2.4 Абай Құнанбаев (1845–1904)


Абай – қазақтың бас ақыны

(А. Байтұрсынов)

Өмірбаяны мен шығармашылығы. Қазақтың ұлы ақыны, Абай Құнанбаев 1845 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Шыңғыстау бөктерінде дүниеге келген. Ауыл молдасынан сауат ашады. Абай он жасында Семейге оқуға келеді. Ахмет-Риза медресесінде оқиды. Ол осында дін сабағын, араб, парсы тілдерін үйренеді. Медресе Абай үшін дін оқуы ғана болмайды. Шығыс әдебиетін, мәдениетін меңгереді. Абай Семейдегі «Приходская школадан» үш ай орысша білім алады. Өзі ізденіп орыс, батыс тілімен, әдебиетімен танысады.

Он үш жастан бастап Абай ел ісіне араласады. Бұл Абайдың толысуына, ел азаматы болып өсуіне мүмкіндік береді. Абай би-шешендердің арасында жүріп, қазақтың шешендік тілін үйренеді.

Орыстың ақын-жазушылары ішінен Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков-Щедрин, Некрасов, ойшылдардан Белинский, Герцен, Чернышевский, Добролюбов, Еуропа ақындарынан Гете, Байрон, философтардан Спенсер, Спиноза, Льюис, Дарвин, Дрепелерді Шығыстан Шәмси, Сәйхали, Сағди секілді ұлылардың еңбектерін оқиды. Абай шығармаларын М. Әуезов төмендегідей бөледі:

1) Абайдың жас шағындағы өлеңдері;

2) Абайдың лирикасы;

3) Абайдың поэмалары;

4) Абайдың аудармалары;

5) Абайдың қара сөздері.

Абай – қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, классик ақыны. Ақынның қазақ әдебиеті мен өнеріндегі үлкен орны өз кезінде қазақ даласында, әдебиет мектебін құруымен де бағаланады. Ақөынның Шәкәрім, Мағауия, Ақылбай, Көкбай сияқты шәкірттері мол рухани байлықтар қалдырды.

Абай шығармаларын көптеген ғалымдар зерттеген. Абай шығармаларының негізгі ойы – қазақ халқын алдыңғы қатарлы ел дәрежесіне шығару. Бұл жолды Абай білім мен адамшылықтан іздеу керек дейді

Бақылау сұрақтары

1. Абайда қашан, қай жерде дүниеге келді?

2. Ақын қайда білім алды?

3. Медреседе қандай білім негіздерін оқып үйренеді?

4. Абай Семейдегі «Приходская школада» ғылымның қандай салаларынан білім алады?

5. Абай шығармаларын М. Әуезов нешеге бөледі ?

6. Ақынның әдеби мектебінен кімдер тәлім алады?

7. Абай шығармаларының негізгі бағыты қандай болды?

8. Абайды неге ұлы ақын дейміз? Неге «бас ақын» саналады? Осыны түсіндіріп көріңдер.

9. Қазақ тарихындағы, қоғамындағы өткені мен бүгіні үшін Абайдың алар орны туралы айтыңдар

Өлеңдері. Ақын өлеңдерінің тақырыбы да сан алуан: өнер-білім, ғылым, еңбек, махаббат, табиғат, адамгершілік, қасиеттермен бірге қоғамдық-саяси өмірдің сан алуан қырларын қамтиды. Абайдың өлеңдеріндегі қай тақырыпты алсақ та, ақынның өзгеге ұқсамайтын идеялық даралық сипатымен танылады.

Абай шығармашылығының басты тақырыптарының бірі – оқу-білім туралы. Ақын өмір сүрудің мәні – оқу мен білімде дейді. Оқу мен білім алу арқылы адамның жан дүниесі байып, бағасы артады. Оқу-білім адамға адамгершілік қасиеттерін сақтау үшін, жамандықтан жирену үшін керек деген ойды түйеді. Оқу-білімге арналған Абайдың «Ғылым таппай мақтанба», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Интернатта оқып жүр» сияқты өлеңдері бар

«Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде ғылым негізі талаптанудан, ерінбей еңбек етуден, оны ойға салып терең талдаудан, барды қанағат етуден, мейірімділік, қайырымдылық жасауға үйретуден 5 асылдан тұратын, ғылым өсек, өтірікті мақтаншақтық пен жалқаулықты, ысырапшылықты көтермейтінін түсіндіреді. Ақын үшін ғылым мен білім алудағы басты мақсат – жақсылық пен жамандықты айыра білуді үйрену. Бұл істе жол сілтер, шырақ болар ғалымға еліктеу дегенді айтады. Абай үшін ғалым 5 асылды бойына жинаған тұлға. Ғылым байлық пен мансап жолы емес, ол –жан қалаған іс. Жан қалаған істің жолында жамандық та болмауы қажет.

«Әсемпаз болма әрнеге» өлеңінде ақын адам табиғаты туралы айтады. Бұнда адамның қандай қасиетттен безу керек екені, қандай жақсылыққа ұмтылуы қажеттігі беліленеді. Дүниенің қажетін (кетігін) тауып, әр жанның қоғам қабырғасының кірпіші боларына назар аудартады. Демек, адам саналы тіршіліктің орнын тапқан мүшесі болғанда ел бекемдігі берік болары ескертіледі.

«Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» өлеңі терең ойға құрылған. Лирикалық кейіпкердің көңіл сыры ашылады. Өзгеше бір ойлы мұңға батады. Заманына бағасыз болғандығын айтады. Кейінгі жастың өзі жетпегенге жетеріне сенім бар. Іштегі жанын қинаған дерттің емін таба алмайды. Сол іштегі сыр назбен аяқталады. Бірақ өлеңнің «өсекшілігінен» барлық сырын ашуды мақсат етпейді. Өлең – тірліктің бар сырына бойлаған, өз ортасынан танымы биік, сонысымен түсінісе алмаған кейіпкер жайы.

Ғылым таппай мақтанба

(үзінді)

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге.

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз.

Тілеуің, өмірің алдыңда,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ -

- Бес дұшпаның, білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой -

- Бес асыл іс, көнсеңіз.

Жамандық көрсең нәфрәтлі,

Суытып көңіл тыйсаңыз.

Жақсылық көрсең ғибрәтлі,

Оны ойға жисаңыз.

Ғалым болмай немене,

Балалықты қисаңыз?

Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз,

«Ондай болмақ қайда» деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз,

Сізге ғылым кім берер,

Жанбай жатып сөнсеңіз?

Дүние де өзі, мал да өзі,

Бақылау сұрақтары

1. Ақын адам қандай қасиетімен мақтанса жарасады дегенді айтады?

А) алтын табу;

В) ұзақ өмір сүру;

С) ғылым табу;

D) алаңсыз көңіл.

2. Өлеңдегі «Орын табу» тіркесінің мағынасын ашыңдар:

А) биіктен орын алу;

В) елмен бірге жүру;

С) адасып кетпеу;

D) өмірдегі өз бейнеңді табу.

3. Қашық болар бес нәрсені, асық болар бес нәрсені атаңдар?

4. Абай адам бойындағы осы он қасиетті (қашық болар бес, асық болар бес қасиетті) бөліп алды деп ойлайсыңдар?

5. «Ондай болмақ қайда», деп» Абай айтқандай өздерің қызығатын, үлгі етер тұлғалар бар ма? Болса, атаңдар.

6. Өздерің қалайтын мамандықтарыңның ғылымы туралы, ерекшелігі жөнінде «Мен сондай боламын» деген тақырыпта эссе жазыңдар

Әсемпаз болма әрнеге

(үзінді)

Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң, арқалан.

Сен де - бір кірпіш, дүниеге

Кетігін тап та, бар қалан!

Қайрат пен ақыл жол табар

Қашқанға да, қуғанға.

Әділет, шапқат кімде бар,

Сол жарасар туғанға.

Бастапқы екеу соңғысыз

Біте қалса қазаққа,

Алдың - жалын, артың - мұз,

Барар едің қай жаққа?

Пайданы көрсең бас ұрып,

Мақтанды іздеп, қайғы алма.

Мініңді ұрлап жасырып,

Майданға түспей, бәйгі алма

Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық қылған жалықпас

Үйретуден балаға.

Бақылау сұрақтары

1. Өлеңнің тақырыбы мен идеясы не?

2. Әсемпаз бен өнерпаз сөздерін салыстырыңдар.

3. «Майданға түспей, бәйге алма» жолдарын қалай түсінесіңдер?

4. Өздеріңнің әр істерің «Еңбегің кетпес далаға» жолымен қаншалықты үйлеседі?

5. Өлеңді жаттап алыңдар.

Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?

(үзінді)

Өлсем,орным қара жер сыз болмай ма?

Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?

Махаббат ғадауатпен майдандасқан

Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?

Амалсыз тағдыр бір күн кез болмай ма ?

Біреуге жай, біреуге тез болмай ма?

Асау жүрек аяғын шалыс басқан.

Жерін тауып артқыға сөз болмай ма?

Сонда жауап бере алман мен бишара,

Сіздерге еркін тиер, байқап қара.

Екі күймек бір жанға әділет пе?

Қаны қара бір жанмын, жаны жара.

Жүрегіңнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма!

...Ішім - толған у мен өрт, сыртым дүрдей,

Мен келмеске кетермін түк өндірмей.

Өлең шіркін - өсекші, жұртқа жаяр,

Сырымды тоқтатайын айта бермей.

Бақылау сұрақтары

1. Өлеңнің алғашқы шумағында не туралы айтылады?

А) қуаныш;

В) бақыт;

С) табиғат суреті;

D) тіршілік мәні.

2. Өмірдің қысқалығы немесе ұзақ тіршілік туралы екінші шумақтың қай тармағында айтылады?

3. «Екі күймек бір жанға әділет пе?» тармағын қалай түсінесің? Бұл дүние мен о дүние туралы қандай діни кітаптарды білесіңдер. Оларда екі дүние туралы не айтылады? Абай жан қиналысы қандай ойларға жетелейді?

4. «Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен» , «мыңмен жалғыз алысқан» шарасыз ақын бейнесі естеріңе кімдерді түсіреді? Талант пен қоғам туралы ойларыңды ортаға салыңдар

5. «Өлең шіркін - өсекші жұртқа жаяр» тармағы жөнінде не айтуға болады?

а) Өлең – ақыннның жан сыры ма?

ә) Ақынның өнерден, поэзиядан көңілі қалған ба?

6. «Сырымды тоқтатайын айта бермей». Өлең тоқтады. Ақын жоқ. Оқырман сендер не дейсіңдер? Абайдың осы жолын Ю. М. Лермонтовтың «Погиб поэт» өлеңімен салыстырыңдар. Ұқсастықтары мен айырмашылықтарын айтыңдар.

7. Абайдың табиғат лирикасына жазылған өлеңдерін төмендегі кестемен талда

Тақырыптары

Қыс

Жазғытұрым

Жаз

Күз

Кімге ұқсатады

Кімдерді бейнелейді

Табиғат суреттерін көрсететін сөздер

Аудармалары. 1886 –1889 жылдары Пушкиннің «Евгений Онегинін» аудара бастайды. Ақын ел ішінде ұстаздық етеді. Мәжіліс құрып, шәкірттеріне бар білерін үйрете бастайды. Әлем әдебиетін әңгімелеп айтып, жаңа тәсілмен ел құлағына құя береді. «Мың бір түн», «Шахнама», «Бақтажар», «Ләйлі-Мәжнүн» секілді шығыс дастандарын өңдеп айтып, мүлдем тың А. Дюманың «Үш нояны», «Он жылдан кейіні», «Король қатын Марго», «Лесаждық», «Ақсақ француз», Еуропаның жайын айтар «Қызыл сақал», «Сүлеймен патша кеніші» романдары қазақ даласына тарайды. Алғаш Абай Пушкиннің «Евгений Онегинін» аударуымен көрінеді.

1-кесте –Абайдың аудармалары

Шығарманың аты

Кімнен аударылғаны

Абай аудармасының ерекшелігі

Евгений Онегин

Пушкин А. С.

1. Бөлек үзінділер түрінде аударды.

2.Шығарма тұтастай аударылмайды.

3.Көбіне хаттарына мән береді.

4.Пушкинде жоқ Абай аудармасындағы Онегиннің ақырғы сөзі беріледі.

5.Романдағы ой, сезім көркем бейнелейді.

Демон

Лермонтов Ю. М.

1.Демонның мұсылманша ұғымы «әзәзіл», Абай шайтан деп аталады.

2.Діни аңызды қазақы түсінікке жақындатады.

Есек пен бұлбұл

Крылов И. К.

1.Крыловтың бір жолын Абай 4 жолмен береді.

2.Ой түйіні басқа беріледі.

Бақылау сұрақтары

1. 1887 жылдан бастап аудара бастайды.

2. Абай орыс ақындарының шығармаларын таңдаған.

3. Байрон, Гете шығармаларын Лермонтовтан алып қазақшалайды.

4. Ақын түпнұсқадағы ойды қазақ қоғамына бейімдейді. Патшаның отаршылдық езгісін көріп отырған халыққа, орыс халқының екінші жағын –сезім, ойларын көрсетті.

5. Қазақ әдебиеті мен орыс әдебиетінің өзара байланысына кең жол ашты.

«Теректің сыйы» өлеңі Ю. М. Лермонтовтан аударылған. Абай Лермонтовтан жиырма жеті өлең (үзінділер) аударған. Поэмаларынан да үзінділер аударады. Лермонтовтың бірнеше өлеңдерін сол қалпында алмаған. Кейбір шумақтарын қалдырып, өзгертіп аударғандары да бар. Солардың бірі–«Теректің сыйы». Лермонтовта жетпіс жеті жол, Абайда отыз сегіз жолмен берілген. Каспийге Теректің кабардин жігітін әкеле жатырмын, сауытында Құранның аят бар дейтін жерді алып тастаған. Кей шумақтар түпнұсқадағы мазмұннан едәуір өзгешеленеді. Бұнда Абайдың өзі жасаған көркем бейне суреттер де мол. Сондықтан да ақынның суреткерлік талантын танытқан туындылардың бірі ретінде де өзгеше.

Теректің сыйы

Асау Терек долданып, буырқанып,

Тауды бұзып жол салған, тасты жарып.

Арыстанның жалындай бұйра толқын

Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып.

Кавказдан шықты жайнап, қылып у-шу,

Түзу жерден жол кернеп ұлғайды су.

Қалың қайрат бойында, беті күліп,

Момынсынған пішінмен ағады қу.

-Кавказдай құзда туған перзенттенмін,

Бұлттың сүтін еміп ержеткенмін.

Казбектен, ағам, сені көксеп шығып,

Кім қақтықса, жолымда күйреткенмін.

Зор кеуде адамзаттың айласына

Көнбей, бүгін күшімді көрсеткенмін.

Екі езуім көпіріп, айғайласам,

Шын құтырсам шың тасты тербеткенмін.

Аптығып асау інің келді, ақсақал!

Тау, тасқа, адамзатқа салып жанжал.

Дем алайын деп келдім, аш қойныңды,

Сәлем- сауқат әкелдім, қош көріп ал.

Әкелген бұғы менен маралым бар,

Адамнан тартып алған көп малым бар.

Ер - тоқымы, атымен, қаруымен

Ер шеркесті әкелген амалым бар.

Мұның бәрі - тартуым сізге, -дейді,

Ақылыңды айт , ақсақал, бізге, - дейді.

Бақша, зауат, жайларды қылдым талқан,

Әрбір бай жалдап жатыр жүз кедейді.

Қартаң Каспий қалғыған бойыменен

Терекке көзін ашып үндемейді.

- Азырқандың, білемін, ақсақал шал,

Тентегіңнің сөзіне құлағың сал.

Казак - орыс қатыны бір сұлуды

Әкеліп ем, қайтейін, оны -дағы ал!

Кәрі Каспий қара көк көзін ашты,

Жылы жүзбен Терекке амандасты.

Жыбыр қағып, қозғалып, сылқ-сылқ күліп,

Қатынды алды, қитықсыз араласты.

Бақылау сұрақтары

1. Өлең не жайында?

2. Терек қандай өзен екен?

3. Төмендегі кестені толтырыңдар.

Өзен қимылын білдіретін сөздер

Ағасының күштілігін білдіретін сөздер

Өзендегі адам мінезінің суреттері

4. Ақын Теректі қандай жастағы адамға, Каспийді қандай жастағы адамға ұқсатады? Оның себебі неде деп ойлайсыңдар ?

5. Терек Каспийге неге сый жасағысы келді?

А) өз батылдығын көрсеткісі келді.

В) дем алып, сабыр қылғысы келді.

С) адамзаттың айласына қарсы күш көрсетуді ойлап, көмек, ақыл сұрайды.

D) сыйлықтарын әйтеуір біреуге беру керек. Сосын Каспийге әкелді.

6. Теректің қай сыйын Каспий қабыл алмады? Қандай сыйын алды? Неге?

7. Өлеңді мәнерлеп оқыңдар. М. Ю. Лермонтовтың «Дары Терека» өлеңімен салыстырыңдар.

Татьяна сөзі

(үзінді)

Тәңірі қосқан жар едің сен,

Жар ете алмай кетіп ең.

Ол кезімде бала едім мен,

Аямасқа бекіп ең.

Талақ етіп бұл ғаламды,

Болды мәлім кеткенің.

Кінәсі жоқ жас адамды

Қатты соққан не еткенің?

Сен жаралы жолбарыс ең,

Мен киіктің лағы ем.

Тірі қалдым, өлмей әрең,

Қатты батты тырнағың.

Үшбу қиял келсе басқа,

Сен жүдер деп мен үшін,

Болар еді қайнамасқа,

Мыс қазандай сорлы ішім.

Қараңғы түнде тау қалғып

Қараңғы түнде тау қалғып,

Ұйқыға кетер балбырап.

Даланы жым - жырт дел-сал ғып,

Түн басады салбырап.

Шаң шығармас жол дағы,

Сыбдырламас жапырақ.

Тыншығарсың сен - дағы,

Сабыр етсең азырақ.

Горные вершины

Спят во тьме ночной,

Тихие долины

Полны свежей мглой.

Не пылит дорога,

Не дрожат листы.

Подожди немного,

Отдохнешь и ты.

Бақылау сұрақтары

1. А. С. Пушкиннің Абай аударған «Евгений Онегиннен» үзінді жерлерді орыс тіліндегі нұсқамен салыстырыңдар.

2. «Қараңғы түнде тау қалғып...» өлеңін екі тілде жаттап алыңдар. Салыстырыңдар. Қандай өзгешелік байқадыңдар?

3. Абайдың И. А. Крыловтан аударған «Шегіртке мен құмырсқа», Ю. М. Лермонтовтың «Теректің сыйы» өлеңдерін кестеге салыңдар.

2-кесте –Абайдың қарасөздері

Барлық саны

Қарасөздердің жазылу мақсаты

Жазылған кезеңдері

Көлемі шығындары

46

1-қарасөзде өз ойын қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа жақсы тағылымды ой қалдыруды мақсат етеді. Өлеңдерінде айтқаның тыңдаушыларға түсініксіз болуы керек деген

1890-1898

16, 18, 19, 20, 24, 31, 45

2-кестенің жалғасы

Мазмұндары басқалардан бөлек

Мысал, өсиет үлгісінде

Афоризмдер

Сократтан аударма

Ең ұзағы

46

25

37

27

38

Қарасөздердің жанрлық, стилдік ерекшеліктері:

1. Сюжетті шығармалар емес.

2. Естелік, мемуардан бөлек.

3. Сыншылдық, ойшылдық, адамгершілік, мораль мәселелеріне арналған өсиет толғауға ұқсайды

4. Кеңес, мәслихат тілінің стиліне жақын.

5. Өлеңде айтылған ойларын қарасөзде таратады. Өлеңде айтылған ойларын қара сөздерде қарапайым, жеңіл ұғымдармен түсіндіріледі.

6. Жалпы халыққа кең танылмаған әділет, тазалық, ғылымға ұмтылу (құмарлық), еңбекті бағалауды насихаттайды. Оған қарсы жаман әдеттерді сынайды.

7. Әңгімелеу, мысал келтіру, әжуа, үлгі сөздермен баяндайды.

8. Мысал, әжуа, үлгі сөздерді Абай өз қоғамынан алады.

9. Адамгершілік, ағартушылық ойларын айтқанда сатылап түсіндіреді.

10. Дін басыларын, билеушілерді өлеңдеріндегідей аяусыз сынамайды.

3-кесте – Абайдың 1, 2, 3 қарасөздері

Қарасөз

Тақырыбы

Стилі

Абайдың түйген ойы

1

Қарасөздері жазудағы мақсаты

Әнгімелесу

Бар ойын қағазға түсіру, кім керек етсе, қажетін алады

7

Жас баланың білуге ұмтылатындығы

Түсіндіру

Бала кездегі жақсы қасиетті ортаның надандығы бұзады

3, 5 - қара сөзін оқып, кестеге салыңдар

Абайдың қара сөздері – қазақ тынымының ғана емес, әлемдік ой танымының көрсеткіші. Абайдың Аристотель, Сократ, Демокрит сияқты әлемге ой - пікірлері философия негізі болған грек шешендері мен Фараби, Бируни сияқты шығыстан шықты дейтін ұлт философтарының трактаттарымен тең түседі.

М. Әуезов қарасөздер Абайда мол болғанын, тек дұрыс ұқыптылықпен жиналмағандығын айтады.

Абайдың қара сөздері – философия, теология, психологияға қүрылған, оз кезі үшін де, бүгін де бағасын жоймаған құнды еңбек.

© Әндері. Абайдың әндері – нотаға түскен, орындалып жүрген классикалық туындылар. Ақынның төл туындылары «Алыстан сермеп», «Сен мені не етесің?», «Көзімнің қарасы», «Қор болды жаным», «Ата-анаға көз қуаныш», «Бойы бұлғаң», «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Біреуден біреу артылса». Аудармаға арнап жазған әндері «Татьянаның хаты», «Онегин жауабы», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», «Сұрғылт тұман дым бүркіп» сияқты әндері бар. Абай әндері сыршыл, мұңды, баппен айтылар, тереңнен тартылады.

Бақылау сұрақтары

1. «Дүние де – өзі, мал да – өзі ...», «Абай аудармалары», «Мен жазбаймын өлеңді ерме үшін...» – деген тақырыптардың біріне шығарма жазыңдар.

Ізденіс жұмыстары

1 Әуезов М. Абай Құнанбаев. Санат, 1995.

2 Қазақ энциклопедиясы. Абай. Энциклопедия. – Алматы : Атамұра, 1994.