1.8 Алмажан Азаматқызы (1823–қайтыс болған жылы белгісіз)


Алмажан Азаматқызы Батыс Қазақстандағы Нарынның Бекетай құмында 1823 жылы туған. Қай жылы қайтыс болғаны жөнінде мәлімет жоқ. Алмажанның шығарған өлең-жырлары көп болса да, бізге жеткен шығармасы «Жетім қыз» дастаны.

1836–1837 жылдардағы Исатай, Махамбет бастаған көтеріліске қатысып қаза тапқан әкесі Азаматтан Алмажан деген қыз (Алмаш), Төрежан деген ұл қалады. Нарынның тоғыз биі жетімдердің малын өздері алғылары келеді. Ақын, қайсар Алмажан ханға арыз айтпақ болады. Алыс жолға алғаш шыққан балалар адасып, көп қиындық көреді. Хан ордасына да келеді. Ханның рұқсатынсыз ешкім ордасына кіре алмайтындығын ойлап, уайымға түседі. Алдыңғы азапты жолдардан да хан ордасы қиынырақ соғады. Қорқып тұрғанда, Сағитжан деген әкесінің ескі досы кездеседі. Алмажан танып, өзі туралы айтады. Хан ордасына апаруды өтінеді. Сағитжан балаларға хан ордасының есігін, отыратын орнын көрсетеді. Хан ордасына келгенмен алдындағы билер балаларды ханға жібермейді. Алмажан қиянатты ғана білетін билерді жырға қосады. Поэма осылай аяқталады.

Алмажанның ханға келіп, арызданғаны, биліктің кесімі туралы ештеме жоқ. Соған қарағанда әділеттілік таба алмаған болса керек. Дастанның тілі көркем. Ақынның дастанындағы елімен жерімен қоштасуы, зар мұңы, жетімдердің билерден көрген қиянаты барынша суреттеледі. Қыздың қайтпас көңілі, қайсар мінезі, өз дегеніне жетуге деген сенімі бейнеленеді. Махамбет жырларындай өткірлік пен екпін сонымен қоса сенім де бар. Алмажан Азаматқызының «Жетім қызы» дастаны – екі жақты биліктің қыспағындағы әлсіздердің тағдырын суреттейді. Бірақ сол қиянат пен зорлыққа көнбеген, қайсар халықтың мінезін ашады.

Бақылау сұрақтары

1. Алмажан Азаматқызының «Жетім қыз» дастаны қалай аяқталуы керек деп ойлайсыңдар? Өз нұсқаларыңды әңгімелеп жазыңдар.