2 Үйлесімді қазақстандық тұлғаны қалыптастыру факторы ретінде тұлғааралық қарым-қатынас

2.1 Топтар және тұлғалық қарым-қатынастар

Әрбір адам белгілі бір қоғамға немесе үлкен топқа енеді. Адамдарды жалпы екі топқа бөлуге болады, бұл олардың спецификалық – психологиясының ерекшеліктеріне байланысты, екі топқа бөлінудің негізі топ ішіндегі мінез байланысында. Бірінші жағдайда бұл объективті берілген әлеуметтік байланысына байланысты. Адамдардың осы топтарға мүше болуы олардың еріктеріне тәуелді емес. Ол объективті түрде белгіленген. Белгілі бір мақсаты – бағыты бар адамдар бір топқа бірігуге әкеледі, бұны жекеленген топ деп қарауға болады. Бұл бірігулер негізі психологиялық көріністерден құрылады. Үлкен әлеумметтік топтарды басқа да, қасиеттеріне қарап кластауға болады. Ұзақ мерзімде өмір сүруіне байланысты класстар, ұлттар және белгілі бір уақыттағы митингтер, көпшіліктер, топтар.

Топтың ұйымдастыруына қарай стихиялы түрде ұйымдасқан топ және арнайы ұйымдастырылған топтар болып бөлінеді.

Әлеуметтік топтарға талдау жасау үшін, топтардың әлеуметтік талдамасына сүйене отырып, әрбір топтың психологиялық сипаттамасын, оның әрбір топтың жеке мүшесіне маңызын сипаттауға болады.

Топты іс-әрекетінің бірлігі, сол топтың психологиялық сипатының де бірлігін тудырады, оны «топтың сана» деп атауға болады. Топтардың психологиялық сипаттамаларына: топтық қызығулар, топтық қажеттіліктер, топтық нормалар, топтық құндылықтар, топтық пікір, топтық мақсаттарды жатқызады. Топтың дамуы мен оның адам қоғамы тарихындағы рөлін талдауда (Поршнев, 1966), топтың негізгі таза психологиялық сипаттамасы «біз-сезімі». Яғни, қауымдастықты психикалық тұрғыдан топтастыратын кешенді принцип «біз» деген топтық құрылымға кіретін индивидтердің, «олар» топтық құрылымынан өздерін ажырата білуі.

Қазіргі кездегі көзқарастарға сай, қарапайым топтық параметрлерге: топтың құрамы, топ құрылымы, топтық процесстер топтық нормалар мен құндылықтар, санкциялық (жазалаушылық) жүйелері жатады.

Топтарды зерттеуде топ мүшесі ретіндегі индивидтің орны да топтарды зерттеуде өте маңызды. Бұл жағдайда қолданылатын негізгі терминдер арқылы: «статус», «позиция», немесе индивидтің топтық өмірдегі орны анықталады. Топтық нормалар – топтың өзі құрастырған және қабылдаған белгілі бір ережелері, топ ішіндегі бірлескен іс-әрекет іске асырылуы үшін, әрбір топ мүшесі сол ережелерге бағынуы қажет. Топтық нормалар топтық құндылықтармен де байланысты. Әрбір әлеуметтік топтардың құндылықтары әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан нормалар міндетті түрде топтық құндылықтарға негізделеді.

Тұлғалық қарым-қатынастар – адамдар арасында бірлескен іс-әрекет қажеттілігін туғызып, байланыс орнататын күрделі процесс; екі немесе одан да көп адамдардың арасындағы танымдық немесе эмоционалды ақпарат, тәжірибе, білімдер, біліктер, дағдылар алмасу. Қарым-қатынас тұлғалар мен топтар дамуының және қалыптасуының қажетті шарты болып табылады.

М. И. Лисина «Қарым-қатынас – ортақ нәтижеге жету мақсатында келісілген және бірлескен бағыттағы екі немесе одан да көп адамдардың бірлескен өзара іс-әрекеті» – деп көрсетеді.

«Қарым-қатынас жоғары дәрежедегі динамикалық әлеуметтік- психологиялық құбылыс» – дейді өз еңбегінде Б. Д. Парыгин

Е. В. Руденский бойынша, қарым-қатынас жеке адам қызметінің түрі:

- адамның басқа қызмет түрлерінің атрибуты;

- қарым-қатынас субъектілердің өзара іс-әрекеті.

Л. К. Аварченко: «Қарым-қатынас іс-әрекетпен біріккен өмір сүру формаларына негізделген адамдардың іс-әрекеті» – деп көрсетеді.

Сонымен, қарым-қатынас адамдардың іс-әрекеті арқасында, ақпарат алмасу, өзара әрекеттің бірлік стратегиясын, басқа адамды қабылдау және түсіну барысында адамдар арасында дамитын күрделі көп салалы үрдіс.

Қарым-қатынас барысында адамдардың танымдық хабарлармен, ақпаратпен, тәжірибемен, біліммен, дағдылармен алмасуы және өзара түсінісуі, бірін-бірі қабылдауы жүзеге асады. Қарым-қатынастың интерактивті, коммуникативті, перцептивті деген үш жағы және мезо, макро, микро, рухани, іскер, т.б. деңгейлері болады.

Негізгі қызметі:

1) ақпараттық-коммуникативтік (ақпарат алмасу және адамдардың бірін-бірі тануымен байланысты);

2) реттеуші-коммуникативтік (адамдардың іс-әрекетін реттеу және біріккен әрекетті ұйымдастыру);

3) аффективті-коммуникативтік (адамның эмоционалдық аясымен байланысты).

Адамдар арасындағы қарым-қатынастың басты мақсаты – өзара түсіністікке қол жеткізу. Қарым-қатынас жасауда қатынасқа түскен адамды тыңдап, түсіне білудің маңызы зор. Бұл басқа адамның ішкі жан дүниесін түсініп, оған өз ойын дұрыс жеткізуге мүмкіндік береді. Адамдар басқаларға өз ойлары мен көзқарастарын түсіндіре отырып, түсініспеушілік, ұрыс-керіс пен дау-жанжал секілді жағымсыз құбылыстарды болдырмауға әрекет жасайды. Адамдармен жақсы қарым-қатынас орнатуға мынадай ережелердің орындалуы көмектеседі: барлық адамдармен тең дәрежеде, дөрекілік пен жағымпаздықсыз қарым-қатынас жасау; сұхбаттасушының жеке пікірін сыйлау; бұйрық емес, өтініш деңгейінде қарым-қатынас жасау; басқа адамның пікірін сыйлау және тәжірибесін қабылдай білу. Қарым-қатынас мәдениетін меңгерген тұлға өзімен қатынас жасайтын адамға құрметпен қарап, сыйластық білдіреді. Адамға сыйластықпен қарау жақсы қарым-қатынас жасаудың негізгі өлшемі болып табылады.

Макроорта – бұл өз ғылымы, мәдениетi, идеалогиясы, заңы, қоғамдық өлшемдерi бар қоғам. Микро және макроортаның кездесетiн жерi, олардың өзара әрекеттесетiн шек – бұл кiшi топ, онда бiздiң әрқайсымыздың өмiрiмiз өтедi. Қарым-қатынас тарихи алғашқы форма болып табылады оның негiзiнде өркениет дамуының кейiнгi кезеңдерiнде қарым-қатынастың басқа түрлерi пайда болды. Мысалы: жазбаша қарым-қатынас жазбашалықтың құралуынан кейiн ғана пайда бола бастады. Бiздiң әрқайсымыз адамдар арасында өмiр сүрiп және жұмыс iстегендiктен кез-келген жағдайда өз тiлектерiмiзге тәуелсiз түрде адамдармен қарым-қатынасқа түсемiз.

Егер бiз өз өмiрiмiздi бақыласақ онда мынаны байқаймыз:

- басқа адамдармен өзара әрекеттесiп оларды қабылдаймыз және бағалаймыз;

- жиi түрлi естiгендерiмiздi қызығушылықпен қабылдаймыз;

- таныстарымызбен немесе кездейсоқ адамдармен өмiрлiк тәжірибиелерiмiзбен алмасамыз;

- басқа адамдардың әсерiн сезiнiп, оларға елiктеп өз мiнез-құлқымызды өзгертемiз;

- шешiм қабылдағанда көп жағдайда қасыңдағы адамдардың пiкiрiн есепке аламыз.

Қарым-қатынас стратегиясы. Қарым-қатынас стратегиясы үшке бөлiнедi:

1-шi: ашық-жабық қарым-қатынас. Ашық қарым-қатынаста әр адам өзiнiң көзқарасын жеткiзе бiлуi және басқалардың позициясын тыңдауға әрдайым дайындық. Ал, жабық қарым-қатынас ақпаратқа деген өзiнiң көзқарасын қатынасын жеткiзе алмауы, қарым-қатынасқа түсуге талпынбауы;

2-шi: монологты стратегия;

3-шi: рөлдiк тұлғаарлық стратегия (мұғалiм-оқушы, үлкен-кiшi).

Қарым-қатынастың түрлерi:

- маскiлi қарым-қатынастар; бiр күннiң iшiнде бiрнеше маска кию. Формалды қарым-қатынас, яғни мұнда маскiлердi пайдаланып сұхбаттасушылардың тұлғалық ерекшелiгiн түсiнiп ескеруге талпынамыз (сыпайлық, қаталдық, тұйықтық). Шынайы сұхбаттасушыға деген сезiмдерiн, эмоцияларын қарым-қатынас барысында көрсетпейдi;

- формалды рөлдiк қарым-қатынас – мұнда сұхбаттасушының тұлғасы мен әлеуметтiк рөлi маңызды болып табылады;

- іскерлiк қарым-қатынас – мұнда сұхбаттасушының iске деген тұлғалық ерекшелiгi, мiнезi, жасы, көңiл-күйi ескерiледi. Сонымен бiрге оның iске деген қызығушылығы мәндiк маңызды орын алады;

- достардың рухани және тұлғалық қарым-қатынасы – мұнда кез келген тақырыпқа әңгiме қозғауға болады, тек сөз арқылы ғана емес, жест, мимика арқылы бiрiн-бiрi жақсы түсiнедi;

- маникулятивтiк қарым-қатынас сұхбаттасушыдан белгiлi бiр пайда табуға бағытталған. Ол үшiн сұхбаттасушының тұлғалық ерекшелiгiне байланысты түрлi әдiстер пайдаланады;

- вербалды және вербалды емес қарым-қатынас.

Коммуникациялық жүйе – бұл алынатын және берiлетiн ақпаратты түсiнудi қамтамасыз ету мақсатында адамдар арасындағы хабар алмасу.

Коммуникацияның негiзгi функциялары мыналар:

- информативтi – адамдар арасындағы өзара әрекеттесудi ұйымдастыру;

- интерактивтi – адамдар арасындағы өзара әрекеттесу түрлерiн пайдалана отырып сұхбаттасушының көңiл күйiне, сенiмiне мiнез-құлқына әсер ету;

- перциптивтi – қарым-қатынасқа түсушi серiктестердiң бiрiн-бiрi қабылдауы және өзара түсiнушiлiктi қалыптастыру.

- экспрессивтi – эмоционалды бастан кешiрулер сипатын өзгерту.

Хабар беру мына бағыттармен жүзеге асады:

- жоғарыдан төменге – жұмысшыларға бұйрық беру.

- төменнен жоғарыға – басшылармен пiкiр алмасу және т.б.

Коммуникация процесi жүзеге асу үшiн мынадай 4 элемент керек: хабар берушi, мәлiмет, арнайы ақпарат беру құралы, ақпарат алушы.

2.2 Қарым-қатынастың перцептивтік жағы

Жеке адамаралық қарым-қатынастың пайда болуы және табысты іске асырылуы, егер де қатысушылар арасында өзара түсіністік болғанда ғана мүмкін. Өзара түсіністіктің болуы, бір жағынан, басқаның мақсат-мүддесін, мотивтерін, бағдарын түсіну, екіншіден түсіну ғана емес, сол мүдде, мотивтер, бағдарды қабылдау, бөлісу түрінде көрінеді. Осы екі жағдайда да қарым-қатынасқа тусушінің басқа адамды қабылдауының маңызы өте зор, яғни қарым-қатынастың үшінші құрамды бөлігі перцептивті жағы туралы айтылып отыр.

Әлеуметтік психологияда әлеуметтік перцепция ұғымы кең мағынада: перцептивті процестердің әлеуметтік детерминантасы себептері деп қолданылады. Бұл терминді 1947 ж. алғаш енгізген Дж. Брунер. Бірақ, әлеуметтік перцепцияғы адамды адамның кабылдауы жатады, тек әлеуметтік перцепция онымен шектеліп қоймайды. Қарым-қатынас туралы сөз қозғағанда, жалпы әлеуметтік перцепция туралы емес, соның ішіндегі жеке адамаралық перцепция, жеке адамдардың өзара қабылдауы туралы айтылады. Сонымен бірге, адамдардың қабылдауы деген термин де онша дәл емес. Бұл жағдайда адамдардың бір-бірін тануы, түсінуі деген ұғым тұрғысында қарастырылып отыр. Адамды тану ұғымы сыртқы пішінін ғана қабылдаумен қатар, оның өзін ұстауы, мақсат мүдделері, ой, қабілеттері, эмоциялары, бағдарлары тұрғысында өзіндік ой елестерінің қалыптасуын қамтиды. Және де қарым-қатынасқа түсушілер арасындағы эмоциялық; қатынастардың пайда болуы да қамтылады.

Сонымен, әлеуметтік перцепция – адамның сыртқы белгілерін қабылдау, оны жеке тұлғалық психологиялық сипаттамаларымен сәйкестендіру, талдап түсіну, соның негізінде келешектегі іс- әрекеттерін болжау деген пікірге жақын. Айтылғанды схема түрінде көрсетуге болады (1 – сурет).

1 сурет – Бақылаушының өз іс-әрекеті

Таблица

Әлеуметтік перцепцияның төрт функциясы бар: өзін-өзі тануы, қарым-қатынас партнерін тануы, өзара түсіністік жағдайында бірлескен іс-әрекет пен эмоциялық қатынастардың іске асырылуы. Әлеуметтік перцепцияны қарастырғанда екі мәселеге көңіл аудару қажет-қабылданатын адамның (субъект) психологиялық және әлеуметтік ерекшеліктерін зерттеуге, екіншіден жеке адамаралық бейнелеу механизмдерінің талдауына.

Бақылаушының психологиялық ерекшеліктерін зерттеу әлеуметтік психологияның зерттелінген саласына жатады. Адамдардың бір-бірін қабылдауы мен тусінуінде жеке-даралық, жыныстық, жас ерекшеліктеріне, кәсіби және жыныстық – рөлдік айырмашылықтар бар екені тіркелген. Мәселен, балалар көбіне ересектерге қарағанда сыртқы кейіп-пішінге (киімі, шаш қоюы, сыртқы кейіптегі ерекшеліктерге, т.б.) көңіл аударады. Мұғалімдер мен оқытушылар өз шәкірттерінің білімге ұмтылуы, тәртіптілігі, тағы сол сияқты қасиеттеріне көбірек көңіл бөлсе, ал студенттер педагогтардың тіпті басқа қасиеттеріне көңіл аударатыны байқалған.

Сол сияқты басшылардың қол астыңдағыларды қабылдауы мен керісінше қол астындағылардың басшыларды қабылдауы да екі түрлі.

Дегенмен, адамды қабылдауда, негізінен, ол адамның психологиялық ерекшеліктері мен бағдарлары маңызды рөл атқарады. Әсіресе, бұл айтылғандар алғашқы таныстық кезінде байқалады.

Әлеуметтік психологияда қабылданатын объектінің психологиялық қасиеттерін зерттеу де дәстүрлі түрде қалыптасқан. Көбінесе, бақыланатын адамның қандай психологиялық және басқа қасиеттері маңызды, оны тануға көбірек мәлімет береді, басқаша айтқанда, адамдар қарым-қатынас барысында партнерді бағалауда қай нәрсеге көбірек көңіл бөледі? Ондай маңызды қасиеттерге бақыланатын адамның бет-бейнесінің қимылы (мимика), сезімдерін білдіруі (экспрессия) отырыс-тұрысы, жүрісі жатады. Киімі, шаш қойысы және дауыс екпіндіктері мен сөйлеу мәнері де жатады. Зерттеулерден байқалғанындай, кең таралған, «интернационалды» ым-ишараттармен қатар, белгілі мәдени және ұлттық топтарға тән ым-ишараттар бар.

Сонымен бірге, қабылдаудың табыстылығын қамтамасыз етуге бағытталған әмбебап психологиялық механизмдерді де қарастыруға болады. Оған әлеуметтік перцепция механизмдері жатады.

Адамды адамның қабылдауы мен түсінуінің механизмдеріне: идентификация, эмпатия, рефлексия, аттракция, атрибуцияны жатқызуға болады. Идентификация қазақша «теңестіру», «ұқсастыру» ұғымдарына жақын, яғни өзіңді басқа адаммен теңестіру, өзінді сол адамның орнына қою. Идентификацияда басқа адамның құндылықтар нормасы, мінез-құлқы, талғамдары мен дағдылары игеріледі. Әсіресе, жеткіншектік кезеңде оның мәні зор. Көптеген зерттеулерде идентификацияның оған жақын ұғым эмпатиямен тығыз байланысты екені анықталған.

Эмпатияны басқа адамды сезіну, оның тебіреністеріне бой ұсына білу деп анықтауға болады, оның эмоциялық жағы басым, егер идентификацияда басқаның «проблемасы» «ойланылса», эмпатияда «сезініледі». Екеуінде де басқаның орнына қоя білу көрінеді, бірақ бастапқысында өзін партнермен теңестіру механизмі, ал соңғысында басқамен теңестіру қажет емес, өз пікірі болуы мүмкін, дегенмен басқаның проблемасын сезіну іске асырылады. Эмпатия – басқаның қуаныш-сүйініштерін дұрыс сезіне білу қасиеті. Қарым-қатынас жасаудағы эмпатияның болуы психолог, педагог, әлеуметтік қызметкердің кәсіби маңызды қасиеттерінің бірі. Осы екі жағдайда да, арадағы қарым-қатынастың іске асырылуы, үшінші жағдайдағы, партнердің «мені» түсінуіне байланысты. Басқаша айтқанда, бір-бірін түсіну рефлексия құбылысымен күрделенеді. Әлеуметтік психологияда, рефлексия – қарым-қатынасқа түсушінің басқа адам оны қалай қабылданайтынын түсінуі. Ол басқаша қабылдау мен түсінуі ғана емес, басқа «мені» қалай түсінетінін білу, ерекше бір-бірін бейнелеу, яғни «мен» басқаларға қалай көрінемін. Рефлексияны әлеуметтік психологияда зерттегендер: Дж. Холмс, Г. Гибш пен М. Форберг, негізінен диадалық (екі адамдық) әрекеттесу тұрғысынан қарастырады. Топтың рефлексиялық құрылымын зерттегенде диадалық (өзара әрекеттесу) әрекеттесумен қатар, топтың ортақ әрекеті және соған байланысты жеке адамаралық қатынастарда пайда болатын рефлексияларда күрделене түседі.

Өзін-өзі дұрыс түсіну, басқаны дұрыс түсіне білуге үйрету – өте күрделі процесс, оған баулудың бір әдісі перцептивті біліктілікті жетілдіретін әлеуметтік-психологиялық – тренингтің түрі. Қабылданатын адамға деген эмоциялық көзқарастардың пайда болу механизмдерін анықтаумен байланысты зерттеу аймағы – аттракция деп аталады. Аттракпиянын қазақша мағынасы – тартымдылық дегенге жакын. Аттракция, бір жағынан, қабылдаушы үшін басқа адамның тартымдылығының қалыптасу процесі, екіншіден, осы процесс өнімі, яғни көзқарастардың біршама сапасы. Қарым-қатынастың перцептивті жағын зерттегенде осыны есте тұтқан жөн, себебі бір жағынан, адамдар арасында бір-бірін ұнатушылық, достық сезімдері немесе, керісінше, жақтырмау сезімдерінің қалыптасуы, екіншіден, бұл құбылыстың қарым-қатынастағы маңызы қандай деген мәселелер туындайды.

Аттракцияны бір адамның екінші адамға деген әлеуметтік бағдары және сол жағдайда эмоциялық компоненті басым деп қарастыруға болады.

Аттракцияның түрлі деңгейлері анықталған: ұнатушылық, достық, сүйіспеншілік. Кеңестік әлеуметтік психологияда аттракция көп зерттелінбеген. Қазіргі кезде топтық іс әрекетте аттракцияны зерттеу қолға алына бастады.

Әлеуметтік психологияның ерекше саласы – каузалды атрибуция деп аталады. Зерттеушілер Г. Келли, Э. Джонс, К. Дэвис, Д. Кенноуз, Р. Нисбет, Л. Стрикленд. Атрибуцияның аудармасы: «телу», «есептеу» дегенге келеді. Латын тілінен аударғанда «саиза» – себеп, яғни, каузалды атрибуцияны – себепті телу деп түсінуге болады. Каузалды атрибуция адамдар туралы алынған мәлімет жеткіліксіз болғанда, оның мүмкін әрекеттері мен қасиеттерін тауып, сол объектіге телу жағдайы. Г. Келли атрибуцияның үш түрін қарастырады: жеке тұлғалык атрибуция, объектілік атрибуция және жағдайлық атрибуция. Бақылаушы көбіне жеке тұлғалық атрибуцияны пайдаланады (әрекет себептері сол әрекетті жасаушыға телінеді), ал қатысушы көбінесе жағдайлық атрибуцияны (әрекет себептері жағдайларға телінеді). Мұндай жағдайлар, әсіресе табысқа жету мен сәтсіздік себептерін телігенде айқын көрінеді: әрекетке қатысушы сәтсіздік себептерін жағдайлармен байланыстырса, ал сырттан бақылаушы сәтсіздік себебін ең алдымен орындаушыдан көреді. Атрибуция құбылысының маңыздылығы көптеген эксперименттік зерттеулерден айқын көрінеді.

Әлеуметтік психологияға енгізген Ф. Хайдердің идеясы бойынша, адамдар негізінде былай ойлайды: «Жаман адамға жаман қасиеттер тән», «Жақсыға – жақсы қасиеттер», яғни «Жаман» адамдарға әрқашан жаман істер телінеді, ал «Жақсыларға» – жақсы істер телінеді. Сонымен қатар, каузалды атрибуция теориясында «Жаман» адамға теріс істер телінгенімен, қабылдаушы өзін тек оң әрекеттер жасаушы деп бағалауы да қарастырылады. Көптеген эксперименттердің нәтижелері, адам қабылдауында маңызды рөл атқаратын бағдар (установка) мәселесіне келіп тіреледі, әсіресе, оның маңызы таныс емес адам туралы алғашқы ой қалыптасуында ерекше екенімен анықталады. Майрон Ротбарт пен Памела Биллер (1977) өз экспериментінде суретте көрсетілген адамның бет әлпетінің көрінісіне баға беруді өтінген. Бір топ адамдарға – суреттегі адам туралы, гестапо бастығы, концентрация лагеріндегі жан түршіктірер медициналық экспериментке кінәлі деп айтқан. Ол адамдар, суретіне қарап, оны қатыгез адам деп бағалаған. (Бет әлпетінде кекесінді жымию бар емес пе?). Басқа адамдарға астыртын: сол суреттегі адам туралы-нацистерге қарсы күресетін қозғалыс жетекшісі деген, ал олар суреттегі адамды ақ ниетті, мейірімді адам ретінде сипаттаған. (Суретке қараңыз: көздері қандай қамқор және ол күлімсіреп тұр емес пе?)

Осы сияқты құбылыс А. А. Бодалевтің экспериметтерінде (1982) де анықталған. Бір адамның суреті студенттердің екі тобында көрсетілген. Бір топтағы студенттерге ол адам-қылмыскер, ал екінші топтағыларға сол адам туралы – көрнекті ғалым деп айтылған. Бірінші жағдайда студенттер: суреттегі адамның тереңде орналасқан көздері құпия қаһарын, алға карай шыққан иегі қылмыстың түбіне шейін жететінін көрсетеді, т.с.с. сипаттамалар берген. Екінші топтағылар сол тереңде орналасқан көздер, терең ойлы адамды, ал алға кеткен иегі – білім жолында кездесетін қиындықтарды жеңуге қажетті күш-жігері, т.с.с. деп бағаланған.

Мұндай зерттеулер адамаралық қатынаста қандай сипаттамалар маңызды, қандай жағдайда қалай көрінеді деген сияқты сұрақтарға жауап беруге тырысады. Адамаралық қатынастарда адамдардың бір-бірін қабылдауында тағы да зерттеу саласы болып табылатын түрлі «эффектілерді», де есепке алу қажет. Үш түрлі «эффектілер» көбірек зерттелген: ореол эффектісі (ореол – құрмет, даңқ), жаңа мен алғашқылық эффектісі және стереотип эффектісі (таптауырын). «Құрмет эффектісінде» қабылдаушыға алдын-ала қабылданатын адам туралы арнаулы бағдар беріледі, белгілі қасиеттер телінеді: ол адам туралы алынған мәлімет алдын-ала жасалынған бейненің үстіне салынады. Бұрын жасалынған бейне «құрмет» рөлін атқарып, нақты қасиеттерді көріп, дұрыс қабылдауға кедергі жасайды. Бұл эффектімен «жаңа» және «алғашқы» эффектілері тығыз байланысты. Бұл екеуі де адам туралы берілетін мәліметтің ретімен байланысты. Бір экспериментте студенттердің төрт түрлі тобына таныс емес адамды көрсеткен. 1-топқа Бұл адам – экстраверт, 2-ге – интроверт, 3-топқа алдымен экстраверт, кейіннен интраверт, 4-топқа керісінше деп айтылған. Барлық төрт топқа бейтаныс адамды, алдын-ала айтылған тұлғалық қасиеттері терминдерімен сипаттап беру ұсынылған. Алғашқы екі топтағылар қиыңдықсыз сипаттаса, үшінші және төртінші топтағы сипаттамалар тікелей мәлімет ретіне байланысты болған, яғни алдымен айтылған мәлімет басым болған. Осындай эффект «алғашқы» эффект деп аталынады. Бұл жерде кейін айтылған мәлімет, яғни жаңалау мәлімет маңыздырақ екені анықталған.

Осы эффектілердің бәрін кең мағынадағы стереотип процесінің көріністері деп атауға болады. «Әлеуметтік стереотип» терминін алғаш рет 1922 ж. У. Липпман енгізген. Әлеуметтік стереотип (таптауырын) белгілі әлеуметтік топ мүшесіне тән бір құбылыстың немесе адамның біршама тұрақты бейнесі. Әртүрлі әлеуметтік топтар, нақты топтар (ұлт) немесе кәсіби топтар, өздеріне тән стереотиптерін жасайды, белгілі деректерді тұрақты түрде, заттарды үйреншікті түрде түсіндіру. Адамдарды түсінудегі стереотип екі түрлі салдарға әкелуі мүмкін: біріншіден, адамды түсінуді белгілі түрде жеңілдетеді. Бұл жағдайда адамды қабылдауда эмоциялық қабылдау немесе қабылдамау іске асырылмайды, жеңілдету (штамптарды пайдалану) арқасында түсіну процесін қысқартады. Екінші жағдайда, адамда жаңсақ наным пайда болуына әкеледі. Егер де, бұрынғы тәжірибеден, ол адам туралы теріс пікір калыптасса, оны жаңадан қабылдауда да осы теріс көзқарас сақталады. Өте кең таралған стереотип (таптауырын) – этникалық таптауырын болып есептеледі, яғни белгілі ұлт өкілдері туралы тұрақты нанымдар, мысалға: жапондардың еңбексүйгіштігі, француздардың жеңіл мінезділігі, орыстардың көп сөйлегіштігі, қазақтардың кең пейілділігі т.с.с. Стереотип негізінде жаңсақ наным пайда болуының объективті болмысты қате түсінуге әкелетініне мысал ретінде педагогикалық стереотип – мұғалім идеалды оқушы моделінің қалыптасуын көрсетуге болады. Ол – мүғалімнің жақсы педагог екендігін дәлелдейтін және оның жұмысын жағымды ететін, бірлескен әрекетке даяр, білімге ұмтылатын, тәртіпті оқушы. Осындай идеалға жақын балаларды, мұғалім, жақсы оқушы ғана емес, жалпы қарым-қатынаста сүйкімді, адал, парасатты адамдар деп қабылдайды. Оған қарама-қарсы «жаман оқушылар» бейнесіне жақын оқушылар, жалпы турде енжар, агрессивті жаман адамдар, педагогтардың теріс эмоцияларын тудырушылар деп қабылданады. Мұғалімдердің осындай күтінулері, шын мәнісінде баланың нақты жетістіктерін көрсетпейді. Сонымен бірге осындай күтінулер баланың өзін-өзі қабылдауын да қалыптастыруы мүмкін. Батыс психологы Ристтің көрсетуінше, көп балалар мектепте толықтай ашылып дамымайды және өздеріне деген жақтырмаушылықты сезінеді, себебі, о-бастан оларға «дамымаған», «қабілетсіз», «ұшқалақ» деген атақ тағылған. Яғни, мұғалімнен оқушыға бағытталған кері байланыс көбіне, Р. Бернстің айтуынша, «өзін-өзі актуалдайтын сәуегейлік» формасында іске асырылады. Мәселен, бір экспериментте бірінші сынып мұғалімдерінің қыздар мен ұл балалардың арасындағы оқу темпін игеруі туралы пікірлерін анықтаған. Мұғалімдердің бір тобы, бұл жерде жыныстық айырмашылық жоқ десе, екінші тобы ұл балалар қыздарға қарағанда нашар игереді деген. Бір жыл өткен соң жүргізілген өлшеулерден, топтағы мұғалімдер сыныптарында, расында да ұлдар мен қыздардың оқуды игеруінде айырмашылық болмағаны, ал екінші топ мұғалімдерінің сыныптарында ұл балалар негізінен қыздардан қалыңқырағаны байқалғаны көрінген. Бұл сипатталған дерек «күтіну таптауырыны» немесе «Пигмалион эффектісі» деп аталады. Ол идеалды оқушы бейнесінің немесе мұғалімнің теориялық педагогакалық тұжырымының, тіпті оқушының есімінің негізінде де қалыптасуы мүмкін.

Мұғалімге ұнайтын есімді оқушылар, ұстазға ұнамайтын есімі бар балаларға қарағанда өздерін сенімдірек сезінетіндерін зерттеулер көрсетеді. Баланың есімі оның оқу үлгерімінің табыстылығына байланысты мұғалім күтінулеріне де әсер етеді.

«Күтіну таптауырыны» педагогикалық процестегі нақты әрекетте көрінетін фактор. Ол мұғалімнің бағдары мен күтінулерінен ғана емес, оның мінез-қылығынан да белсенді көрініс беруіне байланысты.

2.3 Қарым-қатынастың интерактивтік жағы

Қарым-қатынастың интерактивті жағы – адамаралық қарым-қатынастың, адамдардың бір-бірімен әрекеттесуімен байланысты аспектілерін белгілеуге арналған шартты термин. Қарым-қатынас барысында қатынасқа түсу үшін тек мәліметпен алмасып және өзара түсіністікке қол жеткізумен шектелу жеткіліксіз, әрекеттермен алмасу, ортақ іс-әрекетті жоспарлап, бірлескен әрекеттердің формалары мен нормаларын қалыптастыру да маңызды.

Қарым-қатынастың осы жағын сипаттағанда жеке адамаралық қарым-қатынастың түрлерін талдау мен қарым-қатынасқа түсушілердің әрекеттесудің қай түрін тандауға итермелейтіні мотивтерін де қарастыру керек. Жеке адам аралық әрекеттесу стратегиясының сипаттамасы төмендегідей болады.

Әртүрлі зерттеулерде, адамның басқа адамдармен қарым-қатынасқа түсуінде бірнеше маңызды әлеуметтік мотивтер айқындалған:

- ортақ жетістікті барынша жоғарылату мотиві (немесе кооперация мотиві);

- өзінің жетістігін барынша жоғарылату (немесе индивидуализм);

- салыстырмалы жетістікті барынша жоғарылату мотиві (конкуренция);

- басқаның жетістігін барынша жоғарылату (альтруизм);

- басқаның жетістігін барынша төмендету (агрессия);

- жетістіктердегі айырмашылықты неғүрлым төмендету (теңдік).

Әртүрлі мотивацияға байланысты қарым-қатынас стратегиясын анықтау үшін әрекеттесуді координат жүйесінде тұрғызуға болады. У осінде – өз мақсаттарына, X осінде басқалардың мақсаттарына бағытталған әрекеттесу стратегиялары тұрғызылған. Әрбір шкалада максимум (ең жоғарғы) және минимум (ең төменгі) бағытталу деңгейлері анықталады. Бастапқы әлеуметтік мотивацияға байланысты қатынасушылардың (әрекетке түсушілер) бес негізгі стратегиясын белгілеп көрсетуге болады.

Қ нүктесі «қарсы әрекет» (бақталастық, конкуренция) толығымен өз мақсатына бағытталу.

А нүктесі – аластаушылық, басқаның жетістігін төмендету мақсатымен өз мақсатын жоғалту (индивидуализм, агрессия).

К нүктесі «көнгіштік» стратегиясын көрсетеді (альтруизм мотиві). Бұл жағдайда адам өз мақсаттарын басқаның мүдесіне айырбастайды (көндіреді).

Ы нүктесі – келісімге келу (компромисс), жетістіктер арасындағы айырмашылықты неғұрлым төмендету. Шартты теңдікке жету үшін өз мақсаттарын толық іске асырмау (тендік).

Б нүктесі – бірлескен әрекет (ынтымақтастық) әрбір қатынасушының мүддесін толық қанағаттандыруға бағытталған. Бұл жағдайда әлеуметтік мотивтердің екеуінің біреуі (кооперация мен бәсекелестік) іске асырылады.

Соңғы стратегияны әрекеттесу нәтижелілігі тұрғысынан да, әрекеттесушілердің өзара қарым-қатынасы мен өзін сезінуі тұрғысынан да ең нәтижелі деп қарастыруға болады. Сонымен бірге іске асырылуы тұрғысынан ең қиыны, себебі қарым-қатынасқа түсушілерден, басқаның мүддесін түсіне білу, туындайтын қарама- қайшылықтарды шеше білу талап етіледі. Көбінесе, адамдарды бірлескен әрекет жасатуға үйрету, белсенді әлеуметтік-психологиялық біліммен қаруландыру әдістері арқылы шешілетін дербес психологиялық міндет. Әрекеттесу процесінің маңызды сипаттамаларын қарастырудың бірнеше жолдары ұсынылған. Мәселен, Т. Парсонс теориясы бойынша, әрекеттесудің әрбір бөлек актісінің мынандай элементтері бар: а) әрекет етуші; ә) «басқа объект» (әрекет бағытталған объект); б) нормалар (әрекеттің ұйымдастырылуы); в) құндылықтар (әрбір әрекеттесушінің қабылдағандары); г) ситуация – жағдай (әрекет жасалынатын кездегі).

Бұл өте «абстрактылы» теория, экспериментте қолданылуы күрделі болғандықтан көп пайдаланылмайды. Екінші бір түрі, әрекеттесу сатыларын қарастырумен байланысты. Поляк социологы Я. Щепаньски ұсынған, осыған жақын схеманы В. Н. Панферовта (1987) қарастырады. Тағы да бір, әрекеттесудің құрылымдық сипаттамасы транзактілі талдауда – қатынасушылардың әрекеттерін олардың позициясы, ситуацияны есептеу және әрекеттесу стиліне байланысты реттестіруде ұсынылады (Берн, 1988). Осы әдіс кейінгі кезде практикада кең қолдау табуда. Транзактілі талдау бойынша әрбір әрекетке қатысушы үш позицияның біреуінде болады.

Шартты түрде бұл позицияларды – Ата-ана, Ересек, Бала деп, белгілеуге болады. Балалық позицияның психологиялық сипаттамасы

«Қалаймын!», Ата-ана позициясы «Керек!», Ересек позициясы «Қалаймын» мен «Керектің» бірлесуі.

Әрбір әрекетте мінез-құлық пен әрекеттің өз стилі болады. Негізінен стиль үш түрлі: ритуалды (салт-жоралары), манипулятивті және гуманистік болып ажыратылады. Ритуалды стиль негізінде стильді ситуациямен сәйкестендіру қажеттігінен анық көрінеді. Стиль әдетте белгілі мәденитпен анықталады. Мысалға, амандасу стилі. Американдық мәдениетте «Хал қалай?» дегенге «өте жақсы» деген жауап алынса, орыс мәдениетінде сұрақтың мәнісіне жауап беріледі, хал нашарлау болса, оны жасырмай айту тән, қазақ мәдениетінде «аралық» стиль қалыптасқан. Қазақтар көбіне «жаман емес», «орташа», «жайлап жүріп жатырмыз» деген жауаптар береді. Бір салттың адамы екінші бір салттың жауабын естігенде түсініспеушілік туындауы мүмкін. Манипулятивті және гуманистік стильдер практикалық әлеуметтік психологиядағы өздігінен үлкен проблема болып есептеледі.

Әрекеттесудің инвариантты сипаттамаларын қарастыруды Р. Бейлс 4 категорияның көмегімен көрсетеді: позитивті (оң) эмоциялар аймағы, негативті (теріс) эмоциялар аймағы, проблемаларды шешу және проблемаларды қою аймақтары. Өз кезегінде әрбір категория бірнеше маңызды көріністермен айқындалады (схема түрінде 2 суретте – көрсетілген).

2 сурет – Әрекеттесудің сипаттамалары

Таблица

Нақты әсерлесу барысында әрбір категориялық көрінуінің жиілігі мен формасын тіркеп жазып отырып, оның ерекшеліктерін түсінуге болады. Мысалы, қарым-қатынас қандай сферада өтуде, неге бағытталған, қатысушылардың өздерін ұстауы үйлесімді болды ма, әлде бір-бірінен аластауға бағытталды ма, тағы сол сияқтылар. Осындай ерекшеліктер педагогтық әсерлесу барысында да көрініс береді (мысалы, сабақ үстінде мұғалім мен оқушы).

2.4 Қарым-қатынастың коммуникативтік жағы

Қарым-қатынаста адамдар өзара идеялар, қызығулар, көңіл-күйімен, сезімдерімен, т.б. бөліседі. Мұның бәрін әртүрлі мәлімет ретінде қарастыруға болады.

Адамдар арасындағы коммуникативті процестер техникалық қондырғылар арасындағы алмасудан өзгеше болады, оның мазмұны және формасы бойынша өзіне тән ерекше, маңызды қасиеттері бар. Олардың ерекшелігі – кері байланыс процесі, коммуникативті барьер, коммуникативтік әсер және мәлімет берудің әртүрлі деңгейі (вербалды-сөз жүзіндегі, вербалды емес-сөз жүзіндегі емес) сияқты процесстермен байланысты.

Әрқайсысын бөлек-бөлек талдап көрейік:

- жеке адамаралық карым-қатынастағы кері байланыс. Ең алдымен мәлімет бір жақты болмайды, екі жақты пікір алмасу түрінде өтеді.

Мәліметті беруші – коммуникатор, оны қабылдаушы – реципиент деп аталады. Сондыктан да, негізгі мәліметті біреуден екінші адамға беру ғана емес, қарым-катынас барысында ортақ көзқарас, пікір, ортақ мәнге келу маңызды.

Бұл міндетті орындауда ерекше механизм – кері байланыс іске қосылады, ол реципиенттің коммуникатордың іс әрекетін қалай қабылдап, бағалауына байланысты. Сонымен, кері байланыс дегеніміз - коммуникатордың әрекетіне деген реакциясын көрсететін мәлімет. Кері байланыстың берілуі әртүрлі жолдармен іске асырылады. Ең алдымен тура және жанама. Тура кері байланыста реципиент пікірі ашық түрде беріледі. Мысалы: «Сенің пікірің маған ұнамайды», «Не айтып тұрғаның маған түсініксіз», т.б. және де әртүрлі қимыл-қозғалыс (жест), ренжу, қуану, т.сс. Бұл түрде тиімді болады. Жанама кері байланыс – психологиялық мәліметті берудің астыртын түрі. Бұл жағдайда әртүрлі сұрақтар, кекету, күтпеген эмоциялық реакциялар болуы мүмкін. Мұндай жағдайда коммуникатор партнердің не айтқысы келетінін өзі түсінуі қажет. Әрине, бұлай түсіну әрқашан дұрыс болмауы мүмкін, сондықтан түсінісу қиынырақ болады. Коммуникация процесінде тек мәлімет алмасу ғана емес, оны партнерлердің бірдей тура түсінуі қажет. Яғни, коммуникация процесінде келіп түскен мәліметті дұрыс түсіну (интерпретация) проблемасы туындайды. Біріншіден, мәліметтің формасы мен мазмұны коммуникатордың жеке-даралық ерекшелігі, реципиент туралы көзқарасы, ол туралы өзінің пікірі және қарым-қатынас процесіндегі жағдайларға байланысты. Екіншіден, оның жіберген мәліметі реципиенттің жеке-дара психологиялық ерекшеліктеріне, көзқарасы, пікірлеріне, жағдайға байланыста өзгеріске түседі. Мәселен, бастығы мен өзінің ұлынан естіген бір мәлімет екі түрлі психологиялық реакцияға әкеледі. Мәліметті әртүрлі қабылдау бірнеше себептерге байланысты. Солардың ішінде маңыздысы-коммуникативтік барьердің болуы (түсініспеушілікке әкелетін тосқауыл), ол – коммуникативтік процестің екінші ерекшелігі. Түсініспеушілік барьері, әлеуметтік – мәдени барьер, қарым-қатынас барьерлері болуы мүмкін.

Түсініспеушілік барьерінің бірнеше түрлері болады:

1) фонетикалық барьер жатады. Әртүрлі тілде, диалектіде сөйлеу, тілдегі кемістік (немесе дикция), тілдің грамматикалық құрылымының өзгеруі. Өте тез сөйлеу, сөзді анық айтпау, қосымша дыбыстардың болуы да осыған себеп болады;

2) семантикалық барьер сөз мәнінің ерекшеліктері (тезаурус) әртүрлі жаргондар, слэнгтер. Әртүрлі ортаның өзіне тән «мини-тілі» болады. Өздерінің қалжыңдары, тілінің оралымдары, т.с.с. Мұндай барьерлерден аттай білу мұғалімдер, дәрігерлер, басшылар үшін өте кажет;

3) стилистикалық барьер – коммуникатор тілінің стилі жаздайға сәйкес келмегенде немесе реципиенттің психологиялық көңіл-күйіне сәйкес болмағанда көрінеді. Мысалы, балаларға берілген мәлімет қызықты түсінікті тілде емес, қиын ғылыми тілде айтылса, осындай құбылыс байқалады. Сондықтан, коммуникатор өзінің реципиенттерінің көңіл-күйі, жағдайларын сезіне білуі керек, қарым-қатынас жағдайларының өзгерістерін тез сезініп, саған байланысты өзгерістер енгізуі қажет;

4) логикалық барьер, коммуникатордың ұсынған логикалық тұжырымдары өте күрделі болғанда туындайды. «Ерлер логикасы», «Әйелдер логикасы», «Балалар логикасы», т.б. логикалар туралы айтуға болады.

Қарым-қатынастағы әлеуметтік – мәдени ерекшеліктерге саясн, діни, кәсіби ерекшеліктерді жатқызуға болады. Қарым-қатынас процесіндегі мәлімет алмасу деңгейлері екі түрде іске асырылады: вербалды, вербалды емес.

Вербалды (сөз арқылы) деңгейінде (негізгі) – тіл пайдаланылады. Сонымен қатар, вербалды емес жүйелер де пайдаланылады: оларға оптикалық – кинестезиялық және акустикалық жүйелер жатады. Оптикалық-кинестезиялық жүйеге адамның сыртқы түрі және әсерлі қимыл-қозғалыстары, ым-ишараттары, мимикасы, отырыс – тұрысы, жүрісі, т.б. жатады. Бұл жүйенің маңызды түріне көздік контакт жатады. Адамның сезімдері негізінен осылар арқылы беріледі. Партнердің сөзіне сенбегенде осыларға көңіл аударамыз.

Акустикалық жүйеге сонымен бірге коммуникатордың дауысының сапасын (тембрі, биіктігі, қаттылығы), интонация, сөйлеу темпі, дауыс екпіні және әртүрлі сөз арасындағы үзілістер (пауза), жөтелістер, күлкілері, т.б. жатқызады.

Және де коммуникативті процестің кеңістікте, уақытта ұйымдастырылуы да маңызды. Қарама-қарсы отыру – дұрыс контакт, сыртынан айқайлау, керісінше бұрыс контакт болып есептелінеді. Сонымен бірге, тиімді тыңдай білу техникасы да маңызды. «Есту» және «тындау» күрделі еріктік процесс, зейін қойып, өз проблемасын ұмытып, өзгенің проблемасына тереңдей білу әрқашанда бола бермейді. Тиімді тыңдаудың екі түрі бар: зейін қойып үндемей тыңдау – басын изеу, мимикалық реакциялар, көз контактысы, зейінін белудің әртүрлі фазалары. Кейде «Иә» – «иә» деген сөздерді айту, немесе соңғы сөздерді қайталау да қолданылады. 2-түрі рефлексивті тыңдау, әртүрлі сұрақтар арқылы, сөйлесушінің сөздерін басқаша айту, бір ойды басқа сөздермен жеткізу (парафраз), қорытындылау, аралық қорытындыларды айтып беру.

Пысықтауға арналған сұрақтар

1. Әлеуметтік топтардың түрлеріне және топтық нормаларға сипаттама беріңіз.

1. Қарым-қатынастың негізгі қызметтері мен стратегиясы.

2. Қарым-қатынастың түрлері мен негізгі функциялары.

3. Қарым-қатынастың перцептивтік және интерактивтік жағына сипаттама беріңіз.

4. Түсініспеушілік барьерінің неше түрлері болады