Өмірбаяны. Қазақ әдебиетінде ерекше орыны бар әнші, сал-сері, сазгердің бірі – Үкілі Ыбырай. Үкілі Ыбырай 1860 жылы қазіргі Ақмола облысында (бұрынғы Көкшетауда) дүниеге келген. Жас шағында молдадан сауат ашқан. 8–9 жастарға келген шағынан бастап әнге әуестенеді. Ыбырай өзгеден ерекше, әсіресе үкі тағып өзгеше бұлғақпен, өзгеше сәнмен жүреді. Алғашқы әндерінің бірі – «Алтыбасар».
Сүйгенге қосыла алмаған жүректің, қызды шын ұнатқан жүректің салтты аттай алмаған, қалың малдың қамалынан аса алмаған жүректің сыры. Ұнатқан қызды сүйіп түрып, қосыла алмаған жігіттің шын зары болып шығады. Ыбырайдың тағы да бір ерекше әндерінің бірі «Қарақат көз». Бұл ән өз кезінде көп айтылған, көп шалқыта шырқалған ән.
Осыған ұқсас тағы бір ғашықтық, махаббат әні «Сүйгенім» деп аталады. Бұл жиырмаға келген Ыбырайдың Жамал атты қызға ғашық болып, соны алып қашқанда шығарған әні екен. Мұнда сүйгеніне қосылмағаны, сүйгенімен бірге жүре алмағаны айтылады. Осымен бірге тағы да ерекше аталатын әндері «Жиырма бес» және «Желдірме». «Желдірме» де Ақан серінің үлгісі бар. Ыбырай әндерінің ішіндегі «Қараторғой» ақын сезімталдығын, нәзік жанын танытады.
Халықтың зор ықыласына ие болған әні – «Былқылдақ»:
Жүйріктің бола бермес күнде бабы,
Сынбаған алты алашқа оның сағы.
Үкідей буыны жоқ былқ-сылқ еткен,
Бұл бір ән Ыбырайдың «Былқылдағы».
Дүниенің үнемі жақсылықтан тұрмайтындығы, өзгермелілігін ақын ештеңеден тайсалмас, иілмес, сынбас көңілмен айтып береді. Бұл Үкілі Ыбырайдың «Балқурай» деген лирикалық әні. Ыбырай әндерінің әрқайсысы сол кездегі өмірдің, сол шақтың қиындығына қарамастан қайтпас көңілдің мінезін көрсетеді. Осындай бір ерекше әні «Қалдырған». Ыбырайдың шоқтығы биік шығармаларының бірі. 1925 жылы Ыбырай Сәкен Сейфуллинмен кездеседі. Қос таланттың сырының куәсі «Көкше» туады:
Арқаның асау туған ардагері,
Кім сүйіп, кім жырламас Көкше сені,
Суың – бал, шөбің – шүйгін, қойның – ырыс,
Жаһанда бағаң артық сен бір сері,
– деп жырлайды. Бұл сөздің сұлулығы, періште әні, әнге сөздің сәні – бәрі бірігіп келіп Ыбырайдың сөз мүмкіндігі, ақындың қайраты зор екенін көрсетеді
Ыбырай шығармашылығының ең биік шыңы – «Гәкку» әні.ку» әні өзгеше сүлу, сол кездегі асқан көркімен аты шыққан Фатима атты 17 жасар сырнай тартатын, әнші, сұлу қызға арналған деп айтылады. Фатиманы еркелетіп Гәкку деп атаған екен:
Шомылған айдын көлде сіз бір аққу,
Мұндай сөз естідің бе бек ләззатлу.
Сырнай мен домбыраның арасында,
Балқыған қорғасындай қайран Гәкку, –
дейді. Бұл сол бір әдемі, сұлу өнері мен келбеті келіскен қызға, сахараның бір сүрғылт тіршілігінде жалт етіп көрініп жоқ болатын сұлуға соғылған мәңгілік мызғымайтын белгідей, мүсіндей. Дала сұлуына соғылған ескерткіштей:
Гәккуді қоңырлатып мен салғанда,
Үйренбес талабы бар қандай маңғаз.
Бұл сөзді сөйлеп жүрмін көптен бері,
Әндетіп елін кезген мен бір сері.
Қаңқылдап боқыраудан қайтқан қаздай,
Салайын Гәккуіме әрлі-берлі.
Қыздан да қылықтымын жүрген жерде,
Ханнан да қадірлімін туған елде.
Ән сөзінің сұлулығымен де – Ыбырай шығармашылығындағы биік туынды. Ән де Ыбырайдың өзінің жайы да айтылады. Үкілі Ыбырай тек қана әншілігімен аты шықпайды, қарымды ақын екендігін де байқатады. Ыбырай Доскей, Есімбет секілді ақындармен сөз қағыстырып, айтысқа түскен. Ыбырайдың мол мұрасы қалады. «Мың бір түндегі» «Тотының тарануы» секілді әңгімелерді дастан етіп жазады. «Бір қызық ит жүгіртіп, аң ауласа» деген өлеңін 1924 жылы Сәбит Мұқанов жазып алады. «Қараңғы түн», «Өскен ел», «Қазақ автонамиясы» секілді өлеңдері бар. 1925 жылы Сәбит Мұқанов «Бостандық туы» газетінің 25-июльдегі 28-санында «Қарауыл Ыбырай ақын» атты мақала жариялайды. Ыбырай 1932 жылы 72 жасында дүниеден өтеді.
Бақылау сұрақтары
1. Үкілі Ыбырайдың қандай әндерін білесіңдер? Аттарын атаңдар.
2. Үкілі Ыбырай өлеңдеріндегі эпитет, метафораларды табыңдар.