1.7 Қашаған Күржіманүлы (1841–1929)


Өмірбаяны мен шығармашылығы. Қашаған Күржіманұлы 1841 жылы қазіргі Түркіменстанда дүниеге келген. 1929 жылы Маңғыстаудағы Қырықкез деген жерде дүниеден өткен. Оның «Есқали сопыға айтқаны», «Адай тегі», «Атамекен», «Топан», «Оразалыға», «Байларға», «Берекет ақынға», «Сақыпқа айтқаны» дейтін өлең-жырлары бар. «Атамекен» өлеңінде қазақтың бұрынғы бірлігін айтады. Өз заманындағы отарлық езгіге түскен қалпын суреттейді.

«Есқали сопыға айтқаны өлеңінде» сырты жылмағай, қайырымы аз адамдар жайлы жырлайды. Ақынның домбыра жайындағы Есқали сопыға айтқандары ақынның білімділігін, ескінің әңгімелерін, тарихты жетік білетіндігін, білерін қорытып, өз түйін жасай білерін танытады. Есқали сұпы немересі домбыраны ұстағанда, зекіп «шайтанның қу ағашы» деп тілдейді. Қашаған домбыра жасалатын ағаштан бастап, ішегі, үні, сазы туралы таратып айтып береді. Кейінгі қазақ әдебиетінде ұлттық аспап – домбыра жайында мол шығармалар жазылды. Қашағанның ұлттың бас аспабы – домбыра жайындағы айтқандары кейінгілерге үлгі-өнеге болғаны анық.

Домбыраның жай аспап емес, жаратушының өзі адамдарға сыйлаған киелі етіп бейнелейді. Қашаған өз кезіндегі ұнатпаған қылықтарды сынап айтатын отты ақынның бірі болған. Ақын өлеңдерінде ел билеушілердің, шала сауаттылардың теріс істерін әшкереледі. Ақылды сөз, ойлы танымын жеткізді.

Есқали сопыға айтқаны

(үзінді)

...Қолымдағы қу ағаш,

Сайрап отыр бұл ағаш.

Асылы емен, қарағай,

Шыққан жері су ағаш.

Аруақты ерлердің

Қолындағы ту ағаш.

Жаның сая табатын

Орман болған бұл ағаш.

Бұтақтары бүгіліп,

Көктен төмен үңіліп,

Қарның ашып келгенде,

Жүрегіңді жалғауға

Нәсіп болған бұл ағаш.

Пайғамбарлар туғанда,

Бесік болған бұл ағаш.

Ибраhим Қағба салғанда,

Есік болған бұл ағаш.

...Бұрынғы өткен заманда

Болған екен көп ұрыс.

Көп ұрыстың кезінде

Жәбірейіл жәннеттен

Алып келген төрт қылыш.

...Қынабына солардың

Қап та болған бұл ағаш.

Аруақты ерлерге

Жақ та болған бұл ағаш.

Найзасына батырдың

Сап та болған бұл ағаш.

...Домбыраны күнә десеңіз,

Жиын менен тойдікі.

Атамыз Адам пайғамбар

Жеті сазбен жерге кеп,

Күй шертіпті деген бар.

Бақылау сұрақтары

1. Қ. Күржіманұлының өмірбаянын әңгімелеңдер.

2. «Есқали сопыға айтқаны» өлеңінен үзіндіні мәнерлеп оқыңдар.

3. Ақын домбыра жасалатын ағаш туралы не айтады?

а) Ағаштың қандай қасиеттерін суреттейді?

ә) Ағаштың адамға қандай пайдасы бар екен?

б) Дінмен домбыра жасалатын ағашты қалай байланыстырады?