XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінде бірнеше әдеби бағыттар болды. Махамбет жырлары Исатай бастаған көтерілістің суреттері бола білді. Ел басына түскен ауыртпашылықты жеңілдетеміз, халыққа теңдік әпереміз деген ерлердің ерлігін бейнеледі. Махамбет аты әдебиет тарихында батыр-ақынның ел сүйер, ерлікті жырлар қалпымен сақталды. Қазақ әдебиетінде батырдың тұлғасын жасай отырып, ел қорғаны басшыны сыйлау, қадірлеу бағасына жетудің үлгісін көрсетті.
Дулат өлеңдері отарлық езгінің ыңғайына көнген ел билеушілерін сынау, жер мен ел тағдырына алаңдаумен еркшеленді. Ақын өзінің Ақжайлау мен Сандықтасының болашағына, сол жерді мекен еткен кейінгі ұрпақ тағдырына алаңдады. Көркемөнерде осыны жырлады. Елді қорғар ерлер керектігін арман етті.
Сүйінбай шығармалары адалдық пен әділдікті алға шығарды. Басты құндылық – адам рухының тазалығын жырға қосты. Сонысымен өзгелерден биік болды.
XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінің тақырыптық-идеялық сипаттар қоғамдағы жағдайлармен байланысты өрбіді. Ел ішінде отарлық езгі күшейген сайын көркемдік әлем одан шығар жол іздеді. Осы бағыттағы – ағартушылардың ұлт тарихындағы орнының мәні зор.
Абайдың сыншыл реализмі қазақ қоғамының бар шындығын ашты. Ақын шығармаларында одан шығар жолды – білім мен ғылымды, өнер үйренуді үлгі етті. Ш. Уәлиханұлы – қазақ халқының білім мен ғылымды игеріп, дүние сырларын қоғам талаптарымен, сұранысымен меңгеруін қалады. Өз заманындағы ғылымның жоғары биігіне көтерілді. Ұлтын да сол биіктен қалады.
Ы. Алтынсарин қазақ қоғамының келешегі – балалар тәрбиесін негізге алды. Қазақ даласында тұңғыш рет мектеп ашқан Алтынсарин оқу-білім шырағы – болашақ дамудың басы екендігін насихаттады. Осы жолда ұлтына қызмет етті.
Мәшһүр-Жүсіп пен Шәкәрім адамшылық қасиеттерді, адамгершілік қалыпты тануда, дүние сырлары мен әлем туралы ойларын қоғаммен сабақтастыра алып, халық қажетіне жаратуды мақсат етті. Әнші-композиторлар – өзгеше өнер иелері. Ұлттың өткенін, барша құндылықтарын, өзгеше өнерлерін кейінгі ұрпаққа жеткізушілер. Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Әсет ақын т. б. – халықтың классикалық өнер туындыларын жасаушылар.
Қазақ әдебиетінің бір ғасырлық тарихын оқып бітірдіңдер. Мектеп оқулығында Сендерге бағыт беру үшін басты мәліметтер берілді. XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті– орыс әдебиетімен байланысы мол кезең. Ұлттар арасындағы қарым-қатынастың, достықтың, сыйластықтың басы. Абай, Ыбырай,Шәкәрім шығармаларымен орыстың ақын-жазушылары Лермонтов, Пушкин, Толстойлармен рухани сабақтастық тапты. Шоқан орыс тілінде ғылыми еңбектерін жазды. Әдебиет, көркем шығарма әдемілікті бағалауға, адамдықты құрметтеуге ықпал етеді. Аталған кезең жас ұрпақтың адамгершілігі мол, еліне адал азамат болуына көмектеседі деген сенімдеміз.
Бақылау сұрақтары
1. XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінің өкілдерін атаңдар.
2. Әдебиетте қандай тақырыптар көтерілді? Оларда қандай ойлар айтылды?
3. Д.Бабатайұлының туған жер туралы өлеңдерін атаңдар.
4. М. Өтемісұлының өмірбаяны мен шығармашылығының ерекшеліктерін атаңдар.
5. Махамбеттің Исатай туралы өлеңдерін еске түсіріңдер.
6. С.Аронұлы айтыста кімді жеңді? Ақынның айтыстағы артықшылығы енде болды?
7. XIX ғасырдағы әдебиетті неге «зар заман» деп атайды?
8. Ағартушылық бағыттың өкілдері кімдер болды?
9. Ш.Уәлихановтың қандай еңбектерін білесіңдер? Ғалымның ғылымның әр саласынан жазған шығармаларын атаңдар.
10. Абай кімдерден өлеңдер аударған?
11. Абайдың қарасөздері туралы не білесіңдер?
12. Ы.Алтынсаринді неге «Қазақ балалар әдебиетінің атасы» деп атайды?
13. Абайдың ақын шәкірттері кмдер?
14. Ш.Құдайбердіұлының қандай дастандары бар?
15. М.- Ж. Көпейұлының шығармашылығының ерекшеліктері туралы айтыңдар.
16. Ақын-сазгерлер шығармашылы туралы әңгімелеңдер.
17. XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінен қай шығарма ерекше есіңде қалды?
18. XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті арқылы сол кезеңнің қандай ерекшеліктерін байқадыңдар.
19. Кейінгі кезең үшін XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті қандай сипаттарымен үлгі бола алады деп ойлайсыңдар?
20. XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті туралы «Маған әсер еткен...» деген тақырыпта шағын әңгіме жазыңдар.