III тарау

«ШЫН ЖЫЛАҒАН ЖАСТЫҢ ТАМШЫСЫ...»

Сұлтанмахмұт өзіне дейінгі әдебиеттегі дәстүрлілікті қабылдай отырып, XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиетіне күрескер-өршілдік рухындағы поэма, роман мен көсемсөз, жаңа мазмұнды очерк түрлерін енгізді.

С. Торайғыровтың публицистикалық мұрасы осы жанрдың барлық түрін қамтиды: очерк, проблемалық мақала, әңгіме, әдебиет сыны, мақала-репортаж, ел аузынан жинағаны, тәржіме. С. Торайғыровтың бұл шығармашылық іздері оның талғап-таңдап көп оқығандығына, еңбегі мен таланты бірігуі нәтижесіндегі біліктілігіне, жаңалыққа жақын заманауи болғандығына адал сенуімізге мүмкіндік береді. Ақынның көсемсөз мұрасы XX ғасыр басында жаңа түрлердің бастамасы болып қана қоймай, ол өнердің әрі қарай жалғасуына үлкен рөл атқарды.

1913 жылы жазылған «Өлең һәм айтушылар» мақаласы да әуелде «Айқапта» жарық көрген: «ең арты домбыра-сауық, тәтті-тәтті әндерімізге дейін азайып қара күңгірт қапаға булыққан заманға қарай дедектетіп барамыз. Мұнан біраз бұрын анда барсаң  –  әндеткен өлең, мұнда келсең – домбыра-сауық, даланы жаңғырықтырып мазаңды алушы еді»,  деп қасиетті қара домбыраның үнін сағынатын халге жету қаупінен сезіктенгені байқалады. Сұлтанмахмұт ақынның: «Кірлік тұрмыс, бақытсыз тарихымыз, Тым алысқа жібермес, түзер бетті. Талантқа ауа қайда ер жетуге, Жүректің қанын жылытып тербетуге»,– деп берілетін «Таныстыру» поэмасындағы өлең жолдары ақынның болашаққа сенімін, оптимистік көзқарасын анық байқатады. Қазақтың ұлттық өнері де, ұлттық аспабы да «кірлік тұрмыстың» кесірінен тұншықтырылғанымен, уақыт өте келе бәрі қалпына қайта келеріне күмәні болмағаны келтірілген үзіндіден байқалады. «Айтыс» поэмасында: «қалың топта домбыра қолына алса, Жаратқыштық бір қуат пайда болған; Айқай сап домбыраны қағып-қағып, Сонан соң көзді жұмып кеткен ағып»,– деп өрнектеуі домбыра мен қазақ жаны егіз дегенді түйіндейді.

С. Торайғыров ақын болып қана қала бермей, әдебиеттің зәру мәселелеріне де араласады, оның дамуы мен жаңа биікке көтерілуіне себеп болатын қиын түйіндердің шешімін табуға, бұған дейін ақын-жазушылар, ойшылдар ашық айта қоймаған әдеби-қисындық пікірлер жүйесін салуға, осылайша басқаларға шығармашылық өнерде келелі істер тындыруға құштарлық көрсетеді. Халқымыздың көне заманнан рухани серігі болып келген өлеңінен, ән-күйінен айрылып қалуынан сақтандырады. С. Торайғыров сияқты сезімтал, дарынды суреткерге мағыналы поэзияны келер ұрпаққа мұра қылып қалдырмау орны толмайтын олқылық, өкініші кетпейтін кемшілік болар еді. Тұрғыластарына үлгі болып, зеректігімен, еңбекқорлығымен, тынымсыз ізденімпаздығымен қазақ өлеңінің, ән-жырының жоқшысы болуға ұмтылуы Торайғыров тұлғасын дараландыра түседі. Ұлы Абайдың «Отыз жетінші сөзіндегі»: «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес»,– деген нақыл сөзі Сұлтанмахмұт сипатты халық мұрасының жанашырына арналғандай.

Әншілер, жыршылар халықтың өз байлығы өлең, жыр, әдебиетті соны қажет ететін халыққа жеткізушілер болып саналады. Халық ауыз әдебиетінің мұрасын, қазақтың жазба поэзиясын шын бағалап оқыған Сұлтанмахмұт сырлы өлеңнің, әдемі жырдың ғасырлар бойы сақталып қалуына әнмен айтылудың жөні бөлектігіне мән берген: «Қысқасы: сырнай яки домбыраны тарта білмей құр перне басып барқылдату қандай сүйкімсіз болса, әніменен айтылмаған өлеңдер де сондай сүйкімсіз болады. Тағы да: «Байқаймысың, біздің халық – ән құмар халық. Газет оқып, не шариғат, не насихат айта бастасаң, құлағын салар-салмас шеттеп кетеді. Біреу қолына домбыра ұстап ән сала бастаса, ойдағы-қырдағысы жиылып, сегіздегі бала, сексендегі шалына дейін қалмай қамалап, айтшылап, жанын жағасына келтіреді»,– деп түйеді. Осы пікірден сонымен қатар, Сұлтанмахмұттың ішкі негізгі ойы, көріп жүргенін зерделеп, заманының жайына алаңдап, қалайда атадан қалған асыл мұраның бірі ән-жырды шашау шығармай сақтап қалуды замандастарына да, кейінгілерге де міндет еткендігі дәлелденеді.

Ұрпақ алдындағы парызын кемеңгерлікпен болжаған Сұлтанмахмұт Торайғыров байсалды байлам ұсынады: «Бір халықтың әні кетсе, әдебиеті жесір қалады, сәні кетеді, сәні кетсе жаны кетеді. Қазақты жансыз ағаш қылып отқа жаққыларың келмесе, әнді сақтаудың қамын қылыңдар!». Сұлтанмахмұт сол себепті де екі түрлі амалды нұсқайды:

  1. Жас балаларды ән үйренуге және айтуға машықтандыру. Өлең жаттасын. Жаттаған өлеңді көп алдында әдемілеп айта білсін дегенді ұсынады.
  2. Өлең айтушы күміс көмей, жез таңдай әншілерді жұртқа есерсоқ етіп көрсетуді тыю шарт. Ән салу, өлең айту – өнер. Сол өнерді сыйлау, құрметтеу абзал». Ақын ән өнеріне келген талантқа да, оны тыңдаушыға да осыны есте сақтауды өтінеді.

Сұлтанмахмұт айтқан мәселелерге сол уақытта болмаса да, кейіннен, ақын дүние салған соң халықтың ән-өлеңдеріне көңіл бөліне бастады. Композитор, этнограф Александр Викторович Затаевич «Қазақ халқының мың әнін» (1925), «Қазақтың бес жүз ән мен күйлерін» (1931) кітап етіп шығарды. Кейінде көптеген жинақтар жарық көрді. Бірақ олардан Сұлтанмахмұттың баянауылдықтар арасына кең тараған әсем сазды әндері енбеген, бұл болашақ толықтыру жұмыстарының еншісінде болар деп білеміз. Ғалым профессор Д. Ысқақұлының еңбегінде С. Торайғыровтың қазақ әдебиеті мен мәдениетіне сіңірген азды-көпті еңбегін ой елегінен өткізгенде, әдебиет сынының бастауында тұрғандығын айтқан. Ғалым пікірінше халықтық эстетикадағы даналық тұжырым негізделіп, XIX ғасырдағы бірен-саран газеттерде аз да болса ұшырасқан,                    Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев еңбектерінде көріне бастаған әдеби сынның іргесі XX ғасырдың алғашқы екі он жылдығында қаланды деуге болады. Оған негіз – «Айқап» журналындағы «Қазақ», «Қазақстан», «Сарыарқа» газеттеріндегі әдеби-сын мақалалар, оған негіз – аз да болса Сұлтанмахмұт Торайғыровтың эстетикалық мұрат, талғамынан туған еңбектері. Көркем әдебиет пен әдебиет сыны бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Әдебиет бітім-болмысымен сынның тууына дәнекер болса, керісінше, сын ширап, пісіп, жетілген соң әдебиетті ескі ізден, жаңа жол, соны бағыт даңғылға қарай бағыттауға міндетті екені көрсетіліп берілген.

Жалпы, сұлтанмахмұттанушылардың пікірін ескерсек, «Айқап» журналының үш санында жарияланған Сұлтанмахмұттың «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» (1913) мақаласы проблемалық сипатымен де, жазылу үлгісімен де әдебиет сынының жарасымды үлгісі қатарында бағалануға тұрарлық дүние екені қазіргі зерттеулерде саралана бастады. Зерттеу еңбектердің ортақ түйінін жинақтасақ: жазылған уақыттағы арқалаған жүк салмағын айтпағанның өзінде, техника ғасырында да маңыздылығын жоғалтпаған еңбектер деп қарауымыз керек.

С. Торайғыров жаңашыл ақын болғанмен қисса, хикая, батырлық жырларды өте құрметтеген ақын болған. Әке мен әже тәрбиесімен, ата дәстүрімен сәби кезінен жүректе жатталған ауыз әдебиеті үлгілерін, рухани қазынамыз қиссаларды көңілде жаттап, көкіректе түймейді, сонымен қатар олардың келер ұрпаққа ұлттық тілді сіңіру жағынан мұқият қарап, пайдасы мен пайдасызын ажыратады. Мәселен, тіл тазалығы үшін күреседі. Ана тілінің әрбір қазақтың ұлттық мақтанышын сезімін оятуға әсер етерлік қасиетін жоғары бағалайды.

Сұлтанмахмұт қазақтың жаңа әдебиетінің өркендеуге бет алған сол тұсында-ақ қазақ әдебиетіне еніп жатырған жаңа шығармалардағы тіл сүреңсіздігін сынайды. Ғасыр басында жарық көрген Міржақып Дулатовтың «Оян қазақ», «Азамат» жинақтарындағы арабша-парсышаны, тіл шұбарлығын, ақын атына мін болып түсетін кемшіліктерді батыл көрсетеді.

«Қайта бұрынғыларымыз «хикаят» болса да– деп, жазады          С. Торайғыров,– тілі қазақша, рухы қазақ рухына қарай бейім келгендіктен, өзін сүйдіруші еді. Жаңа жазушыларда шата тілдер көп араласқан. Кейде шүлдірлеп, кейде шолжаңдап жығылып-сүрініп жүрген жайы бар».

Сұлтанмахмұт үлгіге «пайғамбардың күрегінен құйылған құрандай соқыр кісі сыбдырынан танырлық» Абай өлеңдерін, Ахмет Байтұрсынов кітаптарын атайды. Расымен де, көрнекті ақындардағы «шын жылаған жастың тамшысы, рас қайнаған сорпаның сөліндей» шынайылық сезімі, поэтикалық мөлдірлігі оның сыншылық қабілетіне, сын мұратына, суреткерлік позициясына тән.

Сұлтанмахмұт кемел туындыларға өз сүйсінісін білдіріп, көркемдігі төмен еңбектерді талдай көрсету мақсатының мәні мынада болатын: сөз өнерінің құнын түсіретін жасық, жылымшы өлеңді, жазып қажет еместігін туралап айтқан.

С. Торайғыров көркем әдеби тілдің тазалық табиғатын жоғары санаған: «Нағыз шынын айтқан уақытта, қазақ тілінде деп бастырылған кітаптардың көбінде қазақтың исі де жоқ. Неге десең, дені бытпырақ, бытпырақ болмағандарының ағыны теріс. Рухын тексерсек, баяғы айтылған «қатын ойбай». Ал енді, қазақтықты сіріге жамаған былғарыдай қай жеріне апарып жапсырамыз. Мен тілімізге шата тілдердің шатысуынан бегірек тілдің ағыны теріске бейімделіп, өріс алып бара жатуынан қорқамын» –деп, ортақ іске жұмылдырады.

С. Торайғыров ана тіліміздің «орнын сипалап қалудан» зардабын ескертеді. Ұлттық уызынан, тілінен айрылу – жазаның ең ауыр түрі.

Сұлтанмахмұттан соң, ұлт жанашырлары қазақ тілінің тағдырына бей-жай қарамайтындықтарын білдірген сыни еңбектерімен көрінді, онда ұлт тілінің құрып кетуіне, бүлінуіне әкелетін ықпалды нақты ескере бастады.

Сұлтанмахмұттың «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» мақаласы XX ғасыр басында қазақ әдебиет сыны іргетасының берік қалануына ұйтқы, негіз туынды екендігі даусыз. Мақаланың «Айқаптағы» толық нұсқасын ақынның 1993 жылғы екі томдығында тұтас күйінде жариялаған.

Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов есімдерінің аталуы қылмысқа баланған қудалау, тоқырау заманының зардабын аз тартпаған С. Торайғыров мұрасын оқырманға үзік-үзік етпей жеткізу, «Қазақ тіліндегі өлең кітаптарын жайынан» мақаласын бастапқы түп-нұсқалық күйіне оралту ақынның туғанына жүз жылдығы тұсындағы мерейтойлық іс-шаралар арқылы және ғалымдар-сұлтанмахмұттанушылардың тиянақты да ізденісті еңбегі нәтижесінде жүзеге асты.

Сұлтанмахмұт шығармашылығын ұзақ жылдар бойы зерттеген профессор Бейсенбай Кенжебаев: «публицистикалық шығармаларының бәрі де актуальды, күрделі көкейкесті мәселелер жөнінде жазылған; бәрі де аса мазмұнды, терең мағыналы. Сонымен бірге автордың ой-пікірлері жүйелі, дәлелді, сөз байламдары, сөйлем құрылыстары нақ, қисынды, көркем суретті»,– деп түйгенде түрі жағынан көпсалалығын ескергендігі сөзсіз.

Сұлтанмахмұттың көсемсөзі қазақ мәдениетінің тарихына үлес болып қосылған, сыр-сымбаты, ішкі қуаты ерек туындылар. Түр сонылықтарына қоса әдеби процестің ой-өрісін, шеңберін жаңа сатыға көтерген туындылар.

Әдебиет сыны мен көсемсөздің қалыптасу шағына тұспа-тұс келген Сұлтанмахмұт сыншының туындылары проблемалық мәселелерді көтерген шығармалар болып саналады.

«Жаңа кітап» – Сұлтанмахмұттың әдеби-сын мақаласы. «Айқап» журналында 1913 жылы, №17 нөмірінде жарияланған. Көлемі шағын болғанмен, С. Торайғыровтың сыншылдық келбеті, эстетикалық мұрат-мақсаты терең байыпталған. Бұл қысқа да нұсқа рецензия болып табылады. Ол Міржақып Дулатовтың 1913 жылы Орынборда жарық көрген «Азамат» өлеңдер жинағына арналып жазылған рецензия деп бағалауға болады. Сын мақалада С. Торайғыров: «Алдыңғы туғандарды көш жүре келе түзелер, жоқтан да бар жақсы, біздің неміз жетісіп тұр деп жүген, құрық тигізбедік. Мұнан былайғылардың мінін қолға алып, үлгіні осы бастан түзете беру керек»,– деп қазақ әдебиетіндегі алғашқы сын мақалалардың қатарында болған еңбектің нақты мақсаты болғанын байқаймыз. Ақын «Азамат» өлең кітабының баспасы таза екеніне, бөтен тілдің араласпағанын, мағынасы анық екенін жазған.

Сұлтанмахмұт Торайғыровты зерттеу, талдау, тану – қазір өзінше бір салалы жұмыс, ғылым. Сұлтанмахмұттың шығармалары, ол туралы жазылған мақалалар, жазбалар, дұрыс-бұрыс ой-пікірлер –біз үшін ақынды және оның бейнесін тереңірек тану мақсатында қажет мұра.

С. Торайғыров мұрасы ұлттық шеңберде шектеліп қалмай, бұрынғы одақ, қазіргі ТМД әдебиет өкілдеріне де ықпал-әсерін тигізген.

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылық еңбегі тек әдебиет зерттеуші ғалымдардың ғана назарын аударып қойған жоқ.   Ж. Аймауытовтың «Шернияз» пьесасынан басталатынын айттық. Келесі көркем бейнесін былайша тізбелеуге болады: композитор        Е. Рахмадиевтің «Қамар сұлу» операсы, драматург Қ. Ысқақтың «Сұлтанмахмұт» пьесасы, ақындар Қ. Аманжолов «Сұлтанмахмұт туралы баллада», М. Әлімбаев «Сұлтанмахмұттың бейіті басында»,   С. Мәуленовтің «Сұлтанмахмұт қабірінде» өлеңі, Қ. Бекхожин жыр арнауы, Д. Әбілевтің «Ақын арманы» романы, О. Бөкейдің «Сарыарқаның жаңбыры» әңгімесі, Б. Кенжебаевтің «Асау жүрек» әңгімелері, Ж. Әскербекқызының «Сұлтанмахмұтпен сұхбат» атты поэмасымен жалғастыруға болады. Үлкен талант иелерінің рухани өмір жалғастығы деген осы. Бұл дүниеден татар дәмі таусылып, демі сөніп, өзі «жер бесікке» мәңгілікке аттанған қыршын ақынның, артындағы тіршілік иелері арасында екінші өмірі, шығармалары арқылы, шығармашыл тұлғаны көркем әлемге қайта әкелумен, оны зерделеп-зерттеумен жалғасқан. Ол – Абай айтқан «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған».

1955 жылы 20 мамырда «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған Сәбит Мұқановтың «Дарынды ақын» атты мақаласындағы: «Сұлтанмахмұттан асқан болған емес» деген пікірін тұжырым етіп алсақ қателеспейміз.

1959 жылы Мәскеудегі әдебиет он күндігінде Лев Озеревтің «Сұлтанмахмұт Шығыс поэзиясының жұлдызы!» деген бағасы ақынның «Айтыс» поэмасында:

Ер түрік ұрпағымын даңқы кеткен,

Бір кезде Европаңды тітіреткен.

Кіргені есік, шыққаны тесік болып, күнбатыс,

Күншығысқа әмірі жеткен», –

деп қазақтығына кеудесін кере мақтанған ұлтжанды ақын кейіпкерімен біріге, толыққандай екен.

ТАПСЫРМА

1 Оқыңыз: ХХ ғ. басындағы қазақ әдеби тілі

Әдеби тілдің тарихындағы  1920-1930 жылдар аралығында қазақ тілі: мектептерде, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында оқу-оқыту тілі; мекемелер мен ұйымдарда іс жүргізу тілі; мерзімді баспасөздің, радиохабарларының тілі;  көркем әдебиет пен саяси-қоғамдық, ғылыми әдебиеттердің тілі бола бастаған еді.

2 Сұлтанмахмұт шығармашылығынан тапсырмаға сәйкес мысал келтіріңіз.

3 Оқыңыз: тарихи-әдеби  контекстегі  әдебиеттану  мектептері  (XIX - XXғғ.)

Әлемнің  жалпы  дүниетанымдық  көрінісіндегі  әдебиеттің  ғылым  ретіндегі  рөлі. Әдебиеттердің  өзара  қарым-қатынасы  күшеюінің  бүкіләлемдік  көрінісі. Отандық  және  әлемдік  әдебиеттану.

19 ғасыр әдебиеттану  әдістерінің  әдеби  мектептермен  байланысы. Әдебиетті  зерттеудің  бұрынғы  әдістері  мен  әдебиеттің  қазіргі  әдістері. Әдеби  процестің  тарихи  өзгерістерге  ұшырау  жолындағы  әдеби  мектептер: мифологиялық,  биографиялық, тарихи -салыстырмалы,  мәдени-тарихи, филологиялық,  психологиялық,  психоаналитикалық,  әлеуметтік, әлеуметтік- тарихи.

4 Сұлтанмахмұт шығармашылығынан тапсырмаға сәйкес мысал келтіріңіз.