Арктиканы қоспағанда аралар бүкіл құрлықта мекендейді. Ара шаруашылығы халық шаруашылығына қажетті керекті өнімінің қоры болып саналады, аралардан балды, балауызды, ара уы, желім, аналық сүтті алады. Аралар жарғаққанаттылар насеком отрядына жатады. Жарғаққанаттылардың 150000-нан аса түрі белгілі. Олардың гүлдерді тозаңдандырушы, жыртқыштар және насекомдардың паразиттері ретінде маңызы зор. Шаққыш жарғаққанаттылар тобындағы кейбір насекомдардың жұмыртқасалғышының түрі өзгерген шанышқыға (бізге) айналған, сол арқылы тірі қорегін жансыздандырады, жауын шағады және ұясын қорғайды. Негізгі тұқымдастары: бал аралар-Аpidae, жабайы аралар – Vespidae, қазғыш жабайы аралар – Sphecidae, жылтыр жабайы аралар – Chrysididae, құмырсқалар – Formicidae. Бал аралар тұқымдасының – Аpidae, басқа шаққыш жарғаққанаттылардың айырмашылығы-олар тек қана өсімдіктердің тәтті шырынымен және гүл тозаңымен қоректенеді. Осыған байланысты олардың ауыз аппараты ұзарған, денесін қалың түк басып жатады және артқы аяқтарының бірінші табан буыны кішкене себетке айналған.
Тіршілік әрекеті жағынан бал аралары жалғыз басты аралар (Prosopis), қауымдас аралар (Apis) және көкек-аралар тобына бөлінеді. Адам асырап өсіретін аралардың ішінен ең көп таралған түрі – Apis mellifera.