Жырау өсиет пен билік соңындағы адам болса, Махамбет солардың үлгісімен жаңа заманда, тар заманда шыққандықтан, үгіт пен істің соңына түскен адам.
(М. Әуезов)
Өмірбаяны мен шығармашылығы. Махамбет Өтемісұлы 1803 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданында дүниеге келген. Махамбет мұсылманша оқу оқыған, орысша сауатты, көне қазақ әдебиетін жетік білетін өз заманының білімді адамдарының бірі болады. Махамбет – ел ісіне араласқан қайраткер, майданға шыққан батыр, сонымен бірге күйші, шешендігімен де көпке танылған. Жәңгір хан Махамбеттің дарынын, қабілет, зеректігін, өткір мінезін де ерте танып, ұлы Зұлқарнайынмен бірге Орынборға оқуға жібереді. Махамбет Орынбордан туған жеріне 1834 жылы оралады. Оны хан старшын етіп қояды. Жәңгір хан Махамбет бойындағы бар жақсы қасиетті көре біліп, өзіне жақын ұстағысы келеді. Елінің қасірет, мұңын, арман, тілегін жоғары қойған ақын хан қасында қалмайды.
Ақын жырлары көтерілістің суреті, тарихы, сол қанды қырғынға халықты мәжбүр еткен елдің мұң, зары, арман, тілегі болып төгіледі. 1836 жылдардан бастап ақын өмірі Исатай бастаған көтеріліспен байланысты өтеді. 1837–1838 жылдары болған көтерілісте Махамбет Исатай қасындағы серігі. Жалынды жырларымен істерінің дұрыстығын елге жеткізген жырау-ақын.
Махамбет өлеңдерінің тақырыбы – ел мен жерді қорғау, ерлердің ісін жырлау. Өлеңдерінде ел үшін туған ерлерді, соның ішінде өзі ерекше ардақ тұтар Исатайдың бейнесін жасайды.
Өлеңдерінің ортақ идеясы – ел қорғайтын ерлерді дәріптеу. Ел үшін жан қию нағыз батыр ісі екендігін жырлау.
Исатай Тайманұлы бастаған көтеріліс. Ішкі Бөкей ордасы Жәңгір ханмен оның туыстарының иелігінде еді. Хан билікті патша үкіметі мүддесіне сай жүргізді. Маңына жинаған ел басқарушылары да байлық пен мансапты ғана ойлайды. Хан билігі мен патша үкіметіне берілетін екіжақты салықтар саны қосылып, халықтың тұрмысы төмендеп кетті. Жәңгір ханның билігіне қарсылар тобы Исатай Тайманұлының қасына топтаса бастайды. Ел ішінде патша қыспағымен, хан зорлығына қарсылық күшейіп кетеді. 1837 жылы Исатай әскерімен келіп, хан ордасын қоршап алады. Жәңгір хан патша әскеріне астыртын жаушы жібереді. Исатайды алдап, барлық талаптарын орындауға уәде береді. Он күн рұқсат сұрайды. Он күнде сырттан патша әскері келеді. Хан ордасын құтқарады.
Халықтың көтерілуі, билікке қарсы шығуы жергілікті үкімет билеушілерінің де зәресін ұшырады. Исатай бастаған көтеріліс түрлі себептермен жеңіледі. Исатайдың өзі 1838 жылы майданда қаза табады. 1838 жылы көтерілісшілерді аяусыз басып тастайды. Махамбет Исатай ісін жалғастырып, қайта қол жинауды мақсат етеді. Бірақ ақын мақсатына жете алмайды. 1846 жылы Махамбет Қарой деген жерде жалғыз үй отырады. Осыны Баймағамбет сұлтанның адамдары пайдаланады. Ақынды жауыздықпен өлтіреді. Тарихта есімі ұранды, екпінді жырларымен қалады.
Бақылау сұрақтары
1. Махамбет Өтемісұлының өмірбаянын әңгімелеңдер.
2. Исатай Тайманұлы бастаған көтеріліс туралы Махамбеттің қандай өлеңдерін білесіңдер. Еске түсіріңдер.
3. Исатай – Махамбет бастаған көтеріліс мақсаты не болды? Көтеріліс туралы оқып, Исатай Тайманұлы қандай адам болғандығын ашыңдар.
Исатай бейнесі. Ақынның Исатай батыр туралы өлеңдері көп. Батырлық пен ерлікті жырлайтын бірнеше өлеңдері бар. Ел түсінігіндегі, батырлықты қадірлейтін ердің бейнесін еске түсіреді. «Аспандағы бозторғай» өлеңінде: «Сан шерулі қол болса, Батырлар болса ағасы» деп, батырды әскер көсемі етіп бейнелейді. «Айғайласып жауға тиде» майданға түсіп, жауымен шайқасып өлуді мұрат тұтқан батырлар ізінің жалғасы бар. «Азамат ердің баласында» да ақын ердің мақсат, тілегін жеткізеді. Ақын батырлыққа сенеді:
Батыр болмақ ойдан-ды:
Айғайласып жауға ти!
Тәңірім білер, жігіттер,
Ажалымыз қайдан-ды!
Махамбет өлеңдерінде кешегі ерлер жолының тілегін жалғастырған батыр – Исатай бейнесімен өзгешеленеді:
Исатай - басшы, мен - қосшы.
Исатайдың сол күнде
Ақтабан аты астында,
Дулығасы басында.
Зығырданы қайнайды,
Астына мінген ақтабан
Ақбөкендей ойнайды.
Қасына ерген көп әскер
Маңыраған қойдай шулайды.
«Соғыс» өлеңі қан майдан шайқасты суреттейді. Батырдың соғыс кезіндегі қимылы мен әрекетін, майдан даласын суреттейді. Өлең өкінішпен аяқталады.
Ақын майдан үстіндегі батырдың қимылын ғана беріп қоймайды, ішкі жан сезімдерін де ашады. Халық үшін «толарсақтан саз кешкен» Исатайдың сезімдерін беруде ақын батыр атынан Махамбетке сыр айтқызады. Ондай өлеңдер «Жабығу», «Әй, Махамбет, жолдасым»деп аталады.
Аңғал батырдың кейінгі өкінген көңілі ғана емес бар мақсат, тілегі «Әй, Махамбет, жолдасым» өлеңінде ашылған:
Қорлықта жүрген халқыма
Бостандық алып берем деп,
Қырық бір жасқа келгенде,
Ауыр әскер қол ертіп,
Жасқұсқа барып кіргенде,
Арыстандай ақырған
Айбатыма шыдамай,
Хан баласы жылады-ай!
«Жанымды қи» деп сұрады-ай!
Көтеріліс кезіндегі оқиға ғана суреттелмейді. Исатай батырдың баладай сенгіш көңілін, таза сезімін, аңғал мінезін ашады. Исатай бейнесі ақын өлеңдерінде ақыл мен қайратын іске жұмсаған батыр сипатымен артық. Ақынның Исатай жайындағы өлеңдері батыр қаза тапқаннан кейін айтылады. Батырдың өлімін орны толмас қазаға балайды. Махамбет көтеріліс басшысының асқақ бейнесін жасады. «Мінгені Исатайдың Ақтабан-ай» деп басталатын жырда батырдың аты да –дастандардағы Тайбурыл, Тарлан, Байшұбарлар сияқты текті тұқымнан, өзгеше жаратылысты жануар, ер серігі. Елді жақсылыққа шығарар жол таба алмаған, Исатайдай басшысынан, ағасынан, ақылшысынан, батырынан, қамқоршысынан айырылған, өз басы қауіп - қатерге толы ақын көңілінің толқыныстары «Баймағамбет сұлтанға айтқан сөз» өлеңінде ашу - ыза болып төгіледі. Бұл өлең батырлықты, қайсарлықты дәстүр еткен дала заңын сатқан Баймағамбет сияқты төрелерге деген ыза мен кектен тұрады.
Исатай бейнесін суреттеу арқылы кейінгі ұрпаққа аға сыйлауды, ерлік пен адалдықты, жұрт сүйген жүректі үлгі етті.
Бақылау сұрақтары
1. Исатай Тайманұлы туралы тарихи мәліметтер оқып, ақын өлеңімен толықтырыңдар.
2. Исатайдың бойында батырлар жырларындағы ерлерге тән қандай қасиеттер бар?
3. Исатай бейнесі суреттелетін өлеңдерді атаңдар.
4. «Соғыс» өлеңі мен «Әй, Махамбет жолдасым» өлеңдерін салыстырыңдар. Қай өлеңде майдандағы батыр бейнесі, қай өлеңде Исатай сезімі бейнеленетінін өлең жолдарынан табыңдар.
5. Шернияздың Исатай туралы айтатындарымен салыстырыңдар.
6. Ақынның «Соғыс» өлеңі бойынша кестені толтырыңдар
Оқиға суреттелген кез |
Исатайдың сырт тұлғасы |
Мінген аты |
Жанындағы әскері |
Мұнар күн
(қысқартылды)
Мұнар да мұнар, мұнар күн,
Бұлттан шыққан шұбар күн,
Бұлықсып жүрген ерлерден
Бұрынғы бақыт тайған күн,
Бұлаңдай ерді кескен күн,
Буулы теңді шешкен күн,
Сандық толы сары алтын
Сапырып судай шашқан күн -
Түс қыла гөр, құдайым,
Біздей тақ мейманасы тасқанға
Біздің ер Исатай өлген күн!
Он сан байтақ бүлген күн!
Желпілдеген ала ту
Жиырылып ойға түскен күн.
Сағағы болатқылыштың
Балдағынан сынған күн.
Хас бәйтерек жығылып,
Жығылғаны естіліп,
Алыстағы дұшпанның
Қуанып көңілі тынған күн!
Бақылау сұрақтары
1. Өлең не туралы?
2. Ақын қайғылы күнді қандай белгілермен береді?
3. Исатай батыр өліміне дейін қандай қасіреттер суреттеледі? Жауаптарын сәйкестендіріңдер:
А) «Бұлттан шыққан шұбар күн»
1 Ерлердің, ерліктің күні өтті;
В) «Бұлықсып жүрген ерлерден
2 Ел басына қауіп төнді, бірлік кетті
Бұрынғы бақыт тайған күн»;
С) «Он сан байтақ бүлген күн»
3)Табиғат та өзгерді.
4) Ақын қайғысының себебін өлеңде қандай жолдармен береді?
А) «Буулы теңді шешкен күн»;
В) «Сандық толы сары алтын
Сапырып судай шашқан күн»;
С) «Біздің ер Исатай өлген күн!».
5) Өлең неге «Мұнар күн» деп аталған?
6) Махамбет Исатай өлімін «бәйтеректің құлауымен», «тудың жығылуымен», «болат қылыштың сынуымен» қатар қояды? Бұның себебі неде деп ойлайсыңдар? Бәйтерек, ту, қылыш қандай белгілерді білдіреді? Қазіргі егемен ел үшін олардың символдық мәні қандай?
7) Өлеңнен тұрақты сөз тіркестерін тауып, мағынасын ашыңдар, мәнерлеп оқыңдар.
Махамбет өлеңдеріндегі ақынның өз бейнесі. «Қызғыш құс». Ел алдындағы ұлы істерінің соңы өкінішпен аяқталады. Бірақ Махамбет өлеңдерінен ақын тұлғасы өрлік пен ерліктің, намыстың, арман мен тілектің белгісі болып бейнеленеді. Халық тілегі мен арманы ақынның өз сезімдерімен беріледі.
Махамбет бейнесі ақын, жауынгер, қол басшысының адал серігі, елінің адал ұлы қалпында сипатталады. Ақынның ғұмыры елі мен жеріне теңдік алып беруді мақсат етумен өткен. Ел жайы мен жер жайы ақын өлеңдерінде бөлінбейді. Оның «Туған ұлдан не пайда?», «Айныман», «Ереуіл атқа ер салмай...», «Еділ үшін егестікте» ел мен жер тағдырымен ақын сезімі бірге алынады. Бар жырларының ортақ идеясы – халқына теңдік әперу болғандығын жеткізу.
Исатай өліп, көтеріліс жеңіледі. Махамбеттің қуғынға түседі. Ақынның осы кездегі толғаныстары бөлек. Махамбеттің ендігі ел жайындағы өлеңдері қасіретке, мұңға толы. Еркіндіктен айырылған сезімге құлазыған көңіл де қосылад.
Махамбет – кейіпкер сырын, көңіл толқыныстарын табиғат, жаратылыспен сабақтастыра кестелейтін суреткер ақын. «Аспандағы бозторғай», «Жалған дүние», «Қызғыш құс», «Арқаның қызыл изені» өлеңдеріндегі адам мен жаратылыстың мұңы мен зары, арманы мен тілегі бір екендігі суреттеледі. Махамбет – қазақ әдебиетіндегі батырлық пен ақындықты қатар ұстаған – елін, жерін сүйген, сол үшін ғұмырын берген жыраулардың соңы.
«Қызғыш құс» өлеңі. Махамбет – өр, намысты елдің теңдік пен бақыт үшін күрескен кезеңінің суретін жалынды, екпінді жырларымен кейінге жеткізген ақын. Өз бақытынан, өз қара басының мүддесінен жұрт тілегін жоғары көтерген Исатайдай ердің нар тұлғасын бейнеледі. Қазақ өлеңінің сыршылдық, азаматтық сипатын көтере түсті. Әдебиетте лирикалық қаһарманның даралық тұлғасын жасады. Ақын басындағы қайғылы хал мен ел басының қайғысы «Қызғыш құста» тоғысады:
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,
Қанатың қатты, мойның бос.
Исатайдан айырылып,
Жалғыздықпен болдым дос.
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,
Ел қорыған мен едім,
Мен де айырылдым елімнен;
Көл қорыған сен едің,
Сен де айырылдың көліңнен.
Аспанда ұшқан қызғыш құс!
Сені көлден айырған -
Лашын құстың екпіні.
Мені елден айырған -
Хан Жәңгірдің екпіні.
Айтып-айтпай немене?
Құсалықпен өтті ғой
Махамбеттің көп күні!
Бақылау сұрақтары
1. Ақынның туған ел, жер туралы өлеңдерін атаңдар.
2. Ақын өлеңдеріндегі Махамбет бейнесі мен Исатай бейнесін байланыстыра әңгімелеңдер.
3. Ақынның арманы қандай еді? Өлеңдегі лирикалық кейіпкер ойы мен ақын мақсат, армандарын салыстырыңдар. Махамбеттің арманы бүгінгі заманда орындалды ма?
4. «Қызғыш құс» өлеңі не туралы?
5. «Ел қорыған», «көл қорыған» тіркестерінің мәнін ашыңдар.
6. Махамбет өлеңінде қызғыш құсты кімге, лашынды кімге ұқсатады?
7. «Қызғыш құс» өлеңін жаттап алыңдар.
8. Махамбет пен Исатай – батыр адамдар. Батыр деп кімдерді атайды? Батыр адам қандай болады?
9. Халық Исатай мен Махамбетті қандай қасиеттері үшін қадірледі деп ойлайсыңдар.
10. Исатай – Махамбет заманында батыр беделді (идеал) тұлға болды. Бүгінгі заман үшін беделді (идеал ) тұлға кім?
11. Қазіргі заманда батырлар бар ма? Болса олар қандай адамдар? Болмаса, неге жоқ.
12. Өзің батыр болғың келе ме? Неге?
Ақын өлеңдері көркем бейнелі сөздерге толы. Бұған дәлел – ақынның лирикалық қаһарманының «Бойың жетпес биікпін – Бұлтқа жетпей шарт сынбан» («Баймағанбетке айтқан сөз»), «Мен – ақсұңқардан туған құмаймын, Бір сұңқарға жұбаймын» («Ақсұңқардан туған құмаймын»), «Мен қарақұстан туған қалықпан, Сөйлер сөзге жалықпан», «Мен – атайы жүйрік баласы, Алты үдірім жер шаптырсаң да жалықпан» («Мен – қарақұстан туған қалықпан...) т. б. көркем тіркестері. Соның бірі – метафоралар.
Метафора – салыстырылатын екі заттың бірігіп, бір бейнеге айналуы. Бір затты, құбылысты соған ұқсас екінші екінші затпен, құбылыспен алмастыру. Махамбет өлеңдерінде Исатай батырды тарланым, арыстаным деу де – халықтық үлгідегі метафоралар. Бұндай метафоралар «Мен, мен едім», «Баймағамбет сұлтанға айтқаны», «Мұнар күн», т. б. өлеңдерінде көптеп кездеседі.
Ізденіс жұмыстары
1 Махамбет Жыр – семсер. – Алматы: Жазушы, 1979