1.4 Сүйінбай Аронұлы (1815–1898)


Сүйінбайдың бүкіл Жетісу ақындарына… берген ақындық, ұстаздық жолында екі үлкен ерекшелік бар.

Бірі –айтыста болсын, шындықты жеткізіп өткір, шешен, тапқыр тілмен тыңдаушыны қүмарландырып сөйлеуі, екіншісі – тарихта болған батырларды үнемі желілі жырға айналдырып айтуы.

(Е. Ысмайылов)

Өмірбаяны мен шығармашылығы. Сүйінбай Аронұлы 1815 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданында жылы дүниеге келген. Сүйінбай жас кезінен кедейліктің көп зарын тартады. Ақын өмірбаянын өлеңдерінен табамыз. Сүйінбай өз өмірі мен тұрмысы, хал-жайы турлы жырларында шыншылдықпен суреттеген. Бірде өзін момындардың бірімін дейді. Ақын айтқан момындық мінездің жуастығы емес. Ел ісіне араласпай, болмаса ел сөзіне қатыспай жүрген рудың бірінен екендігін өлеңмен айтады:

Сол момынның біреуі,

Екей деген ел едім,

Сүйінбай деген мен едім,

Әкем Арон тұқымы,

Малға кедей жан едім.

Өлеңде ақын тұрмысы, кедей жайы айтылады. Сүйінбай жасынан өнермен мал тауып, сөзбен кәсіп қылады. Ұнамайтын қылықтарды сөзбен сынайды. Сөз қадірін ұққан жан екендігін байқатады. Ақын шаруадан гөрі қазақ өнерімен, айтыспен де қуатын танытады. Жанкісі жыраудың өлеңдерін жаттап өседі. Өз атасы Күсеттің де жырларынан үйренеді. Соның ішінде өзінен жасы үлкен Қабан, Жанақ, Түбек, Шөжелермен кездеседі. Майлықожа, Майкөт, Қаңтарбай, Бақтыбай секілді замандас ақындарымен жолығысып, кездесіп айтысқа да түседі. 1898 жылы қайтыс болады. Оның денесі Қарақыстақ деген қорымға жерленген. Ақын өлеңдері сұлтан-төрелерге қарата айтылған, ел жайын, халық халін жоқтаған жырлардан тұрады.

Ақын тек қазақ еліне ғана емес, көрші Орта Азия халықтарына да танымал болған. Соның ішінде қырғыз елі Сүйінбай есімін ертеден таниды.

1) С. Аронұлы шығармаларының басты ерекшеліктерінің бірі – адалдық пен әділеттілікті жақтайтындығы. Ақын айтыстарында, арнау өлеңдерінде адалдық пен әділдікті қорғайды.

2) Ақын өз руының, туысқанының мұңын айтып қоймайды. Халықтың бақытты болуының шартын да көрсетеді. Жұрттың бақытты болуы ел билеушісіне байланысты деген ойды айтады. Өз еліне мейірімді, жауға қатал басшы – халық бақыты ғана емес, елге орнаған әділеттілік деп тереңдете түседі.

3) Өзінен кейінгі ақын жастарға қамқор болған. Сондықтан да Жамбыл Сүйінбай жөнінде : «Менің пірім Сүйінбай, Сөз сөйлемен сыйынбай», – деп, жырына қосады.

Бақылау сұрақтары

1. Ақын жайындағы ғалым Е. Ысмайловтың пікірін оқыңдар. Ғалым ақынның қандай ерекшеліктерін көрсетеді?

2. Сүйінбай Аронұлының өмірбаянын әңгімелеңдер.

3. Ақын өз өмірі туралы өлеңдерінде не айтады?

4. Сүйінбай қандай ақындардан үлгі алды?

5. Сүйінбайдың замандас ақындарын атаңдар.

6. Ақынның «Бөрілі менің байрағым» деп аталатын өлеңін оқып, бүгінгі ел танымындағы елдік, бірлік түсінікпен салыстырыңдар.

Бөрілі менің байрағым

Бөгеліп байрақ астында

Бөгеліп көрген жан емен.

Бөрідей жортып кеткенде,

Бөлініп қалған жан емен.

Бөрілі найза ұстаса,

Түйремей кеткен жан емен,

Өрілі байрақ құласа,

Күйремей кеткен жан емен.

Жау тисе жапан далада,

Бөрілі найза атамыз,

Қарасайлып шабамыз.

Бөрілі байрақ астында

Ту түсіріп жау алған,

Қазыбек, Қастек атамыз.

Бөрілі байрақ көтерсе,

Жоқты жонып табамыз.

Бөрілі байрақ астында,

Ту түсіріп, жау алған,

Шапырашты батыр бабамыз.

Бөрі басы- ұраным,

Бөрілі менің байрағым.

Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым

Тотем –дүниедегі барлық жан - жануарлардың, құбылыстың иесі бар деген түсінік. Әр ру, қауым, тайпа әр түрлі жерде тұрғандықтан, өз жерінде көбірек кездесетін күш иелеріне – жан - жануарларға сиынған. Ертеде адам табиғаттан бөлінбей тұрған кезінде қалыптасқан. Бөрі – қазақтың тотемдерінің бірі. Көшпелі далалықтар бөріні ерліктің, бостандықтың белгісі (символы) деп санаған. Сондықтан өз көңілдеріне жақын бөрі тотемі қалыптасқан.

Бақылау сұрақтары

1. «Бөрі» деп халық қасқырды атайды. Бұл екі атаудың қолданысында едәуір лексикалық мағына өзгерісі бар. «Бөрі» сөзі қай түсінікті ашатынын белгілеңіздер:

А) жыртқыш аң;

В) еркіндік сүйгіш, бостандық қалаушы белгісі;

С) ертегілердегі ақымақ кейіпкер бейнесі;

2. Байрақ сөзінің мағынасы қандай?

3. Ақын байрақ пен бөріні қалай байланыстырады?

4. Өлеңдегі аты аталған батырлар туралы не білесіңдер?

5. Егемен ел туы мен бөрілі байрақты салыстырыңдар:

А) Халық танымының сақталуы;

В) Ұлттық мінездің бейнеленуі;

С) Елдің тіршілік ету жағдайы, мекен жайымен байланысы.

6. «Көк тудың желбірегені» – қазіргі Қазақстанның туы туралы өлең. Өлеңнің ел арасына танымал болған кезі – Лондон Олимпиадасы кезі (2012 жылы, жазда). Сөзін жазған – Алмас Ахметбекұлы, әнін жазған – Ермұрат Зейіпхан.

а) Өлеңді оқыңдар.

ә) Өлең не туралы? Мазмұнынан не ұқтыңдар.

б) «Бөрілі менің байрағым» өлеңімен салыстырыңдар.

в) Қай өлеңде ерлік пен батырлық басым? Қайсысында бірлік пен елдікке басты көңіл бөлінген? Себебі неде деп ойлайсыңдар?

Көк тудың желбірегені

Көк тудың желбірегені -

Қазақтың асқақ беделі.

Махаббат, қайрат екеулеп,

Шымырлатқаны денені.

Көк тудың желбірегені -

Жаныма қуат береді.

Таласқа түссе жан мен ту

Жан емес,

Маған керегі -

Көк тудың желбірегені.

Көк тудың желбірегені -

Елдіктің асқақ өлеңі,

Әр жаққа тартпай, қазағым,

Бір сөзге жинал дегені.

Көк тудың желбірегені -

Бақыттың елжірегені,

Қиырда қалған қазақтың

Азат отанға жете алмай

Көзінің мөлдірегені.

Сүйінбай мен Қатағанның айтысы. Сүйінбай мен Қатағанның айтысы 1847 жылы қырғыз жерінде болады. Тезек төремен Орман ханның анасының асына Сүйінбай ақын да келеді. Айтысты Қатаған бастайды. Қатаған ақын бірден Сүйінбайға тиісе сөйлейді. Қазақты кемсітіп, қырғызды мақтай жөнеледі. Қырғыздың байлары мен бектерін, манаптарын, руларын жыр етеді. Қырғызды қазақтан көп, содан да артық дейді. Сүйінбай өзіне кезек келгенде қазақтың үш жүзінің қандай жерлерде мекен ететіндігін, қандай белгілі тұлғалары бар екендігін әсерлеп жеткізеді. Қазақ халқының кең даладағы рухани байлығы мен мал байлығын барынша көркем суреттеп береді:

Жырының соңында :

Көппін деген Қазақтан,

Қатағанның жоқ қой санасы!

Толып жатқан көп қазақ,

Көк пенен жердің арасы!

Манаптары Қырғыздың,

Қатағанды ақын деп,

Алып келдің ұялмай.

Қатаған ақын сөйлесе,

Күлесің езу жия алмай,

Енді міне отырсың,

Орыныңнан тұра алмай!

Мына отырған Қатаған,

Қайта қайта мақтанып,

Жантайдың шенін қоймайды.

Аңға шыққан тазыға,

Оған да қарғы байлайды!

Еменнен күшті ағашпын,

Еселесең сынбаймын!

Алдаспанға жолықтың,

Түбіңе жетпей тынбаймын!

Топ бастаған бұлбұлмын,

Сөз бастаған жүйрікпін,

Судан шыққан сүйрікпін,

Бәйгеден озған дүлдүлмін,

Шығарма Қатаған үніңді!

Есіңе сақта бүгінгі,

Қанатың сынған күніңді!

Жардағы өскен жапалақ,

Келтіріп менің жынымды!

Қырғыз, Қазақ қосылып,

Қырғыз, Қазақ қосылып,

Жалтылдатпа мұныңды!

– деп тоқтайды Сүйінбай.

Бақылау сұрақтары

1. Айтыс жанрының қандай ерекшеліктері бар?

2. Айтыстың қандай түрлерін білесіңдер?

3. Ақындар айтысының басқа айтыс түрлерінен ерекшеліктері қандай?

4. Қазақтың қандай белгілі айтыс ақындары естеріңде бар?

5. Сүйінбай Қатағанды қандай артықшылықтарымен жеңді?

6. Айтысты оқып, төмендегі кестені толтырыңдар.

Бағалау

Айтыстың мазмұны

Ой дәлдігі

Сөз жүйелігі

Тіл мәдениеті

Айтыс көркемдігі

Сүйінбай

Қатаған

Арнау өлеңдері. Сүйінбай жырларында ел билеген төрелер мен датқаларға ел мұңын, арманын жеткізді. Шығармаларындағы айтатыны –ақынның жұрт қамқоры, қолдаушысы екендігінде. «Төрелерге» өлеңінде ақын олардың зорлығын, әлсізге жасаған жамандығын суреттейді. Ақын олардың кескін - кейіптерін, адамшылық сипаттарын да бейнелейді. Сүйінбайдың тура айтылған сындары өз заманында халықтың қалауынан (ойынан, тілегінен) шыққан. «Болыстарға баға» өлеңі де осы «Төрелерге» ұқсайды. Ақын қылтылдаған Сиқымбайға, ақылсыз Тілеубердіге, парақор Әбілезге баға береді. Төле биді үлгі етіп, сол бидей әділ бола алмадыңдар дегенді айтады. Сүйінбай өлеңдеріндегі хан мен төрелерге қарата айтылған, олардың халқымен ғана билеуші екендіктерін суреттейді.

«Бала Жамбылға бата» өлеңі. Бата – қазақ дәстүрлерінің бірі. Жасы үлкен, елге қадірлі адамдар кейінгі жасқа тілек тілейді.

Жыр алыбы атанған Жамбыл Сүйінбайдан бата алыпты:

О, Жамбыл, бата дедің - бердім саған,

Бақытты, өмірлі боп, жүргін аман.

Батасын ат орнына берді ғой деп,

Қоймағын былай шығып кінә маған.

Соңынан Сүйінбайдың орнын басып,

Тіліңнен бал тамсын сорғалаған.

Жапаға, риза болсын, айта барғын,

Осымен өкпелей жүрсін маған.

Бақылау сұрақтары

1. Арнау өлең деген не?

2. Сүйінбайдың арнау өлеңдерін атаңдар.

3. Бұған дейінгі ақындардың арнау өлеңдерінен Сүйінбай өлеңдерінің ерекшелігі, ұқсастығы неде? Дулат ақын өлеңдерімен салыстырыңдар.

4. Бата деген не?

5. Тілектен батаның айырмашылығы қандай? Дұрыс жауаптарды табыңдар. Оларға түсініктеме беріңдер:

А) кез келген адам айтады;

В) жасы үлкен, елге сыйлы адам айтады;

С) жасы кішілерге бата береді;

D) кез келген жастағы адамға бата бере береді.

6. Сүйінбай батаны кімге береді?

7. Жамбыл туралы не білесіңдер.

8. Өлеңде Сүйінбай Жамбылға қандай тілек айтады?

9. Ат бермей, бата беруінің себебі не деп ойлайсыңдар?

10. «Соңынан Сүйінбайдың орнын басып» жолының

11. Өздерің бата алғыларың келе ме? Кімнен бата алғыларың келеді? Батада өздеріңе қандай тілек, өсиет айтылғанын қалайсыңдар.