2.7 Мағауия Абайұлы (1870–1904)


...Мағауияның осы поэмасының орны қазақ әдебиетінде XIX ғасырдың соңында шыққан жаңалықтардың көрнекті тұрғысының бірі деп атауға жарар еді.

М. Әуезов

Өмірбаяны мен шығармашылығы. Мағауия Абайұлы 1870 жылы туған. Абайдың Ділдәдан туған кенже баласы. Ауылда мұсылманша сауат ашады. Семейдегі Городское училище дейтін орысша мектепке түсіп, ауырған соң оқуын тоқтатып ауылға қайтады. Үлкені - Ақылбай Абайдың әкесі Құнанбайдың бауырында өседі, Әбдірахман орысша білім алып, кадет корпусын бітіріп, қызмет етіп жүргенде не бары 27 жасында қайтыс болған. Мағауия өмірінің соңына дейін әкесінің қасында болады. Мағауия өткен үлкен мектеп – Абай ортасы. Әке өнегесін жасынан үлгі етіп өскен ұлы да орыс тілінде өз бетімен көп оқиды. Ақындық өнегені де, адамгершілік өнегені де ала білген Мағауия елге сыйлы, қайырымды адам болған. Мағауияның ағасы Әбдірахман ауырғанда, дүниеден өткенінде жазған өлеңдері бар. Мағауияның шығармашылық жолына бағыт беруші – әкесі. Абайдың айтуымен «Еңлік-Кебек», «Медғат-Қасым» поэмаларын жазады. Мағауия Абайұлы әкесінен 40 күн бұрын, 1904 жылы қайтыс болған. Мағауияның махаббат, жастық тақырыбына жазған «Ай жарық, жаздың түні ат терлетіп», «Түсімде бүгін түнде көрдім дұхтар» деп аталатын өлеңдері бар. 1894 жылы ағасы Әбдірахман ауырып жатқанда Мағауия ағасын бес айдай күтіп, өз қолымен аттандырады. Осы ауыр да қаралы күндер туралы «Ыңқылдап жатыр екен жаңа барсам», «Дейтұғын сөзің қайда «Мағатайым», «Жалғыз міне отырмын, әрнәрсе ойлап», «Бірге туған бауырлас» деген өлең-жырларын жазады. Мағауия ақынның «Еңлік-Кебек» поэмасының қолжазбасы сақталмаған, тек көшірмесі ғана бар, «Абылай» поэмасының да қолжазбасы, толық нұсқасы бүгінгі күнге жетпеген.

«Медғат-Қасым» (1900) Поэманың оқиғасы Африкада Ніл өзенінің бойында өтеді. Сюжетке құл иеленушілер мен құлдар арасындағы күрес арқау болған.

Мұрат деген бай Мысыр қаласынан Ніл өзені бойына көшіп келеді. Медғат атты ұлы, Ғазиза деген туған, асырап алған Мәрия деген қыздары болады. Мұрат байдың қол астында құлдары да көп екен. Солардың ішінде Қасым атты құлы батыл, ержүрек, қайсар болып суреттеледі. Қасым Мәрияны ұнатып, өз сезімін қызға жеткізеді. Осы жерден оқиғаның бояуы қалыңдай түседі. Медғатпен көңілі жақын Мәрия Қасымды менсінбейді. Медғатқа айтады. Құлдың басынуы деп қабылдаған бай баласы Қасымды насостан атқылаған су тасқынының астына отырғызып қояды. Талып қалған Қасым есін жиған соң, Мәрияны өлтіріп, қашып кетеді. Қарақшылар тобына қосылады. Бірнеше жылдар өтіп, Мұрат бай Мысырға қайта көшеді. Жолдарын тосқан Қасым байды өлтіріп, екі баласы - Медғат пен Ғазизаны қолға түсіреді. Оқиғаға Сәлім атты Ғазизаның сүйген жігіті араласады. Ғазизаның әкесі кедейсініп, тең көрмеген Сәлім мен қыз махаббатын естіген Қасым екеуін қосады.

Поэмадағы басты қаһарман Қасым – өжет, өр, қайсар, кекшіл адам.

Дейтұғын бір құлы бар Қасым атты,

Қара сұрлау пішіні, зәңгі затты.

Отты қара көзі бар, ұзын бойлы,

Тәкаппар, тәуекелшіл, бек қайратты, –

деген суретпен Қасымның қайраты мен сырт бейнесін ақын тұтастырып суреттейді. Поэмада жеке бас намысын ту еткен тартыс кең көлемдегі әлеуметтік теңсіздікпен өлшенеді. Адамды қанау мен зорлық-зомбылықтың да шегі мен шеті болатынын көрсетеді. Ақын Ғазиза мен Сәлімнің ғашықтық сырын әсерлі етіп суреттейді. Кек алып, Мұрат байдың ұлын өлтіріп, кезінде өзіне араша етпеді деген Ғазизаны да жазалауға бұйырады. Кек қуған, алған беттен қайтпайтын Қасым жүрегіне қызды тәрбиелеп өсірген кемпірдің сөзі әсер етеді.

Адал ниет, ақ көңіл Қасымның:

Ғазиза-ау, мына кемпір бек ұялтты,

Сен де мендей емес пе ең діні қатты.

Маған Медғат қинауды қылған уақыт,

Балконда қарағаның жаман батты.

Алмағаның батпады арашалап,

Батты маған тұрғаның тамашалап.

Хайуандай маған жаның ашымастан,

Қарағым, шыдап тұрдың қайтып қарап.

Медғаттан жүрген жоқ ең сен де жарып,

Осыны кешіп тұрмын көңіліме алып.

Айтқаныңды қыламын, қауіптенбе,

Қонақ қылам, үйге жүр, ертіп барып,

Жетектеп шатырына алып кірді,

Неше түрлі тамақты әкелдірді,

Жесең тамақ, мінеки, ұйықтасаң деп,

Көрпесі мен жастығын салып берді,

– деуі де көңілге қонымды. Поэма романтизм үлгісімен жазылған. Оқиғаның өту барысы, кейіпкерлерге тән іс-қимылдар, сезім соны көрсетеді. Кейіпкерлер әдеттегіден тыс жерлерге тап болады. Олардың жүрген ортасы да ерекше. Қасым бойындағы қайсарлық пен адалдық, мейірімділік пен өжеттік, кектің біріге болуы да – романтикалық кейіпкерлерге тән. Абайтанушы ғалым Қ. Мұхамедханұлы Мағауияның «Медғат-Қасым» поэмасында «Дубровский» повесі мен «Мцыри» поэмасының үлгісі бар дейді. Батыс, орыс әдебиетінде романтикалық қайырымды қарақшы бейнесі көп жасалған. Жазықсыз жәбір көрген жандардың қолдаушылары намысын қорғаушылар бейнесі Шәкәрім, Мағауия ақындарды қызықтырғаны сөзсіз. «Медғат-Қасым» поэмасы – көлемді, көркем жазылған, Мағауия Абайұлының ақындық талантын ғана емес, білім, білігін танытатын шығарма. Қазақ әдебиетіндегі романтикалық поэманың бастаушысы ретінде де құнды.

Бақылау сұрақтары

1. Мағауия Абайұлының шыққан ортасы, өскен жері несімен ерекшеленді?

2. Мағауия Абайұлының өмірбаянын әңгімелеңдер.

3. Қасым бейнесі туралы айтыңдар.

4. Мәриям мен Ғазизаны салыстырыңдар.

5. Медғат бейнесіне сипаттама беріңдер.

6. Поэманы оқыңдар.

7. «Абай үлгісі» тақырыбында Шәкәрім мен Мағауияның Абайдан алған алған тағлымдары жайында, көркемдік әлемдері туралы шығарма жазыңдар.