4 Көшбасшылық қасиетті ұлттық сипатта өркендету

4.1 Этнос, ұлт, діл, ұлттық идея, ұлттық тәрбие, ұлттық мәдениет ұғымдарының мән-мағынасы

Этнос, этникалық қауымдастық – [грек, ethnos – тайпа, халық] – бір халықты екіншісінен ажыратуға мүмкіндік беретін ортақ белгілері бар қауымдастық. «Этнос» ұғымы әлі күнге бірыңғай түсіндірілмейді. Кең мағынада, «этнос» ұғымын көпшілік зерттеушілер барлық дәрежедегі этникалық жүйелер жиынтығы ретінде түсіндіру қалыптасқан (тайпа, халық, ұлт және т.б.). Алайда, кейбіреулер (Л. Н. Гумилевтан кейін) оны негізгі жүйе ретінде қарастырады (субэтностар, суперэтностармен қатар және т.б.).

Тар мағынада алғашқылардың бірі болып «этнос» ұғымына анықтама берген М. Вебер: «Этнос – мүшелері сыртқы бейнелерінің, әдет-ғұрыптарының ұқсастықтарына қарай немесе ортақ отаршылық не көші-қонды басынан өткерген тағдырлас тарихына қарай өздерінің шығу тектерінің бір екендігіне сенетін топ». Бұдан кейін де көптеген зерттеушілер этносқа аумақ, тіл, дін ортақтығының негізінде өзінше анықтама беруге тырысты. Алайда, Л. Н. Гумилевтің пікірінше, аталған белгілердің бірде-бірі жалпыға бірдей, кез келген этносқа қолданыла бермейді, мұнымен бірқатар зерттеушілер келісті.

Этнос ең алдымен, мәденитілдік қауымдастық. Этностың пайда болуында аумақ және әлеуметтік қарым-қатынас тілінің ортақтығы шешуші фактор болып табылады. Саяси кеңістіктің ортақтығы мен халықтың әлеуметтік және шаруашылық әдістерінің ортақтығы да маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Этникалық ұйысудың басты тетігі салт-дәстүр, әдет-ғұрып түрінде мұраға қалатын мәдениет болып табылады. Этникалық қауымдастық мағынасындағы этнос ретінде көбіне бірыңғай атауы, ортақ мәдениет элементтері бар, тадырлас тарихы бар, ерекше географиялық ортадағы топтық ынтымақтастық танытатын адамдар тобын атауға болады.

Ұлт қалыптасуында адамдардың бірлігінің бастауы болатын ортақ этногенетикалық тек те маңызды рөл атқарады. Осындай талап тұрғысынан қарастырғанда «ұлт» және «этнос» ұғымдары біріне бірі өте жақын, этнос ұлттың туып, қалыптасуына негіз болады. Дегенмен, әлі де философиялық және саяси-әлеуметтік ой-пікірде «ұлт», «этнос» категориялары туралы бір арнаға тоғысқан түсінік қалыптаспаған.

Бұл орайда, ұлт туралы О. Бауер: «Ұлт – тағдыр ортақтығы байланыстырған ортақ сипатты адамдардың бүкіл жиынтығы. Осы тағдыр ортақтығы негізінде пайда болған белгі ұлттық мәдениет ортақтығын интернационалдық ортақтықтардан: кәсіби, таптық, мемлекетті құрайтын халықтық – бір сөзбен айтқанда, түп негізін бір тектілік құрайтын осындай барлық ортақтықтардан бөліп тұрады… Ұлттық сипат – сол ұлт тарихының таңбасы, одан басқа ештеңе де емес», – деп айтады.

Менталитет немесе діл (лат. menta — жан құрылымы) – ойлаудың үлгісі, этностың, әлеуметтік топтың, индивидтің жалпы рухани мінез-құлқы. Сондай-ақ, діл халықтың этникалық бірлігі мен оның басқа ұлттық құрылымдардан ерекшелігін тану болып табылады. Сол арқылы адамдардың жалпылама және нақты баға беруі, әлеуметтік ұстанымы әзінің әлеуметтік бірлігіне және басқа да қауымдастықтарға белсенді қарым-қатынасы пайда болады.

Ұлттық діл – этностың, ұлттың жалпы рухани мінез-құлқы. Сондай-ақ, діл халықтың этникалық бірлігі мен оның басқа ұлттық құрылымдардан ерекшелігін тану болып табылады. Сол арқылы адамдардың жалпылама және нақты баға-беруі, әлеуметтік позициясы өзінің әлеуметтік бірлігіне және басқа да, қауымдастықтарға белсенді қарым-қатынасы пайда болады. Діл, менталитет – адамдардың белгілі бір қоғамдастығына тән, нақтылы тарихи-мәдени ортада қалыптасқан мінез-құлықтарының және іс-әрекеттерінің біркелкі сипатын білдіретін үғым. Діл мәдени бірегейленуімен және тұлғаның өзін-өзі белгілі бір мәдени ортада сезіну деңгейімен байланысты. Адам баласы тумасынан құндылықтар жүйесін (отбасылық, топтық, этностық, өркениеттік, тағы басқалар), көбінесе, біз қалпында, дайын күйінде қабылдайды. Осыған орай, ең алдымен, этностық сананың тұрақтылығын, дүниетанымының әмбебапты болатындығын ескерген жөн. Діл «біз және біз емес» деген ажыратушы оппозицияға негізделеді. Ділді оған табиғаты ұқсастау мәдени архетип пен ұлттық мінез-құлықтан ажырата білген жөн. Өзгермелі ортада тұлғалық тұрақтылықты жүзеге асыратын мәдени архетип бейсаналы сипатқа иеленеді, ал таңбалардың, рәміздердің, мағыналардың пайымдалған жүйесін құрайтын діл саналы талқыға түсіп отырады. Ұлттық мінез-құлық мәдени архетиптермен бірге адамдардың қайталанбалы, табиғи, этнопсихологиялық ерекшеліктері арқылы көрініс табады.

Идея – грек сөзі, образ, ұғым мағыналарда қолданылады. Атқаратын міндетіне қарай идея алуан-алуан қырымен көзге түседі. Ұлттық идея дегеніміз – халықтың, бүкіл елдің әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, санасын ғасырлар бойы дамытып, жетілдіру арқылы ұрпақтан-ұрпаққа берілген ережесі, ол сол халықтың тілін, ділін, мемлекетін қалыптастыруға қызмет етеді. Әр халықтың өзіне тән, қоғамның байланысты ерекшеліктері болады. Мысалы, Қазақстанның ұлан-байтақ жерді алып жатуының өзі ғасырлар бойы халқымыздың бойындағы, батырлық ерлік дәстүрлерді тудырады. Отаның сүю, елін қорғау ер азаматтардың міндетіне кірген. Ауыз әдебиеттегі батырлар бейнесі осылай туған. Осыны болашақ ұрпақтың бойына сіңіре отырып, ұлттық идеология қалыптастырған.

Ұлттық тәрбие – отбасынан басталады. Отбасы – адам баласының өсіп-өнер алтын ұясы. Адамның өміріндегі ең қуанышты қызық дәурені осы отбасында өтіп жатады. Бала өмірінің алғашқы күнінен бастап ата-ана өздерінің негізгі борыштарын – тәрбие жұмысын атқаруға кіріседі.

Ата-аналардың балалары алдында олардың денсаулығының дұрыс жетіліп өсуін қамтамасыз ету, тәрбие беру, білім беру, үй болып, аяққа тұрып ел қатарына қосылып кетуін қамтамасыз ету сияқты міндеттерін орындауы. Ал, балалары алдында ата-анасын қамқорлыққа алып, сүйеніш болуы секілді міндеттері ұштасып жатады. Бүгінгі таңдағы отбасы тәрбиесінде қоғам ата-аналар алдына үлкен жауапкершілікті жүктеп отыр. Бүгінгі тәрбие берудің негізгі міндеттерінің өзі «ең алдымен дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, ар-ожданы мол, мәдениетті, парасатты, еңбекқор, іскер, бойында басқа да, ізгі қасиеттер қалыптасқан адамды тәрбиелеу» деп көрсетілген Қазақстан Республикасының тәлім-тәрбие тұжырымдамасында. Отбасы тәрбиесінің негізгі мәні отбасындағы өзара ынтымақтастық пен түсіністік болып табылады. Балалар ата-анасының еңбектегі ісіне көңіл бөліп, оны түсінуге тырысады. Ата-аналар да балаларының күн сайынғы әрекеттерін қадағалап жағдайларын біліп отырады. Отбасының берік негізі міне, осы рухани мүдденің бірлігінде. Оның біртұтас ынтымақта болуы, береке бірлігі ең алдымен ата-ана мүддесінің мәні мен мағынасында, әке мен шешенің бір-біріне, балаларына, олардың достары мен жолдастарына деген қарым-қатынасына байланысты болады. Босағасы берік отбасында әрбір адам өзара қамқорлық пен татулыққа, үй іші жұмыстарын жұмыла кірісіп орындауға, жақсы мен жаман туралы пікірлерін ортаға салып ұштастыруға, қаражатты дұрыс бөліп тұтынуға, еңбекпен табылған ақша құнын бағалап, қадірлеуге үйренеді. Отбасындағы тіршіліктің дұрыс ұйымдастырылуы балалардың еңбекқор болуы, әр нәрсеге жоғары жауапкершілік сезіммен қарау, адамды құрметтеу сияқты адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына мүмкіндік туғызады.

Мәдениет (латын. Cultura – өңдеу, егу деген сөзінен шыққан) – табиғат объектісіндегі адамның әрекеті арқылы жасалатын өзгерістер. Бұл сөзде адам еңбегінің ерекшелігі, оның адамның іс-әрекетімен байланыстылығы, адамның және оның қызметінің бірлігі негізделген. Кейіннен «мәдениет» деген сөз жалпылық маңыз алды, адам жасағанның бәрін де «мәдениет» деп атады. Осы ұғымда мәдениеттің мазмұнды белгілері, түсінігі көрсетілді. Мәдениет – адам жасаған «екінші табиғат». Мәдениет – жеке адамның өмір сүру мақсаты мен құндылық жүйесі, адамның өмір сүрген ортамен қарым-қатынасы. Ол - өзара қарым-қатынас нәтижесінде қалыптасатын ерекше құбылыс. Адамдар өздерін қоршаған ортаға, оның әлеуметтік және мәдени қатынасына әсер етеді, өзгертеді. Олар оны өз мақсатына пайдаланады. Болашақ қоғамға, ұрпаққа мұра етіп қалдырады, ал ол мұра белгілі жағдайда үнемі дамуда болады. Мәдениет әр түрлі әлеуметтік құрылымдардың, топтардың, таптардың, жіктердің, ұлттардың, жеке адамдардың өмір сүру жағдайына, талабына сәйкес пайда болып, қалыптасады. Мысалы: аң аулау, еңбек құралдарын жасау, от жағу, тамақ пісіру, киіну, жарасымды өмір сүру, екінші біреуге ұнау, ортамен қатынаста болу, т.б. Бұл талап-тілектер қоғамдық прогреске, өрлеуге тікелей байланыста. Әр қоғамдық кезеңде жаңа талап, тілектер пайда болады, өндіріс құралдары дамиды. Мәселен, бір кездерде жазба әдебиеті болмады соның нәтижесінде фольклор қалыптасты, кейінірек те білімнің қалыптасып, жазудың шығуы жаңа талап қойды. Бүкіл құндылықты, мифті жазып қалдыру талабы пайда болды. Информатика дамыды, оларды микрофон, магнитофон, компьютерге түсіру арқылы мәңгі ету қажеттігі туды. Сөйтіп, мәдениет әлеуметтік құрылымдардың, жеке адамның тілегіне, талабына сәйкес қалыптасты. Қоғамда адам тілегінен тыс мәдениет қалыптаспайды. Мәдениет – әлеуметтік фактор, қоғамның қозғаушы күші. Мәдениеттің дамуы қоғамды ілгері жылжытады. Жеке адам мәдениеті мен қоғам талабы тікелей байланысты.

Адам, оның қызметімен өзара қатынасы бар жерде мәдениет бар. Бірақ, материалдық және рухани мәдениетті бір-бірінен ажырата білу қажет. Мәдениет материалдық және рухани: бірі-материалдық өндірістің, екіншісі-рухани өндірістің өнімі деп қаралады. Себебі, материалдық және рухани мәдениеттің өнімдері – еңбек құралдары және көркем шығырмалар әр түрлі мақсатта пайдаланылады. Олай болса материалдық және рухани мәдениеттің қызметтік ерекшеліктері бар екен. Сонымен қатар, бұл екеуі – материалдық және рухани мәдениет тұтастыққа ие. Материалдық мәдениетті мәдениетке айналдырған адамның идеясы мен білімі, ал рухани мәдениеттің өнімі материалдық нысанда болады, соның нәтижесінде ол объектіге айналуы мүмкін және қоғамдық өмірдің факторы болып қалады. Сондықтан, мәдениетті материалдық және рухани демей-ақ, тұтас бірлікте алып қарауға да болады. Мәселе бұларды ажыратуда емес, бүкіл қоғамның дамуына сәйкес, органикалық бірлігін мойындауда. Өміршең мәдениет қоғамдық адамнан ажыратылмайды, адам – мәдениет субъектісі. Оның адамдық сапасы тілді игерудің нәтижесі, қоғамдық өмір сүретін құндылықтарға, әдет-ғұрыпқа ену, осы мәдениетке тән іс-әрекеттің дағдысын бойына сіңіруі. Мәдениет – адамдықтың өлшемі, ол адамның қоғамдық мән есебінде дамуын сипаттайды. Сондықтан, мәдениет адаммен

тікелей қатынаста өмір сүреді. Ол қатынастың мәні мынада, адам бұрыннан жасалып келген мәдениетті бойына сіңіреді, қабылдайды, өзінің болашақ қызметінің алғышартына айналдырады. Сөйтіп, өз білімін, икемін, қабілетін дамыта отырып, өзінің мәдениетті, адамдық мәнін жасайды. Материалдық мәдениетсіз рухани мәдениет қалыптаспайды. Мысалы, радио, теледидар, компьютер, түрлі ғимараттар, мұражайлар сияқты түрлі материалдық игіліктер арқылы рухани мәдениет таралды. Би, ән айту, жыр жырлау құралсыз іске асырылмайды. Ел мәдениеті неге байланысты? Олар театрларға, басқа да мәдени ошақтарға, сән-салтанатты, барлық жағдайы бар демалыс орындарына, т.б. байланысты. Оларды игілікке пайдалана білу де мәдениеттің бір саласы. Сөйтіп, материалдық және рухани мәдениет тікелей байланысты екен. Одан шығатын қорытынды, мәдениет – қоғамның материалдық және рухани байлығының жиынтығы. Қоғамның материалдық дәрежесі жоғары болған сайын рухани өмір де жоғары болмақ.

4.2 Ұлттық жаңғыру – болашаққа бағдар

Ұлттық жаңғыру – болашаққа бағдар

Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында еліміздің ары қарай дамуына, әлемдегі ең ірі экономикасы дамыған 30 елдің қатарына қосылу, алға қойған мақсаттарымызға жету туралы баяндайды. Сонымен қатар, бұл мақалада: ұлттық сананы жаңғырту, ұлтымыздың болмысын, ұлттық кодты сақтап, оны Қазақстанның дамуына, оның игілігіне жарату негізінде, еліміздің ары қарай дамуы болып табылады. Онда еліміздің Президенті Қазақстан үшін қайта түлеудің айрықша маңыздылығын түсіндірді. Бұл жаңғыруда аталып өткен аса маңызды екі үдеріc – саяси реформа мен экономикалық жаңғыру. Бұл жүйе арқылы біртұтас біріккен ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымызды және сананы қалай өзгертетіні жөнінде өз пікірімен, ойымен бөлісті. Мемлекет басшысының мақаласы, бұл – ең алдымен 21 ғасырдағы шынайы өмірдегі ұлттық сананы білдіретін және қоғамда қалыптасқан сананы өзгерту жолындағы дүниетанымдық мақала. Елбасымыз бұл жаңғырудың негізгі қызметі мен ерекшеліктеріне ой жүгіртіп, бұл жаңғырудың маңыздылығына тоқталды. Саяси, экономикалық реформаларда тәуелсіз, егеменді еліміз көптеген бірқатар жақсы нәтижелерге қол жеткізгені барша халыққа мәлім. Ол – адами құндылықтар, жастарға білім беру, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына сіңіру болып табылады. Елбасымыздың рухани жаңғыруға, білім мен ғылымға маңыз беруі – үлкен көрегендік. Бұл жаңғыру – егемен, тәуелсіз еліміздің болашағы мен келешегі үшін жасалған ең үлкен жұмыс. Сондықтан, рухани байлығымыздың маңыздылығы – яғни, бұл әрбір жеке тұлғадан құрылған қоғам, туған еліміз, жеріміз үшін де өте маңызды үдеріс болып табылады. Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың ғасырдағы ұлттық сананы кеңінен дамытудың, жаңғыртудың бірнеше бағытын ұсынды:

- бәсекелік қабілет;

- прагматизм;

- ұлттық бірегейлікті сақтау;

- білімнің салтанат құруы;

- Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы;

- сананың ашықтығы.

Бұл арнайы бағыттар сананы жаңғыртудың негізі болмақ. Осы аталған бағыттарда – бәсекелестік қабілет, бұл соңғы жылдардағы әлемдік қауымдастықтағы негізгі ұлттық бәсекелестік болып табылады. Кез келген табысқа жету жолында, табысты болуға, яғни адамдардың негізгі бәсекелестік қабілетімен ерекшелінеді. Сондықтан да, әрбір адам өзіндік сол ортаға сай негізгі қасиеттерге ие болуы керек. Мысалға айтсақ, шет тілдерін үйрену, компьютермен жұмыс жасау т.б жатқызылады. Бұл бағытта «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалардың маңыздылығы жоғары. Бәсекелік қабілет – білім мен ғылымда, саясат пен экономикада, технологияда, яғни барлық салада болуы керек. Себебі, бәсеке болған жерде әрбір адам өзінің ең сапалы қызметін ұсынады. Осы аталған бағыттардағы – прагматизм, бұл – өзіңе берілген барлық нәрселерді дұрыс пайдаланып, соған орай болашағыңды жоспарлай білу, кеудеңді керіп, басқалардан өзіңді жоғары ұстамауың керек, ысырапшылық пен астамшылыққа жол бермеу керек. Сонымен қатар, бұл мақалада Елбасымыз – мінез құлықтың прагматизмін ұсынған, яғни алға қойған нақты мақсатқа жетуге, салауатты өмір сүру, нақты білім алу, осы тұрғыдан, барлығын ұтымды пайдалану болып табылады. Қазақстанның эволюциялық дамуы, еліміздің эволюция жағынан дамуы болып саналады. Еліміз 20 ғасырда түрлі өзгеріске ұшырады. Ұлттық бірегейлікті сақтау, ұлттық жаңғыру ұғымымен байланысты болып келеді. Бұл бағытта ең әуелі ұлттық рухты, ұлттық сананы атап көрсеткен еді. Елбасымыз: Оның екі қыры бар: біріншіден, ұлттық сана сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту, – деп түсіндірді. Сонымен қатар, Елбасымыз барша Қазакстандықтар үшін ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсіндірді. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек. Қазіргі 21 ғасыр білімнің салтанат құруымен байланысты. Елбасымыз жастарға үлкен сенім артады. «Біздің болашағымыз – жастардың қолында» демекші, жастарға арнап – университеттер, зияткерлік мектептер ашылды. Сонымен қатар, көптеген білімді жастарды – «Болашак бағдарламасы» арқылы көптеген елдерге оқуға жіберді. Яғни, бұл білімнің – салтанат құруы. Сөзімді қорытындылай болсам, жаңа қалыптасқан рухани жаңғырудың баршамызға түрлі өзерістер мен алға қарай ұмтылыстарды, жаңа жаңашылдықтарды қажет етеді. Өйткені, біз күннен-күнге дамыған, көркейген елде өмір сүрудеміз. Қазақстан Президенті Н. Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында – еліміздің әлемдегі озық 30 елдің қатарына кіру туралы және түрлі бағыттарды ұсынды. Бұл – рухани жаңғыру арқылы болашағымызға деген өзінің терең көзқарасын білдірді. Мақалада ұсынылған ұлттық рухты, ұлттық сананы жаңғыртудың бағыттары жүзеге асса, онда бұл – рухани жаңғырудың негізі болмақ. Елбасымыздың бұл мақаласы ұлттық сананы жаңғырта отырып, ұлттық бірегейлікті сақтап, табысты ел болуды білдіреді. Осы рухани жаңғыру арқылы елімізді барша әлемге таныта отырып, табысты ел болып, болашаққа деген үмітімізді, сенімімізді біріктіре отырып, бір ту астында, жарқын болашаққа жетейік! [18]

4.3 Ұлы дала елінің көшбасшылары

«Ұлы Дала» ұғымы – баяғыдан бар ұғым. Дешті Қыпшақ деген сөз қыпшақтың даласы деген сөз. Ұлы Дала ұғымына мынау Алтайдан Қара теңізге дейінгі даланы атайтын болған. Оның негізгі аумағы – біздің қазақтың жері. Біздің даламызда кен де болған, темір де болған, қол өнер де болған, бәрі болған», – деп атап өтті мемлекет басшысы.

Адам өткенін жақсы білмесе, болашаққа нық қадам баса алмайды. Тәуелсіз ел ретінде өткенімізді зерттеу, бұл күнге қалай келгенімізді, кімдердің арқасында жеткенімізді білу біз үшін өте маңызды.

Сонау 1465 жылы қазақтың ең алғашқы хандары Жәнібек пен Керейдің хандықтың туын тіккеніне, міне, биыл 550 жыл толып отыр. Елбасымыздың Қазақ хандығының 550 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы жарлығы шығып, былтырдан бері бүкіл ел болып үлкен іс-шараларды атап өтіп келеміз.

Біздің бәрімізге мәлем тарихты жасайтың адамдар. Бүгінгі таңда мемлекет болып отырғанымыз кімдердің арқасында екендігін білгеніміз жөн.

Қазақ хандығының негізін қалаушы ұлы екі тұлғаның бірі – Керей хан. Тарихи әдебиеттерде оның есімі Кирай, Герей, Гирай, Керей түрінде кездеседі. Оның арғы ата-бабалары Моңғол империясының негізін қалаған – Шыңғысханнан басталып, Жошы ұлысының билеушісі – Жошы ханмен, Ақ Орданың билеушісі – Орда Ежен ханмен жалғасады. Ал, бергі ата-бабалары – Алтын Орда мен Ақ Орданың ханы болған Орыс ханға кеп тіреледі де, Орыс ханнан Тоқтақия одан Болат, одан Керей хан шығады. 1457 жылы күз айының соңында туысы Жәнібек ханмен бірге қазақ хандығын құрайтын этникалық ру-тайпаларды Әбілхайыр хандығынан бөліп алып, Моғолстанның батысындағы Шу бойы мен Қозыбасы өңірі аралығына келіп қоныстанады. 1458 жылдың ерте көктемінде өз ұлыстары ақ киізге көтеріп хан сайлайды. Керей хан Қазақ хандығын 10 жылдай басқарады. Хан тау етегінде жерленген. Туған жылы белгісіз. 15 ғасырдың 70-жылдарының басында қайтыс болған. Бірақ, қандай жағдайда қайтыс болғандығы туралы нақты мәліметтер жоқ. Керей ханның үш баласы болған. Олар: Бұрындық хан, Қожа-Мұхамед және Сұлтан-Әлі. Олардың ішінде Бұрындық хан Қазақ хандығын 30 жылдан астам билейді. Бұрындық ханнан соң тақ билігі түпкілікті Жәнібек ханның ұрпақтарының қолына өтеді. Керей ханның қалған екі ұлы жөнінде деректер кездеспейді.

Жәнібек хан – қазақ тарихында туысқан ағасы Керей ханмен бірге Қазақ хандығының негізін қалаушы белгілі тұлға және екінші қазақ ханы. Шын есімі – Әбу Сайд. Оның да арғы ата – бабалары – Шыңғыс хан, Жошы хандар. Бергі аталары – тарихта есімі қалған Орыс хан, одан Қойыршақ хан, одан Барақ хан. Жәнібек хан шамамен 15 ғасырдың басында дүниеге келген. Жәнібек хан Керей ханнан соң билікке келеді. 6-7 жыл билік жүргізеді. Оның тұсында хандық тарихында үлкен маңызға ие бірнеше оқиға болады. Біріншісі, 1469 жылы Әбілқайыр ханның Қазақ хандығына жасаған жорығында жеңіске жетеді. Екіншісі, 1463 жылы Әбілхайыр хан қайтыс болғаннан соң, көшпелі өзбектер мемлекетіне Сібірден – Ибақ хан, Алтын Ордадан – Ахмет хан, Ноғай ордасынан – Мұса мен Жаңбыршы билер, Хорезмнен – Береке сұлтан, ал Қазақ хандығынан Жәнібек хан қарсы шығады. 1470 жылдың басында Шайх-Хайдар хан өлтірілген соң, көшпелі өзбектер мемлекеті толық күйреп, Дешті Қыпшақтың басым бөлігінде Жәнібек хан басқарып отырған Қазақ хандығы билік етеді. Қазақ хандығының құрылуының соңғы кезеңі Жәнібек ханның тұсында табысты аяқталады. Осы тұста Қазақ хандығы өз алдына жеке мемлекет болады. Ол шамамен 1473-1474 жылы қайтыс болады. Жәнібек ханның артында тоғыз ұлы қалады. Оның ішінде Жиренше, Махмұд, Қамбар, Әдік, Қасым секілді ұлдары 15 ғасырдың соңы 16 ғасыр басындағы Қазақ хандығы тарихында үлкен рөл атқарады. 16 ғасырдың екінші жартысында Жәнібек ханның Жәдік атты ұлы мен оның ұрпақтары саяси билікті қолдарында ұстайды. Қазақтың ханы болған Тәуекел, Есім, Жәңгір, Тәуке хандар – Жәнібек ханның ұрпақтары болып келеді.

Қасым хан (1445-1521) – қазақтың ұлы хандарынын бірі, Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі – Әз-Жәнібек ханның ортаншы баласы және Шайбанидтер мемлекетінің ханы Мұхаммед Шайбани ханның бөлесі.

Қасым әуелгі кезінде Бұрындық ханның атты әскерін басқарады. Ол осылай жүріп, қан майдандағы ерлігімен, ел басқаруға қосар ақылымен, көрші елмен байланыста қиыннан жол табар саясаткерлігімен, жұртты соңынан ертіп әкетер шешендігімен ел көзіне ерте түссе де, жеке билікке ұмтылмай, ел бірлігіне жарықшақ түсірмей, Бұрындық ханның дегеніне көніп, оған қалтқысыз бағынады. Сол кездің куәгері, тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати: «Ол (Қасым) әкесінің үлгісі бойынша барлық жағдайда Бұрындыққа бағынды, соған тәуелді болды» деп жазады. Бірақ, Қасымның тәуелділігі Бұрындықтың ел басқарудағы қабілетсіздігіне араша түсе алмайды. Ақыры ол хандығын тастап, Самарқандағы қызына кетуге мәжбүр болады. Сонда қаза табады. Осыдан кейін барып, Қасым билікті өз қолына алады.

Қасым ханның ел басқарудағы кемеңгерлігіне, қол астындағы халқының қамын ойлар даналығына тәніт болған көрші елдердің тынымсыз қақтығыстан мезі болған ру-тайпа көсемдері әр кезеңде ақырын жылысып, мұның қарамағына еніп жатқан. «Қасым хан бүкіл қазақ халқын біріктіру арқылы үлкен әскери күшке ие болды. Қарауындағы халықтың бақытына орай, ол өзінің бейбітшілік сүйгіш саясатымен халықтың махаббатына бөленді. Осы бейбітшілік сүйгіштігімен Қасым хан халықтар арасында ерекше әйгілі болды» деп жазады Әлихан Бөкейханов.

Абылай хан, ең алдымен жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте, үш қазақ жүзін біріктіруде және 1771 жылы барлық үш жүздің ханы деп жариялаған. Абылай хан оларды біріктіріп, мықты мемлекет құрды. 1780 жылға дейін күшті сыртқы және ішкі саясат жүргізіп, қазақтарға жоңғарлар жаулап алған Шығыс пен Жетісу (Жетісу) аумақтарын қайтарды.

Шоқан Уәлиханов – еуропалық білім алған, әлемдік деңгейде еңбек еткен адам, ол Батыс, оның ішінде Ресей, Қытайдың солтүстігін ашты. Шоқан Шығыс адам болғандықтан, бірақ жан-жақты білім алғандықтан, Ресей Сыртқы Істер Министрлігінің тапсырмасы бойынша география, этникалық құрамы, шаруашылық, жолдар, сауда, басқару жүйесі, қазіргі Шығыс Түркістан өмірінің барлық аспектілері бойынша мәліметтер жинады. Сондай-ақ, ол қазақ халқының тарихының білгірі болды. Ол қазақтар 15 ғасырда халық ретінде қалыптасып, өз мемлекетін құрғанын мәлімдеді. Шоқан Уәлиханов Қытайдан Араб, ұйғыр тілдерінде жазылған дереккөздерді алып келді.

Тұтас дәуірдің өзекті шығармасы, қырғыздың «Манас» поэмасына назар аударды. Шоқан бес томдық бай мұра қалдырған.

Абай Құнанбаев қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ақын-гуманист. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904) – ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, либералды білімді исламға таяна отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен.

Абайдың шығармаларында ақынның өз халқын ағартылған, дамыған және тәуелсіз ұлт ретінде көру арманы анық байқалады.

Әлихан Бөкейханов – қазақтардың саяси лидері. Ол бірінші саяси «Алаш» партиясын құрды. Ресей саясаты қазақтардың мәдени, саяси бағдарын жоғалтуына алып келді. Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда үкіметінің алғашқы төрағасы Әлихан Бөкейхановтың қазақ ұлты үшін орны бөлек. Қазақ қоғамында Әлихан Бөкейханды 20 ғасырдың ең көрнекті тұлғасы деп қарастырады. «Алаш» идеясын алғатартқан Әлихан: қазақ ұлтшылдығы – ол өз ұлтын, тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін, ата-баба жерін, Отанды сүю, қорғау және қамқор болу деп насихаттады.

Ол соңғы демі біткенше туған қазақ халқының ата-баба жеріне деген, ұлттық мемлекет құрып, өзін-өзі басқаруға деген қасиетті құқын табанды түрде қорғап, сол үшін күресіп өтті. Сонымен бірге, 1917 жылдың желтоқсанында Алаш ұлттық –территориялық автономиясын жариялап, оның төрағасы, премьер-министрі болып сайлана келе, Әлихан Бөкейхан бұдан былай қазақтың қайта құрылған елі көпұлтты, көпдінді және санмәдениетті, бірақ көп мәдениетімен тұтас мемлекет болатынын болжады. Автономия жариялаудың қарсаңында «Қазақ» газетіне солай деп жазды да. Оны Алаш автономиялық мемлекетінің 25 мүшеден жасақталатын Халық кеңесі – Алашорда үкіметінен 10 орынға өзге ұлт өкілдерін шақыруы айқын дәлел бола алады.

Қаныш Сәтбаев – Қазақ Ғылым Академиясының негізін қалаушы, ол Жезқазған экономикалық аймағын ашты, Қазақстанның ғылыми элитасының тұтас бір тобын дайындады: Ә. Марғұлан, Ә. Бектұров, С. Зиманов. Олардың барлығы Сәтбаевтың ұлттық идеясының ізбасарлары. Сәтбаев Марғұланға Шоқан Уәлихановтың еңбектерін жинауды тапсырды. Оған дейін Шоқан Уәлихановтың еңбектері бір томда басылып шықты. Сәтбаев бес томдық еңбек басылымына қол жеткізді.

Дінмұхамед (Димаш) Ахметұлы Қонаев (1912-1993) – аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы. Дінмұхамед Қонаев КСРО басшылығының ең жоғары сатысына көтерілген жалғыз қазақ болды. Ол сол таңдағы 15 адам кіретін, елдің ішкі және сыртқы саясатын анықтайтын саяси бюроның мүшесіне кірді. Қонаевқа дейін бірде-бір қазақ осындай биіктікке көтерілмеген. Сонымен қатар, Д. Қонаевтың кезінде 50 жылдары Өзбекстанға берілген аумақтар қайта Қазақстанға оралды.

Д. Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Ол, билік басында болған уақыт қайшылықты күрделі, қарама-қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Дінмұхамед Ахметұлы ел басқарған жылдары кең байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кентімен 43 қала пайда болды. Оның ішінде, өнеркәсіп орталығы болып саналған Рудный, Екібастұз, Шевченко (қазіргі Ақтау), Никольский, Степногорск, Теміртау, Жаңатас, Кентау, Арқалық қалалары салынды. Ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, тың және тыңайған жерлер игерілді. Кеңшарлар мен ұжымшарлар салынды. Мал саны көбейіп, ауыл шаруашылығының өнімдері жыл сайын артып отырды. Д. А. Қонаев металл өңдеу және көлік жасау салаларында өндіріс тиімділігін арттырып, Өскемен, Орал, Қарағанды, Петропавл, Шымкент, Алматы қалаларында көлік жасау зауыттары құрылды. Алматы ауыр машина жасау зауыты шығарған өнім әлемнің 40-тан астам мемлекетіне таралды. Қазақ жерінің аумағында көмір мен мұнай кен орындары ашылып, Қазақстан отын-энергетика өнеркәсібінің ірі орталығына айналды. Тараз және Шымкент қалаларында орналасқан комбинаттар сары фосфор өндіру бойынша әлемде бірінші орында болды. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ғылым саласында орасан зор қызмет етті. 100-ден аса ғылыми еңбектермен зерттеулер жазды.

Нурсултан Назарбаев – Қазақстанның мемлекет қайраткері, ғалым, Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті. Назарбаев – жаңа мемлекет, жаңа астана, жаңа менталитет құрды. Ол Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа кіру процесін бастады. 1992 жылы экономикалық болжам берген: «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы» атты еңбегі жарияланды. Ел басының болжамы бойынша, 1996 жылы ел экономикалық өсу жолағына кіругі тиіс еді. Іс жүзінде Қазақстан жылы 1999 жылы экономикалық өсу жолағына кіріп, жыл сайын 10 %-ға өсіп отырды. Экономикалық өсудің алғашқы белгілері пайда болған кезде ол 2030 бастамасын қабылдады. Адамдар сенбеді. Бірақ, біз бағдарламаны мерзімінен бұрын орындадық. Ал, қазір 2050 бағдарламасын қабылдаған кезде ешкім күмәнданбайды. «Н. Ә. Назарбаев әлі көп, нәтижелі жұмыс атқарады» деп профессор Абжанов жазды.

Пысықтауға арналған сұрақтар

1. «Этнос» ұғымына Л Н. Гумилев пен М. Вебер анықтамаларына сүйене отырып түсініктеме бер.

2. «Менталитет», «Ұлттық діл», «Ұлттық идея», «Ұлттық тәрбие», «Мәдениет» ұғымдарына түсініктеме бер.

3. Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына сипаттама бер.

4. Қазақ хандығының негізін қалаушы Керей хан мен Жәнібек хан.

5. Абылай хан, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев туралы не білесіз? Бірінші саяси «Алаш» партиясын құрған кім?

7. Қазақ Ғылым Академиясының негізін қалаушы, Жезқазған экономикалық аймағын ашқан ... ?

8. Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері, КСРО басшылығының ең жоғары сатысына көтерілген жалғыз қазақты ата?

9. Елбасы Нурсултан Назарбаев туралы не білесін?