Кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы – негізгі алтын көпір. Заманауи ақпарат тасымалдаушы технология жүйесінде де кітапхана маңызды буын болып саналады.
Психологиялық сөздікте қарым-қатынасқа мынадай анықтама берілген: «Қарым-қатынас – біріккен іс-әрекет қажеттілігін туғызатын, адамдар арасындағы байланыстың дамуын орнататын күрделі көп жоспарлы үрдіс. Адамдардың танымдық хабарлар алмасуы, өзара түсінісуі, бір-бірін қабылдауы. Қарым-қатынастың үш жағы бар – интерактивті, коммуникативті, перцептивті. Қарым-қатынас түрлері – әлеуметтік бағдарлаушы, жеке бастық бағдарлаушы, топтың, топ-аралық және т.б. Адамдар арасындағы қарым-қатынас жасау да аса қажетті шарттың бірі – сөйлеушілердің өз ой-пікірлерін өзгелерге, тыңдаушыларға жеткізіліп, оларға әсер етуді көздесе, ал тыңдаушылардың қарым-қатынас орнатудағы сөйлеуші жақтың ой-пікірін дұрыс ұғынып, оны іс жүзіне асыра білу мәдениеттілігіне байланысты» [58, 315–316].
Л. С. Выготский, Б. Н. Ананьев еңбектерінде қарым-қатынасты өмір әрекетінің бір формасы, адам дамуының әлеуметтік жағдайы, жеке адамның қалыптасуының түрткісі деп қарастырса, Р. С. Немов қарым-қатынас адамда күрделі формада, саналы түрде болады деп есептейді.
Қарым-қатынастың бір-бірімен байланысты үш жағын қарастыруға болады. Қарым-қатынастың коммуникативтік жағы мәлімет беру, алмасу мәселесімен анықталады. Интерактивтік жағы қарым-қатынас жасаушы индивидтердің өзара әрекеттестігін ұйымдастыруымен айқындалса, перцептивтік жағы адамдардың бірін-бірі қарым-қатынас арқылы қабылдауы мен тануы және өзара танымының негізінде қалыптасуын білдіреді.
Коммуникативтік қарым-қатынас – оқудың, білім алудың тиімділігін анықтайтын, өзара түсіністікті сипаттайтын күрделі психологиялық құрылым.
Балалар кітапханасының кітап қоры әмбебап, балалардың белгілі бір жастағы топтарының ерекшеліктеріне қарай әр жас топтарына арналған бөлімшелері мен каталогтар жүйесі бар. Мұның бәрі балалар мен жасөспірімдердің оқуына саралы түрде басшылық жасап, олардың оқушылық ынтасын дамытуға, шығармашылық белсенділікке тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Балалар кітапханасы үшін тәрбие жұмысында мектептермен, мектеп кітапханаларымен және басқа кітапханалармен, мектептен тыс мекемелермен, қоғамдық ұйымдармен тұрақты өзара байланыс тән.
Бай кітап қорының иесі ретінде кітапханашылар балалардың қажетін ескеріп, жан-жақты дамуына әсер етіп бірден-бір ұйымдастыру тәрбиелеу орталығына айналып отыр. Олар балалардың дүниетанымдық көзқарастарының дамуына, адамгершілік, эстетикалық сана-сезімінің қалыптасуына үлкен көмек көрсетеді.
Балалар кітапханасындағы негізгі міндет ақпараттық-библиографиялық бағытта жұмыс істей отырып, балалардың іскерлік оқуына көмек көрсету. Балалардың бос уақытын тиімді өткізуге атсалысатын мекемелердің біріне айналып, оқу мәдениетін көтеру.
Кітапханашы мен оқырман арасындағы қарым-қатынас балалардың өз құрбыларымен, аға-апайларымен дұрыс, жүйелі қарым-қатынас жасауына ұласады.
Балалар кітапханаларында оқырмандарға қызмет көрсетудегі қарым -қатынас аспектілерінің ғылыми – теориялық негізі қаланбаған, әлі де шешімін таппаған мәселе.
Қазіргі кезде адамдардың өскелең талабын қанағаттандыру, рухани байлығы мен жалпы қабілетін дамыту және жоғары эстетикалық талғамын қалыптастыру міндеттерін іске асыруда кітапханалардың алатын орны ерекше. Кітапхана мәдениет саласы ретінде ақпараттық, білім беру және мәдени-ағарту қызметінің негізі болып табылады. Кітапханаларда оқу феноменін тиімді пайдалану мен дамытудың сан ғасырлар бойы қалыптасқан бай тәжірибесі сақталған. Олар кітаптарда жинақталған адамзат жадының, ұлт жадының алтын қоры, ал кітапханашылар – сол теңдессіз қазынаның шырақшылары іспеттес. Кітапхана ғасырлар бойы келе жатқан шырағы биік парасаттылық пен білімділіктің киелі ордасы. Заманымыздың әр кезеңінде кітапханашы қызметі туралы ұғым жоғары болуы тиіс. Кітапханашы кітапханада тек кітап береді деген тар ұғым орнына, қоғамда кітапханашы мамандығының қажеттілігін мойындайтын оң пікірлер мен көзқарастар қалыптастыру керек. Кітапханашы маманы туралы түсінік терең мәнді, қажеттілігі жоғары болуына көңіл бөлінуі тиіс.
Бүгінгі кітапхана ұжымдары өздерінің дәстүрлі болмысына табан тірей тұрып, осы заманғы ақпараттық жаңа технологиялар қоғамының тірек элементтеріне айналуға ұмтылған әлеуетті, әлеуметтік топқа жатады. Кітапхана қызметін автоматтандыру мен компьютерлендіру деңгейі, бұл процестерді электрондық үкімет жүйесінде пайдалану мүмкіндіктері осыған меңзейді. Қазір жекелеген электрондық кітапханалар ғана емес, мемлекеттік деңгейде орталықтандырылған электрондық кітапханалар жүйесін құру мәселесі де күн тәртібіне қойылып отыр. Мұндай ірі жобалар мемлекеттік бюджеттің қолдауымен белсенді түрде жүзеге асырыла бастады.
Кітапханашы қызметі – ол танымал кітапхана операциясын кітапханада және осыған ұқсас ақпараттық мекемелерде орындайтын кітапханалық білімі бар маман. Әрбір ақпараттық жүйе – бұл құжаттардың жүйелі ұйымдасуына және ақпараттық технологиямен электрондық техниканы қолданады, іске асырады. Ақпараттық процесс бұл жинақтау, өңдеу, іздестіру, сақтау және тарату, ақпарат болғанымен кітапхананы осы процестер жүретін әлеуметтік институт деп атайды. Кітапханашының басты мақсаты – елдің ұрпағын білім дариясына бағыттау үшін қызмет ету. Оқырмандардың кітап оқуына жетекшілік ету жұмыстарының арасынан әдебиеттерді насихаттаудағы көпшілік жұмыстарының алатын орны ерекше. Жас ұрпаққа тәрбие беруде олардың жан-жақты дамуына, еңбекті сүюіне, үлкен өнегеге тәрбиелеуде кітапқа қатысты тәрбие жұмысының әртүрлі әдістерін кеңінен қолданады және сол әдістерді жетілдіруге тырысады.
Кітапхана өмірі – сырт көзге біліне, байқала бермейтін ағысы баяу, тулаған толқындар ішінде жататын өмір. Сол өмірге бойлап, дендеп енген адам ғана бұл шаңырақтың қасиеттілігін, кітапханашы мамандығының қыры мен сырын аңғара алмақ. Сол мамандықты өміріне серік еткен адам ғана сана-сезімге тән ләззәт сыйларға, рухани байлыққа кеңеліп, жан дүниесі толысады. Өзгеге қуаныш сыйлар, өзін ғасырдан ғасырға жеткен асыл қазынамыздың қожайынындай сезінеді.
Балалар кітапханалары қазіргі заманымызға сай электронды ақпараттық технологиялар әлемінде үлкен өзгерістер жолына түсіп отыр. Ақпараттық жұмыстардың жаңа тәсілдерін іздеу, балалар кітапханаларының жұмыс жүйелеріне автоматтандыру мен жаңа ақпараттық технологияны енгізу білікті мамандарға деген қажеттілікті күшейте түсті. Кітапхана мамандарының білімдерін тұрақты жетілдіру арқылы олардың ұйымдастырушылық және басқарушылық қабілеттерін қалыптастыру, олардың мемлекеттік тіл мен шет ел тілдерін білуі, жаңа технологиямен жұмыс істей білуі, жоспарлауды үйренуі, бағдарлама жасауды меңгеруі талап етіледі.
Жалпы кітапханашылар еңбегін ойдағыдай ұйымдастыруда олардың кәсіби, ғылыми дайындығын арттырудың маңызы зор. Балалар кітапханаларында мамандардың кәсіби дәрежесін көтеру және олардың білімдерін үздіксіз жетілдірумен қатар, кітапхана мамандарын дайындауда үлкен жұмыстар жүргізілуде. Қызметкерлердің мамандығын жаңа сапалық деңгейге көтеру, кітапхана саласында ғылыми жобаларды зерттеп, оларды іс жүзіне асыру шаралары жүргізіледі. Кейінгі жылдары бұл бағытта іс-шараларды жетілдіру үшін кітапханаларда елеулі қадамдар жасалуда.
Әдетте тұрақты түрде өткізіліп отыратын кәсіби семинарлар кітапханалар арасында өзара байланыстарды жақсартып, жұмыс жүргізудің жаңа тәсілдерін іздестіріп, табуға мүмкіндік береді. Уақыттың талап-тілегіне сай оқырмандарды ақпараттық қажеттіліктермен өз дәрежесінде қамтамасыз ету үшін кітапхана ісін жүргізу мен басқарудың жаңа тәсілдері керек екені даусыз. Ондай өрелі міндетті жүзеге асыру барысында ең алдымен бұл саладағы әлемдік тәжірибеге назар аудару қажеттілігі туып отыр.
Кітапханашының адам тұлғасының қалыптасуында алатын рөлі өте ерекше, сондықтан да олардан кең түрде саяси білім талап етіледі. Кітапханашы маманының басты құралы оның сөйлеу мәдениеті. Қарым-қатынас орнату, сөйлесу, сөйлеу арқылы хабар алу немесе керісінше хабар жеткізу көне заманда адамзат санасымен қатар қалыптасты.
Кітапханашы мамандығы адамнан сөйлей білуді, оқырманмен тілдесу мәдениетін талап етеді. Оқырманның біліміне, жасына, мамандығына қарамастан, кітапханашының сөйлесу жүйесі оларға түсінікті болуы керек. Бұл – кітапханашының табысты жұмысының басты шарты. Кітапханашының сөйлеу мәдениетінің қандай болу керектігі жөнінде ойластырып көрелік.
Оқырманмен сөйлесу кезінде оның айтқан сөздерін қатты дауыспен қайталау міндетті емес. Мұндай жағдайда келесіде оқырман сізбен сенімді түрде сөйлеспейді. Кітапханада дауыс көтеріп сөйлеуге болмайды. Оқырмандарды бұған үйретуге болады, ең бастысы кітапханашылардың өздері бұл ережені бұзбаулары тиіс.
Балалар кітапханасындағы кітапхана қызметкерлеріне үлкен жауапкершіліктер жүктеледі. Кітапханашылар кітапханаға алғаш келген оқырмандарға кітапхананың қолдану ережелері мен кітапты дұрыс пайдалану қағидаларын таныстырады. Әлемдегі қызықты оқиғаларды білу мақсатымен келген әрбір оқырманға дұрыс бағыт беру, сұранысын қанағаттандыру – кітапханашының міндеті. Кітаптың қасиеті мәңгілік. Ол қасиет қалам ұстаған сөз зергерлерінің ғана емес, өзін қоғамның белді мүшесімін деп есептейтін әрбір адамның бойына дарығанда ғана нұрлы болмақ. Кітаппен кездесе отырып, бүкіл адамгершілікке қатысты қасиеттерді тануға болады. Кітап оқып отырған адамның шыдамы таусылып, өзге халыққа, мәдениетке назары ауа бастайды. Оқи отырып ол бір ғана өмірде емес, өзге ұлт авторымен бірге болып, әр түрлі халықтың өмірін таниды. Ғасырлық құндылықтарға жақындай отырып, ұлттарды, халықтарды жақындатып отыруға мүмкіндік береді[59, 21–23 б.].
Жеке тұлға – табиғи талант, иесі. Табиғи талантын, дарынын ашу, оны көре білу, сезе білу дер кезінде қабілетін ашу, тұлғаға дұрыс бағыт-бағдар беру – әрбір ата-ана, ұстаз, кітапханашы, қоғам міндеті. Балалар кітапханаларында қызығушылыққа байланысты түрлі клубтар жұмыс жасайды. Клуб жұмысы – кітапханадағы негізгі жұмыстардың бірі. Клуб жұмысының мақсаты: оқырмандардың бос уақытта шығармашылық ізденістерін, өзіндік қабілетін және қоғамдық қарым-қатынасын қалыптастыру. Клуб жұмыстарының міндеттері:
- оқу-тәрбие үрдісінде алған білімдерін ары қарай дамытуға мүмкіндік жасау;
- оқырманның қоғамдық белсенділігін дамыту;
- оқырманның өзара қарым-қатынасын қалыптастыру;
- белгілі бір еңбекке баулу, оны дамытуға ықпал ету.
Клуб жұмыстарының алдына қоятын негізгі талабы:
- клуб жұмыстарына қатысатын оқырманның қабілетін ескеру;
- оқырмандардың ой еркіндігі;
- нарықтық-экономикалық қажеттілікті негізге алу.
Клуб жұмыстары оқырмандардың сұранысы бойынша білімдерін жетілдіру негізінде жүргізіледі. Клубқа қатысатын оқырмандардың практикалық білім, білік дағдылары бірдей болуы мүмкін емес. Себебі оның білімі, қызығушылығы, қабылдауы және жұмысқа қабілеттері әртүрлі болғандықтан, алған дағдылары да тұрақты болмайды. Бірақ баланың жас ерекшеліктеріне байланысты қызығушылығы мен белсенділіктерін дер кезінде дамыту мен жоспарлау – әрбір ата- ананың, тәрбиешінің, ұстаздың, кітапханашының міндеті.
Клуб жұмыстарында оқырмандардың мынадай қабілеттері дамиды:
- жұмысты жоспарлауға, дәрістік жасап, қорытындысын жазып, сөздікпен, энциклопедия, каталог, кестелермен жұмыс жасауға жаттығады;
- техникалық, спорттық құралдармен жұмыс жасауға, олардың тетіктерінің атаулары мен жұмысқа қосу ережелерімен танысады, өзі пайдалана алады;
- берілген тапсырмаларды кітаптан, журналдан, қосымша әдебиеттерден тауып оқып, оның мазмұны мен орындалу тәртібін түсінеді және өз бетінше ізденуге мүмкіндіктер алады.
Кітапханашының түсіндірген нұсқауын тыңдап, басшылыққа алып, зейін тоқтатып, оның дұрыс орындалуына өздігінен шешім қабылдайды.
Оқырман балалар жүйелі түрде клубтарға қатысып, білім мен танымдық қасиеттерін толықтырумен қатар, төмендегідей қосымша дағдыларды меңгереді:
- өз жұмыс орнын ұйымдастыра білу;
- күнделікті ағымдағы жұмыстарын өз бетінше жоспарлау;
- алдына мақсат қойып, оны орындау жолдарын іздестіру,
- талдау және оның орындалуына бақылау жасау;
- ұжымдық еңбекте сапалы түрде жұмыс жасай білуге, бірнеше ынтымақты еңбектенуге үйрету;
Қазіргі кезде мәдениет саласы оқырманның өскелең талабын қанағаттандыруға, рухани байлығын, жалпы қабілетін дамытуға, жоғары эстетикалық талғамын қалыптастыруға тиісті болса, бұл міндеттерді іске асыруда балалар кітапханасының алатын орны ерекше. Балалар кітапханасы ғылым мен мәдениеттің, өмірлік іс- тәжірибелердің жинақталған ордасы, әрі оларды көпшілікке тарату мен насихаттауға бағытталған басты құралдардың бірі. Кітапхана өзінің қалыптасу кезеңінен бастап адамзаттың барлық мәдени құндылықтарын жинақтаушы, ғылым мен білімді таратушы ағарту ордасы және оқырмандардың кәсіби деңгейін көтеретін, білімін жетілдіретін маңызы зор ақпараттық ресурстардың жүйеленген қоры шоғырланған орталық болып табылады. Оның қоғамдағы орны ерекше, қызметінің ауқымы кең. Балалар кітапханасында оқушыларға арналған мәдени – рухани қызметті жандандырып, оның уақыт талабына сай, жаңа үлгілерін көбейтуді мақсат ету. Бұл мәселелерді оңтайлы шешудің сан түрлі әдістері мен жолдары бар. Бүкіл қоғам болып ойлануды қажет ететін, шешімдерін бірлесе іздеуге шақыратын осы бір келелі тақырып біздің кітапханашылар қауымынан іскерлік пен ізденісті талап етеді.
Қазіргі әртүрлі әлеуметтік – экономикалық өзгерістер кезеңінде еліміздің егемендік, дербестік талаптарына сәйкес оқырмандарға білім, тәрбие берудегі мақсат біреу: оқырмандарға ұлттық игіліктер мен адамзаттық мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып, әрбір оқырманды жеке тұлға деп санап, оның жан-жақты дамуына мүмкіндік жасау. Осы орайда әрбір кітапханашы кітапханада оқырмандар бірлестігін орнықтыру мақсатында кітапханада өткізілетін түрлі мәдени – көпшілік шаралардың жаңа әдістері мен түрлерін ұйымдастыру арқылы оқырмандардың кітапханаға, кітапқа деген сүйіспеншілігін арттырары сөзсіз. Қазіргі кезде балалардың рухани-мәдени деңгейін көтеру мақсатында қызығушылыққа байланысты клубтардың аясында түрлі танымдық, мәдени – көпшілік іс-шаралар, лингвистикалық, этнографиялық ойындар, білгірлер сайыстарын, интеллектуалды ойындарын ұйымдастырып өткізуге болады. Қазір елімізде жан-жақты мәдениетті тұлғаны тәрбиелеу жолдарына бағыт ұсталуда. Балалардың өзінің төл мәдениетіне сусындауына және өзге мәдениеттерді ұғынуына жағдай жасалады. Төл мәдениетті терең білуі балалардың басқа мәдениеттерге қызығушылығына негіз қаласа, көп мәдениетті білу, өз мәдениетін мақтан етуге негіз салады. Төл мәдениетінен нәр алған, әлемдік мәдениетпен сусындаған балалар ғана қоғамның тұтқасы бола алатыны айқын. Қазіргі кезде оқырмандар арасында жыршы – жыраулық, күйшілік және айтыс секілді халықтық өнерді әуесқойлық түрде меңгеріп қана қоймай, өздерін сол салаға кәсіби түрде арнап жүрген талантты балалар көбейіп келеді.
Халықтық педагогиканың саласы мол, мазмұны бай. Оны халқымыз үзбей тәлім-тәрбие ісіне пайдаланып келеді. Ұлттың ұлағатты дәстүрлерін келешекте де кеңінен пайдаланып, тәрбие ісіне арқау ету дұрыс. Ең бірінші, ата-аналармен, мектеппен тығыз байланыс жасай отырып, кітапхана жұмысында халықтық педагогиканы дамытып, балаларға батырлар жырын оқытып, пікірлесіп, аңыз әңгімелерден үзінділер, жаңылтпаштар айтқызып, ой-өрісін кеңейтіп, тілін ширатып, жұмбақ жарысын ұйымдастырып, жұмбақ көп шешкенге ұпай жинатып, не сыйлықтар ұсынып, санамақтар айтып, оны шешуден мүдірмеген баланы мадақтап, мақал-мәтел жаттаудан озған балаға құрмет көрсетіп, шешендік сөздерді жаттатып, ұлттық дәстүрлерді талап ету. Халық ойындарының, қуыршақ ойынын театрландырып, өткізілген жұмыстар үлкен тәрбиелік мазмұны бар жұмыстар болып табылады. Әулет дәстүрін қастерлеп, дәстүрлік мұраларды алға апаруды насихаттауда ата-анамен тығыз қарым-қатынаста болғаны абзал. Халық педагогикасын пайдалану ісі одан әрі дамытылып, кітапханада «Ертегілер әлемінде» кітап көрмелері, шығармалар, ұлттық фольклорлық қойылымдар, музыкалык ойындар, тіл ширату әдістері ұйымдастырылады. Ертегілер, жұмбақтар, санамақтар, ұлттық ойындар пайдаланылады. Кітапханада жұмбақ айтыс, санамақ айту, жаңылтпаш айта білу ойындары ұйымдастырылады. Ойын қызықты болу үшін ән-күймен безендіріліп өткізіледі. Балалар кітапханасында ұлттық дәстүрлер мен салт-сананың алғашқы қарапайым негіздерін оқушыларға өнеге ретінде үйретіп, жаттықтырып, оны іс жүзінде олардан талап ету керек. Балалар кітапханасы халық педагогикасын тәрбие ісіне жан-жақты пайдалану үшін ол іс-әрекетті кеңінен жоспарлап, істің игілікті болуына әсерін мол тигізетін ата-аналармен, мектеппен тығыз қарым-қатынаста болуы қажет. Бүкіл халықтық этика мен эстетика, салт-дәстүрлер, рәсімдер, халықтық педагогика, үлкенді сыйлау, астың алдын үлкенге ұсыну дағдысы, үлкенге сәлем беру рәсімі, ұлттық тәлім, қазақ халқының этикасы балалар арасында кеңінен насихатталуы керек. Кітапханада өткізілетін «Қыз сыны», «Алтын күз», «Наурыз тойы» сияқты мерекелік кештер өткізу кезінде ұлттық салт-дәстүрлерді, этика мен рәсімдерді кеңінен пайдаланып, оның тәрбиелік мән-мағынасын ұрпақтарға пайымдату кітапхана жұмысының басты міндеті болып табылады. «Ұлан» газетінде «Тал бесік», «Ақжелкен» журналында «Халықтық педагогика» рубрикаларындағы материалдардан көптеген мәселелер туындатып, бала-бақша тәрбиеленушілері мен мектеп оқушыларымен көптеген жұмыстар өткізуге болады.
Павлодар облысының балалар кітапханаларында оқырман балалардың танымын, мәдениетін көтеруге әртүрлі клубтар жұмыс істейді. «Жас азамат», «Отан», «Дәстүр», «Атамекен», «Бұлақ», «Мудрая сова», «Родничок», «Друг», «Мастерство» клубтары бар. Клубтардың мақсаттары: жас ұрпақтардың өзінің шырайлы тілі мен шешендік өнерін, ата-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жан-жақты оқып үйренуге және өз Отанын, салт-дәстүрін құрметтейтін азамат етіп тәрбиелеу. Клубтардың аясында көрмелердің тұсаукесерлері, көркемсурет көрмелері, байқаулар, анықтама аппараттарымен танысу, іскерлік ойындар, қазақтың салт-дәстүрін үйрету, «Менің сүйікті кітабым» оқушылар ұсынысы, сыныпаралық сайыстар, кездесулер, психолог пен педагогтың кеңесі, әдеби-әуенді кештер, сұрақ-жауап кеші, поэзиялық кеш, конференциялар тағы басқа шаралар.