10 Ауылшаруашылық малдарының гигиенасы


Зоогигиена – ағзаның сыртқы ортамен өзара қарым-қатынасын зерттейтін жануарлар денсаулығын қорғау туралы ғылым. Жануарларды пайдалану және азықтандырудың, малдарды ұстаудың, азықтың түрін анықтап, қоршаған ортаның қолайсыз әсерін жою әдістерін белгілейді.

Ауа ортасына, топыраққа, суға және азыққа қойылатын зоогигиеналық талаптар. Ауа қозғалысының жылдамдығы, ылғалдылығы, және температурасы – ауа ортасын сипаттайтын негізгі көрсеткіштер.

Жылы қанды ересек жануарлар үшін ауа қозғалысының жылдамдығы 0,05‒0,25 м/с, ылғалдылығы 60‒70 % болғанда, ауаның қолайлы температурасы жасына байланысты +3,-16 болып табылады. Төлдер үшін сәйкесінше 18‒25, 70 % және 0,15 м/с.

Микроклимат көрсеткіштерінің өзгеруі жануарлар ағзасында жылу алмасу жағдайының бұзылуын тудырады (тоңазуға алып келетін жылу бөлудің артуы немесе, керісінше, тым қыздырып жіберетін жылуды бөлуі) және олардың өнімділігін төмендетеді. Қоршаған ортаның төменгі температурасы кезінде жануарлар зат алмасуды көтеру арқылы жылу түзуді арттырады, яғни азықтың бір бөлігі өнімге емес, ағзаны жылытуға артық жұмсалады. Жоғарғы температура кезінде жануарлар жылу бөлуді арттырады, суды көп ішеді және азықты аз жейді. Мұндай жағдайда өнімділік төмендейді.

Желдету қондырғысы, малдардың орналасу тығыздылығын азайту, жиі суару, рационды азайту малдарды, әсіресе, ыстық күндері қызудан сақтайды. Жайылымда күтіп-баққанда оларды қалқа астында көлеңкеде ұстайды. Бұл кезде малды жаю үшін таңертеңгі, кешкі тіпті кейде түнгі уақыттарды пайдаланылады. Жақсы жабдықталған ғимарат және шынықтыру малдарды тоңазудан қорғайды. Өте төмен және жоғарғы температура кезінде, әрі ағзаға олардың әсері ұзақ болғанда жылу реттеу бұзылатындығы сонша, тіпті малдар шығынға ұшырайды.

Ауаның физикалық қасиеттерімен қатар, жануарлар денсаулығы үшін оның құрамы да өте маңызды. Оттегі, көмірқышқыл газы (СО2), көміртек тотығы (СО), аммиак (NH3), күкірт сутегі (H2S) мөлшеріне ерекше назар аударылады.

Күтіп - бағудың әдеттегі жағдайында жануарлар оттегінің жетіспеушілігін көтере алмайды. Жабық қораларда қыстыгүнгі оның елеусіз түрде азаюы (0,4‒1 %) малдардың клиникалық жағдайына өзгерістер тудырмайды. Тек қана малдардың желдетілмейтін жабық қорада ұзақ уақыт болуының өзі, әсіресе ұстау, бағым-күтімі нашар болғанда, сондай-ақ тау жайылымдарында оларға зардап шектіреді. Малдарға арналған қоралардағы көмірқышқыл газының концентрациясы 0,2‒0,3 % дан артпауы керек. Оның мөлшері біршама көп болған кезде (0,5 %) малдарда тотығу үрдістері басылып қалады да, ол дене температурасының төмендеуіне, жүрек соғысы және дем алуы жиілуіне әкеп соғады, ал концентрациясы – 5 % және одан жоғары болғанда, тұншығып қалады.

Қоралардағы көміртек тотығының рұқсат етілген шекті концентрациясы 0,002 мг/л ден есептеледі. Бұл улы, ағзада ол жанбайды, есесіне дем шығарғанда өзгермеген күйде шығады, сондықтан уланған жануарларды таза ауаға шығару қажет.

Малдарға арналған қораларда, мал нәжісін және садырасын өз уақытында тазаламау, желдеткіш қондырғылардың нашар жұмыс істеуі салдарынан аммиактың концентрациясы 0,03 % - ға жетуі және одан артып кетуі мүмкін. Аммиагы (0,003‒0,07 %) бар ауа мен үздіксіз дем алғанда малдар қанындағы гемоглобин деңгейі, сілтілік қоры, газ алмасу, азық қорыту және өнімділік төмендейді. Біршама жоғары концентрациясы жіті улану және өлім-жітім тудырады. Сондықтан, аммиак мөлшері ауа сапасының тікелей көрсеткіші деп есептеу керек. Оның қорадағы ең жоғарғы концентрациясы малдар үшін - 0,026.

Топырақ – қоршаған ортаның маңызды құрамдас бөлігі. Ағза жағдайына топырақтың ауалық, сулық және жылулық қасиеттері әсер етеді. Топырақ ауасы атмосфералық және қора ауасымен жанаса отырып, олардың сапасына әсер етеді топырақ суының жоғарғы болуы қорада ылғалдың артуына, өсімдіктер дүниесінің ботаникалық құрамының нашарлауына әкеп соғады, топырақтың жылулық қасиетіне әсер етеді. Өсімдік тектес азықтар және жер асты суларының химиялық құрамы топырақтың сапасына байланысты болады. Жануарлардың көптеген аурулары макро және микроэлементтердің топырақта жетіспеушілігінің немесе жоқ болуына байланысты туындайды.

Топырақ – неше түрлі қалдықтардың табиғи қабылдағышы және сіңірушісі, микроағзалар, гельминттер, жәндіктер дәрнесілдерінің дамуына қолайлы орта, жұқпалы ауру алар көзі.

Малшаруашылық құрлыстарын салуға, жайылымға, шөп шабуға жер таңдаған кезде сол жердің топырағына санитарлық тұрғыдан бақылау жүргізеді. 100 г-да 100 мг азот, 25 мг аммиак, 300 мг органикалық көміртек, 50 мг фосфат, 10000 мг, бактерия (жалпы саны) ішек таяқшасының литрі 1000 мг, гельминт жұмыртқалары жоқ болса, онда топырақ салыстырмалы түрде таза деп есептелінеді. Топырақ патогенді микрофлорамен залалданбауы үшін қиды сақтауға арналған орынды жабдықтау және оны зазалсыздандыру, дер кезінде жинау және мал өлексесін жойып отыру қажет.

Су – жануарлар ағзасында өте маңызды рол атқарады. Жануарлар ағзасы 10 су жоғалтса, оларда әлжуаздық пайда болады, жүйке жүйесі қызметі бұзылып, тәбеті төмендейді. 20 судың жоғалуы өлім-жітімге ұшыратады. Шөлдеу аштықтан да қиын. Толық ашыққан, алайда су беріп тұрған кезде жануарлардың май, ақуыз, көмірсуларды 50-ға дейін жоғалтатынына қарамастан 30‒40 тәулік өмір сүру жағдайы бар екені анықталған. Малдар су ішпесе 4‒6 аптадан кейін өліп қалады. Жануарлардың денсаулық жағдайына судың мөлшері ғана емес, сапасы әсер етеді. Суға толық баға физикалық жағдайы, химиялық құрамы және биологиялық қасиеті бойынша беріледі.

Судың физикалық қасиеті – температурасы, мөлдірлігі, түсі, исі, дәмі. Ауыз судың температурасы 8‒16 болуға тиіс. Сиырларды бұзаулаған соң 2‒3 тәулік жылы сумен, бұзаулар мен торайларды өмірінің алғашқы күндері қайнаған жылы сумен суарады.

Судың тұнықтылығын биік шыны ыдыста су бағаны арқылы арнайы шрифті оқумен анықтайды. Жақсы сапалы су үшін 34 см, түстілігі 20-дан көп емес. Хлоридтер 350, сульфаттар 500, темір 0,3, марганец 0,1, мыс 5 мөлшерде (мг/л) болуы керек. Судың реакциясы (рН) бейтарап немесе әлсіз сілтілі (рН) 6,5‒8,5 болуға тиіс.

Су құрамында көзге көрінетін су ағзалары болмауы керек. 1см судағы бактериялардың жалпы саны 100-ден көп емес. 1 л судағы ішек таяқшаларының саны 3-тен көп емес.

Су көздерін жер үсті, жер асты және атмосфералық деп бөледі. Жер үсті су көздерінің ең жарамдысы өзендер. Тек су тасқыны және нөсер жаңбыр кезінде судың сапасы нашарлайды. Тоқтау су көздерінің суын (көл, тоған, су қоймасы) мұқият санитарлық бағалаудан кейін қолданады. Терең жер асты сулары өсу мен қанымдаудың ең жақсы көзі. Атмосфералық суларды жер үсті және жер асты сулары аз аудандарында қолданылады. Олардың жиналуы, тазалануы және қорлануы үшін су жинағыш алаңқайлар, қарапайым тазартқыш қондырғы, жер асты қорлары, цистерна атқарады.

Азықтар. Көп жағдайда ірі, ұн тәріздес, дәнді азықтарда жер кесектерін, құм, шеге, сым, және т.б. табады. Топырақ және құммен былғанған азық ірі қара мал, қой, жылқылар үшін өте қауіпті. Күйіс малдарда тазқарын атониясы, қатпаршақ қарын бітелуі, күйісінің бұзылуы, мес қарын кебуі болады. Жылқыларда құм ішегінде, әсіресе соқыр ішегінде жиналып, түйілу, іш қату, кілегейлі қабық некрозы туындайды. Өткір металдық заттар ішек - қарын жолдарының механикалық бүлінуін тудырады. Мемлекеттік стандарт бойынша жемдік астықтағы қоспа 0,1‒0,2 ден көп емес болуы рұқсат етілген.

Механикалық зақымданудың алдын алу үшін азықты берер алдында электрлік магнит қондырғысынан өткізеді, ферма аумақтарында және азықтарды сақтайтын орындарда тазалық сақтайды: малдарды құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жерге, қоймаға, шеберханаға, қоқыс төгетін жерлерге жақын жаймайды және сым темірмен байланып нығыздалған шөп немесе сабанды балтамен шаппайды.

Кейбір азықтық өсімдіктерде (қарақұмық, беде, жоңышқа, шайқурай) гүлдену және тұқым түзу кезеңінде күн сәулесінің әсерінен малдардың пигменттелмеген тері бөлігінде өзгеріс тудыратын (қызару, өлі еттену, домбығу) филлоэретрин пигменті болады. Осыларды есте ұстап, жоғарыда аталған азықтық өсімдіктерді терісі пигменттелген малдарға беруге болмайды.

Басқа азықтарда (зығыр күнжарасы, құмай, судан шөбі, тары, сиыр жоңышқа, миядән) құрамында су болған жағдайда синил қышқылын түзетін цианогенді гликозид болады. Алдын алу мақсатында зығыр күнжарасын құрғақ күйінде азықтандырады, аталған өсімдіктердің жасыл азығын шашағын шашу кезеңінде береді, алшынкөкті шөп ретінде кептіріп, жинаған соң айдан кейін ғана азықтандырады,

Қоза күнжарасы және шорт құрамында гликозит госсипол болады. Күнжарадан улануды болдырмау үшін аз мөлшерде азықтандырады (ірі қара малға 32 кг-нан көп емес, жылқыларға 1,5 кг, шошқа мен қойға 0,2 кг) және ауық-ауық рационнан алып тастайды.

Картоп, оның пәлегі және төп құрамында гликозид-соланин болады. Әсіресе, шошқалар түйіні өскен картоппен, картоп қабығымен азықтандырғанда жиі уланады. Уланудың алдын алу үшін картопты қайнатады да, сумен төгіп тастайды. Шикі картоп және пәлегін малдар рационына біртіндеп басқа азықтармен қоса отырып кіргізеді.

Шошқаларды бұқтырылған қызылшамен уақытынан асырмай азықтандырмаса, улану болуы мүмкін. 5‒6 сағат, әсіресе 12 сағаттан кейін оларда азот қышқылы нитрат тұздарына айналатын өте улы азот қышқылы пайда болатын бактериялар дамиды. Сондықтан қызылшаны бұқтырып және суытқаннан кейін бірден азықтандырады.

Ірі қара малдарды сүттену – балауыздану сатысындағы жүгерімен азықтандырғанда улану кездеседі. Месқарында көп мөлшерде сүт қышқылы және басқа заттар түзіледі. Нәтижесінде орталық жүйке жүйесінің қызметі бұзылады, кейде өлім-жітімге ұшырайды, алдын алу мақсатында жүгеріні шапқаннан кейін және кептірген соң 2 сағат ішінде азықтандырады.

Күйісті малдарды азықтандыру тәжірбиесінде протеиннің алмастырғыштығы ретінде карбамидті (синтетикалық мочевина) қолданады. Мочевинаны жеммен мұқият араластыра отырып береді. Құрғақ азықта ол 4-тен көп болмауы тиіс, сүрлеммен бірге азықтандырған кезде оған мочевинаның аздаған сулы ертіндісімен бүркеді. Сиырға тәулігіне бір басқа 100 г-нан көп емес, 6 айдан асқан төлге 50 г, қойларға 15 г-ға дейін беруге болады. Ескертетін жағдай малдарды оған аз мөлшерінен бастап 10‒12 тәулік ішінде біртіндеп үйреткен жөн. Сұйық азық және ауыз сумен мочевинаны азықтандыруға болмайды.

Сонымен қатар, жайған кезде малдардың улы өсімдіктермен, пестицидтермен, тыңайтқышпен уланып қалмауын қадағалау керек.

Ауылшаруашылық малдарын күту гигиенасы. Мал күту дегеніміз – малдарды дер кезінде тазалау, мал қораларын тазалау, серуендету. Теріні жүйелі түрде тазалау және тазалау кезіндегі массаж қанмен қандауды және түк, терінің қоректенуін жақсартады. Теріні қолмен тазалау үшін қатты шашты щетка, металл тарақ пайдаланылады. Оларды ауық-ауық ыстық сілтіде, креолин ертіндісінде және, т.б. залалсыздандырады. Малдарды азықтандырғанға дейін абзалы қора сыртында тазалайды. Жылқыларды – ат қорада, сиырларды – қашада, шошқаларды – серуендету алаңдарында, ал ауа райы нашар болса – манежде, тамбур, өтпе жолда. Тазалауды басынан, мойынан бастап, денесіне көшеді, біртіндеп денесінің артқы жағын сол ретпен тазалайды.

Мал денесінің ең ластанған бөлігін жылы сумен жуады. Сосын, міндетті түрде құрғағанға дейін езілген сабанмен, ескі-құсқы шүберекпен, ал сиыр желінінен – таза сүлігімен сүртеді. Малдарды 30о С брандспойт суымен жуудың, жылжылмалы заласыздандыру үшін қондырғы мен душтың маңызы зор. Жазда малдарды табиғи су көздерінде шомылдырады. Сонымен қатар, дер кезінде тұяғын арнайы құралдар (тұяқ қайшысы және, т.б.) қолдана отырып тазалап, кесіп отыру керек.

Жұмыс атын күтудің маңызды бөлігі – тұяғын тағалау. Ол тұяқты тез желінуден сақтайды, малдарға үлкен төзімділік береді, олардың жұмыс істеу қабілетін арттырады, бұрыннан бар ақауларын түзейді. Қайта тағалауды 2 айдан соң жасау керек.

Жануарлар денсаулығын және өнімділіктің жоғары деңгейін сақтап тұру үшін серуендету (моцион) өткізу қажетті шаралардың бірі. Ол ағзадағы физиологиялық үрдістерді жандырады, шынықтырады, аталық малдың жыныстық белсенділігіне, спермасының сапасына, ұрықтануға және аналықтардың төл әкелушілігіне оң әсер етеді, азықтағы қоректік заттарды сіңіруі, сүт өнімділігі, салмақ қосуы, жүн қырқымы және жұмыртқа әкелушілігі артады.

Моционның ұзақтығы ересек малдар үшін 3‒4 сағат, төлдер үшін 1‒2 сағат. Төлдерді 10‒15 минуттан бастап біртіндеп үйретеді, ал кейін бір айлық жасынан бастап әрбір серуендетуді 5‒10 минутқа ұзартады. Серуендетуді еркінен тыс қозалтумен үйлестірген дұрыс. Бұл үшін ұзындығы 2 км-ге, шошқалар үшін 0,5‒1 км жететін арнайы жолдар жабдықтайды.

Жылқы гигиенасы. Жылқы шаруашылығында жылқыларды ұстаудың екі жүйесі қолданылады: ат қорада және табында. Бірінші жүйесінде малдарды жеке-жеке немесе топтап ұстайды, яғни айғырлар, асыл тұқымды құлындары, сондай-ақ тай-құнандарды жаттықтыру алаңында – әжіреде; жұмыс аттарын – қолда қорада; барлық бағыттағы, топтағы тай-құнандарды секцияларда ұстайды. Жазғы маусымда жылқылар тәуліктің бір бөлігінде жайылымда болуы тиіс.

Табындық жүйенің екі түрі бар: мәдени табындық және жақсартылған табындық. Бірінші түрінде малдар жылдың көп бөлігінде жайылымда (өрісте) болады. Жылдың ең суық кезінде оларды қорада ұстайды. Жақсартылған табындық жүйесі кезінде жылқылар жыл бойы жайылымда бағылады.

Мәдени - табындық ұстауда құлындары енесінен айыру 6‒7 айлық жасында, ал жақсартылған - табындық ұстауда бір жасында жүзеге асырылды.

Барлық жүйе кезінде биелердің құлындау маусымы – жылдың бірінші жартысында болады.

Малдар терісін үнемі таза ұстаған жөн. Бұл үшін жылқыларды жүйелі түрде тазалайды. Тарақ және шұға мата қолданылады. Тарақ тек қана щетканы шаң, кірден тазарту үшін керек. Жылқыларды тазалау үшін оларды ат қорадан ат байлайтын орынға шығарады, ал жауын-шашынды күндері қора өткелектерінде тазалайды. Малдың оң жағын тазалаған кезде щетканы оң қолда ұстайды және керісінше де солай. Тазалауды мойыннан бастайды, сосын алдыңғы және артқы аяқтарын тазалайды. Щетканы шаштың (түктің) өсу бағыты бойынша және оған қарсы жүргізіледі. Құйрық, жал және кекілін қолмен тарамдап, содан кейін щеткамен тарайды.

Щеткамен тазалағаннан кейін жылқыны басынан бастап шұға матамен сүртеді.

Қарпайым тазалаудан басқа жылқыларды жазда шомылдырады немесе сумен жуып тұрады. Суда жылқыларды әрі кетсе 10‒15 минут ұстайды. Қатты ыстықта шомылдыруға болмайды. Шомылдыру кезінде жылқылардың құлағына су кіріп кетпеумен қадағалау керек. Шомылдырғаннан кейін жылқыларды құрғатып сүртеді және біраз уақыт жетектеп жүреді. Егер жақын маңда табиғи су көздері болмаса, малдарды душ астында, шелектен немесе щетка душпен шомылдыру кезіндегі ережелерді сақтай отырып жуады.

Тұяқтарды күту – кесу тазалаудан тұрады. Құлын тұяқтарын 2‒3 айлық жасынан бастап тазалайды. Әрі қарай тазалауды әрбір 2 ай сайын, жайылым кезінде 4‒5 ай сайын өткізеді. Ересек жылқыларда тұяғын ай сайын, ал жазды күні тазаланбаған жылқыларды 2‒3 ай сайын тазалайды.

Тұяқты өңдеу кезінде белгілі рет тәртіппен қадағалайды: кірден тазартады, тұяқ тазалағыш көмегімен мүйізді қабырға шеттерін алып тастайды, тұяқ қайшысымен ескі, жарықшақтанған өлі мүйізгекті (сұрғылтақ кескен кезде тез сынатын) кеседі. Жас тұяқ мүйізі қаралау – сары немесе сұрғылт болып келеді.

Құлындар гигиенасы. Құлындау көбінесе көктемнің басында (наурыз – сәуір) болады, сондықтан ат қорада температура кем дегенде 6‒10 С болуы және өтпе желдер болмауы ерекше маңызды.

Қалыпты дамыған құлын туғаннан кейін бірден аяғына тұрып, анасының емшегін табуға тырысады, әрине ауыздануға көмектесіп жіберу керек. Құлын туғаннан кейін 30 минуттан 1 сағат аралығында уыз ішкені абзал. Аяғын нық басқаннан кейін құлындар анасын өздігінен еме бастайды. Тоңғағы түспеген кезде құлындарға жылы сумен клизма қояды.

Құлындарды суықтан, ылғалдан және өтпе желден қорғайды. Оларды құрғақ, таза және жұмсақ төсенішпен қамтамасыз етеді. Құлындағаннан кейін бес күннен соң биені құлынымен басында 30‒40 минутқа, кейіннен уақытын біртіндеп арттыра отырып серуендетуге шығарады. Ауа райы жылынса биелерді құлынымен қоса жақсы шалғынды құрғақ өрісте көбірек ұстау керек. Бұл құлынның ауруға төзімділігінің артуына, ішкі ағзалары мен қаңқа бұлшық етінің жақсы дамуына мүмкіндік жасайды.

Құлын енесін тәулігіне 20‒30 рет емеді, сондықтан биелерді жұмысқа пайдалануға, алыс жолға мінуге болмайды.

Пайдаланылатын биелердің құлындарын біртіндеп емес, бірден 5‒6 айлық жасында, асыл тұқымды биелерден 8 айдан кейін айыруды ұсынады.

Анасынан айырғаннан кейін құлындарды биелерден бөлектеп, екіден немесе секцияларда топтап (мүмкін болса қатты балшық бетонды еденде) ұстайды.

Табындық жылқы шаруашылығы жағдайында еметін құлындарды ұстауға ерекше назар аударды. Емізетін биелерге құлынымен бірге жақсы шалғында өріс бөлінеді. Шөптердің пісіп қатаюы кезінде еметін құлындарды құнарлы азықтармен үстемелеп азықтандырады. Ондай жағдайда анасынан айыру көктем кезінде өткізіледі. Анасынан айырылған құлындарды таңбалайды және ноқтаға, байлауға жетекке үйретеді. 1,5 жылдық жасқа дейін әр түрлі тұқымдық және әр мақсатқа арналған құлындарды іс жүзінде бірдей жағдайда күтіп-бағып өсіреді.

Ат әбзелдерінің гигиенасы. Ат әбзелдерін дұрыс, әрі оның барлық тетіктерінің ақаусыз болуын қадағалап отыру аттардың өнімділігін арттырумен қатар жарқаттанудың алдын алуда ерекше маңызы бар. Әр атқа әбзелді лайықты етіп алады, оның әрбіріне аттың жеке нөмірін жазып қояды.

Ат сайманы, әбзелдерге қойылатын негізгі талап: беріктілігі, жеңілділігі, дайындау мен жөндеу қарапайымдылығы, әр түрлі шаруашылық түрлеріне әмбебапты болуы және кейбір бөліктерін алмастыру жеңілдігі. Ат әбзелдері мен өмілдірігі жарақаттауы немесе ауыртуы, жүріп-тұруына, тыныс алуына кедергі жасамауы тиіс.

Ат әбзелдеріне кіретіндер. Ноқта – жылқыны жөнге бұру, байлау үшін қолданылатын әбзел. Оны былғары, қайыстан жасайды.

Жүген – жылқыны жөнге бұру үшін қолданады. Ол жылқының басымен бірдей болуы, ал ауыздығы жақтың төменгі басымен бірдей болуы, ал ауыздығы жақтың төменгі шетіндегі тісі жоқ жағында болып ауызды тартпауы керек. Сулығына тізгін мен божыны қайдайды.

Қамыт – көлікті арбаға, шанаға жегу үшін пайданылады. Қамыттың имек екі ағаштан жасалған қос құлағы болады. Олардың жоғарғы ұштарын қайыспен біріктіріп байлайды. Мұны желке бау деп атайды. Құлақ ағаштарының астына шұжық орнатылады. Бұдан басқа құлақбау, тамақ бауы бар. Қамыттың сыртын былғарымен, ал ішкі жағын қалың киізбен қаптайды.

Ершік – арба, шанға жегілетін көліктің арқасына салынатын ер тәрізді болады. Қамыт аттың омырауын қағып, ығып баспау үшін де керек. Бел көтерме үшін берік терік. Ол мынандай бөліктерден тұрады: қос қаптал астына салынатын киіз, тартпа белдік, құрама тігілген қайыс, ағаш кеспектер.

Тартпа – артқа ерді, ершікті бекітуге керекті жабдық. Ол төс тартпа, шап тартпа болып бөлінеді. Шап тартпа жалаң үстінен, ал төс тартпа ат көрпенің үстінен тартылады.

Белдік – қайыстан, былғарыдан қаптап тігілетін бау. Атты арбаға, шанаға жеккенде ершікті бекітіп ұстайтын тартпа бау.

Шілия – қамытты аттың мойнына кетірмеу үшін пайданылатын абзал. Шілияны қамыстан тігіп, түйіп өріп істейді.

Делбе – арбаға шанаға жегілген көлікті бұрып отыруға арналған абзал. Оны қайыстан немесе есілген қылдан жасайды, ұзындығы шамамен жеті метр болып келеді.

Доға – жауыр, қажаудан сақтайтын ат әбзелдерінің бірі.

Ер – салт мінуге арналған ат әбзелі. Ер жасауға қайың, үйеңкі ағаштарды пайданылады. Бөлшектері: алдыңғы артқы қас, екі қаптал және қастың ортасындағы белдік ағаш. Ердің қасы артқысынан биік болады.

Атты жегу тәртібі. Атты жүгендеп, онан кейін сол жағынан ершік салып, тартпасын тартады. Содан соң қамыттың төменгі жағын жоғарғы қаратып шілиясымен бірге басынан кигізеді. Әрі қарай атты шегіндіріп жетекке енгізеді де, содан кейін қамыттың тамақ бауын байлап, ершікті көтеріп салады, одан соң божыны тағады. Осындай тәртіппен атты жегеді.

Ат әбзелдерін күтіп ұстаса пайдалану мерзімі де ұзарады, аттың күшін сақтап, жұмыс қабілетін арттырады. Әбзелдерді арнаулы бөлмеде сақтайды. Атты жұмыстан алып қайтқан соң, әбзелдерді былғаныштан, терден тазалап, кептіреді, жөнге келтіреді. Оны қабырғаға ілінген ағаш ілгіштерге кептіреді. Қамытты ершікті және ерді киіз ілгіштерге кептіреді. Қамытты, ершікті және ерді киіз қабаттарын сыртына қаратып іледі.

Әсіресе, әбзелдердің аттың денесіне тиіп тұратын жеріне ерекше көңіл бөлген жөн. Ол үшін терден тазалап кептіреді, киіз қаптау үшін тоқпақпен ұрып жұмсартады. Әбзелдің былғары қайыс бөліктеріне айына екі мәрте шыжғырған май жағады. Металл бөліктерін тот баспау үшін құрғақ болмау керек, оны таза және майланған күйінде ұстайды, көгермеу қара күйе түспеу әбзелдерді ауық-ауық сақтайтын жерден шығарып желдетіп кептіреді.

Ірі қара мал гигиенасы. Ірі қара малды ұстау әдістері: байлап ұстау, қалың төсеніште бос ұстау, байламай – бокста ұстау.

Сиырларды байлап ұстау азықтандыруды біршама қалыпқа келтіруге мүмкіндік береді және тарату оңай жүзеге асырылады, бірақ ұстаудың бұл әдісіне 1 ц сүт алуға кететін еңбек шығыны байламай ұстауға қарағанда 1,3‒1,6 есе жоғары.

Малдарды байламай ұстауды сенімді азықтық қоры бар. Шаруашылықта қолданған дұрыс, өйткені өндірілетін сүт бірлігіне кететін негізгі азық шығыны 10‒15 ға артады.

Шаруашылық және аймақтың ерекшеліктеріне байланысты сиырларды байламай ұстаудың екі негізгі әдісін қолданады: тәулігіне бір басқа 3 кг сабан жұмсап, қалың төсеніште ұстау және бокста.

Малдарды қалың төсеніште ұстаудың ең дұрыс жақтары: малдар үсті таза, олар жатқанда орны жұмсақ және жылы.

Ірі қара мал шаруашылығындағы тағы бір маңызды сала – ұстау жүйесі болып табылады. Бай табиғи азықтық шалғынды шаруашылықта ең кең таралғаны малдарды ұстаудың қолда ұстау – жайылымдық жүйесі, яғни қолда ұстау кезінде малдарды қорада, жайылымдық жүйе кезінде жасанды немесе табиғи өрістерде ұстайды.

Қатты жыртылған жерлі аудандарда малдарды ұстаудың қолда ұстау – лагерлік немесе қолда ұстау жүйесі қолданылады. Ұстаудың қолда ұстау – лагерлік жүйесінде малдарды жайылым кезінде жазғы лагерде ұстап, жеңіл-желпі қалқа, сауын қондырғысы және басқа да қора – жаймен жабдықтайды. Солай малдардың денсаулығына оң әсер етіп, алдын алушылық ветеринарлық - санитарлық шараларды, сондай-ақ негізгі фермада жөндеу жұмыстарын дер кезінде өткізуге мүмкіндік береді.

Қолда ұстау жүйесі кезінде малдар жыл бойы фермалардағы бой жазу алаңқайларында ұсталынады. Малдар тұрақты түрде көк шөппен, басқа да азықтармен қамтамасыз етіледі. Малдарды ұстаудың қолда ұстау – лагерлік және қолда ұстау жүйесіндегі негізгі шарт малдарды жүйелі түрде серуенге шығарып отыру болып табылады.

Сиырларды ұстау гигиенасы. Сиыр қораларындағы температура қысқы күндері 5‒8, салыстырмалы ылғалдылық 80‒85, ауаның қозғалыс жылдамдығы 0,5‒0,1 м/сек, сиырлардың әрбір центнер тірі салмағына ауа алмасу минималды (17м/сағ) болуы тиіс. Ауаны соратын құбырлардың ауданы малдың тірі салмағы және өнімділігіне байланысты бір сиыр үшін 250‒300 см-ді құрайды.

Жылдың барлық мезгілінде, әсіресе қолайсыз және аязды ауа райынан басқа күндері тәуліктің көп бөлігінде мал ашық ауада ұсталынуы керек.

Сиыр ағзасы ұрықтандырғаннан кейін қолайсыз алғашқы 3 айында йодты көп қажетсінеді, оның жетіспеушілігі ұрықтың дамымауына, сорылып кетуіне әкеліп соғады және сиырлар бедеу болып қалады, сондай-ақ рационында басқа да сияқты минералдық элементтер, ал соңғы айларда витаминдер мен амин қышқылдары жеткілікті болуын қадағалау керек.

Төлдеу алдындағы кезеңде буаз сиырларды сүрлем мен азықтандырғанда сақтық көрсету қажет. Бір жақты, ұзақ уақыт сүрлеммен азықтандыру зат алмасудың күрделі өзгерісіне, қарын сұйықтығының сілтіленуіне, қарындағы инфузорриялардың көп азаюына, сөйтіп туған бұзаулардың өлуіне әкеп соғады. Бұзаулағанға дейін 2 ай бұрын басталатын сиырларды босату кезеңінде 5-10 күн бойы пішен және азықтық сүрлеммен алмастырылатын шырынды және құнарландырылған азықтарды рационнан алып тастайды, ауыз судың тәуліктік мөлшерін екі есе азайтып, жіберілу мерзімін қысқартады және мастит пайда болуының алдын алады.

Бұзауларға 2 апта қалғанда және бұзаулағаннан кейін 2 2 апта бойы сүрлемді мүлдем бермейді.

Бұзаулар алдында сиырды кір-қоқыстан тазалайды және қажет болса арт жағын марганцовканың солғын ертіндісімен жуады. Буаз сиыр азығына күн сайын 40 г тұз және ұсақталған бор қосу керек. Қыста витаминге қажеттілігін қанағанттандыру үшін дұрыс ұсақталған қылқан немесе оның қайнатпасын берген жөн. Сондай-ақ шіріген және азықтармен азықтандыруға жол берілмейді, сиырларды температурасы 15 С-тан кем емес сумен тәулігіне 2 рет суарады.

Жаңа туған бұзаулар гигиенасы. Басқа ғимараттардан ферма қорасындағы туу бөлмесі 150 м қашықтықта орналасу керек. Туған төлді таза қап немесе қалың сабан үстіне жатқызады, жас төлге жарты минуттық суықтың өзі зиян шектіретіндіктен, брезент немесе клеенкада жатқызуға болмайды.

Бұзау туғаннан кейін оның аузын, танауын шарана шырыннан тазартады. Мұны бұзаудың басы көрінісімен істейді. Егер де алғашқы минутта мұрын, ауыз қуыстарын шырындардан тазаламаса, шырындар алғашқы дем алуы кезінде бронхыға сорылып, кілегейлі тығын сияқты болады және іштегі өкпе, әсіресе жоғарғы бөліктердегі ауа жолдарын бітеп, микроағзалардың өсіп-өнуіне жол береді, ағзаның төзімділігін төмендетіп, ауруларға қарсы күресу үшін әлсіретеді. Әсіресе, созылмалы қатпа түрлері жиі кездеседі, кейде өлім-жітімге ұшырайды. Бұзаулау кезінде сиыр көтеріледі, сөйтіп тартылып тұрған кіндік бауын үзеді, егер де кіндік бауы үзілмесе, (бұзаулау әлсіз жүргенде) қолмен үзген жақсы, егер оған болмаса кіндік бауын 10‒12 см-дей өлшеп алып қайшымен кеседі.

Кіндік бауын үзіп алған соң, бұзауды анасының жанына жалатуға апарады. Сиырдың бұдырмақты, бұлшық етті тілі бұзауды жақсы сылайды, шырындарын ерітіп, залалсыздандырады және туманың жылдам шудан арылуына себебін тигізіп, жатырдың жиырылуын жылдамдатады.

Кіндік спиртті ерітіндімен сүртеді. Бұзауға уызды 30‒40 минут өткен соң, 1,5‒2 л мөлшерінде күніне 3‒4 рет емізгіш ыдыспен береді.

Бұзаудың өмірінде үлкен маңызды орын алатын нәрсе, ол уақытында ішетін сумен қамтамасыз ету. Суды бір күндік жасынан бастап ішкізеді, судың температурасы бөлменің температурасындай және уыз сүт ішуі соның арасында еркін түрінде болуы керек. Артық суды бұзау ішпейді.

Шошқа гигиенасы. Қазіргі уақытта шошқаларды күтіп ‒ бағу жүйелерінің екі түрі бар: серуендету және серуендетпей ұстау. Қолда ұстау серуендету әдісі – станокты серуендету және еркін серуендету болып екіге бөлінеді.

Станокты ‒ серуендету жүйесінде шошқаларды жеке немесе топтық станоктарда ұстап, серуендету алаңына шығарады; шошқаларды станоктарда ұстап, серуендету алаңына шығарады; шошқаларды станоктарда немесе асханаларда азықтандырады. Ал жеке станоктарда буаз мегежіндердің төртінші айлығында, емізетін мегежіндерді еметін торайлармен және қабан аталықтарды ұстап бағады. Топтық станоктарға бойдақ мегежіндер мен буаздықтың алғашқы үш айлығындағы шошқаларды, тұқымға қалдырған қабандар мен мегежіндерді, енесінен айырылған торайларды орналастырады.

Еркін серуендету жүйесінде шошқалар босатылып серуендету аймағына еркін шығады.

Шошқаларды станоктарда немесе серуендету алаңы мен асханаларда азықтандырады.

Осы жүйеде бойдақ мегежіндерді, буаздықтың алғашқы үш айлығында шошқаларды, анасынан айырылған торайларды, тұқымға қалдырған төлдерді және бордақыдағы мал бастарын ұстап бағады.

Шошқа қорасының жанына бетондалған және қоршалған серуендету алаңын жасайды.

Серуендетпей ұстау жүйесінде бордақылаудағы шошқаларды үлкен топтармен станоктарда ұстап бағады: бордақыдағы малдар басынан аяғына серуендетуді білмейді.

Жазғы уақытта шошқаларды (мегежін, анасынан айырылып алынған төлдер мен тұқымға қалдырылған төлдер) төбесі жеңіл бастырмалар мен лагерьде ұстап бағады.

Буаз мегежіндерді дұрыс азықтандырып және күтіп баққанда олар жақсы өсімталдықты және сүттілікті қамтамасыз етеді, өйткені буаз кезінде олар көп мөлшерде құнарлы заттарды көп жұмсайды.

Буаздықтың алғашқы айларында жеткіліксіз азықтандырғанда, олардың ұрықтары сорылып кетеді және өсімталдығы жылдам төмендейді.

Құнарлы заттарға мұқтаждығы буаздықтың ақырғы кезеңінде артады, өйткені алғашқы айларда ұрық 25‒30 грамм, 3 айлықта 160‒180 грамм, ал 4 айлықта 1‒1,2 кг болады, сондықтан мегежіндердің рационын 15‒20 %-ға көбейту керек.

Буаз мегежіндерді азықтандырғанда рационда жалпы құнарлығы бойынша жем болса (75‒85 %-ын), онда торайлардың салмағы төмендеп (400‒700 г), тіршілік қабілеті болмауына әкеп соғады. Олардың рационына құнарлы азық, шөп, шөп ұнын, сүрлем қоспаларын енгізу керек.

Торайлауға екі күн қалғанда және торайланған соң мегежіндерге кебектен жасалған көже беріп тұру керек. Мегежіндерді күніне үш рет азықтандырады, ал суды өз еркінше ішуіне қарай береді.

Мегежіндерді міндетті түрде серуендету керек, ал торайлауға бір-ақ күн қалғанда серуендетуді тоқтатады. Торайларға 5‒7 тәулік қалғанда мегежіндерді шошқа қорасындағы аналық қораға ауыстырады және келесі шараларды жүргізеді:

- торайлауға 4‒5 тәулік қалғанда рационында 25 % - ға, ал торайлайтын күні 50 % - ға қысқартады.

- торайлағаннан соң аналыққа жылы су береді, ал 10‒12 сағат өткен соң көжеге бор және ас тұзын (20‒30 % г) қосып азықтандырады, екінші рет 5‒6 сағаттан соң азықтандырады.

Торайлағаннан соң күн сайын тәуліктік азық нормасын арттыра отырып, оның толық азықтық мөлшерін жетінщі тәулікте жеткізеді.

Торайлау, әдетте түнде және бір сағатқа дейінгі аралықта болады. Торайларды сүртіп, оларды 30‒32 шам астына жатқызады. Алғашқы азықтандыруды торайлағаннан соң кешеуілдетпей, екі сағаттан соң жүргізеді. Торайлар анасының емшегін тәулігіне 20‒24 рет емеді. Бұл үрдіс әрбір алпыс минут сайын қайталанылады. Торай кіндігін 5‒6 см қалдырып кеседі. Торайлау кезеңі созылатын болса, онда торайлаудың артын күтпей, торайды құрғатып сүртіп және анасын емуге жібереді. Артқы емшектерге қарағанда алдыңғы және ортаңғы емшектерде сүт көбіректеу болады. Сондықтан өте кішкентай торайларға артқы емшекті еміздіреді. Емшек желіндерін марганцовка ерітіндісімен сүрту керек. Жаңа туған торайларды 4‒5 күннен бастап таза суды ішкізуге үйрете бастайды. Олар минералдық қоспаларға, әсіресе темірге мұқтаждық етеді, сондықтан торайлардың 3‒5 күндік жасынан бастап 0,5 күкіртті темір қышқылы ерітіндісімен мегежіннің желініне жағып еміздіреді.

Басқа минералдық азықтарды: бор, ағаш көмірі, қызыл балшық, ұсақ шлакты, сүйек ұнын асатуға салып береді.

Туғаннан кейін 5‒6 күннен бастап торайларды құнарландырылған азықтармен, 10‒14 - ші күннен бастап сүрлем азықтармен азықтандыруға үйрете бастайды.

Сапалы құнарландырылған азық ретінде сұлы, арпа, бұршақтарды (қуырып, пісіріп берген жөн) пайдаланады. Торайларға өнген сұлыны берген пайдалы. Туғанына 4‒5 күн болған торайлардың жақсы жетілуі мақсатында оларды серуендетуге шығарады:

Қыста – шошқа қорасындағы өтпелі жерге:

Жазда – қоршаған серуендету алаңына.

Қыс айлары кезеңінде аналық – шошқа қораларының ауа температурасы алғашқы 2‒3 күн сайын 2‒3 с-қа бірте-бірте төмендетіліп, ол анасынан айыру мерзімінде 20 С-қа дейін жеткізіледі. Анасының жанында торайлар 60 күн бойы күтіліп бағылады, содан кейін анасынан бөліп алып, торайларды станокта 4 айлық жасына дейін қалдырады. Әрі қарай оларды бордақылайтын қораларға ауыстырады, ал торайлаған жердегі станоктарды тазалап, жуып залалсыздандырады.

Қой гигиенасы. Қойларды ұстау жүйесі елді мекеннің климаттық жағдайына және жайылымдық алқаппен қамтамасыз етілуіне байланысты. Қой шаруашылығында – жайылымда бағу, жыл бойы қолда ұстап бағу жүйелері қолданылады.

Қойлар ыстықта нашар жайылады, сондықтан күн шығар алдынан бастап, сағат 10‒11-ге дейін, сағат 15‒16-ға дейін мал дем алады, қойлар тойынбаған кезде, оларды түнгі сағат 24‒1-ге дейін жаяды.

Күннің ыстық уақытында және кешкі жайылымнан соң күн шыққанға дейін қойлар қалқалы орындарда тынығады. Ауа райы ыстық кезде қойды желге қарсы, ал күннің суық мезгілінде желдің бағытымен жаяды.

Қойды тәулігіне 2 рет, ал суық кезде тәулігіне бір рет суарады.

Мал тоқтататын орындарда (тырло) әрқашан да кесек ас тұзы астауда тұруы тиіс. Міндетті түрде фосформен үстеме қоректендіру керек. Жайылым шөптердің пісіп қатаюы кезінде қойларды сүрлем, шөп сығындысы, шөп концентраттарымен үстеме азықтандырады. Қойға арналған жайылымда малдарға зиянды және жүндерін бүлдіретін өсімдіктер – селеу шөп, ошаған (тікенді шөп), жабысқақ қара бүлдірген, қалуен түйе тікен болмауы керек. Қойларды селеу бетегелі жайылымда маусым айының ортасына дейін жоюға болады, өйткені олардың масақтары және дәні әзірше пісіп жетілмейді. Бұл өсімдік биязы-жүнді қойларға ерекше қауіп туғызады. Сондай-ақ, кеш шабылған селеулі шөп және арпабас шөптер қауіпті болып табылады. Селеу шөп тұқымы, жапырақтары жүнге оралып, қой қимылдаған сайын теріні жарқаттап, ішкі ағзаларға еніп соның салдарынан мал өлім-жітімге ұшырауы мүмкін. Қой үшін құрғақ, шаңдақсыз, шөбі қалың, шөп түріне бай жайылымды таңдаған дұрыс. Қойдың буаздығы 150 тәулікке созылады. Қойларды буаз кезінде дұрыс азықтандырмау, олардан әлсіз төмен салмақты қозылар тууына негізгі себеп болады. Ұрғашы қойлар жүдеп, олардың жүнінің өсуі баяулайды және онда жіңішкелік байқалады.

Буаздылықтың бас кезінде эмбрион массасы біртіндеп көбейеді. Ал 30 күндік мезгілінде эмбрион 0,8 г, 90 күнде 20 гр, 120 күнде 290 гр, туғанда 4700 гр салмаққа жетеді.

Яғни, буаздылықтың ақырғы үштен бір айлығында іштегі төл салмағы дамиды. Буаздықтың 2-ші жартысында сүрлеммен азықтандыруды шектеп, ал 30‒40 тәулік қалғанда таза тоқтату керек.

Тәулігіне ас тұзын 15‒20 г берсе, ол кесек ас тұзы қажеттілігін 30 ға қанағаттандырады.

Қой қорада қыста қойды төлдетуге арналған қорасы болуы керек. Ол 600‒700 басқа, 400‒600 м есебінде болу керек. Төлдету қорасының температурасы 6‒8 с болуы керек. Қозылау тақалған кезде аналық қой маңырап, тынышсызданады, оны қозылы қой тұратын шарбаққа ауыстырады, шарбақ көлемі 1‒1,5 м. Мұнда қозылағаннан кейін қой қозысымен 2‒3 күн болады. Қозылау ұзақтылығы 30‒40 минут. Қозылағаннан соң, былғанған төсенішті және шуды алып тастайды. Ұрғашы қойдың ішкі сан, желін маңайындағы жүндерін қырқып, желінді жылы сумен жуады.

Жаңа туған қозыны анасына жалатуға береді. Егер де аналық қойдың желін жүндерін қырықпаса, туған қозы былғанған жүнді бірге еміп, одан ас қорытудың бұзылуына әкеп соғады.

Алғашқы уыз сауып тастайды. Қозылағаннан кейін бір сағттан соң аналық қойға бір литр жылы су береді, содан соң әрбір 2‒3 сағат сайын су беріп отырады.

Төл туғаннан соң әрбір 20‒30 минут аралығында қозыны азықтандырады. Қозыны 2‒3 тәулік бойы уыз сүтімен азықтандырады.

Қозылағаннан кейін 2‒3 күннен соң аналықты қозысымен күтіп – бағу үшін топтық шарбаққа ауыстырады - бұны қой қора ішіндегі бөлік деп атайды. Ұрғашы қой мен қозыны бірге ұстап бағып- күту тобын – сақман деп атайды. Сақманға жастары және дамуы біркелкі қозыларды жинайды. Егіз қозылары бар ұрғашыларды жеке жинап, бөлек сақман құрады. Оларды қой қора ішіндегі бөлікке ауыстырып, егіз қозылардың жамбасына өшірілмейтін бояумен бірдей нөмірлейді. Сақман саны қозылардың жасына байланысты.

Қозылардың жастары 1‒1,5 айға жеткенде сақманды біріктіріп, жеке отар қылады.

Құбыр, төсеніш гигиенасы және қиды сақтау. Малдарды ұстайтын орындарда қиды (несеп, нәжіс) қорадан дер кезінде шығару үшін құбыр пайдаланады. Нәжіс еденнен ағып кетуі үшін едендердің еңкіштігі 2‒3см, ұзындығы 1 м, сондықтан қи садыраларды жиналатын орындарға бойлай нәжіс ағар орлар жасалады және олар да еңкіштеу болуға тиіс. Сұйық тұндыратын орынға сұйық фракциясы түсіп, қорадан тысқары сұйық садыра жиналатын орынға жиналады.

Мал шаруашылық қораларындағы ауаға садыра жиналып, тұндырылатын жердің зиянды газдары таралмауы үшін ол жер тығыз жабылатын қақпақтармен жабылуы керек.

Нәжістер – нәжіс науаларынан транспортерлер көмегімен тазаланылады.

Саңылаулы едендерді пайдаланғанда едендердің астына нәжіс жолдарын орналастырады.

Несеп және нәжіс еден саңылауынан нәжіс жолына түсіп, онда жиналып біраз уақыттан соң қорадан шығарылады.

Малдарды қалың ауыстырылмайтын төсеніштерде ұстағанда (яғни ескі төсенішті алмай, жаңа төсеніштер салып отырады) құбырлық құрылымдар жасалынбайды.

Төсеніш және қиды сақтау. Әдетте төсеніш ретінде қыстық сабан, құрғақ ағаш үгіндісі, шымтезек қолданылады.

Құрғақ ағаш ұнтағының ылғал сыйғыштығы жоғары, бірақ тыңайтқыштық сапасы төмен болады.

Қиды сақтау үшін ферма маңындағы және далалық қи сақтағыштары қолданады. Далалық қи қоймаларын бөлім-бөлім етіп жобалайды және оларды тыңайтатын алқапқа жақын жерде орналастырады.

Ферма маңының қи сақтағыштары тереңдетілген, қи сақтағыш тереңдігі – сұйық қи үшін 5 м-ге дейін, не кем дегенде 12–20 м, тайқы жері және түбі – қатты материалдан болуы керек. Жер бетіндегі қи сақтағыштарды фермаға жақын (фермадан 60–100 м) орналастырады, тереңдігі 1,5–2 м, түбі су өтпейтіндей болуы тиіс.

Ферма территориясындағы алаңға қиды шығару кезінде малдардың қимен ластануы, жанасуы тоқталмайды. Жұқпалы ауру немесе инвазия алаңнан ферма территориясына қайта түсуі мүмкін. Сондықтан адам және жануарлардың денсаулығын қорғауды ойласақ, қиды залалсыздандырудың және қорғаудың ең көп таралған әдісі оны биотермиялық өңдеу болып табылады.

Заласыздандырудың бұл әдісінде қидағы жұқпалы аурулардың көптеген қоздырғыштары 30 күн ішінде өліп қалады.

Қиды штабельге салар алдында қи сақтағыштың түбіне бір қабат сабан, шымтезек немесе қалыңдығы 20 см сабанды қидан төсейді. Қиды штабельге биіктігі 2 м-ге дейін, ені 2,5 м, ұзындығын қалауынша етіп, бүйірлерінің еңіс бұрышын 70 болатындай шұрық-шұрық тесік қыла отырып салады.

Төсеніш материалы қосылмаған нәжістен тұратын қиды салу (төсеу) үрдісінде сабанмен, шымтезекпен ағаш үгіндісімен 4:1 есебімен араластырады. Құрғақ қиды қи садырасымен немесе сумен 1 куб метріне 50 л есеппен дымдайды. Қаланып салынған қиды бір ай ұстайды. Заласызданырылған қиды тыңайтқыш ретінде және басқа штабельдерді жабу, қалау үшін қолдануға болады.

Мал өлекселерін жинау және жою. Малдың өлекселерін, әсіресе жұқпалы аурудан өлген малдың өлекселерін жинау және жоюдың қоршаған ортаны қорғау үшін маңызы зор.

Өлген малдардың өлекселерін белгілі орынға тасымалдағанда олардан аққан сұйық топыраққа, жолға азыққа, суға ақпауын және өлексеге шыбындардың қонбауын қадағалау керек, өйткені шыбындар жұқпалы ауру таратушы болып саналады.

Өлексені арнайы жабдықталған арба, автомобильдермен тасымалдайды. Олардың қорабы жақсы жабылатын, сұйық өтпейтін, түсіруге, тазалауға, заласыздандыруға ыңғайлы жәшікпен жабдықталады. Мал өлекселерін арнайы салынған мал қорымына жеткізеді. Мал қорымы терең қазылған болып және оның айналасы биік қашамен қоршалып, тұрғылықты жерден, мал қоралары жайылымынан, өзен-сулардан 1км қашықтықта арнайы, құрғақ деңгейі көтеріңкі жер асты суының деңгейі төмен (3 м) жерден тағайындалады.

Мал қорымының қақпасы, оған бөгде адамдар немесе малдар кірмес үшін әрқашан да құлыпта болуы керек.

Мал өлексесіне ұзындығы мен тереңдігі 2 метр, ал ені 1 метр етіліп шұңқыр қазылады. Мал қорымын алып жатқан аймақ, басқа шаруашылық мақсатында ешқашан да пайдаланылмайды. Өлген малды жоюдың ең жақсы және берік тәсілі утил зауыттарында техникалық шикізатқа өңдеу болып табылады. Автоклавтағанда кез келген патогенді микроағзалдардың спора түзетін түрлері жойылады.

Мал өлексесінен жоюға арналған тағы бір әдіс – ол биотермилық шұңқыр. Биотермиялық шұңқырды салу үшін фермадан алыстау, аумағы 594 м жер тағайындалып, биіктігі 2 м қоршаумен қоршалады. Қоршаудың ішкі жағынан тереңдігі 10 м, диаметрі – 3м шұңқыр қазылады, оның қабырғалары кірпішпен өрулі немесе бетондалған болуы керек.

Тауарлық сүт фермасына қойылатын, ветеринарлық-санитарлық ережелер. Мал шаруашылық кешендеріндегі сүт фермасы территориясының санитарлық жағдайын жоғары деңгейде ұстау үшін оларды уақытында жөндеп, тазалығын күнделікті қадағалап отыру керек. Фермада айына бір рет санитарлық күн өткізіліп тұрады. Сол күні қабырға, астауларды, автосуарғыштарды, сонымен бірге қорадағы барлық терезелерді мұқият тазалау керек. Механикалық тазалаудан кейін қабырға, бөлме бөліктерін және бағаналарды жаңа сөндірілген әкпен залалсыздандандырады. Инфекцияны ферма территориясына кіргізбеу үшін санитарлық бөгеттер қойылады.

Мал дәрігерінің рұқсатынсыз басқа фермалардың малдарын ферма территориясына жіберуге болмайды. Көліктерді ферма территориясына тек қана залалсыздандыру арқылы өткізу керек.

Сүт сауу залының қабырғаларын жүйелі түрде тазалап, жаңа сөндірілген әкпен сылайды. Едендерін күнде жуып отырады. Залалсыздандыруды айына екі рет жүргізеді, оған гипохлорит кальций мен натрий қосылған 3-ды белсенді хлорды қолданады, 1 м жерге 0,5 л экспозициясы – 1 сағат. Сүт фермасындағы барлық территория, өндірістік және қосалқы қораларға алдын алуды залалсыздандыруды, шыбын мен кеміргіштерге қарсы күрес шараларын сәйкес нұсқауларға сүйене отырып жүргізеді.

Сиырлардың тері жамылғысын тазалау мен олардың артқы аяқтарының былғануын сауыншы өзі тазалайды.

Сүт блоктары пастеризациялық-суытатын жабдықтармен қамтамасыз етілуі керек.

Сүт ыдыстарына арнайы жабдықталған бөлме бөлінуі керек, оның ішінде ыстық су мен бу болуға тиісті, сонымен бірге, сүт жабдықтары мен ыдыстарды өңдеу үшін жуғыш және залалсыздандыратын заттары болуы керек.

Сауу қондырғыларын санитарлық ережелеріне сәйкес күту бойынша сауу аппараттарын, сүт жинағыш, сүт өткізетін жабдықтары әрбір сүт сауып болғаннан кейін суық сумен сонан кейін ыстық сумен жуып, залалсыздандырады.

Санитарлық және ветеринарлық ережелердің талаптарына сай фермаларында сүтті өңдеу, сақтау және тасымалдағанда оларға ерекше көңіл аудару керек.

Сүт фермаларында сүтті арнайы сүзгімен сүзіп өткізеді. Сүзгі ретінде фланельді, вадельді, немесе лавсанды маталарды, егер де олар жоқ болса, онда дәкені 4–6 қабат етіп пайдаланады. Сауын сүттің барлығын сүзгіден соң, санитарлық өңдеуге салады (жуу, қайнату, кептіру). Сүтті орталықтандырылған тасу кезінде сүтті суытып және фермада 12–14 сағат уақытша сақтап, кейін әкетеді.

Жоғары сапалы сүтті өндіру гигиенасы. Малдарды аурудан сақтау, алдын ала емдеу жұмыстары ірі шаруашылықтарда уақытында жүргізілуі қажет. Себебі жұқпалы аурулар шыға қалса, ол барлық малға тез тарайды. Сондықтан сүт кешендерінде және ірі фермалардағы арнайы карантин бөлмелерін, әсіресе ол басқа облыстардан, аудандардан және басқа шаруашылықтардан әкелінген мал үшін қажет. Ал, аяқ киімді және автотранспорттардың дөңгелегін өндірістік алаңдарға кіріп-шығарғанда дезбарьер қояды. Сүт кешендерінде профилактикалық жұмыстарды мұқият жүргізеді. Оған тазалау, дезинфекциялау және қораларды ремонттан өткізу жұмыстары жатады. Осы шаруашылықтарда арнайы бөлме бөлініп, онда ауру малдарды емдейді. Жұмыс бөлмелерінде жуынатын және жұмыс киімдері мен аяқ киім қоятын шкафтар болады. Жұмыс құралын сақтайтын және оларды жуатын бөлмелер де бар. Әрбір мал қорасында суық және ыстық су болуы қажет. Әрбір кешендер мен фермаларда УДС және УВП қондырғыларын дезинфекциядан өткізетін арнайы транспорттар және ауру, өлген малдарды таситын арбалар, контейнерлер, мал өлімін уақытша сақтайтын жерлер, сонымен қатар малдарды егу және қанын зерттеуге алатын ветеринариялық станоктар болады, ол станоктарда малдардың тұяғын тазалау және емдеу жұмыстарын жүргізеді. Сауу қондырғыларында сиырларды сауар алдындағы станоктар арқылы бақылаудан және сиыр желінін тазалаудан өткізеді.

Сүт кешендері мен ірі фермаларда мастит ауруымен ауырған сирлардың сүтін пастеризациядан өткізетін температурасы өте жоғары аппараттар бар.

Малдардың қиларын жер асты трубалар арқылы механизация күшімен тазалап тұрады, оларды санитарлық-бактериологиялық және гельминтологиялық бақылаудан өткізеді. Егерде мал қиында инфекция болмаса, оны толығымен пайдалануға болады. Әрбір фермада сұйық қиды тазалайтын қондырғы болады. Қиды тазалайтын түрі 7-8 айға дейін жеке изолятор қорында сақтау.

Сүт кешендері мен ірі фермаларда туберкулез және бруцеллез ауруларынан үш жыл бойы сау, ал лейкоз, вибриоз және трихомоноз ауруларынан 1-2 жыл сау малдармен толықтырады.

Сүт кешендерінде өз төлімен толықтыратын болса, алдын ала диагностикалық және диспансерлік зерттеулер жүргізеді. Сүт кешенінемалдарды кіргізер алдында, оларды топ-тобымен карантин бөлмесінде ұстайды да санитарлық-гигиеналық және профилактикалық зерттеуден өткізеді.

Малды жайылымда бағудың гигиенасы. Жайылымда бағудың нәтижесі жайылымды өнімді, әрі ұтымды пайдалануға және ветериналық-санитарлық ережелерді сақтауға байланысты. Мүйізді ірі қара мал үшін шөбі биік, астық және бұршақ тұқымдас шөптер басым жайылымдар бөлінгені дұрыс. Малдарды көп жылдық екпе, суармалы жайылымдар мен сай-салалы, далалық және таулы, аз орманды, тоғайлы жайылымдарда баққан өте тиімді. Құндылығы аз қышқыл астық тұқымдастар, қияқ, шабындық және қырықбуын, ірі сабақты өсімдіктері мол батпақтанған және батпақты өрістерде бағу орынсыз. Бұл өсімдіктер микроэлементке кедей, сондықтан да малдарда остеодистрофия, акобальтоз және, т.б аурулардың дамуына мүмкіндік туғызады. Орман жайылымы, ондағы қоректілігі төмен өсімдіктер, қалың бұта немесе шөпшек-шырындар сауын малына жарамсыз. Сонымен қатар, сазды орман жайылымында мал сона, шыбын-шіркейден қатты зәбір көреді.

Қой мен ешкі үшін құрғақ, шаңдақсыз, шөбі қалың, шөп түріне бай жайылым болған дұрыс. Орман жайылымынан үлкен және жарық жақсы түсетін алаңдар ғана жарамды. Қой мен ешкі тау жайылымы мен далалық жайылымда жақсы жайылады. Қой үшін сыз, батпақты, өзгермейтін жайылым жарамайды. Себебі мұндай жайылым қойдың тұяқтарының жаралануына және гельминтоздармен залалдануына, әсіресе фасциолез, диктиокаулез сияқты аурулармен ауыруына себепкер болады. Жүнді ластайтын ірі тікенді өсімдіктері көп жайылымда да қойларды жаймаған жөн. Сондай-ақ, қойды селеулі жайылымға, осы өсімдіктер масақтанған және дәні піскен кезде (маусым айының ортасынан бастап) жаюға болмайды. Өйткені піскен дән жүн арасына енсе, тек жүнді ғана бүлдіріп қоймайды, сонымен бірге теріні жарақаттайды, тері асты жасунық, ішкі ағзаларға еніп, соның салдарынан мал шығынға да ұшырайды.

Шошқаға табиғи жайылымнан ең қолайлысы – жер бедері төмен, ылғалды, әсіресе күн сәулесінен қорғайтын және көлеңке беретін ағашты өсімдіктер. Бірақ та жоңышқа, беде, жер алмұрты және т.б жас өсімдіктер егілген жасанды жайылымдар да шошқаларға жақсы болып есептеледі.

Ондай жайылымдар емізетін мегежіндерге, торайларға жақсы. Жылқыға құрғақ тығыз топырақты, биіктеу шөптері өте биік емес отты жайылым жақсы болып есептеледі. Ылғалды, ойпаң, батпақты жайылымдар жылқының тұяғының өсуіне, сирақтарына теріс әсер етеді.

Жайылымды пайдалану жүйесі. Жайылымда ұстаған кезде екі жүйені пайдаланады.

1) Айдау (тұрақты);

2) Лагерлік (жайылымда жайлау).

Бірінші жағдай өте аз пайдаланылады, өйткені жайылым мал шаруашылық фермаларынан 1-1,5 км қашықтықта болады.

Жайылым жүйесінің кемшіліктері:

1) Алыс жайылымдарды пайдалана алиайды;

2) Мал шаруашылық қораларын қысқа дайындауға қиындығын тигізеді, өйткені малдар күнделікті жайлаудан қысқы қораларына түнеуге оралып отырады. Ал, екінші – лагерлік жүйеде малдар жаз бойы немесе ұзақ уақыт бойы жайылымда болады. Осылай ұстау ауыл шаруашылық барлық мал түріне қолайлы және гигиеналық жағынан өте маңызды.

1) Малдар барлық уақытта таза ауада және айдау, көшіру кезінде көп күш жұмсалады;

2) Қыстаудағы қоралар осы уақыт аралығында тазартылып, залалсыздандырады, кем-кетіктері жөнделіп, кептіріледі.

Мал тоқтайтын жер мен лагерге құрғақ, дөңес оңтүстікте еңістеу, басым жел өтінен қорғайтын жерлер беріледі, оларды жайылым бөлімдерінің ортасына, табиғи су қоймаларының жанына және жалпы пайдаланып өтетін жолдардан батпақты, сайлы және, т.б. 200–300 метірден ден кем емес жерге орналастырады.

Лагерді, тоқтайтын жерлерді мүмкіндігі болса, жыл сайын жаңа жерде салған дұрыс, ал лагерлер және тапталған кезде немесе жұқпалы ауру пайда болғанда, оларды жайылым кезеңінде басқа жерге ауыстыруы керек.

Малдарды лагерлік жағдайда жаюдың өзі екіге бөлінеді.

1) лагерлік және тұрақты лагерлік;

2) лагерлік жаю мал мұқтаждығын ұстап азықтармен қамтамасыз етуінде.

Малды тұрақты лагерлік жағдайда ұстап азықтандырғанда қолданылатын балауса көк шөп конвейері олардың өнімділігін арттырады.

Жайылымды тиімді пайдалану. Жайылымды екі тәсілмен пайдаланады:

1) Еркін жаю (жүйесіз);

2) Қоршауда (қоршалық жүйе).

Малды еркімен жүйесіз жаю шаруашылық және санитарлық-гигиеналық тұрғыдан қарағанда өте қолайсыз. Малды еркін жайғанда малдың өте жоғары сүт өнімімен және массалық өнімін алу мүмкін емес. Мал ең бағалы азық пен шөпті жейді де, оны өсірмейді және дамытпайды. Ал аз арам шөп желінбейді. Сондықтан тез көбейіп, бағалы шөптерді ығыстырады, осыдан барып жайылым жарамсыз болып шығады. Шөптің көп бөлігі малды өз еркімен жайғанда тапталады және жарамсыз болып қалады. Осылай жаю малдар арасында инфекциялық және инвазиялық аурудың қоздырғыштарының көбеюіне жағдай жасайды. Жайылымды өте жақсы пайдалану үшін және кейбір аурулармен күресу үшін қоршаулық жүйемен жаю ұсынылады. Мұнда барлық бекітілген мал бөліктері, табындар және отарлар үшін жайылым бөліктерін өте ұсақ қоршау немесе шарбақтарға бөлу үшін, шөбін арнайы кезекпен жегізеді. Қоршаулық жүйе мен еркін жаюдың ерекшелігі жайылым шөбінің жоғары өнімділігін қамтамасыз етуге ықпал жасайды, жайылым көлемін қысқартып, малдардың өнімділігін күрт көбейтеді. Малдар көк шөпте тез оңала алады және әр гектар жайылымда өте көп азық береді. Қоршаудың саны жайылымның құрамына және отарға байланысты ең кем дегенде 8–10 болуы керек.

Қоршаулар мал бір-біріне кедергі келтірмей 5–6 күн жем жейтіндей етіп қарастырылады. Қоршаулардың шекарасын қорғайды. Жайылымды орташа 10–12 қоршауға әрқайсысы аумағы 3-тен 5–8-ге дейін жедір алатын. Қоршаудың аумағын анықтағанда оның саны, мал әр кезде 3–5 күннен артық болмауы қарастырылады. Мал жолы қоршауларына әр түрлі қоршағыштар қолданылады: қарапайым, түпкілікті, тұрғылықты электрлік және жылжымалы электрлік. Қоршаулық жайылым инвазиялық мал ауруларымен жақсы күресуге мүмкіншілік береді. Қоршаулы жерде жайылым мерзімін 5–6 күнмен шектейді, өйткені осы мерзімде гельминттер балаңқұрттарының жұқтыру қабілеті әлі жетілмеген. Электрлік бау шығыны тек қана сиыр мен шошқа үшін пайдаланылады.

Ауа райы ыстық кезде малды желге қарсы, ал күннің суық мезгілінде – желдің бағытымен жайған дұрыс. Шөбі қалың жерде мал жылдам тойып қалады да, біртіндеп жата бастайды немесе бос жайылмай жүріп алады. Мұндай кездерде малды 40–60 минутқа басқа оты аздау жайылымға апарып, дем алдырған жөн. Жайылымда жаю кезеңі 150–270 күнге дейін созылады.

Мал жаю күнінің ұйымдастырылуы мал

жаюға үлкен пайдасын тигізеді. Малды күннің қолайлы кезеңіңде ғана бағып, ал ауа райы нашарлай бастаған кезде тынықтыру керек.