Сабақтың мақсат-міндеттері:
- өз өмірінің жағдайын қоғаммен, заманымен сабақтастыра алған өлеңі арқылы ақынның ішкі жан сырын ашу, ойшыл, дана адамның жан күйін көрсету;
- ақын шығармаларындағы ойға, терең сырға құрылған өлеңдер ерекшелігін ашу, ақын-кейіпкер бейнесіндегі өмір мен өлім мәнін саралау;
- ақын өлеңіндегі тіршілік мәніне бойлай идеясы арқылы өмірді қадірлей білуге, оны саналы, рухани-адамгершілік қасиетпен, салауатты қалыппен өткізуге тәрбиелеу;
Абай өлеңдері жайындағы пысықтау сұрақтары
1. Ақын өлеңдерінің тақырыптары қандай?
2. Әдебиеттегі тіршілік, өмір мен өлім жайын толғайтын шығармалар туралы не білесіңдер?
3. Қорқыт бейнесі естеріңе нені түсіреді? Қорқыттың өмір, тіршілік, өлім жайындағы түсініктері қандай аңызда бар?
4. Халық ауыз әдебиеті үлгілерінде өмір мен өлім, тіршілік туралы қандай шығармалар бар?
5. Өмір мен өлім, тіршілік туралы толғайтын қандай кейіпкерлерді білесіңдер?
6. «Аяз би» ертегісінде тіршілік өтпелілігі туралы ертегінің басталуында хан кездескен ақсақалдан не сұрайды ? Жиренше, Асан қайғы т.б. осы тақырыптағы ойларын естеріңе түсіріңдер.
7. Адамның өскен ортасы, білімі оның өмірлік танымына әсер ете ме?
8. Абайдың өскен ортасын, білім алған мектептерін еске түсіріңдер.
9. Бұлардың Абай танымына (өмір, өлім, тіршілік туралы ойларына) қаншалықты ықпалы болды деп ойлайсыңдар?
10. Қазақстан тарихынан Абай өмір сүрген қоғамдағы тіршілік жайындағы ойларды еске түсіріңдер ?
(Қазақы түсініктегі дүние –жалған, өмір өтпелі деген концепциясынталдау. Оның себептері:
1) көшпенді халық тіршілікті, байлықты, жастықты, бақытты көшпелі деп санады;
2) табиғаттың да, жаратылыстың да өз бояуынан айырлыатындығын айтты;
3) ұлттың тіршілік, өмір мәні туралы жаңа ойды іздеген кезі).
3. Жоғарыдағы сұрақтарды түсініп, дұрыс жауап берулері үшін кесте ұсынылады. Бұл жетек сөздер мен тірек материалдарының қызметін атқарады.
12-кесте –Қазақ әдебиетіндегі өмір-өлім,тіршілік мәні туралы ойлар
Әдеби кейіпкерлер |
Шығарма аты |
Ойлары |
Аяз би |
«Аяз би» ертегісі |
Өмір өтпелі, ауыспалы, оны ақылмен, тіршілік сабағымен өткізу керек |
Жиренше |
Аңыз әңгіме |
Тіршілік, өмірді өз еркімен, қалауымен өткізеді |
Қорқыт |
«Қорқыт ата жырлары» |
Мәңгілік өмір сүргісі келеді, өлімнен қашады, соңында соны қөнермен (күймен) өрнектейді |
Асан Қайғы |
Аңыз әңгіме |
Тіршілікке, өмірге жайлы мекен керек деп, Жерұйық іздеген |
4. Абай бұл өлеңіндегі ақынның ойлы мұңының берілу тәсілдері.
Өмірдің талай ыстығы мен суығын көрген, барлығын басынан өткерген, сол өткенін саралай білген, есеп бере білген ойшыл жанның сыры. Өз өмірінің қиындығын да бейнелейді. Ендігі алдыдағы тірлігіне күдік те жоқ емес. Бірақ торығу, бар жүрегімен қиналу жоқ. Сабырлы, саналы, бар қиындығына шыдаған. Ендігі алдағы бардышыдаммен күткен жан сөзі. Өлеңде өмірден, өз ортасынан қысастық, көрегн кейіпкер жаны өзінің заманы үшін басқаларға саналылықтан да түсініксіз, сол түсініксіздіктен бағасыз болғандығына қиналу бар. Барымды бере алдым ма деген сұраққа жауап іздейді.
Өлең соңында ақын өлім тақады деп күңіренбейді. Сырын сыртқа шығарған өлеңін әзілмен аяқтайды.
6. Ақын өлеңінің терең ойына, оның ұлттық таныммен бірлігі мен ақын қосқан жаңалығына, келешек қоғам жақсылығына сенген көңілін ашуы керек. Өлеңдегі ақынның өлім жайында қаншалықты ойға бата айтқанымен де, тірлікте көрген қиындығының әлі де таусылмағандығын, ішкі сыры болып қалғандығын («Ішім – өлген, сыртым – сау») бейнелегенімен де, болашаққа сенімі бар. Келешектің жақсылықпен ұштасарын, заман өзгерерін айтады.
Ақын өлеңіндегі сенімді, болашақтың жақсылықпен сабақтасар жайын суреттейтінін жеткізуі қажет.
1. Өлең ақынның өз ішкі жан сырын ашады.
2. Абай сыры арқылы өмір мен өлім жайындағы түсініктер саналы, терең ой мен қоғам мәнін түсіне білген адамдар бейнесін де береді.
3. Ақын өз өміріндегі заманнан, ортасынан көрген қиындықты да ашады.
4. Ақын болашақ заманның өз заманынан артық боларын көркем суреттейді.
5. Өлең соңында ішкі сырын ашып, жеңілдеп, көңіліндегіні айтып өз міндетін орындаған жан күйі бар.
Абайдың қарасөздері. Абайдың қарасөздерінің саны – 46. Бұл қарасөздер 1890-1898 жылдар арасында жазылған. Ақын өлеңдерінде айтатын заман, қоғам, жаратылыс, адам туралы ойларын кең түрде көлемді етіп, өсиет, нақыл, үгіт, ой толғау ретінде ұсынады. Қарасөздер – ақын заманының бар шындығын сол қалпында көрсетеді. Бұл суреттердің кейбірі тек сол заманға ғана емес, бүгінгі қоғамға да келеді. Соның ішінде адамгершілік жайындағы ойлары қоғам талғамайтын, қай кез үшін де маңызы зор құндылықтар болып қала береді.
Отыз тоғызыншы сөз. Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі ғана тәуір ісін біржола жоғалтып алдық. Осы күнгілер өзге мінезге осы өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік. Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, шайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді.
Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы мен топ басылары қалай қылса, қалай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден бірге жүргізбек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой», «Бас-басыңа би болса, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп мақал айтып, тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?
Екінші мінезі – намысқорлық екен. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен. «Өзіне ар тұтқан жаттан зар тұтады» деп, «Аз араздықты қуған көп пайдасын кетірер» деп, «Ағайынның азары болса да, безері болмайды», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» десіп, «Жол қуған қазынаға жолығар, дау қуған пәлеге жолығар» десіп. Кәнеки, енді осы екі мінез қайда бар? Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді. Бұлардан айырылдық. Ендігілердің достығы – пейіл емес, алдау, дұшпандығы – кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық.
Сұрақтарға жауап бере отырып, сұхбат әзірлеңдер.
1. Абай өткеннің қандай жақсы мінездерін еске алады?
2. Халыққа бірлік пен ынтымақ әкелетін мінездердің артықшылығы неде?
3. Қарасөзде айтылатын алғашқы мінездің халықтың дамуы үшін пайдасы неде? Зияны жоқ па?
4. Намысқорлық дегенді қалай түсінуге болады?
5. Бүгінгі қоғам үшін Абай айтатын мінездер қажет пе? Әлде, уақыты өтіп кеткен, өзге заманға ғана қажет мінез болып қала бере ме?
6. Абай бұл қарасөзінде өз заманының қайшылықтарын айтады. Ел билеуші қандай істі болсын қалай шешсе де, соны қостау деген бүгінгі қоғамға келе бермейді. Жаңа қоғам, жаңа түсінік бойынша, әрбір адам қоғам ісінен алыс кетпеу керек. Әр іске араласып, өз үлесін қосып,өз ойын білдіріп отыруы керек. Екінші намысқорлық пен өзіне деген құрметті шатастырмауы керек. Егер өзін сыйламаған , көңілі қалған ортаға қайта бару қажет болса, онда жақсылап ойланғаны дұрыс.
7. Ұлттың дамуы үшін, елдің өркендеуі үшін ынтымақ керек. Бұл ынтымақ Абай айтқандай әркім өз ісіне жауапкершілікпен қарап, өзгенің ісіне сеніммен, құрметпен қарағанда болады. Ел басқарған жандарға сеніп, олардың ісінің қандайына болсын, түсіністікпен қарау керек.
Намысқорлық –жатқа намысқорлық. Өз туысың, ағайының, өз ұлтың үшін істелер істе қашанда Абай айтатындай өкпе, араздыққа жол бермеу керек. Өкпе, араздық, реніш ұмытылу керек.
Жоғарыда Абай қарасөзіне қатысты екі пікір берілген. Қайсысы дұрыс деуге болады? Немесе өз ойларыңыз қандай?
Абай қарасөзінде ел басқарушыларға сену туралы айтады. Бұл ел басқарушыға жауапкершілік те жүктейді. Халықтың сенімін ақтай алатындай билеуші болса, оның әр ісіне сеніммен, түсіністікпен қарау керектігін айта келіп, Абай әркімнің өз ісіне мығым болуын насихаттайды. Ел басқарушы елді дұрыс басқарады деп халық сеніп, әр адам өз ісін тиянақты атқаруын сұрайды. Абай әркімнің өз ісін тек адамшылықпен істеуін қалайды. Адамшылықпен істеген істің халық үшін жақсылық әкелерін айтады.
Намысқорлық деген тәкаппарлық емес. Өз туысына, өз ағайынына намысқорлықты көрсетудің артықтығын айтады. Тағы да ағайын, туыс аорасындағы бірлік, ынтымақтың бұзылмауын қалайды.
Кең бола білу табандылық пен арлылық дейді.
«Ел ынтымағы, туысқан бірлігі» деген тақырыпта шағын шығарма жазыңыздар.