Өз шығармаларын былай қойып, басы ашық ескі үлгілерді жазып алып, біздің дәуірімізге жеткізген еңбек Мәшһүрде мол екенін және де естен шығармау керек
(М. Әуезов)
Өмірбаяны мен шығармашылығы. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы 1858 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келеді. Жүсіп бес жасында оқуға барады. Ақылды, алғыр бала Бұхарадан білім алып келген Қамареттин хазіреттен сабақ алады. 1887 жылдары Бұхар, Ташкент, Түркістан қалаларына барады. Орта Азияның әлемге белгілі ғалымдарының еңбектерімен танысып, ұлы мұраны игереді. Шайық Сағдидың еңбектерімен, Әбілғазы Бахадурдің жазған шежіресінен керегін алады.
«Мың бір түн», Фирдоуси, Науаи еңбектерін оқып, қолы жеткен кітаптарды еліне алып қайтады. Ташкентте шығып тұрған газеттерде өз мақалаларын, өлеңдерін жариялап тұрған. Бұхарадан соң біраз уақыт Түркістанда тұрып, сондағы қазақ өмірін, өзгеше суреткер көзімен байқайды. Тарихы бай Сырдария өңірінің жері мен елін аралайды. Әйгілі ақын Майлықожамен жолығады. Түркістан, бүкіл Қазақстанды аралай жүрген ақын білімділермен ой жарыстырады. Ақындармен сөз бәйгесіне түседі. Өнер, өлең бәйгесінде ақындық қуатын, толассыз талантын танытады.
Қазақ әдебиетіндегі көрнекті тұлғалардың бірі – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ұрпаққа қалдырған көркем мұрасы ұшан теңіз. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өмір сүрген кезеңде жазылған шығармалары XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезі. Қазақтың ең бір шұрайлы жерлері орыс переселендерінің иелігіне көшкен шақ болатын. Сондықтан да болар, ақынның 1907 жылы жарық көрген кітабы «Сарыарқаның кімдікі екендігі» деп аталады.
Ақын шығармалары жанры жағынан да мол салалы. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармалары: ауыз әдебиеті үлгілерінен бастап, көлемді дастандарға, тіпті XX ғ. екінші жартысы, XX ғ. бас кезі үшін сирек кездесер естелік, өзі жайындағы өмірбаяндық шығармаларға дейінгі аралықты қамтиды. Бұның ортасында ақынның өлеңдерінің өзін жанрлық жағынан бірнеше топтарға бөлуге болады. Мәшһүр жастайынан сөз білер жандармен қатар жүріп, солардың мәнді сөзін жинай жүреді, баға бере жүреді.
Ақын-діни сауатты, дін тарихын, ислам заң, қағидаларын терең білген адам. Оған дәлел – діни дастандары мен басқа да шығармалары. Осы тұста Мәшһүр-Жүсіптің қазақ даласына мұсылман, адамзат, әлем мұраларын жайған тұлға болумен де орны өзгеше. Құранды қазақ ұғымына, ұлт танымына лайықтап, жұрт жайына қарай түсіндірген.
Ақын, фольклоршы Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы 1931 жылы қайтыс болған.
Бақылау сұрақтары
1. Мәшһүр –Жүсіп қашан, қай жерде туған?
2. Ақын қай жерлерде оқыған?
3. Бұхара, Түркістан өңірлерін ақын қандай себептермен аралады деп ойлайсыңдар.
4. Даладан білім іздеп өзге елдерге барған Анахарсис, Әл-Фараби, Әл-Жауһари т.б. тұлғалармен Мәшһүрдің білім алу жолындағы ізденістерін салыстырыңдар.
5. Неліктен Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлын ақын ғана емес, әулие деп санайды? Өзің тұратын өлкеде қандай ел сиынатын адамдар бар (Қорқыт, Бәйдібек ата, Домалақ ана, Райымбек батыр, Бекет ата, Ырғызбай, Қоңыр әулие т. б.)
6. Ақынның ауыз әдебиеті үлгілерін, тарихқа, этнографияға қатысты материалдар жинауы туралы айтыңдар.
Мәшһүр-Жүсіп және ауыз әдебиеті. Мәшһүр-Жүсіптің қазақ әдебиетіндегі теңдессіз еңбегі – ауыз әдебиеті үлгілерін жинап кейінге жеткізуі. Ақын, ойшыл, этнограф, ұлт тұлғасы халық әдебиетінен әлеумет мәселесіне арналған неше алуан шағын, көлемді шығармалар, ұзақ оқиғалы хикаялар, айтыстар, шежірелер, тарихи материалдар фольклор үлгілерін қалдырған. Сонымен бірге ақынның араб, парсы, шағатай тіліндегі көшірмелерін қосқанда қазақ мәдениеті, тарихы, өнері, танымы, әдет-ғұрып, салт дәстүр т. б. құндылықтарын жинаған бағалы мұра екендігі анықталады.
Қазақ ауыз әдебиетін мол жинаған Мәшһүр-Жүсіп – әдебиеттегі фольклордың негізін салушы. «Беташар» деп аталатын сөз үлгісін былай түсіндіреді. «Келін күйеудің үйіне келгенде сәлем етіп отырады, күйеудің туғандары, ағайындары — бәрі отырады. Онан соң бір кісі ағаштың басына бір асыл бұйымнан шүберек байлап алып, тығылып отырып, келіннің басындағы бүркенгенін көтеріп, бетін ашып былайша өлең айтады. Бата үлгілерінің бірнеше түрін де ұсынады. Бұған дейін айтылмаған Мөңке бидің сөзін де анық келтіреді. Ақын қазақтың тарихына терең үңіліп, үш жүз аталу себебіне де көз жүгіртеді.
Халық аузындағы Алаш, Алашадан бастап, қазақтың тайпа, руларының тарих-шежіресін айтады.
Мәшһүр – ел аузындағы сөздердің маңызына, қажетті екендігіне алғаш мән берген адам. Бұл тұста ақынның өзі талай сөздің жазылмай қалғандығын, талай тарих-шежіренің ұмытылып қалғандығын да ескертеді. Ер Тарғынды жырлаған Кіші жүзден шыққан Марабай ақын, Орта жүздегі – Нысанбай жырауды ерекше бағалайды. Шешен жыршы деп баға береді.
Мәшһүр – ел тұлғаларының өнерпаздығына, ел алдындағы істеріне баға беріп, қадірін көтеріп, насихаттап отырған кең жүректі таратушы. Мәшһүр-Жүсіп Ақан сері жайлы «Ақан сері заманның сұңқары, қызыл тілдің ділмәрі, жігіттің құлпы жібегі, сөздің ағытылған тиегі» десе, Ыбырай, Ақмолда ақындар туралы төмендегі сөздерді айтады.Қазақ әдебиетіндегі көптеген халық ақындарыныңы айтыстары Мәшһүр мұрасы арқылы жетті. Жыр-дастандар, ертегілер, аңыздар, кешегі қазақ күндерінің белгісі – Мәшһүр жинаған ел сөздері мен ақын қалдырған еңбектерде. Мәшһүр-Жүсіп айтыс үлгілерін жинап қана қоймай кей тұстарда өзі де айтысқан. «Дайыр молда мен Мәшһүр-Жүсіптің жұмбақ айтысы», «Мәшһүр-Жүсіп пен Молдағаштың айтысы» деген айтыстар ақынның ел сөздерін қадір тұтқан қалпын тағы да бір биіктете түседі.
Мәшһүр-Жүсіптің өз мұрасы да, жиғаны да көп. Бұл мұралар – қазақ әдебиетінің әлі игеріп болмаған қазынасы.
Бақылау сұрақтары
1. Мәшһүр-Жүсіптің ауыз әдебиеті үшін атқарған қызметін ашыңдар.
2. Мәшһүр-Жүсіп жинаған ауыз әдебиеті үлгілерінің ерекшеліктерін еске түсіріңдер.
3. Мәшһүр-Жүсіп еңбектерінде аты аталатын тұлғалар жайында не білесіңдер.
Мәшһүр-Жүсіптің халық ауызынан жинап алған мұрасы мол. Солардың Жиренше шешен туралы әңгімелердің өзі бірнешеу. Солардың бірі – «Жақсыдан жаман тумайтыны» деп аталады.
]Жақсыдан жаман тумайтыны.
Әз Жәнібек бір күні Жиреншеден сұрапты:
– Шешен, хас жақсыдан жаман туа ма? – депті.
Шешен :
– Тумайды! – депті.
Сонда хан ойлапты: «Өзінің баласы жаманға қосылып кетеді, – деп, – соны қорғап отыр-ау!», – деп.
Мұнан кейін біраз жылдан соң Жиренше өліпті. Мұнан кейін біраз жыл өткен соң, басқа елді шауып келуге жорыққа шығыпты. Сонда Жиреншенің баласы шешесіне келіп:
– Осы жорыққа мен де барсам, қайтеді? – деп сұрапты. Шешесі баласына:
– Әкеңнің айтып жүрген сөзінен ұққаның бар ма? – депті.
Сонда баласы айтыпты:
– «Жорыққа барсаң, аттың сырмінезін мін, сырмінезі жоқ болса, жасынан мін!» – деуші еді. – депті.
Сырмінез аттың бәрін мініп қойған. Бір жас атты ұстап мініп, бұл да барыпты. Барған ел соғысып, ханның атына оқ тиіп, қолда қамауда қалуға қарағанда, басқа батырлдардың бәрі қашып кетіп, Жиреншенің жаман баласы ханға келіп, атын беріп, өзі қолда қалыпты.
Сонан елге келгеннен соң батырларын жинап алып, Әз Жәнібек хан айтқан екен:
– Таудан аққан тас бұлақ
Құймай қоймас теңізге.
Жақсыдан жаман туғанмен,
Тартпай қоймас негізге! – депті.
Бақылау сұрақтары
1. Әңгіме кім туралы? Аты аталған адамдар туралы не білесіңдер?
2. Жәнібек хан Жиреншені қалай сынады?
3. Жиренше шешен не деп жауап берді?
4. Жиреншенің жауабының дұрыстығы қалай дәлелденді?
5. Әңгімеде өзінің басқалардан артықтығын көрсеткен кім деп ойлайсыңдар?
А) Жиреншені сынаған хан. Себебі хан сол арқылы басқаларға Жиреншенің ақылының қандай екендігін танытқысы келді;
В) Жиренше. Өзінің ақылының тереңдігін көрсетті;
С) Жиреншенің баласы. Жиреншедей елге үлгі болған адамның ұлының да ақылды, ер екендігін дәлелдеді.
6. Жақсы адам, жаман адам дегенді қалай түсінесіңдер. Әңгімеде жақсы деп кімді, жаман деп кімді айтады?
7. Әңгіме соңындағы ханның нақылын таратып айтыңдар.
8. Өздеріңді аталарың мен әкелеріңнің берген тәрбиесіне лайықпыз деп ойлайсыңдар ма?
9. «Ата-ана ақылын азамат болар жас ұғар» деген тақырыпта шағын әңгіме жазыңдар.
Өлеңдері. Ақын өлеңдерінде адамгершілікті, имандылықты айтып, адамдықты жырға қосады. Адалдықтың жеңеріне сенеді. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өлеңдерінде Құдай қалаған жол, ислам діні нұсқаған бір ғана соқпақ-имандылық, дүниенің жалғандығы, адам үшін бар байлық жан-дүниесін таза ұстау екендігін баса айтады.
«Жарты нан» өлеңінде айдаһардың қолына түскен адамды отыз күн ұстаған оразасы мен бес уақыт оқыған намазы құтқара алмайды. Қайырмен біреуге берген жарты наны құтқарады. Намазды, оразаны мал жиған молда да, қару ұстап, жазықсыз жандардың қиянат баскескер де оқиды. Олар қатыгез, имансыз, тура жолдан тайғандар. Ал, қайырымдылық, басқаны сыйлау, көмек көрсету әркімнің қолынан келе бермейді. Сол қайырымдылықты бүтін етіп жасау жөн:
Жиылса бір араға тамам түтін,
Түтіннің не болатын көрдің бетін.
Қайыр, ықсан, сауапты-жарты қылмай,
Қыла гөр күні бұрын соны бүтін.
Жомарттық, қайырымдылық, басқаға деген мейірім адамның иманын нұрлы етеді, өзгелерге сыйлы қылады. Сондықтан «қолы бүтін адам» «бүтін қайыр беруі» қажет.
Ақынның келесі бір өзгеше өлеңі- «Соқыр, саңырау, жалаңаш». Бұл өлеңді ақын шығармаларының жинағында «тұспал өлеңдер» деген жікке енгізген. Ой тұспалмен беріледі. Ақын соқыр деп алған кейіпкері жайында:
Хырыс дүние кеткен соң көзді жауып,
Оңай емес енді алу жолды тауып,
Халықтың ғайыбын көруге бек қырағы,
Бір алуға бетіңнен итше қауып.
Керек істі көрмейді өз басына,
«Соқыр», - деп салдым соны сөз басына.
Дәнемені өз көзі көрмеген соң,
Жұқтырар соқырлығын жолдасына, -
дейді. Жалаңаш пен саңырау да соқыр сияқты тұспалмен берілген. Соқыр, саңырау, жалаңаштың елсізде жоқты бар деп, тынық күнде дыбыс естиді. Етегімді кеседі деп жалаңаштың оларға қосылып, айдалаға қашады. Қарындары ашып, содан бір жемтікке кезігіп, оны жеп семіреді. Үйлеріне сыймайды. Бірақ иненің тесігіндей жерден өтіп кетеді. Барлығы тұспалмен берілген адам өмірін, жалған дүние аталатын дүниенің өтпелі, жоққа малданып, босқа қалар байлықты бейнелейді.
Ақынның кейіпкерлері де ерекше. Суреттелуі, бейнеленуі, мінез сипаттары жағынан қоғамдағы бар кейіпкерлерді метафоралық әдіспен береді.
Өлеңде түсінуге жеңіл, ұғынуға оңай болатын диалог тәсілі мол. Бұны соқыр, саңырау, жалаңаш бейнелерін ашарда қолданған. Әрі оқиғаны шымыр етер, көңілге ұялатар ойды берер тұста үшеуінің диалогі сәтті алынған. Бақылау сұрақтары
1. «Соқыр, саңырау, жалаңаш» өлеңін оқыңдар. Не ұқтыңдар? Ақын суреттеуіндегі соқыр, саңырау, жалаңашқа мінездеме беріңдер.
2. Ақын адам бойындағы қандай мінездерді шенейді?
3. Мәшһүр-Жүсіптің шығарма тақырыптары жайында не айтасыңдар?
«Сарыарқаның кімдікі екендігі» кітабынан
Қазақ жұртының осы күнгі әңгімесі
(үзінді)
Сөз шықты біздің қазақ баласына,
Петербор келіңіз деп қаласына.
Кеңшілік ойлай берсең келе жатыр,
Сахараның көшіп жүрген даласына.
Жақсылар, өнер болса, енді аянба,
Қалмаңыз басқа жұрттың табасына.
Хұзыры патша ағызам рұқсат берді,
Халқының бас қосуға данасына.
Қолың бос, өзің еркің не қылсаң да,
Қарайды әркім ойлап шамасына.
Пейілі патшамыздың кеңіп жатыр,
Алғайды бізді құдай панасына.
Құдайдың бір жарылқар уақыты келді,
Алаштың ұраны үш жүз баласына.
Адасып осы күнде қазақ қалды,
Бұрынғы ата-баба рәсімінен.
Жылқыға керек жерге егін салып,
Жер жыртып, мұжық қалмас кәсібінен.
Әр түрлі қысымшылық болып еді,
Сасқандай жұрт жаңылып тобасынан.
Халқынан мархабатты сөзін естіп,
Патшаны жұрт тастамас дұғасынан
Оянбай әлі күнге қазақ жатыр,
Арыз хат басқа жерден барған болса.
Айтушы.. «наныңыздар» деп айтады,
Бұл тілге мұсылмандар нанған болса.
Жайлауы баратұғын тарылған соң,
Айырылды мал да, жан да несібінен...
Зынданда не шаһбаздар нахақ жатыр,
Ұлықтың қылған зорлық кесімінен.
Әр түрлі қысымшылық болып еді,
Сасқандай жұрт жаңылып тобасынан.
Халқынан мархабатты сөзін естіп,
Патшаны жұрт тастамас дұғасынан
...мынау жерің керек десе
Әркім-ақ жылап көшті ұясынан.
Ұлыққа бізден барып арыз айту,
Шыңның да қиын еді-ау қиясынан.
Миллионға табылмайтын ғақыл-кеңес,
Бұлында жүз теңгелік арзан болса.
Қазақтың осы жүрген баласына ,
Жетеді көңіліне алған арман болса.
Болды деп не ғып бұлай ойламаңыз,
Шара не, бір құдайдан пәрмән болса.
Халық-жұртты билуші патша ағзам,
Халқына мархамат көз салған болса.
Жерлерде мұнан басқа толып жатыр,
Жатырмын оңайды айтып ойымдағы.
Білмесең өз пайдаңды, бауырларым,
Тұра бер, тамағыңа тойындағы.
Ерінсең Омбы, Семей баруыңа,
Сол бөксең ауыр батпан шойындағы.
Құр қалсаң қарап тұрып мархаматтан,
Азабың арылмайды бойындағы.
*сахара - дала мағынасында
хұзыр - подчинение, непосредственное ведение
пейіл - ниет: желание
мұжық - крестьянин
несіп - благо, доля
батпан - здесь: тяжелый
Бақылау сұрақтары
1. Шығарманы мәнерлеп оқыңдар. Мазмұнынан не ұқтыңдар.
2. «Сарыарқа кімдікі екендігі» қай кезеңде жазылды? Бұның жазылуына не себеп болды?
3. Кешегі Сарыарқа және бүгінгі Астана туралы айтыңдар.
4. Поэма жазылған уақыттағы Петербург қаласының біз үшін алар орнын баяндаңдар.
5. Поэма құрылымының ерекшеліктері, баяндау тәсіліне, ақын стиліне, тіліне баға беріңдер.
6. «Сарыарқа кімдікі екендігі» шығармасындағы жер аттары туралы, олардың тарихи орын туралы не білесіңдер?