II тарау

«ҮЛГІГЕ СӨЗ ПАТШАСЫ СОНАН ІЗДЕ…»

Ақын өлеңдерінің көркемдік жүйесіндегі мекен-шақтық категория протагонист (грекше – бірінші бастаушы) кейіпкерін де сол сияқты антигеройды да, қосалқы кейіпкерді (персонаж) де автор өмір сүрген уақытпен толық кіріктіре түскен. Ақын қолданысындағы көркем құралдар коммуникациясы өткен ғасырдың суретін көз алдыңа әкеледі.

Сұлтанмахмұттың поэзияда ақындықтың күшін танытар биігі –көркем де айшықты, асқақ та тасқын судың ағынындай қарқынды өлең жолдарынан құрылған «Айтыс» дастаны. «Айтыс дастанына ерекше тоқталуымыз, XX ғасырдың басында жазылған шығармалар ішінде басқаша үлгісімен көзге түсетін, яғни дала мен қала ақынының айтысы, ақынның дәстүрлі айтыстың жалпы ұлттық бітімін форма етіп алғаны алдымен көзге түседі. Бұл туынды өзгеше бітім тұлғасымен, сыртқы қалып, ішкі мазмұнымен қайталанбайтын мұра болып саналады. Өйткені, Сұлтанмахмұттың ақындық-суреткерлігі тіршілік күйбеңімен, өз көңілін жұбатумен, сол шабыттан туындаған мұралар қатарынан емес. Ақын көне мен жаңаның сапырылысқан заманында, ненің жақсы, ненің жаман екенін ажырату қиынға түскен тұста шығармашылықпен айналысқан – дәуір перзенті. Сұлтанмахмұт өз шығармаларында заман келбетін сомдады, өзі көрген шынайы өмірді қағаз бетіне өзгеше бір ептілікпен, тамаша суреткерлік қабілетпен түсіре білді. Қазақ қоғамына бұл келген замана өзгерісі не әкелді, қайда бағыттады, осыған мән берді. Шығармаларының ортақ нүктесін дөп бассаңыз – сол кезеңдегі қазақ халқының жай-күйі, тіршілік түрі, қоғамдық даму барысы ақынды қанағаттандырмағанын танисыз. Ақынға тілі тәтті, ісі қатты Ресей патшалығының отаршылдық езгісі анық танылды. Ақын өз жұртын зәбіршілге мойынсұнған халық секілді болып көрінді. Ел қасиеттілері талай қанмен әкелген еркіндіктің иісі атымен жойылуға бет алғанын жүрегімен сезінді. Қазақ атқамінерлері мемлекеттік басқару істерінен, қазақтың қалың бұқарасы өркениеттілік өнерлерінен шеттетілуі жай нәрсе емес екенін түйсініп білді. Шыдамдылық, көнбестілік көрсеткендей сыңайға түскен халқын желпіндіру, еркіндікке қанат қақтыру қажет екенін ақындық болмысымен де, азаматттық арымен де бақылады.

Бір отбасы мүшелері, яғни ата немерені түсінбейтін халге түсіретін әртүрлі сауат ашу мен діни сенім ұялату зардабын кейінгі ұрпақ көрерін және бұл ұлт тағдырына елеулі кесір болатынына назар аударып, соның тұйықтан шығар жолдарына үңілді. Әділетсіздік жайлаған қазақ қоғамына қазақы діннің тура шындығы әділет әкелерін пайымдады.

 

Ісләм деп қазағымның айтсам дінін,

Дос тұрсын, дұшпан таппас оның мінін.

Сұлтанмахмұт қазақ халқы бақытсыздығының басты себебінің бірін ханы тура сөзге тоқтайтын, бай-манабы жарлысына қамқор болатын заманының келмеске кеткенінен көреді, мемлекет билігі тәуелсіз болмай, Ресей империясы құрамында жүріп әлеуметтік теңсіздіктен, экономикалық мешеуліктен құтылмасын білді. Бәрін ретке келтіру үшін отаршылдықпен күресу керектігін сезді.

Ең қызық ел бақыты –теңдік алған,

Зор қайғы отар ел боп артта қалған .

Осы тұста атап айтып өту қажет маңызды әдеби-тарихи жайт, Сұлтанмахмұт дер уақытында отаршылдықты өз атымен атаған алғашқы (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлымен қатар) ақын-ойшылдарымыздың бірі болып танылуы тиіс. К. Шәменов ақынның туған еліне барып, одан жиналған Сұлтанмахмұт жайындағы экспедициялық материалдар негізінде, ақынның 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісін жырлаған тұстарын анықтаған. Мысалға «Құлағым бітелген жоқ» өлеңін береді. Сол жылдың қысында Том қаласының тау-технологиялық институтының студенті Әлімхан Ермековтен орысша оқып жүргенінде жазған «Қызық қандай адамды қыздыратын», «Біреу бай, біреу жарлы» өлеңдері арқылы Сұлтанмахмұт қазақ халқының 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісіне өзінің ақындық-азаматтық жалынды жырларын арнағаны дәлелденген.

Мысалы, Сұлтанмахмұттың «Өң бе, түс пе?» өлеңінде ел билеген хандар мен саясаттың бір қырын:

Зор толқын Ресейді қаптағаны,

Ескі үкімет тәртібін таптағаны.

Патша, төре, байлар мен обырларға,

Бар екен тұрмыстың да сақтағаны

Кімде кім бостандыққа болса жерік,

«Бүкіл халық үшін» деп іздесе ерік,

Көп қойды қасқыр бақпай, иесі бақса,

Тізгінін бермейтұғын кім бар сеніп?»–  

деп көрсетеді.

Айтыс дәстүрімен ақын отаршылдық өмірге бостандық заман көріністерін қарсылас етіп қояды. Оның бұл қарсылық үні «Айтыс: қала ақыны мен дала ақынының айтысы» диалогиялық поэмасында толық көрінеді. Ақын да, оқырман да бұрынғы қазақ ауылын көз алдына елестетеді.

Сұлтанмахмұт Торайғыров «Айтыс» дастанында дала ақыны мен қала ақынын айтыстыра отырып, қоғамдық дәуірдің объективті шындығы, дала мен қала қазақтарының ауыр тұрмыстарын ашына айтып, жеңілдету жолдарын іздестіреді, ежелден қалыптасқан даланың ата дәстүрінің бұзылғанын:

... Көбейген терін сатпай, телміргендер,

Жан аз боп еңбегімен егін еккен.

Mac болып партияға қызып алған,

Далалық табиғатын бұзып алған,

деп жырлайды.

Жеке адамның қоғамдағы орны дегенде қазақ даласын мекен қылған халықтың ақ иық ақындары, ел серілері, жыршы-жыраулары еске түседі. С. Торайғыров «Айтыс» дастанында ақынды қазақ елінің арман-мұңын айтып, дала ақыны тұлғасында көрінетін өзін суреттейді:

Даламның ақындарын айтсам сізге,

Үлгіге сөз патшасы сонан ізде.

Миға тамақ, жүрекке сусын беріп,

Даңқы кеткен ақын көп бұл үш жүзде ,–  

дей келіп,

Қазақтың өміріне айна болған...

Суреттер дала көркін, еркіндігін,

Ішінде өзі бірге өсіп жеткен,  

 

деп өз бейнесін де сомдаған.

Сұлтанмахмұт поэзиясындағы «мен» және «Махмұт» тұлғасынан бөлек кейіпкер тұлғасындағы ақындық бейнесі оның «Айтыс» дастанынан да көрінеді.

Дала ақынының парасаттылық бейнесі өзіне тән сипат:

Байқасаң, қазақтың өзінде бар,

Дүниенің генийлігі, пайғамбары ,–

деуінде қазақтың тілі мен дүниетанымына, оны жырлаушы дала ақынына биіктік сипат бере суреттеген.

Сүйемін туған тілді – анам тілін,

Бесікте жатқанымда берген білім.

Шыр етіп жерге түскен минутымнан,

Құлағыма сіңірген таныс үнім ,–

деген жолдар Сұлтанмахмұттың ұлттық мақтаныш сезімінен туған. Дастанда ақын лирикалық кейіпкердің атынан баяндап, екі кейіпкердің қоршаған ортаға көзқарасынан шығарма мазмұнынын құрайды.

Лирикалық өлеңдерімен өмір шындығын жан-жақты қамтып, халқымыздың жаңа ғасыр басындағы көркем шежіресін жыр жолдарында кестелеген. Сұлтанмахмұт өмірінің аяғында ауырып жатып жазып, аяқтай алмай кеткен шығармасы – «Айтыс» 1922 жылғы «Адасқан өмір» жинағында, 1933 жылғы толық жинақта жарияланады, бірақ көп жылдар бойы жабық болып оқырманға белгісіз күйде қалды. Тәуелсіздік орнағанша ақынды толық басып шығару мүмкіндігі болмады. 1989 жылы «Жұлдыз» журналының №12 нөмірінде А. Еспенбетов жариялады, 1993 жылғы ақынның жинағында «Айтыс» оқырмандармен қайта қауышты.

Ж. Аймауытовтан басталған, сол кемелді істі жалғастырушы кейінгі сұлтанмахмұттану ілімінің негізін салушы Б. Кенжебаев «саяси зиянды және қауіпті» саналған осы ақын шығармасынан өне бойы үзінділер алып, пайдаланған.

 

Сен кімсің, семіз, толық, тән жағынан,

Өгіздей бар шығарсың әл жағынан?

Көрінген көрнегіңнен, жүрісіңнен,

Топастығың білінген әр жағынан.

 

Дала ақыны тосылмастан, сөз қайтару кезегімен дала көркін, дала сымбатын жыр етеді, елдігін, елінің ерлігін паш етеді.

Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,

Ұранға алаш деген атты аламын,

Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ.

Мен неге қазақтықтан сақтанамын?

Ерікті ен даланың құсынша ұшып,

Ержеттім кеңшіліктің сүтін ішіп.

Сен құсап сармасадай ілбиткен жоқ,

Қаланың көшесінде жоқтық қысып.

Алтай, Ертіс, Сырдария, Есіл, Жайық,

Арасын қоныс қылдым ірге жайып,

Елім, жерім, қорғайтын ерім болып,

Ер жеттім ен далада лықа байып.

Сұлтанмахмұт кейіпкерінің «он бір түгелі» автордың өзі көріп пайдасын ескерген, зиянынан аршылған дүниетанымына сай келеді:

 

Қарашы, міне, қандай пікірлер бар:

Бірінші: «Заманың түлкі болса тазы боп шал»,

Екінші: «Қылышты соғып байқа өз саныңа

Өз саның ауырмаса, біреуге сал.

Үшінші: «Аспен aт, біреу таспен атса сені»,

Төртінші: «Мың сіз, бізден бір шыж-мыж артық».

Бесінші: «Өз етігің тар болса дүниенің

Кеңдігінен көрмессің дәнеңені»

Алтыншы: «Торғай артық жердегі –қолыңдағы,

Ұшып жүрген тырнадан әуедегі».

Жетінші: «Отқа жақ алтын ерің отқа тисе»,

Сегізінші: «Еңбек қыл да, міндет қыл» деген еді.

Тоғызыншы: «Талаптан, нұр жауады таланты ерге»,

Оныншы: «Көрпеңе шақта аяқты соза берме»,

Он бірінші: «Босқа тұрсын атыңмен астыңдағы,

Қо йныңдағы қатынға сенбе, сенбе » .

Күллі дін, бар философ айтқандары,

Осы он бірдің астында түгел бәрі

Осындағы мақалдар «Інжіл» мен «Құрандағы», насихат уағызға және Маркстің жерді, елді басқаруды кедейлер қолына беру саясатымен салыстыра суреттеледі.

Сұлтанмахмұттың суреттеуінде халқымыздың ежелден өлеңді, өнерді қастерлейтін абзал қасиетті, туған жерін, әсем даласын, ел қорғар ерін жырға бөлеген ақыны жарасымды, нәрлі поэзияға айналған:

Және де ақындықтың бергені бар.

Сусынын қондырғандай адам жаны:

«Ер Тарғын», «Қобыландыны» оқып байқа,

Абайды оқы; таңырқап, басың шайқа.

Ақындықтың қуаты есіңді алып,

Бас алмастан оқырсың қайта-қайта.

Кешегі Бұқар жырау, Жанақ ақын,

Шөже, Орынбай халыққа жайған даңқын.

Ахмет пенен Міржақып әм Мағжан,

Алты алаштың баласы біледі атын.

«Қобыландыда» қазақтың кең заманы,

Жат қорқатын жауынгер ер заманы –

Ақын ана тілін шын сүйіп нағыз қазақтықтың тамырын жандандырған, қазір әрбір қазақ осы өлеңді кеудесін кере мақтанышпен жырлайды:

Сүйемін туған тілді анам тілін,

Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.

Шыр етіп жерге түскен минут ы мн а н,

Құ лағыма сіңірген таныс үнім.

Сол тілмен шешем мені әлдилеген,

Еркелеткен: «құлыным, жаным» деген.

Сол тілменен бірінші білгізілген,

«Aпa» деген сүйгендік сөз әлі менен...

Тілімде әдебиет, жаныма азық,

Әм болардай көңілге наныс-қазық

Терең ойлар, дүниеге қарастар бар.

Кәнекей сынап, байқап тапшы жазық.

Халық әділеттілікке жетеді, оған өз рухы көмектеседі деп сенген :

 

Даламда бар ұ ят, құ дай деген,

Қа лаңдай намысы жоқ, жолсыз емен.

«Әділдердің көтеретін сыйлары бар,

Жауыздарға бір жаза бар» деп сенем.

Дәстүрі сақталған, қазақ елі өз келбетімен, өз тарихымен, өз рухымен ешнәрседен, ешкімнен кем емесін дәлелдеген:

Кең дала, шаңсыз ауа, таза қоныс,

Бәрі тоқ, бәрі де шат, жүзі жарық...

 

Малдары күншуақта, көк шалғында,

Ажарланған, тойынған, қыдыр дарып...

Мың «Париж», жүз «Мәскеудің» керегі жоқ,

Басымда тұрар болса осы қалып.

Даламның кеңшілігін, бейқамдығын,

Жаным іздеп, жүрегім сүйеді анық,-

 

Ой түйінін былай жырлайды.

Мені өз еркімде қой, қалпымда қой,

Айтатын бар тілегім, қала, саған!

Нақты мақсаты да көрсетілген:

Әз сүйген қалпымда қалмақ үшін.

Өз жолыммен ілгері бармақ үшін.

Сөз кезегі тиген қала ақыны:

Сендей ме ел болатын елдің түрі?

Айтсаң өтіп кеткен бұрынғыны.

«Ел едім, ел боламын» дей алатын,

Бишара-ау, не жайың бар осы күні?!

деп қарымта қайыра, сайысқа түседі.

Жоқ, сенде мұндай намыс көптен өлген,

Бабаңды тұрғызбасаң қайта көрден.

Қо рласа, д ү релесе, бас қ а тепсе,

«Тақсырдан» басқа сөз жоқ, қазақ көнген

Ақын қала деп бейнелеп қала ақынының айтыс сөзін отаршыл өкімет орталығы деп қарады. Сондықтан қазақ халқын, қазақы тірлікті мысқылдау басым.

Ақынның табиғатты сүюі – оның табиғатты суреттеу шеберлігіне ұштасқан. Ақынның өз тегінде табиғат сырынан ақыл-кеңес, өмір жұмбақтарының шешімін іздеу тән болған, бұл оған ұлы бабасы Торайғырдан, өз әкесі Әубәкірден жеткен қасиет екен делінеді ғалымдар зерттеулерінде. Ақынның шығармаларынан сондай-ақ Торайғыр көлінің сылдырын, Ақбеттау ағашының сыбдырын, Баян тауы тастарының сыңғырын кейіптеп, туған табиғаттың түрлі құбылысынан бейне жасау кезінде ұқсастықты байқап, соны суреттеуге ұмтылған.

Сұлтанмахмұт Ыбырай, Абай бастаған табиғат суреттеу тәсілін өзінше дамытып, оны адам өмірінің жай-күйімен өрнектейді. Табиғатты тұрмыс тіршілігімен тұтастырады. Бұл тақырыпта табиғат ақын үшін өз басының көңіл күйін ғана көрсету үшін емес, халық басындағы қуаныш-қайғыны, мұң-шерді сипаттау үшін қажеттірек. Сұлтанмахмұт «Айтыста» табиғат құбылысының бейнесін шебер жасайды, айқындау, шендестіру, меңзеу арқылы өте келісті, Сарыарқаның толық суретін көңілмен еркін елестетеді.

Көк күмбездің астында көк масаты ,

Сәулемен алтындаған сары белім

Кең дала, шаңсыз ауа, таза қоныс,

Исі аңқып , бетім сүйген самал желім

Жиырма жеті жасының өзінде көпті көріп, көңілге даналықты түйген қария-абыздың ақылман сөздерін айтып кеткен, отаршылдықтың қысымын көріп қиыншылық көрген туған халқының келешек тұлғасын және өткенін таудай асқақтатқан ұлт ұлы – сұлтан ақын Сұлтанмахмұттың қазақ халқына қызметі өлшеусіз.

Сұлтанмахмұттың басты көрегендік қасиеті – « Елімнің мен шын ұлы екеніме / Тағдырдың өзі берер куәлікті » деп он тоғыз жасында өзі сеніммен айтқанындай, ұлт мақтанышы Сұлтанмахмұттың ақындығы баға жетпес байлығымызға айналды.

С. Торайғыров мұрасы – ұлтымыздың өзін-өзі тануында, ұлтжандылығына демеуші болуда өзіндік бір ұлағат екен.

Тәуелсіздікке дейін Сұлтанмахмұттың елжандылыққа ерте үйретіп, бостандық сүйгіштікке баулитын ерекше әсерлі өлең-жырларының, дастандарының рух берер күші молдығынан қорықты. Себебі, ақынның шығармалары да, өзі де ұлт үшін жанын қиып тұрғандай өжет болатын.

Кезінде отаншылдыққа, ұлтжанды болуға шақырған шығармаларды жазғаны үшін «буржуазияшыл ұлтшыл ақын» деп жазғырылды.

Ер түрік ұрпағымын даңқы кеткен.

Бір кезде Европаңды тітіреткен.

Кіргені есік, шыққаны тесік болып.

Күнбатыс, Күншығысқа әмірі жеткен.

 

Осы бір шумақтағы (I том. 1993, 210-б) дала ақынының аузымен айтылатын ұран секілді өлең кеудесінде оты бар қазақты нағыз патриот етуге жетелейді.

Батырларымызды бейнелеген:

Білегі жеті шоттан оқ өткізген.

Он жігіт қозғалтпайтын тақымдары,–

деген (215-б) екі тармақтан-ақ суреткердің құдыретін сезінуге болатындай. Орыс патшалығының отаршыл билігіне іліккен қазақ халқының мүшкіл халін:

 

Ханнан күш, қарындастан қайырым кеткен,

Көңілден ар һәм ұят кеткен беттен.

Ұлтшылдық, намысшылдық қарасы өшіп,

Ес-дерті болған онда шен мен шекпен, – 

деп (223-б), бір шумаққа сыйғыза білуі сөз зергерінің бақылағыштық қасиетін бейнелеуде кіріктіре алғанына тағы да куә етеді.

«Айтыс» поэмасында:

 

Қажы менен жұманы парыз қылған,

Жиылып бір ынтымақ қылған оң деп.

Зекет бер, нашарларға көзін сал деп,

Ғылымды қайдан болса сонан ал деп.

Ешкімге өзің тиме, біреу тисе,

Өзіңді қорғау үшін қарсы бар деп», –

нақты қожа атқаратын қызметтің мәнін түсіндіреді. Сонымен қатар:

Даламның қандай еді абыздары,

Диуана, ишан, қожа, ғазиздары

«Құдайға жақын жан» деп ұғылғаннан,

Көп ауруға ем болған лебіздері», –

деп жырлануынан ақын көзқарасының халықтық дәстүрге ықыласы байқалады

Томағалы дулығалардың қорғаныстық қана емес, ырымдық, магиялық та сипаты болды деп суреттеген:

Оларды ала алмаған ешкім күшпен,

Жолыққан найзасына жүндей ұшқан.

Қару асынып, қан жұтып, қайғы тартып,

Елін талай құтқарған қиын істен», –

деп берілуінен, ақынның қазақ батырлары асынған қарудың, жауынгерлік киімнің өзінен қазақ өнерін, мәдениетін құрметтегенін байқаймыз.

Партиялық өктемдік кезіндегі Торайғыровтың оқуға тиым салынған туындылары ішінде ең ұлт рухын жандандырушы, ең әсерлісі – «Айтыс». Алпыс жылдай адам баласына көрсетпей, жасырып тығудың түпкі мәнісі оның жаңашылдығында, отаршылдықты қатаң айыптауында деуге болады.

«Айтыс» поэмасы 1919 жылы жазылып аяқталмай қалды деген пікір айтылып жүргеніне қарамастан, тиянақты, толық түсінікті шығарма, әрі талдау мен зерттеу объектісі бола алмай, ұзақ уақыт мұрағат кебежесінде жатты. Тамаша дастанның қолда болмауына байланысты қайталанбас болмысына бойлай алмай, басқа туындыларының қатарында тек аты аталып қана келді. Біздің бір пікіріміз, айтыс жанрында да айтыстың нүктесі көп бола бермейді немесе бүгін жеңсе келесіде қарымтасы қайтарылып жатады, сондықтан да шығарманы айтыс дәстүрінде бастан-аяқ жоғары шабытпен әкеліп, солай кілт үзілген секілді ету де ақынның шеберлігі ретінде танылса құба-құп болар еді. Негізінде аяқталмады деген тұжырымды көбінесе, естеліктер негізінде алып жүр, ал шығарманың өзі бүтін мазмұнды құрайды.

Бір мысал ретінде, сондай ақынның сырласы, аталас туысы Шәйбай Айманов 1965 жылы Дихан Әбілевке жазған хатында мынадай естелік жазыпты:

«Махмұттың қала ақыны мен дала ақыны айтысы деген жазбасы бар еді. Ол дала мен қаланың неше түрлі әдемі суреттерін теріп салыстырумен бітеді демеңдер, осыны ұқ деген еді. Бұл айтысты жазып жүргенде кең ойда жүруші еді, ойы әлдеқайда кетіп, тіпті ессіз адамша, сұрауға ренжіңкіреп жауап беріп, не қайтадан сұрап, «не дедің» деп сұрап жауап беруші еді...

Мен жазылмасыма, күнімнің санаулы екеніне сеніп болғанмын. Енді бойымдағы ақындық күшімді осы айтысқа төгуге, науқасым мұрша берсе, бел байлағанмын. Арманым бітіре алсам деймін. Бітіре алмасам айтып қояйын, құр, қала мен даланың сән-салтанатын салыстыру емес, сән-салтанатын жырлау емес, мақсаттарым техникаға жеңгізу, әлемге техника қожа болады, техникасыз ел – ел болмайды», деп қызу сөйлеп келіп, жөтелі құрығыр буып, беті қызарып, жөтелі артынан аз есін жинап сөйлей беріп еді.

«Түбінде барлық іс техникаға айналар. Техника жеңер. Техникасыз іс бос, оңбайтын азап болады. Қала ақыны дала ақынын техниканы мақтап жеңеді. Міне осы жерге келгенде бар күшімді, бар болса бойымдағы ақындықты осы жерге төкпекпін. Әрине осыдан басқа жазуға шама да, өмір де жетпес», деп біраз дем алып, үндемеді.

Ертеректе жазылған Шәйбай естелігінен Сұлтанмахмұттың 1933 жылдан 1989 жылға дейін «тұмылдырықтанып» келген «Айтыс» поэмасының автордың өзіне де өте сүйікті, қадірлі, денсаулығы жеткенше бар күшін сарқар туындысы болғанын білуге болады. Ақын лирикалық қаһармандарының жан дүниесін ақтара ашып, әлеуметтік, адамгершілік проблемаларын бүкіладамзаттық деңгейге көтере қозғады деген пікірге келеміз. Ақын көзқарасындағы қайшылық замана қайшылығынан туындап жатқанын, туған халқының тағдыр-талайына жанашырлықпен қиналғанын, ел болашағына көз жіберіп қала ақыны мен дала ақыны тұрғысынан зарланғанын тап басамыз. XX ғасырдың басындағы қазақтың Асан Қайғысы бола білді.

 

«Айтыстағы» айтысу әлі бітпей келе жатыр,

Ұлы ақынды әкеткен соң тағдыр жұлып,–  

деп С. Құсанбаев ақынның туғанына 100 жыл толу мерейтойында ащы шындықты мойындаса, белгілі айтыс ақыны Мұхамеджан Тазабековтің « отаршылдар тыңды игерем деп келіп, тіліңді шегереді »  деуі, немесе:

Ағылшын тілін білуге міндетті сияқтымыз,

Ана тілі алдында ұяттымыз.

Өзге тілді үйреніп кетеміз деп.

Өз тілімді илентіп келеміз біз,–

деп жырмен тербеуі ғасыр соңындағы Сұлтанмахмұт ізбасарларының жан айқайы секілді.

«Айтыс» дастанынан үлгі алмаған ақындар болуы мүмкін емес, мысалы Ілияс Жансүгіров, Қасым Аманжоловтың есімдерін атасақ та айтпағымызды дәлелді тиянақтайды. Мағжан Жұмабаевтың поэмаларындағы ұлттық толқу, толғаныстар легін жітіліп қарасақ Сұлтанмахмұттың «Айтысынан» шығады, оның рухани ұстаздығынан деп білуге болады.

Сұлтанмахмұттың уақыт тезгісіне төтеп берген шығармашылығын әр буын өзінше ашады.

Сұлтанмахмұт мұны «Адам-керуен» өлеңінде:

Сен өлсең де артқылар

 ауызға алып,

«Мынадай елге еңбегі

сіңді»,– демек

деп өте тамаша айта білген.

Сұлтанмахмұт шығармалары жайында әр кезеңде, әр ұрпақ өзінің ой-пікірін білдіріп отыруға тиіс.

ТАПСЫРМА

1 Рецептивті эстетика дегеніміз не?

2 Автор танымы туралы мәселе жайында тарау бойынша өз білігіңізді байқатыңыз.

3 Көркем мәтін иерахиясы жайында тарау бойынша өз білігіңізді байқатыңыз.

4 Х. Р. Яссус, В. Изер, Қ. Әбдезұлы, Р. Тұрысбек, З. Бисенгали, Н. Сагындықовалардың зерттеу еңбектеріндегі рецептивті эстетика мәселелерін оқып шығыңыз.