9,10,11-сабақтар. Сабақ тақырыбы: Ыбырай Алтынсарин. Өмірбаяны мен шығармашылығы.Әңгімелері. Өлеңдері.


Сабақтың мақсат-міндеттері:

- Ы.Алтынсариннің адамгершілік құндылықтар, бала тәрбиесі тақырыбындағы шығармаларының қазақ әдебиетіндегі орнын анықтау;

- қазақ балалар әдебиетінің атасы атанған Ы.Алтынсариннің ағарту саласындағы қызметінің маңызын ашу;

- Ыбырай Алтынсарин шығармаларындағы бала мен орта қатынастарын, адам бойындағы түрлі мінез, қасиеттерді талдай білуге үйрету;

- жазушы-ақын шығармаларындағы білім мен өнер арқылы адамның рухани-адамгершілік қасиеттерін көтеру, жақсы тұрмысқа, бақытты өмірге жетудің жолдарын көрсету;

1. Ы.Алтынсарин шығармалары кестесі.

2. Ы.Алтынсарин өлеңдері кестесі.

3. XIX ғасырдың екінші жартысындағы тарихи жағдайлар. Олар әдебиеттің дамуына қалай әсер етті ?

4. XIX ғасырдың екінші жартысында әдебиетте қандай әдеби бағыттар болды? Өкілдерін атаңдар.

5. Ағартушылық бағыт деген не? Оның басты өкілдері кімдер болды?

6. Әнші-ақындар шығармашылығының ерекшеліктері қандай? Әнші-ақындардан кімдерді білесіңдер?

7. Ш.Уәлиханов қашан, қай жерде дүниеге келген? Шыққан тегі, ортасы туралы не білесіңдер?

8. Шоқан қай жерлерде білім алды? Оқытушылары, достары кімдер болды?

9. Ш.Уәлихановтың еңбектерін атаңдар? Ол қандай ғылым салаларынан еңбектер жазды ?

10. Әдебиеттану ғылымындағы Шоқанның орнын айтыңдар. «Қазақ халық поэзиясының түрлері туралы» еңбегінде ғалым не жөнінде жазады?

11. «Манас» жыры туралы Шоқан қай еңбегінде жазды? Сахараның әдебиетін кімдердің өнеріне ұқсатады? Неге ? Ш.Уәлиханов –XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген қазақ халқының тұңғыш ғалымы. Өз халқының білім мен ғылым үйренуі жолында еңбек еткен ғалым, қазақ ұлтының ғылымның барлық саласын игере алар қабілетін, талантын өз өмірімен, еңбектерімен дәлелдеді. Ғалымның ғылымның әр саласынан жазған еңбектері оның энциклопедиялық білімді игергендігін айқындайды.

Қашқарияға, қырғыз еліне жасаған саяхаттары сол кездегі ғана емес кейінгі ғылым мен қоғам дамуы үшін маңызды іс болған.

Ш.Уәлиханов – қазақ әдебиеттану ғылымы үшін де маңызды еңбектер қалдырды. Бірнеше жырлар, ауыз әдебиетінің басқа да үлгілерін жинастырып кейінгі кезеңдерге жеткізді. Қазақ поэзиясын тұңғыш рет жанрлық жағынан жіктеді. Әдебиетті тұтастыра зерттеді. Қазақ, қырғыз әдебиеттерін бәдеуиндер өнерімен салыстыруы – ғалымның терең ой мен биік эрудиясын дәлелдейді. Бірнеше халықтар әдебиетін салыстыра, салғастыра зерттеудің алғашқы үлгісін көрсетуші.

1. «Кел, балалар, оқылық!» өлеңін дидактикамен шектеу дұрыс па?

2. Ы.Алтынсарин кім? Оның қандай шығармаларының өзгешелігі неде?

3. Ы.Алтынсариннің қандай әңгімелерін білесіңдер? Ол әңгімелерде не туралы айтылады?

8-кесте–Ы.Алтынсарин шығармалары

Өлеңдері

Әңгімелері

Басқа да еңбектері

«Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар», «Жаз», «Өзен», «Өсиет өлеңдер»

«Әке мен бала», «Талаптың пайдасы», «Таза бұлақ», «Асыл шөп», «Қыпшақ Сейітқұл», «Ауырғаннан аяған күштірек» т.б.

Әдістемелік еңбектері, хаттары, халық-ағарту мәселелері жөніндегі еңбектері, этнографиялық очерктер

9-кесте-Ы. Алтынсарин өлеңдері

Өнер, білім туралы

Табиғат

Басқа тақырыптар

Аудармалар

«Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар»,

«Жаз», «Өзен»

«Әй, достарым»,

«Әй, жігіттер»,

«Бұл кім?»

«Қарға мен түлкі», «Қайырымды түлкі»,

4.1. Ақынның ұстаздық қызметті өмірлік мұрат еткендігі. Сол себептен де өлеңдерінің негізгі мазмұны – оқу, білім, өнер тақырыптары.

4.2. Ы. Алтынсарин ұстаз ретінде қазақ даласында білім беруде алғаш рет жаңа үлгіні жасаушы. Оқу сабақтарына жаңа пәндер енгізген.

Оқушыларының жан-жақты болуына назар аударған. Олардың талғамы биік, тәрбиелі, әр істен хабары бар, дүние сырларын ұғына алуын мақсат еткендіктен де, білім мазмұнына осы тақырыптағы матриалдарды кіргізген. Солардың бірі – оқушылардың эстетикалық талғамының биіктігі. Әдемілікті көре білу, ұғына алу, қадірлеу идеяларын ұсынады. Сондықтан да болар «Өзен» өлеңі тау өзенінің бар әдемілігін, ерекшелігін, тазалығын, артықшылығын суреттейді.

«Өзен» өлеңі тау өзенінің бар әдемілігін, ерекшелігін, тазалығын, артықшылығын суреттейді.

6. «Болашақтың өнер-білімі» тақырыбында эссе жазу.

7. «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңі.

Әңгімелері. «Қыпшақ Сейітқұл», «Асыл шөп», «Ауырғаннан аяған күштірек», «Қарабатыр», «Бай баласы мен жарлы баласы», «Бір уыс мақта», «Талап», «Байлық қайтсе табылады» әңгімелерін талдау.

Әңгімелері. Ы. Алтынсариннің әңгімелері дегенде төмендегі ерекшеліктерді көрсетуіміз қажет:

1. Ыбырай қазақ әдебиетінде алғаш шағын әңгімелер жазды.

2. Жазушы шағын әңгіме арқылы тағлымды ойды беруді көрсетті.

3. Қазақ әдебиетінде қысқа әңгімелер арқылы бұған дейін жақсы, жаман деп бөлініп келген адам мінезіндегі қасиеттердің атын атап, балаларға алғаш көркем мәнде түсіндірді.

4. Батыс, шығыс халықтарындағы жақсылықты білдіретін таным, түсініктерді қазақ халқының түсінік ыңғайына салып баяндады.

5. Алтынсарин әңгімелерінің мазмұны әділдікке, адамгершілікке, талаптылыққа, өнерге, еңбекке, оқу-білімге, достыққа т. б. жақсы қасиеттерге шақырады. Жақсылыққа жақын болып, жамандықтан жоламауға үйретеді.

6. «Қазақ хрестоматиясына» кірген шағын әңгімелердің тақырыбын еңбек, тәрбие, өнер деп шартты түрде бөлуге болады.

7. Бұған дейін көп көтеріле бермеген сабыр, шыдам, мейірім, қайырым, тазалық, кішіпейілдік сияқты тақырыптарға әңгімелер жазды.

Әке мен бала

Бір адам он жасар баласын ертіп, егіннен жаяу келе жатса, жолда қалған аттың бір ескі тағасын көріп, баласына айтты:

– Анау тағаны, балам, ала жүр, – деп.

Бала әкесіне:

– Сынып қалған ескі тағаны алып неғылайын, – деді.

Әкесі үндемеді, тағаны өзі иіліп алды да, жүре берді. Қаланың шетінде темірші ұсталар бар екен, соған жеткен соң, әкесі қайырылып, манағы тағаны соларға үш тиынға сатты. Одан біраз жер өткен соң, шие сатып отырғандардан ол үш тиынға бірталай шие сатып алды. Сонымен шиені орамалына түйіп, шетінен өзі бірем-бірем алып жеп, баласына қарамай, аяңдап жүре берді. Біраз жер өткен соң, әкесінің қолынан бір шие жерге түседі. Артында келе жатқан бала да тым-ақ қызығып келеді екен, жерге түскен шиені жалма-жан жерден алып, аузына салды. Бітегенеден соң және бір шие, онан біраз өткен соңжәне бір шие, сонымен әр жерде бір әкесінің қолынан түскен шиені он шақты рет иіліп, жерден алып жеді. Ең соңында әкесі тоқтап тұрып, баласына шиені орамалымен беріп тұрып айтты:

– Көрдің бе, мана тағаны жамансынып жерден бір ғана иіліп көтеріп алуға еріндің, енді сол тағаға алған шиенің жерге түскенін аламын деп бір еңкеюдің орнына он еңкейдің. Мұнан былай есіңде болсын: аз жұмысты қиынсынсаң, – көп жұмысқа тап боласың; азға қанағат ете білмесең, – көптен де құры боласың – деді.

1. Көп ақылмен мол байлық табуға болады деген ойға әңгімедегі қай кейіпкер лайық?

2. «...аз жұмысты қиынсынсаң, – көп жұмысқа тап боласың; азға қанағат ете білмесең, – көптен де құры боласың» деген әкесінің ақылын тыңдаған баланың болашағы қандай болады деп ойлайсыңдар?

3. Сөздерді мағыналас сөздермен ауыстырып көріңдер:

жамансынып – ұнатпай

қиынсыну – істегісі келмеу

тап болу – күтпеген, кенеттен

қанағат ету – риза болу

құры болу – құр қалу

«Мол байлық басы әке ақылын тыңдаудан басталады», «Әке ақылын алған бала алысқа барады» деген тақырыптардың біріне шағын әңгіме жазыңыздар.

1. Әңгіме басындағы бала мен әңгіме соңындағы бала бейнесінде өзгеріс болады деп ойлайсыздар ба? Өздеріңізді кейіпкер бала мен әке орнына қойып көріңіздер.

2. Әрбір үлкен адам – кешегі бала. Бүгінгі бала – ертеңгі ата-ана. Кешегі ата-ананың қай ақылы есіңізде? Бүгінгі балаға қандай ақыл айтасыз?

«Кісі ақылы, кісіге – пайда, зиян,

Түбінде не боларын өзің ойлан» (Абай).

Дүние қайтсең табылады?

Француз жұртының бір білімді адамы жазады:

– 1791 жылда, өзім университет деген үлкен школда оқып жүрген жігіт күнімде, әр жеті сайын Версаль қаласындағы шешеме жаяу барып-қайтып тұрушы едім. Сонда әрдайым жолымда бір Антон деген тіленші отырып, қайыр сұрап алып жүруші еді. Бір күні тағы сол жолмен келе жатып, бір орта бойлы арықтау кісіге ұшырасып, жөніміз бір болған сон, бірге келе жатқанымызда, әдетше манағы Антон алдымыздан шығып қайыр сұрады. Қасымдағы кісі тоқтап, Антонның бетіне қарап тұрды да айтты:

– Сен қарауға еп-есті кісі секілді көрінесің және жұмыс істеуге да бардай көрінеді, сөйтіп тұрып мұндай жаман іспен өзінді кемшілікке салып жүрсің. Бай болғың келсе мен саған ақыл айтайын: мен өзім де сендей кедей едім, бірақ сендей тіленшілік қылғаным жоқ; елден, қала-қаладан қыдырып жүріп, әуелі боқтық, салам арасынан, не болмаса жай кісілерден ескі шүберек сұрап жыйып жүрдім. Ол шүберектерді апарып қағаз істейтін фабриктерге сатып, соныменен азды-көпті ақша болған соң бір есек, бір арба алдым, мұнан соң әуелі аздап, бара-бара кебірек, әр үйден ескі-құсқы, тұтынуға жарамайтын шүберектерді сатып алып, арбамен жүріп сауда ете бастадым. Осындай іспен жеті жылда он мың франк ақша тауып, енді бір қағаз фабрикасына кірістім. Жасым жас, ісіме нық, жинақты және еріншектікті білмегеннен соң, осы күнде екі әйдік тас жұртым бар, фабрикамды балама бердім, үмітім бар, балам да аштық көре қалмас деген. Себебі: баламды да жасынан бос жүруге, еріншектікке, қиналмай мал табуға үйретпедім. Осы айтқанымша машақаттанудан қашпасаң, сен де бай боласың Антон, – деді де, жөніне жүріп кетті.

Антон бұл сөздерді есіткен соң терең ойға қалып, қайыр сұрауын да ұмытып тұрып қалды.

1815 жылда Брюссель деген қаладан өтіп бара жатып, бір кітап сататын үлкен дүкенге кірдім. Дүкеннің ішінде бірнеше приказчиктерге олай-бұлай етіңіз деп, бұйырып тұрған бір купецтің кескіні көңіліме таныс реуішті көрінді. Сөйтіп тұрғанымда әлгі кісі мені көріп, бетіме қарап тұрды-тұрды да, қасыма келіп айтты:

– Айып етпесеңіз сұраймын,мұнан жиырма бес жыл бұрын сіз оқу оқып жүріп, жұма сайын Версальдегі үйіңізге барып жүрген жеріңіз бар ма еді?

Сонда ойыма түсіп, таң қалып:

– Сен Антонбысың? – дедім.

– Ра-с, – деді Антон, – мен сондағы көрген тіленші Антоныңыздың өзімін.Сол жүргеніңіздегі бір күн қасыңызда бірге жолыққан кісінің айтқандары көңіліме кіріп кетіп, тіленшілікті тастап, жұмысқа кірістім, ісіме нық, малыма күтімді болдым; ақырында, сол кісінің айтқаны келіп, мінекей, осы зор дүкеннің иесі болдым, – деді.

Сұхбатты ары қарай жалғастырыңдар.

1. Дүние, байлық тек еңбек етіп, тер төгумен табылады.

2. Дүниені еңбексіз иемденгендер оның иесі емес. Алтынды қазған алады. Бәйгені озған алады.

Әңгімені оқыңдар, талдау жасаңыздар.

1. 1791–1815 жылдары дүние еңбек етумен, тер төгумен табылыпты. Бүгінгі 21 ғасырда дүние, ырыс, байлық қалай табылады деп ойлайсыңдар?

2. «Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас», – дейді Абай. Бұл тек Абай қоғамына ғана лайық па?

3. «Дүние қайтсе табылады?» деген сұрақты өзгелерге қойыңдар. Ол кісілердің Антон тіленшіге ұқсас әңгімелері бар ма деп сұраңдар.

Ы. Алтынсарин әңгімелерінің бір тобы еңбекті насихаттайды. Адам баласы үшін еңбек өзін-өзі тәрбиелеу құралы, адамдық негізі дейді. Осы ойлар «Дүние қайтсең табылады?» деген әңгімеде тек тер төгіп, еңбек етумен табылатындығын айтады. Еткен еңбек өз нәтижесін міндетті түрде беретіндігін бейнелейді.

«Дүние қайтсең табылады?» деген тақырыпта шағын әңгіме жазыңыздар

Өзен

Таулардан өзен ағар сарқыраған,

Айнадай сәуле беріп жарқыраған.

Жел соқса, ыстық соқса бір қалыпта,

Аралап тау мен тасты арқыраған.

Көңілің суын ішсең ашылады,

Денеңде бар дертіңді қашырады.

Өксіген оттай жанып жануарлар

Өзеннен рақат тауып басылады.

Қынарда тілсіз тұрған тоғайлар да

Шуылдап желмен бірге бас ұрады...

Он мың мал айдап өтсең лай қалмайды,

Тасыса су бармаған сай қалмайды.

Тасыған өзен судың қуатымен

Көк шығып, шөп бітпеген жай қалмайды.

Ел қыстап күн көреді жаныбында,

Дәм болар алуан - алуан балығында...

Тас таста, алтын таста сынамаққа,

Сонда да аққан өзен қалыбында.

1. Өлеңді мәнерлеп оқыңдар.

2. Ақын тау өзенінің қандай ерекшеліктерін көрсетеді?

3. Тау өзенінің сипаттарын ашатын жолдарды өлеңнен тауып оқыңдар:

- тазалығы;

- екпінінің күштілігі;

- шипалы екендігі;

- молдығы;

- құнарлылығы.

4. Ақынның жазықтағы өзенді емес, тау өзенін суреттеуінің мәні неде деп ойлайсыңдар?

арқыраған – бұл жерде: тасу

өксіген жануарлар – бұл жерде: шөлдеген, ыстықтаған

жаныбында – бұл жерде: қасында, жанында

Өлеңді оқып отырып, тау өзенін ақын қалай бейнелейді, суретін қағазға салып, өлеңмен салыстырыңдар.

1. Тау өзенін өздеріңіз көрген өзендермен салыстырыңыздар. Қандай ұқсастық, айырмашылық бар?

2. Ақын тау өзенінің адамдарға ғана емес, жалпы қоршаған ортаға пайдасын суреттейді. Тау, өзен, көл, өсімдік жер бетінде тек адамдар үшін ғана қажет емес, барлық тіршілік атаулы үшін қызмет етуімен мәнді. Осы тақырыпта балаларыңызбен «Табиғат, адам, тіршілік» тақырыбында әңгімелесу өткізіңіздер.

Ы. Алтынсариннің «Өзен» өлеңі – қазақ әдебиетіндегі табиғат тақырыбына жазылған көркем кестелі өлеңдердің бірі. Қазақ лирикасындағы табиғат тақырыбына жазылған өлеңдердің алғашқыларының бірі. Ақын тау өзенін бейнелейді. Оның адамға пайдасын ғана емес, жан-жануар, өсімдік, жалпы тіршілік үшін орнын суреттейді. Табиғаттағы бар тіршілік бір өзен арқылы жалғасып, тұтасып суреттеледі. Жаратылыс бірлігі мен жарасымдылығы басым.