1.5 Шортанбай Қанайұлы (1818–1881)


Зар заман ақындарының ішінде қауым тіршілігін, әлеуметтің қайғысын дін бояуымен бояп айтқан – осы Шортанбай.

(М. Әуезов)

Өмірбаяны мен шығармашылығы.Шортанбай Қанайұлы 1818 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түркістан маңында дүниеге келген. Ақын өз заманындағы өзгерістерді жырға қосты. Бұл халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан әдеттері мен заңдарын, жөн-жораларын бұзатын, елдіктен кетіретін теріс жолдар деп ұқты. Ақынның өлеңдерінде өз қоғамын бұзылған заман дейді. Шортанбай заманыны «зар заман» деп атайды. XIX ғасырдың алғашқы жартысындағы ақындар осы өлең атымен «зар заман ақындары» деп аталады.

Шортанбай ел басындағы өзгерістерді ұсақ белгілерден бастап суреттейді. Аяғын күңіреніп аяқтайды. Түпкі себебін биліктен көреді.

1) Ақын халық тұрмысына енген өзгерістерді елдің танымына, түсінігіне қауіп төнді деп қабылдайды. Ел ішіндегі өзгерістерге отаршылдық кінәлі деп суреттейді. Кей тұста соған көнген елді сынайды.

2) Ақын өлеңдерінде өз қайғысының шешімін таба алмайды. Кей тұста үмітін де үзеді. Ондай шақта ел басындағы халыққа зорлық, жамандық жасағандар жазасын тартады дегенді айтады.

3) Қоғамдағы өзгерген жаңалық, зар заманның – ақыр заманның белгісі болып суреттеледі.

4) Ақын замандағы барлық өзгерістерді айтып, олардан шығар жол деп дінді ұсынады.

Шортанбай – қазақ әдебиетіндегі ешкімге ұқсамайтын, отаршылдыққа қарсы қазақтың мұңын бірге жоқтасқан ақын.

Шортанбай өлеңі

(үзінді)

Зар, зар, заман, зар заман,

Зарлап өткен бір заман.

...Зарлығының белгісі -

Бір-бірлерін күндеген.

Жай-жайына жүрмеген.

Мұның өзі тар заман.

Бұл асылың асқан заманда

Ұл туады атаменен егесіп,

Қыз туады анаменен теңдесіп.

Баласы кетті тиюдан

Атасы ұлға нанбайды

Көңіліне қуаныш қылмайды.

Уәліден кетті керемет,

Патшадан кетті ғаделет,

Ақыр заман таянды.

...Кәпірді көрдің піріңдей,

Тілмашты көрдің жеңгеңдей,

Дуанды көрдің үйіңдей,

Абақты тұр қасыңда

Елге егін жайылды,

Байға қоңсы жоламас.

Бай кедейді көрмейді,

Кедей байға ермейді,

Қазылған қара көріңдей.

Бақылау сұрақтары

1. М. Әуезов Шортанбай өлеңдерінің ерекшелігі туралы не айтады?

А) халық мұңын, тіршілігін дінмен байланыстырады;

В) әлеумет (ел, халық) қайғысын айтады;

С) қауым (ел, халық) тіршілігін суреттейді.

2. Ш. Қанайұлының шығармашылығының сипаттарын атаңдар:

а) Қоғамдағы өзгерістерге кімдерді кінәлі деп санады?

б) Ақыр заман белгісі деп нені айтады?

3. Ақынның өлеңінен берілген үзіндіні мәнерлеп оқыңдар.

4. Өлеңнің мазмұнынан не ұқтыңдар?

5. Ата-ана, ұл-қыз туралы не айтылған?

6. Ел билеушілердің ісін неге ұнатпайды?

7. Дуан, тілмаш неге зар заман белгісі болып суреттеледі деп ойлайсыңдар.

8. «Зар заман», «ақыр заман» тіркестеріне түсінік беріңдер. Ақын неге өз заманын «тар заман», «ақыр заман» деп суреттеді деп ойлайсыңдар.

9. Ақын шығармаларының ерекшеліктерін XIX ғасырдағы басқа ақындармен салыстырыңдар. Ақынның өзгешелігі – адамшылық пен иман жолы жамандықтан құтқарады деген ойға әкелетіндігі екендігін еске сақтаңдар. Бұның себебі не деп ойлайсыңдар.

10. Шортанбай өлеңдеріндегі торығудың сыры неде деп ойлайсыңдар? Мүмкін оның пікірлері қате шығар:

А) Шортанбай жаңалыққа, прогреске қарсы ақын;

В) Шортанбай халықтың салтын сақтауды, дін жолын ұстануды, бұрынғы ескі дағды-қалыпты көксеген ақын. Өз пікірлеріңді дәлелдеуге тырысыңдар.