1.2 Дулат Бабатайұлы (1802–1871)


Отаршылдық езгі мен қазақ хан-сұлтандарының қосыла талауы сияқты зорлық ... халықтың санасын оятты.

Бұл сана өткен тарихқа үңілтіп, қазіргі кіріптарлықтың себебін іздетті.

Дулат - осы саланың бірінші көрінісі.

(Қ. Өмірәлиев)

Өмірбаяны мен шығармашылығы. Дулат Бабатайұлы 1802 жылы Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында туған. Мұсылманша сауатты, көзі ашық, түркі, қазақ халықтарының көне әдебиетін, жыраулар мұрасын біледі. Өз заманының алдыңғы қатарлы адамдардың бірі.

Дулат шығармаларының басты тақырыбы – халық басына түскен күйді жырлау. Қазақ халқының қиын халін көрген, отаршылдықты жырлаған Дулат – зар заман ақындары аталған ағымның өкілі.

Дулат ақынның суреткерлігі, өрнекті жыр жолдары өзгеге ұқсамайды:

О, Сарыарқа, Сарыарқа,

Самалың салқын жон еді,

Масаты кілем жайғандай

Қоныстың шұрай жері едің!..

Саған келіп ішіп ек

Тұнықтың мөлдір шынысын

– дейді. Бұл жыраулар үлгісін еске түсіреді. Ақынның жыраулар әдебиетінің мол рухани нәрімен сусындаған. Шығармашылығы сол мұраның жалғасы екендігін де дәлелдейді. Ақынның туған жер тақырыбына арналған «Ақжайлау мен Сандықтас», «О. Сарыарқа, Сарыарқа...», «Аякөз», «Атақоныс Арқадан» деп аталатын өлеңдері бар. Бұл өлеңдерінде туған жер табиғаты қоғам, заман өзгерістерімен бірге алынады. Дулат туған жер табиғатының кешегісін, бүгінгісін суреттей отырып, ертеңі қалай болады деген ойды естен шығармайды. Д. Бабатайұлы өлеңдерінен ақынның өз жайынан бастап, өзімен замандас сол қоғамдағы белгілі тұлғалар жайында да суреттер мол. Ақынның ендігі бір жырлары адамның іс-әрекеті, мінезі туралы. Адам бойындағы түрлі мінез-құлықтарды жырға қосқан ақын оның ортасына әсері қандай, бір адам өз мінезі арқылы қоғамға әсер ете ала ма деген сұрақтарға жауап береді.

«Еспембет» дастаны батырлықты жыр етеді. Дулат –табиғат пен адам көңілін сабақтастыра бейнелеген суреткер.

Д.Бабатайұлының «Өсиетнама» деп аталатын өлеңдер жинағы 1880 жылы Қазанда шығады. «Дулат –жыраулық мектептен шығып, ақындық мектепті күшейткен ақын» –деп бағалайды ғалым Р. Сыздықова.

Тегімді менің сұрасаң...

(үзінді)

Тегімді менің сұрасаң,

Қалың Найман нуынан.

Жырымды менің сұрасаң,

Сары алтынның буынан.

Сырымды менің сұрасаң,

Тұманың тұнық суынан.

Кеудеме қайғы толған соң,

Тұнық жырмен жуынам.

Сорғалаған нөсердей

Жырын тыңда, Дулаттың.

Тасқын судай ағызып,

Торқалы тобыр тойында,

Топ бас қосқан ойында,

Қасқа - жайсаң алдында

Топ жиынды дулаттым.

...Парақор баспақ биіңді,

Ел бүлдіргіш бегіңді

Әперіп сөзбен кегіңді -

Улы тілмен улаттым.

...Ұйқы беріп, қайғы алған,

Қайғылыны уаттым.

Жырымды менің тыңдаған

Сөз ұғатын соңғы адам,

Тыңдаудан әсте тынбаған,

Гауһардай дүрі бұлдаған,

Сарқырап аққан жылғадан

Жыр арнасы суатпын...

Бақылау сұрақтары

1. «Тегімді менің сұрасаң...» өлеңін мәнерлеп оқыңдар.

2. «Тек» деген сөзді қалай түсінесіңдер. Қазіргі тілде оны «фамилиямен» ауыстырады. Ақын өлеңіндегі мағынасын ашыңдар:

А) әкесінің, аталарының аты;

В) туған жері;

С) әулеті, шыққан негізі;

Д) келешек ұрпақ.

3. Ақын өз тегі, сыры мен жыры туралы не айтады? «Сыр» дегенді қалай түсіндіресің.

А) әр адамның өзінің ішкі ойы, жасырын пікірі;

В) көңілі;

С) айтқан, болашақта айтқысы келетін ойлары. Қай жауап дұрыс.

4. Дулат жырларын қайда айтады? Тыңдаушылары кімдер?

5. Ақын өлеңдерінде кімдерді сынайды? Кімдерді жақтайды?

6. Дулат өлеңдерінің мақсаты жөнінде не дейді?

7. «Ұйқы беріп, қайғы алған» тіркесінің мағынасын ашыңдар:

А) мазасыздану, мұңаю;

В) ұйықтамау;

С) біреуге бірнәрсе беру.

8. Кестені толтырыңдар

Ақын жыры

Сыры

Жыр айтатын орны

Тыңдаушылары

Сынаушылары

Өлеңдегі теңеу мен эпитеттер

 

 

 

 

 

 

«Ақжайлау мен Сандықтас...». Дулат шығармаларындағы басты тақырыптардың бірі – туған жер мен ел жайындағы жырлар. Ақын өлеңдерінің ішіндегі «Аякөз», «Ақжайлау мен Сандықтас...», «О, Сарыарқа, Сарыарқа...» деп аталатындары отарлық езгіге қарсылықтан туған:

Ақжайлау мен Сандықтас-

Атамның қонған қонысы:

Түн асса тұтам түгі өскен

Басылмайтын сонысы

Ақын ата қонысы – Ақжайлау мен Сандықтасан аққан бұлақтан өскен тоғайды, кең жайлауды жырға қосады. Мал мен жанды көбейткен, шалғынды, көк майса жер. Бұ жерде өткен кешегі хан мен қарапайым халық та қасиетті болды. Оны жердің киелілігінен деп санайды.Дулаттың күйініші де – «азған замандағы» елдің бұзылғандығы. Ақын туған жерінің сұлу табиғатының иесіз қалғандығын, елдің киелі жердің билігінен айырылуы –бар байлығынан айырылуының басы етіп суреттейді:

Мынау азған заманда,

Сөзінен кетіп байлауы,

Келелі биде кезек жоқ,

Қоритыны болыс сайлауы.

Қаларсың бір күн Сандықтас,

Құлан жортпас бел болып.

Самалың салқын соғатын,

Сары ызғарық жел болып.

Күндердің күнінде Сандықтастың бос қалатындығын, бөтеннің билігіне енетіндігін, бар қасиет, сұлулығынан айырылатындығын айтады. Осындай идея ақынның «О, Сарыарқа, Сарыарқа» өлеңінде де бар. Осы ой «Аякөз» өлеңінде жалғасады.

Тауды екіге жарасың,

Тастың қашап арасын.

Кесіп өтіп кезеңді,

Аягөз, қайда барасың?

Жағаңдағы сұлу тал,

Саясының шөбі бал,

Ерекше семіз ішкен мал,

– дейді. Осылай мақтап, Аягөз жерін көркем суреттейді. Табиғатының тамылжып тұрғандығын, іші аңға толған, жанға толған Аягөздің бар байлығын сұлулығымен қатар қояды:

Жағаңа дуан түскен соң,

Аягөз суы қағынды;

Би, старшын мойнына

Жезден қарғы тағынды;

Сындырды елім сағыңды;

Қара ісіңе дем беріп,

Қарайтты әбден ағыңды;

Ақын Аягөз өзенінің сұлулығынан айырылғандығын ғана айтып қоймайды, табиғат өзгерісі мен адам мінезіндегі, заман келбетіндегі өзгерісті сабақтастыра алады. Табиғаттың жүдеу тартқан көрінісінің себебін қоғамдағы өзге таным мен түсініктен, өзгерген биліктен іздейді.

Ақынның туған жер жайындағы өлеңдерінде жерінің сұлу табиғатының сұлулығы, көшпенді мәдениеттің жаратылысты бар тұмса қалпымен сақтап келген алақанының табы анық бейнеленеді. Сол сұлулықты бұзатын жаңа заманды суреттейді. Заманмен бірге өзгерген жұрт танымын ашады.

Дулат табиғат – заман – адам қатынастарын сабақтастыра береді. Бұл да – ақынның суреткерлігі мен өзгеше талант иесі екендігінің дәлелі.

Бақылау сұрақтары

1. Дулаттың жаңа заман жайындағы ойларын Бұқар жыраудың «Айналасын жер тұтқан» өлеңімен салыстырыңдар. Қандай айырмашылық байқадыңдар. Төмендегі пікірлермен келісесіңдер ме? Өлеңдерден мысал келтіріңдер:

А) қоғам өзгерісі айтылады. Дүниенің өтпелілігі айтылады;

В) әлеуметтік жағдайының төмендегені Жалғыздық, кедейлік те жырланады. Мәңгілік еместігі айтылады;

С) болашаққа күдікпен қарайды;

D) барша адамдарға тән философиялық ой айтылады.

2. Ақын жайындағы ғалым Р. Сыздықова пікірін еске түсіріңдер. Дулаттың қазақ әдебиетіндегі жыраулық пен ақындық дәстүрді жалғастырушы екендігін дәлелдеп көріңдер.

3. Дулат өлеңдеріндегі табиғатты суреттейтін тұстарды тауып оқыңдар.

4. Заман өзгерісін ақын қай жолдарда суреттеген?

Риторикалық сұрау – ойды, сезімді әсерлі жеткізу үшін жауабы айқын нәрсені сұрау түрінде айту.

Дулат халықтың бар көркем сөз қуатын молынан пайдаланған. Өлеңдегі көркем айшықтар оқырманды сезімге бөлеп, табиғаттың бар тамашасын бар қалпында ашады. Бұл көркем сөз кестесімен ғана емес, өлеңнің құрылымымен де байланысты. Осындай сұлу табиғаттың иесі кім еді деген риторикалық сұрақ келесі сәтте, алдыңғы ойға қарсы жасалған тосқындай. Бейбіт елдің, тамылжыған табиғаттың ендігі жай-күйі не болады деген алаң алдыңғы екпінді көңілді басады:

Айтуға ауыз келе ме,

Аягөз кімнің жері еді? ,

«Жер сауырын жайлауды,

Ел сауыры» дер еді.

«Жер кімдікі?» - дегенде

Аға сұлтан, қазылар

Не деп жауап береді?

Ақын ойды, сезімді неғұрлым әсерлі ету үшін алдыңғы жолдағы «Аягөз кімнің жері еді?» деген сұрауды алға тартады. Күмәнсіз, шүбәсіз қазақтың жері екені белгілі. Бірақ сол жер қазақтікі болса, «Сауыр жерден айырылып, Қазақ елі жұқаруының» себебі не дегенге ақынның өзі жауап береді.

«Еспембет» дастаны. Дулаттың «Еспембет» дастаны батырлық тақырыбына арналған. Ақын Еспембетті қазақтың қадірлісі етіп, батыр, шешен, көсем етіп суреттейді.

Нағашысы Ер Қосайдың қолында жақсы тәрбие алады. Еспембет 14 жасқа келгенде «Өзге елде сұлтан болғанша, өзім елімде ұлтан болайын» деп, атасынан бата алып, еліне, Сыбан жеріне келеді. Ер Қосайдың сұлу әйел әперіп, астыңа тұлпар мінгізейін, алдыңа мал салып жіберейін деген қалауына, тек жылқыдан бір тайды ғана алғысы келетіндігін айтады. Ақбөрте тайды көрген атасы шөбересінің сұңғыла көңілін ұғып, риза болады. Еспембет Ақбөрте тайға мініп, еліне келеді. Үлкен аста тайы үш жүз атқа бәйге бермей бірінші келеді. Қалмақпен болған соғыста алты жүз рет соғысқа кірген алпыс алты айлалы жаумен жекпе-жекке шығады. Жаудың ең жүректі, ең айлалы, әдісқой деген батырын жеңеді. Халқына тигізер жақсылығы әлі де алда екендігін ұқтырады. Ақын дастанында Ер Қосаймен бірге елге тұлға болған Қабанбай, Ақтамберді сияқты ерлерді қатыстырады. Олардың өз заманында еліне ырыс пен байлық әкелгенін, тыныштық пен бейбіт сыйлағанын суреттейді. Еспембет қалмақ батырымен соғысар алдында кезек қазақтан Ақтамберді батырдікі болады. Еспембет Ақтамбердіден кезегін сұрап алады. Дулат осы арқылы Қабанбай мен Ақтамберділердің заманы өткенімен олардың орнын басқан Еспембеттей ер бар екендігін суреттейді.

Қазақтың дәулетін асырып, елдігін сақтаған батырларын дәріптейді. Дастанның мазмұны, кейіпкерлер суреттелуі батырлар жырын еске салады. Батыр да майданда танылады. Дүниеге, байлыққа қызықпайды. Ақынның өзінің қосқаны – Еспембеттің сезімге бай көңілінің бейнелеуі.

Дулат Бабатайұлы қазақ халқының XIX ғасырдың алғашқы жартысындағы халін суреттеген. Халықтың атамекенінің сұлу табиғатын төгілте жырлады. Жердің ендігі иелері қадірін білер-білмесіне қауіп етті. Жаратылыстың бар сұлулығын жарқырата ашқан табиғаттың болашақта тартар зардабының аз болмасын күйіне жырлады. Өткендегі ел үшін бар байлық пен дәулетке қызықпаған, халқын мол ырыс пен бақытқа жеткізген ерлерді дәріптеді. Олардың заманы өткенін айтты. Бірақ әлі де ел сүйер, халықтың жақсылығын ойлайтын ерлер шығады деген сенімі де өшпеді. Суретті тіркестері мен өрнекті жыр жолдары ақын қолтаңбасының қазақ ұлтының асқақ та өр қалпын танытады.

Дулат – қазақ әдебиетіндегі ел мен жер тақырыбын толғаған, ұлт мақсат, арманын жыр еткен ақын. Өз заманын ғана емес, болашаққа да қажет ой қалдырған суреткер.

Бақылау сұрақтары

1. «Еспембет» дастанының тақырыбы мен идеясы XIX ғасырдың орта кезі үшін неліктен өзекті (актуальный) болды деп ойлайсыңдар?

А) елді біріктіретін (халық тілегіне қарай) билеуші қажет;

В) халыққа қамқоршы керек болды;

С) Еспембетті тарихты қалдыру керек деген оймен;

Д) Қабанбай мен Ақтамберді есімдерін есте қалдыру үшін өзекті болды.

2. «Өзге елде сұлтан болғанша, өзім еліңде ұлтан бол» деген мақалдың Еспембетке қатысы қандай?

3. Еспембеттің нағашысы Ер Қосай туралы не білесіңдер?

4. Жырда қандай батыр, жыраулар бейнесі бар?

5. Еспембет жырда қандай мінезімен суреттеледі?

6. Атының бәйгесіне алған малын елге бөліп беруінен қандай қасиеттері көрінеді?

7. Бүгінгі Тәуелсіз қазақ елі үшін әдебиетте Еспембеттей ерлер қажет пе?

8. «Еспембет» дастанын оқып шығыңдар.

9. Төмендегі дастаннан берілген үзіндіні мәнерлеп оқыңдар.

а) Ақын Еспембеттің қандай қасиеттерін жырға қосады?

ә) Ер, шешен, көсем, көшелі болу үшін қандай қасиеттер керек?

б) «Тарлан» деген сөзді бұрын қай шығармалардан оқыдыңдар. Еске түсіріңдер.

10. Еспембеттің өмірі өз қалауындай бақытты өтті деп ойлайсыңдар ма? Неге?

11. Дастанның соңына назар аударыңдар. Ақын неге «Еспембеттей ер қайда? Ер күтетін ел қайда?» деп аяқтайды?

Жауаптарыңды өз ойларыңмен дәлелдеңдер:

А) Еспембеттей ер, батырлар өткен замандікі, енді ондай батырлар болмайды;

В) Батырлар арман, қиялда ғана болады. Нақ өмірде Еспембеттей батырлар болмайды;

С) Заман өзгерді. Батырлар болғанымен, оның қадірін (ісін қадірлеп, ойын түсіне алатын) ешкім білмейді.

Еспембет

(үзінді)

Ер Еспенбет кешегі

Ерекше ер деседі,

Тіл біткеннің шешені

Топта бермес есені.

Үлгі айтса көшелі,

Жауға шапса көсемі...

...Өле-өлгенше ел болды

Еспенбеттің арманы,

Өзімен бірге жасады

Астындағы тарланы.

Бәрін айт та, бірін айт,

Еспенбеттей ер қайда?

Ер күтетін ел қайда?

© Дулат Бабатайұлының шығармашылығының басты ерекшеліктерін төмендегідей жіктеуге болады:

1. Ел билеушілерінің халыққа жасаған зорлық-зомбылығын, қиянатын бетпе-бет келіп, көзіне айтқан ақын.

2. Туған елінің, өскен жерінің сұлу табиғатын жырлады. Туған жерінің болашағына алаңдады.

3. Халық мұң-арманын жырлады. Ел билеушісінің, батырдың бейнесін жасады.

Ізденіс жұмыстары

1 Дулат Бабатайұлы. Замана сазы /өлеңдер мен дастандар/, Алматы : Жазушы, 1991.

2 Мағауин М. Ғасырлар бедері. Әдеби зерттеулер. – Алматы : Жазушы, 1991.