1.1 Психологияға кіріспе
Психология – жалпы алғанда психиканың және ерекшелеп айтқанда адамның нақты тарихи және адам ретіндегі сананың пайда болуы, дамуы және көрініс беруі заңдылықтары туралы ғылым. Психология ғылым ретінде психиканың әр түрлі кұбылыстарын зерттеу және түсіндірумен ғана емес, сондай-ақ олардың мәнін қорыта талдап-ашып көрсету, яғни солар арқылы психологиялық құбылыстар мен процестердің себептерін, олардың болашақта көрініс беретіндігін болжауға болатын белгілі бір зандылықтарын ашып, анықтаумен шұғылданады.
Психология ғылымының зерттеу пәні – психика. Психика туралы түсінік. Психика – материя қасиеті, мидың қызметі болуы мен психика дамуының алғы шарты, бейнелеудің ерекше формасы. Психиканың қызметі, біріншіден, қоршаған дүние заттары мен құбылыстарының қасиеттерін, байланыстарын бейнелеу, екіншіден, осы негізде адам қылығы мен қызмет әрекетін реттестіру. Психика деп әркім өз тәжірбиесінен жақсы білетін; сезім, елестету, ой талап, сол сияқты адамның қызығуы мен қабілеттерін, темпераментін, және мінез-құлықтарын айтады. Психология пәніне субъектінің табиғатпен, әлеуметтік мәдени әлеммен заңды байланысы, сезім және ақыл-ой жүйесінде бекітілген мотивтері, яғни әрекетке итермелейтін, сонымен қатар, іс-әрекеттің өзі және адамның өзіне қатынасы, басқа адамдармен қарым-қатынасы, жеке адам немесе тұлғаның ерекшеліктер жүйесі жатады.
Психологияның негізгі ұғымдарын түсіну 3 категорияны біріктіреді: психикалық процестер, психологиялық қалыптар, психологиялық қасиеттер немесе жеке адам ерекшеліктері.
Психологиялық процестерге әрқашан танымдық процестері жатады: түйсіну, қабылдау (сезімдердің пайда болуы, олардың динамикасы қажеттіліктердің қанағаттануына тәуелді).
Психологиялық қалыптарға сезімдерді сезіну (көңіл-күй, аффектілер), зейін (жинақталған, шашыраңқы), ерік (сенімділік, сенімсіздік) жатады. Психологиялық қасиеттерге немесе жеке адамның ерекшеліктеріне ми санасы, ойы, ерік тұрақтылығының ерекшеліктері, мінезі, темпераменті, қабілеттілігі, сезім қасиеттері (қызбалылық, синтементалдылық немесе аяушылық) жатады.
Психологияның жалпы ғылыми білімдер жүйесіндегі қызметі – зерттеу объекті адам, оның психикалық процестері, қалыптары және қасиеттері, болғандықтан дүниедегі барлық ғылымдар жүйелерінің зерттеу объектісі адам. Сондықтан, психология ғылымдар жүйесінде ең маңызды және ортаңғы орын алады. Психология физиологиясымен, тарих, экономика этнография, әлеуметтану, өнертану, педагогика, заң және т.б. зерттеулеріндегі проблемалар әрдайым психологиямен тікелей байланысты. Психологияның басты салалары: жас ерекшелік және педагогикалық психология, әлеуметтік психология.
Психология ғылымының даму тарихы бірнеше этаптарға бөлінеді:
- психология жан туралы ғылым;
- психология сана туралы ғылым;
- психология жүріс-тұрыс туралы ғылым;
- психология психика туралы ғылым.
Психология ғылымының негізгі даму бағыттары:
Шетелдердегі психологиялық ағымдар (мектептер): бихевиоризм, гештальтпасихология, фрейдизм немесе психоанализ, генетикалық психология, гуманисттік психология. Қазақстандағы психологиялық ой-пікірлердің дамуы. Әбу Насыр Әл Фараби, А. Құнанбаев, Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, С. Торайғыровтың ойлары.
Алғашқы қауымдық қоғамның өзінде психика жөнінде көзқарастар болған. Ерте замандардан бастап адам баласының назары, ақыл-ойы өзінің маңындағы дүниенің сырын танып білуге, өз денесінің құпия сырларын ашып білуге ұмтылған. Б.д.д. бірнеше мыңдаған жылдар бұрын заттың материалдық құбылыстарды (заттар, табиғат, адам) және заттық емес құбылыстарды (бейнелер, ойлар, адам және еске түсіру, қайғыру және т.с.с.) анықтап, мойындап, олардың тәуелсіз қоршаған ортадан бөлек екендігін айтқан.
Ерте заман ойшылдары «Жан деген не?», оның қасиеттері және функциялары қандай, жан мен тән арақатынасы деген сұрақтарға жауап іздейді.
Ерте заманның философы Демокрит (б.д.д. 5,6 ғғ.) психиканы, яғни жанды оттың атомдарындай қозғалмалы қасиет деп санады, сонымен қатар, психиканың адам тәнінің қызметі деген бір материалистік түсінікті тудырды. Тәннің өлуімен жан да өледі деген. Сол заманның тағы бір өкілі ғұлама ойшыл Платон (б.д.д. 427-347 жж.) жан мәңгілік нәрсе, ол өлмейді деген, ол психикалық түсіндіруде иделистік бағытты ұстанған. Ең бірінші, жан туралы жазған Аристотель (б.д.д. 384-422 жж.) «Трактоз о дүние» бұл еңбек бірінші психологиялық әдебиет болып саналады. Шығыстың ұлы ойшылы әбу-Нәсыр әл-Фараби (870-950 жж.) дүние материядан құралады, ол жойылмайды, бір түрден екінші түрге көшіп, өзгере береді. Жан денеден бұрын өмір сүрмейді, 1 денеден 2 денеге барып, орналаса алмайды деп материалистік тұрғыдан қарастырды.
Психологиялық ғылыми білімдердің тарихы екі кезеңге бөлінеді:
1-ші кезең – шамамен 2500 жылға созылған, көшбасы Аристотельден басталатын жан дүниесі жайлы түрлі ой пікірлердің ілкі тарихы. Осы кезең ішінде психология басқа ғылымдармен, әсіресі, философиямен қосақтаса дамып келеді.
2-ші кезеңнің тарихи 1879 жылдан басталады. Осы жылы неміс ғалымы В. Вундт (1832-1920). Лейпцигте тұңғыш лаборатория ұйымдастырып, мұның дербес эксперименттік ғылым болуына себепкер болады.
Психологияның зерттеу әдістері.
Психологияда адамның психикалық ерекшеліктерін зерттейтін бірнеше әдістер бар. Олардың бір тобы негізгі әдіс (байқау және эксперимент), екінші тобы қосалқы әдіс (тест, саулнама, сұрақнама, сұхбат және т.б.) деп аталынады.
Әдіс – түсінудің жолы, тәсілі. Әдістер арқылы біз ғылымның мәнін табамыз, түсінеміз. Психологиялық зерттеулердің әдістері мына талаптарға сай болуы қажет; ғылыми әдістер ең бірінші объективті болуы қажет. Әдістер жарамды (валидность) және сенімді (надежность) болуы керек. Жарамдылығы – зерттелетін құбылыстарды анықтауға және бағалауға деген жарамдылығының сапасы жоғары болуы керек. Сенімділігі – осы әдісті көп рет қолдану барысында алынған нәтиженің қайталанып келуі:
Психологиялық зерттеуді ұйымдастыруға қойылатын талаптар:
- зерттеуді жоспарлау, яғни әдістерді, әдістемелерді жинау және мақұлдау. Жоспарлау сонымен қатар, логикалық және хронологиялық зерттеу схемалары,
контингентті таңдау, зерттелушілер саны, мұнда математикалық талдау мен барлық зерттеудің мазмұны жоспарланады;
- зерттеуді өткізетін орынға сыртқы тітіркендіргіштердің әсері болмауы қажет (кем дегенде бұл әсерлер ескерілсін), сонымен бірге санитарлық-гигиеналық және инженерлік-психологиялық талаптарға сай болуы қажет, яғни жақсы жұмысқа қолайлы, ыңғайлы жағдайлар болу керек.
1.2 Мен және менің мотивациям
Мотивация (ағылшын тілінде – motіvation) – қолданылу ыңғайына қарай қазақша «ниет», «түрткі», «кірісу», «жігерлену», «ынталану» сөздерінің мағынасына жақын келетін, қазіргі заман мәдениеті мен гуманитарлық ғылымдарында кең қолданылатын ұғым. Бұл ұғымды алғаш рет немістің иррационалды волюнтаризм философы А. Шопенгауэр өзінің философиялық шығармасында жеткілікті төрт негіздің бірі ретінде қарастырған. Moveo латынша сөз болып, «қозғалу, әрекет ету» мағынасын береді, демек motіvation сөзбе сөз мағынада «қозғалту, әрекетке келтіру» мағынасын береді. Бірақ, қазіргі заман мәдениетінде ол тіке мағынасында емес, көбіне көп ауыспалы, жетілдірілген, түрлендірілген мағынада қолданылады.
Мотивация және мотив, әсіресе оқуға мотивация мәселесі әрбір адамды, соның ішінде психологтар мен педагогтарды толғандыратын өзекті мәселелердің бірі. Әдетте негізгі іс-әрекет түрлеріне ойын, оқу және еңбекті жатқызады. Кез-келген оқу-тәрбие үрдісін нәтижелі ұйымдастыруға тырысатын психолог не педагог ең алдымен оқушылардың оған деген мотивациясын, яғни қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі әдіс-тәсілдер қолдануға тырысады, оның негізін, түп-тамырын іздеуге талпынады. Адамның белгілі бір іс-әрекетті орындаудағы ерекшеліктері мен оның өзіндік қасиеттері өзара біртұтас құрылымды құрайды және бұл құрылым иерархиялық түрде көрінеді, яғни адамның барлық қасиеттері айналасына жинақталатын орталығы болады. Л. И. Божовичтің, пікірінше мұндай орталық адамның мотивациялық-қажеттілік сферасы болып саналады.
Аристотель, Гераклит, Демокрит, Лукреций, Платон, Сократ секілді ежелгі философтардың еңбектерінде адам іс-әрекетінің мотивациясы туралы көптеген ой-пікірлер, теориялар пайда болды. Олардың пікірінше, іс-әрекетке итермелейтін негізгі күш «қажеттілік» болып саналады. Гераклиттің пікірінше, қажеттіліктер өмір шарттары жағдайларымен анықталады, қажеттіліктерді қанағаттандыруда белгілі шектеуді сақтау адамның дамуы мен интеллектуалдық қабілетінің жетілуіне жағдай жасайды. Сократ өз қажеттіліктерін, мінез-құлқын, тілектерін еркіне бағындыра алмайтын адам басқа адамдарға тәуелділіктен арыла алмайды, өз тәнінің құлқы болып қалады деп есептейді. Сократттың айтуы бойынша, адам өз қажеттіліктерін тек шын мәнінде өзекті мәселеге айналдырғанда ғана қанағаттандыруы тиіс. Платон адам өз қажеттіліктерін саналы басқаруды талап етсе, Лукрецияның пікірінше, еріктің көзі қажеттіліктерден туындайтын тілектер. Демокрит қажеттілікті негізгі қозғаушы күш және қажеттілік эмоционалды қайғыруларға, адамның ойлауға, сөйлеуге, еңбекке дағдылануына әсерін тигізеді деп түсіндірді. Яғни, Демокриттің пікірінше, егер адамда қажеттілік болмаса, ол сол жабайы күйінде қалып дамымайды.
Мотивацияның қазіргі теорияларының көздерін алғашқы психологиялық білімдер туындаған ошақтардан іздеген дұрыс. Бұл мәселені зерттеу кезінде адам мотивациясының пайда болуы мен мәніне көзқарас үнемі өзгеріп, философиядағы рационализм мен иррационализм ағымдарының арасында орналасты. Рационалистік
көзқарас бойынша адам жануарға еш ұқсастығы жоқ ерекше тіршілік иесі. Ол, әсіресе 19 ғасырдың ортасына дейінгі ежелгі философтардың еңбектерінде айқын көрінеді.Олардың пікірлерінше, тек адам ғана санаға, ақылға, ерік-жігерге ие. Адам мотивациясының ошағы болып оның санасы және ерік-жігер, ақыл-ойы саналады.
Иррационализм ілім ретінде негізінен жануарларға бағытталады. Онда, жануарлардың мінез-құлқы адамдармен салыстырғанда санасыз, биологиялық күштердің, ағза қажеттіліктерінің ықпалымен басқарылады деп түсіндіріледі .
Адам іс-әрекетінің мотивациясы жөніндегі алғашқы психологиялық теория 17-18 ғасырларда пайда болған адам мінез-құлқын рационалистік негізде түсіндіретін, жануарлар мінез-құлқын иррационалистік негізде түсіндіретін автоматтылық теориясы.
17-18 ғасырларда механика жетістіктерінің нәтижесінде кең өріс алып дамыған автоматтылық теориясы, кейін тірі ағзаның түрлі әсерлерге беретін механикалық, автоматтылық ретіндегі жауабы рефлекс идеясымен байланыстырылды. Бірі адамдар, екіншісі жануарлар үшін, бөлек екі мотивациялық теория философияны екі қарама-қарсы ағымға, идеализм мен материализмге бөлу 19 ғасырдың соңына дейін жалғасты.
19 ғасырдың екінші жартысында Ч. Дарвиннің биологиядағы эволюция теориясының орны ерекше. Ч. Дарвин өз ілімін көптеген ғасырлар бойы анатомиялық, физиологиялық және психологиялық жағынан мүлде ерекше бөлек болып саналып келген адамдар арасындағы шыңырау үстіне көпір салғандай болды. Ол, бұл тіршілік иелерін өзара мінез-құлықтық және мотивациялық жақындастыруда, әсіресе, эмоционалды экспрессивті көріністері, қажеттіліктері мен инстинктілері тәрізді ортақ мінез-құлық формалары бар деп түсіндіреді. 19 ғасырдың соңы 20 ғасырдың басында З. Фрейд пен У. Макдауголл иррационалистік, адам мінез-құлқына мәні жағынан биологизаторлық көзқарас ұстанған инстинкт теориясын ұсынды.
Биологиялық қажеттіліктер, жеткіліктер мен ұмтылыстар теориясынан басқа 20 ғасырдың басында Ч. Дарвиннің эволюциялық теориясы мен И. П. Павловтың жаңалықтарынан тағы екі ағым пайда болды. Олар мотивацияның мінез-құлықтық теориясы және жоғары жүйке іс-әрекетінің теориясы мотивациялық мінез-құлықты түсіндіретін Д. Уотсонның идеяларының логикалық жалғасы сияқты болды. Х. Холл мен Б. Скиннер де Д. Уотсон мен Э. Толманнан басқа бұл бағыттың көрнекті өкілдері болып саналады.
20 ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап тек адамға қатысты мотивацияның арнайы тұжырымдамалары пайда бола бастады. Мұндай тұжырымдамалардың алғашқысын К. Левин ұсынды. Содан кейін, А. Маслоу, К. Роджерс сияқты гуманистік психология өкілдерінің еңбектерінде көріне бастады. А. Н. Леонтьев тұжырымдамасы бойынша, адамның мотивациялық сферасы оның басқа да психологиялық ерекшеліктері сияқты практикалық іс-әрекетте өзінің көздері, бастаулары болады. Іс-әрекеттің өзінде мотивациялық сфера элементтеріне сәйкес, олармен функционалды және генетикалық байланысты құрамаларды байқауға болады.
Жалпы мұқтаждық қажеттілікті тудыратындығы барлығымызға мәлім. Адамдар қандай да бір физиологиялық немесе психологиялық жетіспеушілікке тап болғанда, қажеттілікті сезінеді. Демокриттің пікірінше, қажеттілік бірінші және екінші болып жіктеледі. Бірінші қажеттілік өз табиғатында физиологиялық болып саналады. Бұған мысал ретінде тамаққа, суға, ауа жұтуға, ұйықтауға, жыныстық қарым-қатынас жасауға және т.б. қажеттіліктер жатады. Екінші қажеттіліктің табиғаты психологиялық. Мәселен, табысқа жетуге, өзін құрметтеуіне, билік етуге, бір нәрсені
қажетсінуге құштарлық. Бірінші қажеттілік генетикалық негізде, ал екіншісі өмір тәжірибесі арқылы қаланады. Адамдарда тәжірибенің жинақталуы алуан түрлі болатындықтан, екінші қажеттіліктің біріншіден едәуір айырмашылығы болады.
Қажеттілік іс-әрекет жасауға себепші болады. Адам қажеттілікті сезіне бастағанда, онда талаптану күйі сезіледі. Талаптану – бұл бір нәрсенің жетіспеушілігін сезіну, белгілі бір мақсат көздеу. Бұл мінез–құлықтағы қажеттілік көрінісі, әрі мақсатқа жету ниеті болып саналады. Осы тұрғыдан қарастырғанда мақсат – бұл қажеттілікті қанағаттандырудың өзіндік әрекеті. Адам өз мақсатына жеткен кезде, оның қажеттілігіне қанағаттанады, не қанағаттанбайтын болады.
Мотивация үшін таңдаулы деген бір ғана әдіс болмайды, адамдардың біреуіне мотивацияның бір түрі тиімді болғанмен, екіншісіне түкке жарамауы мүмкін. Сонымен қоса ұйымның өзі де жеке бір адамға бейімделген мотивация теориясы іс жүзіне асыруды күрделендіре түседі. Жұмыстың өзара тәуелділігі, жекелеген адамдардың жұмыс нәтижесі туралы мәліметтердің жеткіліксіздігі, технологияның жетілдірілуінен қызмет міндеттерінің жиі өзгеруі – осының барлығы мотивацияны күрделендіре түседі.
П. Гольбах қажеттіліктер біздің еркіміздің, ақыл-ой белсенділігіміздің қозғаушы факторы деп санап, сананың спонтанды белсенділігін, танымдық, эмоционалдық және еріктік әрекетті мойындады.
Адам мінез-құлқын түсіндіруде Н. Г. Чернышевский де қажеттіліктердің ролін мойындады. Ол ағзалық қажеттіліктерді өтеу адамгершілік-эстетикалық қажеттіліктің пайда болуына алып келеді деп санайды.
Р. Вудвортс адамның психикалық белсенділігінде қажеттіліктердің орнын мойындай отырып, соның арқасында ағза бір стимулға сезімтал болып, басқаларын байқамауы мүмкін, сол себептен ол тек қозғалыс реакциясының сипатын анықтап қана қоймай, қоршаған дүниені қабылдауға әсерін тигізеді деп санайды. Бұл жерде Р. Вудвортс пен А. А. Ухтомскийдің көзқарастары сәйкес келіп, қажеттілікті қозудың доминанты ретінде қарастырады.
20 ғасырдың 20 жылдары батыс психологиясында тек адамға қатысты мотивация теориялары пайда болды. Мұнда ағзалықтан басқа оқыту және теория нәтижесінде пайда болатын психогенді қажеттіліктер бөліп көрсетіледі. Оған жетістікке жету, тәуелсіздікке жету, афиллиация, агрессия, сыйластық және қорғаныс, басымдылық және көңіл аударту, зиянды әсерлер мен сәтсіздіктерден қашу т.б.қажеттіліктер жатқызылады. Сонымен қатар А. Маслоу да адам қажеттіліктерін жіктеуді ұсынды. А. Маслоу адамдардың бұрын тәжірибесі бар, әрі білімді деп қана қарамай, оларды өзін-өзі меңгеретін, өз өмірін қалыптастыра алатын жандар ретінде қарастырады. Ол адамдарда иерархиялық жүйеден тұратын көптеген қажеттілік болатындығын мойындады. А. Маслоу бұл қажеттіліктерді 5 категорияға бөледі:
- физиологиялық қажеттілік адамға өмір сүруі үшін қажет. Оған су, баспана, тамақ, демалу және жыныстық қатынас қажеттіліктері жатады;
- қорғану, қауіпсіздік және болашаққа сенімділік қажеттіліктеріне қоршаған орта жағынан болатын физикалық және психологиялық қауіп – қатерден қорғану қажеттілігі, болашақта физиологиялық қажеттіліктің қанағаттандырылуы жатады;
- әлеуметтік қажеттілік – бұл біреулерге немесе бір нәрсеге қатыстылық сезімі, әлеуметтік қарым-қатынас, құштарлық және сүйемелдеушілік сезімі, өзіңді біреулердің құрметтеу сезімі;
- құрметтеу қажеттілігіне жеке басының жетістіктері, біліктілігі, өзін-өзі құрметтеу, басқа біреудің өзін мақұлдауы, құрметтеуі жатады;
- өзін-өзі өзектендіру және көрсету қажеттілігі – адамның өзінің потенциалды, жеке басының өсіп-жетілуін жүзеге асыру қажеттілігі және мүмкіндігі. Өзін-өзі өзектендірудің көптеген міндеттері тұлғаішілік болып келуі мүмкін. Оларға: дамудың потенциялдық мүмкіндіктерін ашып көрсету, өмірлік позицияны қалыптастыру, жоспарлау, өзін ашып көрсету жатқызылады.
1.3 Эмоция және эмоционалды интеллект
Эмоция – адам мен жануарлардың сыртқы және ішкі тітіркендіргіштер әсеріне реакциясы; қоршаған ортамен қарым-қатынас негізінде пайда болатын көңіл-күй.
Эмоция деп айналадағы заттар мен құбылыстарға жағымды жағымсыз қатынастың сәулеленуін айтамыз. Эмоциялар шындықтың жүйкеде сәулеленуін айрықша бір түрі. Сыртқы дүниенің әсері адамның миында тек қана сәулеленіп қоймай, оған толғанып тебіреніп, өзінің қатысын білдіреді. Бұдан адамға жағымды не жағымсыз сезімдер туып отырады. Эмоция адамның сыртқы келбеті, бет әжімі қимылдары, дауысы арқылы айқын көрінеді. Эмоция үшін адам организімнің ішкі мүшелері әрекетінің әсері зор. Мысалы, қанның жүруі тамырлардың жүрекке ерекше соғуы, бездер әрекетіне Физиологиялық әрекеттерге эмоция үлкен әсер етеді.
Эмоциялық интеллект – адамның ішкі жай-күйінде, айналадағыларға деген эмпатиялық қатынаста, идентификацияда, эмоционалды күйлермен мінез-құлықты бақылау және рефлексиялауда, эмоциялық ақпаратты айналадағы адамдармен қарым-қатынаста қолдануда көрінеді.
Эмоциялық интеллект түсінігі. Эмоциялық интеллект түсінігіне қоршаған ортадағы адамдардың эмоциясын түсіну және олардың эмоциялық күйіне икемделу арқылы тұлғаның тиімді қарым-қатынас құра білу қабілеттері жатады. Өзін-өзі ұстай білу және өзара әрекеттесудің сауатты үлгісін құру адамдармен тікелей қатынасуға байланысты қызмет салаларында аса маңызды болып жатады. Тұлғаның кәсіби жетістіктері, сөзсіз, оның білімімен, қабілеттерімен, дағдыларымен, жан-жақтылығымен және кеңінен ойлау білу қасиеттерімен, яғни оның жалпы интеллект деңгейімен байланысты болып келеді. Алайда, көптеген жағдайларда интеллектінің жоғары деңгейіне ие болу жеткіліксіз. Эмоциялық интеллект идеясының пайда болуы әлеуметтік идея турасындағы түсініктердің дамуы нәтижесінде мүмкін болды. Тұлға табыстылығының жалпы интеллект деңгейі мен әлеуметтік ортамен тиімді өзара әрекеттесуі арасындағы сәйкессіздіктердің жиі орын алуының нәтижесінде әлеуметтік интеллектінің жекелеген дара қабілет немесе тұлға қасиеті ретінде бөлініп қарастырылуына түрткі берді.
Ғылымға «эмоциялық интеллект» терминін американдық екі психолог Питер Сэловей мен Джон Мэйер 1990 жылдары енгізген болатын. Олар алғашқы болып эмоциялық интеллектінің бірінші үлгісін ұсынды. Аталған авторлар эмоциялық интеллект деп «өзінің және өзгенің сезімдері мен эмоцияларын байқай білу, оларды ажырату және осы ақпаратты ойлау мен іс-әрекетте қолдану» деп түсіндірді [1]. П. Сэловей мен Дж. Мэйердің үлгісі негізінде Д. Гоулманның аса танымал үлгісі жасап шығарылды. Оның 1995 жылы шыққан «Эмоциялық интеллект» атты еңбегі кітап сатылымында бірінші орындарға шығып, аталған мәселенің ғылыми және көпшілікке арналған әдебиеттерде осы күнге дейін қызу талқылануына түрткі берді.
Сэловей мен Мэйер бөліп шығарған компоненттерге Гоулман ынталылық, табандылық және әлеуметтік дағдыларды қосты [2]. Сонымен қатар, эмоциялық интеллектінің аса танымал үлгілеріне Р. Бар-Онның тұжырымдамасын жатқызуға болады. Оның тұжырымдамасына сәйкес эмоциялық интеллект қоршаған ортадағы адамдармен табысты қарым-қатынас құруды және өмірдің түрлі жағдайларында өзін-өзі ұстай білуді қамтамасыз ететін эмоциялық және әлеуметтік құзыреттілік, қабілеттер мен білімдердің бүкіл жиынтығы ретінде анықталады.
Эмоциялық интеллект идеясы сондай-ақ, Ресейде де кеңінен қарастырылуда. Мәселен, Д. В. Люсин эмоциялық интеллектінің өз үлгісін ұсынып отыр. Оның үлгісі бойынша эмоциялық интеллект өзінің және өзгенің эмоцияларын түсіну және оларды басқара білу қабілеті ретінде түсіндіріледі [1]. Эмоцияларды түсіну қабілеті дегеніміз – адамның өзінің және өзгенің қандай да бір эмоциясын сезініп отырғандығын тани білуін, оны анықтап, атай білуін, осы эмоцияны тудырып отырған себептерді және оның салдарын түсінуін білдіреді. Эмоцияларды басқару қабілетіне адам эмоция қарқындылығы мен оның сыртқы көріністерін қадағалай алуы, сондай-ақ, өзінің бойында белгілі бір эмоцияларды ерікті түрде туындата білуі жатады. Түсіну мен басқару адамның өзінің және өзгелердің эмоциясына бағытталуы мүмкін болғандықтан, Люсин эмоциялық интеллектінің тұлғаішілік және тұлғааралық екі құрамдас бөліктерін ажыратады. Аталған ұстаным шеңберінде эмоциялық интеллект құрылымында когнитивті қабілеттер мен тұлғалық сипаттамалар біріктірілген.
Ал, Қазақстанда А. А. Толегенова эмоциялық интеллектті психофизиология тұрғысынан қарастырған [4].
Оның зерттеу еңбегінде эмоциялық интеллекттің психофизиологиялық параметрлері адамның эмоцияны реттеу кезіндегі индивидуалды ерекшеліктерінің негізі ретінде қарастырылған. Эмоциялық интеллекттің адамның өнімді іс-әрекет, әлеуметтік бейімделу және стрестік жағдайлар үшін маңыздылығы көрсетілген.
Эмоциялық интеллект көшбасшылық тиімділігінің факторы ретінде 1990-жылдардың басталуымен ғылымда көшбасшылықта маңызды орынға ие тұлғалық факторларға зерттеу қызығушылығы арта түсті. Ғалымдарды қолданбалы, әлеуметтік және эмоциялық секілді интеллект түрлерінің көшбасшылық тиімділігіне әсерін қызықтырды.
С. Заккаро тұлғалық сипаттамаға жататын әлеуметтік интеллект ашық және динамикалық жүйелер ішінде көшбасшылықтың пайда болуының қажетті шарты болып табылады деп түсіндірді. Бұл ретте әлеуметтік интеллектінің келесі екі компонентті сипаты ажыратылады:
- әлеуметтік перцепция – өзге адамдар мен әлеуметтік топтарды барынша тез, әрі дұрыс түсіну қабілеті;
- мінез-құлық икемділігі – жаңа міндеттер мен жағдайларға қатысты туындаған міндеттерді ескере отырып, мінез-құлықты өзгерту қабілеті.
Ғалымдардың пікірінше, әлеуметтік интеллект деңгейі жоғары болып табылатын көшбасшылар барынша мұқият қалыптасқан перцептивті және мінез-құлық үлгілеріне ие. Олар топтың өзге мүшелеріне қарағанда қалыптасқан жағдайды тезірек ұғынып, сәйкесті шешімдерді дер кезінде қабылдап, оларды өмірде өзгелермен салыстырғанда тиімді түрде іске асыра алады. С. Заккароға сәйкес [5], әлеуметтік интеллектісі жоғары басшылар ұйымдастырушылық жағдайлардың талаптарын дәл қабылдап, дұрыс жауап бере алатын көрінеді. Ғалым пікірінше, бұл басшылар жоғарғы әлеуметтік құзыреттілікке ие болғандықтан, тұлға аралық стресі жоғары болып табылатын
жағдайларға жиі ұшырай бермейді, ал белгілі бір стрестік жағдайларға түсіп қалған кезде, оның әсерлеріне жеңіл төтеп бере алады.
Б. Басс пікірінше [5], әлеуметтік интеллект эмоциялық интеллект көшбасшының өз қоластындағыларын шабыттандыруы және олармен өзара әрекеттесуі кезінде аса маңызды рөлге ие. Р. Стернберг пікірінше, әлеуметтік интеллект ұғымына тығыз ұғым эмоционалды интеллект болып табылады. Соңғы жылдары С. Вольф оның серіктес авторлары оның шағын топ ішінде бейресми көшбасшылықтың пайда болуы кезіндегі рөлін байқататын бірқатар мәліметтерді алған болатын. Алайда, эмоциялық интеллект пен көшбасшылық арасындағы байланыс тікелей сипатқа ие емес, бірінші кезекте, аралық когнитивті процестер арқылы жанамаланған. Ал, когнитивті процестер, өз кезегінде, топ міндетін шешу барысындағы жекелеген күштердің ықпалын үйлестіру әрекетіне ықпал етеді.
Сонымен қатар, Р. Риджио өзінің серіктес авторларымен бірге [5] эмоциялық интеллект пен әлеуметтік интеллектті тиімді көшбасшыларды ерекшелендіретін тұлғалық қасиет ретінде қарастырып, оларға кез келген жағдайда тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді деп есептейді.
Д. Гоулмен эмоциялық интеллектті тиімді басқарудың міндетті шарты деп қарастырады. Өзінің «Эмоциялық көшбасшылық» кітабында ол көшбасшылық қабілет үлгісін эмоциялық интеллект құрылымына сәйкес келесі түрде сипаттайды [6]:
- өзіндік сана: өзіндік санасы жоғары дамыған көшбасшылар өз эмоциялары мен сезімдерінің әсерін саналауға қабілетті, бұл қасиет оларға күрделі жағдайларда мінез-құлықтың ең үздік тәсілін таңдауға көмектеседі;
- өзін-өзі қадағалау: эмоцияны қадағалау, ашықтық, бейімділік, жеңуге деген ерік-жігер, бастамашылық, оптимизм. Өзін-өзі қадағалауы жоғары дамыған көшбасшылар – стрестерге төзімді, дағдарыс уақытысында тыныштық пен байыптылық сақтай білетін, аумалы-төкпелі жағдайларға тез бейімделе алатын тұлғалар;
- әлеуметтік сезгіштік: эмпатия, іскери білімдарлық, елгезектік. Осындай қасиеттерге ие көшбасшылар қоршаған адамдарды тез түсініп, олардың орнына түсе алады; адамдардың қажеттіліктеріне өте сезімтал болып табылады;
- қатынастарды басқару: ынталандыру, ықпал ету, жетілуге көмектесу, өзгерістерге қолдау көрсету, шиеленістерді реттеу. Осындай сипаттарға ие көшбасшылар өзінің қоластындағы адамдардың үн қатысуына ықпал етіп, оларды алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруға жігерлендіре алады. Мұндай тұлғалар ұжым шеңберінде ауызбіршілік пен бір-біріне сенімді қалыптастыра алады.
Д. Гоулмен өзінің серіктес авторларымен бірге резонансты көшбасшылық терминін енгізеді. Аталған ұғым көшбасшы тұлға мен оның қарамағындағы адамдардың бір эмоционалды толқынға түсуін білдіреді. Резонансты көшбасшылық негізінде эмоциялық интеллект, саналау белсенділігі, оптимизм және эмпатия жатыр. Өздерінің зерттеулерінің нәтижесінде ғалымдар эмоциялық резонанс тудыратын төрт көшбасшылық стильді (идеалистік стиль, үйретуші стиль, жолдастық стиль, демократиялық стиль) және жағдайды ескерместен қолданған жағдайда эмоциялық диссонансқа әкелетін екі стильді (талапшыл стиль, авторитарлы стиль) бөліп шығарды.
Көшбасшылық белгілі бір топтық міндеттерді шешумен тығыз байланысты болып табылғандықтан, топтық іс-әрекет түріне сәйкес инструменталды көшбасшы (the task leader) және экспрессивті немесе әлеуметтік-эмоционалды көшбасшы (the social-emotional leader) ажыратылады. Көшбасшылықтың бұл түрін өткен ғасырдың 50-
жылдары Р. Бейлз бен Ф. Слейтер бөліп шығарып, осы құбылысқа «көшбасшылықтың рөлдік дифференциациясы» атауын берген болатын. Инструменталды көшбасшылық мақсаты топтың нысаналы түпкі міндеттерін шешуі барысында топты басқару болып табылады, ал эмоционалды көшбасшының рөлі ұжымда ішкі жағымды ортаны қалыптастыру және оның тұрақтылығын қамтамасыз етумен байланысты болып табылады. Топтық мақсаттың орындалу тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған инструменталды көшбасшы жиі түрде топ мүшелерімен өзара қатынастың нашарлауына алып келетін тәсілдерді қолдануы мүмкін. Ал, эмоциялық көшбасшы көп жағдайда топтағы өзара қарым-қатынасты жақсартуға бағытталуы нәтижесінде өзінің эмоциялық интеллект қасиеттерін іске қосады. Тек топтық міндетке ғана бағытталған көшбасшының эмоциялық интеллекттің төменгі деңгейін байқату мүмкіндігі айтылады. Кейбір зерттеулерде, шынымен де, жоғарғы эмоциялық интеллект пен қарым- қатынасқа бағытталған демократиялық басқару стилі арасындағы байланыстар анықталған. Бұл ретте коммуникативті қабілет деңгейі төмен әйел-басшылар директивті және енжар стильдерді таңдауға бейім екендігі анықталса, ерлер көп жағдайда тек енжар басқару стилін қолданатыны байқалған [7].
Алайда, бірқатар авторлар эмоциялық құзыретті көшбасшы өзі қолданатын басшылық стиліне байланыссыз тиімді әрі табысты болып келеді деп есептейді [2]. Бір жағынан, басқарудың көп қолданылатын стилі, өз кезегінде, мотивациялық негіз ретінде көрініс тауып, тұлғаның өз эмоционалды интеллектісін қолдану кезіндегі анықтаушы фактор болуы мүмкін. Соңғы жылдары эмоциялық интеллекттің ғылыми негіздемелерін қалыптастыруда біршама алға жылжу байқалып отыр. Алайда, осыған қарамастан, біршама күрделі қиындықтар әлі де сақталуда. Әдебиеттерді талдаудан байқалып отырғандай, шетелдік ғалымдар эмоциялық интеллекттің көшбасшылық тиімділігіне ықпал ету мәселесімен айналысқанымен, осы күнге дейін эмоциялық интеллекттің шағын топтарда көшбасшылық ұстанымын қабылдауға ықпалы, көшбасшылық стиль мен эмоциялық интеллект деңгейі арасында өзара байланыс секілді сұрақтар аз зерттеліп отыр.
Бірінші кезекте, бұл эмоциялық интеллект түсінігін анықтауға қатысты болып табылады. Әртүрлі авторлардың осы мәселеге қатысты көзқарастары көп ретте сәйкес келе бермейді, көп ұғымдар нақтыланбаған және кей жағдайларда эмоциялық интеллект ұғымы тым кең мағынада түсіндіріледі. Ұйымдастыру психологиясында эмоционалды интеллект пен кәсіби табыстылық, тұлғалық және қабілет өнімділігі, оның оқыту барысындағы маңыздылығы және тағы да өзге сұрақтар арасындағы байланыс жөнінде ғылыми негіздемелер мен мәліметтер көптеп жинала қойған жоқ, алайда бұл тұста нақты ғылыми зерттеулер жүзеге асырылып келеді.
Олардың нәтижелерін сараптау және талдау болашақтың еншісінде деп атап өтуге болады. Осыған қарамастан, эмоциялық интеллект конструктісі қарым-қатынасқа негізделетін бірқатар кәсіптерді игеру және жүзеге асыру кезінде аса маңыздылыққа ие екендігі тұжырымдалып отыр. Сондықтан, осы бағытта ізденістерді жалғастыру аса қажетті әрі нәтижелі іс-шара болып табылары сөзсіз.
1.4 Адамның еркі және өзін-өзі реттеу психологиясы
Ерік – бұл алға қойған мақсатты орындау жолында кездесетін қиыншылдықтар мен кедергілерді жеңуге бағытталған адамның саналы психологиялық іс-әрекеті. Адам алдына әртүрлі мақсат қояды. Сол мақсатты орындау жолында ерік-қайраты мен күш-жігерін жұмсайды. Кей жағдайда мақсатты орындау ешқандай қиындықты, күш
жұмсауды қажет етпейді. Ерікті үрдістер әр уақытта еріксіз белсенділіктің негізіне байланысты іске асады.
Мақсатқа жету қиындықтар мен кедергілерді жеңумен байланысты. Бұл қиындықтар мен кедергілер екі түрлі болады: сыртқы және ішкі.
Сыртқы қиындықтар мен кедергілерге адам санасынан тыс объективтік қиындықтар мен кедергілер, сыртқы қолайсыздықтар, басқа адамдардың қарсы тұруы жатады.
Ішкі қиындықтар мен кедергілерге адамның өзіне байланысты қажет нәрсені істеуге адамның қарсы тұруы, қарама-қарсы талпынулардың болуы, адамның енжарлығы, жағымсыз көңіл-күй, ойламай әрекет ету әдеті, жалқаулық, қорқыныш сезімі және т.б. жатады. Ерік ойлаумен тығыз байланысты, себебі ол мақсатты, саналы іс-әрекетпен байланысты. Адам алдына мақсат қойғанда, сол мақсатқа жетудің жолын қарастырады, кедергілерді жеңудің жолдары мен тәсілдерін ойластырады, ол ойлау іс-әрекетін іске асырады. Әрбір әрекетті екі кезеңге бөлуге болады. Бірінші – даярлық кезеңінде мақсат белгіленеді, мақсатқа жетудің жолдары мен тәсілдері анықталады және шешім қабылданады; екінші – орындайтын кезеңде алынған шешімді атқару іске асады.
Даярлық кезеңі – бұл ойлау әрекетінің кезеңі, әртүрлі мүмкіншіліктерді ойластыру, ой елегінен өткізу. Кез-келген ерікті әрекет мақсатты әрекет ретінде әр уақытта да әрекеттің мақсатын қоюдан және түсінуден басталады. Бірақ, жалғыз ғана мақсатты қою жеткіліксіз, әрекеттің пайда болуы үшін, мақсатқа жету үшін табанды ұмтылу қажет. Мақсаттың мәнін жете түсіну керек. Адам алдына қойған мақсатының үлкен қоғамдық мәнін түсінгенде, ол кездесетін қиыншылықтарды жеңуге қабілетті болып табылады. Алға қойған мақсатты орындауға адамның күш жігері жетпейтін болса, оның еркін әлсіретеді, бастаған істі аяғына дейін жеткізбеу әдеті қалыптасады. Бірақ, жеңіл-желпі орындалатын мақсаттар ерікті дамытпайды, қиындықтармен күресу, кедергілерді жеңу ептіліктерін орнықтырмайды. Іс-әрекет мақсаттары адамға түсінікті болуы керек, оған жету үшін ерекше күш-жігер қажет. Тек мақсаттар ғана, шын мәнінде ерікті мінез-құлықты анықтайды.
Шешім қабылдау – бұл белгілі бір мақсатқа, сол мақсатты орындауға апаратын іс-әрекеттің белгілі бір тәсіліне немесе белгілі жолдарына тоқтау. Мысалы, мамандық таңдауға байланысты түрткілердің күресі нәтижесінде мектеп бітіруші университеттің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын таңдау туралы шешім қабылдайды.
Ерікті өзіндік реттеу деңгейін, жалпы алғанда, әртүрлі жағдайларда өзінің мінез-құлқын игере алу шаралары деп түсінеді, өзінің іс-әрекеттерін, жағдайларын, қылықтарын саналы түрде басқара алуы. Ерікті өзіндік реттеу деңгейі тұтас және табандылық пен өзін-өзі ұстау қасиеттері бойынша бөлек сипатталуы мүмкін.
Адамға еріксіз және ерікті белсенділік тән. Еріксіз белсенділік адамға алдын-ала ешқандай мақсатсыз пайда болады, ол белгілі бір сыртқы себептердің негізінде қалыптасады. Еріксіз белсенділік саналы әрекетсіз іске асады. Ерікті белсенділік біздің қажетіміз бойынша, алдын-ала қойылған мақсат негізінде пайда болады. Ол негізінен саналы әрекет болып табылады.
Әрине, адам белгілі шешім қабылдап, оны жүзеге асыру жолдарын жоспарлап алғанымен, көптеген объективті, кездейсоқ қиыншылықтарға ұшырайды. Мұндай жағдайда қолайлы жағдай туғанша, адамның өзі қабылдаған шешімін қоя тұруына тура келеді. Дегенмен, осы шешімді жүзеге асыру оның көкейкесті мәселесі болып қала береді. Осы жағдайға орай, адам енді барлық ерік-жігерін өзі көздеген ісін
орындауға жұмылдырады. Осы кезеңде кездескен қиыншылықтарды жеңу үшін, адам стрестік жағдайға ұшырауы мүмкін. Алайда, қажеттілігін қалайда орындау үшін, ол оған барлық саналы еркін бағыттайды. Күш салуда адам:
а) мақсатына жете алмағанына қайғырады, бұл мінездегі ерікті әрекетінің көрінісі;
ә) іштей ойланып, бойын мақсатына жетуге деген борыштық сезім билейді, ал борыштық сезімнің көбеюі – азаматтық сана.
Дегенмен, адамның уайымы жеке меншіктік сезім мен қоғамдық мақсаттың арасында ауытқу тудырады. Сөйтіп, бұл жердегі ниет күресі адамның екі бағыттың қай жағына қарай ауытқитындығын анықтайды.
Ерік – қайратының күшеюі талпыну тек шешім қабылдау барысында ғана емес, оны орындау кезінде де әртүрлі ауытқу мен уайымға ұшыратуы мүмкін. Бұл ретте сыртқы кедергілерді жою қажет болады. Алға қойған мақсатқа жету үшін, адам өз мінезіндегі бұрыннан қалыптасқан мүддесін сенімін, өзін-өзі бағалай білуін, ерік-қайрат қасиеттерін талдап, оларға бақылау жүргізе білу керек. Мұндай әрекет адамның еркін білдіретін психологиялық сапа болып табылады. Адамның еркі сонымен мақсат қоюдан басталады.
Адам осылай өзінің келешекте белгілі бағытта істейтін ісінің мәнін, жоспарын белгілейді. Мұны еріктік амалдың бастамасы – тілек немесе ниет деп атайды. Тілек – келешекте істейтін ісіміздің ойға бекуі. Дегемен, осы секілді тілектерде еріктік амалға тән талғамалық сипат бар. Ал, талғау ниетке ой әрекетінің араласуын қажет етеді. Ой тезіне салу арқылы адам өзіне қажетсіз тілектерді тежейді де, қажеттілерін орындау үшін тиісті жоспар сызып, амал-айла, әдіс қарастырады. Соңғы жағдай ғана адамның тілегін, нақтылы келісімді түрге келтіреді.
Адамның алдындағы мақсаты осылайша айқындалады да, әрекеттің орындалу жолын қарастырады, оны жоспарлайды. Егер, адам өзіне мақсат қояр кезде өзіне «Не істеу керек?» деп сауал қоятын болса, әрекетті жоспарлау үстінде «Қалай істеу керек?», «Қандай жолдармен мақсатқа жетуге болады?» деген сұрақтар қояды. Осы арада адам мақсатқа жетудің ыңғайлы жолын іздестіреді, айналасына көз тастап, алда тұрған қиыншылықтардың сыр-сипатын, оны жеңудің жолдарын белгілейді. Мәселен, біреудің стол жасап алғысы келді дейік. Ол алдымен бұған қандай материалдың жарайтындығын, оны қайдан алуға болатындығын, қандай құрал-сайман керектігін, жұмыстың жұмысын т.б. топшалап алады. Қандай болмасын іс-әрекеттің жоспарын жасау – күрделі процесс. Ол – адамның белгілі білімін, өмір тәжірибесінің, ойының орамдылығын қажет етеді. Мақсатқа жетудің жолдары белгіленіп, жоспар жасалғаннан кейін адамның тілегі оның нақтылы қалауына көшеді. Қалау – мақсаттың айқындығы, оған жеткізетін тиісті жоспардың жасалуы, ойдың бекемдігі. Дегенмен, тілек те, қалау да өздігінен адамның ерік-жігеріне үйлесе алмай, қайшы келіп отырады. Мәселен, орта мектепті бітірген оқушы бірде педагогтық институтқа түсіп, мұғалім болып шыққысы келеді. Ол, сондай-ақ, өзінің ауыл шаруашылығы маманы болғанын да жақсы көреді. Бұл арада оған осы екі мамандықтың біреуін қалау қажет. Ал осы мамандықтар жөнінде толық түсінігі болмаса, ол өз ойынан тайқақтайды, бұлардың қайсысын қалауын білмей, әуре-сарсаңға түседі. Міне, осындай жағдайда тілек пен қалаудың арасында үйлеспеушілік туады. Мұны, психолгияда мотивтер күресі деп атайды. Мұндай түрлі мотивтердің ішінен ақылға қонымдысы – нақты жағдайға тура келетін біреуі жеңеді, тек содан кейін ғана адам белгілі бір тоқтамға келе алады.
Сөйтіп, мақсат қою, тілек, қалау, мотивтер күресі, тоқтамға келу бәрі жиналып еріктік қимылдың «даярлық кезеңі» деп аталады.
Еріктік амалдың ең негізгі кезеңі қандай болмасын тоқтамды орындау стадиясы. Өзінің қандай болмасын тоқтамын іске асыратын, оны орындайтын кісіні ғана еркі нағыз жетілген адам деп айтуға болады. Талай жақсы тоқтамдардың жүзеге аспай, орындалмай қалатындары да кездесіп отырады. Бұлай болудың себебі орындалудан қиын мақсатты алға қоюдан, мақсаттың айқын болмауынан, әлі де болса өмірге дұрыс көзқарастың қалыптасуынан, өз ісіне сенімсіздіктен, мақсат еткен нәрсенді жан-тәніңмен сүймеуден т.б. себептерден болады. Сондықтан, адам өзінің алдына шамасы келетін, орындай алатын мақсаттарды қойып, осы жолда түрлі қиыншылықтарды жеңіп отыруы тиіс. Белгілі мінез-құлықтың принципі бар, өз ісінің дұрыстығына көзі жеткен адам ғана нақтылы тоқтамға келе алып, оны қалай да орындаудың тиімді жолдарын таба алады, бұл жолда орынсыз солқылдақтық, табансыздық көрсетпейді. Кейбір адамдар өзінің алдына бұлдыр мақсат қояды да, ой таразына жақсылап салмайды, сөйтіп оны орындай алмай қалады. Ерекше ой жұмысын керек етпейтін жеңіл мақсатты алға қою да адамның еркін енжар, әлсіз етіп жіберуі мүмкін. Сондықтан белгілі ерік күшін талап ететін, тиісті жұмыстар істеу нәтижесінде қол жететін мақсаттарды ғана алға қоюымыз қажет.
Сонымен, ерік қимылын тікелей қоздырғыштардың қатарына адамның қажеті, оның мотивтері мен мақсаттары, қызығулары, тілектері жатады. Бір нәрсені керексінуі ретіндегі қажеттілік әрекет жасау түпкі ниет болып есептеледі. Қажеттілік негізінде мотив, яғни қимылға ойысу себебі туады. Ал, адам не нәрсеге тырысса, сол оның қимыл мақсаты болады. Егер де, адам ұмтылып отырған мақсат пен оны осыған ойыстырған мотивтер айтылу болса, онда мұндай ұмтылыс тілек делінеді. Танылып білінбеген ұмтылыс қызығу делінеді. Тілекке қарағанда, қызығу адамның ерік ұстамдылығын аз дәрежеде алады, сондықтан да қызығу мақсаты нақтылы жүзеге асуды сирегірек алады. Адамның еркі алға қойған мақсатқа жетуде бөгет болатын тілектерді жеңе білу қабілетінде, әрі оны қажымай-талмай жүзеге асыра білуінде болады.
1.5 Тұлғаның жеке дара типологиялық ерекшеліктері
Тұлға психологиясы саласындағы зерттеулер бұрыннан жүргізіліп келеді, олардың өзіндік тарихы бар. Тұлға психологиясы дамуының 3 кезеңі қарастырылады: философиялық-әдеби, клиникалық және тәжірибелік. Зерттеулердің бірінші кезеңі көне ойшылдардың жұмысынан басталып, 19 ғасырдың басына дейін жалғасқан. Бұл кезеңдегі тұлға психологиясының негізгі мәселелеріне адамның өнегелік және әлеуметтік табиғаты жөніндегі сұрақтар жатады. Тұлға туралы алғашқы анықтамалар айтарлықтай ауқымды. Ол анықтамаларға адамның бойындағы бар нәрсе, оның жеке басыныкі деп саналатынның бәрі жатқызылған: биологиясы, психологиясы, мүлігі, мінез-құлқы, мәдениеті және т.б. Тұлға туралы осындай түсінік кейінгі уақытқа дейін сақталыпты. Нақты мазмұнға толы, тұлғадан бөлек көптеген басқа да түсініктер мен ғылыми категориялары бар психология үшін мұндай анықтама өте кең болып табылады.
19 ғасырдың бірінші он жылдығында тұлға писхологиясының мәселелерімен философтармен қатар дәрігер-психиатрлар да айналыса бастады. Олар ең бірінші рет клиника жағдайында науқасқа тұлға ретінде жүйелі түрде байқаулар жүргізіп, оның жүріс-тұрысын, өзін-өзі ұстауын жақсырақ түсіну үшін өмір тарихын зерттей
бастаған. Психикалық ауруларды диагностикалау және емдеумен байланысты кәсіби қорытындылар ғана жасалып қоймай, адамзат тұлғасының табиғаты жөнінде жалпы ғылыми қорытындылар да келтірілген. Философиялық-әдеби кезеңмен салыстарғанда клиникалық кезеңде тұлға – ерекше құбылыс деген түсінік мағынасы таратылған. Психиатрлардың аса мән бергені – әдетте науқас адамнан табылатын тұлғаның ерекшеліктері. Дәрігерлер тапқан ерекшеліктер барлық дені сау адамдарға тән болғанымен, науқастарда олардың көріністері гипертрофияланатыны (асыра білінетіні) анықталды. Мысалы, күйгелектік пен ригидтілік, тежелу мен қозғыштық.
Қалыпты, патологиялық және акцентуацияланған (норманың шекті варианты) тұлғаны сипаттауға мүмкіндік беретін терминдерді дәрігерлер тұлғаға анықтама беру үшін қолданған. Алайда мұндай көзқарас психология үшін жеткіліксіз деп танылды. Өйткені, қалыпты тұлғаны тұтас сипаттау үшін ол анықтамалардың мазмұны тар, ондай анықтамаларға шектен тыс көрініс бергенімен кез келген жағдайда «қалыпты» деп саналатын тұлға қасиеттері (мысалы, түрлі қабілеттердің болуы, адамгершілік қасиеттер) енгізілмеген.
20 ғасырдың басына дейін тұлға философиялық-әдеби және клиникалық тұрғыдан ғана зерттелсе, кейін бұл іске таным процестері мен адамның күйін зерттеумен айналысқан психологтар кірісті. Ғасыр басында психологияда тәжірибелік зерттеулер қарқынды дамып, гипотезаларды нақты тексеру және айқындалған фактілерді алу мақсатымен психологтар зерттеулерге мәліметтерді математикалық-статистикалық өңдеу әдістерін енгізуге тырысқан. Осыған байланысты, психологтар ұзақ жылдар бойы қалыпты тұлғаны сенімді және валидті тесттер арқылы зертеу тәсілдерін жетілдіруді өз алдарына мақсат етіп қойған.
Келесі кезектегі әңгіме неғұрлым әйгілі тұлға концепциялары мен теориялары, олардың жіктелуі жөнінде болады.
Ғылыми жұмыстар мен оқу құралдарында тұлға концепциялары мен теорияларының әрқалай жіктелуі келтіріледі. Р. С. Немовтың есебі бойынша 48 тұлға теориясы бар, олардың әрқайсысы 5 параметр бойынша бағалануы мүмкін.
Мінез-құлықты түсіндіру жолдары бойынша барлық тұлға теорияларын психодинамикалық, социодинамикалық және интеракционистік деп бөлуге болады.
Психодинамикалық теориялар психологиялық, немесе ішкі, сипаттамаларына орай тұлғаны сипаттайды, адамның жүріс-тұрысын түсіндіреді. Ал, социодинамикалық теориялар бойынша тәрбие детерминациясындағы басты рол сыртқы жағдайларға беріледі. Интеракционистік теориялар сыртқы және ішкі факторлардың өзара әрекеттесу принципіне негізделген. Ондай өзара әрекеттер адамның өзекті әрекеттерін басқарады.
Теорияларды типтерге бөлудің келесі негізі – тұлға туралы мәліметтер алу жолы. Осы тұрғыдан барлық теорияларды эксперименталды және эксперименталды емес деп бөлуге болады. Эксперименталды теорияларға тәжірибе барысында жинақталған мәліметтерді сараптау және жалпылау арқылы құрастырылған теориялар жатқызылады. Эксперименталды емес теориялардың авторлары эксперимент жасамай-ақ өмірден алған байқауларға сүйеніп, теориялық талдап қорытады.
Тұлғаға құрылымдық және динамикалық құрылым деген көзқарастағы авторлар тұлға теорияларын басқаша жіктейді. Құрылымдық теория үшін басты мәселе – тұлға құрылымын және оны сипаттауға көмектесетін ұғымдар жүйесін анықтау. Негізгі тақырыбы – тұлға дамуындағы қайта құрылу, өзгерістер, яғни оның динамикасы болып табылатын теориялар динамикалық деп аталады. Сонымен қатар, бірқатар
теориялар жас кезеңдік және педагогикалық психология шеңберінде пайда болған. Олар тұлға дамуындағы шектелген жас кезеңін қарастырады, мысалы, туылғаннан орта мектепті бітіргенге дейінгі, яғни нәресте болудан ерте бозбалалық шаққа дейінгі.Кейбір басқа теориялардың авторлары тұлға дамуын бүкіл өмір бойында бақылайды.
Тұлға теорияларын жіктеу кезінде көңіл бөлінетін нәрселер: ішкі қасиеттер, тұлғаның қырлары мен қасиеттері немесе олардың сыртқы көріністері, мысалы, мінез-құлқымен жасаған іс-әрекеттері. Осылай қасиеттер теориясын бөліп қарастыруға болады. Бұл топ теорияларының қағидаларына орай барлық адамдар бір-бірінен жеке, тәуелсіз қырларының жиынтығы мен даму дәрежесі бойынша ажыратылады, бірнеше адам бір адамның мінез-құлықтарын, қырларын байқап, оларды жалпылау арқылы тұлғаға біртұтас сипаттама бере алады. Тұлға қырларын бағалаудың екінші жолы барлық адамдарды типологиялық топтарға біріктіруді жорамалдайды. Мұндай бір топқа кіретін адамдардың психологиялық сипаттамалары бір-біріне жақын, мінез-құлықтары ұқсас. Сонда әрбір типологиялық топтың психологиялық сипаттамалары өзгеше, басқаға ұқсамайды деген сөз.
Тұлға теорияларының жіктелуін қарастырған тек Р. С. Немов қана емес. Б. В. Зейгарник теорияларды пайда болу және даму жағдайларына тәуелді мазмұнды-мағыналық және тарихи аспектілерде қарастырған. Ол келесі теория топтарын бөліп көрсетеді: фрейдизм мен неофрейдизмнің тұлға теориялары, гуманистік тұлға теориялары, экзистенциальді психологияның тұлға теориясы, француз әлеуметтік мектебінің тұлға теориялары және т.б. Осылардың кейбіреулерін жалпы түрде қарастырайық.
Қазіргі кезде тұлға зерттеуде жеті негізгі тұлға теориялары дамыды. Әрбір бағыт өзінің теориясымен және де өзінің әдісімен, құрылымымен ерекшелінеді.
Тұлғаның психологиялық сипаттамасы. «Тұлға» түсінігі көп жақты. И. С. Кон бір жағынан алғанда жеке тұлға нақты бір индивидті, индивидуалды қасиеттері және оның қоғамдық рөлдерімен қоса сипатталатын әрекет субъектісі ретінде, екінші жағынан, тұлғаны еңбек ету, түсіну және қарым-қатынас жасау субъектісі болатын, басқа адамдармен тікелей және жанама араласу процесінде түзілетін, индивидтің интеграцияланған әлеуметтік мәнді сипаттар жиыны түрінде, әлеуметтік қасиеттер ретінде қарастырады.
А. Н. Леонтьев ойынша, тұлға – бұл адамның қоғамдағы өмірінен туындаған ерекше типтің психологиялық құрылымы. Әртүрлі әрекеттердің бағыныштылығы тұлғаның қалыптасуының негізін қалайды, ол өмірлік онтогенезде құрылады. Ол осының бәрі адамның индивидтік қасиеттерін құрайды деп есептеді. Индивидтің қасиеттері жеке тұлғаның қасиеттеріне өте алмайды. Өзгеруіне қарамастан, олар индивидтік қасиеттер болып қала береді, қалыптасатын тұлғаны анықтай алмайды, бірақ оның қалыптасуы үшін жағдай жасайды. Тұлға, индивид сияқты субъекттердің өмірлік қарым-қатынасын жүзеге асыратын интеграциялық процестің өнімі.
А. В. Петровский тұлға түсінігіне келесі анықтама береді: «Тұлға ретінде психологияда индивидтің заттық әрекетінде және қарым-қатынасында қол жеткізетін және қоғамдық қарым-қатынастарда өзін ұстаудың деңгейі мен сапасын сипаттайтын жүйелік әлеуметтік қасиет түсіндіріледі».
Тұлғаның әлеуметтiк-психологиялық талдауын жасау үшiн, «индивид», «тұлға», «даралық» деген ұғымдардың шекарасын анықтап алу керек. Айта кету керек, «адам» деген ұғым жалпылама ұғым болып табылады, яғни, айқын сөйлейтін, саналы,
(абстрактiлi – логикалық ойлаумен, логикалық есте сақтаумен) жоғарғы психикалық функциялары бар, құралдарды құру, оны еңбектiң процесiнде пайдалану қабiлетi бар биоәлеуметтік тірі ағза.
Индивид – бұл биологиялық түрдiң ортақ генотипиялық тұқым қуалаған қасиеттерiн тасымалдаушы биологиялық ағза. Бұл «Homo sapiens» түрінiң өкiлi. А. Н. Леонтьевтың ойынша, бiрiншiден, индивид ұғымы осы биологиялық түрдiң жеке түрлерінiң бүтiндiгін және бөлiнбейтiндiгiн, екiншiден, осы түрдiң басқа өкiлдерінен ерекшеленетін нақты өкiлiнiң артықшылықтарын бiлдiредi.
С. Л. Рубинштейн зерделенуі адам әрекетінің психикалық мазмұнын талдаудан басталатын барлық психикалық процестер тұлғада өтеді, және олардың әрқайсысы өзінің шынайы өтуі барысында оған тәуелді деп тұжырымдады.
Л. И. Божович адамды тұлға ретінде анықтайтын екі негізгі өлшемді бөліп көрсетеді:
- адамды тұлға ретінде есептеуге болады, егер оның уәждемелерінде иерархия болса, яғни, ол өзінің жеке тікелей ниеттерін басқа заттар үшін басып өте алатын болса;
- адам тұлға болып табылады, егер жеке тәрбиесіне саналы жетекші болуға дағдыланса. Бұл жетекшілік саналы уәждемелер, мақсаттар және принциптер негізінде орындалады.
Психологияда көрсетілген тұлға құрылымының әртүрлілігіне қарамастан, барлық тәсілдемелерде жетекші сипаттама ретінде оның бағытталуы көрсетіледі. Бағытталуы тұлғаның жүйе құраушы қасиеті ретінде көрінеді, оның психологиялық құрылуын анықтайды. Сонымен қатар, бағытталу, тұлғаның қызметін бағыттайтын тұрақты уәждемелердің және салыстырмалы нақтыға тәуелсіз жағдайлар жиынтығы болып келеді. Бағытталу үнемі әлеуметтік шартталған және тәрбие әсерінен қалыптасады. Оған қоса, бағытталу, тұлғаның қасиеттері болып келетін ережелер. Бағытталу бірнеше байланысқан иерархиялық түрлерді қамтиды: ынта, ниет, ұмтылыс, қызығушылық, бейімділік, мұрат, дүниетаным, сенім. Тұлға бағытталуының барлық түрлері оның қызметінің уәждемелері болып табылады.
1.6 Тұлғаның рухани негізі ретінде құндылықтар, қызығушылықтар, нормалар
Қазіргі күрделі әрі өзгермелі заманда құндылықтар жүйесінің алатын орны ерекше. Жаңа қоғамдық-экономикалық жағдайдағы құндылықтарға бағдарлануы мен жастардың өзіндік сезімінің қалыптасуы және қоғамның дамуындағы жаңа тенденциялары мен өмірдің барлық жақтары сапалы өзгерістерге ұшырады. Адамның әлеуметтік ортаға қатынас жүйесінің негізгі элементі құндылықтарға бағдарлану болып табылады. Олар адамдардың әлеуметтік өзара әрекеттестігін, олардың қызығушылықтарының келісуі мен күресуі және адамның мінез-құлқы мен тұлғаның әлеуметтік өмірінің стратегиясын реттеп отырады.
Құндылық мәселесінің әртүрлі аспектілерін отандық ғалымдар зерттеген болатын. Мысалы: жеке тұлғаның құндылықтарға бағдарлануы теориялық практикалық негіздерін, И. Д. Багаева, З. И. Васильева, Д. Ә. Нұрғалиева, жастардың құндылық бағдарын әлеуметтік тұрғыдан В. Я. Ядов, Б. Ф. Ломов қарастырған. Қалыптасқан, тұрақты құндылықтар бағдар жиынтығы тұлға тұрақтылығын, қажеттер мен қызығулар бағдарында көрінген әрекет-қылық және іс-әрекет типтерінің өзара
байланыса, ұштасуын қамтамасыз етеді. Осыдан, құндылықты бағдар тұлға мотивтеріне себепші, реттеуші маңызды фактор ретінде іске қосылады. Құндылық бағдарларының негізгі мазмұны – адамның саяси, философиялық (дүниетанымдық), адамгершілік наным-сенімдері, терең әрі тұрақты бейімділіктері, әрекет, мінез принциптері.
Құндылық бағдардың дамуы – тұлға кемелінің белгісі, оның әлеуметтенуінің көрсеткіші, құндылықты бағыттардың тұрақты бірлігі тұлғаның келесідей сапаларының дамып, орнығуына себепші болады: тұлғаның тұтастығы мен сенімділігі, белгілі мұраттар мен принциптерге адалдық, осы мұраттар мен принциптерді іске асыру жолында ерік күшін аямауға қабілеттілік, өмірлік ұстанымдарға орай белсенділік, мақсатқа жетуде табандылық пен өжеттік. Құндылықты бағыттар арасындағы қайшылықтар әрекет пен мінездегі тұрақсыздықты туындатады. Құндылықты бағдардың мешеуленуі адамның селқостығы мен енжарлығына себепші болады.
Құндылық бағдар жүйесінің алғышартының реттеуші функциясының толыққанды қалыптасуы жасөспірімдік кезеңде тұрақталады. Л. И. Божович пікірінше «тек қана жасөспірімдік жаста ғана моральді әлемді ұғыну адамгершілікті идеалдар мен принциптер негізінде тұрақталады». Құндылықтық жүйенің шынайы нақты мағыналы түрде адам бойында болуы, оның өмірдің мағынасын түсінгендігін көрсетеді. В. Франклдың пікірі бойынша, дәл осы жасөспірімдік шақта өмірдің мән мағынасы туралы сұрақтар өте көп кездеседі. Әртүрлі өмірлік мақсаттарды қоюға деген қажеттіліктің пайда болуы, өмірде өз орнын табу осы жастың айрықша ерекшелігі болып табылады. И. С. Конның зерттеуі бойынша, жасөспірімдік кезге тиісті құбылыс бұл өмірлік жоспарды құру, тұлғалық мақсаттары мен мотивтер иерархиясын құрастыру, құндылық бағдардың тұрақталуы тән. Өмірлік жоспар бір уақытта әлеуметтік және этникалық құбылыс ретінде сипатқа ие болып, «кім боламын?», «қандай болу керек?» деген сұрақтармен шартталады. Жасөспірімдік кезеңде адамның өмірге деген жеке көзқарасы қалыптасып, ол ішкі автономды құндылықтардың туындауына себеп болады. Жасөспірімдік кезең құндылық бағдар жүйесінің қалыптасуындағы соңғы шешуші кезең болып табылады [8].
Л. И. Иванько: «Адам өмірін реттейтін сатылар ретіндегі нормалар мен құндылықтар арасындағы айырмашылықтарды былайша ажыратуға болады. Құндылықтар көбінесе, адамның іс-әрекетінің бағыттылық жақтарына сәйкес келеді, ол нормалар сол іс-әрекеттердің жүзеге асуының амал-жолдарына байланысты. Нормативті жүйе құндылық жүйеге қарағанда адамның іс-әрекетін ерекше айқындайды, өйткені біріншіден, ол нормаларды ұстанды, екіншіден, нормалардың нақты бір жүйесі ішкі тұтастылыққа негізделеді: адам іс-әрекетінде оны толық және тұтастай бір мезгілде ұстанды» – дейді [9].
Сонымен, тұлғаның құндылықтар бағдарының психологиялық аспектісі оның ішкі әлемін зерттеуімен тығыз байланысты, қоғамдық мінез-құлық, өмірдің және мәдениеттің құндылықтарын ұғынуға және жаңғыртуға бағытталған. Психолог ғалымдар Л. С. Выготский, Ж. Пиаже, И. С. Конның пікірінше, құндылық бағдарлардың дамуы сатыларын жалпы индивидуалды дамуды жас кезеңдерімен байланыстырады. Сонымен қатар, құндылық бағдардың даму сатылары қатаң түрде белгілі бір жасқа байланысты емес, яғни олар өзгеріске ұшырап, бірін-бірі ауыстырып отырады. Алайда, әр саты соңғы және жетістікке жеткен болуы мүмкін, сондықтан даму деңгейі индивидуалды типте болады. Ж. Пиаже құндылық бағдардың
қалыптасуының алғышарты ретінде белгілі интеллектуалды даму деңгейін көрсетеді. Ақыл-ой дамуы адамгершіліктік даму да прогрессивті, кезеңдік сипаттамаға ие. Ж. Пиаже басқа авторлар секілді моральдық даму сатыларының жүйесі жалпы когнитивті жасерекшеліктік өзгерістерге байланысты болады [10].
Осылай, нарықтық жағдайлар тұлғаның қалыптасуына, оның қажеттіліктері мен құндылықтарына тікелей әсер етеді. Тұлғаның құндылықтары оның әлеуметтік ортасымен тығыз байланысты. Құндылық түсінігі адамның қатынасы әлемге сипатталғанда қолданылады. Құндылық адам және оны қоршаған әлем арасында бөлінген, ол тек олардың қатынасында болады. Құндылықтарды тасушы болып кез келген зат, құбылыс бола алады, адамның санасымен өзара әрекетке тиісті.
Тұлғаның құндылықтар бағдары адамның шынайы мінез-құлқымен жиі қарастырылады. Сонымен, оның келесідей басты сәттері беріледі: «Біріншіден, құндылықтар бағдары тұлғаның бағыттылығын және әлеуметтік белсенділігінің мазмұнын сипаттайды, екіншіден, ол оның әлеуметтік мінез-құлқының реттеушісі ретінде қарастырылады». Қоғам тұлғаға әсер етеді, ал тұлға қоғамға нақты әлеуметтік топ арқылы ықпалын білдіреді. Қоғамдағы өзгерістерді жақтаушылар дағдарыс кезеңінің өзінде-ақ экономика мен қоғамда түбегейлі өзгерістердің қажеттілігін сезінген, өз сенімдеріне күш салатындықтан қарсы алған адамдар. Ал, нарықтық қоғам ең алдымен биліктің мемлекеттік органдардың қолынан жеке өндірістік иелерінің қолына өтумен ерекшеленеді. Нарықтық экономикада еңбек және тауар құны сатушымен сатып алушының өзара келісімімен анықталады. «Құндылық бағдарлар» түсінігі әр түрлі қарастырылады, бірақ та, С. Л. Рубинштейн, Б. Г. Ананьев, А. Н. Леонтьев, Л. И. Божович, Д. Н. Узнадзелердің және басқа да психологтардың еңбектерінде қарастырылған, оның психологиялық тұтастылығын айқындайтын әлеуметтену мен жеке дербестік процесінде қалыптасатын тұлғаның қасиеттік жүйелік қалыптастырушы ретінде қарастырылады. Б. Ф. Ломов «тұлға» түсінігі мағынасының әртүрлілігіне қарамастан, оның негізгі қасиетін бағыттылық деп келтіреді [11].
С. Л. Рубинштейн, А. Н. Леонтьев, Б. Г. Ананьев, Д. Н. Узнадзе және тағы басқалардың еңбектерінде бағыттылық тұлғаның жүйелі қалыптастыру қасиеті ретінде қарастырылады және оның барлық психологиялық қалыптасуын анықтайды. Б. Ф. Ломов бағыттылықты тұлғаның қоғамға беретіні және алатыны, оның дамуына қосатын үлесі ретінде қарастырады. В. П. Тугаринов «Құндылықты бағыт» түсінігін кез келген құндылықтың тұлғаға бағытталғанын анықтаған болатын. В. Н. Мясищев тұлғалық мәнін заттық әлемге деген қарым-қатынас жиынтығы деп анықтайды, «Билеуші қатынас» тұлғаның бағыттылығына сәйкес және жеке өмірінің мәні туралы сұрақпен тікелей байланысты. Құндылықтардың тағы бір маңызды сипаттамасы бар – ол құндылықтардың идеалдармен байланысы. Бұл сипаттама көптеген жағдайларда құндылықтардың анықтамаларында кірістіріледі. Бұл жайында Е. В. Шорохов, И. С. Кон және тағы басқалар өз еңбектерінде айтып өткен.
Тұлғаның құндылықтарын және құндылық бағдарларын зерттеуге арналған ықпалдардың негізгі ғылыми-теориялық талдауы бізге оларды әртүрлі бағыт бойынша орналастыруға шартты түрде мүмкіндік береді. Құндылық бағдарларға тұлғаның тұрақтылығын қамтамасыз ететін, оның бүкіл өмірін анықтайтын тұрақты бағыттар қалыптасқан.
Құндылықтардың тағы бір маңызды сипаттамасы бар – ол құндылықтардың идеалдармен байланысы. Бұл сипаттама көптеген жағдайларда құндылықтардың анықтамаларында кірістіріледі. Бұл жайында Е. В. Шорохов, И. С. Кон және т.б. өз
еңбектерінде айтып өткен. Публицистикалық және көркем әдебиет бейнелері әлеуметтік зерттеулерде ең маңызды құндылықтардың тасушысы ретінде қолданылады. Дәл осылар мінез-құлықтың идеалды әдісінің, өмір сүрудің идеалды стилінің моделін ұғыну үшін үлгіні елестету құралы болып табылады. Бұл өте терең В. Е. Семенов жүргізген және соның қол астында жүргізілген эмпирикалық, әлеуметтік-психологиялық зерттеулерінде қарастырылған. Мұндай зерттеулердің маңыздылығын өз уақытында В. Шубкин де айтып өткен: «Адам іс-әрекетіне зейін қойып қараған адам, оның идеалды түрдегі тырысу, қалау және тағы сол сияқты болып көрінетінін байқамауы мүмкін емес. Осыған орай, адам іс-әрекетінде ең жақын делдалсыз себеп ретінде материалды факторларды орталайтын идеалды факторлар болып табылады. Бұл идеалды әлемді, идеалды факторларды ғылым және өнермен талдау – адам мінез-құлығының заңдылықтарын түсіну үшін қажетті сілтеме болып табылады. Әлеуметтік психология өздеріне назарды аудартпауға болмас еді, себебі олар алғашында осындай бір идеалды факторлардың – тырысулар, қалаулар, қызығушылықтар, қажеттіліктер – ішінде ең болмаса біреуін сипаттауға батыл қадам қойған» [12].
Көп жағдайда құндылық бағыттарын «қажеттілік» және «мотив» деген ұғымдармен анықтайды. Е. И. Головахтың айтуынша, «қажеттіліктегі заттарды адам санасынан өткізе отырып, оның өмірлік құндылықтарының алғашқыларының бірі бола алады». Алайда, Д. А. Леонтьев қарама-қарсы көзқарасын ұсынды, ол «құндылықтар өзімшіл болмайды» деді. Оның айтуынша, қажеттілікке қарағанда, құндылықтар дәл сол мезетте шектеулі болмайды және іштей ештеңеге апармайды, тек сырттай тартады деген [13]. Яғни, орнату мен тұлғалық құндылық бағыттарын адамның кез келген әлеуметтік жағдайында қажеттіліктерін реттеп отырады.
Нарықтық-экономика психологиясының негізі – осы заман талабына сай экономикалық санының қалыптасуына байланысты. Бұл дегеніміз адамның экономикалық шартты түрдегі іс-әрекеттері. Нарық экономикасы психологиясының көрінуі адам іс-әрекетінен білінеді. Мұның астарында экономикалық қарым-қатынастағы экономикалық санамен анықталатын жүріс-тұрыс жатыр, нақтырақ айтқанда нарық экономикасының белгісі болып табылатын, ақша-тауар-ақша негізінде қалыптасатын адам эмоциясы, іс-әрекеті болып табылады. Бұл нарықтық-экономика аясында адам қажеттіліктерімен, оның құндылықтарымен, яғни мұнда нарықтық пайда көзделгендіктен, қажеттіліктер де шартты болып келеді, ұсыныс сұранысқа байланысты туындайды. Мұнда адамның психологиялық ерекшеліктері экономикалық ойлауымен ұштастырылады.
Бүгінгі таңда нарықтық-экономикалық жүйелер өзара әрекетті. Сондықтан да, қазіргі нарықтық-экономикалық жағдайда тұлғаның құндылықтарға бағдарлануы ерекшеліктері жан-жақты талданып өз дәрежесінде жүзеге асуы мен қоғамдық салада зерттеу аса маңызды мәселе болып табылады. Тұлғаның құндылығы – индивидтің санасындағы қоғамдағы материалды және рухани құндылықтардың таңдаулы бейнесі ғана емес. Адамның киімі, оның заттары, үйі, оның отбасы, балалары, жалпы, У. Джеймс «материалды Мен» сферасына қосқанның барлығы, тұлғаның құндылықтары болуы мүмкін. Тұлғаның құндылығы сондай-ақ топтың құндылығы сияқты қоғам құндылықтарының нақтысы болып табылады, бұл нақтылық тұлғаның әлеуметтік жүйедегі позициясынан және оның даму деңгейіне тәуелді болып келеді.
Жеке адамдық қызығулар мен құндылықтық бағдарлаудың қалыптасуы көптеген факторлардың әсері арқылы болады: қоғам, мектеп, отбасы, микроортаның жақын айналасы тағы басқалар. Тұлғаның белсенділігі тек қана танымдық, еңбек, қарым-
қатынас процестерінде, әрекеттің қоғамдық саяси аясында ғана емес, сонымен бірге, өзінің өнегелі мәнділіктерін өзгерту процесінде қалыптасады. Өзіне қатысты ұстаным жеке адамдардың моральдық дамуының белгілі бір деңгейін талап етеді. Осы деңгейлерді қарастырғанда адам үшін маңызды болатын құндылықтарын, олардың шығармашылық дайындығын осы құндылықтарды алмастыру арқылы өзгертуге болады. Тек өзіңе ғана емес басқалар үшін де жауапкершілікте болу және осы жауапкершіліктерді алып жүре білу деңгейі, жеке адамның индивидуалды әлеуметтік дамуын бейнелейтін әлеуметтік өзін-өзі бағалау және әлеуметтік өзіндік сана деңгейі, өзінің қылықтарының және басқа адамдардың қылықтарының бағалауы арқылы берілген өнегелі мотивация деңгейі, мінез-құлык тәсілдері, жеке адамдардың басқа адамдармен қарым-қатынасындағы әлеуметтік қажеттіліктеріне және қабілеттеріне бағыттылық деңгейі болып табылады.
Тұлға құндылықтары – бұл тек қоғамның материалды және рухани құндылықтарының индивид санасындағы таңдамалы бейнеленуі ғана емес; индивид, тұлға құндылықтары ретінде индивидке қатысты оның ортасының «сыртқы» болып көрінетін компоненттері болуы мүмкін. Бұл ойлар, сезімдер, түсініктер мен бейнелер елестер мен пайымдаулар тіліне аударылғанда қажеттіліктер мен қызығушылықтар. Алғашқылары біздің бағалауымыздың объектісі болып табылады, олардың құндылығын әлі анықтауымыз қажет. Ал, екіншілері болса, осындай бағалауды іске асыруға мүмкіндік береді, бұл адамдар қоршаған шынайылықты өзі үшін мәнді анықтауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік құндылықтар функционалды түрде нақты бір рөлдерді атқарады. Олар адамға өз пікірін білдіруге көмектесетін бағдарлардың адамдар санасында қалыптасуы мен сақталуына негіз болады. Мұндай жағдайда құндылықтар сананың бөлігі болып кетеді. Бұл процесте құндылықтар адамдарды, заттарды, идеяларды және жағдайларды адаммен бағаланатын тұлғалық шкаладағы санақтың өзінше бір басы болып табылады.
Дәл осы кезде, екінші жағынан, құндылықтар іс-әрекет пен мінез-құлықтың мотиві секілді жаңа түрде шығуы, яғни адамның әлемдегі бағдары және нақты бір мақсаттарға жету үшін тырысуы қатал түрде тұлғалық құрылымға кіріп кеткен құндылықтармен өзара қатынастырылады. Сондықтан, құндылықтар адам мінез-құлығы мен іс-әрекеттің мақсатымен анықталатын жағдайды көрсетеді, тырысулар объектісін «құнды» секілді қарастырады. Олар шынайы өмірде ұнамды және ұнамсыз жақтарын табуға және өзінің мақсатқа бағытталған іс-әрекетін танылған және күтілетін жәйттер есебінен құруға көмектеседі.
Қоғамның экономикалық, әлеуметтік, саяси, мәдени сфераларына әсер ететін қоғамдағы кез-келген терең өзгерістер, осы өзгермелі жағдайлардың орын алуы мен ондағы адамның орны, осыған сәйкес объективті қысым тудырады және осы жаңа жағдайларға адамның жеке құндылықтарының өзгеруіне алып келеді. Мұндай ситуация қазіргі таңдағы өркениетті нарықты қатынастардың пайда болуымен күрделене түсті. Бұл жағдай қоғамның және адамның мұндай қатынастарды бағалауымен, түсінуімен байланысты болады.
Қорыта келе, құндылықтық бағдарлар қоғам өзгерістерімен шарттас болғандықтан қоғамдық жүйенің өзгеруі әлеуметтік саладағы өзгерістер жұртшылықтың санасында құндылықтық бағдарлардың жаңа жүйедегі орнығуына айтарлықтай ықпал етуде. Қазіргі таңдағы тұлғаның қалыптасуындағы, әсіресе жаңа буын қалыптасуындағы құндылықтық бағдарлар өрісінің бейтарап тұрғандығын көрсетсек болады. Бұрыңғы құндылықтардан қол үзген, ал жаңа құндылықтарды әлі де
қабылдай қоймаған біздегі қазіргі буын шын мәніндегі бейтарап өрісте тұр. Сондықтан да, біздер тұлғаның бойында құндылықтық бағдарлар дамуына, қалыптасуына үлкен әсер етіп, мән беруіміз қажет.
1.7 Өзін-өзі кәсіби анықтау және өмір мағынасының психологиясы
Кәсіби бағдар берудің басталуы 1908 жалға жатады. Бұл кезде алғашқы кәсіби кеңес беру бюросы Бостан қаласында (АҚШ) ашылды. Бірақта кәсіби бағдар беру бұдан да ерте кезде пайда болған деп айтылады. Кәсіби бағдар беру адами қоғамның дамуын тұтынудан пайда болған. Әрине, кәсіби бағдар беру мамандықтан бұрын пайда болмаған. Адамның кәсіби жарамдылық бағасының кейбір элементтерінің тарихы ерте ғасырда жатыр. Бұл көбінесе білім диагностикасына, білікке және қабілетке жатады. Б.д.д мыңжылдықта Ежелгі Вавилонда жазушылыққа дайындалып жатқан мектеп түлектері сынақтан өткізілген. Сол кездегі білімге сай кәсіби дайындалған жазушы месопотомия өркениетінің орталық фигурасы болған: ол алқапты өлшеуді, мүлікті бөлуді, әң айтуды, әр түрлі аспаптарда ойнай білген. Сынақ кезінде маталардың, металлдардың, өсімдіктердің, өсімдіктердің түрлерін ажырата білулерін және де барлық төрт арифметикалық әрекеттерді білулерін тексерді.
Кәсіби өзін-өзі анықтау – адамның өз кәсіби қабілеттерінің даму деңгейі мен бағытын ұғынуы. Кәсіби өзін – өзі анықтаудың басты (ізгі) мақсаты – адамдағы өз даму келешегін өз бетінше саналы түрде жоспарлауға және оны іске асыруға деген іштей дайындықтың бірте – бірте қалыптасуы. (Ізгі мақсат деп аталу себебі бұл мақсатқа қол жеткізу өте сирек кездеседі). Кәсіби өзін-өзі анықтаудың міндеттерінің негізгі топтарына ақпаратты-анықтамалық немесе ағартушылық, диагностикалық (өзін-өзі тануға жәрдемдесу), моральді – эмоциялық (таңдауда, шешім қабылдауда көмек көрсету) міндеттері жатады. Адам өзі көп жағдайда өзін-өзі кәсіби анықтай алмайды, сондықтан ол кеңесшінің көмегіне жүгінуіне тура келеді.
Кәсіби анықталу – бұл біртұтас жүйе, яғни әртүрлі өзара байланысты компоненттерден, қоғамдық мақсаттардан және басқарудан тұрады. Бұл дегеніміз: кәсіби ашылу, қызығушылықтың дамуы, оқушылардың ойын іс-әрекеттері: танымдық және еңбектік, кәсіби психодиагностика, кәсіби кеңес беру, кәсіби іріктеу, кәсіби бейімделу және кәсіби тәрбиені айта аламыз. Қазіргі уақытта қоғамдағы саяси және экономикалық тұрақсыздық әсерінен, адам тек қана өз-өзіне сену керек. Ол қоршаған ортада жылдам, сөзге шешен, әртүрлі мамандықты тез және жеңіл иеленуі, соған өз сәйкестігі мен қабілеттілігін анықтау тиіс.
Жастар үшін ерекше мәселе – мамандық таңдау. «Қазақстан – 2030» стратегиялық даму бағдарламасы негізінде жан-жақты маман-кәсіпкер, қызметкерді даярлауды жетілдіру; кәсіптік оқу орындарына қайта бейімдеу, шаруашылық, коммерциялық оқу саласын дамыту, кәсіптік мектептер мен жұмысқа орналастыру орталықтарымен бірлесе отырып атқарар жұмыс түрлерін жетілдіру, кіші және орта бизнес үшін мамандар даярлау қажеттігі туындап отыр. Қазіргі нарық тұсында жұмыс орындары қысқартылып жатқанда, мектеп бітіретін жастарымыздың қателеспей, өз қабілеттілігіне сәйкес мамандық таңдауы тіпті қиынға айналды деуге болады.
Тұлғаның өмірлік мағынасы. Адам баласы тұлға болып қалыптаса бастағаннан оның өмірінде маңызы күшті, мағынасы терең жайттар болып жатады, ол адамның өмір сүру барысында, жасерекшелігіне де байланысты болып келеді. Адам тек өз өмірінің мағынасын тауып қана қоймай, оны ары қарай жүзеге асыруы керек. Адам өз өмірінің мағынасының алдында жауапты, мағынаның орындалуы қарапайым процесс
емес. Өз өмірінің мағынасын ұйымдастыруда тұлғаның мағынасы қайталанбас болады. Тұлғаның мағынасы әрқашан қоғаммен тығыз байланыста болып келеді, индивид өзінің бағдарында қоғамға байланысты икемделеді және керісінше, қоғам мағынасы өз кезегінде индивидтің тіршілік етуіне негізделеді.
Қазіргі таңда тұлға мағынасына көп ғалымдар қызығушылық танытуда. Алайда теориялық жоспарда «мағына» мәселесі шатасқан мәселелердің бірі болып отыр. Отандық ғалым А. Н. Леонтьев алғаш рет «мағына» түсінігін ашуға тырысты. Оның айтуы бойынша: мағына әрекет мотивінің мақсатқа қатысты көрінуі [14]. Бұнда абстрактілі анықтама болып тұр, бұны психологиялық тілге аудару өте қиын. К. Вилюнастың тұжырымы бойынша: А. Н. Леонтьевтің «мағына» терминін мотивтің қалыптасуындағы аралық мақсат болып тұр дейді [15].
Өткен ғасырларда өмір сүрген ғұламалар бұқаралық санадағы түсініктерге талдау жасай отырып, адамның болмысының абстрактілі және өзгермейтінін негізге ала отырып, адамның өмірінің мәні оның іс-әрекеттерінің негізгі мақсаты мен мұратынан тұрады деген қағидаға ден қойып келгені мәлім. Бұдан дүниені рухани құралдармен өзгерту мүмкіндігі туралы ой туады. Көптеген философтар өмірдің мағынасын жеке адамның дүниетанымдық жүйесінің көрсеткіші, моральдық нормаларды бейнелейтін реттеуші ұғым ретінде қабылдайды. Бұл жерде адам өмірінің мағынасын белгілі бір тұтынушылық стандарттар мен жеке бастың қамтамасыз болуына жетумен байланыстырудың да негізсіз емес екендігін айта кету керек. Өмірдің мағынасы туралы сауалдарға ғылыми тұрғыдан нақты жауап қайтару мүмкіндігін теріске шығаратын теориялар да жоқ емес. Ондай тұжырымдар өмірдің мағынасы әр жеке адам үшін өзінше, қайталанбас өзгешелігінен туындаса керек. Егер дүние жүзінде 6 млрд-тан астам адам бар десек, өмірдің мағынасы туралы сонша пікір бар.
Ал, өмірдің мағынасы туралы философтар пікірлерінің жалпы адамзатқа ортақ, әлдеқалай бір жиынтық тұжырым болып шығып жатуының да өзіндік жөні бар. Адам өмірінің мағынасы оның әлеуметтік жағдайларымен айқындалады. Адам – белсенді әрекет иесі. Ол әлеуметтік дамуды жеделдетіп немесе тежеп, оған тура ықпал ете алады. Тарихтың түрлі кезеңдерінде өзгеріп отыратын адам өмірінің мәнін, құндылығын айқындаушы – сол адамның өзі. Және ол жеке адамнан, қоғамнан тыс ұғым емес, адамның мақсаттары мен қоғамды диалектикалық тұрғыдан біріктіретін ұғым. Өмірдің мағынасы туралы айтқанда, біз оралмай кете алмайтын бір ұғым бар. Ол – бақыт туралы ұғым. «Өмірдің мағынасы оны бақытты етіп өткізуде» деген тұжырымның кез келген адамға түсінікті әрі жылы естілетіні содан болса керек.
Бақыт дегеніміз – өзі болмысының шарттары мен адамның кең ауқымды ішкі қанағаттанушылығына сәйкес келетін, өмірінің толыққандылығы мен маңыздылығын, өзінің адамдық мұратына жету күйін көрсететін моральдық сана ұғымы. Бақыт мұраттың сезімдік-эмоциялык формасы болып табылады. Бақыт ұғымы белгілі бір нақты объективті жағдайды немесе адамның субъективті күйін сипаттап қана қоймайды, сонымен бірге адам өмірінің қалай болуы керек екендігі, ол үшін ненің игілікті бола алатыны туралы түсініктерді де саралайды. Осыған байланысты бақыт ұғымы нормативті-бағалық сипат алады. Бақыттың мазмұны әр адамның өз өмірінің мұраты мен мағынасын қалай түсінуіне байланысты. Бақыт сондай-ақ тарихи және ұлттық шарттылық сипатта көрініс береді [16].
Қазір бүкіл прогресшіл адамзат қауымы қабылдаған демократиялық қағидалар біздің өмірімізге де мықтап ене бастады. Тұлғаның мүддесі қоғам мүддесінің астында тапталып қалмайтын болды. Бірақ бұл жағдай жекенің мүддесі үшін қоғам зардап шеге
берсін дегенге апарып салмаса керек. Ол екеуінің арасындағы байланыстар табиғи, бірін-бірін толықтырып отыратын болуы керек. Қоғам бақытты болса, ғана адам бақытты. Ал қоғамның бақыты оның әр мүшесінің бақытынан құралады.
Қатардағы адамның түсінігіне салсақ, бақыттың белгісі жанына жайлылық, тәніңе ләззат беру болып шығар еді. Бұл да өмірлік тәжірибеден алынған, сонысымен көпшіліктің санасына орныққан жағдай болар. Солай болғанның өзінде оған жетер жол біреу-ақ. Ол – табиғи жол, еңбек жолы. Бұл жолмен көңілдің хошын табу – әр адамның өмірлік нысанасы болуға тиіс. Өмір және оның мағынасы туралы ой қозғаған ұлылардың бәрі бақытты еңбекпен байланыстырады. Осы ұстанымды қуаттайтын ойшылдарды, ғұламаларды, көркем-өнер кайраткерлерін көптеп кездестіруге болады. Көпке танымал болмаса да, қатардағы салауатты адамдар да осыны мақұлдайды.
«Бақыт тек еңбекпен келеді» деген тұжырым әлімсақтан келе жатқан ақиқат, белгілі аксиома ретінде әлі күшін жойған жоқ. Адамның өзі таңдаған кәсіппен айналысуы, ұзақ және қызықты еңбек жолынан өтіп, мол тәжірибе жинап, кәсіпқойлықтың шыңына шығуы, шабытпен еңбек етіп, оның нәтижесін көруі – міне, адамды бақытқа бастап апарар баспалдақтар осы болса керек. Еңбек еткеннен кейін, оның зейнеті болады. Адал еңбек еш кетпейді. Қатардағы қарапайым адамдардың арасында өзі қалаған мамандығы бойынша еңбек етіп, көпшілік алып жүрген жалақысымен орташа күн кешіп жүрсе де, Отанының аясында, достары мен туыстарының арасында, тату-тәтті өмір сүріп жүргенін бақыт санайтындар толып жатыр. Жаңа қоғамдық-экономикалық жағдайдағы құндылықтарға бағдарлануы мен жастардың өзіндік сезімінің қалыптасуы және қоғамның дамуындағы жаңа тенденциялары мен өмірдің барлық жақтары сапалы өзгерістерге ұшырады.
В. Франкл айтқандай, өмір мағынасын адам жаны ұмтылатын рухани деп түсіндіреді. Өмір мағынасын түсіну әр түрлі жас кезеңінде және әртүрлі жағдайда пайда болуы мүмкін, сондықтан адам өз тіршілігіне өзі мән беруі тиіс, әйтпесе оған сырттан келер көмек жоқ. Өмірдің мағынасы жазылып, құрастырыла салмайды, ол өмір бойы жинақталады. Өмір мағынасын іздестіру адам үшін, табиғи құбылыс болып саналады [3].
Күнделікті істі ысырып қойғанда, адам шексіз әлем туралы ой қозғайтыны жасырын емес. Ол әлем бізге сондай жақын бола тұра, сондай бөгде, алшақ орналасса да, сондай қол жетімді. Осы әлем адамға махаббат, сұлулық пен тәтті әуен, гүлдердің хош иістері іспеттес кереметтерді сыйлай отыра, тағы табиғи апаттар мен соғыс, эксплуатация, жұт сияқты зілзаларды әкеледі. Адам өзін ғаламның шаңы екенін бар тәнімен сезінеді, оның өмірі бар жоғы Жер шарының Күнді бірнеше ондаған рет айналғанмен тең, ал Ғаламның көзге ілінбестей қозғалысымен тең уақыт екенін біледі, ең ақырында адам бар жоғы сол шаңға айналады. Осы мәселелер жайлы сан ғасырлар бойы ойлана келе адам әр кезде өзіне сұрақ қояды: Жер бетіндегі адамдар не үшін өмір сүреді? Біздің осы әлемдегі өміріміздің мағынасы қандай?
Тарихқа көз жүгіртсек, өмір мағынасы туралы ізденістердің түрлі нұсқаларын көреміз. Прогрессивиті ғалымдар, философтар мен ойшылдар өмір мағынасын ғылыми түрде дәлелдеп шығаруға тырысып бақты. Ондай әрекеттерді біз антикалық философтарда, 18 ғасырдың алдыңғы қатарлы француздық ағартушыларда және орыстың революционер-демократтарында байқаймыз. Олар халыққа, қоғамға жарқын болашақ туралы оптимизмді жеткізуді мақсат көрді.
Өмір мағынасы жайлы сұрақ адам өмірінің басты сауалы болып табылады. Адам, санасы бар жан болғандықтан өзіне келесідей сұрақтар қоюы заңды-ақ: бұл ғалам
қалай пайда болды және оның мағыналы өмір сүруіне кім жауапты, өмір сүрудің мағынасы неде және өмір сүрудің басты мақсаты не? Өмір мен өлім, мәңгі өмір мағынасы қоғамда құндылықтар кризисі орнағанда өте жиі қолданыла бастайды. 20 ғасырда адам, тұлға тұрмыс мағынасының өлшемі болды. Ерте ме, кеш пе әйтеуір адам өмірінде философиялық көзқарастар оянатын кездер болады, ол кездің басты қаңқасы адамның өмір мағынасын іздеумен сипатталады.
Сонымен, 20 ғасырда батыстық философия мен психоаналитикалық және постмарксисттік дәстүрлерге ортақ мәселе – әр адамның өмір мағынасын іздеу не табудың рухани құндылыққа айналуы болды. Адамның қоршаған орта мағынасын түсініп, сол ортада өз бағытын таба білуі осы мәселенің басты мәніне айналды. Өмір мағынасы – адамның өмірлік бағыттар, мақсаттар мен бағдарламалар және оларды жүзеге асыру жолдарының жиынтығы болып келеді.
Барлық когнитивтік (зерттеушілік) әрекеттер адамды осы өмірде өз орнын іздеуге, өмірлік мақсаттарын айқындауға, қоғамда белгілі бір статустарға ие болуға итермелеп отырады. Индивидтің өмірлік бағыт анықтау процесі көбіне басқалармен қарым-қатынас жасау, өз мүмкіндіктерін дамыту және сол мүмкіндіктерді пайдалана алу сияқты әрекеттердің тізбегінен құралады.
Өмір мағынасын іздеуде социум үлкен жұмыс атқарады, социумда адамның тұлға болып қалыптасу жолындағы көпжоспарлы идентификация жүзеге асырылады. Тұлға болып қалыптасқан байқуатты, танымал әрі актуалды дамуы тоқтамаған адамның жеке құпиясы оның сырт келбетінде емес, оның киіну, сөйлеу, басқалармен қарым-қатынас жасау жолдарында емес оның өз мүмкіндіктерінің шегінен таси алатындығында, өзін-өзі анализдеп, өзін-өзі сырттан бағалай білуінде, сол адамның өмір сүру әдістерінде және де, өз өмірін өзі құра білуде деп түсіну керек.
Кез келген тұлғаның өмірінде белгілі бір орын алатын өмірлік-практикалық мәселені өмір мағынасы деп таныса да болады. Өмірлік-мағыналық мәселе іс-әрекет арқылы жүзеге асып, адамның өз өмірін құрғысы келетіндіктен, өзін көп байланысқа мүмкін субъект ретінде қарастырылуына ұмтылыста көрініс табады. Адамның тұлға болып қалыптасуының басты критерийі адамның өзін өмірлік ортада сезінуі болып табылады. Ол үшін индивид түрлі салалар мен түрлі әрекеттер барысында идентификацияланады, ол әрекеттер күнделікті, коммуникативті, зерттеушілік, қолы бос кездегі, кәсіпқойлық, сексуалды, эстетикалық, діни және тағы басқа әрекеттер болып саналады. Адам өмірінің мағынасы туралы сұрақ, әдетте сол адамның өмірлік тәжірибесінің және жалпыға бірдей табыстылық көрсеткіш бойынша табыстылығының өлшемін туғызады. Бұл стандарттар кейбір адамдарға қолданылмайды. Тағдырға теңдестіріліп қарастырылатын өмірлік жолда үнемі белгілі және белгісіз кедергілермен күрес жүреді, сол күрес барысында адам айналаны және өзін-өзі тану арқылы ұстанымдылыққа қол жеткізеді.
Өмір жолында адам үнемі өзін-өзі асып түсіп отырады, себебі адам өмір туралы ойланып қана қоймай, өмірдегі мәселелер мен қиындықтарды шешу жолын қарастырады, сонымен қатар өз әрекеттерін және айналасындағы қоғаммен, туыстарымен, жанұясымен және өз-өзімен қарым-қатынасты реттеп, оларға байланысты шешімдер қабылдап отырады. Басқа адамдар өмірі мен өз өмір шығармашылығындағы байланыс адамды өмірді бағалауға және өмір мағынасын табуға итермелейді.
В. Франклдың пайымдауынша, қазір біз күйреу заманында өмір сүрудеміз. Осы күйреу заманының ықпалына түскен адамға Франкл сәйкесінше жан күйзелісінің
ерекше диагнозын қояды – ноогенді невроз. Бұл невроз стомагенді және психогенді неврозбен теңдестіріледі, алайда, ол ерекше күйзелістерге әкеледі, бұл күйзелістегі жандар «экзистенциалды вакуумға» түседі, оның салдары қалыпты іш пысулық пен апатия және өмірге деген қызығушылықтың жалпы болмауы. Бұл вакуумға түскен адамдар әдетте «өз өмірімнің ешбір мағынасын таппадым» деп күйзеледі. Өз өмірін осылай құнсыз- дандыру әдетте суицидалдық әрекеттердің бастапқы қадамдары деп танылады. Сонымен қатар, экзистенциалды вакуум тұлғада басқа да невротикалық реакциялардың дамуына ықпал етуі мүмкін (аггресивті немесе сексуалды мінездегі).
В. Франкл бұл апатия мен неврозға қарсы дәрі ретінде рухани психотерапияны қолдануға кеңес береді. Ол тіпті бұл неврозбен күрес ретінде өзінің логотерапия атты емдеу курстарын ұсынды. Алайда, бұндай фундаменталды концепция дәл осындай фундаменталды онтологиялық негізге ие болуы тиіс.
Жоғарыда аталып кеткен ноогенді невроз ықпалының күшін байқай отырып біз қазіргі таңда жалпыға бірдей құндылықтар өз күшін жойып, экзистенциалды вакуум жағдайы қалыптасып келеді деп айтуымызға толық мүмкіндігіміз бар. Бұл жағдайда ұрпаққа білім беру мәселесі белең алады, себеп біреу, жалпыға бірдей құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізе отырып, әр ұрпақтың өз бетінше құндылықтарды анықтайтындай етіп білім беру. Берілген білім келесі ұрпақты «өз бетінше қайталанбас құндылықтарды табуға және тәуелсіз түпнұсқалы шешімдер қабылдауды» үйрету. Бұл заманға қарсы тек ұят қана тұра алады, себебі тек ұят қана адамға экзистенциалды вакуум эффекттеріне, конформизм мен тоталитаризмге қарсы тұруға көмектесе алады. Негізгі мәнінде адам өмірі адамның рухани еркіндігі мен оның ішкі және сыртқы тағдыры күресінің көрінісі болып келеді. Өмір мағынасы мәселесі өз кезегінде адамға психологиялық зардабы бар құбылыс. Мағынаның жоғалуы адамның психологиялық денсаулығындағы өзгерістерге тікелей байланысты болады.
В. Франкл құндылықтар әлемін үшке бөліп көрсетеді. «Жасау» құндылығы (продуктивті шығармашылық әрекеттер барысында іске асады), «күйзеліс» (күйзелістің шарықтау шегінде іске асады) және «қарым-қатынас» (адам орналасқан позицияда іске асады). Осы категориялар арасында белгілі бір иерархия орнаған, ол иерархия адамның ресурстары мен мүмкіндіктеріне байланысты орын алады. Адам мүмкіндіктерінің азаюымен осы категориялар немесе топтар арасы қысқара береді. Алайда, адамның ешбір мүмкіндігі немесе ресурсы болмаған жағдайда да, ол кез-келген уақытта осы құндылықтардың біреуіне қол жеткізе алады. Ал құндылығы бар өмір - мағынасыз өмір санатына жатқызылмайды, сондықтан адам өмірі мағынасының жоғалуы еш уақытта да мүмкін емес деп Франкл пайымдайды.
Адамды өмір мағынасын түсінуге үйретуге болады ма? Әр адамның өмірі қайталанбас болғандықтан, жалпыға ортақ мағына түсінігі жоқ. Дәл осы себеп өмір мағынасын іздеу процесін жеке, индивидуалды және сырт көзге көрінбейтін процеске айналдырады. Олай болса өмірдің ащы-тұзшысына көніккен адамдардың қалдырған ақыл-кеңестерін қайтеміз? Олар бізге дайын, ұғуға жеңіл алгоритмдер ретінде беріледі емес пе? Басқалардың қателігінде үйренуге болады деген пікір бар ғой. Бар мәселе кімге және кімнің қателіктерінде үйренуіне тура келетіндікте болып тұр. Бөгденің (соның ішінде жалпыға бірдей реттелген адам өмірі тәжірибесі) өмірлік тәжірибесін ұғу – адам өміріндегі ізденістер мен шешімдердің кері жолға түсуіне қауіп туғызады. Оны тек басқаларды ұғыну үшін қолдануға болады, тек өз тағдырыңа жақындатпасаң болғаны.
Сонымен, қорыта келе, тұлғаның өмірлік мағынасын әр бағытта әр түрлі түсінеді және де әр адам өзінше тұжырымдайды, сол себептен «мағына» түсінігі кең ауқымды болып келеді. Әр тұлға өмірінде мағынасы терең жайттар болады. Өмір мағынасын іздемейтін адам болмайтын шығар, егер де, белгілі құндылықтарға ие адамда мағына бар деп ұғынамыз. Бір адамға мағынасы мол болса, басқа адамға ол жай қарапайым болып көрінуі мүмкін, сол себептен мағынаны адамдар өзінше бағалайды және саналайды. Өмір мағынасына әр тұлға субъективті баға береді, адамның өз өмірінің бағытын түсіну, өмірдегі өз орнын анықтау, алдыға қойған мақсаттары нақтыланады. Осыдан мына сұрақтарға келіп тірелеміз:
Өмір құндылықтары неден тұрады? Өмірдің мақсаты не болып табылады? Не үшін өмір сүреміз?
1.8 Тұлғаның денсаулық психологиясы
Денсаулық дегеніміз – адамның басқаларға, табиғатқа, өзіне мейірімді қатынасы, оның әлеуметтік және дене үйлесімділігі.
Психикалық саулық – өнімді іс-әрекет нәтиже болып саналатын психикалық функциялардың табысты орындалуы, басқа адамдармен қарым-қатынас орнату және өзгерістерге бейімделе алу қабілеті, жайсыздықтарды жеңе алу.
Психологиялық саулық – психикалық саулықтың психологиялық аспектілері: өмір бойы үздіксіз даму мүмкіндігіне байланысты адамның жас ерекшелігі, әлеуметтік, мәдени рөлдерін адекватты орындау шарты.
Психологиялық дені сау адам шығармашыл, жарқын, көңілді, ашық, өзін және қоршаған әлемді ақыл-парасатымен ғана емес, сонымен қатар, сезімдер мен интуициясы арқылы да танушы адам. Ол өзін толығымен қабылдайды және оны қоршаған адамдардың құндылығы мен бірегейлілігін толық мойындайды. Психологиялық саулық жеке адам мен қоғам сұраныстарының арасында үйлесімділікті қамтамасыз ететін, тұлғаның өзінің өмірлік міндеттерін орындауға бағдарлануының алғышарты болып табылатын, адамның психикалық қасиеттерінің динамикалық жиынтығын білдіреді [17]. Тұлғаның психологиялық денсаулығы биологиялық, әлеуметтік, психикалық, рухани дамуға негізделеді.
«Психологиялық денсаулық» терминiне қатысты екi жақты түсiнiк сақталады: бiрiншiден, балалардың психологиялық денсаулығы бiлiм беру жүйесiндегi психологтардың кәсiби шеберлiгiн, психологиялық қызметтiң тиiмдiлiгiн көрсететiн критерий; екiншiден, психологиялық денсаулықтың ғылыми анықтамасы әлi де нақтыланбаған. Осы жағдайға байланысты адамның психологиялық денсаулығы мәселесінің теориялық-пәндiк аспектiлерiн зерттеу, жас кезеңдерiне байланысты қазақ балаларының психологиялық денсаулығы ерекшелiктерiн, қамтамасыз ету амалдарын анықтау – практикалық психологиялық қызмет үшiн маңызды көкейтестi мәселе болып табылады.
Ғылымда «психикалық денсаулық» және «психологиялық денсаулық» түсiнiктерi қолданылады. Бiрiншiсi – медициналық категория, екiншiсi – практикалық психологиялық қызметтiң мақсаты болып табылады. Сондықтан, өз зерттеуiмiзде психологиялық денсаулық мәселесiн қарастырамыз.
Психологиялық денсаулықты дамытудың белсендi, жедел әдiстерi – тренингтер, индивидуалды-коррекциялық тәсiлдер ұйымдастырылып, қолданылуда. Олар топтық және индивидуалды жұмыстарға негiзделiп, тиiмдiлiгi дәлелденген (И. В. Дубровина,
В. И. Слободчиков, А. В. Шувалов, О. В. Хухлаева). Әлеуметтiк-психологиялық тренингтердiң әртүрi – сензитивтi, оқытып-жаттықтырушы, өнер-би, арт (сурет) тренингтердiң және индивидуалды коррекциялық тәсiлдердiң – бастауыш сынып жасындағы балалардың психологиялық денсаулығын қамтамасыз етуде тигiзетiн психологиялық әсерi әлi де болса кеңейтiле зерттелмеген.
19 ғасырдың басым дидактикалық жүйесінің бірі-денсаулықты сақтау педагогикасы. Оның технологиялық негізі оқытудың денсаулықты сақтау технологияларын пайдалану және денсаулыққа зиян келтірмей оқытуды ұйымдастырудың тәсіл, форма, әдістерінің жиынтығы болып айқындалады. Адам өз өмірінің көп уақытын білім беру мекемелерінде өткізеді, сондықтан білім алушылардың денсаулықты құндылық қатынас ретінде ұғынуы үшін педагогтың рөлі зор болып табылады. Денсаулықты сақтау технологиялары білімалушының психикалық денсаулығын қамтамасыз етуге арналған және сыныптың ерекшелігін есепке алу, сабақтағы қолайлы жағдайды қалыптастыру, оқу материалына деген қызығушылықты сақтап отыру, гиподинамияның алдын алу, іс-әрекеттің әр түрін орындау, оқытудағы сәттілікті арттыру [18].
«Психологиялық денсаулық» терминін И. В. Дубровина енгізді, ол психологиялық денсаулықты психикалық денсаулықтың психологиялық аспектісі ретінде, яғни тұлғаның рухани дамуымен көрінуіне байланысты түсіндіреді [19].
Психологиялық денсаулық:
- адамның жас ерекшелік, әлеуметтік, мәдени (бала немесе ересек, мұғалім немесе менеджер, қазақ немесе араб) рольдерді адекватты орындауы;
- адамның үздіксіз даму мүмкіншілігін қамтамасыз ету.
Психологиялық денсаулықтың құрылымы:
- аксиологиялық;
- инструменталдық;
- қажеттілік-мотивациялық.
Аксиологиялық – адамның өзінің және өзгелердің құндылығын ұғынуы (өзін қабылдауы және жынысына, жасына, мәдени ерекшелігіне қарамастан өзгені де қабылдай алуы)
Инструменталдық – рефлексияны өзін-өзі тану құралы ретінде өзінің жан дүниесін және өзгелермен қатынасын ұғыну қабілеті ретінде игеруі (өзінің және өзгелердің эмоционалдық жағдайын, мінез-құлқының ерекшелігін ұғынуы). Қажеттілік-мотивациялық – өзіндік дамуды қажетсіну (өзін дамытуға деген жауапкершілікті сезіне білу). Психологиялық қолдау көрсету формасын айқындау үшін норма және психологиялық денсаулық көрсеткішін қарастыруымыз қажет.
Норма адамның қоршаған ортаға бейімделуімен және оны өз қажеттілігіне сәйкес бейімдей алу іскерлігімен айқындалады. Осы жоғарыдағы норма ұғымының анықтамасына сәйкес психологиялық денсаулық деңгейі былай айқындалады:
- жоғары деңгейі – креативтілік тұлғаның психологиялық көмекті қажет етпеуі (ортаға тұрақты бейімделе алуы, стрестік жағдаяттардан шыға алуы, қоршаған әлемге белсенді, шығармашылық қатынасының болуы);
- орташа деңгей – бейімделу алдын-алу, дамыту бағытындағы топтық жұмысты ұйымдастыру (социумге бейімделе алуы, үрейленудің басым болуы);
- төменгі деңгей – бейімделе алмаушылық мінез-құлықтың ассимилятивтік-аккомодативтік стилінде индивидуалдық психологиялық көмекті қажетсінудің (мінез-құлықтың ассимилятивтік стилі өз қажеттілігі мен мүмкіншілігіне залал тудыра
отырып қоршаған ортаға бейімделуге тырысуы, мінез-құлықтың аккомодативтік стилі – өзгелерді бағындыруға тырысуы) маңызды болуы. Білім алушылардың күші мен қуаты сабақ барысында әлсірейді, сондықтан психолог эмоциялық қалыпты реттеуге үнемі көмектесуі керек. Психолог төмендегі мәселелерді шешуі қажет,олар:
- психоэмоциялық және соматикалық тынышталуына, қиналысты жоюға, жан дүниесінің, жүйке жүйесінің, психикасының қызметінің ретке келуіне мүмкіндік беру;
- тұлғаның қарым-қатынасындағы проблемаларды шешуге көмектесу;
- эмоциялық, ақпараттық, оқу, физиологиялық стресті жою техникаларын пайдалану;
- тұлғаның өзіне жағымды қатынасты қалыптастыру;
- еңбекке қабілеттілікті қолдау және оны сақтауға үйрету;
- тұлғаның өзіндік рефлексиясын дамыту;
- тұлғаның лидерлік қасиетін дамыту;
- қызметте сәттілікке жетуді үйрету;
- қызметте эмоцияны сақтауды үйрету;
- тұлғаның ұйымдастырушылық қабілетін дамыту;
- мінездің іскерлік жағын дамыту;
- өзінің және өзгенің эмоциялық жағдайын ұғыну мен қабылдау іскерлігін дамыту;
- сумен шынықтыру тәсілдерін үйрету;
- тыныс алу жаттығуларын үйрету.
Тау етегінде, орманда, су жағалауында теріс иондар – аэроиондар өте көп, оларды біз «ауа дәрумендері» деп атаймыз. Денсаулықты нығайту үшін олармен тыныстай білуге үйрету. Психологиялық денсаулық бөлмесін ұйымдастыру қажет, өйткені ол адамның психологиялық және физиологиялық жағдайына ықпал ететін ерекше орын. Қазіргі танда әр адамның соматикалық және психикалық денсаулығына негативті ықпалдар әсер етіп, оны дағдарыстық жағдаятқа түсіруде, ал психологиялық денсаулық бөлмесі эмоциялық қалыпты реттеп, психологиялық үйлесімділіктің дамуына жағдай туғызады.
Бұл бөлмені кез-келген білім беру мекемесінде ашу қажет, өйткені білім беруші, білім алушы мен қызметкерлерді басқару көптеген күш-қуаттың жұмсалуына алып келеді. Мұғалімдер, білім алушылар мен қызметкерлер өзгелерге қолайсыздық туғызбай-ақ өзінің ашуы мен ызасын сыртқа шығарып, көңіл-күйін, эмоциялық жағдайын жақсарта алады.
Ең бірінші бұл бөлмеде музыка үнемі ойнап тұруы қажет және ол жағдаятқа байланысты өзгеріп отырғаны абзал ( табиғат үнін, құстың сайрағанын тыңдау). Ауадағы көбікті түтікшелер көңіл-күйді жақсартады, ал түрлі-түсті проекторлардан шыққан түрлі-түсті толқындар адам жағдайына позитивті ықпал етеді.
Бір-екі кресло және бірнеше орындықтар, сонымен қатар топтық сеанстар үшін кілемде төселінуі қажет [20].
Білім алушының психологиялық денсаулығын қалыптастыруда үшін психологиялық кабинеттің де маңызы зор.
Психологиялық кабинет психологиялық стресті әлсіретіп, қолайсыз жағдаяттарға қарсы тұрып, позитивті қуатты игеруге, психокоррекция мен психологиялық кеңес беруге арналған болып табылады және релаксациялық музыка кітапханасын жинақтау, ауадағы көбікті түтікшелерді және арнаулы оң әсер ететін жарық құрылымын
орналастыру қажет. Оқушылардың психологиялық денсаулығын қалыптастыру үшін педагогикалық үдерісте төмендегідей жұмыстар жүруі қажет:
- сергіту сәті және қозғалыстық ойындар;
- «тыныштық сәті»;
- гимнастика түрлері (емдік гимнастика, тыныс алу);
- массаж;
- психогимнастика;
- тренингтер;
- фитотерапия, ароматерапия, витаминотерапия;
- физиотерапия кабинеті;
- педагог пен білім алушылар үшін денсаулық сақтау тренингтері;
- тақырыптық мерекелер.
Пысықтауға арналған сұрақтар
1. Психология пәні, психология пәнінің даму тарихы?
2. «Мотив» және «мотивацияның» адам өміріндегі маңыздылығына сипаттама бер.
3.Эмоция, эмоционалдық интеллект туралы түсінік. Ресей мен Қазақстандағы эмоционалды интеллектінің дамуы.
4. Ерік – адам өміріндегі маңыздылығы және ерік сапаларын дамыту жолдарын анықтау.
5. Тұлға психологиясының дамуының неше кезеңі қарастырылады?
6. И.С.Кон, А. Н. Леонтьев немесе А. И. Божович бойынша тұлға психологиясына сипаттама бер.
7. Тұлғаның құндылықтарын кім зерттеді?
8. Жас ұрпаққа кәсіби бағдар берудің маңыздылығы.
9. Тұлғаның психологиялық денсаулығын қалаушы факторлар.