2.2 Шоқан Уәлиханов (1835–1865)


Шоқан Уәлиханов Шығыстану әлеміне құйрықты жұлдыздай шыға келгенде, орыстың шығысты зерттеуші ғалымдары оны ерекше құбылыс деп түгел мойындап, түркі халқының тағдыры туралы онан маңызы зор, ұлы жаңалықтар ашуды күткен еді.

Бірақ Шоқанның мезгілсіз өлімі біздің бұл үмітімізді үзіп кетті.

(Н. И. Веселовский)

Өмірбаяны мен шығармашылығы. Шоқан (Мұхаммедқанафия) Шыңғысұлы Уәлиханов – қазақ халқының ғалымы. Ш. Уәлиханов Еуропа мәдениетін игеріп, неміс, француз, орыс тілдерін, әдебиетін терең таныған. Өз халқы ғана емес, көрші қырғыздың, Қашқардың, Қытайдың, Жоңғарияның мәдениеті, әдебиеті, тарихы, философиясы, географиясы жайлы құнды еңбектер қалдырған, алғашқы қазақ әдебиеті теориясы, ауыз әдебиеті жайында зерттеулер жазған.

Ш. Уәлиханов қазіргі Қостанай облысының Құсмұрын бекетінде 1835 жылы дүниеге келді. Ғалымның әкесі – Шыңғыс Уәлиханұлы хан Абылайдың немересі, аға сұлтан болған. Бала кезінен Шоқан зерек болады. Шоқан көп әңгімені әжесі Айғанымнан естіп өседі. Айғаным ертегілерді, жырларды ғана айтып қоймайды. Ескі әңгіме мен өзі көргендерден сыр шертеді. Шоқан мектепті Құсмұрындағы оқудан бастайды. Шоқан араб, парсы ақындарының жырларын жаттайды. Оларды мәнермен, үлкен махаббатпен айтады.

Шоқан 1847–1853 жылдары Омбыдағы кадет корпусында оқиды. Бұнда саяси-әскери сабақтармен бірге батыс, орыс әдебиеттері, философия, математика негіздері, шетел тілдері оқытылатын. Орыс тілін білмейтін Шоқан бірден меңгеріп кетеді. Ш. Уәлиханов кадет корпусында белгілі мұғалімдермен жақын араласқан. Орыс әдебиетінен сабақ берген Костылецкий, тарих пәнінің оқытушысы Гонсевскийлер Шоқанның Батыстың ілгерішіл идеяларымен танысуына ықпал етті. «Современник» журналын үзбей оқып, Диккенс, Теккерей, Руссо шығармаларынан сусындайды.

Кадет корпусын 1853 жылы бітіреді. 1854 жылы генерал-губернатор Гасфортқа адъютант болып сайланады.

Ш. Уәлихановтың «Тәңірі (құдай)», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» атты еңбектері халық этнографиясын, дүниетанымын, түсінігін ашады. Шоқан қазақ халқының діни көзқарастары, қоршаған орта, дүние туралы түсініктеріне талдау жасайды. 1856 жылы қырғыз еліне экспедицияға шыққан Ш. Уәлиханов қырғыздар мен Ұлы жүз қазақтарының тарихы, салт-дәстүрін, ауыз әдебиеті үлгілерін жазып алады. «Қырғыздар туралы жазбалар», «Ыстықкөл сапарының күнделіктері», «Қазақтың халық поэзиясының түрлері туралы» еңбектері дүниеге келді.

Ш. Уәлихановтың «Қазақтың халық поэзиясының түрлері туралы» еңбегінде әдебиеттің халықтың сипатын көрсетеді. Ұлттың ерекшелігін ашуымен, табиғат пен өнерді, тұрмысты сабақтастыра алуымен құнды. Осындай ғылыми еңбектерінен Ш. Уәлихановтың терең білімін ғана емес, ұлтын, елінің тарихын, салт-санасын сүйген азамат болғанын көреміз.

Бақылау сұрақтары

1. Ш. Уәлихановтың балалық шағы, туған жері туралы айтып беріңдер.

2. Ш. Уәлихановтың білім алған ортасы, араласып өскен замандастары жайында әңгімелеңдер.

3. Шоқан өміріне ерекше әсер еткен әжесі Айғаным, мұғалімдері Костылецкий, Гонсевскийлердің әсері туралы айтыңдар.

4. Шоқанды қандай ғылым түрлері қызықтырады?

5. Ғалым еңбектерін атаңдар.

6. Шоқанды неліктен энциклопедист-ғалым деп атайды?

А) cаяхатшы;

В) ғалым адамдармен таныс болды;

С) хан тұқымынан;

D) өз кезіндегі халыққа қажет ғылымның әр саласынан еңбектер жазған.

«Қазақ халық поэзиясының түрлері туралы» деген еңбегінде алғаш рет поэзия жанрына, өлең түріне сипаттама жасап, тұңғыш рет бөліп қарайды. Бұлай болу қазақ әдебиетінің, тіпті түркі әдебиетінің ірі табысы деуге болатын:

1) Аса ірі дастандарды ғалым «жыр» деп, жанрлық жағанан жіктейді. Бұған «Қозы Көрпеш–Баян сұлу», «Орақ батыр», «Ер Көкше» секілді шығармаларды кіргізеді.

2) Ш. Уәлиханов қазақтың жоқтауын «жылау» деп атайды. Зерттеуші «жылаудың» өзіне тән белгілерін көрсетеді:

а) жоқтауды әйелдер айтады;

ә) оны өздері суырып салып шығарады;

б) жыр өлшемімен шығарылады.

3) Жиын-тойда, қазақтардың мейрамында айтылатын,қысқа да тапқыр сөзбен жарысуын «айтыс» дейді.

4) Жалғыз шумақтан тұратын, әнге қосылып айтатын өлең түрін ғалым «қара өлең» деп атайды.

5) Ал қалған лирика жанрларының бәрін Ш. Уәлиханов «өлең» деп атайды.

Ғалым қазақ даласындағы өлең-жыр рөлінің ерекше екеніне баса назар аударады. Дала түрғындарының ақынның шабыттана айтқан сөздерін зер сала, тыңдайтынын айтады. Кең көлемді, мол қазыналы эпостарды айтатындарды «ақын» деп, ал қарапайым проза түріндегі әсерлі хикаяны айтушыларды «ертекші» деп бөледі.

Ш. Уәлиханов өз елінің ақындыққа бейімділігін мақтанышпен айтады. «Поэзияға бейімдік, әсіресе бірден төгіп айтқыштық барлық көшпенді расалардың ерекшелігі». Егер еуропалық саяхатшылар араб бәдәуилерінің балаларына дейін сұраққа өлеңмен жауап беретіне таңданса, бүл асыл өнер түркі – монғолдарға да тән екенін айтады. Ол арабтар мен түркі тілдес халықтарын салыстыра келіп, әсіресе қазақтардың ақын екенін жазады. Ш. Уәлиханов – тек қазақ ғана емес қырғыз халқы үшін орасан істер атқарған ұлы тұлға. «Қырғыздар туралы жазбаларда» қырғыз ауыз әдебиетін үш салаға бөледі:

1) ертектер мен тарихи, қияли аңыз-әңгімелер;

2) аса ірі эпикалық аңыздар («Манас» секілді көлемді туындылар жеке жіктеледі);

3) тұрмыс-салт жырларын іріктейді.

Еуропаға әлі қол созбаған қырғыздардың «Манасын» әлемге танытуды мақсат етеді. «Манас» – энциклопедия, халықтың бір белгілі батыры айналасына, Манас төңірегіне, бір уақытқа жинақталған барлық ертегілерінің, хикаяларының, аңыз әңгімелерінің, географиялық, діни, ақыл, адамгершілік түсінігінің қосындысы... сахараның «Илиадасы» секілді», – дейді. Көлемі үш мың жолдан асатын мәтіннің 913 жолын ғалым орыс тіліне аударған. Осы аударманы ағылшын профессоры А. Хатто латын әрпімен шығарған. Ш. Уәлиханов – батыс, шығыс әдебиеттерін, мәдениетін, халық тұрмысын жетік білген, әр саланы талдап, талғай білген ғалым. Ғалымның әдебиет теориясына қатысты ойларынан қазіргі ғылымның алатын пікірлері аз емес.

Бақылау сұрақтары

1. Қазақ халқын әлемге танытудағы Шоқанның орны туралы әңгімелеңдер. Төмендегі әр бөлікті өз ойларыңмен толықтырыңдар.

а) Қазақ поэзиясы туралы алғаш рет ғылыми еңбек жазды.

ә) Қазақ этнографиясы жөнінде алғаш рет батыс үлгісінде баға берді.

б) Қашқарияға барған алғашқы саяхатшы болды.

в) Қазақ өнерінде жаңа жол салушы ретінде білеміз (сурет, ән, архитектура т. б.).

г) Алдыңғы қатарлы орыс ғалымдары мен оқымыстыларымен таныс болды. Қажет жерінде қазақ пен батыс арасын жалғастырушы болды.

2. Ғалымның «Қазақ халық поэзиясының түрлері туралы» еңбегінің маңызы неде? Ғылымға қандай жаңалық әкелді?

3. Қырғыздың «Манасы» туралы зерттеуді қай еңбегінде жазды?

4. «Манас» туралы қандай пікір айтады? Оның ғылымда қандай пайдасы болды?

Сот реформасы туралы жазбалар (үзінді). «...Заң шығарушылар мен реформа жасаушылардың бәрінің де қоғам пайдасын ойлағандығына және соны ойлайтындығына күмән жоқ, бірақ қоғамның дамуына не пайдалы, не зиянды деген ұғым әр ғасырда әр түрлі болған, қазір де біздің арамызда, кертартпалық, бұрынғы аңыздарға әдеттенгендіктің салдарынан бірсыпыра жұрт сөзсіз ақиқат деп сеніп жүрген тағылық болжаулар көп, ғылым ондай болжаулардың қателігін және негізсіздігін айқын дәлелдегенде де олар соны істеп отыр. Біздің заманымызда халықтың мұң-мұқтаждарына тікелей қатысы бар, халыққа ең маңызды, ең керекті реформа – экономикалық және әлеуметтік реформа. Ал саяси реформа сол экономикалық реформаларды жүзеге асырудың құралы есебінде жүргізілмек. Өйткені әрбір адам және бүкіл адам баласы өзінің өрлеу жолында түпкілікті бір мақсатқа ұмтылады... Ол мақсат – өзінің тұрмысын жақсарту. Прогресс дегеніміздің негізінің өзі – осы. Біз осы тұрғыдан алып қарасақ, адамның тұрмысын жақсартуға жағдай туғызған ғана реформалар керекті де, ал осы мақсатқа қандай болса да кедергі келтіретін реформалар болса, ондайлар халыққа зиянды, керексіз реформа болып табылады...».

Бақылау сұрақтары

1. Ш.Уәлиханов қандай мәселені көтереді?

А) Заң шығарушылар мен реформа жасаушылардың нені басты мәселе етуі қажеттігін айтады;

В) саяси реформаның дұрыс жасалуын талап етеді;

С) елдің рухани дамуын көтеру керек дейді.

2. Экономикалық реформа мен әлеуметтік реформалар туралы не білесіңдер? Бұлардың сабақтастығы неде деп ойлайсыңдар?

3. Адамдар тұрмысын жақсартудың негізі деп қай реформаға мән береді? Прогресс деген не? Оның әлеуметтік-экономикалық, саяси дамуға қатысы қандай?

4. Жеке адамдар тұрмысының жақсаруының прогреске қатысы қандай?

5. Ш.Уәлиханов неге саяси реформаны емес, әлеуметтік реформа қажет дейді?

6. Бүгінгі күн үшін Шоқан ойының өзекті болып қала беретіндігін дәлелдеңдер.

7. «Қазақстанға қажет жаңа реформа» деген тақырыпта өз ойларыңды мақала етіп жазыңдар.

Ыстықкөл сапарының күнделігі (үзінді). «...Санташ – санаулы тас. Бұл асудың бұлай аталуына себеп болған бір қорғанға үйілген тастар. Қорғанның биіктігі 3 сажын, айналасы 35 сажын. Аңыз бойынша, Әмір Темір Гурган Қытайға император Каан Чинның қызын алу үшін сапар шегеді (Каан чин Қытай императорының титулы [түркіше басқаша], Хаканчин – Қытай императоры [титул], қазақтар оны жалқы есім қып алған). Әмір Темір әр жауынгері қолына бір бір тастан алып, бір жерге үюге бұйрық етеді. Кейін қайтқан жолында ол енді тасты алып, келесі жерге үюге әмір етеді. Қалған тастарға қарап, қанша әскер жоғалтқанын шамалайды. Сол қорғанның орны қазір де бар.

Тарихи мәліметтер бұл аңызға мүлдем қарама қайшы. Әмір Темір шын мәнінде Қытайға сапар шеккен, бірақ Самарқандтан шығып, Отырарға 24 (км немесе шақырым ара қашықтық белгісі болуы керек Б. Қ.) жеткенде қаза тапқан. Десек те, орта ғасырлардағы батырлық жырлардағы Ұлы Карл мен орыс ертегілеріндегі Владимир Красное Солнце сияқты барлық ортаазиялық аңыздарда Әмір Темір басты қаһарман. Түркістанның барлық мешіттерін, көне су құбырларының барлығын Әмір Темір Сайыпқыран (әлемнің билеушісі) салдырған деседі. Қалай болғанда да, Санташ қорғанын қалау үшін көп адам мен көп еңбек қажет болған және ол келер ұрпаққа [осында] бұрын өткен халықтың өмірінен сыр шертетін ескерткіш.

Айтпақшы, Қарқара өзенінің атауы туралы тағы бір аңыз.

Қазақтар қалмақтарды шапқан бір жорықта осы өзеннен... екі жас қызын ұстап алады. Олардың ауылы жаңа көшіп жатыр екен. Олар осы жерде қалып, өздерін ретке келтіріп, көшке сәнді киіммен бармақшы болған. Олардың бастарында құстың қауырсын қанаттары болады. Қазақтар оны қарқара деп атайды. Содан бері өзен Қарқара атанып кетіпті дейді аңыз».

Бақылау сұрақтары

1. Үзіндіні мәнерлеп оқыңдар. Не туралы айтылады?

2. Аңыз деген не? Оның тарихи оқиғамен байланысы қандай болады?

3. Шоқан қандай жер атауларын тарихпен қалай байланыстырады?

4. Үзіндіде берілген қай жер атауы нақты тарихқа, қайсысы аңызға жақын. Ойыңды дәлелде.

5. Қазақстандағы қандай тарихи ескерткіштерді білесіңдер? Олар туралы аңыздарды еске түсіріңдер.

6. Шоқан осы еңбегінде Аягөздегі Қозы Көрпеш-Баян Сұлу мазары туралы жазады.

Қозы Көрпеш-Баян Сұлу жөнінде не білесіңдер. Еске түсіріңдер.

7. Үзіндідегі жер аттарын картадан тауып, Шоқанның қай өңірлерде болғандығын анықтаңдар.

8. Үзіндіні әңгімелеп беріңдер.

9. «Жалындап өткен жас ғұмыр» тақырыбында

Ш. Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығы туралы әңгіме жазыңдар.

Ізденіс жұмыстары

1 Мұқанов С. Аққан жұлдыз. – Алматы : Жазушы, 1973.

2 Стрелкова И. Шокан. – Алматы : Жалын, 1985.