Өмірбаяны мен шығармашылығы. Ақын 1846 жылы ақпан айында қазіргі Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының бөктерінде дүниеге келген. Ақын бір сөзінде : «Мен өзімнің барлық өмірімде қыр қожайындарының бетіне шындықты қорықпай айтып, шайқасумен өттім», – дейді.
Жамбыл 13 жасынан бастап ақын болуға бел байлады. Жас ақын Сүйінбаймен кездесіп батасын алады. Жамбыл жас кезінен айтысқа қатысып, өзінің бар дарынын ашып, елге таныла бастайды. Ақындық қуатын да, өнерге жақын сезімін де айтыс ашса керек. Айтыс қазақ ақындары үшін үлкен мектеп екені белгілі. Айтыс – ақындарды шыңдайтын, дайындалып, жырға түсер алдында танымы мен түсінігін кеңейтуге ықпал ететін жыр додасы. Додаға түскеннің мақсаты – бәйге алу. Бәйге алу үшін кең тыныс, мол таным керек. Ендеше осының барлығы ақынды жан-жақты шыңдайды. Жамбыл да айтысқа түсіп, бар қарым, қайрат, талантын ерте танытқан. Ақынның Айкүміспен айтысы, Қатағанмен айтысы – қазақ әдебиетіндегі айтыстың үздік үлгілері.
Ақынның бар шығармашылық стилі мен өмір жолы да – өлеңдерінде. Жамбылдың жырлары Қоқанға қараған шақтаға халық қайғысы да бола білді. Халықтың көрген қиянаты мен зорлығын, мұңы, арманын жоқтар «Өтеген», «Сұраншы батырлар» жырларын жырлайды. Ел қорғар ер керектігін айтады. Кеңес өкіметі орнаған соң, Жамбыл жырларының тақырыбы да ел мен жер тағдыры болып қала берді. Ақын жаңа орнаған өкіметті халыққа жақсылық пен бақыт әпереді деп сеніммен өтті. 1936 жылы қазақ елі Мәскеуге барып, ұлттық өнерін, өнерпаздарын танытады. Қазақтың атақты әншісі К. Байсейітова, биші Ш. Жиенқұлова сияқты таланттар Мәскеу жұртын, сол кездегі Кеңес өкіметін қазақтың ұлы өнерімен таң қалдырады. Қазақ өнерінің үздік үлгісі сурыпсалмалық, жыршылдық, ақындық үлгісін көрсеткен Жамбыл жырлары – талант пен ұлт жанын өзгеше танытады. Бар табиғатын жарқырата ашар белгісі ретінде барша халықтың есінде қалады. Жамбылдың Кеңес өкіметі орнағанға дейінгі шығармашылығы – айтыстардан, халық қамын ойлаған жырлардан тұрса, кейінгі жылдарғы өлеңдері сол өкіметпен бірге өткен ел өмірінің суреттері.
Бақылау сұрақтары
1. Жамбыл қашан, қайда туған?
2. Жамбыл қай ақыннан бата алады?
3. Жамбылды ақындыққа шыңдаған қандай өнер?
4. Ақын қандай батырларды жырға қосты? Жырлардың аттарын атаңдар.
5. 1936 жылғы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігі туралы не білесің?
6. Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігінде ерекше шеберлік көрсеткен өнерпаздар кімдер еді?
7. Жамбылдың Кеңес өкіметі кезіндегі шығармашылығы туралы не білесіңдер.
Өлеңдері. Ақын жырларының тақырыбы – өнер, адамшылық, идеясы – өнердің қалатындығы, дүние байлығының бос әурешілік екендігі. Ақын Сүйінбайдай ел алақанға салған, төре мен сұлтанды, өлеңімен түйреген ақындар жолын үлгі етеді.
«Халық туысқандығы», «Жаңа жыл», «Сыйлық» сол кездердегі халықтар достығы идеологиясының куәсі ретінде жазылған өлеңдер екені мәлім. Ақын саясаттың ішкі әлеміне бойлай қоймағанмен, елдердің туысқандығы, тату-тәті өмірін – адамшылық, елдің басты қазығы деп есептегені аңғарылады.
«Ленинградтық өрендерім» (Ленинград қазіргі Санкт-Петербург) жау қоршауында қалған қала халқына тілектес жанның сыры болып төгілді. Бұл жыр соғыс кезіндегі Ленинград қаласының тұрғындарын рух беріп, жақсылыққа сенімдерін арттырды. Жамбыл өлеңі арқылы қазақтай жанашыр, көмек қолын созар халықтың барына, сол халықтың жаудан азат боларына көмектесеріне, тілекші екендігін жеткізді.
Ақын соғыс кезінде сыршыл, жүрек қылын қозғар жырлары жазады. Солардың қатарында ұлы – Алғадайға арнаған өлеңдері бар. Алғадай хатын алғандағы қуанышы жырға қосылады. Батыр ұлының барына мақтан еткен әке қуанышы оның амандыған тілейді. Бұл көңілі – барша қазақ қарияларының өз ұлдарына деген қуанышы мен ыстық сезіміндей. Соғыста өлген Алғадайды қайғысына шығарған Жамбылдың ұлын жоқтауы ақын қайғысын анық танытады. Жамбыл жырлары– жүз жасаған еліне жақсылық тілеп, бақытын жырлаған ғасыр шежіресі.
«Шағым» өлеңі. Өлең молдадан сабақ алуға келген баланың жайын баяндайды. Білім беруді емес, ұрып-соғуды ғана білетін молдадан оқығысы келмейді. Молданың да білетіні шамалы. Бұны шәкірт бала да біледі. Ондай білімсізден таяқ жегеннен домбыра ұстап өнер жолына түскенді қалайды. Бала Жамбылдың әкесінен рұқсат сұрап, ақындық жолға түсуі туралы суреттейді. Ақын өзінің ақын боларына сенеді. Әкесін де сендіреді. Батасымен өнерге бет алғысы келеді.
Шағым
Шып-шып етіп молданың
Қолындағы тобылғы,
Қозғалтпайды жанымды,
Талай дүре соғылды
Торсылдатып танадай,
Жыртар болып тонымды.
Тілің ащы бала деп,
Қайнатты әбден сорымды.
Оқымай-ақ кетейін,
Байламаңыз жолымды.
Алдыңыздан өтейін:
Не жазып ем сол ғұрлы?!
Оқымаймын молдадан,
Не оқытпақшы ол маған?
Бала келсе сабаққа,
Жем дәметкен дорбадан.
Ақ сәлдесін төңкеріп,
Көзін жұмып теңселіп,
Күн ұзынға боздаған,
Оқығанша мен одан,
Домбыраны қолға алам.
Өлең кірген түсіне
Жөргегінде мен болам.
Қинама, әке, қинама,
Болмас енді зорлаған.
Бақылау сұрақтары
1. Өлеңді мәнерлеп оқыңдар.
2. Өлең мазмұнын айтып беріңдер.
3. Молдаға мінездеме беріңдер.
4. Өлеңдегі кейіпкер балаға бейнесіне сипаттама беріңдер.
5. Баланың оқу оқығысы келмеуінің себептері қандай?
6. Өлеңдегі кейіпкер бала дұрыс істеді деп ойлайсыңдар ма? Неге?
7. Өлеңдегі бала мен молда бейнесінен басқа баланың әкесі бар. Бала сөздеріне қарай отырып, әкесіне мінездеме бере аламыз ба?
Айтыстары. Жамбылдың Айкүміспен, Қатағанмен, Бөлек қызымен айтыстарының ерекшелігі – әдемі әзілінде. Бірақ қажет жерінде тегеурінді екпіні байқалады. Ақынның Құлмамбетпен айтысы өзгеше. Айтыс 1897 жылы өтеді. Құлмамбет Жетісу мен Ыстықкөлден келген 9 ақынды жеңеді. Жамбылмен айтысқа түскенде Құлмамбет оны бірден басып тастау кедейлігін айтады. Жамбыл Албан елінің бай-шонжарларын атап, сол мақтаулы байлардың елдің ақысын бермей жүргенін жырға қосады. Ел қорғаған батырлары – Қарасай, Сарыбай, Сұраншы, Сынатай, Саурықты дәріптейді. Айтыс өз кезеңінің әлеуметтік-қоғамдық болмысын жан-жақты суреттейді. Айтыстың мазмұны терең, тілі көркем. Ұтқыр теңеу, айшықты символ, аллегория, т. б. тілдік құралдар мол кездеседі.
Жамбыл мен Құлмамбет айтысы
(үзінді)
Құлмамбет
Қалайша боп отырсың ырғай мойын.
Аз кідірсең болады сенің тойың.
Жалпы Дулат бұл жақта жата тұрсын,
Бабаның қаптатайын қалың қойын.
Тұра тұр тағы айтайын көптігімді,
Көптікті айтсам үзем шеттігіңді.
Шапырашты күйіңмен байлық айтып,
Ерлікпенен көрсетпе ептігіңді.
Жамбыл
Мен барайын төменгі
Асыл менен Шыбылға
Мықты болсаң, Құлмамбет,
Күрескеннен жығылма!
Бұ жақтағы Дулатты
Тастай бере асығып,
Бабаға барып тығылма!
Бабаң, қойын бу қылып,
Аруаққа ұрынба!
Ешнәрсе қанша айтқанмен ете алмайсың,
Бұлтарып мен тұрғанда кете алмайсың.
Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт,
Ел бірлігін сақтаған татулықты айт.
Қарынбайдай сараңдар толып жатыр,
Оны мақтап әуре болмай, жөніңе қайт!
Бақылау сұрақтары
1. Айтыстан берілген үзіндіні мәнерлеп оқыңдар.
2. Айтысқан ақындар өздері туралы не айтады?
3. Құлмамбет өз артықшылығы деп нені айтады?
4. Жамбыл жырының Құлмамбеттен артықшылығы қандай?
5. Жамбыл мен Құлмамбеттің қайсысы жеңді деп ойлайсыңдар. Неге?
6. «Айтыс – сөз сайысы, жыр бәйгесі» ақырыбында шағын әңгіме жазыңдар.