3.4 Жаяу Мұса Байжанұлы (1838–1929)


Өмірбаяны. Мұса Байжанұлы 1838 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. Мұса 15-ке келген шағында Қызылжарға келеді. Мұнда бір саудагердің үйінде жұмыс істейді. Бос уақытында орысша оқиды. Ол арабша, қазақша, орысша сауатты, қала мен даланы жақсы біле бастайды. Омбыда болады. Омбы сол кездегі бүкіл Сібір, қазақ даласының озық білім ордасы болатын. Тек қана әнші емес, ол сол кездегі шығып тұратын газеттермен, журналдармен танысады. Омбы жерінде болып тұратын кештерде өтетін концерттермен танысады. Мұса – сол кездегі орыс өнерінің ішіндегі әнді, күйді, вальсті, маршты, мазурканы алғаш үйренген қазақтардың бірі. Баянауылға, еліне оралған, Мұса Шорманның Мұстафасымен келісе алмайды. Байлығымен де, билігімен де асып түрған Шорманның Мұстафасы Мұсаның атын тартып алады. Бірақ бұл бұған дейін айтып жүргендей Мұсаның мінген атын тартып алғаны емес. Өйткені Байжанның аз да болсын дәулеті бар, Мұсаның атсыз, көліксіз қалуы мүмкін емес. Мұсаның атын алуда емес, оның есіміне «жаяу» деген сөз қосу арқылы зорлық жасауда болып тұр. «Мен Шорманның Мұсасы болғанда, сен Жаяу Мұсасың» деген өктемдік, кең далада атақ-даңқы жер жарған екі Мұсаның қатар жүруі мүмкін емес деген қатігез тілектен туған болса керек. Мұса өзінің атынан айырылды. Байжанның Мұсасы емес, Жаяу Мұсаға айналады. Дала баласы үшін үлкен егестен «Ақсиса» әні туады.

Черняев отрядында болады. Жаяу Мұса Петербургта, Литвада, Украинада болған.

Мұса қазақ жерін билеп-төстегісі келіп тұратын билеушімен келісе бермейді. Мұның соңы көп қиындыққа ұшыратады. Билер соты Мұсаның отырған жерін, қыстауын тартып алады. Тағы да көп қиындық көреді.

Үш жүзге мағлұм болған атым Мұса,

Жігіттер, шешен болсаң маған ұқса,

Сыртымнан мені қазақ қашқын дейді,

Көрер ем қашқындықты күнім туса, – дейтін сөздерінің бәрі осы кездерде туса керек. Мұса біраз мерзімге Қазанға барып қайтады. Сол жолы «Қазан дәптері» атты қолжазбасын жазып, «Қазан қыздары» атты әнін шығарады. «Тұрымтай», «Қаршыға» секілді әндер осы кезде туады. Сонымен бірге «Құлбай» әні осы кезде шығады.

«Данышпен қыз» поэмасы, «Қазақ сыйлары», «Жұлдыз», «Жан серігі», «Күлимаға», «Жақсы мылтық», «Көгершін» т. б. әндері, үні, сөзі бүгін де маңызын жоймаған шығармалар.

Бақылау сұрақтары

1. Жаяу Мұса мен Шорманның Мұстафасы арасындағы тартыс:

А) кедей мен байдың күресі;

B) зорлықшыл күшке қарсы шыққан ақын әрекеті;

C) тіріде бірін-бірі сыйламайтын пенделік кикілжің. Сен осының қайсысына қосыласың? Ойыңды дәлелдеуге ақын өмірбаяны мен шығармашылығын пайдалан.

2. Жаяу Мұсаның «Ақсиса» әнін әуенімен айтыңдар.

*сиса – ситец