Тұсында сері болсын, пері болсын, Ұнайды өмірімен Ақан маған
(І. Жансүгіров)
Өмірбаяны мен шығармашылығы. XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген әнші-ақындарының ішінде өмірімен де, өнерімен де ерекше тұлға – Ақан Қорамсаұлы.
Ақан серінің шын аты - Ақжігіт. Ата-анасы еркелетіп Ақан деп 1843 жылы қазіргі Ақмола облысының Айыртау ауданында Қоскөл деген жерде (бұрынғы Көкшетау облысы, Володар ауданы) туған. Мұсылманша сауатты, қазақ поэзиясын жетік біледі. Қызылжардағы Уәли медресесінде 2–3 жылдай білім алады. Ән мен жырға жақын Ақан он алты – он жеті жасынан домбыра алып, өлең шығарған, ән салған. Жанына ән мен жырды сүйетіндер мен домбырашы, балуан сияқты неше түрлі өнерпаздарды жинаған.
Ақан – жақсылық, жамандық, адамгершілік, махаббат, сүйіспеншілік, дүние, қоғам, жаратылыс жайын сырлы әнмен жеткізген суреткер, әнші, ақын композитор. Ақан сері араб-парсы шағатай әдебиеттерімен жете таныс болған, орыс тілін де білген.
М.-Ж. Көпейұлы Ақан өмірін өзгеше өмір деп бағаласа, І. Жансүгіров «Құлагер» позмасын жазған. А. Қорамсаұлы жайында М. Жұмабаев «Ақан сері», «Ақан серінің өмірі», «Ақан сері сөздері» деген мақалаларында Ақан серінің өмірінен көп мәліметтер келтіреді. С. Мұқанов «Өмір мектебінің» бірінші кітабында серімен кездескен шақты баяндауы, халықтың өнерпазға құрметін суреттеуі ерекше.
«Ауылым қонған Сырымбет саласына...» Ақан ғашықтық туралы көп толғанады. Астында сұлу ат, жүйрік ат – Құлагерге мінген Ақан Үштөренің үйіне түсіп, сонда сұлу Жамалға ғашық болады. Жамалды ешбір қызға тең көрмей, бөлекше ән салады.
Етегін ақ көйлектің алтындаған,
Ажарың аң жамбыдай жарқылдаған.
Сексен қыз серуенге шықса-дағы,
Ішінде сіз қоңыр қаз саңқылдаған.
Сар мойын аққуымсың көлге тартқан,
Жүйрік ат көлденеңдеп жемге тартқан.
Мінезін перуайңыздың мен айтайын,
Күмістей ширатылар сымға тартқан.
Суретті сөзбен салған ақынның, талантты әншінің, үздік сазгердің ерекше туындысы. Мінезі жай мінез емес, күмістей ширатылып сымға тартылған мінез деп суреттейді. Жамалдың атастырып қойылған жері бар болатын, Жамал кеткелі жатқан шағында Ақанның «Сырымбет» әні туады. Ғашық жүректің, аңсаған жүректің сұлуды көрсе, сүйсінбей тұра алмайтын, әдемілікті көрсе, соның маңайынан айналып шыға алмай қалатын ойы жүйрік, жүрегі нәзік, жаны сұлу Ақанның тағы да бір мінезінен сыр тартатын сәт еді.
Ауылым қонған Сырымбет саласына,
Ғашық болдым ақсұңқар баласына.
Бидайыққа лайық қарағым-ай,
Бөктергіге қор болып барасың ба.
Ауылым қонған Сырымбет жел жағына,
Асып туған бала едің ел бағына.
Бидайыққа лайық деген қалқам,
Бөктергінің кез болдың қармағына.
Алтын қайың жарасар күймесімен,
Назын тартпас бұл ұлыңыз сүймесімен,
Қоскөл жаққа таныса киіп барған,
Бешпетіңді беріп кет түймесімен,
– деп жырлайды. Бұл бір Жамал басындағы хал емес, сол кездегі қазақ қыздарының баршасының басындағы хал еді. Ақан соны айрықша бір терең мұңмен тілектің қолы жете бермес, жүректің сезімі жете бермес тұстарын соншалық бір терең, соншалық бір көркемдікпенен пернесін басады. Ақанның құсы Көкжендет жоғалғанда, «Көкжендет» әні шығады.
Өлеңдері. Ақан сері өлеңдерінің басты тақырыбы – достық, махаббат. Сұлулықты, сезімге беріктік пен адалдықты, еркіндікті жырға қосады. Ақынның «Жайықтың ақ түлкісі аралдағы...», «Ақ көйлек», «Үш тоты», «Сырымбет», «Балқадиша» ән-өлеңдерінің лирикалық қаһармандары әдемілік пен сұлулықтың белгісіндей. Жанын жадыратар сұлулықтың, көркі көз тартар әдеміліктің суретін Ақан дәл жеткізеді:
Жайықтың ақ түлкісі аралдағы
Алдымнан сен бір қашқан марал-дағы...
Көзіме мұнарланып көрінесің,
Түлкідей тұра қашқан тұмандағы.
Ақын суреттеуіндегі қазақтың сұлулары туралы өлеңдерінің бір тобы нақты бір адамдарға арналған. Ақан сері орындалмас арманды, қол жетпес сұлулықты әнге қосса, «Мақпал қыз», «Балқадиша», «Нұрила», «Ақшабақ» – қазақ қызының жан сырын тербейтін әндер. Ақынның «Ұзатылғалы жатқан қызға», «Ғашық жарға», «Қыз сипаты», «Ой, қалқа», «Жайықтың ақ түлкісі аралдағы...», «Ақмарал», «Зағипамен алысқан хат», «Сүмбіл шаш», «Хат жаздым қағаз алып, қалам, сия...», «Көңіл жыры» т. б. жырлары – қазақ махаббат лирикасының да үздік үлгілері.
Ақын шығармаларында қазақтың әдемі аруларының бейнесімен бірге жігіттердің көркемдік әлемі ашылады. Сұлу қызға тең келер азаматтың, ақылды, көркем, өнерлі жігіттің бейнесі жасалады. Әсіресе ақын өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкер «мен» бейнесі көп беріледі. Асқан өнерлі, көрікті, адал бейне болып суреттеледі. «Арқаның ақиығы Ақан сері», «Үш жүзге атым мәлім Ақан сері», «Мен бұлбұлмын сайрап түрған Иран бағы», «Болғанда сіз – бақ Иран, біз – сандуғаш» ән-өлеңдерінде Ақан серінің өз бейнесі бар. Ақынның азаматтарға, замандастарына айтары да - адалдықты ту ету, кәсіп ету, білу үйрену.
Ақан сері шығармашылығында ерекше тоқталатын тақырып –Құлагер жайындағы өлеңдер. Ақын отыз жастан аса жеке басында бірнеше қайғыға тап болады. Сүйген жары Ұрқиядан айрылып, қыран Қараторғай, құмай тазысы Базарала өледі.
1876 жылы паң Нұрмағамбет әкесі Сағынайға ас бергенде, Ақан Құлагерді бәйгеге қосады. Үш жүз аттың алдында қара үзген Құлагерді Ақанмен өштескен Батыраш, Қотыраштар өлтіреді.
Қайғыға қайғы қосылған Құлагер өлімінен соң мылқау ұлы Ыбанмен Қоскөлде оңаша өмір сүреді. Құлагерді жоқтап, бірнеше ән-өлеңдер шығарады. Соның ішінде көркемі де, кең тарағаны да – «Құлагер» әні:
Құлагер, құлыныңнан керім едің,
Нағашым сұрағанда беріп еді.
Шынымен өлгенің бе, Құлагерім,
Салбырап сапты аяқтай төменгі ернің.
...Құлагер, нұрың қандай, даңқың қандай,
Тұрушы ең тоғыз шелек суға қанбай.
Бәйгеге жүз шақырым айдағанда,
Жүруші ем ауыздықпен тоқтата алмай.
Ақын өлеңінде ішкі күйініш, Құлагерді қимау, өткен күнді сағыну, Құлагермен бірге кешкен сері күндерін аңсау да бар. Құлагерсіз өмірге көндігу де бар. А. Қорамсаұлының «Құлагері» – жүйріктің, сәйгүліктің өліміне шығарған қайғы-зар. Зұлымдыққа қарсы айтылған жыр. Ақан сері Қорамсаұлы – қазақ әдебиетінде әдемі сөзбен сурет салған ақын, талант пен дарынын халқы таныған әнші, композитор, өмірі аңызға, сезім мен арманға толы өнер иесі.
Бақылау сұрақтары
1. «Құлагер» өлеңін мәнерлеп оқыңдар. Өздеріңе ұнаған 12 жолды жаттап алыңдар.
2. Ақан сері жайындағы мәтіннен өнерге қатысты сөздерді теріп, орыс тіліне аударыңдар.
3. Ақан сері бейнелеген Құлагердің сыртқы тұлғасын суреттеңдер.