3.6 Әсет Найманбаев (1867–1923)


Өмірбаяны. Әсет Найманбаев 1867 жылы Қарағанды облысында туған. Әсет жасынан алғыр, ән мен жырға құмар болып өседі. Әсет бірге оқыған шәкірттерден де, ерекшелене бастайды. Оқу білген шақтарында-ақ ол өзінің алғашқы шығармаларын қағазға түсіріп жүреді. Жасы 13–14 келген шақтарда қабілетті Әсет қиссаларды жаттап айтатын болады. Әкесі қайтыс болып, Көктал болысына қарасты Найман еліндегі нағашысына қарай кетеді. Сол кезден бастап, Әсет Найман руының ішінде қалады. Әсет Арқа мен Қытай жеріндегі қазақтардың арасын қосқан – алтын көпір. Біржанның, Құлтуманың әндерін өз ортасына таратады. «Елтиман», «Қарагөз» секілді әндерді шығарады. Бұл әндер сыртқы түрі, қайырмасы, айтылуынан айтушының Арқаның ән дәстүрінен үлгі алған адам екенін білдіріп тұрады.

Әсет Қояндыда да болады. Сол кездегі жұрт білетін үлкен жиындардың бәріне қатысып та жүреді. Осында Рысжан ақынмен айтысады. Айтушылардың сөзіне қарағанда Әсет пен Рысжан екеуі тең түсіп, бірін-бірі жеңе алмайды. Бірақ бұл Әсет әлсіз деген мағына бермесе керек. байқатады. Әсет «Үлкен Ардақ», «Кіші Ардақ», «Зұлқия», «Мәлике қыз» секілді әдемі әндері бар. Бұл кезде Әсеттің аты арындап Арқа, Жетісу, Тарбағатай, Алтай, Сауырға тарайды. Өз тұсында Абайды таныған, өз тұсында Рысжан мен Бақтыбаймен айтысқан Әсет Кемпірбаймен де танысып біліседі. Бұл айтыс екі ақынның жан сырын ашқан, шын көңілдерін ұғысқан жайын ашады.

Әсеттің әндері сөз мәнерін мол меңгерген, қуатын анық танытады. Әр сөзі әдемі өрнектеледі. Әсеттің «Әсет» аталып кеткен әні ақын – сазгердің бар тынысын, ішкі сезім сырларын ашады:

Әсеттей сал, ән салсаң әсемдетіп,

Делебесін қоздырып әсерлетіп.

Дауысым – дауыл, сөзім – жел, әнім – ескек,

Ойнақтап ашылайын аз желдетіп.

Әсет «Татьянаның хатын» да аударған. Абай аудармасынан басқаша. Еркіндеу, қазаққа жақындау ырғақпен аударылған. «Салиха – Сәмен» деген дастаны бар. Махаббат пен сүйіспеншілікті жырлайды. Ән әлемінде өзгеше сұлу өрнегі бар, келісті жырдың иесі Әсет 1920 жылы Құлжада қайтыс болады. Әсет Жетісу мен Арқаның арасын қосқан, Қытайдағы қазақтар мен Қазақстандағы қазақтардың арасын жалғаған, Арқа дәстүрін шалғай жерде таратқан, ән бәйгесінде ерекше орын алған.

Бақылау сұрақтары

1. Ән мен сөзі қатар өрілген өзгеше өнер иесі Әсет туралы не білесіңдер?

2. «Арғынмын атым Әсет арындаған» деген жолдар Әсет туралы қандай ойларға жетелейді?

3. Әсет уақыты, өмір сүрген шағы жайында таратып көріңдер.