2.3 Ыбырай Алтынсарин (1841–1889)


Ыбырай Алтынсарин – қазақ балалар әдебиетінің атасы.

(Қ. Жұмалиев)

Өмірбаяны мен шығармашылығы. Ы. Алтынсарин 1841 жылы Қостанай облысы Затобол ауданында туған. Әкесі Алтынсары ерте қайтыс болып, атасы Балғожаның бауырында өседі. Балғожа би сөзге шешен, өз ортасына беделді адам болған. Ы. Алтынсарин ауылда молдадан хат таниды.

1850 жылы Орынборда ашылған қазақ-орыс мектебіне түседі. Мектеп сабағы орыс, татар тілдерінде жүреді. Ынталы Ыбырай 0мектепті 1857 жылы үздік бітіріп шығады. Мектепті бітіргеннен екі жыл өз елінде тілмаш болып қызмет етеді.

1859 жылы Ы. Алтынсарин Орынбордағы шекаралық комиссияға тілмаш болады. Шекаралық комиссияның төрағасы, профессор В. В. Григорьевпен танысады. Орынборда әдеби, саяси, мәдени, рухани дүниелермен кеңінен танысады. Бұл Алтынсариннің ой-өрісінің өсуіне, өмірге көзқарасының қалыптасуына ықпал етеді.

Ы. Алтынсарин өз халқының білімді болуын қалайды. 1860 жылы Орал сыртындағы қазақтарға арналған 4 сыныптық бастауыш мектеп ашу (Троицк, Торғай, Ырғыз, Қазалы қалаларында) туралы шешім шығады. Ы. Алтынсарин сұранып, Торғай мектебіне мұғалім болады. Торғай қаласында бірден мектеп ашу мүмкін болмайды. Ы. Алтынсарин ел ішінде оқудың мәнін түсіндіреді. Алғашқыда жиналған балаларды өз үйінде оқытады.

Ы. Алтынсарин 1864 жылы Торғайда халықтан жиналған қаржымен тұңғыш орыс-қазақ бастауыш мектебін ашады. Осы мектепке мұғалім болады. Мұндай мектептер Ырғыз бен Тройцкіде де ашылды. Қазақ даласында осындай мектептер ашу қажет екендігін патшалық әкімшілікке дәлелдеу үшін Ы. Алтынсарин көп еңбек етті. Ыбырай оқушыларының ғылым мен мәдениетті игеруіне, рухани бай азамат болып шығуына қызмет етеді. Барлық күш-жігерін, еңбегін мектеп жұмысына, оқу, тәрбие ісіне арнайды. Оқытуда жаңа үлгі іздеп, жаңа ұрпақ тәрбиелеуді мақсат етеді. 1876 жылы Ы. Алтынсарин Петербург, Қазан қалаларына барады. Орыстың мектеп, білім беру саласын зерттеп, орыс ағартушыларының еңбектерін оқиды. Сол негізде қазақ тілінде оқу құралдарын жасауды мақсат етеді. Ы. Алтынсарин қазақ балаларына білім мен тәрбиенің негізгі көзі – оқулық деп қарап, мазмұны балаға жақын, тақырыбы қызықты кітап шығару керек деп түсінеді. 1876 жылдан «Қазақ хрестоматиясын» («Киргизская хрестоматия») жазуға кіріседі. Хрестоматия 1879 жылы Орынборда басылады. Жаңа кітапқа жұмбақтар, әңгімелер, сондай-ақ қазақ әдебиетінен іріктелген өлеңдер енгізеді. Ы. Алтынсариннің баса назар аударған тақырыптары – адамгершілік қасиеттер. Хрестоматиядағы әңгімелердің көбін өзі жазады, бірқатарын орыс оқулықтарынан ел тұрмысына лайықтап аударады. «Қазақ хрестоматиясы» орыс әліпбиі негізінде жазылды.

Ыбырай Алтынсариннің қазақ рухани әлеміндегі орнын анықтауда келесі мәселелер назар аудартады:

1) Халық ағарту қызметін алғашқы қолға алушы: жаңа жүйедегі мектеп пен арнаулы оқу орындарын ашты.

2) Ыбырай Алтынсарин оқу мен тәрбиенің орыс-қазақ тілінде жүргізілуін қалады.

3) Оқу пәндерінің қатарына техникалық пәндер де кіргізілді. Ресейге толығымен қосылған соң, ел зиялылары халықтың басқалармен тең болуын қалады. Әрі ғасырлар қалыптастырған ұлт танымын сақтауды қажет деп санады.

Ы. Алтынсарин 1889 жылы қайтыс болды.

Бақылау сұрақтары

1. Ы. Алтынсарин қашан, қай жерде туды?

2. Қандай жерлерде білім алады? Қандай қызметтер атқарады?

3. Ы. Алтынсарин неге ұстаз болуды қалады?

4. 4-сыныптық бастауыш мектеп ашу туралы шешім қай жылы шығады?

5. Тұңғыш орыс-қазақ бастауыш мектебі қай жылы , қай жерде ашылады?

6. Оқытуда жаңа үлгі іздеп, жаңа ұрпақ тәрбиелеуде Ы. Алтынсарин қандай жұмыстар жүргізді?

7. «Қазақ хрестоматиясы» («Киргизская хрестоматия») қай жылдары жазылды? Қай жылы жарық көрді?

8. Кітап мазмұнына қандай шығармалар енгізілді.

9. «Қазақ хрестоматиясының» («Киргизская хрестоматия») қандай артықшылықтары болды?

10. Ыбырай Алтынсариннің қазақ әдебиеті мен оқу-біліміндегі орны қандай, ағарту ісіне қандай жаңалықтар әкелді?

Өлеңдері. Ы. Алтынсарин өлеңдері – оқу, білім тақырыбына жазылған. Бүкіл ғұмырын оқу-ағарту саласына арнаған ұстаздың «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңдері – қазіргі мектеп оқушыларынан бастап, халыққа, елге белгілі, жатқа білетін жырлар. Ақын оқудың, еңбектің түбі жан байлығы деп адамшылық негізін алға тартады:

Оқу білген таниды

Бір жаратқан құдайды.

Танымаған құдайды

Неғылғанда ұнайды...

Көзі ашық, оқыған адам мен надан адамды қатар алып салыстырады. Өлеңнің мақсаты да – оқу-білім артықшылығын жеткізу. Оқу – ізгілік, болашақ дүние шырағы деген ой айтылады:

Надандықтың белгісі -

Еш ақылға жарымас,

Жайылып жүрген айуандай

Ақ, қараны танымас,

- деп, дөрекілік пен жамандық белгісіне бағалайды.

«Өнер-білім бар жұрттар» өлеңінде өнер-білім алудағы түпкі мақсат адамшылық қасиетпен бірге озық мәдениет үшін қажет екенін айтады. «Кел, балалар, оқылық!» өлеңінде оқыған (оқымысты) адам мен надан адам салыстырылса, «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңінде білімді елді үлгі етіледі. Ақын жастардың өнер-білімді халықтың, елдің жақсылығына жұмсайтынына сенеді.

Өнер-білім бар жұрттар

Тастан салай салғызды.

Айшылық алыс жерлерден,

Көзіңді ашып-жұмғанша,

Жылдам хабар алғызды.

Мың шақырым жерлерге,

Күн жарымда барғызды.

Адамды құстай ұшырды.

Мал істейтін жұмысты

От пен суға түсірді.

Отынсыз тамақ пісірді,

Сусыздан сусын ішірді.

Теңізде жүзді балықтай,

Дүниені кезді жалықпай,

Білгендерге осылар –

Бәрі-дағы анықтай,

Білмегенге танықтай,

Біз де бекер жатпалық,

Осыларға таныспай.

Ат өнері білінбес,

Бәйгеге түсіп жарыспай.

Желкілдеп шыққан көк шөптей,

Жаңа өспірім достарым,

Қатарың кетті-ау алысқа-ай,

Ұмтылыңыз, қалыспай.

Біз надан боп өсірдік,

Иектегі сақалды.

«Өнер – жігіт көркі» деп,

Ескермедік мақалды.

Біз болмасақ, Сіз барсыз,

Үміт еткен, достарым,

Сіздерге бердім батамды!

Бақылау сұрақтары

1. Ы. Алтынсариннің өнер, білім туралы қандай өлеңдері бар?

2. Ақын өнер, білім туралы өлеңдерінде не айтады?

3. «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңінде ақын қандай жұртты айтады?

А) адамдары дені сау, ауырмайтын жұрттар;

В) халқы ештемеден қорықпайтын ел;

С) халқының саны көп;

D) білімді, өнерлі елдер.

4. Ақынның алысты болжай білетініне қарап төмендегі жауаптарды толықтырыңдар.

а) «Тастан сарай салғызу» – көп қабатты үйлер.

ә) «Жылдам хабар алғызу» – телефон, ұялы телефон.

б) «Аты жоқ құр арба» – поезд.

в) «Адамды құстай ұшырды» – ...

г) «Отынсыз тамақ пісірді» – ...

ғ) «Теңізде жүзді балықтай» – ...

5. Ақын өлеңінде айтылған білім мен өнердің жетістігі бүгінгі күнгі техника мен ғылымда шындыққа айналды. Болашақтағы білім мен өнер қандай жетістік әкеледі деп ойлайсыңдар? «Болашақтың өнер-білімі» тақырыбында өз ойларыңды шағын әңгіме етіп жазыңдар.

6. Өлеңді жаттап алыңдар.

Әңгімелері. Ы. Алтынсариннің әңгімелері дегенде төмендегі ерекшеліктерді көрсетуіміз қажет:

1. Ыбырай қазақ әдебиетінде алғаш шағын әңгімелер жазды.

2. Жазушы шағын әңгіме арқылы тағлымды ойды, ғибратты түйінді беруге болатындығын көрсетті.

3. Жазушы қазақ әдебиетінде қысқа әңгімелер арқылы бұған дейін жақсы, жаман деп бөлініп келген адам мінезіндегі қасиеттерді атын атап, балаларға алғаш көркем мәнде түсіндірді.

4. Батыс, Шығыс халықтарындағы жақсылықты білдіретін таным, түсініктерді қазақ халқының түсінік ыңғайына салып баяндады.

5. Алтынсарин әңгімелерінің мазмұны әділдікке, адамгершілікке, талаптылыққа, өнерге, еңбекке, оқу-білімге, достыққа т. б. жақсы қасиеттерге шақырады. Жақсылыққа жақын болып, жамандықтан жоламауға үйретеді.

6. «Қазақ хрестоматиясына» кірген шағын әңгімелердің тақырыбын еңбек, тәрбие, өнер деп шартты түрде бөлуге болады.

7. Бұған дейін көп көтеріле бермеген сабыр, шыдам, мейірім, қайырым, тазалық, кішіпейілдік сияқты тақырыптарға әңгімелер жазды.

Әке мен бала. Бір адам он жасар баласын ертіп, егіннен жаяу келе жатса, жолда қалған аттың бір ескі тағасын көріп, баласына айтты:

– Анау тағаны, балам, ала жүр, – деп.

Бала әкесіне:

– Сынып қалған ескі тағаны алып неғылайын, – деді.

Әкесі үндемеді, тағаны өзі иіліп алды да, жүре берді. Қаланың шетінде темірші ұсталар бар екен, соған жеткен соң, әкесі қайырылып, манағы тағаны соларға үш тиынға сатты. Одан біраз жер өткен соң, шие сатып отырғандардан ол үш тиынға бірталай шие сатып алды. Сонымен шиені орамалына түйіп, шетінен өзі бірем-бірем алып жеп, баласына қарамай, аяңдап жүре берді. Біраз жер өткен соң, әкесінің қолынан бір шие жерге түседі. Артында келе жатқан бала да тым-ақ қызығып келеді екен, жерге түскен шиені жалма-жан жерден алып, аузына салды. Бітегенеден соң және бір шие, онан біраз өткен соң және бір шие, сонымен әр жерде бір әкесінің қолынан түскен шиені он шақты рет иіліп, жерден алып жеді.

Ең соңында әкесі тоқтап тұрып, баласына шиені орамалымен беріп тұрып айтты:

– Көрдің бе, мана тағаны жамансынып жерден бір ғана иіліп көтеріп алуға еріндің, енді сол тағаға алған шиенің жерге түскенін аламын деп бір еңкеюдің орнына он еңкейдің. Мұнан былай есіңде болсын: аз жұмысты қиынсынсаң, – көп жұмысқа тап боласың; азға қанағат ете білмесең, – көптен де құры боласың, – деді.

Бақылау сұрақтары

1. Қарапайым деңгей талдауы.

1.1. Әңгіме не туралы?

1.2. Әңгіменің кейіпкерлерін атаңдар. Олар кімдер?

1.3. Әкесі мен баласы қайдан келе жатты?

1.4. Олар не тауып алды?

1.5. Әкесі мен баласы тағаны не істеді?

1.6. Кімдікі дұрыс болды?

2. Орта деңгей талдауы.

2.1. Әңгіме тақырыбы не?

2.2. Әңгіменің идеясы қандай?

2.3. Әкесінің бейнесін ашып көрсетіңдер.

2.4. Баланың бейнесіне талдау жасаңдар.

2.5. Әңгімедегі оқиғаларды жинақтап тұрған тірек сөзді көрсетіңдер?

2.6. Әңгімедегі негізгі ойды ашатын сөйлемді табыңдар.

3. Күрделі деңгей талдауы.

3.1. Әңгімедегі жерде жатқан заттың қаржыға (шиеге) айналуына басты себепші кім?

3.2. Әңгіме ішіндегі кейіпкерлерді негізгі әрекет етуші, қосымша әрекет етуші, ақыл алушы деп бөліп, аттарын атаңдар. Өз ойларыңды дәлелдеңдер.

3.3. Әңгіме ішіндегі оқиғаны неше шағын сюжеттерге бөлуге болады?

3.4. Әке бейнесі баладан несімен басым:

А) жасы үлкен.

В) күші көп.

С) ақылы мол.

D) көпті көрген.

3.5. Көп ақылмен мол байлық табуға болады деген ойға әңгімедегі қай кейіпкер лайық?

3.6. «...аз жұмысты қиынсынсаң, – көп жұмысқа тап боласың; азға қанағат ете білмесең, – көптен де құры боласың» деген әкесінің ақылын тыңдаған баланың болашағы қандай болады деп ойлайсың?

4. Әңгіме басындағы баламен әңгіме соңындағы бала бейнесінде өзгеріс болады деп ойлайсың ба? Өздеріңді кейіпкер бала орнына қойып көріңдер.

5. «Мол байлық басы әке ақылын тыңдаудан басталады», «Әке ақылын алған бала алысқа барады» деген тақырыптардың біріне шағын әңгіме жазыңдар.

Талаптың пайдасы. Петр Великий деген осы күнгі ақ патшамыздың бабасы бір күн шіркеуде тұрғанда көп адамның артқы жағында үңіліп патшаға қарап, бөркімен қалқалап қана бір нәрсені сызып тұрған балаға көзі түседі. Мұнымен бөтен кісінің ісі жоқ, жалғыз-ақ ақылы кемел патша сол бала-екеш балаға да көзін салып тұрған екен. Тілек тілеп болған соң, жұрт екі жарылып, патшаға жол беріпті. Сонда патша тұп-тура манағы балаға барды. Бала қолындағы сызумен болып тұрып, тіпті патшаның қасына келгенін де байқамай қалыпты. Сонда жұмсақ шыраймен патша сұрады:

- Неғылып тұрсың?

- Сенің жүзіңді жазып алайын деп едім.

- Оны не қылмақсың?

- Даңқың, дабылың жер жүзіне жайылған патшам, сенің суретіңді сызып алып, өміріме шейін бойымда сақтайын деп едім.

- Қане, көрсетші сызғаныңды?

Сол уақытқа шейін қорықпай жауап беріп тұрған бала, сызғаныңды көрсет дегенде, қысылайын депті, сөйтсе де, сызған қағазын әдеппен патшаның қолына берді. Қараса, сурет реуішті де емес, әйтеуір өз білімінше сызған сызық, бала ол күнде сурет салуды қайдан білсін. Солай да болса, әлемге ақылы жеткен патша баланың талапты, зирек екенін аңғарып, оқуға бергізіп, ақырында сол бала, бүкіл орыс жұртына даңқы шыққан Матвеев деген суретші болған.

Бақылау сұрақтары

1. Әңгімедегі басты кейіпкер кім?

2. Әңгіме кейіпкерінің басқалардан өзгешелігі неде?

3. Бала бойынан қандай қасиеттерді (мінездерді ) байқадыңдар?

4. Талап, еңбек, талант әрқайсысына түсінік беріңдер.

5. Балаға ең басты керегі қайсысы деп ойлайсыңдар? Талант па, жоқ, әлде талап көбірек қажет пе?

6. Өз бойларыңда қайсысы көбірек бар деп ойлайсыңдар?

7. Патшаға баланың қай мінезі ерекше ұнады деп ойлайсыңдар:

А) өзінің суретін салғаны;

В) баланың талабы;

С) ел алдында: «Даңқың, дабылың жер жүзіне жайылған патшам, сенің суретіңді сызып алып, өміріме шейін бойымда сақтайын деп едім», – деген сөздері ме?

8. Патша қандай адам?

9. Мәтіннен патшаның мінезін ашатын сөйлемдерді тауып, оны мінезімен сабақтастыра ашыңдар.

10. Баланың өскен соң белгілі суретші болуының басты себебі неде деп ойлайсыңдар?

А) талабы;

В) патшаның суретін салуы;

С) патшаға ұнауы;

D) ел алдында қорықпай патшамен сөйлесуі.

11. Әңгімені оқып, мазмұнын айтыңдар.

12. «Талапты адам – жарты бақытқа ие адам» деген тақырыпта шағын әңгіме жазыңдар.