Өмірбаяны. Балуан Шолақ Баймырзаұлы 1864–1919 жылы Көкшетауда, Шортандыда дүниеге келген. Балуан Шолақтың бала кезінен қайратты, күштілігі байқалады. Қыста суыққа тоңбай, жазда ыстықты елемейтін төзімді болады. Нұрмағамбет ән айтуды да ұнатады. Кең дауысты, мол тынысты. Балуан Шолақ қасына бір топ өнерпаздарды ертіп, ел аралап, серілік құрады. Балуан Шолақ – қазақ даласында, қазақ жерінде алғаш рет хормен ән айтуды бастаған әнші. Бұған дейін көбінесе жалғыз жүріп ән салатын жандардан ерекшелігі Балуан Шолақ топпен жүріп қоймай, сол топпен ән салады. Отыз бес жасында шығарған «Кешегі сентябрдің базарында, көтердім елу келі кірдің тасын» дейтін әні – ақындық пен сазгерлік шыңы:
Омбыға патша келді Русия,
Әмірін айта келді халқын жия.
Севрден сонда күшім асып кетіп,
Мен болдым жан шықпайтын биік қия, –
дейді. Осы жерде Севр деген палуанмен күресі баяндалады. Бұл Омбыға патша мұрагері келген кез болса керек. Сонда Балуан Шолақ өзінің күштілігін көрсетіп аталмыш палуанды жеңіп шығады.
49 жасына келген кезде Қояндының базарында Карон деген палуанмен күресіп, оның қабырғасын сындырып жібереді. Күшті де әдісқой палуанның:
Бұл күнде қырық тоғызда менің жасым,
Ардақты ел ішінде менің басым.
Қалтамнан екі жетпіс бес сом залог алып,
Сындырдым Карон палуан қабырғасын
(«Желіп-желіп»), –
дейтінінен аңғарылады.
«Ғалия» әні. Балуан шығармашылығындағы ғашықтық тақырып – Ғалия есімімен байланысты. Ғалия тақырыбы Балуан Шолақтың ғұмырындағы бітпейтін арқау секілді. Бар әні Ғалияға арналады Ғалияның туып өскен жері – Жаңаарқа мекені. Ғалия әдеміше келген, ұзын бойлы, сөзге шешен, он қолынан өнері төгілген жан болады.
Нұр сипатты Ғалия жамалыңыз,
Ескі заңға тимесін залалымыз.
Аршын төс, алма мойын Ғалияжан,
Әлде қандай болады заманымыз, –
деп бар сырын ашады.
«Ғалия» әні Балуан Шолақтың ерлігінің ерекше бір көрінісіндей болып қала береді. Балуан Шолақ әуені, музыкасы сол кездегі жүрген салдардың, серілердің бір белгісіндей болып кейінгілерге аңыз болып жетеді.
Бақылау сұрақтары
1. Балуан Шолақтың шыққан ортасы, өскен жері туралы әңгімелеңдер.
2. Балуан Шолақтың әндерінен ақынның қандай қасиеттері көрдіңдер?