2.1 XIX ғасырдың екінші жартысындағы тарихи жағдайлар


XIX ғасырдың екінші жартысындағы әдебиеттің дамуы саяси, қоғамдық-әлеуметтік, рухани, мәдени оқиғалармен байланыста дамыды. Әдебиеттің бағытын анықтауына төмендегідей тарихи оқиғалар әсері болды:

1) 1860 жылдардан бастап Ресей патшасының қазақ жерін, елін отарлауы толығымен аяқталады. Қазақ жері Ресей мемлекетінің меншігі болып саналды. Қазақ халқы жерді пайдаланушы ғана болды. Ата қоныс жерінен айрылған қазақ елінің әлеуметтік жағдайы төмендеді. Бұл халықтың рухани жүдеуіне, танымының бұзылуына әкелді. Билікке жақсам деген жаңа би-болыстар шықты. Абай айтқан «Болыс болдым мінеки» өлеңіндегі өзгеге жағымпаз, жалтаң мінезді билеушілер көбейді.

2) 1861 жылы Ресейде крепостнойлық (басыбайлылық) тәртіп жойылды. Бостандық алған орыс шаруалары қазақ даласына қоныстандырылды. Ресей жерінен ағылған орыс шаруалары өзімен бірге басқа мәдениетті әкелді.

3) Салық төлеудің жаңа тәртіптері бекітілді. Салықтың негізгі бөлігін қазақтарға салды. Қазақ ұлтын патша әскері қатарына алмады.

4) Саудагерлер қатары көбейді. Салт-дәстүрін өзге арнаға бұрған бөлек танымды шығарды.

5) Патшаның қорғаныс күші – казак-орыстар көп билікке ие бола бастады. Өзен, көлдер маңайы секілді жайлы жерлер казак-орыстарға берілді. Тіршілікке қолайсыз өлкелерге қазақтар еріксіз қоныстанды. Қазақ халқы кедейшілікке, жоқшылыққа ұрынды.

6) Қазақ елін билеудің патша мүддесіне бағындырылған ережесі («Жаңа низам») шықты. Билік басына патша өкіметі қалаған жандар қойылды.

7) Орыс шаруаларының қоныс аударуына байланысты қазақтар да отырықшылыққа көше бастады.

8) Капиталистік қатынастар, қалалар, өндіріс орындарын пайда болды. Өндіріс орындары қазақ шаруаларының өндірген затын (ет, тері, жүн, сүт т. б.) арзан бағамен алды.

9) Орыс тіліндегі мектептер ашылды (Орынбор, Орал, Троицк, Торғай т. б.). Қазақ халқы жаңа тұрпатты мектептерде білім ала бастады.

Танымдық ойшыл әдебиет өкілдері. XIX ғасырдың екінші жартысында әдебиетте жаңа бағыт өкілдері шықты. Халықты білім алуға шақырды. Мәдениет пен өнерді үйренуге насихаттады. Бұларды ағартушылық бағыттағылар деп атайды.

Абай Құнанбайұлы (1845–1904) – қазақтың алғашқы ұлттық әдебиетінің негізін қалаушы ақын. Ы. Алтынсарин (1841–1889) халық болашағын біліммен сабақтастырды. Қазақ елінің білімі басқа елдермен тең деңгейде болса, жарқын болатынын түсінді. Алғаш рет жаңа үлгідегі мектептер ашты. Ш. Уәлиханов (1835–1865) қазақ халқының білім алып, сол кездегі дамыған мәдениетті елдер қатарына қосылуын қалады. Қазақ елінен де терең білімді, өзге халықпен тең тұратын ғалым шығатынын дәлелдеді.

Абай, Ыбырай, Шоқан сияқты тұлғалар қазақтың еркіндігін, өз білімімен, ақыл-ойымен, парасат, адамгершілігімен өзгелермен тең, озық болуын арман етті.

Әдебиеттегі ұлт мәдениет өкілдері. XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ әдебиетінде бірнеше өнердің басын қосқан әнші-композиторлар шықты. Ақын, әнші, композитор т. б. өнерді игерген Б. Қожағұлұлы, А. Қорамсаұлы, Ә. Найманбайұлы шығармашылығы сан қырлылығымен өзгеше. Сара, Үмбетәлі, Кемпірбай, Нұрила, Шөже, Орынбай, Жамбыл т. б. ақындар айтыста қазақ қоғамының жақсы-жаманын жақтарын жырға қосты.

XIX ғасырдың екінші жартысында кең тынысты, сюжетті дастандар жазылды. Әсет Найманбайұлының «Сәмен-Салиха», Мағауия Абайұлының «Медғат-Қасым», «Еңлік-Кебек», Ақылбай Абайұлының «Кавказ», Ақтан Керейұлының «Қырымның қырық батыры» дастандары ауыз әдебиетіндегі жырлардың жалғасындай болды.

Бақылау сұрақтары

1. XIX ғасырдың екінші жартысының қазақ даласындағы қоғамдық-әлеуметтік, тарихи жағдайлары туралы айтыңдар.

2. Ресей патшалығының Қазақстанды отарлап алғаннан кейін қандай жақсылықтар мен кері әсерін тигізер жат жаңалықтар келді?

3. Қазақ әдебиетіндегі жаңа бағыттар және олардың сипаттарын ашыңдар.

4. Орыс әдебиеті мен қазақ әдебиетінің байланыстары біз үшін не берді?

5. Ыбырай, Абай өлең жырлары бұрынғы ақын-жыраулардан несімен ерекшеленді?

6. Ыбырай мен Абай дәстүрі қазақ даласында тез тарады. Бұған не себеп болды деп ойлайсыңдар?

7. XIX ғасырдың екінші жартысындағы белгілі ақындар деп кімдерді атайсыңдар? Қай шығармалары естеріңде бар?