2.5 Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858–1931)


...Шәкәрім қашанда Абай жорасымен замана талабын нақты пайымдауға ұмтылады

(М. Мағауин)

Өмірбаяны мен шығармашылығы. Ұлы Абай дәстүрін жалғастырушы жаңа толқын әдебиетке өз ерекшеліктерімен келді. Солардың алдыңғы қатарындағы Шәкәрім Құдайбердіұлы – қазақтың әдеби, мәдени өміріне мол мұра қалдырған ақын. Шәкәрім шығармалары өлең, поэма, ән, аударма, әңгімелерден, сондай-ақ философиялық туындылардан тұрады. Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында дүниеге келген. Абайдың немере інісі. Абай мектебі Шәкәрімге де көп ықпал етеді. Абай жанында жүріп, ел тарихынан «Еңлік Кебек», «Қалқаман – Мамыр» дастандарын жазады. Алғашқы өлеңдерінен Абайдың тіл мәдениеті, сөз үлгісі Шәкәрім өлеңдерінде де анық байқалады. Ұлы ақыннан Шәкәрім ғылым-білім алудың жолын ұғып, адамшылық, азаматтық мінезді де көңіліне тоқып өседі. Дүниеге көзқарасының қалыптасуына да Абай әсері болады.

1905–1906 жылдары Шәкәрім ел, жер көру, басқа халықтардың тұрмыс, мәдениетімен танысу үшін Араб, Түрік, Еуропа елдерін аралайды. Меккеге қажылыққа барып, Стамбұл кітапханасында болады. Шәкәрімнің шығыс аңызы желісімен жазған «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасы 1922 жылы «Шолпан» журналында жарияланған.

«Түрік, қазақ һәм хандар шежіресінен» Ш. Құдайбердіұлы ел аузынан естігенін жазып қана қоймайды. Халық тарихына нақты дәлел келтіріп, түрлі мәліметтерді қолданып, терең ізденгені байқалады. 1918 жылдан бастап Шәкәрім елден жырақ тау арасына саятшылық үшін салынған Саятқора аталатын қонысында өмір сүреді. Шығармашылық жұмыспен шұғылданады. Осы кезеңдері ақынның көптеген туындылары дүниеге келеді. Патша үкіметі құлағанда Шәкәрім қазаққа жақсылық келді, «бостандық келді» деп түсінді. «Бостандық туы жарқырап», «Бостандық таңы атты» деген өлеңдер жазды. Бірақ ақын өкімет тарапынан тек қуғын ғана көреді.

1931 жылы Мемлекеттік саяси басқарма өкілдері ақынды атып өлтіреді. 1988 жылы ғана ақталады.

Бақылау сұрақтары

1. Ш. Құдайбердіұлы қашан, қайда туды?

2. Ш. Құдайбердіұлының өскен, тәрбие алған ортасының өзгелерден ерекшелігі неде?

3. Ақын дастандарын атаңдар.

4. «Түрік, қазақ һәм хандар шежіресі» туралы айтыңдар.

5. Ақын өміріндегі Абай тәрбиесінің, үлгісінің маңызын ашыңдар.

6. Жаңа қоғамды Шәкәрім қалай қабылдады?

7. Еуропа елдеріне қандай себеппен барады?

Өлеңдері. Шәкәрім өлеңдерінің тақырыбы, көркемдік мазмұны сантүрлі. Абай өнерінен үлгі алған ақын өлеңдерінен шығыс, батыс әдебиетінің өрнектері байқалады. Шығыстың бай дәстүрлі әдебиетін қазақша сөйлету арқылы ақын тың тұрпатты үлгі, жаңа ойлы өлеңдер әкелді. Ақын шығармаларында Қорқыт есімі жиі кездеседі.

Шәкәрім Құдайбердіұлы шығыста Қожа Хафиз жырларын ұнатады. Сол үлгіде өлеңдер жазады.

Толстойдың «шәкіртімін» – деп, Толстоймен рухани жақындығын ашады. 1897 жылы жазылған «Жастарға» деген өлеңінде ол ұстазы, ақылшысы Абай дәстүрін жалғастырушы екенін көрсетті. Абай жиренген қулық, арамдық, өтірік, жалқаулың кесіріне тосқауыл білім деп білді. Жалпы, қазақ әдебиетінде іздегенді Абайдан табу, ақыл таразысын бағамдауда Абайға жүгіну А. Байтұрсынов, С. Торайғыров, М. Дулатов, М. Жұмабаев шығармашылығында да кездеседі. Шәкәрімнің Абайдан ақыл сұрап, жоғын Абайдан іздеуі бұлардан өзгеше. Шәкәрім де Абай қазақ әдебиетінің алып бәйтерегі ғана емес, ақылдың, жақсылықтың кені, әрі романтикалық бейне түрінде алынады.

«Жастарға» деп аталатын өлеңінде жастарға Абайдан үйренуге шақырады. Абай үлгісін үйренуді, бар ақылын, тәрбиесін алып қалуды айтады. Абайдан үйренер ғылымның елді алға бастайтын, халықты алға шығарар үлгі екендігін бейнелейді.

Бақылау сұрақтары

1. Шәкәрім шығармашылығына шығыс пен батыс әдебиеті қалай әсер етті?

2. Абай дәстүрінің үлгісі мен Толстой өнегесінің ықпалдарын ашатын өлеңдерін табыңдар.

3. «Жастарға» өлеңін оқып, Абайдан нені үйренгісі келетіндіктерін ашыңдар.

Поэмалары. Шәкәрім шығармаларындағы «Еңлік-Кебек» (1891), «Қалқаман-Мамыр» (1888) дастандары–қазақ елінің тұрмыс, тарихынан жазылған. «Ләйлі-Мәжнүн» дастаны нәзира дәстүрімен шығысқа белгілі аңыздың желісімен шығарылған. Поэмаларына ортақтық сүйіспеншілікті, адал махаббатты, таза сезімді жыр еткен. Ел аузындағы махаббат аңыздарын ақын суреткерлік шеберлікпен жырлап, жеке бас трагедиясын халық трагедиясымен байланыстырады. «Еңлік - Кебек» поэмасының сюжеті Матай мен Тобықты арасындағы жер дауы, жесір дауынан Еңлік пен Кебек махаббатының ру намысы, мүддесінің құрбаны болғандығына құрылған. Жерге талас бірін-бірі сүйген Еңлік пен Кебектің жарастығына, махаббаттарына кедергі бола алмайды. Ру намысы жолындағы көңілдерді махаббаттың жібіте алмағандығын, қоғамдағы зорлық пен қиянаттың барлығына дайын екендігін бейнелейді. Ескі кек Еңлік пен Кебекті ұстап өлтіргенде ғана бітіммен тынады.

Поэмада ақын Еңлікті өжет те өр, Кебекті сертке берік, ер бейнесінде суреттейді. Еңлік әдеттегі жырлардай әдемі де, сұлу да көркем де емес. Қыздың суреті алғаш Нысан абыздың: «Ажалың биік қабақ, сұрлау қыздан», – деген сөзімен беріледі. Еңліктің көркем сырт бейнесінен гөрі поэмада ішкі рухы кеңірек көрсетіледі:

–Әй, батыр, бұл сен айтар сөзің емес,

Уайым қып сескенер кезің емес.

Келер істі жалғыз-ақ алла білер,

Ол сенің өлшеп сатар бөзің емес,

–деген Еңлік қыздың намысшыл әрі өз бағасын білер көкірек көзі ояу жан екенін танытса керек. Кебек бейнесі шығарманың басында:

Он бесінде Кебектің аты шықты,

Атты, жаяу бәріне бірдей мықты.

Көзі өткір, қара торы жігіт екен,

Орта бойлы, тапалдау, кең иықты,

–деп суреттеледі. Кебектің тек қалың елі үшін қарсы тұрар ержүрек қана емес, өз сезімі, Еңлік махаббаты үшін де күресе алар азамат тұлғасы да толық ашылады.

Шәкәрім Құдайбердіұлы білімді халық тарихын жетік білген, халықтың этникалық, этнографиялық ерекшеліктеріне мән бере, түпкі пайда, зиянын салмақтап, баға бере білген көзі ашық, көкірегі ояу, мұсылманша сауатты, орыс, еуропа елдерін аралап, мәдениетіне қанық болған тұлға. Бұл ақынның сан - салалы шығармаларынан, терең ой мен өрнекті сөз қолданыстарынан да көрінеді.

Бақылау сұрақтары

1. Поэманы мәнерлеп оқып шығыңдар. Не ұқтыңдар.

2. «Еңлік Кебек» поэмасының тақырыбы мен идеясы қандай?

3. Поэманың бас кейіпкерлері Еңлік пен Кебекке мінездеме беріңдер.

4. Поэманың шешімін сендер мақұлдайсыңдар ма? Болмаса, баасқа шешім шығаруға болар ма еді?

5. Поэманың басқалардан ерекшеліктерін айтыңдар.

Нәзира дәстүрі – Шығыс поэзиясында орта ғасырда қалыптасқан үрдіс. Бір тақырыпқа жазылған дастанды қайта жазу. Ақындар осы арқылы жаңаша ой тастау, ой түйіндеулерімен ерекшеленетін болған. Ш.Құдайбердіұлы Низами жазған «Ләйлі-Мәжнүнін» дастанын қазақ ортасына ыңғайлап қайта жазады.

Ш. Құдайбердіұлының шығармаларын кестеге толтырыңдар. Тақырыптық-жанрлық жіктелістен қандай ерекшелік байқадыңдар?

Тақырыптары

Өлеңдері

Поэмалары

Аудармалары

Өнер-білім

Махаббат-сүйіспеншілік

Әлеуметтік

Талаптан да, білім мен өнер үйрен,

Білімсіз,

Өнерсіз,

Болады ақыл тұл

Дерексізді деректілендіру – көркемкестенің түрі, дерексіз ұғымға жанды заттың әрекетін беру.«Адамдық борышың» өлеңінде Шәкәрім «ақ жол» тіркесін қолданады. «Ақ жол» – бұрынғы әдеби үлгілерде жиі кездесетін метафоралық тіркес немесе символдық бейне. Дерексіз ақылдың «тұл» сөзімен тіркесуі де, «ақыл» мағынасын кеңейтіп тұр. Негізгі логикалық екпінді күшейтіп, өлеңді әсерлендіріп тұрған «тұл» тура мағынада: «отасқан ері өлген не айырылысып кеткен, баласы жоқ жесір (әйел)» осы түсіндірменің өзінен - ақ, «тұл» сөзі өлең ішінде ғана емес жалпы семантикасының да сезімге әсер берерлік күші байқалады. «Тұл» сөзімен тіркескен – «тұл» әйел», «тұл дене», «тұл (дыр) жоқ», «тұл (дыр) сөз», «тұл (дыр) жетім», «тұл қалғыр» фразеологизмдерін алатын болсақ та бояулы сөздер. Ш. Құдайбердіұлының лирикалық туындыларының негізгі бір ерекшелігі ойға құрылатындығында.