Сабақтың мақсат-міндеттері:
- Махамбет өлеңдеріндегі ақынның өз бейнесін оқыту арқылы оқушыларды елжандылыққа, халық еркіндігін ойлау, жұрт мүддесін қолдауға баулу;
- ақын бейнесіндегі әр түрлі көңіл-күйлер арқылы XIX ғасырдың бірінші жартысындағы ел азаматтарының арманын, мақсатын ашу;
1. Махамбет Өтемісұлы қашан, қай жерде туды?
2. Ақынның білімі, өз ортасымен арақатынасы туралы не айтуға болады?
3. Исатай Тайманұлы бастаған көтеріліс себептері не?
4. Көтеріліс соңы қалай аяқталды?
5. Махамбет аты көтеріліспен неге бірге аталады?
6. Исатай бейнесін суреттейтін қандай өлеңдері бар?
1. Махамбет бейнесі – батырлық пен ерліктің белгісі. Көтеріліске дейінгі өлеңдерінде ақын ерлік пен батырлық ер-азаматтар ісі екендігін жырға қосады («Толарсақтан саз кешіп...», «Ереуіл атқа ер салмай», «Туған ұлдан не пайда?»т. б).
2. Ақын бейнесі жауынгер, қол басшысының адал серігі, көмекшісі, елінің адал ұлы қалпында бейнеленеді. Көтеріліс кезіндегі өлеңдерінде ел үшін атқа қонған ерлердің ісінің оңға басатындығына сенімі мен тілегі қатар өріледі («Соғыс», «Сан шерулі қол болса», «Азамат ердің баласы» т. б.).
3. Жаны мұңға, қасіретке толы кейіпкер бейнесінде көрінеді. Көтеріліс жеңіліске ұшырап, Исатай өліп, Махамбет қуғынға түскен шақта ақын сырын табиғат, жаратылыспен бірге сабақтастырады («Аспандағы бозторғай», «Қызғыш құс», «Арқаның қызыл изені» т. б.).
4. Махамбет жырлары – И. Тайманұлы бастаған көтерілістің суреттері. Ақын жырларын оқып отырып, барлық мәліметтерді көркем үлгіде ала аламыз.
5. Махамбет – қазақ әдебиетінде ел үшін жан қиған батырдың биік парасат бейнесін жасаған ақын. Аға сыйлау, үлкенді құрмет тұтудың үлгісін көрсеткен жыраулар соңы.
Махамбет өлеңдерінің осындай сипаттары арқылы ақынның өз бейнесі де ашылады.
Ақынның жан сырын, тілегін беретін өлеңдерінің бірі – «Қызғыш құс» өлеңі. «Қызғыш құс» өлеңімен жұмыс.
1. Өлең мазмұны не туралы?
Ақынның қызғыш құсқа мұңын шағуы табиғаттан өзі сияқты қорғансыз серік табуы, ішкі толқыныстарын ашады. Кішкентай қызғышты өзіне ұқсатып, оған күш көрсеткен лашынды Жәңгірмен қатар алуы –суреткерлігі ғана емес, ертеңгі күнге күмәнін де береді. Ақын психологиялық егіздеу арқылы лирикалық кейіпкер бейнесін дәл суреттеген.
2. 5,6-сұрақтардың жауаптарын өлеңнен тапқызып оқытуға болады.
Ақын өлеңдері көркем нақыштарға толы. Солардың бірі – метафоралар. Махамбет өлеңдеріндегі метафоралар туралы оқулықтағы анықтама оқылып, түсіндіріледі.
3. Өзіндік ой қорыту, өз пікір, көзқарастарын жеткізе білу, қорғай алуына бағыттайтын сұрақтар.
1. Батыр деген кім?
2. Оның қоғамдағы орны қандай болған?
3. Қазақ халқында батырды неге ерекше қадір тұтады? Исатай мен Махамбет батырлар туралы ойларын түйіндеуге болады. Оларды өздеріне дейінгі кезеңдегі ақын, батырлармен байланыстырып, өз заманындағы орнын ашып, «Біз білетін батырлар жырындағы батырлар өз мақсаттарына жетіп, бақытты болады, неге Исатай мен Махамбет батырлар өз мақсаттарына жете алмады?» деген сұраққа жетелейміз. Оны қоғам өзгерісі, ақын шығармаларындағы көркемдік шындық пен қоғамдық шындықтың бірлігінен табатындығымызды айтамыз.
4. «М. Өтемісұлы тақырыбын оқып, мазмұндау. «Қызғыш құс» өлеңін жаттау.