындары ісінеді, бұл ауру остеомаляция деп аталады.
Ағзада Д витаминінің жетіспеуінің салдарынан мал жүнді жалап, топырақ жейді, аз қозғалады, ересек малдың өнімі азайып, жата береді, көп жағдайда қысыр қалады, тістері қозғалып,тұяқтары сына бастайды. Д витамині ағзадағы көптеген маңызды зат алмасу процестеріне, әсіресе кальций мен фосфордың алмасуына қатысады.
Е витамині (токоферол). Ағзада Е витаминінің жетіспеуі малдың жыныс бездерінің, жүйке жүйесі жұмысының бұзылуына әкеліп соғады. Е витамині азық құрамында көп кездеседі. Е витаминінің қайнар көзі – көк өсімдіктердің жапырағы, сапалы пішен және астық тұқымдастардың дәндері.
Рационда май және протеин мөлшерден тыс артық болса, онда малдың Е витаминіне қажеттілігі арта түседі. Малды азықтандыру тәжірибесінде Е витаминінің жетіспеуі өте сирек кездеседі, себебі соңғы уақытта өнеркәсіп майда еритін витаминдерді өндіріп шығарады.
К витамині ( филлохинон). Қазіргі күні К витаминінің 7 түрі белгілі, бірақ 3 түрі К1,К2,К3 жиі пайдаланылады.
К1 витамині (альфа-филлохинон) – 1939 жылы жүгеріден алынған. Таза күйінде ол сарғылт, майлы сұйық, май еріткіштерде ериді. Нейтральдық ортада қыздыруға төзімді, ультракүлгін сәуле әсерінен бұзылады. К2 витамині микроорганизмдерде кездеседі, алғаш рет шіріген балық ұнынан табылған. Химиялық құрамы жағынан К1 витаминінен ерекше. Ол сары кристалды ұнтақ, суда ерімейді, май еріткіш ерітінділерде ериді. Жарық пен қыздыруға төзімсіз.
К витамині жасыл өсімдіктердің жапырақтарында, сүрлемде көп болады, ал астық тұқымдас дақылдардың дәндерінде, тамыр-түйнек жемістілерде өте аз.малдың ас қорыту жолдарындағы бактериялар к витаминін түзеді. К витаминінің жетіспеуі малдардың қан ұюына әсер етеді, бүйректе протромбиннің құрылуы төмендейді. Күйіс малы К витаминіне қажеттіліктерін табиғи азықтардан толықтырады, тек ауылшаруашылық құсты және шошқаны азықтандырғанда К витаминінің мөлшерін қадағалайды. Қазіргі уақытта өнеркәсіп К витаминінің туындысы К3 викасол шығарады.
С витамині (аскорбин қышқылы) барлық тірі өсімдік жасушаларында болады. Аскорбин қышқылы жас көк өсімдіктер, сонымен бірге тамыр-түйнек жемістілерде өте көп. Аскорбин қышқылы жануар тіндерінде өте аз, С витамині бауыр мен эндокриндік мүшелерде көп. Сақтау барысында, жарық, температура әсерінен өсімдіктердің құрамындағы аскорбин қышқыл мөлшері төмендеуі және бұзылуы мүмкін. Қайнатқанда, булағанда 50 %-ға дейін жоғалады.
С витамині қан жаңарту, жыныс бездері жұмысына әсер етеді, оның мал ағзасында жетіспейтіндігін малдың шаршағыштығынан, тамыр соғысының жиілеп, аурушаң бола бастағанынан білуге болады. Мал ағзасын С витамині -мен толық қамтамасыз ету үшін рационға көкөніс, сапалы пішен, картоп, тамыр-түйнек жемістерді қосу керек. Мал ағзасында аскорбин қышқылы жеткілікті мөлшерде түзіледі, ол үшін ағзаны А витаминімен толық қамтамасыз ету қажет.
В тобындағы витаминдер.Қарында ас қорытылуы толық қалыптасқан ересек күйіс малдары бұл витаминнің азықпен келуін іс жүзінде қажет етпейді.Суда еритін витаминдер тобына В1(тиамин), В2 (рибофлабин), В3 (пантотен қышқылы), В4 (холин), В5 (РР1 никотин қышқылы), В6 (пиридоксин), В7 (Н1 биотин), В8(инозит), Вс (фолин қышқылы) және В12 (цианкобаламин) жатады. Бұл топтағы витаминдер ағзадағы зат алмасу процесіндже ерекше маңызы бар ферменттердің құрамына кіреді. Олар жақсы тіршілік жасау үшін қажет биохимиялық орта жасайды. Осы витаминдердің біреуі ғана жетіспегенде зат алмасу процесі бұзылады, малдардың өнімі төмендейді және сапасы нашарлайды.
Минералдық заттар.Малды құнды азықтандыруда минералдық заттарға көп көңіл бөлу керек, өйткені қысқы рациондарда көбіне бұл заттар жетіспей жатады.
Минералдық заттар деп макро және микроэлементтерді айтады. Макроэлементтерге кіретін минералдық заттар: кальций, фосфор, натрий, калий, күкірт, магний, хлор. Микроэлементтер: темір, мыс, мырыш, кобальт, марганец, йод және т.б. Мал азығындағы минералды заттардың жалпы құрамы 4–7 %-дан аспайды. Сүйек тінінің құрамына енетіндіктен, малға кальций мен фосфор көп мөлшерде қажет. Кальций жүйке жүйесінің қозуын бәсеңдңтңді, қанның ұйығыштығына әсер етеді. Ол өсімдіктердің жапырақтары мен сабақтарында мол болады. Фосфор нуклеинді қышқылдардың құрамына кіреді, көмірсу алмасуда үлкен рөл атқарады. Өсімдік азықтарында фосфор кальцийге қарағанда 3–4 есе аз. Өсімдік азықтарында натрийге қарағанда кальций көбірек, алайда, дұрыс арақатынасын сақтағанда олар жүрек пен ас қорыту мүшелерінің қалыпты жұмысын қамтамасыз етеді. Калийдің жүрек қызметіне ықпалы бар. Натрий жүйке жүйесінің қозуын жоғарылатып, су алмасуды реттейді. Ірі қара мал мен қойға ас тұзын керегінше беруге болады, ал шошқа мен құсқа оның мөлшерін азайтқан жөн.
Магний сүйек тінінің құрамына кіреді, кейбір ферменттердің әрекетін реттейді, бұлшық еттердің жиырылу процесіне қатысады. Ол жеткіліксіз болған жағдайда жүрек қызметі бұзылады да, тырысқақ басталады. Малдарда аздаған мөлшерде микроэлементтер қажет. Мысалы, сиырға тәулігіне небарі 6–15 мг кобальт керек, алайда, оның болмауы немесе жеткіліксіз болуы зат алмасудың бұзылуын туғызуы мүмкін. Мыс., темір және кобальт қан жасалу процесіне әсер етеді. Темір гемоглобиннің құрамына кіреді. Марганец өсіп-өну процесіне ықпал жасайды. Цинк асқазан асты безінің гормоны – инсулиннің құрамына, ал йод қалқанша бізінің гормоны – триеглобулиннің құрамына кіреді. Жемшөпте микроэлементтер өте аз мөлшерде болады. Микроэлементтер жетіспеген жағдайда оларды мал азығына қосады. Кейбір аудандардың топырағында, яғни жемшөп пен суда кейбір микроэлементтер (молибден, никель, фтор) артып кеткен жағдайда малда ауру түрлері пайда болады.
Азық дегеніміз - өсімдік, жануар және микроб тектес, малдың денсаулығына, өніміне және өнімнің сапасына зиян келтірмейтін, жақсы желініп қорытылатын заттар. Мал азықтандыруда өте маңызы зор өндіріс шығаратын минералдық, витаминдік және ферменттік қосындылар пайдаланылады.
Энергиялық қоректігіне қарай азықтарды үлкен екі топқа жіктейді: көлемді және құрама жем.
Көлемді ірі азықтардың құрғақ затында жасұнық 19 %-тан, ал көлемді ылғалды азықтарда су 40 %-тан астам болса, құрама жемде жасұнық пен су 19 және 40 %-дан қашанда төмен.
Азықтар жасалу негізіне қарай, табиғи және жасанды азықтар болып екі топқа бөлінеді. Табиғи азықтар шығу тегіне қарай өсімдік және жануар тектес болып бөлінеді. Жасанды азықтар қатарына химиялық және микробиологиялық әдістері мен алынған заттар жатады.
Химиялық құрамы және қоректілігі бойынша азықтар төмендегідей жіктеледі:
Өсімдік тектес азықтар:
1) Шырынды азықтар: көк балауса, сүрлем, пішендеме, тамыртүйнектер, бақша өнімдері;
2) Ірі азықтар: пішен, сабан, топан (полова, мякина);
3) Дәнді азықтар: күнжара мен шроттар, құрама жем;
4) Ылғалды азықтар – техникалық өндіріс қалдықтары: топ
(барда), сығынды (жом), мезга, сыра бөртпесі, сірне.
Жануар тектес азықтар:
- Сүт жіне сүт өнімдері: уыз, сүттің сары суы, айран, ірімшік.
- Ет комбинатының және балық өндірістерінің қалдықтары: қан, кептірілген қан, ет, ет-сүйек ұны, балық қалдықтары, балық ұны.
Микроб тектес азықтар:
- Азық, сыра және нан ашытқылары.
-Микробиологиялық түзу өнімдері: ферменттер, аминқышқылдары, антибиотиктер.
Минералдық және витаминдік қосындылар:
- Минералды қосындылар: ас тұзы, бор, макро және микро элементтердің тұздары.
- Витаминдер және премикстер.
- Премикс белгілі бір азық түріне сіңірілген бір текті биологиялық пәрменді заттардың (витаминдер, микроэлементтер, антибиотиктер, амин қышқылдары және т.б.) қоспасы.
- Әр түрлі азықтарға мемлекеттік стандарт беріледі және ол стандарттың талабы бойынша оларды кластарға бөледі.
Азық сапасын бағалау. Малға берер алдында және азықтандыру барысында шаруашылықта дайындалған азықтардың сапасын анықтап, бақылап отыру қажет. Өйткені ерте дайындалып, біраз уақыт сақталған азықтардың сапасы кеміп кетсе, малға пайдасы шамалы. Бірақ дербес шаруашылық иелері жаңа сатып алынған азықтың қоректілігін, жұғымдылығын анықтауда күрделі аппараттар қолдана алмайды. Сондықтан көбінесе көз мөлшерімен шамалап, иісіне, түсне қарап анықтайды.
Жоғары сапалы пішен хош иісті, түсін жоймаған, ірі, қатты сабақтар аралспаған жұмсақ, жапырақтарын толық сақтаған, зиянды да улы өсімдіктерден таза, шаң-тозаңмен ласталмаған болып келеді. Ылғалдылығы 17 %-дан төмен болуы керек. оны дербес шаруашылықтар жағдайында былай анықтауға болады: бір уыс пішенді алып бұрағанда немесе мыжығанда, шыртылдап, сына бастаса, ол кеуіп кеткендігінің белгісі. Жас пішенді арқан сияқты бұрап тұрып, жібере салғанда қайта тарқатылады, қолға жұмсақ тиеді. Жағымды иіс шығады. Бұл пішеннің қоректілігінің жақсы екендігін, әсіресе, каротиннің сақталғандығын көрсетеді.
Сапасы нашар, ылғалдылығы 22–23 % пішенді бұрағанда одан су шығады, алақан сөлденіп қалады. Маяға қолды тереңірек тыққанда қолға жып-жылы тисе, бұл пішеннің қызып, бүліне бастағанын байқатады. Күйіктің иісі шығып, түсі қарая бастаса, оның 80º С-қа дейін қызғаны. Пішеннің түсі қара-қошқыл болса, оның жауынды күні жиналғаны. Жауынды күні жиналып, жеткілікті кептірілмеген пішен шіриді. Ондай пішеннен қара шіріктің, қидың, жалбыздың , топырақтың иісі шығады. Ылғал күйінде жиналған пішен қара күйе сияқты зиянды микрофлорамен тез зақымданады, жапырақтар мен сабақтарына ноқаттар түсіп, қызыл немесе қызыл сары түс пайда болады, масақтарын зиянкестер кеміріп тастаған секілденіп көрінеді.
Мал азығы ретінде сақталатын сабанның ылғалдылығы 16%-дан аспауы керек. ол органикалық көрсеткіштері бойынша үш категорияға бөлінеді. Біріншісі – жоғары сапалы, түсін бұзбаған, хош иісі бар, түсі жылтырауық және иілгіш келеді.
Екіншісі – сапасы орташа түрі. Бірақ мұның да шіріп борсығаны, көгеріп-қызғаны, мұз қатқаны 10 %-дан аспауы керек. Дегенмен, оның ептеп қаракүйесі, шаңы, ылғалы болады.
Үшіншісі – сапасы өте нашар түрі. Малды азықтандыруға жарамсыз, сабанның 10 %-дан астамы бүлініп, тоттанып кеткен болып шығады.
Құрамында жасұнық көп (31–42 %), қоректіліг төмен, қорытылуы нашар күздік дәнді дақылдар сабаны тым қатып кеткендіктен мал азығына жарамайды. Сондықтан мал азығына жаздық дәнді дақылдардың сабанын пайдаланған жөн. Олардың ішінде құнарлылығы жағынан тары, арпа, сұлы, бидай, қара бидай сабандары жақсы. Ал күріш сабаны арнайы өңдеусіз нашар қорытылады.
Сондай-ақ, пішенді де мал түлігіне қарай үйлесімді пайдаланған жөн. Жайылым отын әр малдың өзінше теріп жейтіні жалпыға мәлім. Мысалы, ірі қара өткір иісті шөпті онша сүйсініп жемейді, ал қияқтан бас алмай жайылады. Жылқы хош иісті, қатты пішенді жақсы көреді.
Пішен сапасын да түр-түсі мен иісіне қарап анықтауға болады. Жоғары сапалы, құнарлы, жақсы сақталған пішендеменің иісі өте жағымды, жаңа шабылған жас шөптікінде, түсі ашық көк, ашық сұр (беденікі –қоңырқай, қоңыр), жапырақтары жақсы сақталған, қарайған белгілері немесе иісі болмайды.
Сүрлем сапасын сүрлемнің түсі, иісі, қышқылдығы бойынша анықтауға болады. Шабылған кездегі түсін онша өзгертпей сақталған, көк немесе сәл сарғыш тартқан сүрлемге жоғары, ал қоңырқай тартып, тіпті қарайған сүрлемге төмен балл (0–3 дейін) беріледі. Хош иісті жемістей немесе жаңа піскен нан иісті сүрлемге жоғары баға – 4 балл, ал ақшылтым, сәл сірке суы немесе тұздалған қияр иісті сүрлемге 2–3 балл беріледі. Қатты борсыған, жағымсыз, май қышқылы иісті сүрлем ең төменгі – 1, тіпті 0 баллмен бағаланады.
Сүрлемнің ең көп балл (0–5 дейін) алатын сапалық көрсеткіші оның қышқылдылығы болып табылады. Сүрлем қышқылдығын жарты стақан сүрлемнің 1/3 бөлігін тазартылған сіға аралстырып, 20-30 минут өткен соң оған әмбебап лакмус қағазын батырып алу арқылы анықтайды. Ол қағаздағы түрлі-түсті межеліктер сүрлем құрамындағы сутегі атомының шоғырлану деңгейін көрсетеді. Егер ол көрсеткіш азықты сүрлендіруге қажетті қышқыл мөлшері 4,0-ке жақын болса жоғары – 5 балл, 5-ке қарай жылжыса – 3–4 балл, ал 6-дан аспаса – 1 баллмен бағаланады.
Осы үш көрсеткіші бойынша жалпы балл қосындысы 11–12 болса, сүрлем өте жақсы, 9–10 балл жинаса – жақсы, 7–8 балл жинаса орташа, 4–6 балл жинаса нашар деп бағаланады да, 3 балдан аспаса, ондай сүрлем мал азығына жарамсыз деп табылады. Сонымен қатар, сүрлемді бағалағанда оның басқа заттармен, әсіресе топырақ, батпақпен ласталмағанына, консистенциясының сақталғанына да назар аударады.
Дәнді азықтардың түсі, жылтырлығы, иісі, дәмі, қышқылдығы, ылғалдылығы, температурасы, сақталу мерзімі, абсолюттік салмағы, тазалығы, қамба зиянкестерімен зақымданбағаны оның сапалық көрсеткіші болып табылады.
Кейбір дақылдардың (жігері, бұршақ, жасымық, бидай, тары, т.б.) түсі олардың басты сапалық белгісі болып табылады. Өйткені түсіне қарап дәннің піскенін, жетілгенін, үсікке ұшырамағанын, дұрыс сақталғанын ажыратуға болады. Тамырын үсік шалған дәннің түсі ақшылдау келір, беткі жағын торкөз әжім жабады. Пісіп-жетілмеген дәннің тамырын үсік шалса, ол күңгірттеніп, қоңырланып, шор болып қалады. Аңызақ шалған дәннің түсі күңгірттеніп, семіп қалады. Дұрыс құрғатылмаған дән қарайып, құрамындағы крахмалы азайып кетеді. Сапалы, дұрыс сақталған дәннің сыртқы қабығы біртегіс жылтыр, табиғи түсі өзгермейді. Ал сапасыз қабығының дәннің жылтырлығы жойылып, ұштары қарайып, дақтанып, сұрғылт немесе қоңыр түсті болады.
Дәндердің бұзылмай, жақсы сақталуы үшін олардың ылғалдылығы 14–15 %-дан аспауы керек. Дәннің ылғалдылығы мөлшерін былай білуге болады: уыстап қысқанда құрғақ дән сықырлап, қолға қатты батады. Тіске салып шаққанда тез шытынап уатылады, ал дымқыл дән мылжаланып, тіске сағыздай тиеді.
Ұнды түсіне, иісіне, қышқылдығына, зиянды қосындылармен және қамба зиянкестерімен ластану дәрежесіне қарай бағалайды. Жақсы сапалы ұнның түсі ақсұр болып келеді, қарайғандығы байқалмайды. Иісі жағымды, бөгде иіс сезілмейді. Қышқылдылығы Тернер көрсеткіші бойынша 45ºС-тан аспайды. Шіріген иісті, борсыған, қышқыл не ащы дәмді, қамба зиянкестерінің ұрығымен (қаракүйе) ластанған ұн мал азықтандыруға жарамайды.
Мал азығына арналған картопты сыртынан және қабығын аршып көріп, мұқият тексереді. Картоп түрлі бактериоздармен, саңырауқұлақтармен бүліне бастаса, малға беру нормасы 50 % азайтылады.Аталған аурулармен үштен бір бөлігі бүлініп, шіри бастаған картопты малға тек пісірілген күйінде ғана береді. Пісірілген картопты бөлгенде түсі ақ болса, бөлінетін жері үгітіліп тұрса – сапалы болғаны. Егер қарайып, суланып, жағымсыз иіс білінсе – орташа, ал көбірек суланып, қатты иістеніп, қарайған болса – сапасы нашар болғаны. Үштен екі бөлігі бүлінген картопты мал азығына пайдалануға болмайды. Қажетті жағдайда картоптағы крахмел мен солонин мөлшерін де анықтайды.
Сондай-ақ, қант және азықтық қызылшаның сапасын анықтау қажет болса, олардың құрамындағы нитраттар мөлшерін табы керек. топ, сығынды, сірне сияқты техникалық өндіріс қалдықтарының құрамындағы бос қышқылдар да анықталуға тиіс. Өйткені, олардың шамадан тыс мөлшері ас қорыту мүшелерін бұзып, зат алмасу процестеріне зиянды әсер етеді.
Майлы дақылдардың қалдықтары – күнжара мен шроттар сыртқы түрі-түсі, бөлшектерінің тығыздығы, иісі, құрамының бірқалыптылығы, тазалығы, химиялық құрамы бойынша бағаланады. Зығыр күнжарасын арнайы әдіспен шырыштау арқылы тексереді. Ол үшін ыдысқа бір қасық ұнтақталған күнжара салып, үстіне он кесе ыстық су құяды да әбден араластырып, тұндырады. Сапасы жақсы күнжара сәл ғана кілегейленген (шырыш тәріздес) затқа айналады. Мақта күнжарасында улы госсипол болатындықтан, оны 10–20% мөлшерден асырмай, әрі асқан сақтықпен қолданады.
Жануар өнімдерінен жасалатын сүт және сүт өнімдері, көк сүт, сүзбе, сүт сарысуы, ет-қан, ет-сүйек, балық ұндарын мал азығы ретінде пайдаланғанда оларды түсіне, иісіне, ұнтақталу дәрежесіне, тазалығына қарап бағалайды. Ұндардың түсі оларды өндіру тәсіліне және құрамындағы сүйек мөлшеріне байланысты келеді. Ет-сүйек ұнының түсі ақ-сұр, ет ұнынікі сары-сұр, қоңыр, қандікі – қоңыр, балық ұнынікі – сары-сұр болып келеді. Бірақ балық ұнында тотық бояуы байқалмауы керек. сапалы ұндарда шірік, тағы басқа жағымсыз иістер болмайды. Ұн сапасына күмәнданған жағдайда стақанға аздап ұн салады да, ыстық сумен араластыра отырып,қоймалжың болғанша былғайды. Ұн жарамсыз, бұзылған болса, жарты сағаттан соң шірік иісі шыға бастайды.
Жануар өнімдерінен жасалған азықтарда протеин мөлшері жоғары болғандықтан, оларды сақтайтын жердің құрғақтығын қадағалау қажет. Тым ылғал жерде олар тез бүліне бастайды. Анда-санда азықтық ұндардың ылғалдылығын байқау үшін оларды уыстап алып сығымдайды. Құрғақ, жақсы сақталған ұн қолға жабыспай, сусып тұрады.
Азықтарды дайындау технологиясы. Пішен. Әр шаруашылықтың азық балансында пішеннің қыстық азық ретінде орны ерекше, себебі ол барлық қоректьік заттардың қайнар көзі болып табылады. Ылғалдылығы 14–17 % қалқан астындағы пішен ұзақ сақталады және жасыл түсін, ерекше иісін жоймайды.
Шөптерді орғаннан кейін өсімдік жасушалары бойындағы қоректік заттар арқылы біршама уақыт өмір сүреді, бұл кезеңді бос зат алмасу кезеңі деп атайды. Шамамен шөп бойында 35–38 % ылғалдылық қалғанда, орылған шикі заттағы зат алмасу процесі ферменттер мен микрофлораның тіршілік әсерінен жүреді. Сондықтан кептірілген шөптің құрамында неғұрлым көп қоректік заттарды сақтап қалу үшін қысқа уақытта оның ылғалдылығын 14–17 %-ға дейін түсіру керек. Пішенді ұзақ уақыт кептіру каротин мен протеиннің жойылуына әкеліп соқтырады. Сонымен бірге күн сәулесінің көмегімен көк шөпті кептіргенде механикалық әсердің арқасында көптеген қоректік заттар шығынға ұшырайды, мұндай қоректік заттардың шығыны 10–15 %-дан 60–65 %-ға дейін жетуі мүмкін.
Сондықтан, біріншіден, бос күйіндегі зат алмасудан және жасушалар тынысын жойғаннан кейінгі ыдыраудың әсерінен болатын шығын мөлшерін азайту үшін шөпті кептіруді мүмкіндігінше қысқа уақытта жүргізуге тырысу қажет, екіншіден, жауын-шашыннан қоректік заттардың жуылып кетуінің алдын алған жөн. Қоректік заттардың шығынын азайту мен пішен сапасын арттыру жолдарының бірі – пішенді желдету әдісімен құрғату болып табылады. Пішенді әбден құрғатуға ауа бөлгіш қондырғысы бар арнайы желдеткіштер қолданылады.
Ылғалдылығы 35–45 %-ға жеткізілген көк балауса ауа бөлгіш жүйенің бүкіл алаңына қалыңдығы 1,0–1,5 м етіп тегіс жайылады. Желдеткіш алғашқы екі тәулік толассыз жұмыс істейді, кейінгі тәуліктерде түнде тоқтатып, күндіз қондырғыны іске қосады, алғашқы қабаттың ылғалдылығы шамамен 25–30 % -ға жеткенде қалыңдығын 1,5–2,0 м жеткізіп екінші қабат салады, көк балауса қабаттары маяның биіктігі 6–8 м жеткенге дейін салынады. Желдету уақытының аяқталғанын анықтау үшін түнгі үзілістен кейін қондырғыны 6–7 сағат іске қосады да, жылы ауа бөлінбей ме, соны қадағалайды. Егер жылы ауа бөлінбесе, 10–12 сағаттан кейін қайта тексереді, ал жылы ауа бөлінсе, желдетуді одан әрі жалғастырады. Бұл тәсілді қолданғанда көк балауса 4–5 күнде кеуіп, жоғары сапалы пішен алуға мүмкіндік жасайды.
Соңғы кезде көптеген шаруашылықтар ұсақталған пішен дайындап жүр. Ұзындығы 12–15 см дейін ұсақталған көк балаусаны шөп қоймаларында суық не жылытылған ауа әсерімен кептіреді (ұсақталған пішеннің ерекшелігі азықтық қоспа жасауды жеңілдетеді).
Пішен дайындаудың тағы бір прогрессивті түрлері тығыздалған пішен дайындау болып табылады. Атжалдағы көк балаусаның ылғалдылығы 20–25 %-ға дейін жеткенде жинап, тығыздайды.Тығыздалған пішеннің 1 м3 салмағы 200–300 кг жетеді, яғни тығыздалмаған пішен салмағынан 3–5 есе артық деген сөз.
Қазіргі уақытта көптеген шет елдерде және біздің елде пішендік көк балаусаны сусыз аммиакпен өңдеу тәсілі қолданылып жүр. Ылғалдылығы 20–35% көк балаусаның 1 тоннасына 9–10 кг сусыз аммиакты біркелкі шашады, аммиактың ұшып кетуіне жол бермеу үшін мияның үстін жасанды полиэтилен қағазбен жабады. Аммиак көптеген саңырауқұлақтарға қауіпті, сондықтан пішеннің ұзақ сақталуына мүмкіндік жасайды. Сусыз аммиакпен өңделген пішеннің жасұнық мөлшері төмендеп, протеиннің қорытылуы артады.
Пішеннің азықтық қасиеті түріне қарай әр түрлі болып келеді. Бұршақ тұқымдас пішенді көп жылдық және бір жылдық егілген (жоңышқа, сиыржоңышқа, бұршақ, эспарцет) шөптерден дайындайды. Тиімді мерзімде, қолайлы ауа райында дайындалған бұршақ тұқымдас пішенде 0,5–0,6 – азық өлшемі (6,8–7 мДж алмасу энергиясы) және бір азық өлшемінде 150–200 г қорытылатын протеин болады. Бұршақ тұқымдас пішен – минералдық заттар мен протеиннің қайнар көзі. Бұршақ тұқымдас пішен дайындауды ұлғайту әр шаруашылықта азықтық ақуыз мәселесін шешудің басты жолы болып табылады.
Сүрлем – құрамында жеңіл қорытылатын протеин, витаминдер, минералдық заттар, органикалық қышқылдар болатын шырынды, бағалы мал азығы. Сүрлемнің азықтық сапасы пайдаланылған негізгі шикізаттың құрамына, сүрлеу технологиясына байланысты.
Өсімдіктерді сүрлеудің нәтижесі олардың құрамындағы қант мөлшеріне байланысты, қант сүт қышқылды бактериялардың әсерінен сүт қышқылын құрайды, осы жағдай сүрлем дайындаудағы қант минимумы деп аталады. Соған байланысты сүрлеу дәрежесіне қарай барлық өсімдіктерді жеңіл сүрленетін, қиын сүрленетін және сүрленбейтін деп үлкен үш топқа бөледі. Жеңіл сүрленетіндерге жүгері, астық тұқымдас дақылдар, шылғындық шөптер жатады. Қиын сүрленетіндерге бұршақ, бұршақ тұқымдастардың көбі жатады. Шикізат сүрленгіштігін көрсететін көрсеткіштердің бірі – ондағы қант пен протеиннің арақатынасы. Егер бұл арақатынас сүрленетін шикізатта 1:1-ге таяу болса, мұндай шикізат жақсы сүрленеді, ал протеиннің бір бөлігіне қанттың 0,6 бөлігінен аз келсе, мұндай шикізаттың сүрленуі қиын болады.
Сүрлем – биологиялық әдіспен консервіленген азық түрі. Жасыл жүгеріні, я болмаса күнбағысты сүрлегенде жаңа оралған және ұсақталған өсімдік массасын орға салып, мұқияттап тығыздайды, ауа енбеуі себептен, биохимиялық және микробиологиялық процестердің қарқынды жүруінен, сүт, сірке және басқа қышқылдар түзілуінен ортаның қарқынды қышқылды болуынан консервіленеді.
Сүрлеу технологиясына төмендегідей операциялар енеді:
- жасыл өсімдікті ору және ұсақтау;
- жасыл массаны сүрлеу орнына тасымалдау;
- жасыл массаны орға жайғастыру, жаю және тығыздау;
- орды толтырып болғаннан кейін тығыздап жабу.
Дайындалатын сүрлемнің сапасы ору кезеңінде өсімдіктің өсіп-өну фазасына байланысты. Әр түрлі өсімдіктерді ору мерзімі, неғұрлым көп қоректік заттар шығымын және жақсы сүрленуін көздеуі керек. солтүстік Қазақстан аймағында жеңіл және жақсы сүрленетін өсімдіктер жүгері және күнбағыс, я болмаса олардың қоспасы болып есептеледі.
Жасыл жүгерінің оруға ең тиімді фазасы – дәнінің қамырланып сүттенуінің басы, ал күнбағыстікі – гүлденуінің басы, яғни өсімдіктің 1/3 бөлігі гүлдегенде.
Сүрлеудің нәтижесі, сүрлемнің сапасы және сақталынуы ордың типіне байланысты. Сүрлем оры әр түрлі типті болады: жердің үстінде, жартылай жерлі және түгелдей жерге қазылған.
Ордың типін таңдау жергілікті жердің ауа райына байланысты. Топырақ суы деңгейі жерге жақын жайғасса, орды жердің үстіне салады. Жартылай жерде және жерге түгелдей қазып салынған орда сүрлем өте жақсы салынады. Солтүстік Қазақстан аймағында ең қолайлысы жартылай жерге қазып салынған ор, дегенмен қабырғаларын қосымша топырақпен жабуды талап етеді, өйткені – 38–40 ˚С аязда сүрлем қатып қалуы мүмкін. Мұндай ордың көлденеңі 12 м-ден, қабырғалар биіктігі 3,5 м, ұзындығы сүрлемді 3–4 күн арасында түгелдей дайындап болатындай етіп алынады. Сүрлейтін массаға топырақпен лас енгізбеу үшін сүрлем орларына қатынасатын жол қатты-тастақ болуы тиіс.
Жүгері – біздің елде кең таралған сүрлемдік өсімдік. Тиімді агротехникалық жағдайда көк шалғынның өнімділіг гектарынан 350-600 ц-ден айналады, ал суармалы жерлерде 1000–1200 ц.
Суыққа тиген жүгеріні бірден жинап, сүрлеу қажет, себебі суыққа шалдыққан жапырақтар бірден кеуіп қалады, ол протеин мен каротиннің шығымына әкеліп соғады. Сондықтан көптеген солтүстік аудандарда жүгеріні бойында ылғалдылығы көп уақытта жинайды.
Жүгеріні жоғары ылғалдылықпен сүрлегенде, сүрлемнің құрамында май қышқылы (рН – 3,5–3,8) пайда болады, сонымен бірге сүрлем шырынымен 30–35 %-ға дейін қоектік заттар шығын болады, сондықтан сүрлемнің сапасын жақсартып, қоректік заттар шығынын азайту үшін оған салмағының 10–15 %-ында сабан қосуға болады. Ол үшін ордың түбіне қалыңдығы 80–100 см етіп ұсақталған сабан төсейді де, оның үстіне биіктігі 30–40 см жүгеріні салады. Жоғары қабатына тек жүгеріні жайып жақсылап, тығыздап басып, ауа өтпейтіндей етіп жабады. Бірақ сүрлемге қосылатын сабан жоғары сапалы болғанын ескерген жөн.
Біздің елде жүгеріден кейін сүрлемге жиі қолданылатын дақылдардың бірі – күнбағыс, суыққа төзімді. Тыңайтылған топырақта күнбағыстың өнімі гектарына 300–500 ц дейін барады, ал кейбір озық шаруашылықта әр гектардан 700–800 ц өнім жинайды. Сүрлемге салатын күнбағысты гүлдей бастағанда жинаған дұрыс.
Күнбағыс сүрлемінің 1 кг 0,18, яғни 2,1 мДж алмасу энергиясы және 15 г қорытылатын протеині болады. Оның протеиндік қоректілігін арттыру мақсатында күнбағысты бұршақ тұқымдас дақылдармен араластырып себу қолданылып жүр.
Пішендеме. Азық дайындауда пішендеме дайындау көптеп орын алуда. Пішендеме – жасыл шөпті бастапқы өсіп-өну фазасында 45–55 %-ға дейін кептіріп алатын азық түрі. Сүрлеммен салыстырғанда пішенделінетін шикізаттың ылғалдылығы 45–55 %, консервіленуі ортаның физиологиялық құрғақтылығы арқылы жүреді.
Пішендемені бұршақ және астық тұқымдас бір және көпжылдық өсімдіктен, не болмаса олардың қоспа өсімдіктерінен дайындайды.
Көпжылдық бұршақ тұқымдас, я болмаса астық тұқымдастар мен қоспа шөптерін пішендемеге шашақтану фазасының басында ора бастап, гүлдей фазасының басында аяқтайды.
Пішендеме дайындау технологиясы төмендегідей кезеңдерден тұрады:
- жасыл шөпті ору;
- кептіру және жасыл шөпті атжалдау;
- атжалды жинау және массаны ұсақтау, автокөлікке арту;
- жасыл ұсақталған шөпті тасымалдау және орға салу;
- жасыл массаны ауыр трактормен мұқтаждап тығыздау;
- орды үстінен тығыздап жабу.
Пішендеме дайындау барысында жүргізілетін барлық технологиялық процестер комплексті түрде механизациялауды талап етеді. Пішендеме дайындауды қысқа уақытта жүргізу керек, ең ұзақ дегенде 2–3 күн арасында, өйткені келесі азықтың сапасы және қоректілігі көбінесе осы факторға байланысты. Өсімдіктің тым кеуіп кетуі және жоғары ылғалдылығы жіберілмеуі өте қажет. Өсімдікті топырақ бетінен 5–7 см биіктікте орады, одан төмен орғанда масса топырақпен аралас шабылып ластанады.
Өсімдіктің өнімі өте жоғары (200 ц/га жоғары) болған жағдайда, шөпті шауып жаяды, ылғалдылығы 60–70 % дейін кептіріледі, содан кейін атжалға жинап, 55–66 % ылғалдылыққа дейін кептіреді. Кептіру процесін тездету мақсатында жайылып жатқан шөпті 2–4 сағат сайын араластырып тұрады.
Өнімі орташа және төмен жасыл шөпті бірден атжалдап шабады. Негізінен жасыл шөпті оптималды ылғалдыққа дейін кептіру жұмысы екі тәуліктен аспауы керек, ал күн ыстық кезде 5–6 сағат жеткілікті. Осылай атжалда кептірілген жасыл шөпті жинау және ұсақтау жұмысын (кесіндінің ұзындығы 2–3 см) оның ылғалдығы жобамен 55–60 % болғанда бастайды, орға тасып түсіргенше ылғалдылық мөлшері 50–55 %-ға дейін төмендейді, яғни оптималды мөлшерде қалыптасады. Жасыл шөптің ылғалдылығы 40–50 %-ға дейін төмендеп кетсе, нашар тығыздалады да, қалған ауа шикізаттың бүлінуіне себепкер болады.
Солтүстік Қазақстан аймағында ең қолайлы пішендеме оры, көлденеңі 9–12 м, қабырғасының биіктігі 3,5–4 метрдей, ұзындығы шаруашылықтың бұл азыққа қажеттілігіне байланысты.
Пішендеме шикізатын жайғастыру алдында орды мұқтаждап қарйды, керек болғанда түзету жұмыстарын жүргізеді, тазалайды және залалсыздандырады. Ордың ішінде шикізатты жаю және мұқтаждап тығыздау жұмыстарын ауыр шынжыр табанды трактормен жүргізеді. Жасыл масаны тығыздау деңгейі 450–500 кг/м3 шамасында болғаны қажет. Әр күнде ең кем дегенде орға қалыңдығы 1 метрге дейін шикізат салынуы тиіс. Пішендеме дайындау барысында жасыл массаның температурасын қадағалап отырады, ол 37–38˚С аспауы керек. Өте жоғары температура, массаның толық тығыздалмағанын және ауа қалғанын көрсетеді. Аэробтық жағдайда жасыл массада термофилдік қажетсіз бактериялар дами бастайды және 50˚С температурада олардың қызметі белсенді жүреді. Тығыздау жұмысы нашар және орды толтыру баяу жүргізілсе, пішенделінетін шикізаттың температурасы 85–90˚С дейін жоғарылайды, азықтың сапасы және қоректілігі төмендейді. Осы себептен шикізаттан ауаны толық айдап шығару үшін әсіресе қабырғаларының маңайында, тәулігіне ең кем дегенде 15–18 сағат тығыздау жүргізіледі. Орды түгелдей толтырып болған соң, ең үстіңгі қабатты жаңа орған шөппен қалыңдығы 30–40 см, оның үстіне полиэтилендік пленкамен, пленканың үстін қалыңдығы 0,8–1 дейін сабанмен тығыздап жабады.
Пішендеменің сақталуы және сапасы көп жағдайда орды қымтау (герметизациялау) дәрежесіне байланысты келеді. Пішендемелеу барысында жасыл массада көміртегі диоксиді (СО2) шоғырланады, ол ауа кіруден сақтайды. Мысалы, 1 т кептірілген массадан 1–1,5 м3 көміртегі диоксиді бөлінеді. Егер де ор толық қымталмаса, СО2 сыртқа шығып кетеді де, оның орнына ауа кіреді, нәтижесінде қажетсіз процестер дамиды (қызу, шірік бактериялар), азық бүлінеді.
Пішендеме тұщы азық (рН 4,4–5,6) болғандықтан, ауылшаруашылық малының барлық түрі жақсы жейді.
Жоңышқадан алынған пішендеменің 1 кг-ына 0,35 азық өлшемі, 70 қорытылған протеин, 19 г қант, 10,9 г кальций, 1,0 фосфор, 40 мг каротин болады.
Дәнді пішендеме – дәні қамырлана бастағанда жиналған астық тұқымдас дақылдар дәнін пішендеу. Дәнді пішендеме дайындауға тек мал азығы үшін себілетін астық тұқымдас дақылдар пайдаланылады.
Қамырланудың бастапқы кезінде барлық қоректік заттар өсімдік дәнінен шоғырланады, сондықтан осы уақытта жиналған дақылдардың бойында қоректік заттар тиімді арақатынаста болады. Онда жасұнық аз және ол қатайып болмаған, ақуыз бен жеңіл қорытылатын көмірсу көп болады. Дәнді пішендемеге арналған дақылдарды дәнінің қамырлану кезіне дейін жинаса әр гектар бірлігінен алынатын азық мөлшері кемиді, ал осы кезеңнен кейін жинаса азықтың биологиялық құны төмендейді.
Арпаны, сұлыны және олардың бұршақ тұқымдас азықтық дақылдарымен қоспасын дәнді пішендемеге жинағанда шаруашылық әр гектардан 30–35 % азық өнімін артық жинайды, 30–35 % құрғақ затты да көп алады.
Бұл дақылдардың жетілу фазасын сыртқы түріне қарап анықтайды: жетілудің қамырлана бастау кезеңінде олардың түрі сарғылт-жасыл, дәннің консистенциясы – қамыр тәріздес болады. Дәнді пішендемеге арналған дақылдарды дәннің ылғалдылығы 50 % болғанда жинайды және дән ылғалдылығы 40 %-ға жеткенше жинап болған абзал. Шикізатты 2–3 см етіп жақсылап ұсақтайды. Дәнді пішендемені ұраларға, сонымен бірге темір-бетонды орларға салады. Мүмкіндігінше мұралар мен орларды қысқа мерзімде, яғни 2–3 күнде толтыруға тырысу керек.
Жоғары сапалы пішендеме алудың басты шарты – сүт қышқылды микрофлораның өсіп-өнуіне мүмкіндік туатын шикізаттың химиялық құрамы. Көбіне сүт қышқылды ашу астық-бұршақ тұқымдас дақылдарды пішендемелегенде жақсы жүреді.
Көптеген ғылыми зерттеулерге қарағанда дәнді пішендеменің қоректілігі өте жоғары. Азықтың қоректілік қасиетін сипаттайтын басты көрсеткіш қоректік заттардың қорытылу коэффициенті. Дәнді пішендеменің құрғақ заты 60–64 %- ға , протеині – 57–66 %, май – 53–68 % , жасұнығы – 52–54 %, азотсыз экстрактивті заттары 66–70 % қорытылады.
Ерекше атап өтетін жағдай – жасұнықтың қорытылуы өте жоғары. Себебі қамырланудың басында жасұнық қатайып, лигниндік қабығын киіп үлгермейді. Азотсыз экстрактивті заттардың жақсы қорытылуы дәнді пішендеменің қоректік заттарының жақсы сіңімділігін көрсетеді және қантты-протеинді аралық тиімді мөлшерде болады. Қорыта келгенде, пішендемені күйісті мал жақсы сіңіріп, қорытады.
Бір кг дәнді пішендеменің жалпы қоректілігі 0,3–0,4 азық өлшемі аралығында, қорытылатын протеин мөлшері 30–35 г деңгейінде болады.
Малдар тәулігіне әрбір 100 кг тірі салмағына 1,85–2,0 кг дәнді пішендеме жей алады. Мал ағзасына жеңіл көмірсулар (қант пен крахмел) көп түскенде, олардың протеинге қажеттілігі кемиді, себебі малдар протеинді тиімді пайдалана бастайды. Сондықтан малды дәнді пішендемемен азықтандырғанда бір азық өлшемінде 85–90 г протеин болса жеткілікті. Дегенмен, мұндай рациондарда фосфор мен натрий жеткіліксіз болады, сондықтан тәуліктік азық рационына ас тұзын және фосфорлық азық қоспасын қосқан жөн.
Дәнді пішендемені тәуліктік азық рационына біртіндеп қосады. Бұзауды дәнді пішендемеге екі айлық жасынан бастап үйретеді. Жасы 4–6 айлық бұзаудың рационында бұл азықтар рационының жалпы қоектілігінің 50–60 %-ын құраса, бұдан ересек кезде рациондағы азықтарды 80–90 %-ға дейін дәнді пішендемемен алмастыруға болады. Дәнді пішендемені ірі қара малдың төлін бордақылағанда пайдаланған өте тиімді. Арпалық дәнді пішендемемен азықтандырылған бұқалық тәулігіне 945 гр салмақ қосып, 15 айлық жасында олардың тірі салмақтары 470 кг-ға жетіп қалады.
Ауа райының қолайсыз жағдайларына байланысты дәнді дақылдар пісіп үлгермейтін аудандарда азықтық дәнді дақылдарды дәнді пішендеме дайындауға қолданған тиімді.
Тамыр-түйнек жемістілер – мал шаруашылығының азық балансында айрықша орын алады. Химиялық құрамы жағынан олар су (70–80 %) мөлшерінің көптігімен, жасұнық, май мен протеиннің аздығымен ерекшеленеді. Протеиннің жартысынан көп бөлігі бос амин қышқылдарынан тұрады, сондықтан тамыр-түйнек жемістілер жеңіл қорытылады.
Тамыр-түйнек жемістілердің құрғақ затының басты бөлігі көмірсу, қант, крахмал, гемицеллюлоза және пектиндік заттардан тұрады, тамыр жемістілердің құрамында кальций мен фосфор аз да, калий көп. Сәбіздің сары сортында каротин 104–250 мг/кг дейін болады. Тамыр-түйнек жемістілердің органикалыө затын сиыр мен шошқа 85–90 %-ға дейін қорытады. Орташа есеппен тамыр-түйнек жемістерінің 1 кг құрғақ затының қоректілігі 1 азықтық өлшеміне тең.
Азықтық қызылша. ҚҰрғақ заты негізінен көмірсудан тұрады, бұлардың ішінде қант пен пектинді заттар басым орын алады, тамырында 12 %-ға дейін құрғақ зат болады. Күйіс мал мен шошқа қызылшаның құрғақ затын 85–87 % -ға дейін қорыта алады. 1 кг азықтық қызылшада 0,13 азық өлшемі, 40 г қант болады.
Қант қызылшасы. Басқа тамыр-түйнек жемістілермен қатар қант қызылшасын азықтық дақыл ретінде қолданады. Қант қызылшасының құрамында құрғақ зат азықтық қызылшаға қарағанда 1,5–2,0 есе артық. Қант қызылшасының 1кг 0,24 азық өлшемі, 7 г қорытылатын протеин, 0,5 кальций, 0,5 г фосфор және 120 г қант болады. Қант қызылшасының өнімін азықтық қызылшаға қарағанда жинау өте қиын және нашар тазартылады.
Сәбіз – ауылшаруашылық малының рацонында каротиннің қайнар көзі. Сәбіздің құрамында 13 % құрғақ зат болады, оның 13 % протеин, 0,2 %май, 1,3 % жасұнық болып табылады. Сәбіздің 1 кг-да 0,14 азық өлшемі, 8 г қорытылатын протеин, 0,9 г кальций, 0,6 г фосфор және 35 г қант болуы мүмкін. 1 кг сәбізде сортына қарай каротиннің мөлшері 50 мг-нан (сары) дейін жетуі мүмкін. Сиырды сәбізбен азықтандырғанда сүт каротин және А витаминімен толығады, мұндай сүттен жасалған қаймақ пен май сары түсті болып келеді.
Дәнді азықтар. Ауылшаруашылық малды азықтандыруда қолданылатын барлық астық-бұршақ тұқымдас дақылдар дәнді азықтар қатарына жатады. Химиялық құрамына қарай дәнді азықтар көмірсуға бай астық тұқымдастар; протеинге бай бұршақ тұқымдастар болып бөлінеді. Дәнді азықта жеңіл қорытылатын қоректік заттар көп, жасұнық пен су аз болады. Оны малдың жалпы азықтану дәрежесін арттыру үшін қолданады.
Астық тұқымдас дәнді дақылдарда (жүгері, бидай, қара бидай, тары, сұлы, арпа) шамамен 12 % ылғал, 9–13 %протеин, 1,5–8 % май, 2,9 % жасұнық және 65 % крахмел болады. Астық тұқымдас дәнді дақылдардың ішінде ауылшаруашылық малын азықтандыруға арпа, сұлы, бидай, қара бидай, тары қолданылады.
Сұлы.сыртқы қабықшасы алынған сұлы диетикалық азық болып есептеледі, оның сыртқы қабықшасы бар салмағының 30%-ын құрайды, қабықшасының қоректік қасиеті сабандікіне тең, құрамында жасұнығы көп, ал протеин, май, минералдық заттары аз болады. Сұлының химиялық құрамында 86,7 % құрғақ зат бар, оның 10,8 % протеин, 4,59 % май, 10,5 % жасұнық, 69,8 % азотсыз экстрактивті заттар және 4,2 % күл болып келеді. Сұлының органикалық заты 70 % дейін қорытылады.
Асбұршақ – ең көп тараған азықтық дақыл. Құрамында 85 % құрғақ зат, 21,8 % протеин, 1,9 % май, 5,4 % жасұнық, 52,6 % азотсыз экстрактивті заттар, 3,0 % күл болады. Органикалық затының қорытылуы – 87 %. Сауын сиырдың азық рационына тәулігіне 1–2 кг асбұршақ қосса, оның өнімі артып, сүттің сапасы жақсарады.
Төлдің азық рационынан қаймағы алынбаған сүтті қысқартқанда, азық қоспасының құрамына асбұршақты қосады. Асбұршақты ұнтақталған не жарма түрінде пайдалануға болады. Егер азықтандыру алдында асбұршақты қайнатып немесе бұқтырса, оның қоректік заттарын пайдалану едәуір жақсарады.
Майбұршақтың – басқа бұршақ тұқымдас дақылдардан көп ерекшелігі бар. Майбұршақ дәнінде 85 % құрғақ зат және 31,9 % протеин, 14,6 % май, 7,0 % жасұнық, 27,6 % азотсыз экстрактивті зат, 5,2 % күл болады. Органикалық затының қорытылуы 85–87 % - ға дейін барады.
Мал шаруашылығында азықтық ақуыз мәселесін шешуде май бұршақтың орны ерекше. Оны азықтық рационды протеинмен, амин қышқылдарымен толықтыру үшін пайдаланады. Майбұршақ бұршағының құрамында антитрипсин болғандықтан оны бұзау, шошқа, құсты азықтандырар алдында өңдеген абзал, ол үшін 100–105 ˚С температурада қыздырады.
Сиыржоңышқа химиялық құрамы мен қоректік қасиеті жағынан асбұршаққа өте ұқсас. Сиыржоңышқаны ауылшаруашылық малдарын азықтандыруға пайдаланады. Оны ұнтақтаған немесе жарма дайындаған дұрыс. Малды азықтандыру алдында қайнату немесе бұқтыру азықтық қасиетін арттырады.
Техникалық өндіріс қалдығы. Ауылшаруашылық малдарының азық қорын нығайтуда жеңіл өнеркәсіптің қалдықтарын пайдаланудың маңызы зор, себебі техникалық өндіріс қалдығы арзан қоректік заттардың қайнар көзі, әсіресе, диірмен, спирт және май бұлғау өнімдерінен өте бағалы қоректік заттар алуға болады.
Диірмен қалдықтары астықты ұнға тартқанда және жармаға өңдегенде алынады. Диірмен қалдықтарының ішінде аса зор маңызы бары – кебек пен мал азығының ұны.
Кебек – құрама жемді дайындауда және ірі азық пен тамыртүйнек жеміске қосу үшін қолданылатын азық. Кебектің құрамында фосфор мен кальций көп және ол ерекше диетикалық азық ретінде пайдаланылады. Сиырдың тәулік рационына 4–6 кг, ал қойға 0,5 кг дейін кебек қосуға болады.
Күнжара мен шрот майлы өсімдіктердің тұқымынан майды сығу нәтижесінде алынады. Күнжара мен шрот жоғары сапалы ақуыздық қайнар көзі, әсіресе дизин, метионин, цистин, триптофан тәрізді алмаспайтын амин қышқылдарына бай. Мал азығы тұрғысынан алғанда зығыр, майбұршақ, күнбағыс күнжараларының маңызы ерекше, 1 кг күнжарада шамамен 0,82 –ден 1,28-ге дейін азық өлшемі, 244 грамнан 430 грамға дейін қорытылатын протеин болуы мүмкін. Күнжараның кейбір түрінде улы зат госсипол болуы ықтимал, сондықтан малды азықтандырғанда сақ болған жөн.
Мақта тұқымында улы госсипол көп болады. Ірі қара мал үшін қауіпті мөлшері 0,03–0,05% , ал шошқа үшін 0,02 % болып табылады. Мақта күнжарасында госсипол 0,03–0,3 %–ға дейін, ал шротта 0,02–0,5 % деңгейінде болуы мүмкін, әсіресе ауылшаруашылық малының төліне қауіпті.
Сауын сиыры үшін жасалған құрама жем құрамында 0,1–0,2 % госсипол бар мақта күнжарасы мен шротын 20 %-ға дейін, ал бордақылаудағы төлге 10 %-дан аспайтын мөлшерде қосуға болады.
Майлы өсімдіктердің тұқымынан майды тығыздау арқылы сыққанда қатты қалдық – күнжара, ал белгілі көмірсутек ерітінділерінің әсерімен өңдегенде ұнтақ қалдық – шрот алынады. Тығыздау арқылы сыққанда қалдық құрамында 4–10 %, ал көмірсутек ерітінділері арқылы өңдегенде 1–3 % май қалады, сондықтан күнжараның энергиялық қоректілігі шротқа қарағанда едәуір жоғары.
Күнжара мен шроттын минералдық құрамында калий (9,1–17,4 г/кг), фосфор (6,6–12,9 г/кг) және (2,7–5,9 г/кг) кальций болады.
Күнбағыстың күнжарасы мен шроты – құнды протеиннің қайнар көзі. Жануар тектес протеиннен айырмашылығы құрамында лизин аздау және тағы бір ескеретін жағдай құрамында жасұнық көп болады. Бұрын күнбағыс күнжарасымен сауын сиырды ғана азықтандырса, қазір оны барлық ауылшаруашылық малының рационына қосады. Әсіресе ірі қара мал мен секті бордақылауда күнбағыс күнжарасы мен шроты жақсы нәтиже көрсетеді, дегенмен қанықпаған май қышқылдарының әсерінен бордақылаудағы малдың майы жұмсақ болады.
Малды нормалап азықтандыру. Ауылшаруашылық малын нормалап азықтандырудың басты мақсаты, мал азықтарын тиімді пайдалану арқылы мүмкіндігінше тұқымдық ерекшелігін толық пайдалана отырып, көбею қасиетін қолдана білу.
Азықтандыру нормасы ( азық нормасы) дегеніміз – жоғары өнім алуды, малдың ауырмауын, оларды шаруашылықта пайдалану мерзімін ұзарту, табын толықтыру қабілетінің қалыпты жетілуін қамтамасыз ететін азық рационындағы қоректік заттардың мөлшері. Жеткіліксіз және шамадан тыс азықтандыру мал ағзасына кері әсер етіп қана қоймайды, сонымен бірге шаруашылықтың экономикалық көрсеткіштеріне нұқсан келтіреді. Малды жеткіліксіз азықтандыру малдың өсуін тежеп, өнімі мен көбею қасиетін төмендетеді және бір өлшем өнімде жұмсалатын азық пен еңбек шығынының жоғарылауына әкеліп соғады. Сонымен бірге жеткіліксіз азықтандырған мал аурушаң келеді, ал мөлшерден көп азықтандыру малдың семіруіне әкеліп соғады, соның салдарынан өнімі төмендеп, көбею қасиеті нашарлайды. Сондықтан нормалы азықтандыру тиімді мал шаруашылығының негізі болып табылады.
Рацион – малдың белгілі уақыт аралығынде жейтін азықтардың жиынтығы мен мөлшері. Ол малдың энергиялық, қоректік және биологоиялық қажетін толық қамтамасыз етіп, олардың денсаулықтарын сақтап, жоғары сапалы өнім беруіне жағдай жасауға тиіс мөлшер.
Мөлшерлі азықтандырудың негізі мал түріне, жынысына, жасына, салмағына, физиологиялық жағдайына, өнім мөлшеріне байланысты рационның құрғақ затында тиісті арақатынаста энергия, протеин, жекелеген амин қышқылдары, көмірсулар, майлар, витаминдер мен минералдық заттардың болуы.
Рациондағы құрғақ зат мөлшерінің ауылшаруашылық малын азықтандыруда зор маңызы бар және ол азықтың қоректік қасиетін сипаттайтын көрсеткіш болып табылады. Мал өнімі құрғақ заттың мөлшері мен сапасына тікелей байланысты.
Рацион құрылымы дегеніміз – жекелеген азықтардың немесе азық топтарының қоректік қасиетіне қарай пайыздық арақатынасы.
Құрғақ заттың қажеттілігі мен оның энергиялық қасиеті азық құрамындағы жасұнық мөлшеріне байланысты. Құрғақ заттағы жасұнық мөлшерінің артуы заттың пайдалануын және азық рационындағы қоректік заттардың қорытылуын төмендетеді. Әр мал түрі үшін рациондағы шикі жасұнықтың мөлшерін ас қорыту жүйесінің биологиялық ерекшелігіне, жасына, өнім мөлшеріне, физиологиялық жағдайына байланысты анықтайды.
Мал рационында протеиннің жетіспеуі азықтың шығынына әкеліп соғады.Малдың әр түріне байланысты протеинге қажеттілігі де әр түрлі және ол малдың жасына, физиологиялық жағдайына, өнім мөлшеріне байлансты. Өсіп келе жатқан жас төлдің протеинге қажеттілігі ересек малға қарағанда жоғары.
Ауыл шаруашылық малдарының барлық түрлеріне қорытылатын протеин мен шикі протеинді, ал құсқа шикі протеинді нормалайды, оның құрғақ заттағы концентрациясын және 1 кг азықтағы, не болмаса 1 азық өлшеміндегі деңгейін анықтайды. Күйіс малының рационында қант пен крахмел мөлшері протеин деңгейімен белгілі арақатынаста болу керек: ірі қара малда қант пен протеиннің арақатынасы 0,8–1, 0:1, ал сауын сиырының рационында 1,1–1, 3:1 деңгейінде. Қой рационында қанттың протеинге қатынасы 0,5–0, 9:1.
Мал рациондарындағы минералдық заттардың мөлшерін жасына, түріне, физиологиялық жағдайына және өнім деңгейіне байланысты нормалайды. Рациондарда макро және микроэлементтердің болуын қадағалайды. Ауылшаруашылық малының барлық түрлері үшін макроэлементтердің ішінде ас тұзы, кальций, фосфор, ал сонымен бірге ірі қара мал үшін магний, калий, күкірт, қой үшін магний мен күкірт, ал жылқы үшін магнийдің болуын ескереді. Негізгі ауылшаруашылық малы үшін рационда төмендегідей микроэлементердің: темір, мыс, мырыш, кобальт, марганец, йодтың болуы міндетті.
Малдың витаминге қажеттілігі олардың түріне, жасына, физиолгоиялық жағдайына, өнім мөлшеріне байланысты.
Барлық қоректік заттардың рационындағы деңгейін, ара қатынасын сақтай отырып азықтандыру – олардан жоғары өнім алуға, малдың ауырмауын, шаруашылықтағы пайдалану мерзімін ұзартуға мүмкіндік жасайды.
Сауын сиырды азықтандыру. Ірі қара өсіру еліміздің мал шаруашылығында басты салаға айналып отыр.Халық шаруашылығы өндіретін сүттің 90 % және еттің басым бөлігін (40–45 %) ірі қарадан алады. Ет пен сүт адам рационында маңызы зор тағамдар болып табылады. Елімізде халық санының көбейіп, әлеуметтік жағдайының жақсаруы халықтың ет пен сүтке қажеттілігін арттырып отыр. Бұл жағдайдан алғанда ірі қараны ғылыми тұрғыдан баланстап азықтандырудың маңызы зор.
Біздің елімізде ірі қараның етті, сүтті және етті-сүтті тұқымын өсіреді. Басқа малдың түріне қарағанда ірі қара мал өсімдік тектес, құрамында жасұнығы көп азықтарды тиімді пайдаланып, адамға қажет өнім береді.
Қазір сиырдың әрбір 100 кг салмағына 1000 кг-ға дейін сүт өндіруге болады, ал жүлдегер сиыр әрбір 100 кг салмағына 3000 кг-ға дейін сүт береді. Жылыны 3000 кг сүт беретін сиыр сүт арқылы 100 кг ақуыз, 130 кг май, 4 кг кальций, 3–4 кг фосфор, 15 кг лизин бөлсе, 5000 кг сүт беретін сиыр 635 кг құрғақ зат, оның ішінде 160 кг ақуыз, 200 кг май, 270 кг қант, 35 кг минералдық заттар бөледі.
Жоғары өнімді сауын сиырының энергияға қажеттілігі, әсіресе бұзаулағаннан кейінгі бастапқы айларда өте жоғары болады, бұл уақытта рационның қоректік заттары сүт өндіруге кететін энергияны қамтамасыз ете алмайды да, мал өз ағзасындағы қорға жиналған қоректік заттарды пайдалана бастайды, сондықтан алғашқы 100 күн сауын уақытында мұндай мал тәулігіне 1,0 кг-ға дейін салмақ жоғалтуы мүмкін.
Орта есеппен сауын сиыр 100 кг тірі салмаққа 2,8–3,2 кг, ал жоғары өнімді мал 3,5–3,8 кг, кейбір өте жоғары өнімді сиыр 4,0–4,7 кг құрғақ зат қабылдай алады. Сиыр неғұрлым сүтті болса, рациондағы құрғақ заттың энергия мөлшері соғұрлым жоғары болуы тиіс, жалпы 1 кг құрғақ заттағы энергия мөлшері 0,65 азық өлшемінен немесе 8 МДж кем болмауы керек.
Көп жағдайда сиырдың өнім деңгейі рациондағы протеин мөлшеріне байланысты. Тәулігіне 10 кг сүт беретін сиырдың рационында 1 азық өлшемінде 95 г қорытылатын протеин болу қажет, ал өнімі одан жоғары болса, 1 азық өлшеміне 105–110 кг қорытылатын протеин болғаны жөн.
Сүтті сиыр рационында жасұнықтың құрғақ заттан пайыздық мөлшері тәуліктік өніміне тікелей байланысты болуы қажет, егер тәуліктік өнім 10 кг болса, жасұнық құрғақ заттың 28 %-ын, ал тәуліктік өнімі 20–30 кг болса, 16–18 %-ын құрауы қажет.
Сауын сиырдың рационында канттың протеинге қатынасы 0,8-1, 1:1 шамасында. Шикі майдың сауын сиырдың рационындағы мөлшері тәуліктік өніміндегі жалпы майдың 60–65 % -ын құрауы қажет.
Сауын сиырының қысқы рационының негізі ірі азықтардан тұрғаны жақсы. Сиыр рационындағы жақсы сапалы пішен протеин, қант, витамин және минерелды заттардың қайнар көзі болып табылады. Пішеннің желінуі оның сапасы мен рацион құрамындағы басқа ірі азықтардың болуына байланысты. Негізгі азықтардың сапасының төмен болуы сауын малының рационын құнарландырылған азықпен баланстауды талап етеді.
Сауын сиырдың рационына қыс айларында сүрлем, пішендеме, тамыр-түйнек жемістер, ірі азық, дәнді азық қосады. Пішен аз жылдары рационға сабан қосуға болады. Қант қызылшасының сиырға әрбір сауылған литр сүтке 0,6–0,8 кг есебінен қосады, бірақ қант қызылшасының тәуліктік мөлшері 15–18 кг-нан аспағаны жақсы, ал бір азықтандырғанда 5 кг-нан аспағаны жөн. Азықтық қызылшаны қант қызылшасынан 2–2,5 есе көп беруге болады. Әрбір 100 кг тірі салмаққа сауын малдары 3–4 кг сүрлем алғаны жақсы. Рациондағы ылғалды азықтардың мөлшеріне байланысты ірі азық деңгейі әр түрлі болуы мүмкін, дегенмен 100 кг тірі салмаққа ірі азық мөлшері 1 кг аз болмағаны жөн. Дәнді азықтарды 1 кг сүтке 250–350 г шамасында береді.
Буаз суалған сиырды азықтандыру. Сиырдың жасына, қоңына және өнімділігіне қарай суалу мерзімі 45–60 күнге созылады.
Буаз сиырларды, әсіресе буаздығының соңғы айларында, құнды азықтандыру олардың өнімінің сапасына және бұзаулағаннан кейін сүт өнімінің мөлшеріне зор әсерін тигізеді.
Күнделікті тәжірибеден белгілі жағдай, егерде буаз суалған сиырды дұрыс азықтандырмаса, олардың бұзаулауы қиындайды, не болмаса төл нашар болып туады, дұрыс өспейді және сүттілігі төмендейді. Осы себептен құнды азықтандырудың мақсаты - сиыр рационының құрамында қоректік заттардығ жеткілікті болуы, одан денсаулығы жақсы ірі төл алу, бұзаулағаннан кейін сүтейту кезеңінде өнімін жоғарылату. Суалған сиырды құнды азықтандырғанның бірінші көрсеткіші – оның тірлей салмағының 10–12 % жоғарылауы. Сиыр арық болса, норманы 1–2 азық өлшеміне көтереді және бір азық өлшеміне шаққанда кем дегенде 110 г қорытылған протеин алуы тиіс. Рационның құрамында минералдық заттар жеткілікті болуын қатты қадағалау керек, өйткені кальций мен фосфор төлдің сүйегін түзуге өте қажет және ағзада да олардың қоры болуы керек. Сиырдың денсаулығы жақсы және буаздығы дұрыс өтуі үшін рационда қажетті мөлшерде бүкіл витаминдер әсіресе, каротин, Д және Е витаминдері болғаны дұрыс. Буаз сиырды каротині өте аз рационмен азықтандырғанда, ол іш тастайды, не болмаса, өміршеңдігі нашар бұзау тууына әрі қарай сиырдың жыныстық циклінің бұзылуына соқтыруы мүмкін. Қысқы уақыттарда каротиннің қайнар көзі ретінде жақсы сүрлем, шөп ұны, түйіршіктелген азық, бұршақ тектес пішендемемен азықтандырылады.
Рационда Д витаминнің жетіспеуі сиыр мен төлдің ағзасында кальций мен фосфордың алмасуын бұзады, ал мұның өзі сиыр сүйегінің жұқаруына, бұзау аяқтарының майысуына әкеп соқтырады. Е витамині жетісмпеген жағдайда көбінесе сиырдың өсімталдық қабілеті төмендеуі мүмкін.
Суалған буаз сиырдың рацион құрамына міндетті түрде сапалы пішен, әсіресе бұршақ тұқымдас пішен кіруі тиіс. Орташа 100 кг тірілей салмағына 1–2 кг ірі азық береді. Шығынды азықтардан сапасы өте жоғары сүрлем, ең жақсысы пішендеме, дәнді пішендеме, 100 кг тірілей салмағына шаққанда 2–4 кг-дай азықтандырады.
Қанттың протеинге арақатынасы 0,8–1.0:1 шамасында, қант пен крахмалдың протеинге қатынасы 1,7–2,3, 3:1 деңгейінде болу тиіс. Осы себептен оларға тәулігіне 4 кг дейін қант қызылшасын, болмас 8 кг шамасында азықтық қызылша береді. Бір басқа 1,5–2 кг жем, оның құрамына бұршақ тектес азықтар (азықтық бұршақ, майбұршақ, т.б.) қосып береді. Табиғи азықтарда кальций және фосфор жетіспесе минералдық қоспаларды қолданады. Азықтық тұз қыста және жаз айларында науада болуы керек. Суалтудың алғашқы он күндігінде азық мөлшерін орта есеппен 20 %-ға кемітеді, мұндағы мақсат сиырды, әсіресе өте жоғарғы өнімді сүтті сиырларды тезірек суалту. Екінші он күндікте азықтандыруды керекті мөлшеріне дейін жеткізіп, ал үшінші-төртінші он күндікте азық мөлшерін 20 %-ға көтереді, өйткені суалудың екінші жартысында іштегі төл жедел өсе бастайды. Бұзаулауға шамамен екі жұмадай қалғанда қалыпты мөлшермен азықтандырады да, ақырға 8–10 күнде азықтың мөлшерін 20 %- ға кемітеді, рационнан шырынды азықтарды біржолата алып тастап, дәнді азықты қысқартып, сапалы пішенмен азықтандырады. Жаз айларында суалған сиырлар табиғи жайылым шөбінен барлық қажетті қоректік заттармен қамтамасыз етіледі. Егерде жайылым нашар болса қосымша көк азық берілуі тиіс.
Тұқымдық бұқаны азықтандыру. Бұқаларды құнарлы дәрежеде азықтандыру, жақсы жағдайда ұстап күту және тиімді пайдалану оның ұзақ уақыт жыныс қабілеттілігінің, денсаулығының және ұрығының жоғары сапалы болуының кепілі. Бұқаны азықтандырудың басты ерекшелігі – олардың азық рационын тірілей салмағы мен пайдалану жиілігіне байланысты құрастырады. Оларды биологиялық құнды азықтандыру рацион құрамындағы протеиннің мөлшері мен сапасына байланысты.
Қорытылатын протеиннің мөлшері ұрықтандыруға қолданбаған мерзімде бір азық өлшеміне 100 г, ұрыққа орташа пайдаланғанда (жұмысына бір дуплетті ұрық алу) 125 г, ал жиі пайдаланғанда (жұмысына екі дуплетті ұрық алу) 145 г шамасында келуі керек.
Шағылыстыруға пайдаланбайтын мезгілде, бұқаның әр 100 кг тірілей салмағына 0,8–1,1 аз, орташа пайдаланғанда 0,9–1,2 аз, жиі пайдаланғанда 1,0–1,4 аз беру көзделген. Бұқаның тәуліктік рационында қанттың мөлшері мынадай деңгейде болғаны қажет: шағылыстыруға пайдаланбаған кезде құрғақ заттың 7 %-ы, орташа пайдаланғанда 9,4 %-ы, жиі пайдаланғанда 12,4 %-ы. Қант пен протеиннің ара қатынасы 0,8–1:1, ал крахмалдың рациондағы мөлшері қанттан аздап жоғарылау болады. Жасұнық құрғақ заттың 20–25 %-ын құрауы тиіс. Бұқаны азықтандырғанда еске алатын жай, көмірсуға бай азықтарды өте көп мөлшерде беру олардың жыныстық қабілетін төмендетеді, семіруіне әкеліп соқтырады. Осы себептен тәулігіне бір басқа шамамен 5–8 кг азықтық қызылшамен, не болмаса 3–5 кг қант қызылшасымен азықтандырса жетіп жатыр. Жас өсіп келе жатқан бұқаларға, әрбір 1 кг тәуліктік салмағына қосымша 4 а.ө. 600 г қорытылатын протеин, 50 г кальций және 25 г фосфор береді. Тұқымдық бұқаларға 100 кг тірілей салмағына шаққанда тәулігіне 0,8-1,2 кг пішен, 0,8–1 кг сүрлем және пішендеме, 1–1,5 кг тамыр-түйнек, 0,2–0,5 кг дәнді азық, жазда 2–2,5 көк азық, 0,4–0,5 кг пішен, 0,2–0,3 кг жем береді.
Қысқы кезеңдегі рационның құрамы оның қоректілігінен: ірі азықтар – 25–40 %, шырынды азықтар – 20–30 %, дәнді азықтар – 40–50 %, ал жазда көк азық – 35–40 %, ірі азықтар – 15–20 %, дәнді азықтар – 35–45 % болуы тиіс. Бұқаларға берілетін пішен, сүрлем, пішендеме сапасы жағынан 1-класты болғаны жөн.
Оларға өндіріс қалдықтарын (сығынды, топ, мезга, сыра бөртпесі, мочевина) беруге болмайды. Қысқы кезеңде бұқаны жиі шағылысқа пайдаланғанда, рационға витаминге бай азықтар, ультракүлгін сәулесімен өңделген азықтық ашытқы, бидай дән ұрығын, көктелген арпа, шөп ұнын, түйіршіктелген азық және А, Д, Е витаминдер препараттарын қосады. Майда ерітілген үш витамин А, Д және Е витамині қоспасын қолдануға болады.
Бұқалар тәулігіне үш рет азықтандырылады: таңертең шырынды және дәнді азықтардың жартысын, 2–3 кг пішен, түсте қалған бөлігі, ал кешке қарай құрама жем мен пішен берген дұрыс. Қолдан ұрықтандыру кезінде, ұрық алып болғаннан кейін ғана азықтандырып, суару керек. Бұқаның тірілей салмағының, қоңдылығының өзгеруі және ұрық сапасының төмендеуі – оны құнарсыз азықтандырудың бірінші көрсеткіші болып табылады.
Ұрықтың сапасы төмендеген жағдайда бұқаны пайдалану санын азайтады, рационның қоректік заттармен балансталғанын тексереді, керек болса қосымша жеңіл қорытылатын азықтар енгізеді.
Ірі қара төлін азықтандыру. Шаруашылық қожайындары жас малды не үшін, қандай мақсатпен өсіру керектігін алдын ала жоспарлауы тиіс. Мұнда төлдің өскен сайын тірілей салмағы, бір тәулікте қосатын салмағы және ересек болғандағы тірілей салмағы қанша болуы керек екені жоспарланады. Төлдің өсуі бірнеше кезеңдерден тұрады. Ол уыз еметін, сүт еметін, жыныстық жетілу, толық жетілу және қартаю. Өсіп жетілу жоспарына сәйкес азықтандыру жоспарын құрайды. Төлдің жоғары өнімділігі және азықты тиімді қабылдауы тек ғылыми негізделген ережеге сүйене отырып азықтандыруға байланысты.
Бұзау туғаннан кейін, бірінші азығы анасының уызы болады. Уыз құрамы сүт құрамынан көп айырмашылығы бар: онда құрғақ заттың, протеиннің, майдың, минералдық және витаминдік заттардың мөлшері өте жоғары сонымен қатар, уыз тек қана қоректік заттардың қайнар көзі ғана емес, оның құрамында ақуыздың глобулин фракциясы да көп. Глобулин төлдің ауруға қарсы тұру қызметін жоғарылатады. Бұзауды уызбен туылғаннан кейін 1–1,5 сағат шамасында азықтандырады, бірінші екі күнде уызды күніне 5–6 рет береді, ал бір бергенде 1–1,5 л-дей болуы керек. Уыз кезеңі 5–6 күндей болады, әрі қарай бұзауға сүт ішкізеді. Тәулігіне орта есеппен 5–6 кг сүт беріледі, жалпы сүт кезеңінде бұзауға белгіленген мөлшер бойынша 300–350 кг сүт ішкізілуі керек. Мүмкіндігінше енесінің сүтімен бұзауларды 15–20 күнге дейін азықтандырып, одан кейін жалпы сүтке көшірген жөн.
Төлді толық рационды азықтармен азықтандырғанда қажетті қоректік заттардың шоғырлану мөлшерін әр 1 кг құрғақ заттың есебімен есептеген жөн. Ғылыми негізделген мөлшер бойынша 2–3 айлық бұзауға берілетін құрғақ заттың мөлшері әр 100 кг тірілей салмағына шаққанда 1,8–2,2 кг, 4-6 айында – 2,4–2,9 кг, ал 1 кг құрғақ затта 2–3 айлық бұзаулар үшін 1,8–1,4 азық өлшемі, 13,6–10,5 МДж алмасу энергиясы, ал 4–6 айлықта 1,1–0,9 азық өлшемі, 9,1–7,2 МДж алмасу энергиясы болуы керек.
Протеиннің жетіспеуі жас малдардың өсу қабілетін және дене мүшелерінің дамуын тежейді, ал протеин белгіленген шамадан асып кетсе, оны тиімді пайдалану коэффициенті төмендейді. Бастапқы 3 айда бұзауға 1 азық өлшемге шаққанда 120–130 г, соңғы 4–6 айда 117–105 г қорытылатын протеин қажет. Бұзау рационындағы көмірсудың мөлшерін де қадағалап отырған дұрыс. Бастапқы 2–3 айлық кезінде жасұныққа мұқтаждығы онша есем, ол рационның құрғақ затынан 6–12 %-дай ғана, соңғы 4–6 айларында 18 %-ға дейін, ал қанттың шамасы 15–16,5 % және 8–9,5 %-ға сәйкес. Жас төлдердің минералдық заттарға мұқтаждығы өте жоғары, олар жетіспесе төлдің өсуі тоқтап, зат алмасу процестері бұзылып, әр түрлі ауруға шалдыға бастайды. Сол себептен рационның 1 кг құрғақ затына бұзаудың 1–3 айлық жасында кем дегенде 14,9–10,2 г кальций, 8,4–6,2 г фосфор, 6,5–5,4 г ас тұзын, 1,5–0,8 г магний, 9,8–6,8 г калий, 2,6–3,6 г күкірт, ал 4–6 айында кальций – 8,9–7,1 г; фосфор – 6–4,7 г; ас тұзы – 5,4–5,2; 0,8–1; калий – 6,5–5,8; күкірт – 3,1–2,5 г болуы керек.
Асыл тұқымды еркек бұзауларды келешекте тұқымдық бұқа алу үшін бағып өсіреді. Оларды азықтандыру мөлшері 16 айға дейін жоспарланған тірілей салмағына 380–450 және 500 кг, осыған байланысты тәулігіне 700–800 г, 850–900 г және 950–1000 г салмақ қосатындай шамамен азықтандырады. Асыл тұқымды еркек бұзауларды азықтандыру кестесінде шамамен, оларға берілетін сүт мөлшері 320–450 л, ал көк сүт мөлшері 600–1000 кг дейін жоспарлануы тиіс.
Қойды азықтандыру. Тұрмысқа қажетті өнім түрлері төрт түліктің ішінде қойдан көп алынады. Олардан ет, сүт, жүн, тері және елтірі өндіріледі. Өндірілетін өнім түріне қарай биязы, жүнді-етті, етті-жүнді, биязылау жүнді, қылшық жүнді қой тұқымдары бар. Сонымен бірге арнайы тондық тері елтірі беретін қой және құйрықты қой тұқымдары да бар. Сондықтан олардың ерекшеліктерін ескере отырып азықтандырған дұрыс.
Қой күйіс мал тобына жатады. Басқа мал түліктеріне қарағанда, қой жайылым шөбін 2 есе артық пайдаланады, сондықтан олар жайылым таңдамайды десе де болады. Күйіс малы болғанымен, қой ірі қараға қарағанда жасұныққа бай ірі азықты нашар жейді және жасұнықты қорыту қабілеті оларға қарағанда едәуір төмен. Олар 100 кг ірі салмағына 2,5–3,4 кг құрғақ зат қабылдай алады.
Қой - өсімтал түлік. Қозылардың өсімдік азықтарын қорыту қабілеті тіршілігінің 2-ші айында қалыптасады. Олардың өсімдік азықтарының қоректік заттарын қорытып,сіңіруі ересек қоймен бірдей. Олар бір жасында азықтағы қоректік заттардағы химиялық энергиясына айналдыра алады. Мыңдаған жылдар бойы табиғи жайылым шөбімен азықтандырылып, сыртқы ортаның құбылыстарына бейімделген қой ағзасы ең алдымен қоректік затты орталық жүйке жүйесіне, қан айналымына, жыныстық мүшелерге пайдаланады да, ең соңғы кезекте жүнге жұмсайды. Ал қоректік заттар жеткіліксіз болған жағдайда жүндегі қоректік заттар алдымен ағза қажетіне пайдаланылады. Сондықтан қойды азықтандыру деңгейін олардың жүн бітіміне қарап анықтауға болады.
Дұрыс азықтандырылған қойдың жүнімен қатар еттілігі де жоғары сапалы болады. Бордақылауға жас қозы мен тоқтыны қойса, олардың өсіп-жетілуі, салмақ қосуы жеделдейді, қосымша салмақ қосуға аз азық кетеді де, өнім арзан болады. Сондықтан төрт түліктің бірі, республикамызда кең тарап отырған қойды ғылыми тұрғыдан баланстап азықтандырудың олардан алатын өнім мөлшерін ұлғайтуға тигізер әсері көп.
Ірі қара малға қарағанда қой 1 кг салмағына қоректік заттар мен энергияны көп жұмсайды, себебі оларда зат және энергия алмасу процесі жоғары деңгейде жүреді. Қой 100 кг салмағына 3,2–3,8 кг құрғақ зат жұмсайды, ал ірі қара мал 2,8–3,8 кг.
Қойдың азық рационы барлық қоректік заттармен балансталғаны дұрыс. Жоғары өнім алу үшін оларды тиісті мөлшерде энергия, протеин, май, көмірсу және басқа қоректік заттармен толық қамтамасыз ету қажет. Қойдың қоректік заттар мен азықтарға қажеттігі олардың жасына, физиологиялық жағдайына, өнім бағытына байланысты.
Бүкіл одақтық қой және ешкі ғылыми-зерттеу институты (ВНИОК) мәліметтеріне қарағанда 5 кг жүн беретін қойға жылына 500–520 азық өлшемі, яғни қыс айларында 150–170 кг пішен, 20–30 кг сабан, 100–120 кг дәнді азық және 400–500 кг сүрлем қажет. Өнімі орташа (2–2,5 кг таза жүн) ересек қой рационында 1 азық өлшеміне 95–100 г қорытылатын протеин, жоғары өнімді ересек қой рационында (2,5–3,0 кг таза жүн) 100–115 г протеин, ал төл рационында 115–130 г протеин болғаны жөн. Себебі, төлдің протеинге қажеттіліг өте жоғары (жасына байланысты).
Буаз және қозы емізіп жүрген саулыққа протеинге жалпы қажеттіліг 25–35 %-ын (басына 13–18 г), ал 6 айлық төлге – 25–30 % -ын (басқа 13–18) жасанды азот-мочевинамен қамтамасыз етуге болады. Ол үшін малдың қантпен толық қамтамасыз етілуін қадағалау керек, рациондағы қанттың протеинге қатынасы 1.1, болмаса қойдың бір кг салмағына 2–4 г қанттың келгені дұрыс. Жасұнықтың мөлшері рациондағы құрғақ заттың 24–26 % -нан аспағаны жөн.
Басқа мал түліктеріне қарағанда қойдың күкіртке қажеттілігі өте жоғары, себебі жүн талшықтарының құрамына кіретін ақуыз-креатиннің 2,5–5,5 % -ы күкірттен тұрады. Етті-жүнді қойға қарағанда жүнді қойдың күкіртке қажеттілігі жоғары.
Қойдың қысқы рационының негізін сапалы пішен, сүрлем, пішендеме және дәнді азықтар құрады.
Пішенді тәулігіне бір басқа 1–1,5 кг, сүрлемді 1,5–3 кг, жартысын пішендемемен алмастыруға болады, дәнді азықтарды 0,3–0,5 кг береді. Күкірт жетіспеген жағдайда 13–15 г натрий сульфатының тұзын қосады.
Шошқаны азықтандыру. Шошқа - өсімтал, көп төлді мал. Бұл олардың ағзасындағы зат алмасу процесінің жүру қарқынын анықтайды. Олар өсімдік және жануар тектес азықтарды жақсы пайдаланады. Дегенмен, ас қорыту жолында микробтық ақуыз пен В тобындағы витаминдердің түзілуі жеткіліксіз жүруіне байланысты, шошқа күйіс малына қарағанда амин қышқылдары мен В тобындағы витаминдерді көбірек қажет етеді.
Шошқаның азық рационындағы қоректік заттар мен энергияны шошқаның пайдалануы көп жағдайда олардың тұқым ерекшелігіне, жасына, физиологиялық жағдайына, тірі салмағына, азықтандыру түріне тікелей байланысты. Жасы 2–3 апталық торай жануар тектес азықтардың қоректік заттарын, әсіресе сүтті жақсы қорытады. Мәселен, 10 күндік жасында олар сүт протеинін 95–99 %, балық ұнын 80–92 %, ал өсімдік тектес азықтардың протеинін тек 10–40 % қорытады. Ересек шошқаның өсімдік тектес азық протеинін қорытуы 72–80 % деңгейінде болады.
Жылқыны азықтандыру. Жылқы малы біздің республикамызда ежелден өсіріліп, жан-жақты пайдаланылып келе жатқан төрт түліктің бірі. Жылқы күйіс малы емес, дегенмен, өсімдік тектес азықтарды жақсы жеп, қорытады, оған жылқының ұзындығы 150 метірге жететін тоқ ішектеріндегі микробиологиялық процестер де жақсы жәрдемдеседі. Оған қоса жылқы тұяқты мал ретінде жайылым отын тыңғылықты теріп жесе, қыста тебіндеп жайылады. Сондықтан оларға қосымша азық аз жұмсалып, арзан да, сапалы өнім алынады.
Жылқы қарынының сыйымдылығы небәрі 14–16 л. Өңеш қарынға тура жалғасқандықтан, қарынға түскен азық, не жиналған газ кері қайтпайды – қарын керілсе, өңештің түп жағы жабылып қалады. Сондықтан жылқыны азықтандырудың тәртібін сақтап, азықтарды білгілі бір ретпен беріп, суару ережелерін мұқият сақтаған дұрыс. Өйткені жылқы азықтандыру тәрібінің бұзылуына өте сезімтал келеді. Сонымен бірге микробиологиялық процестерді күшейтетін шырынды азықтарды шамадан тыс көп бергенде, ас қорыту мүшелерінің жұмысы бұзылып, жылқы – «Өлі тию» ауруына шалдығады, себебі қарын-ішектердегі жын дұрыс жүрмей, ашу-шіру процестері басталады, соның салдарынан газдар, улы заттар жиналып, іші кеуіп, түйнек, шанышқақ жабысады. Бұл жылқыны дұрыс азықтандыру мен суарудың мәні зор екенін көрсетеді.
Жылқының басқа ауыл шаруашылық малынан ерекшелігі – оларды жұмысқа қолданады. Сондықтан, бұл ерекшелік олардың ас қорыту және зат алмасу процестеріне әсер етеді. Жылқыны жұмысқа қолданғанда , олардың зат алмасу процесі артып, ағзада қорланған қоректік заттар (гликоген, май, ақуыз) пайдаланыла бастайды.
Жұмысқа пайдаланылатын жылқы азықтың сіңірілетін көмірсуын жеткілікті мөлшерде алып тұрғаны жөн, себебі тәуліктік азық рационында крахмал мен қант жеткіліксіз болса, ауыр жұмыста олар өз денелерінің қорын жұмсайды, ең алдымен гликоген, сосын май қолданылады, егер олар энергия балансын теңестіруге жеткіліксіз болса, ақуыздар ыдырап пайдаланылады. Жылқы азықпен энергияны жеткілікті алмаса, тез арықтап, жұмыс істеу қабілеті төмендейді.
Жұмыс атын азықтандыру мөлшерін жасағанда олардың жұмысқа қолданылуы ескеріледі, жалпы азық мөлшерін жұмыс істемейтін, жеңіл, орташа, ауыр жұмыс істейтін атқа жеке-жеке жасайды. Жұмыс атының істеген жұмысының жұмыс мөлшерін анықтау үшін жүк салмағына (м) қарай (килограмм-күш-метр) (к.к.м) өлшеммен анықтайды. Жұмыс атының тірілей салмағына қарай бұл өлшем 900–1200 ккм аралығында жеңіл, 1500–2000 к.к.м аралығында орташа, 2100–2800 к.к.м аралығында ауыр жұмысқа жатады.
Олардың әрбір 100 кг тірі салмағына 75 г қорытылатын протеин болуы тиіс және олар үздіксіз ас тұзын алып отыру керек. Жұмыс істемейтін аттың тәулік рационына пішен, сабан қосады, аз мөлшерде оларға дәнді азық береді.
Жұмыс аты бір азық өлшеміне 80 г қорытылатын протеин, 4–5 г кальций, 4–5 г фосфор және 10–15 мг каротин алатын болса, олар салмағын жоғалтпай жақсы жұмыс істей алады. Қоңдылығы ортадан төмен аттың тәуліктік азық рационын 3–4 азық өлшеміне арттырады.
Жұмыс аты 100 кг тірі салмағына 4 кг дейін сапалы пішен жей алады. Дегенмен, ірі азықты көп жегенде дем алуы қиындап, жұмыс істегенде кедергі жасайды, не терлегіш келеді. Осы себептен жұмыс ауырлығына байланысты ірі азық мөлшері тәулігіне 100 кг тірі салмағына 2 кг аралығында болған жөн.
Жылқыға құрамында астық тұқымдас дақылдары басым дала пішені беріледі. Пішеннің жарты бөлігін сабанмен алмастыруға болады.
Жаз айларында жұмыс атты оттықтан 25–50 кг көк шөп жейді де, түн мезгілінде жабайы және мәдени жайылымға жіберіледі. Дәнді азықтың ішінде жылқы малы сұлыны сүйсіне жейді. Жас малғы сұлыны тұтас күйінде беруге болады, дегенмен астық тұқымдас дәндерді жаныштап, болмаса жарма түрінде берсе, жақсы қорытады және астықты6 %-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.
Сұлыны жұмыс атына 6–12 кг, арпаны 6–8 кг, қара бидай, бидайды 3–4 кг, бұршақ тұқымдас дәндерін 2–3 кг беруге болады. Жұмыс атына ірі азықтарды таңертең, жұмыс басталардан кемінде екі сағат бұрын және жұмыстан кейін береді. Түсте дәнді азықтарды аздаған пішен турамасына араластырып береді.
Ауыр жұмыстан кейін қызып
келген жұмыс атын суаруға болмайды.